Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Арнайы жобалар
Қысқаша мазмұн
Б.Майлин «Азамат Азаматыч»

16.03.2015 22960

Б.Майлин «Азамат Азаматыч»

Автор: Б.Майлин
Түсінік: Рымғали Нұрғали
Б.Майлиннің проза саласындағы ең көлемдісі – “Азамат Азаматыч” романы. Ол – дәуір шындығын кең қамтыған, көп планды шығарма.
Романның тақырыбы – қазақ кедейлері қатарынан оқыған, интеллигенция өкілдерінің дайындалып шығу жолы. Кітапта бұл Азамат Азаматычтың образы арқылы беріледі. Жалшы Күркілдектің баласы Қожалақтың балалар үйінде тәрбиеленіп. “Азамат” деген ат алып шығуы – оның жаңа қоғамның қатардағы азаматы болып, заман жүгін көтеруге жарағанының белгісі.
Роман уақиғасы оқу бітірген Азаматтың Қарасай қаласына келіп, мекемеге жаңа жұмысқа орналасуынан басталады. Ескішіл жат топтар оны өз қолдарына қондырып, сол арқылы өрісін кеңейте түсуді ойлайды. Бұрын ақ армиясында офицер болып, большевиктерді қырған, бүгін жасырынып жүрген тап жауы Рақым Шегіров оны өзінің балдызы Мариямға үйлендіреді. Рақым маңындағы жат типтер Кәдірбаев, Қайдар, Жүніс т.б. әртүрлі жолдармен Азаматты жолынан тайдыруға қызмет етеді. Солардың ықпалымен таптық қырағылығы әлсіреп, күресте босаңси бастаған Азаматты мекемесінің қызметкерлері Алексеев, Медеу, Қайша, Шәймерден т.б. қамқорлыққа алады. Романда Азамат үшін тартыс өрістейді. Осы жолда бас герой саяси қоғамдық жұмыстардың, семьялық өмірдің, адал азаматтар мен жасырынған тап дұшпандарының арасындағы қарым-қатынастың неше түрлі сынынан өтеді. Осы талас-тартыста өз мінез-құлқын да характерін де қалыптастырады. Ақыры жаулар әрекеті әшкереленіп, Азамат халық жағында қалады.
Жиырмасыншы жылдар ішінде кедейлер ортасынан шыққан жаңа басшы кадрлардың тәрбиеленуі – үлкен қиын жол болатын. Оларға ескі күштер көп кедергі жасап бақты – сүріндірді, қателестірді. Бейімбет үлкен суреткер есебінде Азаматтар басынан кешкен осы қиын жолды ешбір оңайлатпастан табиғи да шын қалпында оқушы көз алдына жайып салады.
Азаматтың өз дәуірінің негізгі қайраткері болып қалыптасуының өзіндік жолы бар. Герой бойындағы ұяңдық пен жұмсақтық көп жағдайда оның тап жауларымен қарым-қатынаста босаңдық көрсетуіне әкеліп соғады. Ол Мариямның қолына оңай түсіп, оның айтуымен Мариямның бөлесі маскүнем Жүніске арашашы болады. Қайдар деген өзінің Мариямға жиен екенін айтып, жақындыққа тартады. Осылардың бәрін Азамат көп уақыт аңдамайды. Тек шын достарының араласуымен ұғына бастайды.
Романның ұнамды кейіпкері Алексеев, Медеу, Шәймерден, Қайшалар – жаңа заманның рухани тазалығын, жігер-қайратын бойына сіңірген адамдар. Мариям үйінде бұрын жалшы болған, бүгінгі Азаматтың ат айдаушысы Медеу Азаматты қоршаған топтың зұлымдық істерін байқап, Азаматты сақтандырады. Алексеев Азаматты жат топтан бөлу үшін жиі-жиі командировкаға жіберетін болады. Сөйтіп Азамат Мариямдар ортасынан біртіндеп бөліне бастайды. Ең алғаш ол Қайдар үйіне қонаққа бара алмай қалады. Кейін колхозға біріге бастаған ауылды Қайдарлардың қаншама ірікті салып отырғанын көреді. Ауылдағы шараларды іске асыруға қатысқан Азамат Қайдар мен Рақымдардың дегенін істемей, адал жолын ұстайды.
Романдағы ұнамсыз типтер күшті жасалған. Олар – ескі заманның беделді қайраткерлері. Бүгін тонын теріс айналдырып киіп, құбылып, жаңа дүниеге де ықпалын жүргізу қамында жүр. “Соңғы жылдың ішінде осы губернияға тиісті жұмыстың қандайына болса да, Рақымның ақылы қатыспай қалған емес, - деп жазады Бейімбет. – Қатынасқаны сол – барлық жұмыс осы Рақымның сілтеуімен орындалып отырды десе де болады. Ең арғысы бірер кеңсеге қызметке қойылатын адам да Рақымның ұйғаруымен қойылатын. Рақым мұны Кәдірбаев, Борсықбаев, Бұқабаевтар арқылы орындап отырды”. Осы үзіндіден Рақым Шегіровтың ықпалы күшті адам екені көрінеді. Жаңа келген қызметкер Азаматты танып, оған Мариямды жұмсаған, сөйтіп астыртын екеуін үйлендіруге қатысқан, Азаматты қыз үйіне кіргізіп алған да осы Рақым. Кейін Азамат бұлардың ынтымағынан алыстай бастаған кездерде де Мариямды қайрап, тіпті командировкаға кеткен адамның артынан жіберуге дейін барады.
Мариям – үстем таптың әлсіреген кезде өз мүддесін сақтау үшін қолына ұстаған қуыршағы. Сиқыр амалды, бірақ сыры танылып, қоғамнан аластала бастаған тип.
Тап жауларын суреттеуде жазушы біраз сатиралық образдар жасауға барады. Бір кезде басшы қызметтерде болып, төмендеп Қарасай қаласына келген Кәдірбаев – қазіргі кезде істен гөрі сөздің адамы болуға көшкенін көреміз. Оның маңында Бұқабаев, Борсықбаев сияқты қулар бар. Олар рухани тозып, өмірден сырыла бастағандар. Кәсібі – арақ ішу, карта ойнау, топ-топ болып жиналып қонақтау.
“Азамат Азаматыч” романы – реалистік прозаның  елеулі табысы. Оның идеялық түйіні – Азаматтардың шын мәніндегі азамат болуға бет бұруы мен оны тәлкек етпек болғандардың өмір соққысына ұшырауы. Автор оны зор табыспен орындап шыққан.
Роман тілі көркем, кестелі. Онда байсалды шыншылдықпен қатар, ескіге деген зілді сықақ молырақ ұшырайды.
Б.Майлин – қазақтың көркем прозасын бастаушылардың және онда реалистік үлгілерді дамытушылардың бірі. Жазушы шығармаларының басты қасиеті ретінде оның өзі өмір сүрген дәуірдің басты мәселелерін өткір де батыл көтеріп, халық тіршілігін реалистік планда кең суреттей алғанын айтуға болады. Ол қарапайым көп өкілін әдебиеттің басты кейіпкеріне айналдыра отырып, дәуірдің іргелі мәселелерін соның өсу, ояну, жаңару жолымен байланыстыра көрсетті. Қандай тақырыпты алып жырласа да Бейімбет жаңа заманның жасампаз күшіне үн қоса, адамдар бойына күш, рух дарытып жатқан өзгерістер әсерін мойындай, кейіпкерлеріне мойындата жазады.
Бейімбет шығармаларына өзек болған уақиғалардың бірқатары – нақты өмірде болған жайлар. Оларды бастан кешкен адамдар да жазушы жерлестері. Өзіне таныс уақиғалар мен адамдар тіршілігін суреттегенде жазушы сол күйінде ала салмай, әлеуметтік өмір  талаптарына сәйкес өткірлендіре, кейіпкерлерін “таныс бейтанысқа” айналдыра жазады. Оның шығармаларын оқу үстінде өмір көріністерінің жанды бейнесі елестейтіні де сондықтан.
Б.Майлин қазақ ауылы өмірінің сан-салалы, қиын да жұпыны шындығын әсерлемей, сол қалпында бейнелеуді ұнатады. Бұл – оның жазушылық стилінің басты ерекшелігі. Әбден үңіле қарасақ, сол бір қарапайым  шындықта терең астар барын, қоғамдық дамудың жаңаша бір арнаға түсе бастағанын аңғарғандай боласың.
Жазушы шығармаларын көбінесе нақты бір жеке адамның тағдырына құрады. Уақиға да соның тіршілік, талабы арқылы өрістейді, сондықтан шашырамайды, жинақы келеді. Сөйтіп, сол жеке адамның басындағы тартыс, күрес арқылы заман талабына лайық жаңа геройдың тууын бейнелейді. “Раушан-коммунист”, “Шұғаның белгісі”, “Азамат Азаматыч” сияқты шығармалардың өзі бұған дәлел.
Рымғали Нұрғали

Көп оқылғандар