Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

23.12.2015 3814

Қияңқы Қылжақ

Негізгі тіл: Скверный анекдот

Бастапқы авторы: Достоевский Ф.М

Аударма авторы: Кенжебай Ахметов

Дата: 23.12.2015

Әңгіме


Осынау қияңқы қылжақ біздің аяулы отанымыздың соншалықты арынды күшпен, әрі соншалықты жан тебірентерлік албырт қарқынмен дәуірлеуінің және оның барлық жаужүрек ұлдарының жаңа асқарлар мен армандарға құлшынысының басталған кезімен дәлме-дәл орайласа киліккен еді. Сол күні, қыстың шыңылтыр аязды кешінде, дұрысырағы, сағат он екілер шамасында аса қадірменді үш еркек екі қабатты тамаша бір үйдің Петербург көшесі бетіндегі жанға жайлы, сән-салтанаты келіскен бөлмесінде аса қызғылықты тақырыпта салиқалы да салауатты әңгіме өрбітіп отырды. Бұл үш еркектің үшеуі де генерал шенінде болатын. Шап-шағын үстелді ортаға ала, былқылдаған әдемі орынтақтарға жайғасқан олардың әрқайсысы әңгіме арасында шампаннан баптана сыздықтатып қоятын. Мұз толтырылған күміс тостақтағы шиша әлгі үстелдің үстінде тұрды. Істің мәні мынау еді: үй иесі, алпыс бестер шамасындағы сүр бойдақ, құпия кеңесші Степан Никифорович Никифоров өзінің таяуда ғана сатып алған үйінде қоныс тойын, оған қоса, осы сәтпен оңтайласа кеткен және бұған дейін өмірі ескеріп көрмеген өзінің туған күнін тойлап жатқан болатын. Әйткенмен, жөн-жосығы бір ғана құдайға аян бұл тойдың қонақтары, әлгінде өзіміз көргендей, екеу ғана еді, екеуі де Никифоров мырзаның бұрынғы қызметтестері және бұрынғы бағыныштылары болатын, нақтылай түссек, құзырлы стат кеңесшісі Семен Иванович Шипуленко мен Иван Ильич Пралинский болатын, бұл да құзырлы стат кеңесшісі еді. Сағат тоғызда келіп, шай ішіп, содан кейін шарапқа кіріскен бұлар тура он бір жарымда өздерінің үйлеріне қайтуға тиіс екендіктерін білетін. Үй иесі өмірде жүйелілікті қатты құнттаушы еді. Ол туралы бірер сөз: ол өзінің мансап жолын жағдайсыздау ұсақ шенеунік болудан бастап, осы әурешілікке қырық бес жыл бойы төзімділікпен төтеп берді, жетер жерін де өте жақсы білді, көктен жауар жұлдыздарды қолға түсіруге шыдамы жете бермейтін, сөйте тұра, әлгілердің екеуін иемденіп үлгерген еді, сондай-ақ, ол қандай да бір мәселе жайында өзінің жеке пікірін алға тартуды мейлінше ұнатпайтын. Ол адал да болды, өйткені оған ерекше әбүйірсіз бірдеңе істеуге тура келе қоймады; бойдақ еді, себебі өзімшіл болатын; соншалықты ақымақ та емес-тін, әйткенмен өзінің ақылын аңдатуды жаны қаламайтын; әсіресе салақтық пен елігуді ұнатпайтын, мұны рухани салақтыққа балайтын, сөйтіп, өмірінің ақырына қарай марғаулығы басым тәтті рахат пен жүйеленген жалғыздыққа біржола бой ұрған еді. Оның өзі анда-санда тәуір адамдарға қонаққа барып тұрғанымен, өзі қонақ қылғанды жас кезінен-ақ жақтырған емес, ал кейінгі уақытта, алда-жалда гранпасьянсты ермек ете қалмаса, өзінің ас үйдегі сағатымен ой бөлісуді қанағат етуге көшкен еді және кеш түсісімен орынтақта қалғи отырып, камин үстіндегі шыны қалпақ астындағы сағаттың тықылын тапжылмай тыңдайтын. Оның сақал-мұртсыз сырт кейпі едәуір тартымды еді, өз жасынан біршама жас көрінетін, жақсы сақталған сымбаты әлі де ұзақ жасаудан дәмелендіретін және ол мінсіз сырбаздықты барынша құнттайтын. Оның қызметі де мейлінше жайлы болды: бір жерлерде мәжілістер жасайтын және бірдеңелерге қол қоятын. Қысқасы, оны аса мәртебелі адамға балайтын. Оның бір ғана құштарлығы, дұрыстап айтсақ, жалғыз ғана жалынды тілегі болды: бұл – өзінің меншікті үйінің болуы еді және үй болғанда да, іргесінің беріктігімен емес, сән-салтанатын келістіре салынуымен қызықтыратын үй еді. Ақыр-соңында тілегіне де қол жетті: ол Петербург көшесі жақтағы бір үйге көзі түсіп, сатып алды, үй алыстау болғанымен, бау-бақшасы бар еді, оның үстіне көз тартарлық болатын. Үйдің жаңа иесі алыстау тұрудың өзін жақсылыққа балады: ол өзіне қонақ шақыруды жақтырмайтын, ал біреуге яки қызметке бару қажет бола қалса, оның екі адамдық, шоколад түстес тамаша күймесі, делбеші Михейі және мәстек болса да, мығым әрі құнтиған екі аты бар болатын. Осының бәрі қырық жылдық ыждаһатты үнемшілдіктің арқасында қолға тиген игілік еді, сондықтан осының бәрі жүрегін қуанышқа толтырды. Үйді сатып алып, оған көшіп келгеннен кейін, Степан Никифоровичтің өзінің салқынқанды жүрегінен мағұрлана марқаюды сезінуінің сыры осында жатыр еді, тіпті ол осыған дейін өзінің ең жақын таныстарынан да мұқият жасырып келген туған күнінің құрметіне қонақтар шақырып жіберіп еді. Шақырылғандардың біреуіне оның ықыласы тіпті айрықша еді. Оның өзі жоғарғы қабатты жайлаған болатын, ал тура сол сияқты салынған төмендегі бөлмелерге тұрғын қажет еді. Семен Иванович Шипуленкоға есеп құрған Степан Никифорович осы кеште дәл осы тақырыпта екі мәрте әңгіме қозғаған-ды. Алайда Семен Иванович бұл мәселеде үнсіз қала берді. Бұл да ұзақ жылдар бойы өзіне өзі жол ашып келе жатқан, шашы мен жақ сақалына қылау түспеген мығым адам еді, ал өтінің ұдайы ауыратыны бет-әлпетінен танылатын. Бұл үйленген адам болатын, үй ішін үрейде ұстайтын, қабағы ашылмайтын үйкүшік еді, қызметін нық сеніммен атқаратын, бұл да қай жерге дейін жете алатынын жақсы білетін, ал қай тұсқа еш уақытта жете алмайтынын тіпті жақсы білетін, мызғымастай жайғасқан орны да жақсы еді. Басталып кеткен жаңа тәртіптерге оның іші жіби қоймайтын, алайда аса алаңдай да бермейтін: өзіне өзі кәміл сенімді ол Иван Ильич Пралинскийдің жаңа тақырыптарды қозғаған мылжың сөздерін ызалы кекесінмен тыңдап отырды. Қалай дегенмен, бұлардың бәрі біршама ішкен еді, соның әсерімен тіпті Степан Никифоровичтің өзі де Пралинский мырзаға ілесіп, жаңа тәртіптер төңірегінде онымен аз-маз сөз таластырып қалды. Осы тұста аса мәртебелі Пралинский мырза туралы бірер сөз айталық, не дегенмен, алдағы әңгіменің негізгі қаһарманы сол ғой. 

Құзырлы стат кеңесшісі Иван Ильич Пралинскийдің «аса мәртебелі» аталғанына бар-жоғы төрт ай ғана болған-ды, қысқасы, ол жас генерал еді. Ол жас жағынан да беріде, қырық үште еді, түр-тұлғасы жас көрінетін және онысы өзіне ұнайтын. Бұл ұзын бойлы, келбетті еркек еді, костюммен және костюмінің жарасымды сәнділігімен көзге ұруға құмар болатын, мойнына ілінген маңызды орденін аңғартуға аса қабілетті еді, бала кезінен-ақ бекзада қауымның кейбір қылықтарын бойға сіңіріп үлгерген болатын және бойдақ болғандықтан, дәулетті, тіпті аса текті қалыңдық туралы армандайтын. Ол бұдан басқа да көп нәрсені қиялдайтын, алайда ақымақ емес еді. Кей кездері ол тым сөзуарланып кететін, тіпті парламенттік позаларды ұстай қалуды да ұнататын. Ол жағдайлы әулеттен шыққан-ды, генералдың ақсаусақ ұлы болды, балалық шағын барқыт пен бәтеске орана, үлбірей өткізді, ақсүйектер мектебінде тәрбиеленді, ол жерден алып шыққан ілім-білімі шамалы болса да, қызмет бабында жолы болып, генералдыққа дейін өрледі. Басшылық оны қабілетті адамға балайтын және оған үміт артатын. Қызметтік жолын бастаған сәттен генералдық биікке дейін жалғасқан мансап жолында оның бастығы болып келген Степан Никифорович мұны еш уақытта іскер жан ретінде таныған емес және бұдан ештеңе үміттенбейтін. Әйткенмен, оған мұның жақсы әулеттен шыққаны, жағдайының барлығы, яғни шаруасын басқаратын адамымен қоса, зәулім үйінің болуы, танымал адамдармен туыстығы, оның үстіне, келбеттілігі ұнайтын. Степан Никифорович мұны аста-төк қиялшылдығы мен ұшқалақ ойлары үшін іштей сөгетін. Өзінің тым менмен, тіпті кінәмшіл боп кететінін кей-кейде Иван Ильичтің өзі де сезетін. Бір ғажабы: сондай сәттерде оның ұяты оянып, жаны қинала булығатын, тіпті әлдебірдеңелеріне аз-маз опынып қалатын. Кей-кейде жанына тікенектей қадалатын түсініксіз күйінішке бой алдырып, өзі ойлағандай шырқау биіктерде самғап жүрмегенін мойындайтын. Сондай мезеттерде, әсіресе көтеуі қылпылдатып өткенде, ол әлдебір сарыуайымға салынып, өзінің өмірін une existence manquée1 (сәті түспеген өмір (франц.) деп атайтын, іштей болса да, өзінің парламенттік қабілеттеріне күмәнданып қалатын, өзін өзі парлер2 (парлер (франц. – parleur – мылжың), езбе деп сөгетін, әлбетте, осының бәрі оған көптеген әбүйірсіздік сыйлайтын, әйтсе де, жарты сағаттан кейін-ақ оның басын қайта тіктеуіне, тіпті бұрынғысынан да бекемірек, бұрынғысынан да өркөкіректене ширығуына титтей де кедергі етпейтін және ол күні ертең-ақ өзін жарқырата танытып үлгеретініне, бұл аз болса, жоғары лауазым иесі ғана емес, Россия ұзақ уақыт жадында сақтайтын мемлекеттік тұлға болатынына өзін иландыратын. Тіпті, сондай сәттерде оның көзіне монументтер елестеп кететін. Осыдан аңдалатындай, Иван Ильич шырқау биікті көздейтін және аз-маз шүбәсі болғандықтан, өзінің буалдырлау армандары мен үміттерін көңілінің терең түпкіріне жасыратын. Қысқасы, ол мейірімді адам еді, тіпті ақынжанды деуге де келер еді. Жанын қинай торықтыратын сәттер соңғы жылдары оған жиі-жиі үйірсектейтін болды. Айрықша ашуланшақ, секемшіл болып кеткен ол кез келген қарсы сөзді күстәналау ретінде қабылдауға бейім еді. Дегенмен, жаңара бастаған Ресей кенеттен оған зор үміттер сыйлады. Бұлардың ақыры генералдықпен түйінделді. Ол дүр сілкінді; ол басын көтерді. Ол кенеттен кеңінен көсіле, көп сөйлеуге, әр алуан жаңа тақырыптарда сөйлеуге көшті, бұларды ол өзі де күтпеген жерден мейлінше қызуқандылықпен дереу игеріп алды. Ол сөйлеудің орайын іздеді, қалаларды аралады және көптеген жерлерде өткір тілді либерал ретінде танылып үлгерді, мұнысына өзі де тамсанатын. Осы кеште төрт бокал ішіп алысымен, ол ерекше көсілтті. Өзі бірталайдан бері көрмеген Степан Никифоровичтің, осыған дейін әрдайым құрметтеп келген, тіпті құлақ асып келген адамының көзқарасын өзгертуге ол қатты құлшынды. Неге екені белгісіз, ол оны кертартпа жанға балап, оған қадала шүйлікті. Тақырып қызықтырса да, Степан Никифорович дауласуға бой алдырмай, тек қуақылана тыңдаумен болды. Өз қиялының жетегінде пікірталасқа елігіп алған Иван Ильич өз бокалын тиісті шамадан гөрі жиірек көтеріп отырды. Сондай сәттерде Степан Никифорович шишаны қолына алып, оның бокалына үстеп қойып отырды, неге екенін қайдам, бұл жәйт кенеттен Иван Ильичті ренжіте бастады, оның үстіне, мұның өзі жақтырмайтын, тіпті арсыздығы мен қатігездігінен іштей сескенетін Семен Иваныч Шипуленко үн шығармастан, бір бүйірден түксие түнеріп, орайсыз күлімсіреді. Иван Ильичтің миында: «Мыналар мені баласынып отырған сияқты ғой», – деген ой жылт етті. 

– Жо-оқ, уақыт әлдеқашан жеткен, – деп жалғастырды ол қызбалана. – Тым көп кешіктік, әрі, менің ойымша, ізгілік бірінші тұруы керек, бағыныштылармен арадағы ізгілік, олардың да адам екенін есте сақтау керек. Бәрін құтқаратын және бәрін алға жетелейтін – ізгілік...

– Хи-хи-хи-хи! – деген дыбыс шықты Семен Иванович жақтан.

– Сіз бізді осынша қуырып жібердіңіз ғой, – деп, жылы жымиған Степан Никифорович ақыры қарсылық танытты. – Шынымды айтсам, Иван Ильич, сіздің не айтқыңыз келетінін әлі түсіне алмай тұрмын. Сіз ізгілікті алға тарттыңыз. Бұл дегеніңіз адамды сүю ме, сонда? 

– Иә, мүмкін, адамды сүю де болар. Мен...

– Рақым етіңіз. Менің пайымдауымша, істің мәні тек мұнда емес. Адамды сүю – әрдайым қажетті нәрсе. Ал реформа мұнымен шектелмейді ғой. Шаруаларға, сотқа, шаруашылыққа, алым-салыққа, адамгершілікке қатысты және... және... және басқа да толып жатқан мәселелер көтерілді, ал соның бәрі бірге, бір сәтте қабаттасса, былайша айтқанда, үлкен толқулар тууы ықтимал. Міне, біздің қауіптенетініміз де осылар, жалғыз ізгіліктің жайы емес...

– Иә-ә... іс тереңде, – деп қоштады Семен Иванович.

– Өте жақсы түсінемін және сізге ескертіп қоюға рақым етерсіз, Семен Иванович, мәселенің байыбына тереңдей бойлау жағынан сізден кейін қалуға мен де келісе қоймаспын, – деп мысқылдай ескерткен Иван Ильич тым қатты кетті, – қалай дегенмен, сізге де ескертіп өтуге батылдық етпекпін, Степан Никифорович, сіз де мені түк түсінген жоқсыз...

– Түсінген жоқпын.

– Мейлі, бәрібір мен дәл осы идеяны ұстанамын және барлық жерде алға тартамын, өйткені ізгілік, иә, иә, бағыныштылармен арадағы ізгілік, былайша айтқанда, шенеуніктен хатшыға дейінгі, хатшыдан есік күзетушіге дейінгі, есік күзетушіден мұжыққа дейінгі ізгілік алдағы реформалардың, мен айтар едім, тіпті барлық нәрсенің жаңаруына мүмкіндік бере алатын негізгі тетік. Неліктен? Сондықтан. Силлогизмге қарайық: мен ізгі екенмін, соған орай, мені сүйеді. Мені сүйеді екен, демек, сенім арта алады. Сенім арта алады екен, ендеше, сенеді; сенеді екен, олай болса, сүйеді.., жоқ, бұлай емес, менің айтқым келгені – «мен сенсем» еді; онда реформаға да сенетін болады, былайша айтқанда, істің нағыз мәнін түсінетін болады, былайша айтсақ, адамгершілік жағынан қауышады және барлық шаруаны достықпен, түбегейлі шешеді. Сіз несіне күлесіз, Семен Иванович? Түсініксіз бе? 

Степан Никифорович үн қатпастан, қасын керді; ол таңғалды.

– Байқауымша, мен ептеп артықтау ішкендеймін, – деп мысқылдай ескертті Семен Иваныч, – сондықтан ой-қиялым тұсалғандай. Санам аз-маз тұманытып тұр.

Иван Ильич тіксініп қалды. Шамалы ойланған соң, Степан Никифорович:

– Шыдамаймыз, – деп оқыстан қойып қалды. 

– Шыдамайтынымыз қалай сонда? – деп сұрады Иван Ильич, Степан Никифоровичтің төбеден түскендей оқыс сөзіне таңырқай.
– Солай, шыдамаймыз, – деген Степан Никифорович одан әріге барғысы келмейтін сыңай аңдатты.

– Сіздің айтпағыңыз жаңа шараптар мен жаңа терілерге қатысты ма? – деген Иван Ильич сөзінде кекесін бар еді. – Жо-жоқ; мен өзіме жауап бере аламын.

Осы сәтте сағат он бір жарымды соқты.

– Отырады, отырады да, кетеді, – деді Семен Иваныч, орнынан тұруға оқтала беріп. Бірақ Иван Ильич оның алдын орап, дереу дастархан басынан көтерілді де, камин үстінен өзінің бұлғын тымағын алды. Ол жәбірленіп қалғанға ұқсайтын.

– Сонымен, Семен Иваныч, қалай ойлайсыз? – деді қонақтарып шығарып салуға қамданған Степан Никифорович. 

– Пәтер жайы ма? Ойланайын, ойланайын.

– Не шешкеніңізді тезірек айтарсыз. 

Пралинский мырза тымағын қақпақылдай тұрып, сәл-пәл жәреукелене:

– Бәрі шаруа жайы ма? – деп сөз қыстырды. Оған өзін мыналар ұмытып кеткендей көрінген еді. 

Қасын керген Степан Никифорович қонақтарды кідіртпейтінін аңдата, үнсіз қалды. Семен Иваныч апыл-ғұпыл қош айтысты. 

«Ал... жарайды... бұдан кейін қалауыңыз білсін... қарапайым сыпайыгершілікті түсінбейді екенсіз», – деп өзінше ой түйген Пралинский мырза өзін мейлінше еркін сезінетінін аңғарта, Степан Никифоровичке қолын ұсынды. 

Шыға берісте Иван Ильич Семен Иванычтың өңі тайған жанат ішігін әлдебір себеппен байқамағансып, өзінің жеп-жеңіл қымбат ішігіне оранып алды, сосын екеуі баспалдақпен төмендей бастады. 

– Біздің шал ренжіп қалған сияқты ғой, – деді Иван Ильич үнсіз қалған Семен Иванычке.

– Жоға, не үшін? – деп суық үнмен жайбарақат жауап қайырды анау.

«Малай!» – деп ойлады өз ішінен Иван Ильич. 

Сыртқа шыққан бойда Семен Ивановичке сиықсыздау бурыл мәстек жегілген шанасы көлденең тартылды. 

– Сайтан алғыр! Менің күймемді Трифон қайда құртқан! – деп бажылдады өз көлігін көре алмаған Иван Ильич.
 
Әрлі-берлі жүгірді, күйме табылмады. Степан Никифоровичтің адамы да бұған қатысты түк білмей шықты. Семен Иванычтың көшірі Варламнан сұрап еді, «Бәрі осында тұрған, күйме де болған, ал енді, міне, ғайып бопты» деген жауап алынды. 

– Қияңқы қылжақ екен! – деді Шипуленко мырза, – жеткізіп салайын ба? 

– Сұмпайы неме! – деп долыра айғайлады Пралинский мырза. – Оңбаған неме осындағы, Петербург көшесіндегі, үйлену тойына сұранған менен, әмпей-жәмпей әлдебіреуі күйеуге тимек екен, сайтан алғырдың. Мен оның бетімен кетуіне үзілді-кесілді тиым салғам. Құдай біледі, ол сонда кетті! 

– Шынында да ол, – деп қыстырылысты Варлам, – бір жаққа кетті; бір-ақ минутта қайтып келуге, керек кезінде осында болуға уәде еткен.

– Көрмейсің бе! Мен осыны сезгенмін! Енді оны ма, оны!

– Сіз оны бірер мәрте жақсылап шықпыртып алыңыз, міне, сонда бұйрықты қалт еткізбейтін болады, – деді Семен Иваныч, аяққабын қымтанып жатып.

– Әсте алаңдамаңыз, Семен Иваныч!

– Сонымен, жетіп қалмайсыз ба?

– Жолыңыз оңғарылсын, mersi (рахмет (франц.).

Семен Иваныч аттанып кетті, ал ашуға булыға, іштей күйіп-піскен Иван Ильич ағаш көпір үстімен жаяу тартты.


*     *     *

«Жоқ, енді сазайыңды тартарсың, жылмақай неме! Кінәңді сездіру үшін, зәреңді ұшыру үшін қасақана жаяу барармын! Қайтып ораларсың, білерсің сонда... бариннің жаяу кеткенін... сұмпайы неме!»

Иван Ильич еш уақытта осыншалықты балағаттаған емес-тін, бірақ осы сәтте қатты ызалы еді, оның үстіне басы да зеңіп келе жатқан. Ол ішпейтін адам еді, сол себепті әлгіндегі бес-алты бокал лезде әсер еткен болатын. Дегенмен түн керемет еді. Аяз сезілгенімен, желсіз төңірек тып-тыныш болатын. Жұлдызды аспан қылаусыз еді. Толған ай жер бетіне күңгірттеу күміс сәулесін сеуіп тұрған. Жағымды болғаны сонша, Иван Ильич елу қадам жүрер-жүрместен-ақ, өзінің мүшкіл халін ұмыта бастаған-ды. Оның жаны ерекше бір рахат күйді сезінді. Бұған қоса, масаң адамның көңіл ауанының тез құбылатыны да бар ғой. Тіпті оған қаңыраған көшедегі сұрықсыз ағаш үйлер де ұнай бастаған.

«Жаяу тартқаным жаман да болмады-ау, – деп ойлады ол ішінен, – Трифонға сабақ болады, маған да рахат. Асылы, жиі-жиі жаяу жүру керек. Несі бар? Қазір-ақ Үлкен проспектіден арбакеш ұстаймын. Қандай ғажап түн! Айналадағы үйлер қандай. Сірә, майда-шүйделер, шенеуніктер... көпестер тұратын шығар, мүмкін... әлгі Степан Никифорович! не деген кертартпа еді бұлар, тозған қалпақтар ғой! Иә-иә, қалпақтар, c’est le mot1 (тауып айтылды (франц.). Дегенмен, ол ақылды адам; бойында bon sens2 (мағыналы ой (франц.), істің мәнін байыппен, қажетінше түсіну бар. Бірақ шалдар ғой, шалдар! Әлгі не... қалай еді... әлгі не жоқ. Иә, әйтеуір бірдеңе жоқ... Шыдамаймыз! Ол мұнысымен не айтқысы келді? Солай дегенде, ойланып қалды ғой тіпті. Бәрібір, ол мені мүлдем түсінген жоқ. Сонда, қалайша түсінбеді? Түсінуден гөрі, түсінбеу қиынырақ. Ең бастысы – менің сенетінім, жан-тәніммен сенетінім. Ізгілік... адамды сүю. Адам баласын өзіне өзін оралту... оны өзін өзі қадірлеуге баулу керек, міне, содан кейін... дайын матерьялмен іске кірісе бер. Түсінікті-ақ қой! Иә! Енді рақым еткейсіз, аса мәртебелім, силлогизмге қарайық: мәселен, біз шенеунікті, ал шенеунік қорғаншақ бейшараны кездестірді делік. «Ал... сен кімсің?» Жауап: «Шенеунік». Жақсы, шенеуніксің; әрі қарай: «Сен қандай шенеуніксің?» Жауап: осындай да осындай шенеунікпін. «Қызметтесің бе?» – «Қызметтемін!» – «Бақытты болғың келе ме?» – «Келеді». – «Бақытты болу үшін не қажет?» Мыналар және мыналар. «Неліктен?» Сондықтан... Сонымен әлгі адам мені екі ауыз сөзден түсінеді: енді ол адам менікі, былайша айтқанда, ол менің торыма ілікті, сосын мен одан қалағанымды істей аламын және оның өз игілігі үшін. Әлгі Семен Иваныч қандай сұмпайы адам еді! Сықпыты қандай кеспірсіз... «Шықпыртып ал» дегенді ол әдейі айтты. Жоқ, азғырма мені, өзің шықпырт, ал мен шықпыртпаймын; мен Трифонды сөзбен діңкелетем, әжуаммен діңкелетем, сонда ол сезінетін болады. Шықпырту дегеніңіз... ім... күрмеулі мәселе, ім... Әлде Эмерансқа соға кетсем бе? Тфу, сайтан, қарғыс атқыр көпірлер! – сүрініп кеткен ол кенеттен баж ете қалды. – Осы да астана ма! Білімділік осы ма! Аяғыңды сындыруға болады. Ім-м. Әлгі Семен Иванычты жаным жақтырмайды; сүрепеті жиренішті. Бағана мен: «адамгершілік жағынан қауышады», – дегенімде, ол маған күлді ғой. Қауышсын делік, ал саған қалған не бар? Тап сенімен қауышпаспын, одан да мұжықпен... Мұжық кездессе, мұжықпен әңгімелесермін. Әйткенмен, мен мас болдым ғой, бәлкім, тиісінше айта алмаған шығармын. Бәлкім, мен қазір де дұрыс жеткізе алмай тұрған болармын... Ім-м. Ендігәрі ішпеспін. Түнімен мыжисың, ал ертеңінде өкінесің келіп. Несі бар, мен қисалаңдамай жүріп келем... Не десең де, солардың бәрі – алаяқ!»

Осы сыңайда әр нәрсені үзіп-жұла ойланған Иван Ильич тротуар бойымен адымдап келе жатты. Оған таза ауа әсер етті, былайша айтқанда, манаурата бастаған. Бес минуттен кейін ол тыншу тауып, ұйқыны аңсауы да мүмкін еді. Бірақ кенеттен, Үлкен проспектіден екі-үш қадамдай ғана тұстан оның құлағына музыка жетті. Ол жан-жағына көз жүгіртті. Көшенің келесі бетіндегі әбден қиюы қашқан бір қабатты, бірақ созыла салынған ағаш үйде той дуылдап жатты, скрипкалар шиқылдап, контрбас күмпілдеп, флейта шәңкілдей қосылып, кадриль әуенін құтырта құйқылжытты. Терезе түбінде тұрған жұрт арасында тоқыма пәлте жамылып, басына жаулық тартқан әйелдер басым еді; олар терезе қақпағының саңылаулары арасынан бірдеңені көріп қалмаққа жанталаса күш салып жатты. Көңілді екені көрініп-ақ тұрды. Билеушілердің жер тепкілеген дүрсілі көшенің арғы бетіне жетіп жатты. Иван Ильич өзіне таяу маңда жүрген городовойды байқап, оған жақын келді. 

Өзінің мойнындағы маңызды орденін городовой аңғара алатындай ете, қымбат ішігін сәл-пәл ашыңқырап жіберіп:

– Бауырым, мынау кімнің үйі? – деп сұрады ол.

Оның айырым белгісін әп-сәтте байқап үлгерген городовой бойын тіктеп:

– Шенеунік Пселдонимовтікі, легистратордікі, – деп жауап берді.

– Пселдонимовтікі ме? Уай! Пселдонимов!.. Ол не? үйленіп жатыр ма? 

– Үйленіп жатыр, жоғары мәртебелім, лауазымды кеңесшінің қызына. Млекопитаев, лауазымды кеңесші... басқармада қызмет жасайды. Мынау үй соның қызынікі. 

– Демек, бұл үй енді Млекопитаевтікі емес, Пселдонимовтікі ғой? 

– Пселдонимовтікі, жоғары мәртебелім. Млекопитаевтікі болған, ал енді Пселдонимовтікі.

– Ім-м. Мұны сенен сұрап тұрғаным, бауырым, мен оның бастығымын. Мен Пселдонимов қызмет ететін жердің генералымын.

– Дәл солай, аса мәртебелім. – Городовой қаққан қазықтай қаздиды, ал Иван Ильич ойланып қалғандай еді. Ол ой жүгіртіп тұрды...
Иә, шынында да Пселдонимов оның қарауында, дәл соның кеңсесінен еді; ол мұны есіне түсірді. Ол айына он рубльдейжалақы алатын кішігірім шенеунік болатын. Пралинский мырза өз кеңсесін иеленгелі көп уақыт өте қоймағандықтан, өз бағыныштыларының бәрін егжей-тегжей есте сақтай алмауы да мүмкін еді, бірақ Пселдонимовті дәл осы фамилиясына бола жадында тұтып қалған-ды. Әлгі фамилия ә дегеннен көзге ұрғандықтан, ол мынадай фамилияның иесін көзбен көруге сол сәтте-ақ құмартқан. Ол қазір де мұрны қоңқия созылған, түтеленген сап-сары шашы бар, асқа жарымай қылқиып қалған жап-жас жігітті және оның әбден көнерген, тіпті тілмен айтып жеткізудің өзі қолайсыздық туғызатын вицмундирін ойына оралтты. Оның есіне тура сол сәтте: «Үсті-басын жөндеу үшін мына байғұсқа мерекемен орайластыра он рубльдей ақша бөлсем бе екен?» – деген ойдың жылт еткені де оралды. Бірақ әлгі сорлының ұсқыны соншалықты сиықсыз, ал көзқарасы тым тартымсыз, тіпті жиреніш туғызатындықтан, ізгі ниет өзінен-өзі ғайып болып, Пселдонимов сый-сияпатсыз қалған еді. Осыдан бір жұмадай бұрын дәл сол Пселдонимов өзінің үйленбек ниеті барын айтып, бұрынғыдан бетер таңырқатқан болатын. Бұл шаруамен тиянақтай айналысуға уақыттың орайы болмай, үйлену тойына қатысты шаруаның апыл-ғұпыл, жүрдім-бардым шешілгенін де Иван Ильич есіне алды. Дегенмен ол өз қалыңдығының жасауына Пселдонимовтің ағаш үй және тек қана ақшалай төрт жүз сом алатынын дәлме-дәл ойына түсірді; бұл жағдай сол сәтте оны таңырқатқан болатын; ол Пселдонимов пен Млекопитаев фамилияларының тоқайласуын жеңіл-желпі әжуалап өткенін де еске алды. Ол осының бәрін ойына ап-анық оралтты. 

Жадына оралтқан сайын, ол тереңірек ойлана түсті. Біздің басымыздағы қатпар-қатпар ойлардың тілмен жеткізіп болмайтын, әсіресе әдеби тілмен түсіндіруге келмейтін әлдебір сезім іспеттеніп, дем арасында өте шығатыны белгілі. Десек те, біз өз қаһарманымыздың әлгі сезімдерінің бәрін жеткізуге және оқырманға әлгі әсерлердің тым болмаса мәнін аңғартуға күш саламыз, былайша айтқанда, солардың арасынан ең қажеттілерін және ақылға сыйымдыларын ұсынбақпыз. Өйткені біздің әсер-сезімдеріміздің көпшілігі кәдімгі сөзге айналған кезінде мүлдем ақылға қонымсыз көрінетіні бар. Ондай жәйттер әркімдерде болғанымен, ешқашан жарыққа шықпай қалатыны сондықтан. Әлбетте, Иван Ильичтің сезім күйлері мен ойлары біршама байланыспай жатты. Дегенмен сіздер мұның себебін білесіздер. 

«Несі бар! – деген ой оның миында жылт етті, – біздің бәріміз сөйлейміз келіп, сөйлейміз келіп, ал іске тірелгенде, сымпия қаламыз. Мәселен, дәл мына Пселдонимовті алайықшы: әлгінде ғана ол некелесу жоралғысынан толқып шықты, дәмдіні дәмелене күтуде... Бұл оның өміріндегі аса ләззатты күндердің бірі ғой... Енді ол қонақтармен әуреленуде, той жасауда... жұтаң, жадау болса да, көңілді, қуанышты, шынайы... Ал егер ол дәл осы минутта менің, оның өз бастығы, оның ең үлкен бастығы – менің, тура оның үйінің алдында оның музыкасын тыңдап тұрғанымды білсе ше! Шынында да, ол не істер еді? Жоқ, егер мен дәл қазір кенеттен кіріп барсам, ол қайтер еді? ім-м... Әрине, алғашында ол шошып кетер еді, сасқанынан мелшиіп те қалар. Менің оған кедергі келтіруім, менің шырық бұзуым мүмкін-ау... Әлбетте, кез келген бөтен генерал кіріп барса, солай болар еді, бірақ мен емес қой... Гәп осында, кез келген генерал, тек менен басқа... 

Иә, Степан Никифорович! Бағана сіз мені түсінбеген едіңіз, міне сізге дайын мысал. 

Иә-ә. Біздің бәріміз ізгілік жайында даурығамыз, бірақ біз қаһармандыққа, ерлікке даяр емеспіз. 

Қандай қаһармандық? Сондай. Ойлап қараңызшы: мұндағы қауымның барлық мүшелерінің қазіргі жағдайында өз бағыныштымның, он рубль жалақысы бар регистратордың үйлену тойына менің түнгі сағат бірде кіріп келуім, бұл дегеніңіз – әбігер ғой, бұл – идеяның жалт бұрылуы, Помпейдің соңғы күні, сумбур ғой! Мұны ешкім де түсінбейді. Степан Никифорович өліп кетсе де, түсінбейді. Өйткені ол: «Шыдамаймыз!» – деді ғой. Әрине, бірақ бұл – олар ғой, ескінің адамдары, артта қалған кемақыл жандар ғой, ал мен шы-дай-мын! Мен Помпейдің соңғы күнін өз бағыныштым үшін ең ғажайып күнге, ал әдепсіз әрекетті – үйреншікті, патриархалды, асқақ та игі әрекетке айналдырам. Қалай? Солай. Рақым етіп, тыңдай беріңіз...

Сонымен... мына мен... ішке ендім делік: олар таң-тамаша болады, билерін тоқтатады, үдірейе көз салады, үркектейді. Сол кезде мен де өзімнің кім екенімді танытамын: мен зәресі қалмаған Пселдонимовке тікесінен тартам да, барынша мейірлене күлімсіреп, ең бір қарапайым сөздермен былай деймін: «Осылай да осылай, аса мәртебелі Степан Никифоровичте болған едік. Білетін шығарсың, осы маңдағы көршің ғой...» Ал, сосын, күлкі араластыра тұрып, Трифонға қатысты хикаяны жеңіл-желпі әңгімелеп өтем. Трифоннан кейін, қалай жаяу кеткеніме ауысам... «Бір кезде музыка естілді, городовойдан жөн сұрай келе, бауырым, сенің үйленіп жатқаныңды білдім. Қызметкеріме кірейін, менің шенеуніктерім қалай үйленіп... тойлайтынын көрейін деп ойладым. Енді мені қуып шықпайтын шығарсың!» Қуып шығу! Қоластыңдағы адам үшін қандай сөз, ә!? Қуып шығу қайдан келсін! Менің ойлауымша, ол ақылынан адасатын шығар, мені орынтаққа отырғызу үшін жалпылдай ұмтылып, қуанғаннан дірдек қағар, тіпті алғашында түк түсінбей қалатын шығар!..

Ал, осыдан оңай, осыдан керемет қандай әрекет болмақ! Мен не үшін кірдім? Бұл – басқа мәселе! Бұл дегеніміз, былайша айтқанда, істің адамгершілік жағы. Міне, саған шәрбат! 

Ім-м... Мен не туралы ойлап едім осы? Иә! 

Сосын, әлбетте, олар мені аса қадірменді қонақпен, әлдебір лауазымды туысқанымен қатар отырғызады, онысы – отставкадағы қызыл тұмсық штабс-капитан шығар... Мұндай біртуарларды Гоголь қатырып бейнелеген ғой. Әрине, жас қалыңдықпен танысамын, оны мақтап жіберем, қонақтарға бейіл танытамын. Олардың қысылып-қымтырылмауын, көңіл көтеруін, биді жалғастыруын өтінем, әзілдеймін, күлемін, қысқасы – жайдары, сүйкімді боламын. Өзіме көңілім толған кездері мен ылғи жайдары, сүйкімдімін ғой... Ім-м... қалай өзі, мен әлі де аз-маз анадай... яғни мас емеспін, бірақ анадай...

...Әрине, мен джентльмен ретінде олармен бір деңгейде отырамын және айрықша әлденелер талап етпеймін... Бірақ ізгілік, ізгілік тұрғысындағы мәселе басқаша: олар түсінеді де, бағалайды... Менің әрекетім олардың бойына барлық абзал қасиетті дарытады... Жарайды, жарты сағат... тіпті бір сағат отырармын. Әлбетте, дәл кешкі астың алдында қайтып кетемін, әрине, олар әбігерге түседі, бірдеңелерін пісіреді, қуырады, иіліп-бүгіліп бағады, бірақ мен бір бокал ғана ішемін, құттықтаймын, бірақ кешкі дәмнен бастартамын. «Шаруа бар», – деймін. Мен «Шаруа бар» дегенді айтқан бойда, бәрінің жүзі дереу қатуланып, ілтипат таныта қалады. Мұнымен оларға мен арамызда айырма барын сыпайы сездіремін. Жер мен көктей. Менің мұным сес көрсету емес, бірақ керек... басқасын былай қойғанда, тіпті ізгілік тұрғысынан да қажет. Қысқасы, мен сол сәтте жымиямын, тіпті күліп аламын, бәрі дереу жадырап сала береді... Қалыңдыққа тағы бір рет әзіл айтамын; ім-м... қажет болса, тұп-тура тоғыз айдан кейін өкіл әке ретінде қайтадан келетінімді меңзеп жіберем, хе-хе! Ал қалыңдығымыз ол уақытта туып та қалар. Бұлардың өзі үй қояндарынша көбейеді ғой. Әрине, бәрі қарқылдай қолпаштайды, жас қалыңдық қызараңдап кетеді; мен оның маңдайынан мейірлене сүйемін, тіпті батамды да берермін, ал... ал ертеңінде менің ерлігім бүкіл кеңсеге мәлім болары анық. Ертеңінде мен қайтадан қаталмын, ертеңінде мен қайтадан талапшылмын, тіпті бет қаратпауым да мүмкін, бірақ олар менің кім екенімді біледі. Менің жанымды біледі, менің болмысымды біледі: «Ол бастық ретінде қатал, бірақ адам ретінде ол – періште!» дейтін болады. Осылайша мен жеңемін; мен сендердің миларыңа да сыймайтын болмашы ғана әрекетіммен бәрін қолға түсірем; енді олар – менікі; мен – әке, олар – балаларым... Ал, аса мәртебелі Степан Никифорович, сіз осылай жасай қойыңызшы енді...

...Иә-ә, Пселдонимовтің өз балаларына өзінің үйлену тойында генералдың өзі қалай думандатқанын, тіпті оның тойында ішкенін қалай-қалай әңгімелейтінін сіз білер ме екенсіз, түсінер ме екенсіз! Өйткені әлгі балалар өз балаларына, ал олар өз немерелеріне мұның, жоғары лауазымды адамның, мемлекеттік тұлғаның (ал бұл екі арада мен мұндайларға қол жеткіземін) өздеріне ықылас танытқанын... т.с.с. және т.с.с. аса қасиетті оқиғадай әңгімелейтін болады, өйткені мен жапа шегушілерді рухани көтеремін, мен мұны өзіме өзім қайтарамын... Өйткені ол айына он-ақ рубль жалақы алады!.. Мен осыны немесе осы сияқты бірдеңені бес рет, бәлкім он рет қайталасам, бүкіл ортада танымал боламын... Баршаның жүрегінен орын табамын, ал мұндай танымалдықтан кейінірек не шығарын бір шайтан ғана білетін шығар!..» 

Иван Ильич осылай яки осыған ұқсас ойланды (мырзалар, кей кездері адам өзі туралы не айтпайды дейсіз, әсіресе, ол әдеттегіден тыс күйде тұрса). Осы ойлардың бәрі оның ми қатпарында бас-аяғы жарты минут аясында жүгіріп өткен, әлбетте, ол Степан Никифоровичті ойша ұялтып тастап, осынау арман-қиялдарымен шектелсе, жайбарақат үйіне қарай аяңдап, ұйқыға жатуы да мүмкін еді. Онда тамаша болар еді-ау! Бірақ қырсық шалғанда, бұл сәт әдеттегіден мүлдем бөлек болатын. 

Қас қылғандай, дәл осы мезетте оның қалықтап тұрған қиялында кенеттен Степан Никифорович пен Семен Ивановичтің өздеріне өздері риза кейіптері қылаң берді. 

– Шыдамаймыз! – деп қайталады асқақтай күлімсіреген Степан Никифорович.

– Хи-хи-хи! – деп Семен Иванович өзінің ең бір сұмпайы күлкісімен оны іліп әкетті. 

– Қалай шыдамайтынымызды көрерміз әлі! – деп кесіп айтқан кезде Иван Ильичтің бетіне ыстық ұрғандай болды. Ол көпірден түсті де, адымын нықтай басып, өзінің қол астындағы регистратор Пселдонимовтің көшенің арғы бетіндегі үйіне тікелей тартты.


*     *     *

Оны жұлдыз еліктіріп әкетті. Ол ашық жатқан қақпадан ширақ аттады және әлдебірдеңе тындырудан гөрі, әйтеуір парыз көргендіктен ғана, қырылдай шәуілдеп, мұның аяғына ұмтылған сабалақ қанденді аяғымен серпіп жіберді. Жерге төселген тақтай үстімен жүріп келген ол аулаға күркешелене жалғасатын жабық кіреберіске дейін жетті де, қаусап тұрған ағаш баспалдақтың үшеуін басып өтіп, аядай ғана ауыз үйге көтерілді. Бұл жердің әлдебір қуысында шошқа майының тұқылы ма, әлде майшам сияқты нәрсе ме, әйтеуір бірдеңе жанып тұрған, бірақ мұның өзі де тоңазытуға қойған әлденелерді кебіс киген Иван Ильичтің сол аяғымен жайпап өтуіне кедергі бола алмады. Иіле түсіп, қызықтай үңілген Иван Ильич бұл жерде бірдеңелер құйылған екі ыдыс пен екі тегеш тұрғанын да көрді, сірә, кейінгілері бламанжеден босаса керек. Тоңазуға қойған тамақты таптап кеткеніне қысылып қалған оның сана түпкірінде бір сәтке ғана: «Кетіп қалсам ба екен?» – деген ой жылт еткен. Бірақ ол мұны лайықсыз көрді. Көріп қойған ешкім жоқтығын және ешкімнің бұдан күдіктенбесін ойға алған ол жұғындылардың ізін жою үшін кебісін тез-тез сүртті де, киізбен қапталған есікті сипалап тапты, ал оны шалқайта ашқан сәтте кіп-кішкентай бөлмеге тап келді. Бөлменің бір жақ жартысында шинельдер, бекешалар, пәлтелер, капорлар, мойынорамалдар мен кебістер үйіліп жатты. Шамасы, көшеден теріп әкелінсе керек, екі скрипка, флейта және контрбас ұстаған, бас-аяғы төрт музыкант келесі жағына орналасыпты. Бояу көрмеген ағаш үстелді жағалай орныққан олар шошқа майынан жасалған жалғыз шам жарығының астында кадрильдің соңғы қайырымын ышқынта жүйткітіп жатты. Залдың аңқиған есігінен шаң-тозаң мен темекі түтіні арасында билеп жүргендерді аңдауға болатын. Елірме көңілділік сезіледі. Қарқылдаған күлкілер, айғай-ұйқайлар мен бикештердің шыңғырған үндері естілді. Кавалерлер атты әскер эскадронынша дүмпітіп жатты. Аласапыран арасынан барынша дөкірлеу, тіпті алқам-салқамдау адамға ұқсайтын биді реттеушінің: «Алға, кавалерлер, шен де дам, балансе!» – деген, т.с.с., т.с.с. бұйрықтары естілді. Сәл-пәл толқып қалған Иван Ильич үстіндегі ішігі мен кебісін шешті де, тымағын қолына ұстай, бөлмеге енді. Қалай дегенмен, бұл кезде ол ойланудан қалған еді.

Әдепкіде оны ешкім аңдай қоймады: бәрі аяқталуға жақын биді бітіріп тастамақ болып жатқан. Құлағы тұна, тұрып қалған Иван Ильич мына быламықтың арасынан ештеңені айқын ажырата қоймады. Әйел көйлектері, папирос тістеген кавалерлер қылаңытты... Әлдебір бикештің жылтыр көк орамалы мұның мұрнын жалай сипап өтті. Шашы құйын соққандай ұйпалақтана, әлгі бикештің соңынан танаурай ұмтылған медицина студенті жолшыбай мұны оңдырмай соғып кетті. Қарсы алдынан әлдебір команданың офицері тіреуіштей серейе қылаң берді. Құстай ұшып жүрген әлдебіреу өзгелермен бірге жер тепкілей, жабайылау дауыспен: «Э-э-эх, Пселдонимушка!» – деп шыңғыра қышқырды. Иван Ильич табанына бірдеңе жабысқанын сезді, шамасы, еденді балауызбен сыласа керек. Тым тар деуге келе қоймайтын бөлмедегі қонақтар отызға жуық адам еді. 

Сәлден соң кадриль де бітті, сол-ақ екен, әлгінде Иван Ильичтің көпір үстінде тұрып қиялдаған нәрсесі қаз-қалпында алдынан шықты. Қонақтар мен әлі де беттерінің терін сүртіп, демігуін баса алмай тұрған билегіштер арасымен әлдебір гуіл, түсініп болмас күбір-сыбыр жүгіріп өтті. Көздердің бәрі, бет-ауыздардың бәрі енді кірген қонаққа қарай жалт-жалт бұрыла бастады. Сосын бәрі дереу кері ығысып, аз-аздап шегіншектей берді. Аңдап үлгермегендерді көйлегінен тартқыштап, ес жиғызды. Олар да жалтақтай қарап, өзгелерге ілесе, дереу ығыса берді. Иван Ильич әлі де алға аттамастан, есік аузында тұрды, ал қонақтар мен оның арасынан біртіндеп ашыла түскен кеңістіктің еденінде кәмпит қағаздары, әртүрлі билеттер мен папирос қалдықтары бырдай шашылып жатты. Кенет ақсары шашы қобыраған, қоңқақ мұрын, вицмундирлі жас жігіт осы кеңістікке қымсына аяқ басты. Бүкшеңдей алға озған оның тосын қонаққа көз салғандағы кейпі теуіп жіберуге құмар қожасына қараған иттен аумайтын. 

– Амансың ба, Пселдонимов, таныдың ба?.. – деді Иван Ильич және мұнысы өте жарасымсыз айтылғанын сол мезетте-ақ сезді; сонымен бірге ол осы сәтте аса қолайсыз ақымақшылық жасап алуы мүмкін екенін де сезді.

– А-а-аса мәртебелім!.. – деп міңгірледі Пселдонимов.

– Жә-жә, жарайды. Мен саған, бауырым, кездейсоқ кіріп қалдым, енді мұны өзің де түсінерсің...

Бірақ Пселдонимов дәнеңе түсінбеген сыңайлы. Ол көзін жыпылықтатып, шошына аңырайып тұрды. 

– Не дегенмен, мені қуып шықпассың... Қуансаң да, қуанбасаң да, қонағыңды қабылда!.. – деп жалғастырған Иван Ильич өз шарасыздығына күйініп, қысыла бастағанын сезді, жымимақ еді, түк шықпады; Степан Никифорович пен Трифон туралы көңілді әңгіменің де бірте-бірте мүмкін болмай бара жатқанын аңдады. Қас қылғандай, Пселдонимов те секиген күйі, ақымақ кейіпте қараудан танбады. Иван Ильич секемдене селт етті, ол енді бір минут осылай өтсе, адам сенгісіз ойран-ботқа басталарын сезді. 

– Мен бірдеңеге кедергі еттім-ау... мен кетейін! – деген сөзді ол әзер айтты және ернінің оң жағынан әлдебір тамыр дір-дір ете қалды. 
Дегенмен Пселдонимов ес жиып үлгерген еді. 

– Аса мәртебелім, рақым етіңіз... Абырой... – деп былдырлады ол құнжыңдай иіліп, – жайлана отырыңыз... – Енді-енді есі кіре бастаған ол билеуге ыңғайлы болу үшін үстелі әрі ығыстырылған диванды қос қолымен нұсқады...

Иван Ильич жаны жайлана, диванға тізе бүкті; сол сәтте әлдебіреу үстелді жақындатуға ұмтылды. Жан-жағына көз жүгірткен ол жалғыз өзі ғана отырғанын, ал қалған жұрт, тіпті әйелдерге шейін, түрегеп тұрғанын байқады. Жаман нышан еді. Алайда мұны ескертіп, көңілдендіріп жіберер сәт әлі тумаған-ды. Қонақтар әлі де кері серпіле берді, ал мұның алдында әлі ештеңені байыптамаған және жымиюға да шамасы жетпеген Пселдонимов жападан-жалғыз имиіп тұрды. Жан алқымға тығылды, қысқасы: осы сәтте біздің қаһарманымыз өлшеусіз қайғы-қасіретті бастан өткергені сонша, оның өз ұстанымы жолында бағыныштысына жасаған Харун әл-Рашидтік шабуылын ерлікке балауға болар еді. Кенет Пселдонимовтің қасынан әлдебір сұлба пайда бола кетіп, иіліп-бүгіле бастады. Өзінің тіл жеткісіз қуанышына, тіпті бақытына орай, Иван Ильич сол сәтте-ақ өз кеңсесіндегі үстелбасы Аким Петрович Зубиковті тани кетті, әрине, ол мұны жете танымайтын, дегенмен сөзге жоқ іскер шенеунік ретінде білетін. Ол дереу орнынан көтеріліп, Аким Петровичке қол созды, екі саусағын емес, қос қолын қатар ұсынды. Анау да барынша ықыластана, екі алақанымен қабылдады. Генерал масаттанып қоя берді; бәрі сәтімен орайласқандай еді. 

Шынында да, ендігі жерде Пселдонимов, былайша айтқанда, екінші емес, үшінші кейіпкерге айналған-ды. Қысылған кезде етене танысындай бола кеткен үстелбасыны енді әңгімеге еркін тартуға болатын, ал Пселдонимов, бұл уақытта ықыластан есі шыға дірілдеп, үнсіз тұра берсе де болатын. Осының нәтижесінде, тиісті сыпайыгершілік сақталып қалды. Дегенмен әңгіме қозғау қажет еді; мұны Иван Ильич түйсінді; ол қонақтардың бәрі бірдеңе күтетінін, тіпті үйдегілердің өзі екі есіктің аузына үймелесіп үлгергенін және мұны көріп, сөзін есту үшін бір-бірімен кимелесіп қалғанын аңғарды. Қолайсыз тигені – өз ақымақтығының кесірінен үстелбасының әлі қалқиып тұрғаны еді.

– Мұныңыз қалай! – деп тіл қатқан Иван Ильич оған өзі отырған диванды ебедейсіздеу нұсқады.

– Рақым етсеңіз... мен осы жерге-ақ... – деген Аким Петрович әлдебір тұстан ұшып келіп, Пселдонимовтің аяғына тіреле тоқталғандай көрінген орындыққа отыра кетті. 

– Мынадай жағдайды елестетіп көріңізші, – деп, тек қана Аким Петровичке көз қадаған күйі сөзін бастаған Иван Ильичтің дауысынан аздаған діріл аңдалса да, бұл кезде едәуір қатқылдық бар еді. Ол тіпті сөздерін созып, бөліп, буындарға екпін сала, а дыбысын э дыбысына ұқсата сөйлей бастады, бір сөзбен айтсақ, құбылып отырғанын оның өзі де сезіп, түсінді, бірақ бұл тұста ол әлдебір сыртқы күштің әсерімен өзін игеруден қалған еді. Ол осы минутта көп жәйтті қинала түсінді. 

– Өзіңіз ойлап көріңізші, мен қазір ғана Степан Никифорович Никифоровтен шықтым, бәлкім естіген боларсыз, құпия кеңесші ғой. Иә, ана бір комиссияда...

Құрмет таныта, бүкіл денесімен алға еңкейген Аким Петрович: «Қалайша естімейік», – деді. 

– Ол енді сенің көршің, – деп сөзін жалғаған Иван Ильич сыпайыгершілік үшін және қолайсыздықты серпу үшін Пселдонимовке бұрылған еді, бірақ сол сәтте Пселдонимовтің көздерінен мұның бәрінің оған түкке керексіздігін көріп, дереу жалт берді. 

– Өзіңіз де білетін боларсыз, ол шал өзіне үй сатып алуды өмір бойы қиялдаған ғой... Сөйтіп, сатып алды. Өте жақсы үй. Иә... Осы кезде оның туған күні де жетіп келді, мұны ол ешқашан тойлаған емес-тін, тіпті бізден жасырып, сараңдана қашқақтайтын, хе-хе! Ал енді жаңа үйіне қатты қуанғаны сонша, мені және Семен Ивановичті қонаққа шақырды. Шипуленко ғой, білетін шығарсыз.

Аким Петрович тағы еңкейді. Құштарлана иілді! Иван Ильич едәуір байыз тапты. Әйтпесе, оның миына: «Мына үстелбасы осы сәтте аса мәртебеліге аса қажетті жалғыз тірек өзі болып тұрғанын аңғаратын сияқты ғой!» деген сыңайдағы күдік жүгіре бастап еді. Ал бұл нағыз масқара болар еді.

– Сонымен, үшеуіміз отырдық, бізге шампан қойылды, іс жайын сөз еттік... Қысқасы, анау-мынау туралы... мә-се-ле-лер туралы... тіпті дау-ла-сып та қалдық... Хе-хе!

Аким Петрович құрмет білдіре, қабағын керді.

– Дегенмен мәселе мұнда емес. Ақыр-соңында олармен қоштастым, шал аса ыждаһатты, ерте жатады, түсінесіз ғой, кәрілік. Сыртқа шықсам... Трифоным жоқ! Алаңдап: «Трифон күймені қайда жоғалтқан?» – деп сұрастыра бастадым. Сөйтсем, ол мені ұзақ отырады деп үміттеніп, өзінің көзтанысының ба, қарындасының ба, енді о жағы құдайға аян... үйлену тойына тайып тұрыпты. Осында, Петербург көшесіне қарай. Мұнысы аздай-ақ, күймені де мініп кетіпті. – Генерал сыпайыгершілік үшін Пселдонимовке тағы көз тастап еді. Ол жарықтық дереу имие қалды, бірақ мұнысы генералға көрсетілер ізетке мүлдем ұқсамай шықты. «Сезім жоқ, жүрек жоқ мынада» – деген ой генералдың ми түпкірінде жүгіріп өтті.

– Айта беріңіз! – деп қалды есі шыққан Аким Петрович. Топырласқан жұрт арасымен қайран қала таңданысқан болмашы гуіл жүріп өтті.
– Менің сондағы жағдайымды елестетіп көріңіздерші... (Иван Ильич бәрін көзбен шолып өтті). Амал нешік, жаяу тарттым. «Үлкен проспектіге дейін жетсем, әлдебір Ваньканы тауып алармын» – деп ойлағам ғой... хе-хе!
– Хи-хи-хи! – деп жарамсақтана ілесті Аким Петрович. Тобыр тағы да гу етті, бірақ бұл жолы көңілдірек шықты. Дәл осы мезетте қабырғадағы шамның пияласы шытыр-шытыр сынып түсті. Әлдебіреу оны түзетпекке құлшына ұмтылды. Селк ете түскен Пселдонимов шамға түксие қарады, бірақ генерал бұған назар аудармап еді, бәрі тыныштала қалды. 
– Келе жатырмын... ал түніңіз керемет, тып-тыныш. Бір кезде музыка, дүбір естілді, билеп жатыр. Городовойдан жөн сұрасам, «Пселдонимов үйленген» – дейді. Сөйтсем, сен, бауырым, бүкіл Петербург көшесінің бойын дуылдатып жатыр екенсің ғой... ха-ха, – деп ол қайтадан Пселдонимовке қайырылды. 
– Хи-хи-хи! иә-ә... – деп Аким Петрович үн қосты; қонақтар тағы қипақтады, бірақ бәрінен оғаш көрінгені – Пселдонимовтің тағы да иілгені, бірақ бұл жолы да күлімсіремегені болды, ол ағаштан жасалған бірдеңе сияқты еді. «Мынау ақымақ па, немене өзі! – деп ойлады Иван Ильич, – есек боп кетсе де, осы жолы жымиса, бәрі де оң жамбастан келер еді ғой». Оның көңілінде шыдамсыздық қоздай бастады. – «Қарауымдағы адамға кіріп шығайын. Ол мені қуып шықпайды ғой... қуанса да, қуанбаса да, қонақты қарсы алады ғой» – деп ойладым. Сен, бауырым, құдай үшін, кешір. Егер мен кедергі жасасам, онда кетейін... Мен көріп шығу үшін ғана кіргем... 
Әйткенмен, жұрт арасында ептеген қозғалыс басталды. Аким Петрович: «Құдайым-ау, аса мәртебелімнің кедергі жасауы мүмкін бе?» – дегендей мүттәйім көзбен қарады. Қонақтардың бәрі қозғалған соң, еркінсудің алғашқы нышандары аңдала бастады. Әйелдердің бәрі жайғаса отырды. Бұл ізгі ниеттіліктің белгісі еді. Батылдаулары орамалмен желпінуге кірісті. Өңсіздеу барқыт көйлек киген біреуі әдейі дауысын қатты шығара сөйледі. Әлгі әйел сөз арнаған офицер де дауыстап жауып қайырғысы келген еді, бірақ екеуі ғана қатты сөйлеп қаларын байқап, айнып қалды. Көпшілігі кеңсе қызметшісі және екі-үш студенттен тұратын ерлер тобы біріне-бірі қозғау сала түртпектесіп, жөткірініп, көздерімен ымдасты, тіпті әр-әр тұстан бірер қадам алға аттағандар да көрінді. Қайткенмен де, ешкім соншалықты абыржи қоймаған, тек бәрі жабайыларша үдірейіп қалған еді, өздерінің қуанышын бұзу үшін орталарына кенеттен сап ете түскен айрықша адамға бұлардың бәрі дерлік іштей жауыға қарап тұрды. Өзінің жасқаншақтығы үшін іштей қысылған офицер біртіндеп үстелге жақындай бастады. 
– Тыңдашы, бауырым, сұрауға рақым ет, сенің өз есімің мен әкеңдікі қалай еді? – деп сұрады Иван Ильич Пселдонимовтен.
– Порфирий Петрович, аса мәртебелім, – деп жауап берді анау, тап бір көзін тексергелі жатқандай адырайта қарап.
– Мені таныстырсаңшы, Порфирий Петрович, өзіңнің қалыңдығыңмен... Мені апаршы... мен...
Ол орнынан көтерілуге оқталған. Бірақ Пселдонимов қонақ бөлмеге қарай зыта жөнелді. Әйтсе де, жас қалыңдық бұл сәтте есік аузында тұрған болатын, алайда өзіне қатысты әңгімені естіген бойда, дереу тығылып қалды. Бірер сәттен кейін Пселдонимов оны қолынан сүйреп шығарды. Жұрттың бәрі оларға жол бере, кейін серпілді. Иван Ильич маңыздана көтеріліп, қалыңдыққа қарап, мейлінше мейірлене күлімсіреді. 
– Өте, өте қуаныштымын танысқаныма, – деген ол барынша зиялылық таныта, жартылай иілді, – әсіресе бүгінгідей күні...
Ол жымсия күлімсіреді. Бикештер іштері жыли, толқып кетті. Барқыт көйлек киген бикештің аузынан: 
– Шармé1 (Шармé (франц. – charmé – тәнтімін),– деген сөз де шығып кетті.
Пселдонимовке қалыңдығы сай екен. Бұл – бір жапырақ боп-боз әлпетіне мұрны біздие біткен, бар-жоғы он жетілер шамасындағы тырыли бикеш еді. Жылт-жылт жүгіріп тұратын түймедей көздері қысылып-қымтырылуды білмейтіндей. Керісінше, әлдебір өшпенділікпен тімтіне қадалады екен. Пселдонимовті мұның сұлулығы қызықтырмағаны анық еді. Тысы қызғылт түсті кисеядан тігілген көйлек киіпті. Мойны қылқиып, сүйектері жұп-жұқа терісін тесіп шығардай көрінеді. Генералдың ілтипатына ол бірдеңе айтуға да жарамады. 
– Иә, таңдауың тамаша екен, – деп естілер-естілмес үн қатқан ол Пселдонимовке сөйлегендей болғанымен, қалыңдықтың да естуін көздеген еді. Бірақ Пселдонимов бұл тұста да ләм-мим демеді, тіпті бұл жолы иілуді де естен шығарды. Иван Ильичке оның көздерінде әлденендей ызғар бардай, ал көңіл түпкірінде қарау пиғылды бірдеңе жатқандай сезілді. Бірақ, қалай болғанда да, ниеттестікке қол жеткізу қажет еді. Өйткені мұның өзі сол үшін келді ғой.
«Екеуі де келісіп-ақ тұр екен! – деп ойлады ол. – Дегенмен...»
Ол өзі отырған диванға жақындай орныққан қалыңдыққа қайтадан назар аударған, бірақ қойылған екі-үш сұраққа «иә» немесе «жоқ» деген ғана жауаптар алды, шындығында, оларының өзі көңіл көншітпейтін. 
«Мынау, тым болмаса, ыңғайсызданса ғой, – деп ойлады ол. – Онда мен де әзілдей бастар едім. Әйтпесе, жағдайым мүшкілденіп бара жатыр ғой». Қас қылғандай, Аким Петрович те жақ ашпай тұра берді, әрине, ол қанша ақымақ болса да, мұнысын кешіруге болмайтын. 
«Мырзалар! мен сіздердің қызықтарыңызға кедергі еткен жоқпын ба осы?» – деп сұрады ол баршаға назар аудара. Ол өз алақандарының терши бастағанын сезді.
– Жо-жоқ... Алаңдамаңыз, аса мәртебелім, қазір бастаймыз, ал енді... желпінейік, – деп жауап қайырды офицер. Қалыңдық оған ризалық таныта қарады: офицер әлі қартая қоймаған еді және үстінде әлдебір команданың мундирі бар болатын. Пселдонимов те осы маңда бүкшиіп тұрған, оның қоңқақ мұрны осы сәтте тіптен қоңқиып кеткендей көрінді. Ол өз мырзаларының қоштасар сәттегі әңгімелерінің аяқталуын күтіп, солардың ішіктерін қолына ұстап, жан-жағына құлағы мен көзін қатар тіккен лакейге ұқсайтын. Бұл теңеуді жасаған Иван Ильичтің өзі болатын; ол қатты абдырады, өзін аса қолайсыз сезінді, аяғының асты тайғақтай бастағандай, саңылаусыз қуысқа кіріп кетіп, қайтып шыға алмай жүргендей әсерге бой ұрды.


*     *     *

Кенет бәрі қақ жарыла жол ашты да, аласа бойлы, дембелше келген, қарапайым киінген, дегенмен, екі ұшын алқым тұсынан түйрей, иығына жалпақ орамал жамыла сәнденген кекселеу әйел көрінді, төбесіне қондырған тебетейі де бар еді, әйтсе де, мұны киіп әдеттенбегені байқалатын. Ол тығыны алынса да, әлі басталмаған шампанның шишасы мен артық та емес, кем де емес, тұп-тура екі бокал салынған кішкене ғана дөңгелек табақты көтеріп келе жатты. Сірә, бұл шиша қонақтардың екеуіне ғана арналса керек.
Кекселеу әйел генералға жақындады.
– Айыпқа бұйырмағайсыз, аса мәртебелім, – деп, басын ие тіл қатты ол, – бізден жиіркенбей, ұлымыздың тойына қатысуға ниет еткен екенсіз, шараптан ауыз тиіп, жастарды құттықтауыңызды сұраймыз. Барымызға риза боп, бейіл танытсаңыз екен.
Иван Ильич бұл әйелге құтқарушысындай жабысты. Ол әлі де соншама қартая қоймаған, қырық бес пен қырық алтылар шамасындағы әйел еді. Оның қызыл шырайлы томпақ жүзінде орыс жаратылысына тән мейірім бар еді, ол соншалықты жайдарылана күлімсіреп, алғаусыз бас иген кезінде Иван Ильич едәуір жұбаныш тауып, үмітін қайта сабақтай бастаған-ды. 
– Сонда сі-і-із сіздің ұ-ұлыңыздың шешесіз ғой? – деді ол, диваннан көтеріліңкіреп. 
– Шешем, аса мәртебелім, – деп міңгірлеген Пселдонимов өзінің қылқиған мойнын созып, мұрнын тағы да алға оздырды.
– А! Өте қуаныштымын, танысқаныма ө-те қуаныштымын.
– Барға қанағат етіңіз, аса мәртебелім.
– Ықыластана ризашылық білдірем.
Табақ қойылды, жетіп келген Пселдонимов шарап құйды. Әлі түрегеп тұрған Иван Ильич бокалды ұстады.
– Мен бұл мүмкіндікке барынша, барынша қуаныштымын, өйткені... – деп бастап кетті ол, – өйткені... куә боп тұрмын... Қысқасы, бастық ретінде... сізге тілерім, бикеш (ол қалыңдыққа назар салды), сондай-ақ, достым Порфирий, ұзақ та, баянды бақыт.
Ол бокалдағыны пейілдене ішіп салды, бұл осы кештегі жетінші бокал болатын. Салмақтана қалған Пселдонимов түксие қарады. Ыза буған генерал оны жеккөре бастады. 
«Мына сорай да (ол офицерге қарады) состия қалыпты. Тым құрыса, «Ура!» – деп айғай салмай ма?!. Сонда, кете берер еді ғой, кете берер еді...»
– Аким Петрович, сіз де ішсеңізші, құттықтасаңызшы, – деп сөз жалғады кемпір, үстелбасыға бұрыла қарап. – Сіз бастықсыз, ол сіздің бағыныштыңыз. Ұлыма көз қырын сала жүріңіз, ана ретінде өтінем. Алдағы уақытта да бізді ұмытпаңыз, көкетайым, Аким Петрович, сіз нағыз қайырымды жансыз.
«Шіркін, орыстың ізгі жанды әйелдері-ай! – деп ойлады Иван Ильич. – Бәріне жан бітірді ғой. Мен қашаннан халықшылдықты сүйем ғой...»
Осы мезетте үстелге тағы бір табақ әкелінді. Мұны әзірше су тие қоймаған судырлақ сиса көйлек пен тоқыма белдемше киген бойжеткен жеткізді. Ол аса зор табақты қос қолымен әзер қаусырып тұрды. Табақ үсті алма, кәмпит, қақталған жеміс, мармелад, грек жаңғағы т.с.с. толтырылған тәрелкелерге толып тұр еді. Бұған дейін бұл табақ барлық меймандарды, әсіресе, әйелдерді сыйлау үшін қонақ бөлмеде тұрған болатын. Енді ол генералдың жалғыз өзіне тартылды. 
– Аса мәртебелім, біздің дәмнен бастартпасаңыз екен. Барға қанағат, жоққа салауат, – деп, басын ие қайталады кемпір.
– Шын ниетіммен... – деді Иван Ильич және бір жаңғақты ықыластана алып, саусақтарымен қыса, үгітіп жіберді. Ол ендігі жерде ақырына дейін қарапайым болмаққа ұйғарды. 
Сол екі арада қалыңдықтың оқыс сықылықтап жібергені. Тіршілік нышанына қуанып кеткен Иван Ильич:
– О не? – деп күлімсірей сұрады.
– Мынау, Иван Костенькиныч күлдіріп тұр, – деп жауап қатты дегбірі қашқан қалыңдық.
Шынында да, диванның арғы жағындағы орындықты тасалана, madame Пселдонимоваға бірдеңе сыбырлаған, бет-әлпеті сүйкімсіз деуге келмейтін, ақсары бозбаланы генерал аңдап қалды. Бозбала бой көрсетті. Сірә, бұл жігіт тым ұялшақ, әрі тым жас болса керек. Ол өзін кінәлі сезінгендей болып:
– Мен оған «түс жору» туралы айтып ем, аса мәртебелім, – деп күмілжіді.
– Ол қандай түс жору кітабы болды екен? – деп Иван Ильич бейіл танытты.
– Жаңаша түс жору кітабы бар, әдеби... Мен оған Панаев мырзаны түсінде көрер болса, онда омыраушасына кофе төгілетінін айтқан едім.
«Неткен аңғырттық», – деп ойлаған Иван Ильич іштей ызаланып та қалды. Әлгіні айтқан жігіт мейлінше қызарып кетсе де, Панаев мырза туралы әңгімелеп үлгергеніне іштей масаттанып тұр еді. 
– Иә, иә, естігем... – деді аса мәртебеліміз.
– Негізі, бұдан да жақсысы бар, – деп сөз қосты Иван Ильичтің дәл жанынан әлдебір дауыс, – жаңа лексикон жарыққа шығады екен, естуімше, Краевский мырза мақала жазбақшы, Алфераки... және ашкерелеуші әдебиет...
Мұны айтқан да жас жігіт еді, бірақ ол жасқаншақтықтан гөрі, кеудемсоқтыққа бейімдеу болатын. Ақ кеудеше, биялай киген ол шляпасын қолына ұстап тұрды. Ол биге араласпай, паңдана көз тастап қана тұрған, өйткені ол сатиралық «Головешка» журналындағы білгішсініп жүретін қызметкерлердің бірі болатын, ал бұл тойға Пселдонимовтің қадірменді қонағы ретінде шақырылып, кездейсоқ тап болған еді, бұл екеуі өзара «сен» деп сөйлесетін және екеуі де өткен жылы әлдебір неміс әйелдің «бұрышын» бірге жайлаған болатын. Әлбетте, ол арақ ішетін және сол үшін қағаберістегі бөлмеге осындағылардың бәрі білетін жолмен осыған дейін де бірнеше рет барып келген еді. Оны генералдың суқаны сүймей қалды.
Әлгінде омырауша туралы айтқан ақсары бозбала:
– Мұның күлкілілігі сонда.., – деп кенеттен қуана киліге кетті және сонысы үшін оған ақ кеудешелі қызметкер жақтырмай қарады, – күлкілігі сонда, аса мәртебелім, құрастырушының ойынша, Краевский мырза емле ережелерін білмейді екен және «әшкерелеуші әдебиет» дегенді «ашкерелеуші әдебиет» деп жазу керек көрінеді...
Бірақ байғұс бала ойдағысын әзер айтып үлгерді. Ол мұны генералдың баяғыдан бері білетінін көзінен аңғарды, өйткені осыны білетіндігі үшін генералдың өзі де өте ыңғайсызданып қалғандай көрінген еді. Балаң жігіт өлердей ұялды. Ол әлдебір жаққа тездете бой жасырып үлгерді және қалған уақыттың бәрінде қабағы ашылмады. Оның есесіне «Головешканың» кеудемсоқ қызметкері тым жақындай түсті, тіпті тізе түйістіре отыруға оқталғандай әсер етті. Осыншама еркінсу Иван Ильичке орайсыз оспадарлық боп көрінді. 
– Иә! айта қойшы, Порфирий, – деп бастады ол, әйтеуір бірдеңе айтуы керек болған соң, – мен сенің өзіңнен тікелей сұрайын деп едім – осы сені неліктен Пселдонимов дейді, неге Псевдонимов емес? Не дегенмен, сен Псевдонимов шығарсың?
– Нақты айта алмаймын, аса мәртебелім, – деп жауап берді Пселдонимов.
– Сірә, бұл мұның әкесі қызметке кірген уақытта қағазда кеткен қателік болса керек, содан бұл да енді Пселдонимов боп қалған ғой, – деп сөз қосты Аким Петрович. – Мұндай болады.
– Әл-бет-те, – деп қызулана іліп әкетті генерал, – әлбет-те, солай! Өзіңіз ойлаңызшы: «Псевдонимов»-тің негізі «псевдоним» деген әдеби сөзде жатыр. Ал, «Пселдонимов» ештеңені білдірмейді.
– Ақымақшылық қой, – деп үстеді Аким Петрович. 
– Сонда «ақымақшылығыңыз» не?
– Орыс халқы; кей кездері әдеби сөзді ақымақшылықпен өзгертеді, сөйтіп, кейде өзінше айтып кетеді. Мәселен, «инвалид» деудің орнына «невалид» деп сөйлейтіні бар.
– Иә, иә... невалид, хе-хе-хе...
– «Мумер» деп те айтады, аса мәртебелім, – деп қыстырылысты біраздан бері өзін көрсетудің орайын таппай тұрған ұзынтұра офицер.
– «Мумер» не болғаны сонда?
– «Нумер»-дің орнына «мумер» ғой, аса мәртебелім.
– Ә, иә, «нумер»-дің орнына... «мумер»... Иә, иә... хе, хе, хе!.. – Иван Ильич офицерді қолдап, шықылықтауға мәжбүр болды.
Офицер галстугін түзетті. 
– Сол сияқты, «құсап» деп те сөйлейді, – «Головешканың» қызметкері сөзге араласқысы келген. Бірақ аса мәртебеліміз онысын құлағынан асырып жіберді. Бәріне бірдей шықылықтай берсін бе енді.
– «Ұқсап»-тың орнына «құсап», – деп «қызметкер» ішкі ашуы бетке ұра, кимелей түскен.
Иван Ильич оған қатулана қарады.
– Несіне жабыса қалдың? – деп Пселдонимов қызметкерге сыбырлады.
– Не боп қапты, менікі де әңгіме ғой. Сөйлеуге де болмай ма, не, – деп ол да сыбырлай дауласқысы келген, әйткенмен, ызалана булығып, үнсіз қалды да, бөлмеден шығып кетті. 
Кеш басталған бойда ярославль дастарханы жабылып, оның үстіне биші кавалерлер үшін екі түрлі арақ, кептірілген майшабақтар, уылдырық түйіршіктері және ұлттық дүңгіршіктен алынған аса уытты херес шишасы қойылған шағын үстелшесі бар қағаберістегі тартымды бөлмеге тіке тартты. Кеуде кернеген ашу үстінде өзіне арақ құя бергені сол еді, Пселдонимов тойындағы бірінші биші, әрі канканерге айналған додабас студент-дәрігер кенеттен кіріп келді. Жалаңдаған ол графинге апыл-ғұпыл жармасты.
– Қазір бастайды! – деген ол дереу билеп-төстей бастады. – Көретін бол: аяғымды аспанға шығара соло жасаймын, ал кешкі астан соң балықты байқап көрем. Мұным үйлену тойына дәл келуге тиіс. Былайша айтқанда, Пселдонимовке тілеулестігімді ишараламақпын... Әлгі Клеопатра Семеновна ғажап екен, онымен бірге кезкелген нәрсеге тәуекел етуге болады.
Рюмкасын сарыққан қызметкер:
– Анау ретроград, – деп тұнжырай жауап қатты. 
– Кім ретроград?
– Әлгі біреу, тәтті-дәмдінің бәрі алдына тартылған әлгіні айтам. Ретроград! мен айтып тұрмын саған.
– Әй, қойшы сен! – деп күңк еткен студент кадрильдің басталғанын ести сала, бөлмеден ырши атылды. 
Жалғыз қалған қызметкер өзіне еркіндік алып, қайрат-жігерін жани түсу үшін тағы бір құйып жіберді де, ішіп салды, бірдеңені тіске басты; осы сәттен бастап, әсіресе арақтың екінші рюмкасынан кейін, құзырлы стат кеңесшісі Иван Ильич жақтырмай қалған «Головешканың» қызметкері ол үшін бұрын-соңды кезіктірмеген хас дұшпанға және өш алмай тынбайтын кекшілге айналып шыға келді. Әттең! Иван Ильич мұндайларға мүлдем қамсыз болатын. Сондай-ақ, ол өзінің жоғарғы мәртебесіне меймандардың бұдан арғы көзқарасына ықпал ететін тағы бір аса мәнді жағдайды ескермей қалған еді. Мәселе мынада еді, ол өз бағыныштысының тойына өзінің қалай келіп қалғанын өз тарапынан мейлінше бипаздай, тіпті тәптіштей жеткізсе де, бұл түсініктемесіне ешкім де иланыңқырамай, қонақтардың ыңғайсыздануы жалғаса берген. Бірақ бәрі кенеттен сиқырланғандай күрт өзгерді; бұл бөлмеде тосын қонақ мүлдем болмағандай-ақ, барлығы қалпына келіп, көңіл көтеруге, қарқылдап, сықылықтауға және билеуге ыңғайласа қалды. Мұның сыры қонақтың масаңдығы жайында... қалай шыққаны белгісіз қауесеттің кенеттен күбір-сыбыр, пыш-пышқа ұласып кетуінде еді. Бір қарағанда бұл жәйт сұмпайы өсек іспетті көрінгенімен, түйін аз-аздап тарқатыла бастағандай, өйткені бәрі бірден айқындалып сала берген. Бұл аз болса, кенеттен кереметтей еркіндік орныққан. Міне, дәл осы сәтте медицина студенті сонша асыға күткен, кешкі ас алдындағы соңғы кадриль де басталып кеткен.
Қалыңдықты осы жолы әлдебір қитұрқы әзілмен естен тандыра қоймақ болған Иван Ильич оған қарай тағы да бұрыла бергені сол еді, оқыстан ойқастай кеткен ұзынтұра офицер құшағын кең аша, қыздың алдына тізерлей тоқтады. Кадрильге қатысу үшін диваннан дереу шорши секірген қыз да оған ілесе қалқи жөнелді. Офицер тіпті кешірім де сұрамады, ал кетіп бара жатқан қыз генерал жаққа көзін де салмады, тіпті ол құтылғанына қуанып тұрғандай сезілді.
«Шындығында, онікі де өзінше жөн, – деп ойлады Иван Ильич, – оның үстіне, бұлар әдепті біле бермейді ғой».
– Ім-м... сен, бауырым Порфирий, тым сызыла берме, – деп ол Пселдонимовке үн қатты. – Мүмкін, ана жақта сенің бірдеңелерің бар шығар... шаруаларың дегендей... немесе мына жақта бірдеңелер... құдай үшін, қысылма. «Мына неме мені күзетіп тұрғаннан сау ма?» – деп іштей үстеп қойды. 
Ол Пселдонимовтің қылқиған мойнына да, бұған тесірейе қадалған көздеріне де ызалана бастады. Бір сөзбен айтқанда, осылардың бәрі өзі көздегендей емес еді, тіптен олай емес еді, бірақ Иван Ильич мұны мүлдем мойындағысы келмей тұрған.


–––––––––––––––

Кадриль басталды. 
– Бұйырасыз ба, аса мәртебелім? – деп сұраған Аким Петрович ізет таныта қолында ұстап тұрған шишадан аса мәртебелінің бокалына құюға әзір тұр еді.
– Мен... мен, шынымды айтсам, білмеймін, егер...
Дегенмен Аким Петрович жүзінен шапағат шаша нұрланған күйі шампан құйды. Бокал толған соң, ол дәл бір ұрлық жасайтындай, дәл бір тасаланғысы келетіндей иіліп-бүгіле тұрып, ернеуге тура бір елі жеткізбей өзіне де құйды және мұнысы құрметтеу нышанындай көрінді. Ол өзінің ең жақын бастығының жанында отырған кезінде толғақ қысқан әйелдей қиналды. Шын мәнінде не туралы сөйлеспек? Ал ол аса мәртебелінің көңілін аулауға міндетті еді, өйткені онымен шүйіркелесу абыройын иеленіп отыр ғой. Бұл тығырықтан шығарған шампан еді және оның құйғанына аса мәртебелінің де іші жылыды, – шампанға бола емес, өйткені онысы жып-жылы әрі дәмі сүйкімсіз еді, десек те, жанға жағымды болған-ды.
«Шалдың өзінің ішкісі кеп отыр, – деп ойлады Иван Ильич, – бірақ менсіз батылы бармай тұр. Кедергі етпейін... Әрі ортамызда шишаның осылай тұрып қалғаны да күлкілі екен».
Ол сіміріп салды және мұнысы тектен-тек отырғаннан гөрі тәуірірек көрінді.
– Мен мұнда.., – деп бастады ол, сөздерінің жігін аша әрі екпін сала, – мен мұнда, былайша айтқанда, кездейсоқ келдім ғой.., әрине, бәлкім, біреулерге менің... былайша айтқанда, мұндай жиында болуым... жағымсыз көрінер.
Аким үндеместен, мүләйімси ықыластанып, құлақ түрді.
– Әйткенмен мұнда менің не үшін отырғанымды сіз түсінерсіз деп үміттенем... Шарап ішу үшін келмегенім анық қой. Хе-хе!
Аким Петрович аса мәртебеліге ілесе қиқылдағысы келген, бірақ үні құмығып, бұл жолы да жан жұбатарлық ештеңе айта алмай қалды.
– Менің мұндағы... былайша айтқанда, мақсатым... қайрат беру, көрсету, былайша айтсақ, яғни адамгершілік мақсат, – деп сөз жалғады Иван Ильич, Аким Петровичтің ақымақтығына күйіне тұрып, бірақ кенеттен өзі де үнсіз қалды. Ол Аким Петрович байғұстың өзін-өзі кінәлідей сезініп, төменшіктей жерге қарағанын көріп еді. Әжептәуір абдырап қалған генерал бокалынан тағы бір мәрте тартып жіберуге оқталды, ал Аким Петрович болса, жанын арашалап қалар желеу тапқандай-ақ, шишаны сығымдай ұстап, тағы да толтыра құйды. 
Байғұс Аким Петровичке түйіле қараған Иван Ильич: «Е-е, шама-шарқың шамалы екен ғой», – деп ойлады. Өзіне генералдың сұстана көз салғанын жан-тәнімен түйсінген анау болса, бұдан әрі сөйлемеуді және көзін жерден айырмауды жөн көрді. Бір-біріне бетпе-бет келіп қалған бұлар осылайша екі минут отырды, бұл Аким Петровичтің жанын шырқыратқан екі минут еді.
Аким Петровичке қатысты бірер сөз. Бұл жәреукелікке бейім ескілікті жолға еліктеп өскен, тауық болмысты монтаны кісі еді, оны мейірімді, тіпті ізгі жан деуге де болатын. Ол нағыз петербургтік орыс болатын, яғни оның әкесі де, әкесінің әкесі де Петербургте туып-өскен, қызмет еткен және еш уақытта Петербургтен шығып көрмегендер еді. Бұлар – орыс адамдарының айрықша бір типі. Олардың бойында Ресей туралы титтей де түсінік жоқ деуге болар еді және бұл үшін еш алаңдамайтын. Олардың бүкіл ойы Петербургпен, ең бастысы, өздерінің қызмет орындарымен шектелетін. Олардың барлық қызығы бақыр тиындық преферанс, дүкеншіктер және айлық жалақы аясында ғана еді. Олар шарманкада ойнатылатындықтан ғана жаттап алған «Лучинушкадан» басқа бірде-бір орыс әнін, бірде-бір орыс дәстүрін білмейтін. Дегенмен, нағыз орыс пен петербургтік орысты сіздің дереу ажыратып алуыңызға септесетін аса мәнді әрі бұлжымас екі белгі бар. Бірінші белгіміз мынау – петербургтік орыстардың ешқайсысы еш уақытта «Петербургские ведомости» деп айтпайды, әрдайым «Академические ведомости» деп сөйлейді. Осымен бірдей маңызға ие екінші белгінің мәні мынада – петербургтік орыс ешқашан «таңғы ас» деген сөзді қолданбайды, әрдайым «фрыштик» дейді және «фры» дыбысына ерекше екпін үстейді. Әбден орныққан осынау айрықша белгілері арқылы сіз оларды әрқашан ажырата аласыз; бір сөзбен айтсақ, бұлар – әсіресе соңғы отыз бес жыл көлемінде түбегейлі қалыптасқан момақан тип. Қысқасы, Аким Петрович тіпті де ақымақ емес еді. Егер генерал одан болмысына лайықты әлдене сұраса, бұл да жауап беріп, әңгімені жалғастырған болар еді, әйтпесе бағыныштының әлгіндей сұрақтарға жауап беруі ыңғайсыз ғой, әйткенмен Аким Петрович аса мәртебелінің шынайы ниетіне қатысты бірдеңелерді тереңірек білуге құмартып-ақ отырған-ды...
Бұл екі арада Иван Ильичті сан алуан ойлар мен мың құбылған идеялар еліктіре жетелеп, өзі де аңдамастан, сәт сайын бокалынан сіміріп отырған. Аким Петрович ынты-шынтысымен дереу толтырып отырды. Екеуі де үнсіз еді. Иван Ильич бишілерге көз қиығын жүгірткен еді, олар оның назарын лезде жаулап алды. Бір кезде бір жағдай оны тіпті таңдантып та тастаған...
Би шынымен көңілді болатын. Мұндағылар жүректерінің қарапайым қалауына сай көңілдену үшін, тіпті құтырыну үшін билеп жатқан. Бишілердің әбжілдері тым аз еді; алайда қолапайсыздары соншама елеурей тебінген сайын оларды нағыз майталмандай қабылдауға болатын. Ә дегеннен офицер көзге ұратын: ол соло жасағандай болып состия көрінетін фигураларды ерекше ұнатады екен. Сондай сәттерде ол таңғалдыра бұралаңдайды, нақтылай айтсақ: қазықтай қаздиған ол бір бүйіріне оқыс қираң еткенде, «құлайды-ау!» деп ойлайсың, бірақ келесі сәтте тура сол күйінше, еденді бетімен сүрердей имиіп, екінші жағына қираңдап бара жатады. Әлпетіне барынша маңызды түр берген ол өзінің бишілігімен баршаны естен тандырғанына іштей күмәнсіз еді. Екінші бір кавалер кадрильге дейін-ақ бабына келіп, өз бикешінің қасында қисая мызғып кеткендіктен, оның бикешіне жалғыз билеуге тура келді. Мойнына көкшіл орамал таққан бикешпен билеп жүрген регистратор жігіт осы кеште биленген бес кадрильдің бәрінде де бір ғана нәрсені жасап шықты, нақтылай айтсақ, ол өз бикешінен біршама артта қала ойқастап, секірсе де, үйірілсе де оның орамалының ұшынан жабыса ұстап, сол тұстан жиырма шақты рет сүйіп үлгеріп жүрді. Бикеші болса, ештеңені байқамағанси, оның алдында қалықтап бақты. Медицина студенті аяғын аспанға келтіре соло жасап, шынында да, жұртты елеурете таңғалдырып, ызы-қиқу мен жер тепкілеткен ризашылыққа кенелді. Бір сөзбен айтсақ, еркінсуде шек жоқ еді. Шарап басына шапқан Иван Ильич жымиғысы келген, бірақ көңіл түпкірінде әлдебір сезікшіл секем қылтия көрінді: әлбетте, ол еркінсу мен дөкірлікке іштартатын; әлгінде бәрі тіксініп қалған кезде оның өзі де дәл осындай еркінсуді іштей тілеп, аңсаған; бірақ ендігі еркінсу шектен шығып бара жатқандай еді. Мәселен, қолдан-қолға өтіп, әбден өңі тайған көк түсті барқыт көйлек киген әнебір бикеш өз көйлегін тыңқиған денесіне түйреуіштермен жабыстыра жиырып алғаны сонша, ішкиіммен жүргендей көрінетін. Бұл, – әлгі бір сәтте оның кавалері, медицина студенті айтқандай, – кезкелген нәрсеге тәуекел етуге болатын Клеопатра Семеновнаның дәл өзі еді. Медицина студенті туралы айтып жатудың өзі артық: кәдімгі Фокин. Бұл қалай болғаны? Әлгінде тосырқап тұр еді, енді кенеттен елеуреп шыға келді! Былайынша, ештеңе емес сияқты, бірақ бұл өзгерісте әйтеуір бір түсініксіздік бар еді, әйтеуір бірдеңе бар. Мыналар жарық дүниеде Иван Ильичтің бар екенін де мүлдем ұмытып кеткендей. Әлбетте, ол жұрттан бұрын қарқ-қарқ күлді, тіпті қол шапалақтап жіберуден де тартынбады. Аким Петрович оны қолпаштай, рахаттана шықылықтаған, әйткенмен ол аса мәртебелінің көңіл түпкірінде жаңа бір құрттың жыбырлай бастағанын аңдамап еді.
Кадриль аяқталған бойда қасынан өтіп бара жатқан студентке:
– Керемет билейді екенсің, жігітім, – деуге мәжбүр болды Иван Ильич.
Оған қарай жалт бұрылған студент бет-аузын бырыстырып-тырыстырып алды да, аса мәртебеліге аузын өрескел таяй түсіп, тамағын жырта әтеш боп шақырды. Бұл шектен шығу еді. Иван Ильич үстелден тұрды. Бұған да қарамастан, қарқылдаған дауыстар ду көтерілді, өйткені әтештің дауысы соншалықты шынайы, ал бет-ауыздың қисаңдауы мүлдем тосын шығып еді. Иван Ильич мәңгіріп тұрып қалған, сол сәтте Пселдонимовтің өзі де бой көрсетіп, иіліп-бүгіле, кешкі дәмге өтіне шақырды. Оған ілесе шешесі де көрінді.
– Әкетайым, аса мәртебелім, – деді ол иіле тұрып, – рақымшылық жасап, біздің кем-кетігімізге кеңдік еткейсіз...
– Мен... мен, шынымды айтсам, білмеймін... – деп сипақтады Иван Ильич, – мен бұл үшін емес... мен.. кетсем бе деп ем...
Шынында да, ол тымағын қолында ұстап тұрған. Оның үстіне, ол дәл осы сәтте титтей де кідірмеуге, дәл қазір қайткенде де шығып кетуге, қалайда мұнда қалмауға іштей серт етіп тұр еді, бірақ... қалып қойды. Келесі сәтте ол үстелге беттеген шерудің басында тұрды. Алдыға түскен Пселдонимов пен шешесі оған жол ашып бара жатты. Оны нақ төрге жайғастырды және шампанның шүпілдеген шишасы тағы да оның алдынан табыла кетті. Тіске басар айнакөз шабақ пен арақ та тұрды. Ол қолын созып, үлкен бокалға өзі толтыра арақ құйды да, ішіп салды. Ол бұрын-соңды арақ ішіп көрмеген еді. Ол өзін таудан құлдилап келе жатқандай сезінді, қалқып, самғап келеді, әлденеге жармасқысы, ұстағысы келеді, алайда оған еш дәрмені жетер емес.


–––––––––––––––

Расында да, оның жағдайында шимай-шытырлар өте-мөте көбейіп бара жатқан-ды. Ол аз десеңіз: бұл нағыз тағдыр тәлкегі еді. Осы сағатта оның нендей күй кешкені бір құдайға ғана аян болар. Ол мұнда келген кезінде, былайша айтқанда, бүкіл адам баласын және өзінің барша бағыныштыларын бауырына басуға құмбыл еді, енді міне, бірер сағат өтер-өтпестен, ол жан-жүрегі қан жылай тұрып, өзінің Пселдонимовтен жиренетінін, оның өзін де, әйелін де, тойын да нәлеттеп тұрғанын ұқты. Бұл аз десеңіз, ол Пселдонимовтің өзі де мұны жек көретінін кейпінен таныған, оның: «Қарғыс атқыр, құрып неге кетпейсің! Мойнымызға масыл болдың-ау!..» – деп тұрғанын көзінен-ақ көрген. Осының бәрін ол оның көзқарасынан әлдеқашан оқып қойған еді.
Әрине, Иван Ильич қазір де, үстелге жайғасқаннан кейін де, осының бәрі шынымен солай екенін дауыстап айтпақ түгілі, іштей мойындаудың өзіне келіспес еді, оданда өз қолын кесіп тастауды құп көрер еді. Толықтай бір минут те өте қоймаған, ізгілік тепе-теңдігі әлі де сақталып тұр еді. Бірақ жүрек, жүрегі құрғыр... сыздауда! байғұс жүрек еркіндікке, кеңістікке, демалуға асығулы. Қалай дегенмен, Иван Ильич тым мейірбан адам еді.
Ол білген еді ғой, әлдеқашан кетуі керектігін, кету ғана емес, құтылуы қажеттігін өте жақсы біліп отырған. Кенеттен бәрі олай болмай шықты, иә, көпір үстінде тұрып қиялдағаннан мүлдем басқаша боп кетті. 
«Мен не үшін келдім? Шындығында мен осында ішіп-жеу үшін келіп пе едім?» – деп ойлады ол айнакөзді тістелеп отырып. Ол тіпті өзін-өзі сынап та алды. Кей сәттерде өз қаһармандығын іштей әжуалап та өткен. Ол мұнда не үшін келгенін, шын мәнінде, өзі де түсінбей дал бола бастады.
Бірақ қалай кетпек? Істі аяғына жеткізбей, жайдан-жай кете салу мүмкін емес еді. «Жұрт не демек? Жүгенсіз жерлерді кезеді екен дейді ғой. Егер істі тындырмасам, шынымен солай болады ғой. Мәселен, күні ертең (өйткені қауесет барлық жерге жетеді) Степан Никифорыч, Семен Иваныч, кеңседегілер, Шембелдер, Шубиндер не демек? Жоқ, менің не үшін келгенімді олардың бәрі түсінетіндей етіп кету керек, ізгі мақсатты айқындау керек...» – Алайда патетикалық сәттің орайы келмей жатты. – «Бұлар мені құрметтемейтіндей ғой, – деп жалғастырды ол. – Неменесіне күледі? Сезімсіз жандарша еркінсиді ғой, тіпті... Иә, мен жас буынның сезімсіздігіне әлдеқашан күмәнданғам! Қалай болғанда да, қалуым керек!.. Енді билеп болды, ал үстел басында бәрі жиналады... Мәселелер жайында, реформалар жайында, Ресейдің құдіреттілігі жайында сөйлеп берем... мен бұларды еліктіріп әкетем! Иә! Мүмкін, әлі ештеңе жоғалта қоймаған шығармын... Мүмкін, шынайы өмірде ылғи осылай болатын шығар. Тек бұларды баурап алуым үшін неден бастауым керек? Қандай тәсіл ойлап тапсам екен? Еленбей қалдым, елер емес... Бұларға не керек өзі, нені қалайды бұлар?.. Байқаймын, мыналар күліп отыр ғой... Құдайым-ау, маған емес пе!?. Маған не керек өзі... не үшін отырмын мұнда, неге кетпеймін, не күтіп отырмын?..» Оның осылай ойлануы мұң екен, әлдебір ұят, тереңнен тепсінген әлдебір жан төзгісіз ұят оның жүрегін тілгілеуін бірте-бірте күшейте берді.


–––––––––––––––

Алайда бәрі бірін-бірін кимелей, осылай өте берді.
Үстелге келгелі бері тура екі минут өткен тұста оның тұла бойын қорқынышты бір ой жаулап алды. Ол кенеттен өзінің мас екенін, мас болғанда, бұрынғыдай емес, өлердей мас екенін сезді. Бұған себепкер шампанға ілестіре ішіп жіберген және әсері дереу білінген бір бокал арақ болатын. Ол өзінің әл-дәрменнен айырыла бастағанын жан-тәнімен сезінді, түйсінді. Әлбетте, шалқып-тасу үстеле түскен, бірақ толық тұманданбаған санасы оған: «Дұрыс емес, өте жаман, әдепсіздіктің нақ өзі!» – деп айғайлап жатты. Әлбетте, тиянақсыз масаң ойлар әлдебір нүктеге тоқтай алмай, кенеттен пайда болып, кейде оның өзіне ғана екі қырынан көрініп кетіп жатты. Бір жағында шалқып-тасу, жеңіске құштарлық, кедергілерді сүріп өтуге, сөйтіп мақсатқа жетуге деген ақкөз сенімділік тұрды. Ал келесі жағы жанын аяусыз шырқырату, жүрегін сыздату арқылы өзін танытып жатты. «Не демек? немен бітпек бұл? ертең не болмақ, ертең, ертең!..»
Қонақтар арасында өзіне жау ниеттілер бар екенін ол әуелден-ақ соқыр түйсікпен сезінген-ді. Күйзеле күмәнданған ол: «Бәлкім, бұл мана мас болғанымнан шығар», – деп ойлаған. Ал қазіргі сәтте шүбәландырмайтын райларына қарап, үстел басында шынымен-ақ өзіне жау адамдар отырғанына көзі жеткенде және бұған күмәнданудың қажетсіздігін ұққан кезде оның өне бойы қалай түршікті десеңші.
«Не үшін! не үшін!» – деп ойлады ол.
Бірталайы қазірдің өзінде бабына келіп үлгерген отыз қонақтың бәрі үстелді жағалай орнықты. Кейбіреулері өздерін еркінси ұстап, жүгенсіз еркіндікке бой ұрып, айғайлап, жамырай сөйлеп, ұшқалақтана тост көтеріп, нанды умаждап, бикештермен атқыласып отырды. Сүртігіне май жұқтырып алған әлдебір сиықсыздау сабаз үстелге жақындаған бойда-ақ орындықтан құлап түсіп, кешкі ас аяқталғанша сол жерде тапжылмай жатты. Енді бірі үстел үстіне шығып, тост айтпаққа оқталып еді, етегінен жармасып үлгерген офицер оның мезгілсіз қоздаған шабытын ауыздықтап қалды. Әлдебір генералдың басыбайлы аспазын арнайы жалдағанмен, кешкі ас аралас-құралас қамдалыпты; әуелі тоңазытпа, картоппен жабылған тіл, көк бұршақ қосылған котлет ұсынылды, сосын қаз, ең соңынан бламанже тартылды. Ішімдіктен болғаны: сыра, арақ және херес. Бір шиша шампан генералдың алдында ғана тұрды, сондықтан ол өзіне де және кешкі ас үстінде тізгінге иелік етуге батылы жетпеген Аким Петровичке де өзі құйып отыруға мәжбүр болды. Басқа қонақтарға тост көтеру үшін арақ немесе қолдарына іліккені бұйырды. Той үстелі бір-біріне тіркескен бірнеше үстелден құралған екен, қатарында карта ойнайтын үстелше де бар. Жабылған неше алуан дастархандар арасынан жалғыз ғана түрлі-түсті ярославль дастарханы орын алыпты. Қонақтар бикештермен аралас отыр. Пселдонимовтің шешесі үстелге жайғасуды қаламай, шаруа қамын күйттеп жүрді. Есесіне, бұған дейін көзге шалынбаған, қызыл-күрең көйлек киген, жағын таңып алған және қоқима тебетейлі әлдебір әйелдің кеспірсіз сұлбасы пайда болды. Сөйтсе, бұл артқы бөлмеден кешкі асқа келуге әзер келіскен қайын ене екен. Осыған дейін бөлмеден шықпауының себебі – Пселдонимовтің шешесіне өзінің бітіспес өштігі бар екен; бірақ бұл туралы кейінірек. Генералға бұл ханым ашулана, тіпті мысқылдай көз салды және онымен таныстыруды қаламайтыны аңдалды. Иван Ильичке бұл сұлба өте-мөте күдікті көрінді. Одан басқа да бірнеше кейіптер күдік ұялатты және қауіптену мен мазасыздануға еріксіз жол ашты. Тіпті олар дәл осы Иван Ильичке қарсы өзара бірігіп, қастандық ойластырғандай сезілді. Өзгелерді қайдам, оның өзіне солай көрінген және солай екендігіне кешкі ас барысында көзі жете түсті. Атап айтсақ, еркін ойлы, сақалды, әлдебір суретші мырза секем алғызды; ол тіпті Иван Ильичке бірнеше рет көз тастап, сосын көршісіне бұрылып, бірдеңелер сыбырлады. Келесі біреуі шәкірттер тобынан еді, шындығында, ол ессіз мас болатын, дегенмен кейбір жәйттер одан да күдіктендіретін. Медицина студенті де жақсы үміт күттірмейтін. Тіпті офицердің өзі де аса сенімді емес-тін. Әйткенмен, жек көруі көзге ұра ерекшеленгені «Головешканың» қызметкері еді, оның орындыққа сұлай жайғасуы, менменси, менсінбей көз тастауы, еркінси қышқырып-пысқыруының өзі не тұрады! «Головешка» бетінде бар-жоғы төрт тақпағы басылып, соның арқасында либералға айналған қызметкерге өзге меймандар әлдеқандай айрықша ықылас таныта қоймаса да, тіпті ұнатпай отырса да, бір кезде Иван Ильичтің жанына домалақталған нан сығындысы кенеттен топ еткенде оның әдейі лақтырылғанына еш күмәнданбаған ол әлгі домалақтың жаратушысы «Головешка» қызметкерінен басқа ешкім еместігін дәлелдеу үшін басын бәйгеге тігуге даяр болып еді.
Осының бәрі, әрине, оның жанын күйдірді.
Оған аса жағымсыз тиген тағы бір жәйт байқалды: Иван Ильич өзінің түсініксіз былдырлап, қинала сөйлей бастағанына кәміл көз жеткізді, айтқысы келгені көп болса да, тілі икемге келер емес. Сосын ол кенеттен жаңылыса бастаған сияқтанды және, ең бастысы, беталдыдан-беталды оқыс пысқырып қалуға, күлетін түк жоқ болса да, ыржалаң қағуға көшті. Мұндай көңіл ауаны бір бокал шампаннан кейін лезде өзгерді; негізінде, Иван Ильич оны құюын құйып алса да, ішкісі келмеген, бірақ өзі де байқамастан ішіп қойған-ды. Осыдан соң кенеттен оның жылағысы келді. Ол өзінің сезімталдық жылымына жұтылып бара жатқанын сезді; ол қайтадан бәрін сүйгісі келді, бәрін, тіпті Пселдонимовті де, «Головешка» қызметкерін де... Кенеттен бәрін құшақтауға аңсары ауды, бәрін де ұмытып, достасқысы келді. Бұл аз десеңіз, ол бәрін, бәрін, бәрін, яғни өзінің қандай ізгі ниетті игі адам екенін, қандай керемет қабілеттері барын ашық айтқысы келіп кетті. Отанға өзінің қандай пайда тигізетінін, бикештер қауымын қалай күлдіре алатынын, ең бастысы, өзінің прогресшілдігін, ең төмендегі бұқара жұртқа дейін құлақ асуға өзінің адамгершілігі жететінін және сөз түйінінде өзінің Пселдонимовке шақырусыз келуіне, оның екі шиша шампанын ішіп, өзінің ықыласымен оны бақытқа кенелтуіне себепкер болған жәйттердің бәрін жайып салуға ойы кетті. 
«Шындық, ең бастысы – қасиетті шындық пен ақ пейіл! Мен бұларды ақ пейіліммен аламын. Мен анық көріп тұрмын, олар маған иланады; олар тіпті жау пиғылмен қараса да, мен бәрін жайып салған кезде бұлардың бәрі маған қалтқысыз жүгінеді. Бұлар ыдыстарын толтырып алып, менің денсаулығым үшін даурыға ішіп салады. Офицер, менің бұған күмәнім жоқ, өз ыдысын шпорына ұрып сындырады. Тіпті «ура!» деп айқайлауға да болар еді. Тіпті гусарларша аспанға лақтырғысы келер, мен оған да қарсыласпас едім, онысы тіпті жақсы болар еді. Қалыңдықты маңдайынан сүйем; ол сүйкімді-ақ қой. Аким Петрович те өте жақсы адам. Пселдонимов, әрине, біртіндеп түзеліп кетеді. Оған жетпейтіні, былайша айтқанда, зиялылық жарқылы... Жалпы алғанда, әрине, қазіргі жас буынның бәрінде жүректің нәзіктігі жоқ, бірақ... бірақ мен оларға европалық өзге державалардың сапында Ресейге тиесілі қазіргі міндет туралы айтам. Шаруалар мәселесі жайында да еске саламын, сонда... сонда бәрі мені сүйетін болады да, мен абыроймен шығамын!..»
Бұл армандар, әлбетте, өте жағымды еді, бірақ осынау қызылды-жасылды қиялдар арасынан Иван Ильич өзінің тағы бір таңғажайып қабілетін, нақтылай айтқанда, түкіруге бейімдігін аңғарды. Қалай болғанда да, оның сілекейі ауызынан өз ырқынан тыс ыршып шыға бастады. Мұнысын ол Аким Петровичтің үсті-басынан байқады, өйткені анау бетіне шашыраған түкіріктерді дереу сүртіп тастауға батылы жетпей, қимылсыз отыр еді. Иван Ильич майлықты ала сала, оның бет-ауызын өзі сүртіп жіберді. Бірақ мұнысы дәл сол сәтте оның өзіне де соншалықты орайсыз, соншалықты ақылға сыйымсыз көрініп, ол үнсіз қалды да, таңырқай бастады. Аким Петрович те ішкен еді, бірақ ол қызара бөрткен күйі отыра берді. Иван Ильич оған ширек сағаттан астам уақыт бойына әлдебір аса қызғылықты тақырып төңірегінде сөйлеп отырғанын енді ғана аңғарды, ал оны тыңдап отырған Аким Петрович қысылып-қымсынғаны аздай, әлденеден қорқатындай көрінді. Араға бір орындық сала жайғасқан Пселдонимов те бұған мойын соза, басын бір жағына қисайта, сүйкімсіз кейіпте құлақ түре қалыпты. Ол мұны күзетіп отырған сияқты еді. Иван Ильич қонақтарға көз жүгіртіп өтіп, олардың дені тұп-тура мұның өзіне қарап, қарқ-қарқ күлетінін көрді. Бір ғажабы, ол осының бірде-біріне қысыла қоймады, керісінше, бокалынан тағы бір мәрте сіміріп жіберді де, кенеттен баршаға естірте сөйлеуге кірісті.
– Мен бұрын да айтқам! – деп, мейлінше қаттырақ бастады ол, – мен бұрын да айтқам, мырзалар, қазір Аким Петровичке айтудамын, өйткені Ресей... иә, Ресей ғана... бір сөзбен айтқанда, өздеріңіз де түсінесіздер, менің не айт-па-ғым-ды... Ресей бастан өткеруде, менің кәміл сенімім бойынша, адам-адамгершілік...
– Адам-адамгершілік! – деген үн шықты үстелдің арғы жағынан.
– Гу-гу!
– Тю-тю!
Иван Ильич тоқтатпақ болды. Пселдонимов орындығынан көтеріліп, жан-жаққа қарай бастады: айқайлаған кім? Бұған білдірмеуге тырыса, бас шайқаған Аким Петрович қонақтарды ұялтпақ болған. Иван Ильич оны анық байқады, бірақ жаны ауыра үнсіз қалды.
– Адамгершілік! – деп қасарыса жалғастырды ол, – мен бұрыннан... иә, бұрыннан мен айтып жүрмін Степан Ники-ки-форовичке... иә... анау... заттардың, былайша айтқанда, жаңаруы...
– Аса мәртебелім! – үстелдің басқа бір тұсынан қатты дауыс шықты.
Сөзі үзілген Иван Ильич өзіне дауыстаушының кім екенін көрмекке көз жүгірте тұрып:
– Не бұйырасыз? – деді. 
– Түк те емес, аса мәртебелім, елігіп кетіппін, жалғай беріңіз! Жал-ғас-ты-рыңыз! – деді тағы да әлгі дауыс. 
Иван Ильич тыжырынды.
– Әлгі заттардың, былайша айтсақ, жаңаруы...
– Аса мәртебелім! – дауыс тағы айқай салды.
– Сізге не қажет?
– Сәлеметсіз бе!
Бұл жолы Иван Ильич шыдамады. Сөйлеуін доғарып, тәртіпті бұзушы әрі өзін жәбірлеушіге бұрылды. Бұл әлі жап-жас шәкірттердің бірі еді, мелдектей ішкен кейпі қатерлі күдік туғызатын. Үйлену тойында дәл осылай болуы керектігін түсіндірмекке тырысқан ол манадан даурығып жүрген, тіпті бір тостақ пен екі тәрелкені де сындырып үлгерген еді. Иван Ильич оған қарай бұрыла бергенде-ақ, даурықпаны офицер қатаң тезге сала бастаған.
– Сен неменеге бақырып жүрсің? Қуып шығайын ба, осы!
– Сізге қатыссыз, аса мәртебелім, сізге қатыссыз! жалғастырыңыз! – деп көңілдене айқай салды орындықта аунап жатқан шәкірт, – жалғастырыңыз, мен тыңдаудамын және өте, ө-те, ө-те ризамын сізге! Ғаж-жап, ғаж-жап!
– Балақай мас қой! – деп сыбырлай түсіндірді Пселдонимов.
– Мастығын көріп тұрмын, дегенмен...
– Әлгінде мен оған қызық анекдот айтқан едім, аса мәртебелім! – деп сөз бастады офицер, – біздің командадағы бір поручик туралы. Ол бастықтармен тура осылай сөйлесетін; міне, енді мынау да соған еліктеп тұр ғой. Ол бастық айтқан әрбір сөзді «Ғаж-жап, ғаж-жап!» деп қоштай жөнелетін. Оны осы қылығы үшін он жыл бұрын қызметтен қуып жіберген.
– Ол қ-қандай поручик?
– Біздің командадан болатын, аса мәртебелім, түбіне қолпаш жетті. Алғашында ақылмен бағындыру шараларын қолданған, сосын қамаққа жапты... Бастық әкесіндей болып, ұялтып тұрса, ананың айтатыны: «Ғаж-жап, ғаж-жап!». Қызық: бойы еңгезердей батыл офицер еді. Сотқа тартпақ болған, сөйтсе, әлгіміз есалаң екен.
– Демек... шәкірт. Шәкірт болғандықтан, қаталдық танытпауыма болар... Мен, өз тарапымнан кешіруге әзірмін...
Медицина анықтаған, аса мәртебелім. 
– Қалай! жарып тастады ма?
– Рақым етіңіз, ол әлі тірі ғой.
Осыған дейін өздерін монтаны ұстап тұрған қонақтардың жаппай қарқылдаған күлкісінен құлақ тұнды. Иван Ильич долыра булықты.
– Мырзалар, мырзалар! – деп айқайлаған ол алғашында тұтығудан арылғандай көрінген, – тірі адамды жарып тастамайтынын мен де өте жақсы білем. Мен ойлағам, есалаң кезінде әлгі тірі болмаған ғой деп... яғни өлген деп... яғни менің айтқым келгені... сіздер мені сүймейсіздер... Ал мен болсам, сіздердің бәріңізді сүйем... иә, Пор... Порфирийді де... Бұлай сөйлегенім үшін өзімді жазғырамын...
Дәл осы мезетте аса ауқымды салива1 (салива (франц. – salive  – сілекей) Иван Ильичтің ауызынан ұшып шықты да, дастарханның ең көрнекті тұсына шашылып түсті. Пселдонимов оны сүртпекке майлық ала ұмтылды. Осынау ақырғы бақытсыздық оны біржола тұралатты.
– Мырзалар, бұл енді... шектен шығу! – деп даурықты жаны күйген ол.
– Мас қой, аса мәртебелім, – деп тағы да қабаттасты Пселдонимов.
– Порфирий! Мен көріп тұрмын, сендер... бәрің... иә! Мен айтам, мен үміттенем... иә, мен бәріңіздің айтуыңызды сұраймын: мені кемсітердей не істеп қойдым?
Иван Ильич жылап жібере жаздады.
– Аса мәртебелім, рақым етіңіз-ші!
– Порфирий, мен саған айтам... Айтшы, мен тойыңа... иә... иә, келсем, менде мақсат болған. Мен рухтандыруды көздегем... менің сезіндіргім келген. Мен бәріңнен сұраймын: мен көз алдарыңда күлкі болдым ба, жоқ па?
Өлі тыныштық. Гәп мынадай үзілді-кесілді сұрақтың өлі тыныштыққа ұласуында жатыр еді. Аса мәртебелінің миында: «Құдай-ау, осы сәтте бұлар айқайлай салса, несі кетер еді!» – деген ой жылт еткен. Алайда қонақтар бір-біріне қараумен ғана шектелді. Аким Петрович өлі мен тірінің ортасында еді, ал «Осының бәрі үшін ертең маған не болар екен?» – деген ойдан әлдеқашан басы зеңіп, үрейден тілі байланған Пселдонимов қорқынышты сұрақты іштей күбірлеумен болды. 
Бұл сәтте әбден мас боп үлгерген, дегенмен осыған дейін үнсіз түнеріп отырған «Головешканың» қызметкері Иван Ильичке оқыс жалт бұрылды да, көздерінен от шаша, барлық қауымның атынан жауап бере бастады. Ол күндей күркіреген дауыспен:
– Иә-ә! – деп айқайлап жіберді, – иә-ә, сіз өзіңізді өзіңіз күлкіге қалдырдыңыз, иә-ә, сіз ретроградсыз... Рет-ро-град!
– Жігітім, ес жиыңыз! сіз кіммен, былайша айтқанда, сөйлесіп тұрсыз! – өз орнынан атып тұрған Иван Ильич долыра айқайлады.
– Сізбен, және, екіншіден, мен сіздің жігітіңіз емеспін... Сіз бәсіңізді көтеруге және танымалдығыңызды арттыруға келдіңіз.
– Пселдонимов, бұл не сұмдық! – деп ышқынды Иван Ильич.
Алайда Пселдонимов шошына атып тұрғанымен, не істерін білмей, тіреуіштей қақиды да қалды. Қонақтар да орын-орындарында қатып қалды. Суретші мен шәкірттер ғана: «браво, браво!» деп даурығысып, қол соғып жатты. 
Тізгінсіз өшпенділікке бой алдырған қызметкер айқайын жалғастыра берді:
– Иә, сіз адамшылығыңызбен мақтану үшін келдіңіз! Сіз қызығымыздың шырқын бұздыңыз. Шампанды сіз іштіңіз, бірақ оның айына он рубль ғана жалақы алатын шенеунік үшін тым қымбатқа түсетінін парықтай алмадыңыз, мен сіздің өз қарауыңыздағы бағыныштылардың жас әйелдеріне көз тігетін бастықтардың бірі екендігіңізге де шүбәланбаймын! Бұл аз десеңіз, мен сіздің парадан қашпайтыныңызға да сенімдімін... Иә, иә, иә!
– Пселдонимов, Пселдонимов! – деп жанталасты Иван Ильич, оған қол соза қарап. Ол қызметкердің әр сөзі өз жүрегіне қанжардай қадалып жатқанын сезді.
– Қазір, аса мәртебелім, мазаңыз қашпасын! – деп ширыға дауыстаған Пселдонимов қызметкерге бір-ақ секіріп жетті де, жағасынан сығымдай ұстап, үстел жанынан суырып алды. Мүләйім Пселдонимовтен осыншама қайратты күтудің өзі мүмкін емес-тін. Алайда қызметкер мас, ал Пселдонимов сап-сау болатын. Бұдан соң ол әлгінің жонынан төмпештеп-төмпештеп өтті де, есік жаққа итермеледі.
– Бәрің де сұмпайысыңдар! – деп барлықты қызметкер, – мен ертең-ақ бәріңді «Головешкада» масқаралаймын!..
Жұрттың бәрі орындарынан атып-атып тұрды.
Пселдонимов пен шешесі, оларға ілесе қонақтардың біразы:
– Аса мәртебелім, аса мәртебелім! – деп шуылдап қоя берді, – аса мәртебелім, сабыр етіңіз! 
– Жоқ, жоқ! – деп айқайлады генерал, – мен құрыдым... Менің келгенім... менің ойлағаным, былайша айтқанда, батамды беру еді. Сол үшін мынау ғой! 
Ол есінен айырыла, орындыққа сылқ етті де, қос қолын үстелге қойып, оның үстіне жайғастырмаққа басын салбырата берген еді, онысы бламанже салынған тәрелкеге дөп түсті. Сол кезде бәрінің қалай қорыққанын бейнелеп те керек емес. Бір минуттен соң ол тұрды, кеткісі келіп, шайқалақтады, орындықтың аяғына шалынысты, еденге жалп етті де, қорылдап қоя берді...
Ішпейтіндер ойда жоқта көп ішіп қойса, осылай болып қалады. Соңғы шекке дейін, соңғы сәтке дейін олар бой алдырмай отырады да, кенеттен қалпақтай ұшады. Иван Ильич те еденде ес-түссіз сұлап жатты. Өз шашын сығымдай уыстаған Пселдонимов сол күйінше сіресіп қалды. Болған жағдайды әрқайсысы өзінше сөз етіскен қонақтар едел-жедел тарай бастады. Уақыт таңғы үштің мұғдары болатын. 


–––––––––––––––

Мұндағы қазіргі ахуал мен барлық келеңсіздіктерді елемегеннің өзінде де, Пселдонимовтің жалпы жағдайы сіз бен біз ойлағаннан да мүшкіл еді. Әзірше Иван Ильич еденде жата тұрсын, ал Пселдонимов шарасыздықтан өз шашын өзі жұлып, оның үстінен қарайлай тұрсын, біз өзіміз таңдап алған әңгіме ағысын кідіртіп, Порфирий Петрович Пселдонимовтің тек өзіне қатысты бірер ауыз түсініктеме айта кетелік.
Осынау некелесуден бір ай ғана бұрын ол қайта оралмас құрдымның алдында тұрған еді. Ол әлдебір губерниядан еді, әкесі де сонда бір кездері бірдеңе қызметте болған және сотқа тартылып, сол жерде өлген. Тұп-тура бір жыл бойы Петербургте ілініп-салынып жүрген Пселдонимов үйленуіне бес ай қалған тұста өзінің он рубльдік орнын тауып, жан-тәнімен қайта тірілгендей болып еді, алайда түрлі жағдайлар оны қайтадан шөктірді. Жарық дүниеде Пселдонимовтерден екі-ақ жан қалған еді, мұның өзі және күйеуінің өлімінен соң губерниядан безінген шешесі. Анасы мен баласы екеуі аязға аяусыз қарылды, күмәнді бірдеңелерді талғажау етті. Пселдонимов суға тойып алу үшін кружкасын қолына ұстап, Фонтанкаға өзі барып жүрген күндерді де өткерді. Қызмет табылған соң, ол шешесімен бірге әлдебір түпкірге өйтіп-бүйтіп орналасқан. Шешесі жұрттың киім-кешегін жууға кірісті, ал бұл өзіне етік пен шинельсымақ алу үшін төрт ай бойы тиын-тебен үнемдеді. Ол өз кеңсесінде қаншама қорлыққа төтеп берді десеңші, бастығы бұған жақындап келіп: «Моншаға барғаныңа көп болды ма?» деп те сұрайтын. Мұның вицмундирінің жағасының астына ұя салған қандалалар жайында қауесет көшіп жүретін. Бірақ Пселдонимов мойымас мінезге ие болатын. Сырт көзге ол момақан, жуас көрінетін; болмашы ғана білім алған оның әңгіме айтқанын ешкім естіген емес. Ол ойлана ма, әлдебір жоспарлар құра ма, бірдеңелерді армандай ма, – о жағын білмеймін. Дегенмен, бұлардың есесіне, оның бойында өзінің мүшкіл жағдайын оңалтуға бастайтын жолды табуға деген көзсіз құштарлық, өлермендік, ақылға сыйымсыз өжеттік қалыптасқан-ды. Оның бойында құмырсқаға тән жанкештілік бар еді; мәселен, құмырсқаның илеуін бүлдіріңізші, олар дереу тағы біреуін жасауға кіріседі, тағы бүлдірсеңіз – тағы да жасай бастайды, беті қайтпай, осылай жалғаса береді. Ол тырбанудан жүрегі шайлықпайтын шаруақор жаратынды еді. Оның өзіне жол аша алатыны, ұясын түзейтіні, тіпті әжептәуір қор жинап алуы да ықтимал екендігі маңдайында жазулы тұрғандай болатын. Оны мынау жарық дүниеде тек шешесі ғана сүйетін және ессіз жақсы көретін. Шешесі қайсар мінезді, шаршауды білмес шаруақор, оның үстіне мейірбан әйел болатын. Олар бір кездері әлгі губернияда қызмет етіп, қазынашы болған, тек кейінгі уақытта отбасымен бірге Петербургтен орын теуіп, орныққан отставкадағы лауазымды кеңесші Млекопитаевқа кезігіп қалмағанда, жағдай өзгергенше әлі бес-алты жыл өздерінің түпкірінде бұрынғыша тұра берер еді. Ол Пселдонимовті білетін және мұның әкесіне әлденеден қарыздар екен. Әрине, тым көп болмаса да, ақша жағынан ол қысыла қоймайтын, ал онысының қанша екенін ешкім, әйелі де, үлкен қызы да, туысқандары да білмейтін. Оның екі қызы бар еді, ал оның өзі үй ішін ұдайы үрейде ұстайтын ноқай, шектен шыққан әңгүдік, маскүнем, онысы аз болса, ауру адам болатын, сол себепті ол қыздарының бірін Пселдонимовке қосуға ұйғарып, «Несі бар, мен оның әкесін білемін, әкесі жақсы адам болған, баласы да жақсы адам болады», – деп ой түйген. Млекопитаев ойға алды, орындалды; айтты – істелді. Ол еш түсініп болмайтын әңгүдік еді. Уақытының басым бөлігін ол үйде өткізетін, әлдебір аурудың кесірінен аяғын пайдаланудан қалғандықтан, орынтақтан қозғалмайтын, бірақ бұл жағдай да оның арақ сіміруіне кедергі ете алмайтын. Ол күні бойы ішетін және балағаттап бітетін. Ол қатігез адам еді; міндетті түрде біреуді тынымсыз қинап отыруды ұнататын. Сол үшін ол өзінің аурушаң әрі қазымыр қарындасын, әйелінің тілдері удай сумақай екі сіңлісін, бірдеңенің кесірінен бір қабырғасын сындырып алған өзінің кәртамыс апайын ұдайы жанында ұстайтын. Сондай-ақ, өзіне «Мың бір түн» ертегілерін әңгімелей алатын дарынына бола, өңі әбден сарғайып кеткен қаймана неміс әйеліне де үйінен орын берген. Оның барлық қызығы осынау арамтамақ бейбақтардың бәрін кекетіп-мұқатудан, сәт сайын дүние жарығын тәрк еткізе, боқтап-балағаттаудан тұратын, туғалы тісі ауырып жүретін өз әйелінен басқасы мұның алдында «қыңқ» деп ауыз аша алмайтын. Ол әлгілердің арасында неше түрлі өсек-аяң қоздатып, бір-біріне айдап салып, ұрыстырып қоятын да, олардың бірін-бірі түтіп жердей жұлысқанына қарай отырып, өзі рахатқа бата қарқылдайтын. Он шақты жыл бойы қайдағы бір офицер күйеуімен азып-тозып күн кешкен үлкен қызы ақыры жесір қалып, аурудан көз ашпайтын кішкентай үш баласымен қайтып келген кезде ол айызы қана қуанды. Қызының балаларын оның жаны жақтырмайтын, бірақ бұлардың келуімен бірге күн сайын сан қилы эксперименттер жасауға болатын матерьял көбейгендіктен, шалдың көңілі де жайланған еді. Шайпау әйелдер мен аурушаң балалардың осынау жиындысы өздерінің азаптаушыларымен бірге Петербург көшесіндегі ағаш үйде сығылысып тірлік кешетін; тоя тамақ ішпейтін, өйткені сараң шал өзіне керек араққа тарлық етпесе де, басқаның бәрінен үнемдейтін; әлгі байғұстардың ұйқысы қанбайтын, өйткені ұйқысы қашқан шалға ермек керек еді. Қысқасы, бейшаралардың бәрі өз тағдырын қарғап-сілеумен күн өткізетін. Дәл осы тұста Пселдонимовке Млекопитаевтің көзі түсті. Ол мұның қоңқиған мұрны мен мүләйім кейпіне таң-тамаша болған. Осы шамада оның әлжуаз әрі кеспірсіз кенже қызы он жетіге толған еді. Бұл қыз бір кездері әлдебір неміс шýлесіне1 (шýле (нем. – Schule – мектеп) барған, бірақ онысынан іліп алар ештеңе шықпап еді. Содан соң аяқтан айырылған маскүнем әкенің балдағы астында, үй ішін жайлаған өсек-аяң, аңдысу мен пәлеқорлық ортасында сүйегіне ілінген дімкәстеу қыз боп есейді. Ол сырлас құрбыдан да, ақылдан да ада болды. Күйеуге шығуды баяғыдан-ақ көксейтін. Кісі көзінше үндеместің өзі болса да, үйдегі қоңсыластар ортасында тілімен тас тесетін еді. Ол шымшып жіберуді ерекше ұнататын, әпкесінің қант пен нан жымқырған балаларын бір-біріне соғып, төмпештейтін, сол себепті әпкесімен екеуі өліспей бітіспейтін араздықта болатын. Оны Пселдонимовке шалдың өзі ұсынды. Анау қанша азып-тозып жүрсе де, ойлануға біраз уақыт сұрады. Шешесі екеуі ұзақ ақылдасты. Дегенмен, қалыңдықтың атына жазылған үй бар еді, мейлі ағаштан салынсын, бір-ақ қабатты, сұрықсыз-ақ болсын, бәрібір бірдеңеге тұрарлық еді. Оның үстіне, төрт жүз рубль бермекші, ал мұндай ақшаны бұл қашан жинай алмақ! «Мен үйіме не үшін адам кіргізбекпін? – деп даурықты есерсоқ мас. – Біріншіден, сендердің бәрің қатынсыңдар, ал мен қатындардан тойып біттім. Мен Пселдонимовтің де қабағымды бағып, қалбаң қаққанын қалаймын, өйткені мен – оның жарылқаушысымын. Екіншіден, сендердің ешқайсың мұны қаламайсыңдар, ыза боласыңдар, сондықтан кіргіземін. Міне, сендерге ерегескенде, солай етем. Не айтсам, сол істеледі! Ал сен, Порфирка, мынау әйелің болғаннан кейін оны ұратын бол; туғалы бері оны жеті сайтан иектеп алған. Бәрін айдап шық, таяғыңды өзім дайындап берем...»
Пселдонимов үндемеген, бірақ бел буып қойған еді. Шешесі екеуін шал тойға дейін-ақ көшіріп алды, жуындырды, киіндірді, тойға ақша берді. Өзінің бүкіл әулетінің ашу-ызасын оята, шал бұларды қанатының астына алды. Пселдонимова кемпір тіпті оның көңілінен шыққандай, мысқылдап, сөзбен түйреуді ойына да алмады. Әйткенмен, Пселдонимовті құр қалдырмады, тойға бір аптадай қалған кезде алдына келтіріп, казачок билетіп қойды. Би аяқталған соң ол: «Жә, осы да жарар, мен сенің өз орныңды ұмытып кетпегеніңе көз жеткізгім келген», – деді. Тойдың ақшасын өзі кесіп-пішіп берді және өзінің бүкіл туысы мен таныстарын шақырды. Пселдонимов жақтан болғандар «Головешканың» қызметкері, Аким Петрович, құрметті қонақ еді. Пселдонимов өзін қалыңдықтың жеккөретінін, бұған емес, офицерге күйеуге шыққысы келетінін өте жақсы білетін. Бірақ ол бәріне көнді, өйткені шешесі екеуі солай ұйғарған болатын. Той күні шал таңнан кешке дейін былапыт сөздерін боратып, арақ ішумен болды. Той жағдайына байланысты бүкіл үй іші сыртқы бөлмелерде сығылысып, күлімсіге тұншығып отырды. Ал бергі бөлмелер би мен кешкі дәмге арналған болатын. Әйтеуір, түнгі он бірлер шамасында естен тана мас болған шал ұйықтаған соң, Пселдонимовтің шешесіне әсіресе осы күні ерекше өшіккен қайын ене ашуын мейірімге жеңдіріп, би мен кешкі дәмге араласуды жөн көрген еді. Иван Ильичтің келуі бәрін астаң-кестең етті. Нағыз генералдың өзі шақырылғанын ескертпегендері үшін Млекопитаева аса қатты абыржып, жәбірленіп, ұрса бастады. Бұл әйелдің ақымақтығы сонша, қонақтың шақырусыз, өзі келіп қалғанын қанша түсіндіріп бақса да, олай боларына еш сене алмады. Шампан қажет болды. Пселдонимовтің шешесінен бір ғана сөлкебай шықты, ал Пселдонимовтің өзінен тесік тиын да табылмады. Көкайыл кемпір Млекопитаеваға жалынып-жалпыштанып, әуелі бір шишаға, сосын тағы біріне ақша сұрауға тура келді. Оның көзіне қызмет бабындағы болашақ мансап жолын, лауазымдарды елестетіп, ұялтуға тырысты. Ақыры, кемпір ақша берді-ау, бірақ Пселдонимовті қорлықтың улы зәрін жұтуға әбден мәжбүрлегені сонша, оның неке төсегі қамдалып қойған күркедей бөлмеге әлденеше рет жүгіріп кіріп, өз шашын өзі жұлмалап, жұмақ рахатына кенелтуге тиісті төсек үстінде өз дәрменсіздігіне ызалана, қалшылдай домалауына тура келген еді. Иә! Осы кеште өзі ішіп қойған екі шиша джаксонның қандай нарқы барын Иван Ильич білмеді ғой. Ал Иван Ильичтің шаруасы мүлдем күтпеген жәйтпен тынған кезде Пселдонимовті билеген уайым мен үмітсіз үрейді айтсаңызшы. Оның көз алдына шешімсіз әбігершілік, кісәпір қалыңдығының түні бойы толас таппас сыңсуы мен көлкіген көз жасы, қатыбас қайын жұртының шаншу сөздері тағы да елестеп өтті. Бұларсыз да оның басы қатып, көз алды күлімсі иіс пен түтіннен бұлдырап тұрған. Енді, міне, Иван Ильичке көмек қажет боп қалды, түнгі сағат үште дәрігер немесе үйіне жеткізіп салатын күйме іздеу керек, өйткені мұндай тұлғаны мынадай күйде сықырлауық шанамен үйіне жөнелтуге болмайды, тек қана күйме керек. Сонда, тым болмаса, күймеге төлейтін ақшасы қане? Өзіне генералдың бір-екі ауыз тіл қатпақ түгілі, кешкі дәм үстінде бұған көз қиығын да тастамағанына қитыққан Млекопитаева көк тиыны да жоқ екенін мәлім еткен. Мүмкін, шынымен де, көк тиыны жоқ шығар. Қайдан алмақ? Не істемек? Иә, оның өз шашын жұлатындай-ақ орайы бар еді.


–––––––––––––––

Бұл екі арада Иван Ильичті осындағы ас үйде тұрған енсіз былғары диванға апарып, уақытша жатқызған. Өзгелер үстелдерді жинастырып жатқан кезде Пселдонимов қарыз сұрап, әркімдерге жүгіріп бақты, тіпті қызметшілерден де қарыз тіленген, бірақ ешкімнен ештеңе шықпады. Тіпті ол басқалардан гөрі көбірек кідірген Аким Петровичті де мазалауға батылдық еткен. Алайда, онысы қанша жайсаң жан болса да, ақша жайлы естігенде, таңырқағаны, тіпті зәресі ұшқаны сонша, ауызына келгенді былдырақтай салды.
– Басқа уақытта қуана-қуана берер ем, – деп былдырлады ол, – ал қазір... рас айтам, кешіріңіз...
Сөйтті де, қалпағын ала сала, үйден безе қашты. Түс жору туралы айтқан нәзік жүректі бозбала ғана бірдеңеге жарады, бірақ онысының өзі қолайсыздау тиді. Пселдонимовтің қасіретін жүрегі езіле бөліскен бұл да өзгелерден гөрі көбірек кідіріп еді. Ақыр соңында Пселдонимов, шешесі және бозбала әрлі-берлі кеңесе келіп, дәрігер шақырмай-ақ, ауруды үйіне жеткізетін күйме іздеуге кісі жүгірткенді жөн көріп, ал күйме келгенше оған үй ішілік ем-дом жасауға, яғни самайы мен маңдайын суық сумен шылап, төбесіне мұз басуға, т.с.с. келісті. Бұл шаруаны Пселдонимовтің шешесі қолға алды. Бозбала күйме іздеуге құстай ұшты. Петербург көшесінде бұл уақытта шанасымақ та табылмағандықтан, ол көшірлердің айдаладағы түнемеліне жол тартып, көшірлердің ұйқысын бұзды. Олар саудаласты, мұндай кезде күйме үшін бес рубльдің өзі аздық ететінін айтысты. Дегенмен, үш рубльге келісті. Алайда, сағат төрттен аса бере, бозбала жалдаған күймесімен Пселдонимовтерге жеткен кезде бұлардың ұйғарымы әлдеқашан өзгеріп кеткен екен. Сөйтсе, әлі есін жимаған Иван Ильичтің қатты ауырып, ыңқылдап, қинала дөңбекшігені сонша, оны бұл күйінде орнынан қозғап, үйіне жеткізу мүлдем мүмкін болмай, тіпті қауіпті болып қапты. «Арты не боп кетерін кім біліпті?» – деп міңгірледі әбден есі шыққан Пселдонимов. Не істеу керек? Тағы бір сұрақ туды. Егер науқасты үйде қалдырса, оны қайда апармақ, қайда жатқызбақ? Бүкіл үйде екі-ақ кереует бар: оның екі адамдық, дөңкиген біреуінде шал Млекопитаев әйелімен жататын, ал екіншісі жас жұбайларға арнап жаңадан сатып алынған, екі адамдық, жаңғақ түсті болатын. Үйдің басқа тұрғындары, дұрысында, мекендеуші әйелдер еденде қаз-қатар тізіле ұйықтайтын; кейде күлімсі иіс сіңген, әбден жұлымдалған, яғни жанға жағымсыз құстөсектерге жататын, бұлардың өзі де жетпейтін, тіпті болмай қалатын. Науқасты қайда жатқызбақ? Жарайды, құстөсек табылсын-ақ, зәрулік туындаса, біреу-міреудің астынан жұлып алар, бірақ қайда, ненің үстіне төсемек? Залға жайластыруға болатындай, өйткені бұл бөлме үйдегілер үйілген жақтан алыстау және шығар есігі бөлек. Бірақ ненің үстіне төсемек? шынымен-ақ, орындықтарға ма? Әрине, сенбіден жексенбіге ауысарда үйлеріне келген гимназистерге төсекті орындық үстіне сала береді, бірақ Иван Ильич сияқты тұлғалар үшін бұлай ету масқара ғой. Ертеңгісін орындықтан тұрып жатса, оның өзі не демек? Пселдонимов мұндайды естігісі де келмеді. Жалғыз-ақ жол бар, ол – оны неке төсегіне жеткізу. Әлгінде айтқанымыздай, неке төсегі ас үй маңындағы күркедей бөлмеге орналасқан еді. Кереует үстінде әлі жаңартылмаған, жаңадан сатып алынған, екі адамдық матрас, таза сейсеп, алқызыл жұмсақ матадан тігіліп, сырты жұқа кездемемен тысталған және желбіршектермен жиектелген төрт жастық жатты. Алқызыл атлас жамылғы өрнектермен әдіптелген. Алтын жүзікшеден төмен қарай үлпілдек шымылдық түсірілген. Қысқасы, бәрі ойдағыдай еді, жатын бөлмеге кіріп шыққан қонақтардың бәрі де қыз жасауының мақтауын асырған болатын. Қалыңдық Пселдонимовті суқаны сүймесе де, тура осы бөлмеге кеш бойына бірнеше рет, көбіне-көп жағдайда жасырын келіп кеткен-ді. Іш ауруына шалдыққандай бырысып-құрысып, ауырып қалған науқасты өзінің неке төсегіне жатқызғысы келетіндерін білген кезде ол қалай долданды, зығырданы қалай қайнады десеңші! Қалыңдықтың шешетайы оған жақтасып, шу шығарды, ертеңгісін күйеуіне шағымданатынын айтып, сестенді; бірақ Пселдонимов тайсалмай, өз дегенін істетті: Иван Ильичтің орны ауысты, ал жас жұбайлардың төсегі залдағы орындықтардың үстіне салынды. Қалыңдық қыңқылдады, шымшып алуға да қам қылды, бірақ көнбеске лажы қалмады, өйткені ол әкетайының балдағын өте жақсы танитын және таңертең әкесінің бұдан әлденелер хақында тап-тұйнақтай есеп беруді талап ететінін де білетін. Оны жұбату үшін алқызыл жамылғы мен желбіршекті жастықтар залға жеткізілді. Дәл осы сәтте бозбала да күймелетіп жеткен еді, күйменің енді қажетсіздігін білгенде, ол естен танып қала жаздады. Оның өзі есептесуге тура келді, ал оның қалтасында тесік тиын да жүрмейтін. Пселдонимов өзінің таза-тақыр қалғанын мәлімдеді. Арбакешпен келісуге тырысты. Бірақ ол даурыға бажылдап, тіпті терезелердің қақпағын тарсылдата бастады. Мұның арты немен біткенін анық біле қоймаймын. Шамасы, әлгі күйменің тұтқынына айналған бозбала әлдебір танысында түнеп қалған әлдебір студентті оятып алып, одан ақша сұраудан үміттеніп, төртінші Рождественск көшесіне тартқан болуы керек. Жас жұбайларды залға қамап, оңаша қалдырған кезде сағат тілі таңғы бесті ұрып еді. Азап шеккен науқастың жанында Пселдонимовтің шешесі түні бойы отырды. Ол едендегі кілемшені астына басып, үстіне өңсіз ішігін бүркене жамбастаған, бірақ көз іле алмады, өйткені Иван Ильичтің асқазанында аса үрейлі бірдеңелер жүріп жатқандықтан, сәт сайын орнынан тұруға мәжбүр болып еді. Мінезі батыл әрі жайсаң жаралған Пселдонимова науқасты өзі шешіндірді, бүкіл киімін сыпырып алды, оған туған ұлындай күтім жасады және түні бойы кіреберіс пен жатын бөлме арасында аса қажетті ыдысты әрлі-берлі тасып шықты. Әйткенмен, бұл түннің бұрқақтары осымен тына қоймап еді.


–––––––––––––––

Жас жұбайларды залға оңаша қамап кеткелі он минут та өтпей жатып, кенеттен құлақ тұндырар айқай естілді және бұл зәреңді ұшыратын айқайдың нақ өзі еді. Айқайға ілесе дабыр-дұбыр, орындықтың құлағанына ұқсайтын тарсыл естілді де, қараңғылығы әлі сейіле қоймаған бөлмеге аһылап-уһілеп үрейленген әйелдер тобыры алқам-салқам күйде басып кірді. Бұл әйелдер – қалыңдықтың шешесі, осы сәтте өзінің ауру балаларын тастай жүгірген әпкесі, үш апатайы еді, тіпті қабырғасы сынған апатай да қала қоймапты. Ас пісіруші де, тіпті ертегі айтқыш неміс әйел де топта еді; негізі, оның барлық жасауын құрайтын және осы үйдегі ең тәуір құстөсек осы әйелден тартып алынып, жас жұбайларға төселген болатын. Осынау аса қадірменді және қырағы әйелдердің аяқтарын ұшынан баса, ас үйден кіреберіс арқылы бері өтіп, түсіндіруге тіл жетпейтін құштарлық жетегінде есік сыртынан баспалай тың тыңдап тұрғанына ширек сағат болып еді. Кіріп келгендердің бірі тездете майшам тұтатты, сол сәтте баршаның көз алдында күтпеген керемет жарқ етті. Қосарласа қозғалған салмаққа төтеп бере алмаған орындықтар сырғып кеткен кезде, шеті ғана ілігіп тұрған жалпиған құстөсек солардың қақ ортасынан еденге жалп етсе керек. Дәл осы жолы жүрегі қатты жараланған ызалы келін кемсеңдеп тұрды. Тірідей өлген Пселдонимов жауыздығы әшкереленген қылмыскер сияқты еді. Ол тіпті ақталуға да тырыспады. Айналаның бәрі – аһ, уһ пен шошына шыңғыру. Айқай-шуға Пселдонимовтің шешесі де жүгіре жетті, дегенмен бұл жолы қалыңдықтың шешетайы қапысыз үстемдікте еді. Ол әу дегеннен Пселдонимовті: «Көкетайым-ау, мынадан кейін сен де еркекпісің? Мынадай масқарадан кейін сен неме жарамақсың, көкетайым?» – т.с.с. тақырыптағы әділетсіз және оғаш мысқылдармен төпеп өтті де, ақырында, қызын қолынан қыса ұстап, таң атысымен есеп сұрайтын қаһарлы әке алдындағы жауапкершілікті өз мойнына алып, оны өзіне ілестіріп әкетті. Оның соңынан басқалары да аһылап, уһілеп, бастарын шайқаған күйі жөндерін тапты. Пселдонимовтің қасында жалғыз қалған шешесі оны жұбатуға тырысты. Бірақ ол шешесін бірден қуып жіберді. 
Оның жұбануы мүмкін емес-тін. Ол диванға жақындап, отырды да, түнере ойға берілді, өйткені жалаңаяқ және аса қажет ішкиіммен ғана тұрған еді. Оның басында сан-сапалақ ойлар сапырылысып кетті. Кей сәттерде ол әлгінде ғана билеушілер аласұрған, папиростың түтіні әлі де тұнып тұрған бөлме ішіне меңірейе көз жүгіртіп отырды. Әбден былыққан еденде папирос қалдықтары мен кәмпит қағаздары әлі де бырдай шашылып жатқан. Ойраны шыққан неке төсегі мен төңкеріліп жатқан орындықтар жер бетіндегі ең ғажайып және ең таза армандар мен үміттердің өткіншілігін айғақтап тұр еді. Осы күйде ол бір сағаттай отырды. Оның миын: «Қызметте енді бірдеңенің болары анық!» – деген іспетті зілмауыр ойлар жаулап алды; бүгінгі кештің оқиғасынан кейін бұрынғы қызметте қалудың мүмкін еместігін, қайткенде де қызмет орнын өзгерту қажет боларын ол күйзеле сезінді. Оның ойына Млекопитаев та кіріп шықты, ертең-ақ мұның көнбістігін сынау үшін казачокты билеуге тағы да мәжбүрлейтінін түйсінді. Ол үйлену тойы үшін Млекопитаевтің бес жүз рубль бергенін де, онысының соңғы тиынына дейін жұмсалып кеткенін де, бірақ оның жасау есебіндегі төрт жүз рубльді беру жайын әзір шешпегенін, тіпті бұл туралы сөз етпегенін де есіне алды. Үйдің өзі де толықтай хатталып, қағаздалып бітпеген еді. Ол мұның өміріндегі ең ауыр сәтте тұра қашқан әйелі туралы да, мұның әйелінің алдына бір тізерлей жүгіне қалған ұзынтұра офицер туралы да ойланды. Ол бұл сәтті еске сақтап үлгерген еді; ол өз әйелін иектеп алған жеті сайтан жайында да, бұл жәйтті оның өз әкесі куәландырғанын да және сайтандарды айдап шығуға әзірленген таяқ төңірегінде де ойға берілді... Әлбетте, ол талай-талай ауыртпалықты көтеруге күші жететінін сезетін, алайда тағдыры ақыр-соңында мынадай сый ұсынғанда, ол өз қайратына күмәнданып қалғандай еді. 
Пселдонимов осылай қайғыланып отырды. Осы аралықта майшамның тұқылы да сөне бастады. Жыпылықтаған сәулесі Пселдонимовке бір қырынан тікелей түсіп, оның қылқиған мойын, қоңқиған мұрын және маңдайы мен желке тұсынан қобырай көтерілген шаштан тұратын көлеңкесін қабырға бетіне зорайта шағылыстырды. Ақырында, таң лебі сезілген шамада ол ой-санасы әбден діңкелеген күйі орнынан тұрып, орындықтардың ортасында жатқан құстөсекке жетті; ештеңеге қол тигізбестен, майшам тұқылын да сөндірместен, тіпті басына жастық та салмастан, төртаяқтап төсекке өрмелеп шығып, ештеңе сезінбейтін өлген адамша ұйықтап кетті; бәлкім, ертесінде жұрт алдында жазаланатын қылмыскерлер ғана дәл осылай ұйықтайтын шығар.


–––––––––––––––

Енді бір жағынан қарасақ, байғұс Пселдонимовтің неке төсегінде Иван Ильич Пралинский өткерген азапты түнмен теңесер ештеңе жоқ шығар! Бірталай уақыт бойына ол сырқыраған бас ауруы, лоқсу және басқа да жағымсыз соқпа дерттердің уысынан бір сәтке де шыға алмай қойды. Бұл нағыз тозақ азабы еді. Ми қыртысында болмашы себезгілеген санасы әредік-әредік көз алдына үрейлі тұңғиықтарды, соншалықты сүреңсіз және жағымсыз көріністерді көлденеңдетіп өткен сәттерде ол есінің кіргеніне өкініп қалатын. Қысқасы, оның миында бәрі бытысып жатқан. Мәселен, ол Пселдонимовтің шешесін таныды, оның: «Шыда, көгершінім, шыда, көкетайым, шыдасаң – шыңға шығасың», – деген сияқты жанашыр сөздерін естіді; тануын таныса да, өзінің жанында оның неге жүргенін еш қисындастыра алмады. Жиренішті елестер көлбеңдеді: әсіресе Семен Иваныч жиі көрінді, бірақ үңіле қараса, әлгі біреу Семен Иваныч емес, Пселдонимовтің мұрны боп шыға келеді. Оның көз алдынан еркін суретші де, офицер де, жағын таңып алған кемпір де қылаң берісті. Оны бәрінен де көбірек еліктірген нәрсе өзінің бас жағындағы шымылдықты іліп қойған алтын жүзікше болды. Майшамның болымсыз сәулесі бөлмеге жарық беріп тұрғандықтан, ол мұны анық ажыратты және «Бұл жүзіктің қызметі не? ол мұнда неғып тұр? бұл нені білдіреді?» деген ойлардың түбіне жете алмай қойды. Бұл сұрақтарын ол кемпірге де бірнеше рет қойған, бірақ айтқысы келгенін айта алмаса керек, бұл түсіндіруге қанша күш салғанымен, кемпір де мұны түсінбесе керек. Не керек, таңға жақын аурулар да, елестер де тиылып, ол ұйықтап кетті, түс көрместен, түк сезбестен ұйықтады. Ол бір сағаттай ұйықтады, ал оянған сәтте ол біршама ес жиып қалғандықтан, жанын шырқыратқан бас ауруын сезінді, ал ауызынан, бір жапырақ шүберекке ұқсап қалған тілінен жиіркенішті дәм білінді. Ол кереуеттен көтерілді, жан-жағына қарап, ойланды. Жаңа күннің әлсіз жарығы терезе қақпағының саңылауынан жіп-жіңішке жолаққа айнала өтіп, қабырғада діріл қағып тұр екен. Уақыт таңғы жетілер шамасы еді. Иван Ильич іңірден бері басынан өткергендерін түгелдей кенеттен ойға оралтып, бағамдаған кезде; өзінің кешкі дәм үстіндегі хикаяларының бәрін, өзінің орайласпаған ерлігін, өзінің дастархан басындағы сөздерін еске түсірген кезінде; соларының бәрінен енді не шығуы мүмкін екендігі, өзі жайлы не айтылатыны және не ойлайтыны жанын тітіркендіре, айдан-анық елестеген кезде; жан-жағына бажайлай қарап, ақыр-соңында өз бағыныштысының жылу күткен неке төсегін қаншалықты былықтырып, жиренішті жағдайға жеткізгенін көрген кезінде, – о, міне, сол кезде оқтай қадалған ұят, жаншып өлтірердей азап оның жүрегін паршалап өтті де, шыңғырып жіберген ол бетін алақанымен жаба, жастыққа өкіре құлады. Бір минуттен соң ол төсектен атып тұрды, сол сәтте-ақ ол орындық үстіне қатталып қойылған, мұнтаздай тазартылған өз киімдерін көрді де, апыл-ғұпыл шап беріп, әлденеден үрейленгендей асыға-үсіге жан-жағына қарап, киімдерін аударып-төңкере бастады. Тағы бір орындық үстінде оның ішігі мен тымағы, тымақ ішінде сары түсті қолғаптары жатыр еді. Ол сыбдырын сездірмей жып беруді ойлаған. Бірақ кенеттен есік ашылып, қыш леген мен қолжуғыш ұстаған Пселдонимова кемпір кірді. Иығынан орамал салбырайды. Ол қолжуғышты еденге қойды да, артық-ауыс сөз айтпастан, дереу жуыну қажеттігін мәлімдеді. 
– Мұның қалай, әкетайым-ау, жуынып ал, жуынбай болмайды...
Осы сәтте Иван Ильич мынау жарық дүниеде өзінің енді ұялмауына да, қорықпауына да болатын жалғыз жаратынды бар болса, ол дәл осы кемпір екендігін түсінді. Ол жуынуға кірісті. Ол оянған кезіндегі осы жағдайдың бәрін, қыш леген мен бетіндегі мұзы әлі қалқып жүрген суға толы фаянс қолжуғышты, қызғылт қағаздағы, сопақ пішінді, үстіңгі жағына әлдебір жазулар ойып жазылған, бағасы он бес тиындық, жас жұбайларға арнайы сатып алынған, бірақ Иван Ильичтің игілігіне жараған сабынды және сол иығына қамқа орамал ілген кемпірді кейіннен де, өз өміріндегі аса ауыр сәттерде, өзінің өлердей ұятқа қалған өзге жайларымен қатар ұдайы ойға оралтып жүрді. Мұздай судан ес жиған ол дереу сүртініп, ләм-мим деместен, тіпті өзінің жалғыз жанашырына алғыс та білдірместен, тымағын қолға алды, Пселдонимова ұсынған ішігін иығына жамылды, сосын кіреберіс арқылы, мияулаған мысық пен көріп қалуға үздіккен ас пісіруші әйел төсегінен басын қылтитып жатқан ас үй арқылы аулаға, көшеге жүгіріп шықты да, өтіп бара жатқан арбакешке ұмтылды. Таңғы аяз бет шымшып, сұп-суық сарғылт тұман үйлер мен айналадағының бәрін бүркеп тұрған. Иван Ильич жағасын көтерді. Ол: «Жұрттың бәрі маған қарап тұр, мені бәрі біледі, бәрі білетін болады», – деп ойлады.


–––––––––––––––

Ол үйден шықпай, қызметке бармай, сегіз күн жатты. Ол ауырған еді, тәнінен гөрі, жаны көбірек күйзеле ауырған еді. Осынау сегіз күн ішінде ол тозақты бастан өткерді, бәлкім, бұл оның о дүниедегі жазмышы шығар. Шашын сыпыртып, тақуалыққа бет бұруға көңілі ауған сәттері де болды. Мұндай сәттерде оның қиялы шалықтап, қилы-қилы қиянға кете бастайтын. Оның көз алдына жер астындағы сызылтқан ән, аңқиған табыт, оқшау құжырадағы тірлік, ормандар мен үңгірлер елес беретін; бірақ, көзін ашқан бойда ол мұның бәрі үрейлі сандырақ және асыра сілтеу екенін дереу ойына алатын да, осы сандырағынан өзі ұялатын. Содан соң existence manqué сипатындағы рухани күйзелістер басталды. Содан соң оның жан әлемінде қайтадан ұят бұрқ етіп, тұла бойын бірден билеп алатын да, күйдіріп, жандырып әкететін. Ол неше түрлі көріністерді көз алдына келтіріп, дірдек қақты. Бұл туралы не айтпақ, не ойламақ, кеңсесіне қалай кірмек, жыл бойы, он жыл, тіпті өмір бойы мұның артынан қандай сыпсың ілесіп жүрмек? Жаманаты ұрпақтарына да жетеді-ау! Ол кейбір сәттерде шарасыздыққа бой алдырғаны сонша, сондай мезеттерде тіпті Семен Ивановичке баруға және одан кешірім сұрап, дос пейілін өтінуге де әзір болды. Ол өзін ақтауға да тырыспады, қайта өзін оңдырмай сөгіп, өзін ақтарлық желеу таппай, сол үшін ұятына өртенді. 
Ол дереу отставкаға кетуге, сөйтіп, оқшауланған өз ғұмырын адамзаттың бақытына бағыштауға да оқталды. Қалай болғанда да, өзінің бүкіл таныстарын тез арада өзгертуге, тіпті өзіне қатысты естеліктерді түгелдей түбірімен жоюға тиіс еді. Бұдан соң ол мұның да сандырақ екенін ойға алды және қаталдығын барынша күшейтсе, бағыныштыларына қатысты шаруаның бәрін де реттеуге болатынын бағамдады. Сол кезде оның үміті оянып, серги бастады. Ақыры, күдік пен азапқа толы сегіз күн тұтасымен өткен тұста ол мұндай дүбәра күйге бұдан әрі төзе алмайтынын сезді және un beau matin1 (тамаша таңның бірінде (франц.) кеңсеге жол тартуға бекінді. 
Бұрын, үйде отырған кезінде, ол өз кеңсесіне қалай аяқ басатынын мың мәрте уайымдай елестеткен еді. Өзінің артынан күмәнді күбір-сыбырларды сөзсіз еститініне, мысқыл бүге, жымысқы жымиған кейіптерді көретініне шүбәсіз сенген-ді. Шындап келгенде, бұлардың бірде-бірі болмаған кезде ол айран-асыр таңырқады. Оны құрметтей қарсы алды; ізет танытты; барлығы бәз қалпынша, бәрі іспен айналысып жатты. Ол өз кабинетіне жеткен кезде кеудесін қуаныш кернеді. 
Ол барынша маңыздана, дереу іске араласты, бірнеше баяндамалар мен түсініктерді тыңдады, шешімдер жасады. Ол тура осы таңдағыдай еш уақытта шешімтал, ақылды, іскер болмағандығын сезді. Ол өзіне жұрттың риза екенін, өзін қадірлейтінін, құрметпен қарайтынын көрді. Аса секемшіл жанның өзі ештеңе аңдамас еді. Шаруа тамаша жүріп жатты.
Ақыры, әлдебір қағаздарын ұстаған Аким Петрович те көрінді-ау. Ол көрінген бойда бір сәттік, бір сәттік қана, бірдеңе Иван Ильичтің жүрегін шаншып өткендей болды. Ол өзінің Аким Петровичке ұзақтау қарап қалудан қашатындай болып отырғанын ғана аңғарды, дұрысында, Аким Петрович оған қарауға қорқып тұрған. Міне, енді Аким Петрович те ісін ыңғайлап, қағаздарын жинастыра бастады.
– Иә, тағы бір өтініш бар, – деп бастады ол барынша бипаздай, – шенеунік Пселдонимовтің департаментке ауысуы жөнінде... Аса мәртебелі Семен Иванович Шипуленко оған қызмет уәде етіпті. Сіздің мейірім танытуыңызды өтінеді, аса мәртебелім.
– Ә-ә, ол ауыспақшы екен ғой, – деді Иван Ильич және жүрегінде шөгіп жатқан алапат салмақтан айыққандай сезінді. Ол Аким Петровичке қарады, осы сәтте олардың көздері түйісіп қалды.
– Несі бар, менің тарапымнан... мен пайдаланам, – деп жауап қатты Иван Ильич, – мен дайынмын.
Аким Петрович сырғып кетпекші еді. Бірақ, кенеттен бекзаттығы оянған Иван Ильич ойындағысын түгел айтып тастауға бел буды. Сірә, бойындағы шабыт қайта оянса керек.
– Оған жеткіз, – деп бастады ол, терең мағына тұнып тұрған тұнық көздерін Аким Петровичке қадап, – Пселдонимовке жеткіз, мен оған жамандық тілемеймін; иә, тілемеймін!.. Керісінше, мен тіпті өткеннің бәрін, бәрін, бәрін ұмытуға да әзірмін...
Бірақ, неге екені белгісіз, ақылды адамнан кенет тоңмойын топасқа айналған Аким Петровичтің түсініксіз құбылуына таңдана қараған Иван Ильич оқыс мүдірді. Соңына дейін тыңдап тұрудың орнына, кенеттен ақымақтана қызарып кеткен әлгі апыл-ғұпыл бүкшеңдеп, тіпті имеңдей иіліп-бүгілген күйі есік жаққа жылыса бастады. Оның бүкіл кейпі жердің жігіне еніп кетуге, яки, дұрысырақ айтқанда, тезірек өз үстеліне жетуге асығып тұрғанын аңғартатын. Жалғыз қалған Иван Ильич орындығынан абыржи көтерілді. Ол айнаға қарады, бірақ өзінің бетін аңғармады.  
– Жоқ, қаталдық, тек қана қаталдық, қаталдық! – деп, ол өзіне өзі байыпсыз күбірледі, сол мезет оның бет-жүзі түгелдей қып-қызыл бояуға малынды. Сол сәт ол жан төзгісіз азап кешіп, ұятына өртенді; мұншалықты жан азабы оның сегіз күндік ауруының бірде-бір сәтінде болмап еді. «Шыдай алмадың!» – деді ол өзіне өзі, шарасыз күйде орындығына сылқ етті.


Соңы.

Көп оқылғандар