Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылбек Байтанұлы. Майданда жүріп ел қамын...

07.05.2018 373

Асылбек Байтанұлы. Майданда жүріп ел қамын...

Екінші дүниежүзілік майданның басталғанына да келесі жылы сексен жыл толмақ. Жеті жылға созылған, адамзат тарихындағы әзірге ең алапат соғыстың Кеңес Одағы мен гитлершіл Германия арасында өткен 1418 күндік сұрапыл бөлігі кеңес тарихында «Ұлы Отан соғысы» аталды. Алайда Кеңес Одағы ыдырағаннан бергі отызға жуық жыл ішінде 1945 жылы фашизм ұясын бірге талқандаған жауынгерлердің бүгінгі тәуелсіз он бес республикадағы ұрпақтары «Ұлы Отан соғысы» атауына әрқилы көзқарас тұрғысынан қарайды. Саяси, тарихи тұрғыда әрбірінің өз аргументтері бар. Қазақша айтқанда «әркімдікі өзіне жөн». Дегенмен, жалғыз ақиқат – күллі адамзат баласына тажал болып өрттей жалмап келе жатқан неміс фашизмінің әптігін басып, ордасына шегіндіріп әкеліп талқандаудағы басты еңбек кеңес халқыныкі екендігіне талас жоқ. Қалай болғанда да он бес республикадағы жүздеген ұлттың баласы темірдей тәртіпке бағынып, қарсы келген дұшпанмен аянбай соғысты. Гитлершіл Германиямен салыстырғанда адами және материалдық тұрғыда әлденеше артық шығынға батса да, түпкі нәтижесінде жеңіске жетелеген жанкешті рух кеңес әскерлері мен халқының бойынан қалай табылды деген сияқты сұраққа келгенде кешегі одақтас, бүгінгі дербес он бес елдің ұрпағы әрқилы уәж айтатыны анық. Бұл – жас қазақстандықтарға да тән. Әр дәуірдің өз көзқарасы бар.

Қан майданда толарсақтан қан кеше жаумен шайқасып, бейбіт өмірге оралғанда бар күш-жігерін елдегі күйреген шаруашылықты қалпына келтіруге жұмсаған майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің қатары да бүгіндері тым-ақ сиреген.

Майдан даласында соғысқан қазақ жауынгерлері өздерінің төзімділігімен, батылдығымен өзге ұлттарды, әскери басшыларды мойындата алғанына тарих куә. Әрі қазақтар өз арасынан шыққан Кеңес Одағының батырлары саны жағынан төртінші орында тұруының өзі де кездейсоқтық емес еді.

Майдандағы қазақ жауынгерлері алыста қалған туған елімен хат-хабар арқылы байланысып отырды. Сонымен қатар елден концерттік бағдарламасымен, күш-көлік, азық-түлік сәлемдемесімен арнайы делегациялар да келіп жататын болған. Соғыстың нақ ортасында жүрсе де туған жер, туған елмен рухани байланысын үзбеген майдангер қазақтардың мысалы ретінде Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Әзілхан Нұршайықов, Дихан Әбілев, Сырбай Мәуленов т.б. белгілі тұлғаларды атауға болады. Олардың майданнан жазған хаттары – қазақ әдебиетіндегі әскери мемуарлық әдебиет жанрын қалыптастырды.

Біз Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің майдан хаттарындағы отаншылдық сезімді, туған жерге деген сағынышты, ондағы әдеби, мәдени өмірге деген бей-жай қарамаушылықты көреміз.

Әскери мемуарист жауынгер Мәлік Ғабдуллин өзінің майданда жүріп хат жазу жайы және ондағы мақсат пен жазылу барысы туралы былай деп жазады: «Мен майданда жүріп елдегі және майдандағы таныс жолдастар мен достарыма хат жазып, хат алып тұрдым. Бірсыпыра хаттарымда, өзімше, мәнді-маңызды пікірлер де бар еді. Бірақ, олардың көпшілігінің көшірмесін өзіме сақтай алмадым. Ал, сақтаған хаттарымның көбі жойылып, жоғалып кетті».

Соғыс жылдары елдегі, майдандағы көптеген адамдармен жазысқан қаншама тамаша ойларға толы құнды хаттар бомбаға ұшырап, өртеніп кеткенін Мәлік Ғабдуллин бір жазбасында өкіне жазғаны бар. Бір қолына қаруын, бір қолына қаламын алып, алмағайып кездерде жазған хаттарда не бір тұщымды ойлар таңбаланған. Солардың бірінде Мәлік Ғабдуллин қазақ жауынгерлерінің өз ұлтынан шыққан әйгілі адамдарды аз білетін кемшілікке орынды назар аудартады: «... Осы күнде, майдандағы жігіттермен сөйлескенде, мынадай бір кемшілігіміз көрініп жүр. Мәселен, жігіттердің көбі Абай, Махамбет, Шоқан және солар секілді халық сүйген кісілердің атын біледі. Бірақ, олардың кім болғанын, өскен, туған жерлерін айта алмайды. Тегінде «Қазақ халқының сүйікті адамдары» деген жалпы атпен сериялы бірнеше кітапшалар шығару керек секілді. Онда халыққа қызмет еткен, басқаға үлгі болған адамдардың ісі, өмірі айтылсын. Бұл кітапшаларды біз үгіт жұмысына толық пайдаланып, майданға енгелі тұрған жігіттерге: «осылардай іс істеңдер, халқыңа қызмет етуді өткендегі бабаларыңнан үйреніңдер, халқыңды солардай сүй, сонда сенің де атың мәңгі болады, ұмытылмайды» дер едік». Расымен де, естімесе, оқып білмесе қай заманда болмасын, ұлтының ұлы да ұлағатты тұлғаларынан қалай үлгі алсын.

