Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

04.05.2016 3219

"Қаршадай тұл"

Негізгі тіл: La Viudita

Бастапқы авторы: Мануэль Рикардо Пальма Сориано

Аударма авторы: Табулдин Мерейнұр

Дата: 04.05.2016

I.  1834 жылы Арекипаның1 дүйім жұрты қаршадайынан жесір атанып кеткен әлдебір әйел жайлы сөз қылған еді. Ол жайлы үрейге толы небір әңгімелер айтылып жүрген-ді. Осы бір қаршадай тұлдан қаланың тегіс жұрты шошынса керек. Өйткені ол - тірі атаулы жандардың түгелінің мазасын қашырып жүрген  маһшардың аруағы еді.   
         

Бұл күндері егде жастағы әлдебір қарттың Сан Хуан де Дьос деген  емханаға таяқ тастам жерде орын тепкен гүл сататын дүкені бар еді.  Емханаға үнемі бас сұғып жүретіндердің көбісі науқас ата-аналарына арнап гүлдер сатып алатын жандар еді. Тап сол жылы осы төңіректе қас қарая салысымен әйел пішіндес әруейдің кезіп жүретіні жайлы қауесет тарала бастады. Көше бойымен жүріп келе жатқан адамның қадамдарын есітіп, әлгі әруей қара жамылған күйде атқып шығып, жақын жердегі алып бір шамды қалқалап шыға келетін. Аруақтың жаяу жүріп келе жатқан адамдардың жүздеріне шамның аппақ жарығын шашып, сәлден соң жым-жырт қалпында дүкенге қайтып оралып, сол жерде жасырынып қалатыны жайлы да сөздер болғантұғын.    

      

Жұрттың көбі осы бір сыбысты растаған еді. Содан бері  көкті қара басқан сайын, әлгі дүкеннің маңына аяқ басуға бірде-бір тірі жанның батылы бармаған. Қайткенмен, осы жайттың бәрінен бейхабар жүрген Валентин Кесада деген әлдебір азамат түннің бір уақытында көше бойымен келе жатып,  әлгі аруақты жолықтырған сәтте зәресі зәр түбіне кете жаздаған-ды. Қаланың атқармінерлері аруақтың жайын қанша рет талқыға салғанымен, өздері ойластырып қойған әлдебір істі орындауға батылы жететін жанды таба алмай әуреге түскен еді. Түптің түбінде, Антонио Гутьерез деген  әлдебір   генерал әлгі аруақпен  бетпе-бет жүздесуге бел буды. Сөйтіп, түн қоюланғаннан кейін жаңағы генерал басына делбайын киіп алып, онымен жүзін жартылай бүркеніп алды да, әлгі емханаға қарай бет алды. Келер жерге бірер қадам қалған кезде, аруақ кенеттен пайда болып әлгінің жүзіне алып шамның жарығын бір-ақ шашқан еді. Генерал Гутьерез  болса тапаншасын лезде суырып алып, әруейдің алдынан шыға келіп: "Беріл қанекей, беріл деймін саған! Әйтпесе көзіңді құртамын!", - деп айғай салды. Аруақ болса сасқанынан бір сәтке кідіріп қалды да, кейін тас қараңғы дүкенге қарай зыта жөнелді. Генерал да әлгінің артынан қалыспай жүгіріп кеп, дүкенге кірген сәтте аруақ атаулының желкесіне шап берген-ді. Соңғысының есі шығып кеткені соншалық, жүзіндегі қара орамалын шешіп жіберді де:  "Құдай үшін, жанымды қия көрмеңіз!", -  деп зор дауысымен айғай салды. Әлгінің ұсқынын көре сала, генерал таңғалғаннан сілейіп қатып қалса керек. Өйткені жұрттың қаршадай тұл деп санап жүрген аруағы, ешқандай да аруақ емес, айдай сұлу  бикештің өзі болып шыққан еді.   


"Паһ, шіркін!", - деп күбірледі де қойды Гутьерез. Сөйтіп тұрып: [i]" Әруейлердің бірі қалмай тап осыншалық сұлу болғанда, олардың қастарынан көпке шейін шықпай қояр ем!", - деп әлгі қаршадай бойжеткеннен  көзін ала алмай сөйледі ол.               


ІІ.  Осы бір мекенде Арекипаның нағыз серісі атанып кеткен Карлитос Бехар сынды әлдебір жас жігіт бар еді. Бірақ  оның  үйленіп, отбасы құрамын деген құр уәде беретін әдеті бар болса керек. Ал осы уәдені орындаудың сәті туғанда, Карлитос о бастан берген сертінен тайып, сөзінен айнып, түк болмағандай кейіп таныта қалатын. Оның сүйікті қыздарының бірі байсалды, әрі әділдігімен баршаға мәлім Ирен атты асқан сұлу болған-ды. Осылайша Карлитос баяғы әдетіне басып, Иренге берген уәдесінен жалтарғандықтан, әрі бұдан әбден мезі болған Иреннің өзі де енді одан қалайда болса кек алуға бел буған еді. Үстіне қара жамылып, алып шамның маңына барып, Ирен Карлитосты түні бойы әлгі емханаға тақау жерде сарылып күтетін болған. Бірақ та не себепті екені белгісіз, Карлитос дүкен жаққа қарай аяқ баспай, басқа бір жолмен кете баратын.  Шынайы бет-пердесі шешілген соң, жесірдің халін басынан кешіріп келген қаршадай бойжеткен жағдайдың мән-жайын Гутьерезге егжей-тегжейлі баяндап берген-ді. Ол болса әлгі бойжеткеннің тұлғасына қызығып кеткені соншалық, Карлитосты дереу тауып алып шақыртып алған еді. Генералдың ол екеуін қандай жолмен табыстырғаны беймәлім. Алайда, арада бір жетіден астам уақыт өткен соң, Ирен қаршадай тұлдың кейпінен біржолата арылып, Карлитос екеуі неке батасын алып тынған еді.               


[i] Арекипа - Перу мемлекетіндегі қала


Көп оқылғандар