Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Жырларында шынайы сезім тұнған......

19.09.2022 2754

Жырларында шынайы сезім тұнған... 14+

Жырларында шынайы сезім тұнған... - adebiportal.kz

(Қ.Мырзабек лирикасы туралы толғаныс)

Мұнартқан көгілдір таулары мен айдын шалқар көлдері бар табиғаты әсем Көкше жері әмәнда ән мен жырдың, өнердің де дүбірлі ордасы болғаны әмбеге аян. Тау мен тасы күңіреніп ән салған киелі Көкше жерінен өзіне ешбір ақынды тең қылмай, дүйім ақынды сөзбен қырған соқыр Шөже, «жырдың кең саба қорындай» болған Орынбай мен Арыстанбайлар, аспандағы аққуға үнін қосқан сал Біржан, «сайраған орта жүздің бұлбұлы» сері Ақан, сұлу үнімен гәккулеткен Үкілі Ыбырай, асқақ даусымен жұртты ұйытқан Балуан Шолақтар өткен. Кешегі кеңестік кезеңде Көкшедегі қазақ мәдениеті мен өнерінің аймүйіз серкелері Қалия Жұбандықов, Шәкен Отызбаев, Мұса Асайынов, Көкен Шәкеевтердің ізін ала, қазіргі қазақ айтысына өзіндік үні, өз мәнері, өзіндік бетімен ат қойып дүбірлетіп келген Құдайберлі Мырзабекті көп жұрт айтыскер ақын ретінде біліп, таниды. Ол заңдылықта.

Кеңестік заманда сарқылып бара жатқан айтыс өнерін көтеріскен алдыңғы толқын ағалардың ізімен, айтыс өнерін дамытып, түрлендіріп, жаңғыртып, шын мәнінде жоғары биікке көтерген де осы Құдайберлі Мырзабектің тұстастары, замандастары. Құдайберлі ақында осы өнерлі буынның, талантты топтың қасқа маңдайында топ жарған, жарқыраған, өнердегі өз бәсіресін еншілеген жұлдызды жүйріктердің бірі. Құдайберлінің айтыскерлік өнері жайында ақын, жыршы, драматург-жазушы, Қазақстанның және Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Баянғали Әлімжан: «Дәстүрлі қазақ ауылынан шыққан, тереңдегі түп тамырдан нәр алып өскен Құдайберлі Мырзабек - айтыс өнерінде домбырасы күмбірлеп, ашық үнмен саңқылдаған, поэзияда қайталанбас қолтаңбасын қалыптастырған дарынды тұлға» - деп баға береді.

Құдайберлі Мырзабек айтыскер ақын болуымен қатар, қазақ жазба поэзиясының көгінде де өз жырларын самғатқан белгілі ақын, көрнекті қаламгер, талантты өнерпаз тұлға. Ол өз лирикаларымен өмірдің жылт еткен қуанышы мен мұңын, алпыс екі тамырды қуалай жүгіретін сезім толқынысын, жүрек лүпілін, қан соғысын, жан дірілін талмай жеткізетін, көркем де әсерлі бедерлейтін салауатты ақын. Өзіндік ой сорабы мен өмір тынысын байсал да шебер үндестірген кемел ақын. Зерделі қалам иесі. Оның ақындық шалымы мен өрісі жөнінде белгілі әдебиеттанушы ғалым, профессор Берік Рахимов былай деп жазады: «Өмірде айтарын айтып, жазарының бәрін жазып кету -  ақын біткеннің арманы екені рас. Қазақтың Құдаш ақыны да құлашты кейінге сермеп, Алтай мен Атырауды, Арқа мен Жетісуды, керек болса, бүкіл Тұран жұртын өлеңге көшіргісі келеді. Бұл – ақындық асқақтықтың, шалқар шабыттың белгісі.»

Ақын өз дәуірінің бел баласы, заманының үні, тамыршысы, жол сілтер бағдаршысы. Құдайберлі ақында өз өлеңдерінде «қайнаған қанның, қиналған жанның, толғатқан көңілдің, толғанған Ақынның қамырықты көңіл-күйі заман запыранын шындық тілімен жеткізуге тырысады.

... Аққа қарсы қараның да парқы бар,

Текетірес теңдестіру шарты бар.

Қоғам - тоған түпте жатқан қордасы,

Көзсіз батыр мен емеспін малтығар.

 

Қозғау үшін шахматтың әр тасын,

Саусағыңды бір созып, бір тартасың.

Оқ қайнатқан сордың суын қарпып ап,

Біреу маған ұсынады малтасын.

 

Заман тілі біз ұққаннан тыс тілде,

Қазысының өзі қазық үстінде.

Қараңғыда жүріп жатқан қайшылық,

Өзгермейді-ау мен білетін үш күнде («Таразы»).

Замана мұңын, өз мұңына айналдырған ақын ішкі толғанысын, ширыққан сезімін оқырмандарына жайып салады. Кейбір мықтымын деп жүргендерді «еркек тоқтым ерке тоқал тәрізді, иісіне ит құйрығы иреңдеп» деп келетін бейнелі сөздерімен ащы түйрейді. 

Шарасыз қоғамға қайраны болмаған ақын шешімі; «Екі ерніңе екі күзет қоясың, екі қолың қалмас үшін қармасып» деген сентециямен беріледі. Енді бірде ақын жаны ешкім білмейтін ессіз, түссіз жерге кеткісі келеді.

Кетем, кетем меңіреу мекенге бір,

Тоғышарға торықпа бекер көңіл.

Құл боп барып, сұлтандық құрып өткен,

Бабамыздың рухы шет елде жүр. («Кетем»)

Бірақ ақын шет ел асып кетуді мақсат тұтпайды. Ол «шет елден де шеткері бет алысым, шет ел асу сатқындық отан үшін», - деген тұжырым жасайды. Ақын көңілі байыз таппайды. Ол қиянаттан, күнәдан пәк, кіршіксіз бала шағын аңсайды. Қоғам мерездерінен запы болған ақын қиялы сол бір артта қалған балалық әлемін, шат мекенге оралғысы келеді.

Місе тұтпай рахатты жанға майық,

Құмартқаным ол неткен таңғажайып?

Сол әлемге құштармын өзім жүрген,

Сол әлемде бақытты бар халайық. («Сағыныш») 

Құдайберлі Мырзабек лирикасының тақырыптық өрісі кең, поэтикалық диапазоны шалқар. Махаббат па, достық па, өткен тарих па, туған ел, туған жер, Отан тақырыбы қайсы болмасын, осының барлығында өзіндік үні, өзіндік мәнері бар Құдайберлі қолтаңбасы көрініп тұрады. Қай тақырып болмасын жалпылама баяндау, сипаттау жоқ. Дір еткен шындықты нақты деталь-суретпен, бейнелі сөзбен өрнектей қояды. Көп сөзділікке ұрынбайды. Артық бояуға бармайды. Ақындық құдіреті, көркемдік қуаты дегеніміз осы болар сірә ?!

Ақынның шығармашылық көркемдік қуаты жөнінде оның нақты шығармаларын талдай отырып, өз бағасын білдірген филология ғылымдарының докторы, профессор, Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы Жантас Жақып төмендегідей ой-пікір білдіреді: «Осыған орай Құдайберлі шығармашылығындағы шоқтығы биік жырдың бірі «Бұл бір күнім, бір күнім» толғауын ерекше атап көрсеткен жөн. Жырдың біз байқаған бір ерекшелігі сонда, үн, ішкі екпін XV-XVIII ғасырлардағы жыраулықты еске түсіргенмен, мазмұн аясы бүгінгі заманның жаңа тынысын көркем бедерлейді. Лирикалық тұлғаның бойында дәстүр мен жаңашылдық астасады, жалпылық пен даралық түйіседі, ақындық тұлға бұл тұлғада лирикалық қаһарманға айналады. Толғаудағы лиризм эпикалық арнаға бой ұрады. Бұл- «адамның жан күйінің оқшау лирикалық көрініс-бейнесі емес, әлеуметтік-қоғамдық жайлар төңірегіндегі ақындық толғаныс».

Сүйіспеншілік тақырыбы әрісі әлемдік, берісі қазақ поэзиясында көп жырланған тақырып. Әсіресе қазіргі жастар поэзиясында өте көп. Барлығы да «сүйдім, күйдім, өлдім» деп жатады. Бұл тақырыпта да Құдайберлінің жалаң «күйдім, сүйдімнен» аулақ салиқалы, байсал тынысын сезінгендейміз.

Не тәтті бұл ішкенім бал жұттым ба,

Ауысып әлде есімнен алжыппын ба,

Немесе өліп барып тірілдім бе,

Білмеймін, білдің бе сен, халді ұқтың ба. («Махаббат сен осындай ғаламат па ең») Халықтың өткен тарихын баяндаған мына бір өлеңге зер қойыңызшы! Баяндауында басы артық бір сөз жоқ! Әрбір тарихи кезеңге қатысты бір ғана сөз - деталь бар. Болған біткені осы! Ақынға құлақ түрейік: 

«… Бұл бір күнім, бұл күнім,

Бұл күнім ұлы күн-пірім.

Басымнан өтті сол заман,

Төбемнен төнген қара апан,

Астары қалың бұлтының. 

Қалмақтың көрдім жұлқуын,

Қоққаның көрдім күркуін.

Ояздың көрдім дүмпуін

ГПУ-дің көрдім тінтуін.

Жендеттің бәрін жер жұтып,

Желкемнің көрсін шұңқырын» («Бұл бір күн») 

Осы жолдардағы «қалмақ», «қоқан», «ояз», «ГПУ» сияқты сөз-детальдар заманның зобалаң-зардабын, қиянат-қысастығын, қиямпұрыс мінезін, ащы шындығын паш етіп тұр! Ақындық контекстегі осы сөздер арқылы көркемдік кілтіне жетудегі ықшамдылық, сөз үнемінің ішкі сырын аңғарғандай боламыз.

Ақынның сүйікті тақырыбының бірі – жылқы тақырыбы. Көшпелі елдің киелі қаны бойында атойлап тұрғандықтан болар Құдайберлінің бұл тараптағы жырлары да асау аттай арындап тұр. Оның «Жылқы туралы жыр», «Нұрының ақбел аты», «Ағылшын аттары», «Қара арғымақ», «Арба жеккен асаудай алып қашып», «Жылқы» сияқты өлеңдері оның осы тараптағы әсерлі дүниелері. Қазақ болмысындағы жылқы жарықтықтың қасиетін ақын қысқаша былай тұжырымдайды: 

Толтырған тақымын да, табағын да, 

Сөйлеткен қобызын да, садағын да.

Қазақтың төрт түлігін түгендеген,

Қайғы бар қасқа айғырдың қабағында («Жылқы») 

Құдайберлі ақын ретінде көргенін жазбайды. Білгенін жазбайды. Сезгенін жазады. Сезімнің тілі онда тұңғиық. Сезімдік танымының құдіреті арқылы тереңнен тартады. Табиғаттың өз үніндей, өз бояуындай жарқын суреттер, келісті көріністер көзді қарықтырып, өз сиқырымен арбап, жүректерге жол тартады. Шындық болмыс сезім өрнектері арқылы былайша өріледі:

Сағым дала 

жалын қаға

құбылады құлпырып,

Қазір ғана

адырға да

қалғандай күн ынтығып.

 

Сулар жақтан

шулап жатқан

аққулармен, қаздармен,

сырнайлатқан

нұрды ойнатқан

қандай ғажап жаз дәурен. («Сағым дала») немесе:

Қарайып кеткен бұлттар бір ағарды,

Жер тойды.

Көл-көсір сел сыбаға алды.

Терлеп тұр қара тас та сұп-сұрланып,

Құйт саба, құйт сабама.. тіл азарды. («Жаңбырдан соң»).

Ақын енді бірде күре жолмен із құрғатпай, тізгін тартпай, жөңкіліп бара жатқан көліктерді, «тас күймелер өтеді тұмшаланып, тобық жұтқан жұтқыншақтай» десе, тамыры жоқ, жапырағы жоқ, аршылған, қу сүйектей қатып кепкен келтек ағашты, өз тамырын іздемеген келтек ағашты «тек қана бір тентек қол, сол тентек қол әкетсе әмсе ырқында дедектетіп» деп, әлденеден хабар бергендей, «тас күйме» мен «келтек» деген сөзге екпін түсіріліп, шындық болмыстың сұмдық сырын паш еткендей, күшейтіп тұр! Оның осындай ащы шындықты шынайы сезім арқылы таныған тұнық жырлары сап-салқын тұмадан шым-шым аққан қайнар бұлақтай мөлдірлігімен, тазалығымен оқырман көңілін баурайды, еліктіреді. Сезім стихиясы орасан зор! Осы қасиеттері Құдайберліні қазіргі жазба поэзияда белең алып кеткен жасанды да жалған кітабилықтан «әдебиліктен» алыстатады. Ол – тар шеңбердегі «әдебиленген» кітаби ақын емес, бұрқ-сарқ етіп қайнап жатқан, отты да жігерлі, қызулы сезім бойына жарасқан табиғи ақын! Құдайберлі қазіргі әсіре жаңашыл поэзия өкілдеріне қарағанда ұлттық поэзияның құнарлы топырағынан нәр алып, өсіп-өнген дәстүршіл ақын. Ұлттық тілдің қаймағын қалқып, оның нәрі мен сөлін терең ажырататын, ұлттық бітім мен ұлттық мінезге ие, шын мәніндегі ұлттық пішіндегі ақын! Ешқандай алып қосары жоқ! Құдайберлі ақынның азаматтық болмыс-бітімі, өзіне тән рухты болмысы жөнінде оның замандас ақын ағасы, марқұм Ерік Асқаров тебіреністі күйде төмендегідей өлең жолдарын арнапты: 

Көргенің аз ба, көрешек әлі алдыңда,

Көкірегіңді көмілдіретін зар-мұңға.

Құдашым, қарғам, қайсарлығыңа тәнтімін,

Қайғысының өзін қақпақыл етер қалжыңға.

Ақынның ішкі ой-толғанысы, сезім-күйі, жан-дүниесі, өмірлік ұстанымы мен көзқарасы, көңіл сырлары алғаусыз жырлары арқылы елге жария болап жатады ғой. Ештеңені бұғып, жасырып қала алмайсың. Ақынды ұстап беретінде осы жырлары! Абайдың: «Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей» дейтіні де осыдан болар. Былайша айтқанда ақын жырлары, оның белгілі бір өмір белестерін өрнектейтін «көңіл күнделігі» десе де болғандай. Осы тұрғыдан Құдайберлі жырлары да өзінің шыншылдығымен өзі күнделік жазбасада(бұл турасында ақын «Күнделік жазбадым» деген өлеңінде жақсы айтады) ақынның «көңіл күнделігі» ретінде көп сыр жеткізеді. Ақын ертеңгі күнге сенеді. Өзінің жалаулы үмітін содан күтеді.

Ертеңгі күнім ерттеулі тұрған құр аттай,

Ертеңге жетсем жанады көзім шырақтай.

Бір аттан түсіп, бір атқа қонып мына мен,

Құйғытып келем тірліктің туын құлатпай. («Ертеңгі күнім ерттеулі тұрған құр аттай»)

Ақынның қуатты оптимизімі осылай дегізеді. Бұл оның өмірдегі де өнердегі де кредосы! Құдайберлі өзіндегі тума таланттың табиғатын жазбай танып, өз бағытына, өз өрісіне салып отырады. Ол Станиславский айтатын «өнердегі өзін емес, өзіндегі өнерді сүйеді», соның дегеніне бағынады.

Әділет пен ақылға,

Сынатып көрген білгенін.

Білдірер алыс-жақынға

Солардың сөйле дегенін, - 

деп, хакім Абай айтқандай өзіндегі сөз өнерінің, ақындық құдіреттің жұмсалар жерін межелейді.Біреулерге алдың-дұлдың боп көрінетін табиғи, ақкөңіл мінезі болса да ол өз ішіндегі «алтын ертоқымды өнер пырағын» сыртқа жарқыратып шығара бермейді. Шамырқанып, шабыттанған сәттерінде өнердің өз стихиясы сыртқа лап қойған субұрқақтай, қызулы жанартаудай, от тиген қау шөптей, кеуіп тұрған тамызықтай дүр еткізіп, төңірегін қызулы жалынға бөлейді! Көркемдік стихиясын тамыршыдай дөп басады, қапысыз таниды. Жазбауға болмайтын жағдайда ғана талант құдіреті тұма жырларымен оқырмандарын қуанышқа бөлейді.

Ел-жұрты еркелетіп Құдаш атап кеткен Құдайберлі Мырзабек – жыр сүйер қауымға «Айрауық», «Ащылы-Жекебояқ» сияқты жыр жинақтарымен танылып, олардың жылы ықыласына бөленген ақын. Біз алдағы уақытта да қаламы жүрдек, талантты ақынның кезекті жыр жинағы оқырмандарына жол тарта берсін деген тілектеміз. Қарымды қалам иесінің қалам қуаты сарқылмайтынына сенеміз. Әмісе солай болғай!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар