Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жырларында нұрлы ағыстар бар...

29.08.2016 3348

Жырларында нұрлы ағыстар бар

Жырларында нұрлы ағыстар бар - adebiportal.kz


NUR_9766.JPG

Дәулетбек Байтұрсынұлымен 1994 жылы Жоғарғы Кеңестің органы «Халық Кеңесі» газетінің редакциясында қызмет істеп жүргенде таныстым. Атажұртқа оралған жас жігіт ең алдымен төте жазудан кирилл жазуына көшуге күш салды. Редакцияның жұмысына жанын сала араласып кетті. Елгезек. Ұқыпты. Өзі физик екен. Лирикаға бүйрегі бұра құлай берілгенін байқадым. Тәңіртаудың арғы жағынан атамекенге оралғаннан кейінгі жазған өлеңдерінің топтамасын «Халық Кеңесіне» де ұсынды. Жарыққа шықты. Мерзімді баспасөзде арагідік көрініп жүрді де содан біраз уақыт үнсіз қалды. Сол тұста тұрмыс-тіршіліктің ырғағымен басқа салаға ауысып кеткен болар деп жүргенмін. Баспасөзден алыстаса да өлең сөзден қол үзбепті. 2006 жылы «Күнәсіз мекен» атты өлеңдер жинағын абыз ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаевтың бата сөзімен, жазушы Нұрқасым Қазыбекұлының тілек сөзімен шығарып, жұртшылыққа ұсынды. Ізінше «Мәңгілік мекен», «Ләтипа лүпілі», «Топыраққа сіңген нұр» жыр жинақтарын шығарды. Тәуелсіздікпен тыныстап, қиын өткелдерден өтіп келе жатқан Қазақ елімен тағдырын тоғыстырған ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы соңғы жиырма жылдың ішінде көп есейді, қалам қуатын байытты, өлеңдері кітаптан кітапқа өткен сайын өресін биіктетті, жаңа өріс ашты. Өзі де биыл елу дейтін ердің жасына еніп, ел-жұрт алдында есеп беріп тұрған кезі.


Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта тұсында Қазақ елі өтпелі кезеңнің, дағдарыстың, күйзелістің торына шырмалып, ауыртпалықты айлар мен жабырқаңқы жылдарды бастан өткеріп жатты. Алып-ұшып атажұртқа жеткен Дәулетбек болса:


«Құшағында Отанның ойға баттым,

Бәрі жаңа нұрлы аспан, айқабақ түн.

Егеменді елімде елжіреп бір

Тұңғыш Жаңа жылымды тойламақпын!» –


деп жар салды. Ол, тіпті, келе сала қабағы салыңқы қазақтарға көтер еңсеңді, шыда қиындыққа, оят намысыңды деп жігерлендірер жырларын да арнады. Ал «Азаматтық алған күн» деген өлеңінде:


«О, менің Азаматтық алған күнім,

Жүректің жібердің-ау жалғап жырын.

Отаным, от құшағың ашылды ма!

Аңсаған орындалып арман гүлім!» –


деп арман-мұраты ақиқатқа айналған қандастарымыздың қуанышын жырға орап жеткізді. Дәулетбектің қиын кезеңде жазылған жігерлендіру жырларын оқып отырып, шекараның сыртындағы бес миллионға жуық қандастарымыздың арман-аңсарын ұққандай боламыз. Әлемдегі қай ел, қай мемлекет үшін де азаттыққа қол жеткізгеннен артық бақыт бар ма?! Азат Қазақ елінің азаматы атанғаннан кейін жазған жырларында Дәулетбек шыдам, төзім, ынсап, тәубе дейтін ұғымдарға қарай көбірек ойыса бастады. Өйткені тәуелсіздікпен бірге келген нарықтың өктем заңдары халықты тығырыққа тіреген тұстарды да ақын зердесі жіті аңғарды. Тек өз басынан өткеріп жатқан қиындықтармен ғана шектелмей, елдік мұраттар жолында қандай азапқа да төзуге болатынын түйсініп, оқырмандарын сендірер, демеу болар сөзді өлең өрімдерімен беруге тырысты.


«Құлағыма құйылып құнды тәлім,

Тартты өзіңе қиырдан нұрлы таңым.

Азаттығын елімнің аңсап келген,

Бабаларым, мен сенің бір бұтағың» –


деді ол. Отанына оралғаннан кейін Дәулетбектің күн санап, ай санап, жыл санап азамат ретінде де, ақын ретінде де еңсесін тіктеп, өз дауысын еркін естірте бастағанына мерзімді басылымдарда жарияланған өлеңдері және жоғарыда аттары аталған жыр кітаптары дәлел.


