Бодандықтың кезінде қазақ тарихындағы әрбір тұлға үшін, әрбір ғасыр үшін күрес жүрді. Әрісін айтпағанда, Сұлтанмахмұтты, Абайды тарихқа қалдыру жолында мылтықсыз майдан жүргені аян. 50-жылдардағы кеңестік идеологиядағы сәл ғана тоң жібуін пайдалана қалып, қазақ қамын жеген азаматтар дереу тарих қойнауындағы тағлымды сыр сандықтарды жарыққа шығаруға талап қыла бастады. Еріксіз кеңес заманын аңсаған қалып көрсетуге тырысты, тәуелсіздік үшін күресті төңкеріс идеясына жұғыстырды, әйтеуір ел санасын оятуға қызмет етті. Елімізді рухани жағынан бүгінгі тәуелсіздігімізге дайындап әкелуде өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе әдебиеттің көне дәуірін тірілтудегі Бейсембай Кенжебаевтың, Әлкей Марғұланның, Әуелбек Қоңыратбаевтың еңбектері тарих көрігі болды. Осы адамдардың ішкі жан дүниесінің қопарылысынан тарих вулканы оянды.
Осындай ояну әдебиетімізге бүгін де керек, бірақ ол бұрынғыдан да гөрі сапалы ояну болса.
Осы ретте жазушы, әдебиетші ғалым Тұрсын Жұртбаевтың “Дулығасы” тарих пен әдебиет арналарының тоғысқан тұсынан шыққан салмақты дүние дер едік. “Дулығаның” екі кітабында айтылған дүниелер талай-талай ғылыми жұмыстарға жүк болуға лайық. Осыншалық тарихты қопару, оның ұңғыл-шұңғылын қарап, тер төгу тек өз елін шексіз сүйген адамның ғана қолынан келер іс болса керек. Кітаптың әр жолы жазушының өз ойымен қайнап піскен, толып жатқан тарихи фактылар өз салыстыруынан өткен, өзіндік ойымен салмақтанған. Мұндағы туындыгердің “мені” өте айқын да сенімді.
Кітап атының “Дулыға” деп қойылуы да орынды. “Дулыға” – “түрік” сөзінің баламасы, “ерлік”, “мықтылық” ұғымын береді. Кітапты ашып қараған адамның рухын көтеретін сөз. Туындыгер одан әрі қарай түрік батырлары туралы тарихи әпсаналарды тірілте отырып, оны тарихтың сан тарамдарымен, көптеген құжаттар, шежіре, ғылыми зерттеулермен салыстырады. Бұл тұста – тарихтың шым-шытырық іздерін әсерлі жеткізу үшін жазушының машықты қаламы таптырмайтын құрал. Тарих оқиғаларын әсерлі баяндап, жүрекке жеткізе толғау, талдай отырып бүтіндеу - әдебиетімізде Мұхтар Мағауиннің “Қобыз сарынынан” бастау алып, “Қазақ тарихының әліппесіне” (1994) айналған кітаптарынан аса сәтті көрініп еді. Бұл өзі – бір кездегі Радищевтің тарихи жазбалары, Абайдың, Шәкәрімнің ұлт тарихын пайымдау жолындағы шежірелері, Олжас Сүлейменовтің “Ақын мен Әлібі” сияқты, бүгінгі таңдағы бір соны сүрлеу. “Дулыға” жазушы Т.Жұртбаев пен зерттеуші Т.Жұртбаевтың бірігіп жасаған азаматтық үлкен еңбегі деп қабылдадық. “Осы еңбегім арқылы Гердер мен Миллерге, Рыбаковқа, тағы сол сияқты ғылымдағы “Кузьминнің балалары” – “кесірлі ғұламаларға” жауап бергім келеді”, - дейді. Батылдық білімдіге жарасқан.
Кітаптың І-томы скиф-ишкуз және ғұн дәуіріндегі түрік батырлары туралы болса, екіншісі түрік және оғыз-қыпшақ дәуіріндегі тарихи аңыздарға әкеледі. Бұлардың барлығы да әдебиетімізде дәл осылай жүйеге түспеген, терең таланбаған мәселелер.
Шындығында, түріктер туралы біздің жыл қайыруымызға дейінгі ҮІ ғасырда жазылған Авеста кітабында (Онда “Тұр” елі, “Тұран” – “Тұр елі” деген сөз), Фирдоусидің “Шаһнамасында”, Қытай жылнамаларында да жазылып қалған. Тіпті б.з.д. скифтерді көзімен көрген жалғыз тарихшы Геродоттың “Тарихында” айтылатын искиттер, парсылардың – сақ, масагеті (ма-сақ) – бәрі-бәрі қазақ, түрік тарихының іздері еді. “Геродотты толықтырудың қажеті жоқ, түсініп оқысақ болғаны”, - дегендей, Геродоттағы тайқазан асып, арбаның үстіне киіз үй тігіп, көшіп жүрген аталарымыздың қазақ болып өз алдына дербес мемлекетке бөлінгенге дейінгі тарихында әлі анықтала түсетін жайлар баршылық. Сократ айтқан ғой: “Менің білетінім – түк білмейтінім”, - деп. Осы ретте Т.Жұртбаев скифтер туралы мынадай қорытындыға келеді: “Скифтер де, сақтар да, ғұндар да – шығыстан батысқа қарай жыл қайыруымыздан бұрынғы ІІ мыңыншы жылдары қоныс аударған түрік тайпалары, белгілі дәрежеде біздің бойымызда солардың қаны бар деген тұжырымды ұстанамын”, - дейді. Сондай-ақ, М.А.Артамоновтың “Хазарлар тарихы”, А.К.Тереножкиннің еңбектерін талдай отырып, кемерліктер тарихымен жалғастырады. Мидиялықтар, Римге дейін барған ғұндар туралы да көңілге қонымды пікірлер айтады.
Тарихтың қойнауын ашқан сайын түрлі-түрлі оқиғалардың бір-бірімен байланысын табу қиындығы тұрары сөзсіз. Әдебиетте Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев еңбектерінде аттары жазылған көптеген есімдерді тарихи тұлға ретінде “Дулыға” кітабынан тереңірек танимыз. Бұл салада туындыгер көп ізденіп, еңбектенген. Мысалы, Ишпақай, Мәди, Анақарыс, Идамбарыс, Сыпатай, Сатир, т.б. туралы оқушы көп мағлұмат алады.
“Дулығада” ежелгі түрік көсемі Афрасияб туралы қызықты пікірлер айтылады. Өйткені түрік (түркі) тарихында Афрасиябтың дәл қай ғасырда өмір сүргені анықталған жоқ. Түркия әдебиетінің тарихында біздің жыл санауымызға дейінгі ҮІІ ғасырдан – біздің заманымыздың бас кезіне дейінгі аралықта өмір сүрген түрік көсемі деп белгіленген. Оның себебі, Геродотқа сүйенсе керек. ХІІІ ғасырда өмір сүрген, түріктерден шыққан алғашқы зерттеуші ғалым Махмұд Қашқари мәліметі бойынша, Фирдоуси “Шаһнамасында” айтылатын Тоңа Алып Ер – Афрасиябтың өзі. Афрасиябтың ұлының аты – Барысхан, қызы – Қаз. Қаздың екі шаһары: Қаз ойын, Қаз суы – Іленің бойы, Қазақстан жеріндегі қалалар.
Махмұд Қашқари Афрасиябтың өмір сүрген уақытын анық көрсетпейді. “Шаһнама” оқиғаларына сүйеніп: “Таһмұрастан үш жүз жыл кейін Мару (Мерв) шаһарын салдырған. Кейбіреулер бүкіл Мәуреннаһрды Түрік елі деп те есептейді. Ол Янкенттен басталады... Қазір бүкіл Түрік елінің шекарасы Абискүн (Каспий) теңізінен айналып, Рүм елі мен Өзкенттен – Шынға дейін созылады”, - дейді (“Түбі бір түрік тілі”).
Афрасияб жөнінде Фирдоусиден де бұрын ІХ ғасырда өмір сүрген Табари: “Фрасияб Фашандж ұлы, оның әкесі – Рүстем, оның әкесі – Түрік”, - деп көрсетеді. Хұсейн ибн Халиф Табризи деген кісі “Түркістан патшасы” деген.
“Шаһнамада” Оғыз қағанның әкесі Қарахан – Афрасиябтың төртінші ұлы. Егер Оғыз қағанды ІХ ғасырдағы Оғыз бірлестігінің көсемі десек, Афрасияб заманына сәйкес келмес еді, ал Мөде дәуіріне апарсақ, Афрасияб пен Оғыз дәуірінің жақын келетінін Қ.Өмірәлиев те жазған еді. Қазіргі ғылымның дамуына сәйкес, бұл пікір де көңілге қона қоймайтыны анықталып келеді.
Қазақ мифтерінің терең қайнарларының бірі болған Авеста кітабында Афрасияб – Франграсйан болып берілген. “Шаһнамадағы” Афрасияб Авеста шыққан заманның өзінде мифке айналып үлгірген бейне. Ендеше, оның өмір сүрген дәуірі Авеста туған, тіпті, зороастризм діні пайда болған (біздің заманымызға дейінгі 15 ғасыр) уақыттан да тым әрі болуы керек. ХІІІ ғасырда жазылған “Заратушт нама” атты кітапта (аударған Х.Розенберг) Заратуштра дін жолымен өз отанынан Иранға барады. “Өз отаны – Ираннан солтүстік шығысындағы өзеннен, одан соң Даитья өзенінен өтеді. Даитья – қазіргі Әмудария мен Сырдарияның бойы.
Тағы бір ретте Авеста мифтерінің оңтүстік Месопотамиядағы шумер мәдениетімен (б.з.д. үш мың жылдықтар) байланысын еске алсақ, оның айғақты белгісі – Авестаның өзінен бұрын туған шумер жыры “Гильгамешпен” түптес-тамырлас екенін Афрасияб мифтерінен де көруге болады. Афрасияб мифтерінде ол өліммен күреседі. Гильгамеш те өзінің жақын досы Энкидуден айырылғаннан кейін өлмеудің жолын іздейтін. Қазақ пен жалпы түрік жұртына ортақ Қорқыт ата өлмеудің жолын өнерден, артына өлмейтін іс қалдырудан тапты. Абай оны өлеңмен түйіндеді. “Гильгамеште” өлмеудің жолы - өмірде бір нақты іс қалдыру” деп түсіндірді. Афрасияб болса, өлім қаупі жақындаған кезде, кісі бойынан неше есе артық болат қорған орнатып, есік-тесігін қалдырмай бекітеді. Алтын, күміс, інжуден ай, күн, жұлдыз орнатады, ішінде сыртқа шықпай, қамсыз өмір сүреді. Бірақ ажал алмай қоймайды. Бір күні бағында серуендеп жүргенде, ағаш тасасында тығылған суық өңді біреуді көреді. Ол Әзірейіл болатын.
Афрасияб мифінің бұл тұстары Афрасиябтың соғыс кезінде жауынан ығыса келіп, үңгірге тығылуын бейнелеуі де мүмкін. (Х.Короглы). Қалай болғанда да Афрасияб Авестадан да ерте заманда болған болса, ол туралы сақ-скифтер білсе, оған Қашқари жазып кеткендей, түрік жұрты жоқтау шығарса, өзі Тұран көсемі болса, Афрасиябтың жиынтық бейне екенін көрсетпей ме?
Бұл жөнінде Тұрсын Жұртбаевтың: “Тұрдың немересі Афрасиябтың тұсында Иранның жеті мұрагері тақтан ауысқан. Сонда Афрасияб қанша ғасыр жасаған!” – дей келіп: “Афрасияб – Алып Ер Тұңғ – жалпы түркі жұртының хандарының жиынтық тұлғасы”, - деген пікіріне толығымен қосыламыз. Сол сияқты Оғыз қаған да жиынтық бейне деген ойдамыз. Ал туындыгердің Афрасиябты “Ишпақай немесе оның немересі – Мәди патша” деген ойын ғылым өз дәлелімен толықтыра берер.
Сондай-ақ кітапта қазақ тарихына қай тұрғыдан қатысты екені нақты анықталмай келген Тарғытай, Тұмар, Ширақ, Зарина оқиғалары дәлелді пайымдаулармен ел тарихына сыналай кіріккен. Мөде, Көкбөрі, Елжау бейнелері, басқа да әдебиетіміздің қалтарыс тұстары осы кітап арқылы айқындалып шыға келген. Бұрынғы ғылыми қолданыста көріне бермейтін Сыма-Цянь мен Бань-Гудың “Жылнама”, “Ханнама” еңбектері тартылған. Көне тарихшылардың еңбектеріне сүйене отырып, скиф-сақтардың қазақ тарихына қаншалықты қатысы бар екенін тереңнен тартып талдайды.
Қорыта айтарымыз, “Дулыға” – көне түрік батырлары туралы ежелгі саналарды тірілтіп, қазақтың ежелгі тарихына жазушы көзімен барлау жасауға, оның жазушының әсерлі тілімен оқушыға жеткізуге арналған кітап. Туындыгер өз ойын ешкімнің зердесіне таңып бермейді. Абай айтқандай, “Кім де кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, не оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзі - өзінікі”. Бірақ кеудесінде сәулесі бар әрбір адамның рахаттана, тебірене оқитын, өз халқы үшін мақтаныш сезімін оятатын кітап екені даусыз. Халқының рухын көтере алудан артық міндет бола ма? Осы міндетті жазушы Тұрсын Жұртбаев абыроймен алып шыққан.
Рымғали Нұрғали