Қазақ прозасында ХХ ғасырдың 20-жылдарының аяғы, 30-жылдардың бас кезіндегі халық басынан кешкен ауыр ахуал, жаппай аштыққа ұшыраған кезең біршама қамтылды. С.Елубаевтың бұл романының желісіне арқау болған осы тарихи кезеңнің шындығы.
Шындығында роман ауқымы кең. Ең алдымен үлкен жаңалық екенін анықтап айтқымыз келеді. Ал, авторын жаңа қалам, жаңаша қаламның иесі дер едік. Бұрын не жазғанын білмейміз, ал осы роман даусыз жаңа бастау. Сөз төркініне қаныға бастаған сайын, жаңа, жақсы нышан екен деп, іштей жадырадық. Мұндай сәтімен біткен дүниеге неге “бәрекелді” демеске.
Романның соңғы бетін жапқанда: баяғы ақ боз үйі көзіне елестеп сағым қуған Пахраддин мен оның бәйбішесі Сырғаны көреміз. Аштықтан, ұзақ жолдан титықтап, сүлде бітіп, “құм басында қалған екеу осылай өтті дүниеден”. Шығарманың шүу басында қаракерін сылаңдатып, ауыл айналып жүрген жас Хансұлудың әкесі мен анасы еді бұлар. Бір кездегі “ауыл ортасында айдыны шығып тұрған үлкен ақ боз үй Хансұлудың үйі, сыртта қазықта қаңтарулы Қаракер құнан Хансұлудың құнаны” еді, енді міне ақ боз үй адамдарының тағдыры бұлай шешілген. Хансұлу кешкен өмір, оның төңірегі, үлкенді-кішілі әрқилы жандар, олардың ісі, әрекеті туынды шертетін шежіренің мазмұны.
Шығарма қай тақырыпты, қайсыбір мәселені қозғаса да, әңгіме оның көркем жазылып нанымды шығуында ғой. Көркемдіктің ар жағында оқырманды иландырарлықтай пәрменді ой, мақсат, дәрменді сөз жатуы керек-ақ. Онсыз шығарма көркем туынды бола алмас.
Сол қатарда алсақ, біз атап отырған роман – жаңа нышан. Әңгіме не жайында, кім жайында? Біріншіден, бұрын болмаған, айтылмаған, көрінбеген кейіпкерлерге жолықтық, екіншіден, бұрын мүлде атаусыз келген қараспан заман, қатал кезең – 20-30 жылдар трагедиясын көрдік. “Кәмпескелеу”, колхозға ұйымдастыру, қанадан тыс алым-салық, асыра сілтеу, белсенділік, ақырында халық басында келген нәубат – ашаршылық. Малды, ауқатты Пахраддиндердің көргені жоғарыдағыдай болса, басқалардың күні не болмақ? 30-жылдардың басындағы ұйқы-тұйқы, қуғын-сүргін хал романда шынайы суретін тапқан. Әлеуметтік жағдайы жағынан да, мінез-құлқы, ой-өрісі жағынан да кең талдауын тауып, үлкен-кіші, әйел-ер деген сияқты ұйытқыдай ұйып, тіршілік етіп отырған бір тайпа елдің тағдыры әр қырынан, әр сырынан баян етіледі. Екі теңіз аралығы. Үстірт елінің өмірі. Мұның өзі батыс болсын, шығыс болсын бар қазақ жеріне тән тағдыр болғаны әбден айқын. Жазда қыр асып, қыста ық жағалай көшумен, қоныс аударумен, мал бағып күн көріп отырған жұрттың ескі қазақ ауылына тән жай-күйі аса бір құнтпен зерттеліп, зерделі қаламмен жазылған. Түйелі, малды сол өңір елінің өмір-тұрмысы, салт-санасы, мінез, сөз, сөйлеу мәнері әдемі таңбаланған. Кейіпкерлер түрі, сыпайы, ішкі-сыртқы пішіні жазушы ден қойған, дәл тапқан бейнелер.
