Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Зылиха Жантасова: Микроб...

28.03.2016 3404

Зылиха Жантасова: Микроб

Зылиха Жантасова: Микроб - adebiportal.kz


Тағдыр талайына тағар айыбы да жоқ, өмір тіршілігіне айрықша талабы жоқ көптің бірі саналатын. Өзгелерден өзгеше боп көзге түсер ниеті жоқ болғасын ба, оғаш қылығы да оқшауланып көзге түсе бермейтін.


Бәрі оның аурухана төсегіне таңылуынан басталды. Алпамсадай денесі шөгіп, иығы да қушип сала берді. Қырық жасқа келгенше,аурумен азаптанып көрмепті. Бұрын-соңды аурухана есігінен атап көрмеген жан үшін бұл жайт үлкен қасірет сияқты сезілді. Өкпесіне суық тигенін естігенде жанын қоярға жер таппай, көзі қарауытып кетті. Ауылдағы көксау Мейірбек шалдың бейнесі көз алдынан кетер емес. Жаз күндері тон киіп күркілдеп жүрер кейіпі елестеп, көңілі құлазып сала берді.


Жабырқау жанына шипа дарытқысы келетін дәрігер де, медбике де үнемі бәйек болып, микробтан сақтану керектігін жиі ескертті. Ауруханада микроб сөзін сан рет естіп, өзі де сан рет шошына қайталады. Жанында кіл жүдеген науқастар. Өкпелері сырылдап, аяқтарын тырп-тырп басады. Сырттан келгендер беті-аузын тұмшалап, бұларға аяй қарайды. Әлдене жұқтырып алардай сақтана, алара қарайтындай сияқты ма? Аяқ астынан кәріп күйге түсіп қалғанына жаны көндіге алар емес. Микроб деп сан рет қайталап шықты... Алаңғасар қалпы бірден сақ, қырағы кейіпке көшіп кетті.


...Білмейді екен ғой, мынау аппақ дүние шаң-тозаңнан құралады екен-ау. Көрмегесін білмейді екен ғой. Сақтанып қана емес, күресіп өмір сүру керек деген шешім қабылдады. Сол, сол-ақ екен Мақсаттың сөздік қорынын төрінен микроб сөзі ойып орын алды.


Алты айдан кейін ауруханадан Мақсат мүлдем өзгеріп шықты. Бұрынғы көнтерлі көнбістігін аурухана төсегіне қалдырып, ауылға күйгелек, беймаза болып оралды. Амандық саулық сұрасып, амандаспақ болғандардан қашқақтай бастады. Сан мыңдаған микробтар орнап қалғандай, алақандарға алара қарады. Адамдардың өзі микроб толы заттарға айналып кеткендей шошынды. Сезігін жасырып әуреге түсіп әлектеніп жатпады.


Қал-жағдайын білмек болып, көңіл сұрап келгендермен бас изеп салқын амандасты. Бәйек болып қол созғандардан алыстап барып:


- Қолыңды жуған ба едің? - деп тыжырына сұрады. Әлгі сауал талай жанды абыржыта түскен сайын, Мақсат айбарлана түсті.

- Ойбай-ау қолың толы микроб. Өзім енді адам бола бастағанымда - деп кінәлай қарайды.


Қайтсін, енді оңай емес дәрі іше-іше, миы айналып қалған ғой деп түсінгісі келгендер де табылды. Жақтаушылар да аз емес, тосын жәйтке тосырқай қарағандар да баршылық. Келушілер де қайтар жолда микроб сөзін қайталап бара жатты.


Мақсат микробпен күресті бастап жіберді. Ұраны да қорғаны да сол жалғыз ауыз сөз. Миынан микробпен күресу орталығын ашып алды. Микробпен күресу - тіршілікпен мәңгілік күрес екенін түсінбеді.


Айлығын алғанда да алақандағы ақшаға алара қарады. Алақаны қышыса алақанын сүйетін сенімі де сетінеп, бұл жолы жүрегі жылымады. Қалай жылысын, бір микроб алпамсадай денесін бұзып-жарып, өкпесін тесіп кетіпті ғой. Айлық жалақысын қораға жасырды да, ақша ұстаған алақанын ұзақ ысқылады. Маңғаздана үйге кірді де қасына әйелін шақырды.


- Гүлжан, қорада ақырдың жоғарғы жағында ақша тұр. Айлығымды алған едім, әдейі үйге кіргізбедім. Өзің алып жаратарсың. Ол деген толы микроб қой. Бірақ, үйге кірерде қолыңды әбден жу.


Әйелі әлденеге көңілі толмағандағы әдетінше ернін қисайта, сылп еткізді де күйеуі мегзеген қора жаққа қарай беттеді.


Гүлжан күйеуіндегі өзгерісті сезсе де, өзгелердің келекесінен де жамандыққа қимас көңілімен азар да безер болып ақтап алады. Келіндер «микроб қайнаға» деп ат еншіледі. Жеңгелері де микроб қайнымның ауырмай тұрған кезі еді деп әңгімені нақтыландыра түсетін болған.


Мақсат әйеліне үйді күніне бес рет жууға тапсырма берген. Күйеуінің тапсырмасын заңдылық деп түсінетін көнпістеу әйелі үйін үйін қайта-қайта жуып әлек. Құрдастары Мақсаттың үйін «зарарсыздандырылған үй» деп атай бастады.


Үйде Мақсаттың өзі ғана еді. Төркіндеп келген қарындасы дүкенге жиналып, кішкене қызын Мақсаттың қасына қалдырып кеткен. Кішкене жиенінің шалбарын былғап қойғанын байқап қойды да, даладағы ескі тапшан тұсына дедектетіп жетелеп келіп, қозғалмауын бұйырып, үйіне келіп бүркеніп жатып қалды. Қарындасы келсе кішкене қызы жаңбыр астында дірдектеп жылап тұр. Мұның тосын әрекеттеріне қысыла қайнысіңлісінен кешірім сұрап әйелі әбігер. Қарындасының ренішті жүзіне қарады да :

- Қалай үйге кіргізем микроб қой деп ақталды.


- Микроптан басқаны ұмытып кеткенсің бе? – деп ренжіген қарындасы қызын жетелеп кетіп барады.


Үйіне келген қонаққа су алып жүгіріп, қолын ұзақ жууын ескертеді. Оны орындамасан үйіне кіргізбейтінін сезген туыстары да абыржып, қолын қайта–қайта ысқылап әуре.


Ашық-жарқын қалпын өзгертті де оранып, буынып, сауысқандай сақ болып алды.


Алпамсадай денесі сол сөзді айта бастағанда кішірейіп, жан-жағына үрейлене қарайтын болды. Уақыт өте келе өзі де микробқа айналып бара жатқандай.


Микробпен мәңгі күрес оны да ортада жападан-жалғыз қалдырып, түйіршік тозаңға айналдырғандай.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар