Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әбіш Кекілбай. Сатира сарбазы

24.10.2017 1832

Әбіш Кекілбай. Сатира сарбазы

Сөздің қасиетін білетін, қазақ сөзін байлықтан артық көретін, ақ мылтық журналистер үшін сыбайлас жемқорлықпен күресу жұлынды тақырыптың бірі. Сатирик жазушылар да жемқорлық, өзімшілдік дертімен алысып келеді. Арпалысып жүреді. Тазалық жолында арпалыса береді. Әйтсе де әлгі жемқорлық дертінің сап тыйыла калар түрі көрінбейді. Олжалау жолын анықтап алған. Мақсатынан таймайды, жемқорды сырт көзбен тану да оңай емес.

Тілге тиек етіп отырған, қаламынан көптеген дәмді, мәнді кітаптар туған сатирик жазушы Табыл Құлыяс жемқорлыкпен, нысапсыздықпен күрестің нәтижелі болмағын мүлде басқа полюстен іздейді.

Санасына «байысам» деген ашкөздік, нысапсыздық сіңіп қалған адамды ешқашан қорқытып, үркітіп қойғыза алмайсың дейді. Байыған сайын қанағаты кетіп тойғыза алмайсың дейді.

Ондай кісілер туралы, мейлі он фельетон, тіпті жүз фельетон жаз, сайқымазақ театрының бас кейіпкері ет, экономикалық және сыбайлас жемқорлық жөніндегі қылмысқа қарсы күрес жөніндегі комитет агенттерін қыр соңынан қалдырмай салып қой — бәрібір тыйым болмайды. Өркениетті, мынау деген алпауыт елдің ашық аспанында дүркін-дүркін жауар бұлттай дүркіреп өтетін осынау дүлей дертпен күресудің жалғыз жолы — адам жүрегіне шүкіршілік сезімін бесіктен бастап ананың ақ сүтінің киесімен егу дейді қаламгер.

Ең әуелі адам жүрегіне шикі жасынан тәубе, нысап, шүкіршілік қағидаларын сіңірсек қана бойымыз жеңілдейді дейді жазушы Табыл Құлыяс. Мұндай кредо ұсыну — ойлы адамнан шығады. Өмірдің көлеңкелі жағына күлу, әзіл-оспақ шығару, мысқыл айту көрінгеннің қолынан келеді. Тіпті өзі жығылып жатып сүрінгенге күлетіндер қаншама. Кіршіксіз мөлдір таза өмірді көре алмай күлетіндер қаншама? «Қолыма түспегенді құртқым келеді» дейтін жаман пиғыл да табылады.

Табыл Құлыяс ең әуелі мінездің адамы, мінездің адамы болғасын ба, мінді, кемшілікті, келеңсіз жәйтті кісінің жүріс-тұрысынан, сырт пішімінен, кескін-келбетінен іздемейді, терең бойлап жан сырынан, арғы аңғарынан кілтипан тапқысы келеді. Тауып та жүр. Кейінгі жылдары жазған «Жебе сез», «Алдардан кейін», үш томдық «Ақмылтық» шығармалары осы сөзіміздің куәсі. Әбіш әспеттеп алғысөз жазып шығарған «Қан-жоса ғасыр», «Қырғын», «Қан кешу», «Миға қойылған бомба» кітаптары — кешегі зұлмат заманының сияға малынған зары мен мұңы. Қалың қайғыны, халық басындағы үлкен нәубетті көзіңді суламай оқу мүмкін емес. Күле білген замандасымыз аталмыш кітабында күңірене де білген.

Баяғыдан басталған сықақ, әжуа, фельетон жанры заманға сай ылғи жетіліп, түрлік әрі мазмұндық кемелдікке түсіп отырған. Бара-бара мылқауға тіл бітіріп, саңырауды саққұлақ етердей сар­казм, сатира жанрына айналғаны мәлім. Аллегориямен жазылған әжуаны кешегі дүлдүл классиктерден оқыған едік. Арғы-бергі әдебиеттің үздік туындыларынан мол-мол сусындаған Табыл ағамыз қазақтың әжуа, сықақ жанрын биікке көтеруге ұзақ жылдар бойы аянбай күш жұмсап келеді. Қазақтың мақал-мәтелдерін сындырып аллегориялық бір томдық өлеңдер кітабын да шығарды. Еңбегі еш емес, қомақты, қуантады.

Табыл әжуасының өзге сатириктерден айырма белгісі тайға таңба басқандай. Бірінші: осы күні жиі көрінетіндей күлкі шақыру үшін кісінің сырт келбеті, аузы-басын қисаңдатқаны сияқты арзан әжуаға бармайды. Күлкіні кісі мінезінен іздейді. Екінші: ұлттың намысына тиетін, менталитетін қорлайтын әжуадан бойын аулақ салады. Мысалы, сахнаға шығып алып ене мен келіннің салғыласуы, ерлі-зайыпты кісілердің бірін-бірі ащы тілмен іреп-союы, қазақтың кең қолтық, аңқау, иланғыш мінезінен мін іздеу секілді келеңсіз жәйіттен әрдайым аттап өтеді. Тақырып өресін биікке құрып үйренген. Үшінші: осы күні көп сатириктер қоғамның келеңсіз жәйіттерін, мінін әкімнен, мемлекет мәшинесінің тегершігі болып отырған шенеуніктен іздейді.

Әкім болғаны үшін — бюрократ, өзімшіл, әпербақан; шенеунік болғаны үшін — жұртқа жаны ашымайтын жатыпішер, робот-адам, қағазға көмілген көрсоқыр деп жазу бел алып тұрған кезде, Табыл ағамыз мүлде өзге полюстен, биік межеден табылады. Әкімнің де мықтысы мол, шенеуніктің бәрі қағаз жолбарыс емес дейді. Қоғамның келеңсіз қасиеттерін әркім өзгеден емес, өз бойынан, өзінің жан сарайынан іздесе — құба-құп болар еді деп пәтуа айтады. Мұндай пәтуалы сөз, қай заманда да, шыны керек, арғы-бергіні көп көріп, көкірекке мол тоқып, кемелденген кісіден ғана шығады. Табыл Құлыяс бұл күнде ауылдың әжуасын, әжік-күжігін шиырлап жүрген журналист емес, елдің, халықтың сөзін айта бастаған барақатты ойдың, көркемделген оқиғаның үлкен қаламгері. Өресі биік білімпаздың өзі! Ақын айтқан: «Ерлік санар — елдің мұңын қозғаса, қатарынан қалған емес, озбаса», деген сөздің шындығына көзіміз жетеді.

Әрине, дүниеде мінсіз адам болмайды, жазғанының бәрі алтын саналатын жазушы тағы жоқ. Табыл Құлыяс қаламынан туғанның бәрі ғажайып деуге тағы аузымыз бармайды. Әйтсе де өмірде қарапайым жүріп, қауқарлы іс тындыруға дағдыланған, Сарыарқаның сарабдал сарбазындай осы бір жанның бойында үнемі кемелдену, жетілу қасиеті еш кемімегеніне қарап, іш тартамын. Тәубе тұтамын. Сексен үш­ке келген Толстой өз күнделігіне: «Әлі маған көп жетілу керек екен», — деп жазған екен. Дүниеге ақыл үйретіп отырған классик жазушы, әлгіндей тәубаға келіп, шүкіршіліктен шықпай отырғанына қарап, мына біздердің бітірдік... тындырдық... қатырдық деп жүргеніміз шынашақтай ғана нәрсе ме, бәлкім. Содан келіп қазақ сатирасының елу-алпыс жылдан бергі сөзін сөйлетіп, құлақ күйін келтіріп жүрген кешегі Асқар Тоқмағамбетов, Садықбек Адамбеков жүргізіп жіберген керуеннің бас жібін ұстап, түйесін қомдап жаңа қоналқаға апара жатқан аса қажырлы жампоз ағамызға жолың ұзақ болғай деп тілек тілейміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Табыл, Кекілбайұлы, Әбіш, Құлыяс
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар