Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

08.03.2016 4493

Маржан Ершу: "ДИНА"

Негізгі тіл: Дина!

Бастапқы авторы: Маржан Ершу

Аударма авторы: Нурай ГҮНЕШ

Дата: 08.03.2016


Түрік тіліндегі нұсқасы (Türkçe)

                                                             

Маржан Ершу       



Кенженің Дина қызы нұр–шұғыла,

Күллі көз қарап қалды бір сұғына.

Өзгеден іркілмейтін өжеттігі

Әлде бақ, әлде өзінің қырсығына.

Апыр–ай, – деді Құрман үн шығармай,

(Сескенді ойын табар тыңшы бардай.)

Ғаламда бір ғанибет жан боларсың

Мысыңнан жаман еркек тұншығардай”.


Хамит ЕРҒАЛИЕВ

“Құрманғазы” поэмасынан                               

Dina.jpg   

Суретші Камила Жапалова және ақын Маржан Ершу

'Дина' поэмасының желісі бойынша салынған картинаның тұсаукесерінде



“Динаның домбыра тартуының шеберлігі – адам сенуге болмайтын ғажайып. Тамаша домбырашы тартудың қандай әдісін қолданбайды, осы ескі аспаптан қандай үн шығармайды десеңізші! Домбыраны ол қатырып құшақтап алмайды, домбыра оның қолына ілесіп ұшып, тамаша саусағының жорғалауына ілесіп дедектеп отырады”.

А.Островский,

өнер зерттеуші




  1. ШЫҢДАЛУ


Атырау–Жайық! Ақ топан күйдің Отаны,

Бағзы заманның батиқасын айтар баталы.

Күмбірлі күйім–Тәңірдің күмбірі екен ғой

Тыңдашы Құрман атаны!


Күй–күмбірі аялағанда халықты,

Күй сиқырын Күй–атам елге танытты.

Құрманғазыдай даңққа даңқ қостырған

Танисың сен –

Дина деген жарықты!


Жүрегім–дала, көңілім–аспан, көзім–күн,

Боздалада бозторғай үнін сезіндім.

Кең дүниеде келеді күймен тыныстап

Келеді күймен көз ілгім.


– Деген Динаның үміті қандай әдемі,

Кенже балуанның аяулы қызы, сәні еді.

Домбыра дауыс жер–көкті тербеп жатқандай

Құлағында – сол ғажайып күйдің әуені.


Кішкентай саусақ үлкен домбыраны қомсынбай,

(Қиналған жанға намыс дегенің қамшыңдай.)

“Айжан қыз” күйін үйреніп алып әп–сәтте

Үздіксіз ойнар қол тынбай.


Қадірлеп сыйлар қара шанақты, пернені,

Ол күмбірлегенде дүниенің әсем өрнегі.

Динаның даңқын алыстан естіп Күй ата

Келіпті бір күн көргелі.


Құрманғазының ауылға аты келгесін,

Ел–жұрт жиылды кеткендей бір сең көшіп.

Домбырасы да, күйі де, өзі–ерекше

Жоқ шығар, – дейді теңдесі.


Балапан қыздың жанарын көріп қуанды ол,

Е, шүкір, Алла! – деп тағы іштей жұбанды ол.

Қара шанақтың қадірін білмес біреулер

Күйтартқыштардың көбейген тұсын ұғар–ды ол.


Сынады оны күй тартқан тұста жабырқап,

(Балаң күйшіге қарайды ел әсте таңырқап.)

Күй–Құрман ата көздерін жұмып ойланды.

Әр дыбыс, қағыс тұрғандай бейне арындап.


Майпаң мақамның бір қағысында бұзбаған,

Айыбы осы–ау: Ұл болмай неге қыз болған?

Әуенді ұққан жүрегі неткен терең–ді

Шеберлігі шыңдалса. Сол ғой бізге арман?!


Кенжеге айтты: Балаңның талабы зор қандай,

Қайдан білейін алдында оның жол қандай?

Күйші бақытты жүрегін ашып жырласа

Түсінбесе күйді болады мәңгі сормаңдай!