“Малдың шуы мен кісі айқайлары ию-қиюы араласып жатқан” ауылдарда, “кедей-кембағал, жарлы-жалқыбай, жетім-жесірге теңдік әперем деп, қалың бұқара халыққа дем берген жаңа өкіметтің саясатын” жұрт түсіне бастаған. Ауылдың кеңес бастығы болып сайланған етікші Шәріп те істің “таптық астарына ой жүгіртіп, бір тұтам сақалын саумалап” мән-жайды аңғарған кезі. “Кәмпеске” басталған соң ел іші әбден бүлінді, алауыздық та, алакөздік те етек алды; оның үстіне: “елдің қолында тышқақ лақ қалдырмайды екен, инежіп, қазан-табақ бәрі кәмпеске болып орталыққа түседі екен, бір көрпенің астында жатып, бүкіл халық бір қазаннан тамақ ішеді екен, тіпті қатын да ортақ меншікке айналып, “маятыбая, тыбая – мая” болады екен деген қауесет қаптап”, қараңғы халықты есінен тандырды. Шығармада әрі қарай енді орнай бастаған жаңа әлеуметтік тұрмыстың дұрысы мен бұрысы аралас жайы, жалпы қауымның құлағы үйренбеген тосын бұйрық-жарлықтар, жақсы-жаман адамдардың іс-қылығы, әсіресе, асыра сілтеу, белсенділік, шаш ал десе, бас алатын топастық, мылқаулық, онан барып үдере көшу, босу, мал азайып, адамның да, жердің де тозуы жанға батып, жүректі ауыртар хикаяға айналады.
Ауыл жастары Хансұлу, Шеге, Ждақай, Қозбағар, Бұқарбай, Сұр Жекей, бұлардан ересек Бұлыш, Балқия; Мажан балалары Мотан, Шотан, Қапан – бұлардың қасында Әзберген (Пахраддиннің баукеспе болып кеткен інісі); Шәріп, Қауқаш; Мажан бай мен Пахраддин бай (бұл орташа болып есептеледі); Асан, Апанас, (Афанасий Васильевич), Калашников – большевиктер, партия қызметкерлері; ескілікті көп білетін, көпті көрген Дәу-апа (Бұлыштың шешесі), ауыл-үй арасының сөзшең кемпірі Торқа (Қозбағардың шешесі) – бәрі де бүгін мен келер күнді бірге атқарысып жатқан, бірақ ойы да, ісі де әрқилы, қарама-қарсы мінез-пиғылдың адамдары. Осы кейіпкерлер шыққан тегіне, өскен ортасына қарамай, өмірді түсінуі, ұғуы жағынан ойда жоқта топтасып, жұптасып, ойда жоқ тұстан дара кетіп, адасқанның алды жөн, арты соқпақ жайларды бастарынан кешіреді.
Автордың бізге әкелген олжасы – осы аласапыран жайларды аса бір жан тебірентер хикаялық тілмен жеткізіп отыруы. Бір-біріне ұқсас кештер, қалаға азық-түлік қамымен кеткен кірекештер, ошарыла көшкен ауыл, босқан ел, аштық, жоқтық қысқан жандардың үрей жайы әрдайым өзіне лайық суретпен, өзіне тін сезім, әсермен баяндалады да, жалпы мал баққан қазақ ауылының адам айтқысыз мүшкіл халін көз алдыңа әкеледі. Сол жылдар трагедиясын бұлай жалаңаштап көрсету бұрын болмаған.
Қарынның ашығуы көңілдің торығуынан басталды. Сталиндік қатаң тәртіптің салдарынан, асыра сілтеуінен егін екпейтін елге қайта-қайта салық түсіп жатады. Большевиктік тәртіпке құдайдай сеніп, шәк келтірмейтін етікші кедей Шәріптің өзі, тағы да бес пұттан астық тапсырмасаңдар дегенде: “Бес пұты несі? Әй, бұл қыратын шығар елді? Бес пұт дей ме? Уа, атаңның...” деп, қылғынып қалады. Мұның аржағында ел аралаған өкілдер: “құлақты жою керек, жүз процент коллектив болу керек” дескен-ді. Голощекиннің “аша тұяқ қалмасын” деген ұраны да келіп жеткен. Оның жергілікті өкілі Калашников: “Бұл аймақта мен бірде-бір пролетариат көре алмадым... Бұл дала толған кулак. Кулакқа малды ортақтандыру - өлім. Сондықтан жеке шаруаның ең алдымен малын құрту керек”, дейді. Қазақ жерін бұрыннан жақсы білетін Апанастың тілін ол алмайды. Міне осындай науқан, бұйрық, қорқыту, үркіту заманында ауыл-ауыл бет-бетіне көшіп, малын сатып, не сойып жеп ада еткен қауым ашаршылыққа ұшырамай қайтпек? Автор бұл жайында көптеген келеңсіз жайларды, психологиялық қарама-қайшылықтарды келтіріп, қатал науқанның арты қайда апарып соғарын тұспалдайды, дәлелдейді.
Романда әр топ, әртүрлі әлеуметтік, не тұрмыстық жағдайдағы жандардың бір-бірден антиподы, қарама-қарсы жағы бар. Қазақша сөйлейтін, ел, ауыл жағдайын жақсы білетін партия қызметкері Апанас бір бөлек те, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Калашников бір бөлек. Мұны әлгіде айттық. Өзберген мен Бұлыш жайы да солай. Ал Пахраддин ше? Ол да Мажан бай емес, басқаша. Мажан қожайын болуды, мансапты жақсы көретін, ит басына іркіт төгілсе де, жібімейтін, біреуге қол ұшын бермейтін кәдуілгі танымал бай. Оның балалары да шетінен бөрі. Жалшылары Рысбек, оның ата-анасы “Мажан үйінің басыбайлы құлындай малмен бірге жатып, малмен бірге өсіп жүретін”. Ал, Пахраддин болса – жөн-жосығы бөлек адам, ағымды да, саясатты да, адам жайын да ұға алатын, сабырдың, ақылдың адамы. Расында да бай біткеннің бәрі қатгез, сараң бола бермеген ғой. Әсіресе надан болмаған.
Өмірдің ақ-қарасымен жұмысы жоқ, бір кезде бай есігінің алдында жалшы болған, қой баққан Сұр жекей бұл кезде шошайтып мылтық асынған, “мелиса” болған. Сол қараңғы белсенді, “Голощекин заңына қарсы тұру болмасын” дейтін қолшоқпар енді наганын суырып, дедектетіп Пахраддинді ауданға айдап келеді. Аттың омырауымен қағып құлатады. Түрегеле берген Пахраддин, “інім мені қорлап қайтесің, түбі бір өлім ғой, ат та осы жерге тастап кет, қарағым”, - дейді. Бұл сцена таптық өшпенділіктің ғана көрінісі емес, топас, надандықтың парасатқа шабуылы. Кедей болса бәрі дұрыс, бай болса бәрі бұрыс деген теңгермелік тәртіптің салдары. Бір таңғаларлық жәй – дүние-мүлік теңелген соң, ақыл да теңелді деген сол заманның ұғымы еді ғой (ол осы күнге дейін келді). Бардың ақылын жою қолдан келді: ұрып-соғып, айдап, естен тандырып дегендей. Бірақ ол ақыл жоққа қонбады – жаратылысы қалай болса, солай қалды. Надан кедейден маман бай артық екеніне көз жіберілмеді, мәселен, тым болмаса, аштыққа ұрынбау үшін. Айналдырған он жыл ішінде екі бірдей қырғын аштық болу не сұмдық. В.И.Лениннің бірінші аштықтан алған тәжірибесі де (НЭП) еске алынбады. Автор адамдардың осы ара қатынасын дұрыс тапқан. Қауым ел ренжімесін деп, маңдайындағы жалғызы Хансұлуды есік алдындағы қойшысы Қозбағарға беріп, малын да бөлген Пахраддинге тимес болар еді. Кедейден шықса да, Сұр жекей, Бұхарбайлар оңбады. Жастардың бір тобы Шеге, Ждақай, Рысбектер тәуір болып шықты: тап ұғымымен қатар адамгершіліктен ныспы емес. Лабақ ахун, Пахраддин; тіпті шыжақай Шәріп те, Дәу-апа мен Торқа кемпір халық дәстүрлерін бойларына жинаған сол ауыл жандарының естияр жағын аңғартады. Бұлыш пен Балқия жайы романның ықылас қоя оқитын беттері. Шығармада осылай әртүрлі мінез-құлықтар арқылы жаңа орнап жатқан тәртіптің беталысы, құлдырап құдыққа құлап бара жатқан жайы аса бір шындық суреткерлікпен берілген.
Хансұлу мен Шеге туралы айтсақ, дәстүрлі романдардағыдай екі ғашықтың махаббатын айтқан болмаймыз. Автор ондай мақсат қоймаған да сияқты. Өйтпесе болмашыдан от шығып, жәбір көрген Қозбағарға апарып Хансұлуды қоса салмау керек еді. Әйтеуір оңы түсіп, Хансұлу қасына жолай алмаған Қозбағар жайына қалды да, кейін Шеге алып қашты. Бұлардың үй-жай болуы, тұрмыс құруы нанымды-ақ суреттелген. Бірақ роман басында қаракерінен түспей, үкі тағып, тәуір камзол киіп, бой түзеп жүрген қыз үлкен махаббатқа, не бір драмаға душар болатындай көрінген. Әлгі бір топ бозбалалар ішінен оған лайық ешкім жоқ сияқты еді. Дызылдауық Шәріптің баласы Шеге де әлжуаз. Сырттай қызыққаны болмаса, әлі жетілмеген сары тұмсық, үрпек бас бала. Өздігінен іс бастап, бұлқынып тұрған жоқ. Кейін партияға еніп, артынан істі болуы оны біраз пысытты. Қайткен күнде де осы жас отау, тағы басқа жеткіншектер сол құрала бастаған қоғамның болашағы екені байқалады. Автордың ойлағаны да осы болу керек.
Ал шынайы махаббат жайын әңгіме етсек, ол – Бұлыш пен Балқия сүйіспендігі. Автордың аса ден қойып сыйпаттаған жандары. Олардың бір-біріне ынтызарлығы да, адалдығы да, жалтақтық жоқ, қарайлау жоқ, өздеріне сенген беріктігі оқырманды иландырады, риза етеді. Көрген қиыншылық, азаптары бір адамға жетерлік. Әттең осы таза махаббаттан, лаулап жанған оттан тек жел суырған құм ғана қалды. Есіз қалған ауылда көлеңке сүлде Балқия қалды. Қазақ даласына келген нәубеттің бұл да бір трагедиялық көрінісі, аянышты-ақ.
Асан большевик жайы анық емес, қысқа қайырылған, өлімі де кездейсоқ. Апанас жақсы адам болғанымен, жарытып ештеңе істемейді. “Қызыл отау”, “Комсомол”, “Митинг” дегендер тек дәуір штрихын аңғартуға алынғандай. Шегеге ақыл үйрететін қыдыңдаған аудандық комсомол қыз Нұрила бейнесі сол штрихқа лайық, дұрыс табылған.
Роман көркемдігінің басты кілті тілінде. Соны тілге кез болдық. Әңгіме етіп отырған аймақтың жері мен желінен, адамдар тіршілігінен пайда болған тіл шығармада өз орнын тапқан. Мойындау керек, біз бұл кезде қызық заманды бастан кешіріп жатырмыз ғой: тіл жоқ, бірақ сөз бар, тіл жоқ, бірақ шығарма бар. Осының салдарынан көмескі сурет, хабарлама оқиға, дәмсіз сөз шығарма бетін қаптайды. Романдағы көш суреті, дала кейпі, аштық айдаған жолаушылар жайы, махаббат күйі болсын – бар бәрі де тартымды, тың тіл қуатымен жанданған. Адам мінездерін жасағанда да сол тіл дәрмені олардың ажарын ашып тұр. Жергілікті сөйлеу тілі мол қамтылған. Бұл өте құптарлық жай. Тек “шайпауыз” (шайпау), “шалт” (шолт), “ірікті” (көз туралы), “құтаймас” (таусылмас, бітпес деген мағынада алыпты) деген сияқты бірлі-жарымды сөздер болмаса, бұл қалай деп таңырқанатындай тіркестер көрмедік. Шәріптің, Торқа кемпірдің тілдері күлдіреді-ақ. Тіл тапқырлығы, тіл ұстарту романның құнды жақтары.
Смағұл Елубаев бұл романымен есті, өзіндік қаламын танытты. Нық тұрып, өз қарасын жұртқа таныта алатын жайы барын байқатты. Осы қарумен, осы бекемдікпен алға баса берсе, шығар тауының да биік болары сөзсіз. “Ақ боз үй” романы бұған айғақ.
Рымғали Нұрғали