Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ж.АЙМАУЫТҰЛЫ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ТАҒДЫРЛАР САПЫРЫЛЫСЫ...

02.07.2018 7913

Ж.АЙМАУЫТҰЛЫ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ТАҒДЫРЛАР САПЫРЫЛЫСЫ

Ж.АЙМАУЫТҰЛЫ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ТАҒДЫРЛАР САПЫРЫЛЫСЫ - adebiportal.kz

«Ақбілек» романын қайта оқығандағы әсер

«Өмірде озат адам сирек, әлеумет өзі

ақтарып тауып алмаса, талай күміс, талай

құрыш кездік қап түбінде жатып қалуы анық.”

Ж.Аймауытұлы

Жүсіпбек Аймауытұлы!

Бүгінде қанатын кеңге жайған, өскен, өркендеген үлкен әдебиетіміздің әр жанрында өнімді еңбек еткен айтулы қаламгер; тірлігінде қара бастың қамын күйттеп, өресі өз басынан аспаған өзімшілдердің өзегіне өрт болып түскендіктен де өз басына жауды ерте тауып алған.

Дәуірдің аласапыран кезінде лай судан балық аулаған қулар «түстік өмірі болса, кештік мал жиюды» мақсат етіп, «аз білгенін көпсініп, көп қазаққа епсініп», кісіліктің биігіне ұмтылды.

Ұлтымыздың ұлылары солардың сатқындығынан абақтыға қамалып, ажалдарымен ерте табысты. Ала құйындай ұйтқыған ел ішінде «желдібай жындыбаевтардың» дәурені жүрді. Ел – басшысыз, отар – серкесіз қалды. Сондай қиын күндер туды.

Дана уақыттың шипалы емінің арқасында сол бірі аласапыран кезді халқымыз қиыршық құмнан алтын сүзгендей елеп, ақ пен қараны ажыратты. Әркімді өз орнына қойды. Арыстарымыз халқына қайта оралды.

Жүсіпбек Аймауытұлының қаламынан туған әдеби туындылар бүгінде оқырманымен қауышты. Өзінің көркем тілі, жазылу мәнерімен оқушыны бірден баурап әкетерлік туындылары оның жазушылық талантының зорлығын, ана тілінің мол байлығын кемел меңгергендігін көрсетеді.

Жазушы өзі өмір сүрген дәуір шындығынан бейтарап қалмайды. Қоғамда болып жатқан оқиға, даму, әлеуметтік сілкіністер үстіндегі адамның дүнитанымының өзгеруі, мінезі, ұстанымының қалыптасуын үнемі көз алдынан өткізіп отырады.

Уақыт өте келе ой елегінен өткен оқиғалар әр жанрда өз көрінісін береді. ХХ ғасырдың басы қазақ халқы үшін дүрбелеңмен басталды. Ресей мемлекетінің орталығынан басталған ұлы дүбір сарыны, мемлекеттердің өз ара соғысының дүмпуі де қазақ даласына он алтыншы жылдары жетті. Әп сәтте ұлан-ғайыр кең дала майдан даласына айналып жүре берді. Бір орысы қашты, бір орысы қуды. Момын қазақ екеуінің қайсысының ісі дұрыс, қайсысының ісі бұрыс екенін ажырата алмай, дал болды. Жазушы осы кезеңнің шындығын ел санасына жеткізу үшін қолына қалам алды.

Тарихи шындықтан көркемдік шындық жасауға құрылған «Ақбілек» романы осылай дүниеге келді. Жазушы бұл романда қазақ қызының әу баста ескі тартыс, рушылдықтың құрбаны болғанын, жаңа заман арқасында оқып, ерлермен тең биікке көтерілгендігін барынша жарқын суреттей алған. Ұзаққа созылған өмір жолының бір белесінде туған еліне оралып, Алтай тауының биігіне шыққан Ақбілек «бейнеттен, қорлықтан, күнәдан тазарып, жеті қат көктегі ғарышқа барып, жүрегін алтын легенге салып тұрғандай, анадан жаңа туғандай тазарады». Автордың осы сөздері шығарманың идеясы болып табылады. Ақбілек осындай бақыттан басы айналған сәтке оңай жете салған жоқ. Он бес жасар, сүйіріктей сүйкімді, «қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» ару қыз әлі оң-солын танып білмей жатып жау тырнағына ілігеді. Тағыдай анталаған көп жаудың ортасында қалған Ақбілекті қара мұрт орыс көп орыстың қорлауынан құтқарады. Жирен мұрт орыспен жекпе-жек атысқа шығуы да өзі үшін аянбағаны көрсеткені деп білген Ақбілек оған үнсіз көнеді. «...Шошқа етін жейтін, арақ ішетін, темекі сасыған, қылыш-мылтық ойнатқан мейірімсіз орыс осы емес пе ? Шынымен орысты иіскегені ме?» Қанында бар әйелдік сезімін оятып, өзіне икемдегеніне бой алдырып, қарсылық көрсетпегенімен бұған ол іштей күйзеліп, қорланады. Ақбілектің жанын жегідей жеген дерт осы күйзелістен туады. Туған жұрт, өскен ортасын ойлаған сайын осы қорлануы, күйзелісі ұлғая түседі.

Қуғынға түсіп, қалың орыс қашқанда қара мұрттың өзін атып кетпек болуы да Ақбілектің жан жарасын ұлғайта береді. Ессіз тауда жалғыз қалған Ақбілектің жаны «жын ойнақтап, ойрандап кеткен ессіз даладай құлазиды». Орыстың оғынан өліп , айдалада көмусіз қалғанша, иен тауда қаңғырып өлгенді артық санайды.

Жазушы осы сәттегі табиғат құбылысын кейіпкердің көңіл күйімен астастыра суреттейді. «... Саялдық қара бұлттар-ау! Ақбілектің үстіне мұнша төнгенше, анау асқар таулардың басына төнсеңдерші. Жапырақтар, шерлі сұлуға сая болсаңдаршы!»

Жазушы оқиғаға өз көзқарасын осылай білдіріп отырады. Кейіпкер аузымен өзі де сөйлеп кеткен. Түнерген табиғаттың үнсіз қорқынышын, анталаған аш бөрілерді жеңіп шыққан Ақбілек диуананың көмегімен елге қайтқанда алдынан қорлықтың, желдей гулеген өсектің қайнаған қазанына тап болады. Қайғыға бой алдырғанымен өмірден үмітін үзбеген Ақбілек қаладағы ағасынан пана табады. Сонда жүріп оқиды, жаңа заманға бейімделеді. Өмірден өз жолын табудың тек күреспен ғана келетініне көзі жетеді. Енді бұрынғы жасық, қорланған, күйзелген Ақбілекті емес, «өмір мұны сілкісе, енді бұның өзі де өмірді сондай сілкуге жарап қалған» (Ғ.Мүсірепов) Ақбілекті көреміз.

Көркем шығарманың тартымды шығуы кейіпкер образының сәтті шығуымен байланысты. Осы романдағы әр түрлі кейіпкерлердің өзіне лайық танымы, түсінігі шынайы суретеледі. Ақбілектің алғашқы атастырған жары ескі ауылдың ер жігіттерінің бірі. Бірақ оның өскен ортасы, алған тәрбиесі де оған ортадан бой оздырып шығуына мүмкіндік бермейді. Бекболаттың ішкі сезім тазалығы, адалдығы, Ақбілекті іздеп келу тұрақтылықтың белгісі болып көрінгенімен өз өлшемінен шыға алмайды. Оның да жанын жеген күйзелісі-Ақбілектің орыс тұтқынында болғандығы және ескі ауылдағы қалыптасқан типтік көзқарас. Оның Ақбілектен көз жазып қалуының түп төркіні осында.

Романда «кімнің тарысы піссе, соның тауығы» болуға, билік пен күш кімде болса, соның сойылын соғуға дайын жүргендердің бірі болып Мұқаш бейнесі алынған. Оны аласапыран дүрбелеңді кезеңде лай судан балық аулап, өз пайдасын көздеушілердің жиынтық бейнесі деп алуға да болады. Оның іс-әрекетінің, ойының барлығы туғалы «ауы атқа, аузы асқа жарымаған, қырыс маңдай, қара сұр, шұнақ құлақ, бадырақ көз, туғалы кісі есігінде жүргендігінен» бастау алады. Ол сол бір өткінші кезеңнің қайшылықты бейнесі болып табылады. Осы кездерде ел алдына шыққан көп сұңқардың осындайлардың кесірінен опат болғаны да тарихтан белгілі.

Үлкен мемлекеттегі бар орыс көзқарас қайшылығынан екіге бөлінген. Бірі қашты, бірі қуды. Қашқаны қайғылы, кекті, қуғаны қуанышты. Кектісі жолда кездескеннің барлығын «адал, арам, жас, кәрі, бала-шаға» деп ажыратып жатпады. Әйелін бауырға, атын тақымға басып, дүниесін қанжығаға байлап, аш қасқырша аласұрды. Қан аңсаған қанды балақ бөрідей топ орыстың ішіндегі қара мұрт орыс азғана күндік дәуренде қызық көрмек болып, Ақбілек үшін басын өлімге де тігеді. Ақбілектің әйелдік намысын көп тағының талауына бермеді. Қара мұрттың оңашадағы көп әрекеттері Ақбілеккке жат көрінгенімен, өзін тым жақсы көргенін әйелдік түйсікпен сезген Ақбілек те жек көрмейді. Ақбілек ермей қалғанда атып кетуге оқталғанымен қара мұрт қолын қанға боямады. Сүргінмен өткен күндердегі аз күндік қызығы үшін де осылай істегені де нанымды шыққан.

Дәуір шындығын бұрмаламай көрсеткісі келгендіктен де жазушы шығарма кейіпкерлерін нақты іс-әрекетімен көрсетуге тырсқан. Олардың қандай екендіктерін оқырман содан көре алады. Жазушының мақсаты, ой-арманы кейіпкер бейнесі арқылы беріледі. Көркем туындыдағы әр қилы мінездегі кейіпкерлердің болмыс, бейнесі арқылы қаламгер не жайлы айтқысы келгенін жазбай тануға болады. Кейіпкер образының сомдалуынан жазушы қарымы, таланты, суреткерлік қуаты танылады.

Ұлы Абай айтқан «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын қиыннан қиыстырған ер данасы» болып жаза білген. «Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда өңі қашпай» кестесі келіскен өрненктей болып әдемі өрілген.

Роман өз тұсында қалың оқырман арасын кең тарай қоймаса да, өз мәнін жоймаған. Бүгінгі күнде ана тіліміздің еңсесі түсіп, «от басы, ошақ қасының тілі» атанған күндерде өзге тілге шырайы қашырылмай, әр сөз өз мәнінде шын мағынасымен кемел аударылса, олар қазақ тілінің қаншалықты бай, көркем тіл екендіктеріне көздері жетер еді.

Тағдырды адам таңдамайды, тағдыр адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен маңдайына жазылады.Тағдырды кейде қазақ «пешене» деп те атайды. Шешен тіл, көркем оймен терең жазылған шығармадағы тағдырлар сапырылысының бір көрінісі осындай.

Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов бір сөзінде: «Ақындардың өмір тарихын білсек, соның әрқайсысы өмір сүрген заманның тірі пішінді бейнесін тауып алғандай боламыз», - деген екен. Жүсіпбек жазған «Ақбілек» романын оқи отырып, осы пікірдің растығына көз жеткіздік. Тағдыр теперішін көп көрген қазақ жастарының ерлік тұлғасын, адами болмысы мен ертеңгі күнге деген жарқын сенімін таныдық. Сол жарқын күндерге деген ұмтылысына қанат бітірген арман қанатын дәуірдің долы дауылы да қайыра алмағандығына куә болдық. Жүсіпбек дәуір шежірешісі бола білген екен.

Романды оқу барысында Ақбілекпен бірге қайғырдық, күйзелдік, күрсіндік, үміттендік, қуандық, жігерлендік, шаттандық.

Тағдыры таразыға түсіп, алмағайып күн кешсе де болашақтан үміт үзбеген жастарға Жүсіпбек Аймауытұлы лайықты ескерткіш тұрғызған. Бұл ескерткіш бүгінгі күні де маңызды әрі қажетті. Қаламгер өз туындылары арқылы өзіне де лайықты орын сайлап кеткен екен. Өз шығармалары арқылы қазақ әдебиетінің төрінен өзіне лайықты орын алған айтулы жазушымыз – Жүсіпбек Аймауытұлы деп білемін.

Данышпан Абай айтқан:

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сия ма , айтыңдаршы ?

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, -

дегені Жүсіпбек сынды саңлақтарға арналып айтылған болса керек !

Оған көзімізді жеткіздік.

Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар