Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Арнайы жобалар
Аударма
Маржан Ершу: "Асалы–Көкетай"

02.03.2016 4794

Маржан Ершу: "Асалы–Көкетай"

Негізгі тіл: Күй-құдырет

Бастапқы авторы: Маржан Ершу

Аударма авторы: Гүлнұр Қорқыт

Дата: 02.03.2016


Түрік тіліндегі нұсқасы (Türkçe)      

                                                             

Маржан Ершу

 


“Орынбар, Тұзтөбенің тұзын көрсең,

Жылыойдың таң қаларсың қызын көрсең.

Атыңнан түскен қайтып міне алмайсың

Қалқаның судан қайтқан ізін көрсең”.

“Кең Жылыой” халық әні. 


Асалы-Көкетай.jpg
 

Біздің жақта Асалы – Көкетай ел құлағындағы аяулы есімдер. Қозы мен Баян, Жібек пен Төлеген сияқты асыл ғашықтардың жалғасындай екі жас бір замандарда Жылыой өңірінде өмірден өткен екен…


Дала – дастанның сарғайған парақтарында ноқаттай екі тамшы көз жасы тұр. Бұл – жылқышы жігіт Асалы мен бай қызы Көкетайдай қосыла алмаған қос ғашықтың арманды мұңы, аңсарлы сыры. Жем жағасындағы әр көктем сайын көгеріп шығатын жасыл құрақтар да, бір мұң құшқандай үнсіз тебіреніп жататын құмдар да, сағыныш пен жылылықтың белгісіндей исі мұрныңды жаратын жусан да, жылы жақтан жақсы хабар естуге асыққандай туған жерге оралатын құстар да, иә, осының бәрі сол бір қайғылы ғашықтық хикаяны ұмытпағандай, кейде мұңданып, кейде толғанып, кейде жас баланың уіліндей әдемі сазды ұйып тыңдап жатқандай болады.


…Көкетай сұлу бойжетті. Көкетай – Бегімбет байдың жалғыз қызы. Айдай аппақ нұр жүзді. Арқасын қолаң шаш жапты. Сөйлеген сөзі балдан тәтті. Маңайдағы бар арудан өткен сымбатты Көкетайға қызығушылар көп еді. Бегімбеттің досы Таңжарық бай Есен деген баласына бұл қызды бесігінде атастырып қойған. Жақында құдалар хабары да келмек. Бірақ Көкетай көңілі әлденеге алаңдаулы еді. Жіп иіріп, кесте тоқыса да, сызылтып ән салса да, ұзын бұрымына шашбау тағып өріп отырса да бір ойдың құшағынан шыға алмайтын. Киіз үйдің керегесінен сығалап дүбірлеген дауысқа құлағын түріп, алысқа көз тігетін…


Бір күні түн жарымында әжесінің сол жағында ұйықтап жатқан Көкетай сұлу әсем әннің сазынан оянып кетті. Әне, сол жігіт даусы қараңғы даланы әнге бөлеп, әсемдік әлеміне жетектеп бара жатқандай. Ән алыстай түсті. Тып–тынық, тыныш айлы түн. Тұп–тұнық жігіт әні. Қараңғыда киіз үйдің керегесінен сығалап тұрған қыз күрсінді. Ән алыстап кетті. Төсегіне келіп жатты. Әлгі бір ән. Жүректі шым еткізер.


“Жылқысы біздің елдің ала мойын,

Су ішіп айдын көлден салады ойын.

Толықсып талқұраққа тұрғанымда

Болады қалқатайда әлде де ойым”.

Жылқышы жігіттің әні бұл. Асалы жылқышы. Екі кісілік қайраты, домбыра тартып ән салатын өнері, көкпар тартып, белдескенде балуан жығар күші, қара бұйра шашы мен оттай жанған көзі бар Асалы жылқышы. Жан дегенде жақыны жоқ, мал дегенде еншісі жоқ, келімсек Асалы жылқышы. Әнеугүні қыздармен бірге Жемге су алуға барғанда бұларға қарсы ұшырасып, жолдарын бөгеді.


– Армысың, Көкетай сұлу!

Көкетай селк етті. Байдың ерке, еркін өскен тәкаппар қызы “бұл кім” дегендей жанарынан от шашып ат жетектеген жұпыны киімді жас жігітке жалт етіп қарады. Жігіттің қарасұр өңі, қыр мұрыны, әсіресе мейірімге толы көздері бір сыр айтқысы келгендей. Көкетай үнсіз жүре берді. Қыздар соңынан ілесті. Содан бері Көкетай сұлудың көңіліне бір мазасыздық кірді. Қалай бұрылса да, сол жігіт “Армысың, Көкетай сұлу!” деп үн қататындай.


Түн болды. Ай жарығы су бетінде дірілдеп тұр. Дүркіреген жылқылардың даусы естілді. Көкетайдың жүзі алабұртып, жүрегі аттай тулады. Тағы да әдемі әнін салды жігіт ұйқыдағы кең даланы айғайлатып… Жанында жатқан әжесі бір аударылып түсті де: “Мына сорлы жеті түнде ауылдың тұсына келіп неге қақсай береді. Тіпті ұйқы бермеді ғой, желіккір! Ертең жүгенін сыпырып қуып жібермесем болмас”, – деп күбірледі де ұйықтап кетті. Ұйқысыз, шарасыз Көкетай неше түрлі ойға кетті. Ертесіне қыз жеңгесінің отауына келіп, жалынышпен іштегі жан сырын ақтарды: Самал жел соққан қараңғы түнде, жалғыздықта, тыныштықта, ұйқысыздықта жүрегімді тулатып ойларымды шулатып ән салатын сері жігіт кім екен? Білермісің, жеңеше? Кербез Көкетайыңның жан сырына оранған осы бір лебізін ұғармысың, жеңеше? Қыз мұңлық бұл Көкетайдың мұң–зары мен аңсарлы тілегіне мойныңды бұрармысың, жеңеше? Бір орайын табармысың, елшілікке жарармысың, жеңеше? Әлде жалғыз, жалқы, келімсек жылқышы Асалы деймісің, әлде бай–мырзалар тұрғанда бұл Асалы ер жігіттің осалы деймісің?! Сол жігіттен маған бір хабар әкелесің дейді. Жеңгесі басындағы шарқатын әрі қозғап, бері қозғап, боп–боз болып бір отырды, бір тұрды. Көкетайдың мінезін білетін. Айтпайтын. Айтса қайтпайтын. Не шара. Уақыт тар. Маңдайынан тер шүмектеп ақты. Аузына түскен сөзі: Шырайлым–ай! Не дейін?! Қай қыз сүйгеніне қосылып жатыр. Айттырылып қойған жерің бар. Дәулет бағы шалқыған өрісің – елің бар. Неғылайын–ай, төбедегі төрт ағаң нағыз төрт бөрі. Мұныңды кешірер ме екен? “Ел құлағы – елу” деген, естісе екеуміз де қылыштың жүзінде кетерміз–ау. Байқашы, еркем деген болды. Бірақ Көкетай дегенінен қайтпады. Шәрбан ойға кетті. Бұл әулеттің қойын бағатын қойшылардың ішінде жүрегі шерлі, жүзі мұңды бір жетім бала болатын. Тұйық мінезі өзіне туғаннан дарыған ба дейсің. Сол бала түс кезінде ауылдан сусын алып қайтуға келген екен. Хабаршыға осы бала оңтайлы сияқты. Қазан–ошақ жаққа барған Шәрбан бірдеңелерді қараған болып, әдейі қолындағы ыдысын жерге түсіріп алды. Қазан басындағылар, ішінде қойшы бала да бар “тарс” еткен дыбысқа мойын бұрып қарасты. Әй, қойшы бала! Әперіп жіберші. Бала жанына жүгіріп келіп ыдысты көтерді. – Байғұс, бала–ай! Үстіндегі шапаның да тозып қалыпты ғой. Жетімнің көрген күні осы да. Жүрші, қарағым жамап берейін, – деп ықылас таныта әрі мүсіркей сөйледі. Қазан басындағы әйелдер: “Осы Шәрбанның жүрегі кең ғой” деп бір–біріне күбірлесіп жатты. Шәрбан қойшы баланың алдына зере толы шұбат қойды. Қалтасы ірімшік пен құрт, бауырсаққа толып, шұбатқа тойып, шапаны жаңарып қалғасын баланың жүзі қуанғаннан жайнап кетті. – Енді тамағың да тоқ болады. Бір тапсырма тапсырсам орындайсың ба? – деді Шәрбан баланың жанарынан көзін алмай. – Орындаймын, жеңеше, – деп елпең қақты қойшы бала. Шәрбан Көкетайдың берген шашбауын ақ жібек орамалға түйді де, балаға ұстатты. “Байқа, ешкім сезіп қоймасын. Жылқышы Асалыға жеткіз. Кешке алтыбақанға Көкетай да барады де”, – деді. Құйындатып шауып бала кетті.


Сол күннің айлы түнінде Жем жағасында екі ғашық жан сырын ақтарып, айырылмасқа серт етті. Біраз күннен кейін Көкжардың жәрмеңкесіне ел бармақ боп қам жасап жатқанда, Көкетай сұлу отауында жоқ боп шықты.


– Ойбай, қыз жоқ!

– Қайда кетті? Әкетті!


– Жоқ, қашып кетті. Асалымен Жемді бетке алып барады екен, – деген дауыстар әр тұстан жаңғырып шықты. Қарулы ерлер атқа қонды. Жүздерінде – кектенген дөң айбат: Қаратабан жылқышының аузының салымының күштісін! Ей, қадірлі қарындас! Жерге қараттың. Оңдырмаспыз. Оңбассың екеуің де. Тек қолға түсе гөр! Аттардың тұяғының дүрсілінен жердегі мия, адыраспан күтірлеп көкке ұшқандай. Арттарындағы қалың шаңды аңдаған Көкетай сұлу: “Қашайық! Мына Жемнен әрі ассақ қой, Асалы”, – деді жалынышпен. Жоқ, қашу жігіттігіме сын. Не болса да маңдайға жазылғанын көрерміз. Сен ну қамыстың арасына жасырына тұр. Мен қуғыншылардың алдынан шығайын. Мүмкін кешер, мүмкін кешпес. Қарақұрттай қаптап келген қуғыншылардың бірі Асалыны сойылмен ұрып құлатты. “Көке! Көке! Көкетай!” деген Асалының жан даусы шырқырап құлаққа жетті. Бұл жігіттің “аһ” ұрған соңғы үні болатын. Көкетай жүгіріп жетті. Үлкен қара көздері шарасынан шығардай үлкейіп кеткен. Беті сұп–сұр. Қызыл қанға боялып жатқан сүйіктісіне, қуғыншы болып артынан қуып келген төрт ағасына, олардың соңынан ерген аттыларға сазарып үн–түнсіз қарап тұрды. “Заты ұрғашы ғой, бетін тырнап шашын жайып жылап, сықтар, жыны басылар, өзі соңымыздан ерер” деп ойлады қуғыншылар. “Асалысыз қу тірлікте не сән бар? Әнің қайда, Асалы? Жастанған жерің осы болды ма? Сарқырай аққан асау Жем екеумізді құтқара алмады ма? Іштегі тұншыққан бозторғай үнімді Алла біледі. Адам білмес, адам сезбес мұны”, – деп ойлаған Көкетай сұлу өліп жатқан Асалының беліндегі қанжарын көз ілеспес жылдамдықпен жұлып алды да, қақ жүрегіне кірш еткізіп қадады. Екі бірдей жарқ еткен ғұмыр қас қағымда жалт етіп көзден ұшты. Бірақ елдің санасынан өше алмады.


Бай әулеті Көкетай қыздың қылығын сүйекке түскен таңба–намыс көрді ме, әйтеуір өкшесі күс жылқышымен бір бейітте жатқанын хош көрмегендей. Асалы мен Көкетай мазарлары арасында бірер шақырымдық жол бар. Махаббат деген киелі сезім бай мен жарлы, тек пен түрге бағынбайды екен. Екі жастың ғашықтық хикаясы сан ұрпаққа жетті. Асыл махаббаттың символындай болған Асалы – Көкетай бейнесі де күн сайын биіктей түсетіндей. Жем де арнасымен ағуда. Жағасындағы құрақтар да жайқалып тұр. Біресе төмендеп, біресе аспандап ұшқан құстар өз тілінде осы бір хикаяны, Асалы – Көкетай хикаясын жырлап жүрген тәрізді. Жылдан жылға сүйікті Жем өзенімнің суы азайып барады. Мен оны кейде Көкетай сұлудың жайылып кеткен ұзын қара бұрымына ұқсатамын.


P.S. Асалы – Көкетай ел аузындағы аңыз емес, өмірде болған адамдар. Оған Асалы – Көкетай мазарларының құлпытасындағы айқын, бедерлі жазулар куә. Әйгілі әнші Мұхиттың “Кіші Айдайы” ел арасында, біресе “Бала Ораз”, біресе “Жылқышы” болып таралған. Мұның себебі: “Жылқышы” – жылқышы Асалының әні, Асалыдан Бала Ораз үйреніп, оны Мұхитқа айтқан екен. Жақсы әннің қадірін білетін дүлей әнші Мұхит Асалының әнін де орындап, кейінгі ұрпаққа жеткізген. “Мұхит айтыпты” деген сөзді академик Ахмет Жұбанов та еңбектерінде айтады. Мұхит та, Бала Ораз да “Жылқышы” әніне құрметпен қараған. Текті таланттар: «Біреудің әнін өзімдікі дейтін әдетіміз жоқ еді, жылқышы жігіт Асалының әні еді ғой бұл» – дейді екен. Эпиграфқа алынған “Кең Жылыой” әні турасында да әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Бір деректану көздері бұл әнді “Сегіз серінің Жылыойға келгенде шығарғаны”десе, енді біреулер бұл әннің иесі – Асалы болуы мүмкін дейді. Иә, “Кең Жылыой” Асалының әні болуы әбден мүмкін. 

Көп оқылғандар