«Ақыл, ойға маза-тыным бермеген» адам ғана ақын болады деген ойды бұрын да бір данышпан айтқан екен. Дәулетбектің жырларын оқып отырғанда оқырмандары дәл сондай күй кешеді. Лап еткен сезімге еріп, өзі де жанып кетуге шақ тұратын ақындардай емес, Дәулетбектің өлеңдерінде ақыл мен ойдың сырлы ағыстары, нұрлы ағыстары басымырақ.


Арғы бетте қалған ауылын, балалық шағын сағынғанын былай жеткізеді:


«Ертемен қорадан мал өріп,

Бозторғай боз белге ән егіп,

Өрісте қарғылап тұсаулы ат,

Ит үріп қоятын әредік...»


Бір қарағанда, бұл сағыныш ауылда өскен қазақ баласының бәріне тән. Ал Дәулетбектің жүрегін сыздататыны – Талқытаудың етегінде, Құлжада қалған қимас шақтар болса керек. Балалық бал дәуреннің көңілде қалған суреттері шығар. Соның өзінде:


«Кетпедім өз басыма кемдік көріп,

Тұрмаған тауым құлап, ерлік кеміп.

Қазақтың Отаны деп бетті бұрып

Ұрпақтың қамын ойлап ендік келіп!» –


деп ой қорытады. «Әзірше қиындықтар шаужайлаған», «Ел тапқан ер қазақпын, есін білген!» – деп ой салмақтайды. Өзінің көшіп-қонып бастан кешкен қиындықтарын Өркен атты ұлына өлең қуатына бөлеп түсіндіреді.


Бірте-бірте Дәулетбек ақын өзінің бағыт-бағдарын айқын белгілеп, адамдық парызын, ақындық мұратын дәл тапты. Қалай тапты, неден тапты?! Бұл сауалдарға жауапты ақын «Абай нар» атты өлеңінде нақ беріп қойған:


«Бисмиллаһы Рахманир Рахим,

Жолын қуған мен Абайдың бір ақын.

Құдай, Құран, Сенім – мәңгі серігім

Арлы, иманды болу менің мұратым!».


Өмірдегі қиындықтарды да, қиянаттарды да, қатігездіктерді де өз көзімен көре жүріп, өз басынан кеше жүріп, ол көп ойланды. «Басын тауға да ұрды, тасқа да ұрды». Ол өтпелі кезеңдегі тұрмыстың тауқыметіне шыдамай, азып-тозып, арын да, барын да саудаға салып жібергендерді көріп, ақшаның, дүние-мүліктің құлы болғандарды көріп, шошынады. Қызылды-жасылды өмірдің мәні байлық пен билікте ғана деп, ішіп-жеп, шайқап-төгіп, күнәға белшесінен батқандардың бұзылған ниет-пиғылдарын байқап, түңіледі. Ол мынау бес күндік жалғанда адамдар арасындағы ең қымбат құндылықтар – мейірім, қайырым, қолғабыс, бауырмалдық, жанашырлық, адамгершілік азайып бара жатқанына ашынады.


«Тіршілікті біз қалай етеміз» – деп,

Неше көктем ауысты, неше күз кеп.

Қия бассам, кездесем қиянатқа,

Кетсем бе екен Күнәсіз Мекен іздеп...


Қанжығаға қаныпезер сойыл байлап,

Бассыздыққа белшеден тойынды аймақ.

Қаламым мен құшақтап Құранымды

Естімеске кетсем бе қойымды айдап?!» –


деп торыға отырып, тал қармады, егіле отырып, жанға жұмақ мекен іздеді!..


Аллаға мадақ, Жаратқан Иені мойындау, Ислам құндылықтарын қастерлеу, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат, мінәжат жырлары қазақ поэзиясына тәуелсіздікпен бірге қайта оралды. Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегені қай рас, қай ақиқат, қай шындық екеніне советтік кезеңде көңіл бөлінбеген, құдайсыздар қоғамы оны қабылдамаған. Ал Мұқағали ақынның «Мұсылманмын...» деп басталатын бес-алты өлеңін республикалық жастар газетінде әдеби мұра ретінде ғана жариялағанымыз есімде. Қожа-Ахмет Иасауидың хикметтерін тәржімалау да кеше ғана жүзеге асты. Білім алған мектебі советтік идеологиядан басқа болғандықтан шығар, бәлкім, Дәулетбек ақынның имани жырлар жазуға біржолата бетбұрыс жасағаны кітаптарын парақтай қарағанда да көрініп тұр. Әсіресе, «Ләтипа лүпілі», «Топыраққа сіңген нұр» жыр жинақтары тұтастай дерлік мұсылмандықтың құлшылық амалына құрылған.


«Өзінен тұрғанындай өңір ғалам,

Адамның шайтан жеңді көбін надан.

Аллаһты шын таныған күннен бастап,

Өзгеріп сала берді өмір маған!».


Дәулетбек ақын шын айтып отыр. Шынын жайып салып отыр. Имани сенімге барар жол біреу-ақ екенін қарапайым түрде түсіндіреді. Бұл жол, ең алдымен, наным мен сенімге тәуелді екендігіне, діни сауаттылық соның бірінші шарты екендігіне, мұсылмандық кітапта ғана емес, бір Алланың хақ екендігін мойындауда екендігіне ден қояды:


«Шегі жоқ қуа берсең жан құмарын,

Қараңғы қалды емес пе қалғыған күн.

Тек бізді қолдайтын да, қорғайтын да

Жаратқан бәрімізді жалғыз – Раббым!».


Біздің діни сауатымызды ашу жолында әлі де көп жұмыстар жүргізілуі керек. Мұсылмандықтың әліппесін оқып-үйренбей жатып-ақ жас буынның әртүрлі діни ағымдар жетегіне еріп кетіп жатқаны аз емес. Осындайда, ылғи ғана имандылыққа, тазалыққа, пәктікке үндейтін мұсылмандық шарттарын ақын жүректің, иман нұрына толы жүректің өлеңмен жеткізуі әлдеқайда әсерлі, әлдеқайда иланымды емес пе?!


«Мазасыз минуттарым сырғанауда,

Сынап – Күн, бұлаң қағып шырғалауда.

Жүрекке иманымды жинамасам,

Жолымнан әзір тұрар бұрмалауға» –


дейді ақын. Яғни, иман жинамаған жүрек имансыздықтың небір сорақы қадамдарын жасайды деген сөз. Қоғамды жайлап алған сыбайлас жемқорлық, қатігездік, қаражүректік, безбүйректік, опасыздық, сатқындық қайдан шығады? Жүрегіне иман жинамағандардан шығады!


«Іздер жатыр тұяқ кесті шұбырын,

Бәрі мағлұм қыбырың да жыбырың.

Жадағанда қуат берер мәңгілік

Ес жиямын естіп иман сыбырын!» –


дейді ақын.Бұл пәниде пенделерге тән барлық жүрек «иманның сыбырын» ести ала ма?! Жүрегін иманға толтырған адам аса қуатты да күшті. Ол мына тіршіліктегі таусылмайтын қыбыр-жыбырдан биіктеп кетеді. Иманның нұрына шомылып, содан ғұмыр кешудің мағынасын табады. Өмірде жүрегін иманға толтырған жандар аз емес. Ақын осыған үндейді.


Рухыңды жүдетпе, нәпсіңді тый, намысыңды қалғытпа деп, адами құндылықтарды сақтауды насихаттайтын жырлар бізге қай заманда да, қай қоғамда да қымбат.


«Таппайсың ойы бөтен мидан баға,

Әзәзіл шатастырды сыйдан қаға.

Ғаламды ұстап тұрған көрікті етіп,

Адамды адам етер иман ғана!».


Ал бұған қалай келіспейсіз?! Келісесіз. Құптайсыз. Мінәжат жырларының табиғатына тән ақылмен, сабырмен, ұстамдылықпен насихат айту, ар-иман жолына сендіру, арылу мен тазарудың бағыт-бағдарын нұсқау – Дәулетбек Байтұрсынұлының жырларының алтын арқауы. Осындай имандылық нұры себелеп тұрған өлеңдерімен ол өзін-өзі іштей тазартумен қоса, оқырмандарына да өнеге ұсынады, жаңа, биік, аңсарлы мұраттарға жетелейді. Кейінгі жылдарда имандылық тақырыбына қазақ ақындарының жарыса жыр жазу үрдісі де байқалады. Жазылсын. Бірақ тақырыпты игеріп жазу, оқырман санасын оятып жазу, көркемдік кестесін келістіріп жазу сияқты биік өнерге қойылатын талаптарды бәсеңдетіп алмасақ екен.


«Байыттың бақи өмір мазмұнымды,

Түзедім ғибратты аз күнімді.

Ендеше Алла риза болуы үшін

Дәулетбек, ықыласпен жаз жырыңды!» –


деп біз ақынның өз сөзін өзіне арнап, жырларындағы нұрлы ағыстарды оқырмандары қалт жібермей, қадағалап, танып, рухани қажетіне жаратар деп ой тұжырымдадық.


Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,

ақын, филология ғылымдарының кандидаты,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

(Республикалық «Ана тілі» ұлт газеті, 13 наурыз 2014 жыл №10)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар