Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Арнайы жобалар
Аударма
Маржан Ершу: "Шам мен жыр"

02.03.2016 2761

Маржан Ершу: "Шам мен жыр"

Негізгі тіл: Шам мен жыр

Бастапқы авторы: Маржан Ершу

Аударма авторы: Гүлнұр Қорқыт

Дата: 02.03.2016


Түрік тіліндегі нұсқасы (Türkçe) 

                                                             

Маржан Ершу

  

Шам мен шырақ1.jpg
 

Ерте, ерте, ертеде, беймәлім бір өлкеде адамдар тірлік етіпті. Ол өлке көлемі жағынан шағын екен. Бірақ, дүниеқұмарлық пен қызғаншақтық бойларын билеген адамдар ашу–ызаға булығып, көп қырқыса беріпті. Содан екіге жарылып, адамдардың бір тобы сарқырай аққан өзеннің оң жағасына, екінші тобы сол жағасына қоныс аударыпты. Аралары айырылса да, екі ел болып сәл нәрсеге қызуланып, қырқыса беріпті. Олар ашуланғанда жер бетіндегі өсімдік, тал–теректердің тамыр, жапырағын жұлып, өзенге лас–қоқыстарын лақтырып бүлдіре берген екен.


Адамдардың шектен шыққан азғындығына ашуланған Алла Тағала өзеннің оң жағасындағы елді соқыр, ал сол жағасындағы елді саңырау қылыпты. Соқырлар елі мен саңыраулар елі атанғасын да олар өзара қырқысуларын қоймапты. Айналасын көре алмаған соқырлар ойлана да алмайды екен. Бұл қалай болды деп ойлау ешбірінің қаперіне кірмеген. Есту мүшесінен айырылған саңыраулар еліндегілер ештеңені де сезіне алмапты.


Көру, ойлау, есту, сезу түйсіктерінен айырылған олар адамдық қабілет туралы ұмыта бастапты. Күндердің күні Алла Тағаланың құдіретімен гүрілдеген қара бұлттар төрт құбыланы түгелдей түнекке орапты. Күн шыр айналып кеткендей. Сұмдық бір жарылыстың дауысы шығыпты. Сол кезде аспаннан ауамен ұшқан арба жерге қоныпты. Арбаның ішінде сақалы шұбатылып жерге түскен, басында аспан түстес тымағы, аса таяғы мен дорбасы бар шал отыр екен. Осы кезде жер бетінде жым–жырт тыныштық орнапты. Есін әрең жиған саңыраулар әлгі арбаның жанына жақындауға қорқып, алыстан бақылап тұрады. Бір ғажабы, барлық саңыраудың құлағы ашылып кетеді. Ақсақалды шал дорбасынан бір қалың қызыл кітап алып, жыр оқуға кіріседі. Жыр қызықсыз болды ма, әлде саңыраулар жырдың не екенін түсінбеді ме, кім білсін, состиып тұра берген. Жырының ешкімге ұнамағанын сезген ол аса таяғын сілкіп қалады. Сол кезде азан–қазан, у да шу даңғаза бір әуен төңіректі билеп алады. Саңырауларға бұл әуеннің ұнағаны сондай екі иықтарын жұлып жеп, үстіндегі киімдерін жерге лақтырып құтырына билей бастағанда, төңіректі тұман басады.


Саңыраулардың құлағы бітеліп, әуен де үзіледі. Олар бірін–бірі итеріп, алға ұмтылып, әлгі ақсақалды шалға жақындайды. “Би билегіміз келеді. Құлағымызды қайта аша гөр” дегендей, жалына түссе, енді бірі “Біздің бүйтіп асыр салғанымызды соқырлардың көре алмайтыны қандай жақсы” деп еліре түседі. Төбесінде айдары бар ай дидарлы, томпақ бет бала болса ақсақалдың алдына кеп: “Әлгінде бір ғажайып жыр естідім. Сол жырдың жалғасын естігім келеді менің, тағы да оқышы, ата”, – деп ботадай боздай жөнеледі. Ақсақалды шал әлгі баланы арбасына салып алады да аспанға қайтадан ұшып кетеді. Соқырлар еліне келеді. Аспан сүттей аппақ болып, соқырлардың көзі жарқ етеді. Ақсақалды шал жанына келген соқырларға дорбасынан алтын, күміс, асыл тастардан жасалған бұйымдарды, зерленген алтын шапандарды үлестіріп береді. Дорбасын ашса сонша бұйым шыға береді. Бір Құдіреттің күшімен көзі ашылған соқырлар сырға мен білезік, сақина, алқа, кесек–кесек асыл тастарды қолына ұстап естері кетеді. Ақсақалды шал дорбасынан сиқырлы шамын алып, от тұтатқанда айнала бұрынғысынан да жарқырап, жылынып, шуақтанып кетеді. Соқырлардың шамға қарауға құлқы болмайды. Бәрінің де есіл–дерті–асыл бұйымдарда. Бірі: “Шіркін–ай, бүкіл асыл тастар менің қолымда болса ғой” десе, бірі: “Менің мойымдағы гауһар алқаны көрсе саңыраудың көзі қызғаныштан күйеді ғой, соны көрсем жаным рахаттанар еді” десе, енді бірі екіншісінің, екіншісі үшіншісінің қолындағы асыл тастарға таласып, бірін бірі аяусыз ұрып, қан–жоса болады. Сол кезде қара жаңбыр басталып, аспаннан шелектеп нөсер құяды. Адамдар жан–жаққа қашып жатады. Олар ағаштың басына өрмелеп шығуға тырысты. Бірақ жерге допша домалап түсе берді. Аңғарлар мен үңгірлерге ұмтылған. Бірақ ол да бекер болды. Олардың аузы демде бітеліп қалды. Бір кезде тыныштық орнады. Көздері жабылған соқырлар ештеңені де сезгісі келмеді. Жас баланың нәзік даусы құлаққа талып жетті: «Жарығымды өшірмеші. Шамыңды қайта жақшы. Сол шамның сәулесі өне бойымды жылытып барады. Мен дүниені өз көзіммен, көңіліммен көргім келеді». Ақсақалды шал балаға қарсы жүрді. Оның жанарын ашты. Қолына шамын берді. “Әбден жаурадық қой. Бір жылылықтың табы сезіліп тұр” десті соқырлар. “Менің жыр оқығым келеді. Шамды неге бересіз? Қараңғыда қалай кітап оқимын? – деп шырылдады арбадағы айдарлы бала.


Таласпаңдар, – деді ақсақалды шал әжімді жүзін жас жуып. Алла Тағаланың мейірімі түсіп соқырларға көз, саңырауларға құлақ бітті. Бәрі татуласып, жиналып қапты. Сол кезде кітаптан жыр оқыған айдарлы баланың жанында шамын ұстап, әлгі кішкентай бала да тұрыпты дейді. Шам мен жырдың құдіреті мен қасиетін ұғынған олар, “Бірінші байлық – денсаулық” деп, “Шын соқырдан көңілі соқыр жаман. Шын саңыраудан көкірегі саңырау жаман” деп ой түйіпті. Содан бастап олар адамша ойлап, адамша өмір сүре бастапты. Арбалы ақсақал да көзден ғайып болған. Қайдан келді? Қайда кетті? Оны әлі күнге шейін ешкім де білмейді екен...

Көп оқылғандар