Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Арнайы жобалар
Аударма
Маржан Ершу: "Қайран, қыз!"

04.03.2016 3075

Маржан Ершу: "Қайран, қыз!"

Негізгі тіл: Қайран, қыз!

Бастапқы авторы: Маржан Ершу

Аударма авторы: Гүлнұр Қорқыт

Дата: 04.03.2016


Түрік тіліндегі нұсқасы (Türkçe)

                                                             

Маржан Ершу                                                

                                                     

Қайран_қыз.jpg
 
   

Мүсінші ой үстінде еді. Көңілі әлдененге құштар. Дүниеден тың ырғақ іздейді. Күйші сияқты. Қалықтап ұшқысы келеді. Құс сияқты. Кенет көзі жердегі құмтастарға түсті. Қолымен сипалап ұзақ отырды. Қиялында - әсем арудың бейнесі. Сағымдай сағынышқа айналған бейне. Созса қолы, айтса тілі жетер ме?! Мүсінші қиялындағы бейнені құмтастармен бейнелеуге кірісті. Оны самал жел тербетіп, алтын күн нұрымен аймалап тұрғандай еді. Мүсін дайын болды. Ғажайып туынды. Ғажайып ару. Ол өз туындысына сүйсіне, елжірей көз тастады. Жаңа туған айдай қиылған қасы, оймақтай ерні, нәзік иығы мен қара шаштары тірліктің лебін сездіргісі келетіндей. Қара бұлттар қабақ түйіп, жаңбыр тамшылары сіркіреп өтіп еді, мүсінші бар болмысымен туындысын қалқалады. Жаурамасыншы дегені болар. Ол өз таңданысын жасыра алмай елжіреп тұр. Шіркін-ай, - деп қиялдады мүсінші. Саған тіл бітсе, жүрек бітсе, ой бітсе ғой. Мүсіншінің қиялын оқып қойғандай Бақ келді жанына. Бақ-Жігіт туындыға көз алмай қарады. Жанары мөлдіреп, жүрегі дүрсілдеп кетті.


- Ей, Мүсінші –Жігіт,- деді ол тебірене сөйлеп. Мен мына ғажайыпқа ғажайып қосайын. Жан берейін ұғына алар, жүрек-жүйке берейін сүйіне алар. Мүсінші қуана келісті. Бақ-Жігіт ғажайып туындының маңдайына саусағының ұшын жақындатып еді. О, ғажап! Туынды тірілді! Әсем арудың көзінде өмірдің сәулесі жарқ етті. Сәл езу тартып жымиды. Бақ айтты:


- Бұл ару маған лайық! Сыйла маған, мүсінші!

Мүсінші қиналды.

- Қаншама жыл, қаншама ай азап шектім. Қайғырдым. Аласұрдым. Жанымды қуаныш пен мұңға қатар бөлеген, түн ұйқымды төрт бөлгізген, күлкімді ойым жеңдірген кезде тапқаным, жасаған туындым ғой. Сондықтан да ол менің жанымның бір бөлшегіндей, қанымның бір тамшысындай. Сен менің туындыма Жан бердің, Бақ! Шексіз ризамын саған! Сезімімді сыйлашы, Бақ!-деді Мүсінші жалынышпен.


Бақ пен Мүсіншінің сөзін сыбырлаған жапырақтардан естіген жел алыстарға хабар қылып алып кетті. Тұлпар тұяғының дүбірі естілді. Жандарына қара ат мінген, ұзын қара шапан жамылған Қара жігіт - Қаталдық келіп қапты. Ол Бақ пен Мүсіншінің ортасында тұрған ғажайып аруды көрді.


- Бұл ару маған ғана лайық! - деді Қаталдық тістерін шақыр-шұқыр шайнап. Мүсіншінің де, Бақтың да, Қаталдықтың да көздері Ғажайып аруға қадалды. Таңдау-үшеу. Қыз жалғыз еді. Ол Мүсіншіге қарады. Мүсіншінің шаршаулы жанары мұңға толып тұрған еді. Қыз мұңға батып кетермін деп ойлады. Бақтың жылы шуақ төгілген нұрлы жанарынан бақыттың мол күлкісін көріп қалды. Күлкіге тұншығып қалармын деді. Қыз сезімтал еді. Қаталдықтың қабағындағы қаталдықтың көлеңкесін байқап қалды. Сынып кетермін деді. Ол кейін шегінді. Шегіне берді, шегіне берді. Қыздың бұл қылығы Қаталдықтың ызасын келтірді. Үп! - деп үрлеп қалып еді Ғажайып туынды - қыз аспанға ұшып кетті. Көк жүзінде қос қолы құстың қанатындай жайылып, ауада қалықтап тұрғанымен қанатын қомдап еркін ұшып кете алмады. Алғашында мұның бәрі қызық сияқтанды. Жердегі үшеуге төбеден қарап тұрды. Ұша алмағанға биікте тұру қиын еді! Қыз оларға жалынышпен көз тастады. Ха-халап! –рахаттана күлді Қаталдық. Қыз төмен құлдилады. Жерге екпетінен түсіп, быт-шыты шықты. Бәз-баяғы құмтасқа айналды.


Мүсіншінің ашу-ызадан тұла-бойы қалшылдап, тілі байланып қалды. Көзінің жасы қанға айналды.


- Обал-ай!-деп күрсінген Бақ күйінгеннен үстіндегі шапанын шешіп алып, жерге соққан еді. Сор-Жігіттің де жүрмейтін жері жоқ екен. Сумаң етіп, Бақтың шапанының жеңінен шыға келді де, -Бейшара-ай! - деп Сор ернін бір сылп еткізді.


- Қайтейін-ай! - деп күйзелді Қаталдық көзіне бір тамшы жас алып. Сен маған қарап бір күлімсіресең мен осындай қаталдыққа бармас едім ғой! - деген Қаталдық та өз жөніне кетті. Басын шайқап Бақ кетті. Сумаңдап Сор кетті. Айдалада мүсінші құмтастарды құшақтап жалғыз қалды. Жан дүниесі өртеніп жатыр. Ол солқылдап ұзақ жылады. Жүрегін ыза мен кек кернеді. Содан соң ыза мен кегі уайымға ауысты. Таң атты. Күн батты. Ол сарғайған Күн мен қызарған Күннен бір қуаныш күткендей көкжиекке ұзақ қарайтын болды. Уайымы енді құсаға айналды. Еш нәрсеге құлықсыз болған мүсінші бар талантынан айрылып, құр кеуде болып қалғандай құсаланды. Туындысын есіне алды:


- Сені менен басқа ешкімнің де жақсы көруге қақысы жоқ. Сенің күлкің де, сенің жүзің де маған ұқсайды ғой. Сен менімен қоштаспашы, - деп өзінен өзі құмтастарға қарап үміттене сөйлей бастады. Күннің өткір сәулесі құмтастарға түсті. Жылтырайды. Көз қарықтырады. Құмтастарды сипалап еді, саусақтарына жылу тарағандай болды. Бойын бір жұмбақ тәтті сезім биледі. Айқайлап ән салғысы келді. Әнші сияқты. Көсіліп шапқысы келді. Тұлпар сияқты. Жігері оянып, Намысы бас көтергесін Мүсінші шабыттанып, шаттанып кетті. «Мен одан да күшті туынды жасай аламын. Оған шеберлігім жетеді», - деп ойлаған Мүсінші сүйікті ісіне құлшына кірісті. Көк Аспан мен Қара Жер, буырқанған Теңіз, жайқалған Бәйтерек, күмбірлеген Қобыздың қоңыр үні және Нағыз Адам тұлғасы мүсіншінің мәңгілік тақырыбына айналып, оның туындылары уақыт өткен сайын көбейе берді.


Күндердің күнінде Мүсінші өз туындыларының қанатын еркін жайып көкте самғай алатынын да, өз туындыларының ел махаббатына айналып, жұртшылықтың өнерге деген құштарлығын туғызатынын да білген жоқ. Өйткені, ол кезде мүсіншінің өзі де, ол туралы өзгелер де «жәй мүсінші ғой» деп ойлайтын еді...

Көп оқылғандар