Тыңдағын, Дина қарағым!

Күйші ме, мынау тартқыштың бәрі.

Қазақтың күйі–мәңгілік. Халықтың жаны

Күйдің сырын, мұңын ұқпасаң Сені

Қайран өнердің жібермес Ары!


Дина қарағым! Дина қарағым!

Күй тартсаң тарт!

Күңірентіп қобыздай тарт!

Тұлпардай тарпаңдатып,

Бұлттай түйдектетіп,

Бұлақтай сыңғырлатып,

Жүректе жыр жырлатып,

Күн ойнатып, түн күлдіріп,

Домбыраның киесін аспандатып,

Жанарларда жас парлатып

Тарт, тарт күйді қашқанда үміт

Жабыларды жасқандырып..,

– деді Құрман көкіректен сыр ақтарып

Жағалауға жеткен жандай құлап, талып.

Күйші болсаң, күй шығар

Күйге ора дүниені –

Жатсыншы мынау әлем

Домбыра – үнмен құлақтанып.


Аманат!

Домбырамды бердім саған, Дина балам!

“Кәрі досты” ешкімге сыйламағам.

Ақ саусағың тамыр боп, жүрек болып

Өз күйің боп ақсыншы жорғалаған.

Уа, халайық!

Жалғасымды таптым бүгін

Құм Нарыннан –

Құрманғазының ақ сөзін тыңда, Далам!..



  1. ШАМЫРҚАНУ


Өмір–өзен ағады арнасымен,

Қыз өмірдің шырағы, жалғасы дер.

Келін болып, жүн түтіп, ошақ жақты

Келіннің сөзі–қысқа, арқасы–кем.


Қыз жолдасы Нұралы ұяң кісі,

(Келмейді топты бастап, ту алғысы.)

Динаның “сойылшы” деген бір атағы

Бар дейді. Келер ме екен қуанғысы.


Динаның көзі–өткір, қимылы–өктем,

Тілі бар кей жаманды төмендеткен.

Домбыраны ойласа құлазиды

Небір күйлер төксем деп осы ішектен.


Ауылдың той–жиыны ән–жыр айтар,

Динаның өнер күшін кім бар байқар?!

Абысын, қайынсіңлі қаумалап бір

“Күй тартшы, Динажан” деп сөзін айтар.


Домбыраның бұрауын келтіріп ап,

Кетті Дина қиялмен қағып қанат.

Сағынғандай иесін елжірейді

Адамдай күрсіне ме қара шанақ?!


Бұл несі? Келін шырақ. Өнерің не?

Ақ жаулығың тең келмес көлеміңе.

Деуге де қысылғандай үлкендері

Домбыра тілсіз қуат береді де.


Дүние үнсіз.

Дина үнсіз.

Түн жұтқандай.

(Айтсаңшы айтарыңды қылғып қалмай.)

Шіркін–ай! Құс тілінде сайрайтұғын

Бір күй шығарсам ғой сырды ұққандай.


Тордағы тоты құстай құсаланды,

Құс болса шіркін, көкке ұша алады.

Келінге күй шығару лайық па

Қазақ келін түгіл, малын да тұсаулады.


Күй туды жүрегінен сорғалаған,

“Бұлбұл” күйі–өз күйі. Таңғала ма?

Күйінде – табиғаттың дәл бояуы

Құс боп ұшып кеткендей айдалаға.


Құрманғазы, Дәулеткерей,

Ұзақ, Түркеш – тұр қыр асып.

Күйлері қазағымның мол мұрасы.

Сан күйдің толқынында тербетіліп

Динаның келді өмірге “Байжұмасы”.


Бір дауыл соғып өтті Динаны да,

Бәйге аты қораға сыймады ма?

Әкесінің көзіндей “Қара қасқа ат”

Бір күні жан тапсырды. Қиналды да.


Пай, жануар!

Мұң тұндырды жүрегіне,

Күйге айналды азалы тілегі де.

“Қара қасқа ат” көсіліп шапқандай бір

Жан бітіп сүйегіне.


Жабыққанда жан сырын бөлісетін,

Туысқан апасындай көрісетін.

“Кербез” деген аяулы күй арнады

Абысыны Кербезге келісетін.


Уақыт – мұңды. Дүрлікті елдің іші,

Жүдеу тұрмыс. Әлсіздеу қолдың күші.

Жолдасын жерге берді Дина күйші

Қайтерсің Хақтың ісі.


1916. Дүрбелеңі.

Дүрбелеңге жалғасқан күн де келді.

“Қара жұмыс – қазаққа жер қаздыру”

Ақ патшаның жарлығы деген еді.

Бұл ел не төзеді, не көреді?!


Көтеріліс қарсылық үн шығарды,

Бітеу көңіл тұншықпас бұлқынар–ды.

“Жаңа Заман!” “Теңдік!” “Революция!”

деген сөздер биіктен шырқырады.


“16 жыл” – бұл тарихтың бір парағы,

Ыза мен мұң буғандар жыртады әлі.

Дина домбырасын қолға алып

“16 жыл” борандай бұрқағаны.


Жаңа күн. Жаңа заман. Әркім қамын,

Ашаршылық жыл жетті қара жауын.

Домбырасын арқалап, ел аралап

Дина күйші жоқтықтың татты дәмін.


Бар байлығы баласы – бауырында,

Шыңдады қиындықтың ауыры да.

Жасыған жүдеу елді қуандырып

“Жігер” күйін шығарды қауымына.


Жаңа Заман нұрымен бөлегендей,

Алыстағы ауылдарды елегендей.

“Оқу оқып, қызмет ет, қара шаруа!”

деп қолтықтан демегендей.


Толқиды, тасиды ғой небір көңіл,

Жақсылыққа бет бұрса жарқын өмір.

Қуаныштан нұры тасып бір ерледі

Шығарып әсем күйін “Әсемқоңыр”.


Динаның аты кетті шартарапқа,

Жайық–Нарын, Тайсойған, Ойыл жаққа.

Маңғыстау, Арқа, Алтай, Алатауға

Күйлері өзінен бұрын жеткен жоқ па?!


Алатау бауырынан хабар жетті:

“Дина келсін! Қара шанақ. Қос ішекті”.

Кәрі Атырау толқыны тербетіліп

Күй–аңыздың демімен ағам депті…



  1. ШАРЫҚТАУ


Алматы. Алақанға нұр қонғандай,

Көңілге сырлы лебіз, жыр толғандай.

76 жастағы Дина шешей

Қысылып қыз болғандай.


Зәулім сарай. Сахна. Ғажабын–ай!

Заманның алға қарай озарын–ай!

Құдыретті өнерді қастерлейтін

Қам көңіл қазағым–ай!


Зал іші толған халық дуылдасып,

Күйшінің кеткеніндей күйі тасып.

Дүйім жұрты шапалақ ұрады екен:

(“Бәрекелді” демей ме өңкей жасық?!)


Іштей небір ойларға түсті Дина,

Күй дегенде іркілмес күшті Дина.

“Кәрі доспен” сырласқандай иіліп ап

Қанат қомдап қырандай ұшты Дина!


Құрманғазы. “Қайран шешем”. Көпті көрген,

Сендей күйші! Сендей күй! Жоқ бұл елде.

Домбырасын сөйлетті Дина күйші

Екпіні шарықтап бір шықты өрге.


Күйге жанның мұншалық шөлдегені–ай,

Ақ нөсердей жүректі тербегені–ай.

Қайран, Құрман ұстаздың осы күнді

Көрмегені–ай, көрмегені–ай!


Мәдениет ошағы бұл, ауыл басқа,

Сахнаның бар мәнері, салты басқа.

Көзіне келген жасты шығармады

“Жылауық надан күйші” атанбасқа.


Дүркіреп қол соғады ел таңдай қағып,

Дина! – дейді күйіне қанбай қалып.

Дина күйші алдынан жол ашылды

Таңдай жарық.


1936. Мәскеу. Колонна залы жарық,

Шартараптан жиылған небір халық.

Домбыраның құлағында ойнағанда

Кеткендей жүрегінің жасы тамып.


Қазақстан кең байтақ үйім болар,

Үйімізге бізден бір сыйым болар.

Жиырма жылдық тойыңа шашуым сол

Тойдың басы “Тойбастар” күйім болар.


Толқытты, таңдантты қария көпті,

Қоңыр үн–домбыра үні шарлар көкті.

Мәскеу. Колонна залы. Компартия

“Домбыраның Жамбылы” деп жария етті.


Жамбыл мен Дина – елдің назарында,

Қуанып қаумалайды орыс–қазағы да.

Жыр мен күй дастарханда бас қосқанда

Ғажайыптың айналды базарына.


Дина сырғып айтады жыр – Жамбылға,

Сол қолымның ғажабын біле алдың ба?

Құрманғазы айтып ед ертеректе.

“Дүниеде сұмдық күйші болар еді

Сенің сол қолыңды

Менің оң қолымды берсе жанға!”


Осыны айтып көзіне жас алады,

Мықты Дина бордай боп босағаны.

“Қос қол” деген толғаумен жұбатқандай

Жамбыл жырмен жалғайды осы араны.


Жұлдыздардың жарығы еш сөнбейді,

Күйімен де, жырымен де тербейді.

Шындығы сол желпінгенмен қаншалық

Дүниеге екі Дина,

Екі Жамбыл келмейді!


***


Аспанды бұлт құрсағанда күн ауып,

Қара топырақ жиырылды қуарып.

“Соғыс” деген суық сөздің боранын

Жеңбесе егер бұл айып.


Жауға қарсы атылғанда жасын–оқ,

Қалың елдің жүрегі де – от, жасы да – от.

“Ленинградтық өрендерім” қайдасың

Жамбыл жыры таңдайларға тамған шоқ.


Қаһармандық рух күшін берер де,

“Ананың бұйрығы” бұл бар елге.

Дина күйі шашылғандай шуақ боп

Бейбіт тірлік тілейтұғын әлемге.


Қос алыптың қайрат–күші жасымай,

Рух берді қажығанға осылай.

Жыр менен Күй намыс отын маздатып

Бірі – күндей, ал бірі аспандағы – асыл ай.


Жау жеңілді! Қуан дала! Ел–жұртым!

“Жақсы сөз де жарым ырыс” сендір күн.

80–дегі күйші Дина күй төкті

“Жеңіс” күйі шаттық күйі–өз кейпін.


90 жасқа толсадағы тың дейді,

“Сауыншы”, “Еңбек”, “8 март” күйменен тербейді.

Аппақ ардай биік жаулық басында

Бақ–дәулеті өрлейді.


Дина шешей дертті болды бір күні,

Естілмейді домбыраның күмбірі.

Төсегіне таңылғандай мәңгілік

Көкірегінде сайрап жатыр “Бұлбұлы”:


Қайран дүние!

Алаулы аспан! Жарық күн!

Жарығыңмен соңғы рет бір қарықтыр.

Кәрі досым – домбыраммен қоштасып

Күйші Дина екенімді таныттыр!


Екі ұмтылып тұра алмады орнынан,

Қол созымда домбыра тұр – мол мұрам.

Үшінші рет қолын созды досына

Бітті, бітті дегендей ме жол бұған.


Домбырасын аялайды жас тамып,

Пернелерден кетті асау күй басталып,

“Қайран шешем” шырқау тұсқа жете алмай

Күй үзілді. Асықты ма тас–табыт.


Шырағдан шам жыпылықтап өшті ме?

Қоңыр домбыра жетім күйін кешті ме?

Атыраудан түлеп ұшқан ақсұңқар

Алатаудың бауырынан көшті ме?


Жұлдызды сыр тұрды көкте байланып,

Күйдің сазын тыңдайтындай ай бағып

Аспан асты жер үстінде жүргендей

Дина–жүрек күй–ғұмырға айналып…

Көп оқылғандар