Майдан өмірі жайлы жазылған туындылар соғыс жылдарында көп жазылды. Мұндай туындыларды майдан өмірін бастан өткерген жауынгер қаламгер де жазды. Тылда жатқан, броньмен қалдырылған жазушылар да өз қаламынан көптеген романдар мен дастандарды тудырды. Осылардағы соғыс тәсілінің, майдан өмірінің барынша шынайы болуы – Мәлік Ғабдуллиннің ұстанған қағидатын өз хатынан көреміз: «Жақын арада маған бір жазушы жолдас хат жазған екен. Онда ол майданшылар жайында бірдеме жазайын деген ойым бар еді, бірақ майданды көрмей жазуға батылым бармайды депті. Мен оған хат жазып өз пікірімді айттым. Ол пікірлер мыналар еді. Майданға және соғысқа қатысып жүрген азаматтар жайында шығарма жазуға талпыну - өте қуанышты хабар. Қандай шығарма жазбақ болсаңда – ең бір керекті нәрсе бар. Ол материалды толық білу, жақсылап меңгеріп алу. Сен бір адам туралы жазбақ болсаң, ол кісінің кім екенін, не істегенін, ішкі ой-пікірі қандайлығын әбден түсініп алған жөн. Онсыз жақсы шығарма жазу мүмкін де емес...».

Майдан өтінде, елден жырақ соғысып жүрген барлық жауынгерлер секілді, Мәлік батыр да туған елі мен жерін сағынады. Сондықтан да ол елдегі қаламгерлердің біріне жазған мына бір хатында былай деп толғана жазған екен. «Неліктен екенін кім білсін, әйтеуір, соңғы кезде мен елді сағынып жүрмін. Елді ойлап көксеп-көксеп жібересің. Әйелің, балаң, әке-шешең, туған-туысың ел секілді ерекше әсер бермейді екен. Мүмкін мен қателесермін. Бірақ, бәрінен де қадірлісі елің көрінеді. «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп неге айтты дейсің!».

Дегенмен, қазір бар да ертең жоқ дерліктей, ажалмен сәт сайын арбасып өмір сүретін майдан өтінде жүріп, елдегі түрлі әдеби, мәдени оқиғаларға, проблемаларға араласып, үн қосушы майдангер жазушылардың бұл ісіне таңданыс білдіріп, тіпті ренішін де жасырмаған сияқты. Оны Мәліктің мына хатынан білуге болады: «... Сен соңғы бір хатыңда «елдегі әңгіме несіне араласасың» депсің. Алда бауырым-ай, өзің қызық екенсің ғой! Сөз саптауына қарағанда «сен соғыста жүрген әскерсің. Сол ісіңді білсейші, басқа мәселеге араласпа...» дегің келеді білем. Қой, бауырым, олай етуге болмайды. Менің әскер адамы екенім рас. Ал, әскер адамы әдебиет, мәдениет мәселесіне араласпасын, өз ісімен болсын деген жаман пікірді есі дұрыс адам баласы айта қоймас...».

Әрине, әрнені өзінше ойлайтын, тар аяда бағамдайтын, мынау тірлікті тек басқарып бұйрық беру деп түсінетін әпербақан басшылар да қай заманда аз болмаған ғой. Сондай бір министрдің «оқымыстылығы», елдегі әдеби, мәдени өмірден «хабардарлығы» туралы Мәкең былай деген екен: «Көп тұрған су сасиды, ойламаған ми сасиды» дейтін еді Бауыржан. Осы бір алтын сөз - ау. Мен саған бір қызық нәрсе айтайын.

Жақын арада біздің майданға делегат болып келген сенің бір нарқомсымақ қазағыңмен жолығып сөйлестім. Алыстағы майданда жүрген адам жас бала секілді әр нәрсені аңсағыш келеді ғой. Мен үш жылдай майданда жүргендіктен елді сағынып қалсам керек. Сондықтан жаңағы нарқомсымақтан ел әңгімелерін сұрай бастадым. Ол ел жайын, шаруашылық жөнін, күнделікті жоспарлардың қалай орындалып жатқанын көп сөзбен айтып берді. Онысына разы болдым. Сонан кейін мен:

- Әдебиет, искусство жақтарында қандай жаңалықтар бар? Жазушылар нендей шығармалар жазып берді? – дедім. Ол менің сұрауыма жауапты мүдіріп айтты:

- Соңғы жылдары, - деді ол, - театрларда «Абай» пьесасы қойылып жүр. «Ақан сері-Ақтоқты» деген пьеса сахнаға шықты. Бұлар осы соңғы жылдары, соғыс кезінде жазылған нәрселер. Ал, Сәбит «Абай» туралы роман жазды, Мұхтар «Балуан Шолақ» деген поэма жазды... Міне, осындай шығармалар басылып шықты дегені ғой.

- Бұл өте үлкен табыс екен. Мұхтардың, жаңағы өзіңіз айтқан поэмасында не нәрсе айтылады екен? – дедім.

- Қарағым Мәлік, мен саған шынымды айтамын. Мен оларды оқыған емеспін, тіпті қол тимейді. Ал, жұрттың айтуына қарағанда, Мұхтардың поэмасы осы өздерің туралы болу керек...

Бұдан әрі мен еш нәрсе сұрамадым. Бұл әңгімелер нені көрсетеді? Одан көрінетін әңгіме мынау: біздің кейбір бастық болып жүрген адамдарымыз қазақ әдебиетін оқымайды, білмейді. Ондайлар халықтың тарихын, әдет-ғұрпын, салтын біледі деп айту да қиын. Ондайлардың білетіні – жоспарды орындау. Тегінде, мұндай адамдар үшін «мынадай кітаптар оқысын» деп тағы бір жоспар берген жөн-ау деймін». Әрине, ол заманда ақпарат алу көзі кітап, театр, кино ғана болғанын ескерсек, кітап оқу деңгейі төмендеген қазіргі ақпараттық технология заманында басшы-қосшылардың елдегі әдеби өмірден хабардарлығы ілгеріледі деп айту қиын болар.

Ғабит Мүсіреповпен көп хаттар жазысқан Мәлік Ғабдуллин сөз зергері Ғабеңе әдебиет және тіл мәселелері жөнінде өз ойларын ақтарады. Бұл ойлары қан майдан ортасына бұдан жетпіс бес жыл бұрын жазылса да, қазіргі күнгі кейбір жағдайлармен қатты ұқсас екендігін аңғару қиын емес. Сол хаттан үзінді алайықшы: «Тіл жөніндегі пікіріңіз дұрыс. Тағыда айтайын, әңгіме атауда (термин) емес, тілді мемлекеттік етуде. Мен жуырда Смайыловтың тіл туралы жасаған баяндамасының стенограммасын оқыдым. Ол жігіт мәселені дұрыс көтерсе де, дәлелі нашар екен. Оның айтуынша қазақ тілінің шұбарлануы переводчиктерден болып отыр-мыс депті. Чепуха, вздор! Тілді бұзып отырған переводчиктер емес. Егер, өзіміз тілді қадірлеп, дұрыс бағалап ұстасақ, онда жаңағы переводчиктер біздің тізгінімізде болар еді. Ал, олай етпесек, әрине, «ит жоқта шошқа үредінің» кебіне түсеміз. 26-жылдары шыққан аударма кітапшалардың тілі жатық, халыққа ұғымды болуын – сол кітаптарды аударушылар (Ғабит т.б.) ең алдымен халыққа қызмет етуді, мәдениет беруді ойлады, олар қарабасының емес халықтың мүддесін ойлады деп қарау керек. Ал, осы күнгі кейбір переводчиктер «аударылса болды, іс бітті» деп қарайды, бұған біз төзіп отыра береміз. Міне, мәселенің түйіні осындай. Қазақ тілін өркендету деген сөз – халықтың болуын, өмір сүруін, көп жасауын ойлау болмақ қой. Айтпақшы, тілді өркендетуде бірнеше рет алынған алфавитымыз қаншалық пайда келтірді? 26-жылдары, 36-жылдары шыққан (қазақ тілінде шыққан) шығармаларды осы күнгі балалар оқи ала ма? Егер, сол кітаптардан (одан бұрынғы хисса т.б.) кәзіргі жастар тіл пайдалана ала ма? Осы жөнде де бір нәрсе ойлау керек болар».

Тұжырымдай айтқанда, Мәлік Ғабдуллин бұл хаттарды майдан даласынан бекерден бекерге жазып отырмаған. Ұрыс арасында, жауынгерлерге саяси үгіт-насихат айтудан қолы босағанда ойға түйгендерін хатқа түсіріп жолдап отырған Мәлік Ғабдуллиннің бұл ісін «Өзінің ұлтын, халқын сүйе білмеген адам, басқа ұлтты, халықты да сүйе, бағалай, құрметтей білмек емес», - деген өз сөзіне саятын болсақ, мұның өзі ұлтын сүйген ұлы жүректің өмірге деген құштарлығы, елінің ертеңіне деген алаңдаушылығынан туындаған ыстық сезім екенін аңдау қиын емес.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар