Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ермек Әмірханұлы. Дүние-бесік

03.07.2018 756

Ермек Әмірханұлы. Дүние-бесік

Аманшаев Ермек Әмірханұлы - 1963 жылы дүниеге келген, Маңғыстау түлегі. Белгілі драматург, жазушы, әдебиет зерттеушісі.

Қазақстан Жазушылар Одағының, Кинематографистер Одағының, Театр қайраткерлері Одағының мүшесі. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты.

«Үзілген бесік жыры», «Сұлтан болсам, егер мен» (аударма, С.Ваннус), «Құбылыс» (Ф.Кафка бойынша), «Жынойнақ» (Д.Кобурн, аударма, өзі режиссер ретінде сахналады) атты шығармалары М.О.Әуезов атындағы Қазақтың академиялық драма театрында, «Қыр астындағы сол бір ғажайып әлем», «Балкон» атты пьесалары Ғ.М.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Жастар театрында, «Балкон» пьесасы М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік орыс драма театрында, «Жұлдыздарда бір сыр бар» драмасы бірқатар облыстық театрларда қойылған. М.Әуезовке, Абайға арналған бірнеше деректі фильмдердің сценарий авторы.

«Параллель әлемдер» (жинақтағы «Балкон» кинохикаяты) атты фильмнің (Ресей) қоюшы-режиссері, сценарий авторы.

ЖЫНДЫКӨБЕЛЕК

Жындыкөбелек пәруана тағатсыз айналымына тағы да көшті. Жынды көбелек әзәзіл от өзегін тағы да айнала бастады.

Кім білсін, осы бір от қызылынан һәм қызуынан тұтанатын ессіздік, ессіз айналыс – оның нағыз өмірі шығар?

Міне, кеңістік көкірегіне тағы бір қайталанбас шеңбер сызып, от өзегіне жақындай түсті.

Міне, ол кішкентай қанаттарын қағып-қағып қалып, от айналымынан шыға берді... (Иә, сәт! Иә сәт!..) Шыға берді де... дүние-ай, от шыңырауына құлдырап түсті!.. Шіркін-ай, ағып түсті!..

Кім білсін, мүмкін, осы бір әзәзіл оттың тілсіз шақыруы мен риясыз-ессіз құлдырау – жындыкөбелек өмірінің нағыз мағынасы шығар. Кім білсін?

Ешбір адамның ақылына сыймас осы бір пәруананың қозғалысын халық адам жанына балайды екен: біздің жақтың шалдары – «Ол әліне қарамай хан қызына ғашық болған. Сондықтан хан қызының құшағында өртеніп өледі. Біздің оны «жындыкөбелек-пәруана» деп атауымыз да содан», – дер еді. Кім білсін, салқынқанды айтылған осынау қарапайым сөздерде қатыгез шындық жатқан болар.

Әйтеуір, Ақыл, шіркін, ұлан-ғайыр кеңістікті шарлап, қайдағы бір құзат шыңдарға самғап кетіп, Еркіндік дегенде гимн ойнай бастаған шақтарда, менің есіме сол баяғы жындыкөбелек түседі. Иә, жындыкөбелек! Қас қағым ғұмырының соңғы нүктесін қою үшін – тынымсыз, ындыны мәңгі кеппес Оттың тегеурінді айналымына, – Тағдыр айналымына еніп бара жатқан жындыкөбелек. Өз тағдырының құшағына құлдыраған жындыкөбелек!

Кім білсін, мүмкін, осы бір айналым, осы бір құлдырау – кішкентай кеудедегі алып ұшқан көбелек-жанның Әлемдік отпен тазаруы шығар? Білмеймін... Білетінім... Әне, әне, тағы да бір жындыкөбелек – жан Өмір деген инквизицияның отына құлдырай түсіп, пышырлап жанып жатыр. Жанып жатыр...

ШЕР ТОЛҒАУ

(Аңыз)

Мен жақында Маңғыстау даласынан ерекше бір күй тыңдадым. Осынау жұмбақ, әрі шерлі күйдің жайын сұрай ауылдың қарт күйшісіне барғанымда, ол кісі күйдің аты «Шер толғау» екендігін айтты. Сөйтсем, өзі де талай тыңдаған екен...

Менің түсініксіздіктен аңырайғанымды көріп, сондағы қарт күйшінің айтқаны...

Қас қарайған шақ. Алпауыт дүниенің алқынды келер шолақ дәуренін кездік Уақыт алқымнан алып, тұншықтырған кезі. Арам терге түскен дүние шіркін, шарасыздықтан шалқалай түсіп, тұншығып, өлім алдындағы бей-жай қараңғылыққа еніп барады. Иә, дүние қараңғылыққа еніп барады, ал мынау дарқан даланың көзге ілінбес мамық жағасын жабыла қонған адайлар ауылы – қараңғылықтың көкірегін теуіп тастап, самала-самала білтелі шамдар күндізгідей келбет беріп жарқыратқан он екі қанат іргелі ақбоз үйге: «Уа, қайдасың, жарық!» дегендей кіріп жатыр, еніп жатыр.

Аспанда әрбіреуі «мың бір түннің» бір түніндей есуас жұлдыздар еркін билік құрған. Олар тіпті, Ай-сәуленің өзін жанынан бездіретіндей ессіздікте.

Ал, ауыл төріндегі он екі қанат ақбоз үйдің нақ төрінде шоқша сақалы селтиген, шүңірейген тышқан көзді, ақ бурыл шашын далиған қасқа маңдай төрінен әрі асырып тастаған қарт күйші шарт жүгініп отыр.

Күйге ашқарақ, күреске ашқарақ адайлар қауымы ағаш үйді араның ұясындай толықтырып, сақалдарын санай-тармалай аупылдасып отыр.

– Уа, Күйші, баста күйіңді!

– Иә, бастап жібер!

– Баста! Тарқасын шер, жіпсісін маңдай!

– Жетпегір көңіл жетіссін!

Күйші назары керегенің жоғарғы уығында қонақтағанмен, күйші есі әлдебір заман, әлдебір запыран жорықтар салған көкірек жараларын тырналап отыр.

«Уа, қайран елім, қалың жұртым, жанымның жарасын сыйлаймын, мен сендерге!»

Домбыра бір дың етті.

Домбыра және дың етті.

«Уа, Қорқыт-Ата, жан пірім, аруағыңды шақырдым көмекке! О, қажымас қажыр – Адам Рухы, өзіңді шақырдым, көмекке! Келіңдер де, төгіңдер! Жан азабын себіңдер! Тырналаңдар, жан жарасын, саралаңдар ес қабатын! Тоғыз өрім дойыр қамшы, сабаласын жан-жотасын, сабап-сабап шалқалатсын, ереуіл аттың арқасына! Кезсін жаным, жан даламның жазирасын!

Шырқатып-ақ шығарсын бір, толғақ шердің хан баласын! Шер баласын, шерді емес! Аулақтасын, шер баласы! Аулақтасын, Айға жетсін; аулақтасын, айлап кетсін, қазағымның тарихының, қырларына жазатайым!»

Домбыра бір дыр етті.

Күйші денесін жиырып, дүр сілкінді. Мәңгілік дүние күйшінің дірілдеген саусақтарымен өз тіршілігін білдірді. Аңырақай адайлар селк-селк етісті. Олар да Ұлы Уақыттың бір бейне-бөлшегін көретіндерін, бір бейне-бөлшегін еститіндерін түйсіктенгендей, алдамсақ даудан шаршаған тілдерін тістерімен қыршып-қыршып, керегеге шырт-шырт түкірісті.

Таусылмас қазыналы түбек – өз ішкі дүние, жан-тәнінен аударылған дыбыстар күйшінің миына шапшып, қанын қоздырды. Сол, сол-ақ екен, домбыра да ұзақ жылғы ұйқысынан оянғандай ыршып түсіп, күңгір-күңгір дыбыстар шығарды.

– Е, жаса, Күйші!

– Е, баста, Күйші!

Домбыра мен Күйшінің бірігуі – жер-дүниені солқылдатар зұлмат күш тудыратынын, ол күштің миға қан боп шапшып, құйрық жыбырлата орындарынан гәу-гәу тұрғызатынын біледі адайлар, біледі!

Күйші шекті қағып-қағып жіберді. Ашулы түндіктен Ай қарады, үш-төрт епті жұлдыз сығалады.

Домбыра бір дың етті де, күйші Ұлы Жорығын бастады. Ұлы жорық – Күйші жаны мен домбыра жорығы. Жаулық – жаусыздық, адалдық – арамдық, күнә мен жаза аралдарының арғы бетіне шығарып тастайтын, алыс жағалауда жан тазартар саумал туғызатын Ұлы Жорық. Сан ғасырлар сарабынан өткен саңлақтар туралы, боздаған бота, туған ел төсіне талақ боп тартқан аруаналар туралы, себепсіз-сансыз жорықтар «ақ табан шұбырындылар» туралы толғау-күй кеңістікке шым-шым тарады.

Аспанда – Ай, жұлдыз, аспан астында – бетегелі, жусанды жалпақ дала осынау толағай күйді көкіректеріне жазып алмақ сыңайда үнсіздікке бөккен. Халықтың да маңдайларынан тер сорғалап, тәубаға келген кезі...

Осынау бір дүние адам рухына бас иген сәтте, «аңдыған жау алмай қоймастың» керін келтіріп, шағын ауылдың «жігерлі найза қолға алатын» жаннан безгендері жырақтағы майданға кеткенін білген жау жасағы ауыл шетіне келіп қалған еді.

Ал, толғаулы күй әлі біткен жоқ еді, қайта өз соқпағын тауып, сол соқпақпен екілене бауыр жазған кезі еді.

Кенет! Кенет! Қайран, көшпенді өмір! Қаншама «кенеттер» сені сілікпелеп төске теуіп, «әттегенайларға» салдырды екен?!

Кенет!

– Ойбай, жау шапты! Жау шапты! – деген ащы айқай отырғандарды дүр сілкінтіп, орындарынан атып тұрғызды. Тұра сала жұрт есікке ұмтылды.

Күй күрт үзілді. Күйші домбырасын алдына тастай сала қанжарына жармасты.

Жасанып келген жау қолы аз ғана уақытта шағын ауылдың ойран-топанын шығарды. Киіз үйлер алаулап жанып, шаңырақтар ортаға түсіп жатты. Дала қан сасыды, ышқынған айқай, ойбайлаған адамдарға толды. Жер-ошақ, қазан-аяқ төңкерілді, талай дене бастан айырылды, талай бойжеткен ардан айырылды, талай балғын жүрек намыстан жарылып өлді. Тірі қалғандары қыл арқанға шимайланып, құлдыққа жандарын сатты. Жер елінен айрылды, ел елдігінен айрылды. Отан от бүйрекке айналды...

Әлқисса, таң ата майдангер ерлер де ауылға таяды. Алдарындағы жаудан түскен қос үйір жылқыны шашау шығармай дөңнен-дөңге тепеңдетіп келеді. Топ басшысы – жас батырдың көңілі қобалжулы.

Әлденеңі сезгендей асықтыра түседі. Қою қара қасы, нәркес көздері, жалпақ беті термен боршаланған. Қабағы қату. Осынау қатулық, осынау қобалжу жанындағы әрі батыр, әрі сері жан жолдасына да ауғандай. Екеуі де үнсіз, екеуі де асығулы. Жігіттер жылқыларды аяусыз жорғалатты.

Міне, мынау соңғы төбешік. Одан асып ауылға ілігеді. Төбешіктен құйындап аса берді. О, құдай, мынау неткен сұмдық! Алдарында – ойрандалған мекен, түтіндеп бықсыған дала, ортаға түскен шаңырақ, төңкерілген ошақ.

– А-а-а! Жігіттер ауылға аңырай шапты. Айдаудағы жылқы далада қалды. Аз уақыт үйірленіп тұрды да, иесіз қалғандарын сезген бурыл айғыр үйірін туған мекенге бастады... Лезде меңіреу дала азан-қазан шуға толды. Өзі батыр, өз сері жас ноян ағызған қалпы ауыл ортасында тұрар он екі қанат ақбоз үйдің орнына жете аттан домалап түсті. Жер бауырлап жартылай жанып біткен шаңыраққа жетті де, басын ұрғылап еңкілдеп жылады-ай!

– Қайран әке! Айрылғаным ба, мен сенен?!

Дауысы үдеген сайын басын шаңыраққа ұра түседі; маңдайынан қан сорғалап бетін жуып кеткен. Осы кезде артқы жақтан:

– Аттан! Аттан! – деген шу шықты. Айқай шықты, аңыраған ерлер атқа қонды, қайтадан! «Қанға – қан, жанға – жан» алмаққа, қырылған халық, шашылған байлықты қайтармаққа аттанбақшы. Топ басшысы қандыкөйлек жолдасына бұрылды.

– Біз аттанбақшымыз, Құлан!

– Аттан! Аттаныңдар! О-ай, ай, ай, аттаныңдар! – Құлан жын аулаған бақсыдай орнынан қарғып тұрып, жолбасшыға ұмтылды. Жете бере етпетінен құлап, тұрмай қалды. Жолбасшы кілт бұрылып, тебініп қалды. Андағайлап күтіп тұрған жігіттер ілесе берді, артынан!

Кұлан есін жиды. Орнынан әзер көтеріліп тұра беріп еді, көзі бықсып жатқан жарты шаңырақтың астындағы домбыраға түсіп кетті.

Жүгіріп барып, жарты шаңырақты төңкеріп тастады. О, құдірет! Әкесінің домбырасы! Бүп-бүтін күйі! Әкесінің қолында тайраң қағар қалпы! Көзіне жас үйірілді. Маңайдан жан буыры – Кертөбелінің кісінеген дауысы шықты. Кұлан домбыраны көкірегіне қыса бере шалқасынан құлады.

Әлден кейін есін жиып, әзер дегенде тізерлеп отыруға шамасы жетті. Домбыра қолында. Осы кезде Кертөбелі тағы да кісінеді. Оған «ботасын шайнап өлтіріп», ақ тер – көк тер боп еліне қашып оралған аруананың боздағаны қосылды.

Құлан малдасын құрып, түзеліп отырды. Әлден кейін тағы да жылқы кісінеді, аруана боздады, уық-уықты қуалай үрген жел шіркін, астан-кестен дүние суығынан қалтырағандай үздік-создық уілге басты...

Құлан домбырасын ыңғайлап ұстап шертіп-шертіп жіберді. Домбыра дың-дың етті.

Аруана боздады, жылқы кісінеді, уық-уықты қуалай үрген жел уілдеді...

Боздау, кісінеу, уіл...

Оған жел қауқарынан ызыңдаған жусан дауысы қосылды. Домбыра үні дала әуеніне ауып барады...

Боздау, кісінеу, уіл, ызың.

Кісінеу, боздау, ызың, уіл.

Уіл, ызың, кісінеу, боздау.

Ызың, уіл, боздау, кісінеу.

Құлан домбыраны дала әуеніне сайып тартып отыр. Бойына әлдеқайдан жеткен күш өз нәрін енді бере бастағандай.

Боздау, кісінеу, уіл, ызың.

Кісінеу, боздау, ызың, уіл.

Домбыра да, домбырашы да күштеріне ене бастады. Домбырадан боздау естілді, кісінеу естілді, ыңыл-ызың естілді, уіл естілді. Дала әлдебір құдіретпен жас серіге өз күйін тартқыза бастады.

Құлан тартқан сайын шырайлана түсті. Көз алдына туған ауылы, күйші әкесі, саумалдықтай бойжеткен келді. Келген сайын екілене тартты, Құлан!

Боздау, кісінеу, ызың, уіл.

Әлден кейін ақбоз үйдің төрінде домбыра тартқан әкесі келді, көз алдына. Келген сайын қытыр-қытыр тісін қайрап қызына тартты, дүние-ай!

Аруана боздады. Кертөбел кісінеді.

Жусан ызыңдап, сүреңсіз жел уілдеді.

Әлден кейін аңдаусызда шапқан жау көрінді, көзіне! Көрінген сайын ызалана тартты, Құлан! Екі иығы селкілдеп, жыларқана тартты, Құлан!

Ат кісінеді, аруана боздады, әлденені іздеген жел уілдеді, жусан ызыңдады...

Табиғат-Ана да, мынау мәңгілік дүние де күйші баласына мұңын шағып, бірге ызаланды, бірге жылады...

ШЫРҒАЛАҢ

Әйтеуір бір сенбі күні еді. Сәске ауа ауыр-ауыр бұлт қалқандары сіресе бірігіп, күн шырағын көлекейлей келе, сәулесіз тымырсыққа тіреп, дүниені ымырттық күйге бөлеген. Іле-шала тұман түсіп, дымқылданып, сіркіреп жаңбыр жауа бастады. Табиғаттың бойындағы беймәлім күштердің жарқыл-жұрқыл алысып, нөсер боп шешілер алдындағы еңсе езіліп, жан тұншығардай сәт қой, бұл!

Ауа райының құбылмалығына орай күнұзақ далаға шыға алмаған балдырған ұлымыз екеуміз үй ішінде біресе доп, біресе үрлеме шар қуалап, шаршап-шалдығып, ентігімізді енді басқан кезіміз-тұғын. Әшейінде, сенбі бола қалса, бау-бақша, қала аралап қыдырымпаздап кететін біз шіркінді ауа райы құрғырдың үй айналдырып қойғаны емес пе, бұл?! Таң атқаннан танбайтын радиоқабылдағыш, ұлымның кішкентай добы, одан гөрі үлкендеу, шынтақ ұзындығындай үрлеме шары. Олар да әжептеуір ермек болады екен. Әсіресе, ұлымның ішек-сілесі қатып доп қуалағандағы, шарды түртіп-түртіп қалып, соңынан жосығандағы қимылдары әжептарқы. Далаға шығып, құмары қанғанша таза ауа жұта алмағандығымен бір ісі болсайшы, бәтшағардың! Енді, міне, ол да шаршап ұйқыға ден қоя бастады. Мен де қалжырағанымды сезіндім. Ұлымның қасына жантайып, әлсін-әлсін құйрығынан қағып-қағып қоямын. Сәлден кейін пыс-пыс етіп, езуі сілекейленіп, қалың ұйқы меңдеп, есіней бастаған. Шаршағанда қаумалап алатын әзәзіл қиялдың соңғы ұшқындары көмескілене бастаған кез еді, бұл...

Кенет! Назарымның, ұлымыз екеуміз күні бойы соңына түсіп қуалаған үрлеме шарға түсіп кетпесі бар ма! Ол құрғыр да біз жантайған диваннан он шақты қадамдай жерде жатқан. Кенет! Астапыралла! Тып-тыныш жатқан шар теңселіп қозғалғандай болды! Алдымен сол жаққа, одан кейін оң жаққа... Одан кейін сол жаққа, содан кейін оң жаққа... Мұндайды кім көрген?!

Құдды менің сүйікті нағашым, марқұм Айтбайдың жүрісіне салып, ерсілі-қарсылы теңселгендей... Іштей кәлимамды қайтара бергенімді өзім де сезбей қалдым... Мұндай да болады екен-ау! Мәссаған безгелдек! Әлгі шар ендігі бір сәтте көзге көрінбейтін белгісіз біреудің қақпақылымен – біресе жоғары, біресе төмен ойнақтай бастады. Тарс-тұрс еткен даусына сайғанда мүлдем шар емес сияқты. Жарға бір соғылып, еденге екі соғылып, одан қайтадан жарға, қайтадан еденге, өзінен-өзі еркін ойнайды. Ал менің орнымнан тұруға мұршам жоқ. Қол-аяғымды тас қып байлап тастағандай. Алайда, шырматылған арқан да көрінбейді. Қол-аяғымды қозғалта алмағаныммен, денемді олай бір, бұлай бір қозғап көріп едім, диваннан сусып кетіп, жерге гүрс құладым. Әйтеуір, ұлым оқыс шудан ояна қоймапты. Жығылыстан денем қан қақсап өтсе де, соны көңілге медеу тұттым. Ұлымды жатқызар алдында терезенің пердесін мұқият қымтап жапқанмын. Содан бөлме іші мүлдем қарақөлеңке тартып, бұрынғыдан бетер күңірене түскен. Табиғат пен өз қолым жасаған сол тымырсықта әзәзіл шар, жұмбақ шар, сиқырлы шар ойнақ салып жүр. Ал мен болсам, жалаңаш еденге шалқамнан түсіп, қимыл етуге дәрмен таба алмай армандамын. Басқаны қайдам, маған сол сәт бүкіл дүние тоң-тарыс қатып, үрлеме шардың қозғалысын бағып қалғандай әсер етті. Тек ғазиз жүрегім ғана өлі кеңістікті патшадай иемденген әзәзіл тыныштықтың шырқын бұзайын дегендей, дүрс-дүрс соғады... Бір кезде әлгі шар допқа айналып кетті. Жарға, еденге дүрс-дүрс соғылып, маған қарай жақындай берді. Тыпырлауға дәтім жоқ. Міне, әлгі доп дүрс-дүрс етіп жаныма келді. Құдды көзге көрінбес біреу ұрып тұрғандай. Далбаңдаған екі аяғымның қақ ортасынан дүрс-дүрс соғады. Соғылып жатыр, дүрс-дүрс соғып жатыр. Екі аяғымды екі жаққа керіп байлап тастағандай, қосуға мүмкіндік жоқ. Дүрс-дүрс. Ендігі бір сәтте қолтығымның астынан соға бастады. Дүрс-дүрс. Бір... Екі, үш, төрт... Сегіз, тоғыз... Сәлден кейін жүрегімнің дүрсілі доптың ұрғанымен қосылып кеткендей болды... Дүрс-дүрс... Дүрс... Дүрс... Бір, екі... Төрт, бес... Алты, жеті... Содан ба, көңілім жай тапқандай. Бірақ, әлі қозғалуға мұрша жоқ. Дүрс, дүрс... Безгек шалғандай дір-дір еткен денем тынышталайын деді ме? Дүрс, дүрс... Келесі қолтығыма ауысты... Дүрс-дүрс... Дүрс-дүрс... Біраздан кейін доптың дүрсілі тоқтаса, жүрегімнің дүрсілі тоқтап қалатындай көрінді... Дүрс-дүрс... Тоқтамаса екен!.. Шіркін, тоқтамаса екен!.. Шын азап енді басталды. Бір кезде доп өзімді ұрғылай бастады. Дүрс-дүрс етіп, қауқарсыз денемді ерсілі-қарсылы соққылайды... Қол-аяғымды біреу тас қылып байлап тастағандай... Қозғалмайды. Дүрс-дүрс... Тарс-тұрс!.. Доп менен әлдеқайда кеткен өшін алып жатқандай екілене соқтығады...

Бетім, аузым, ернім, маңдайым. Сау жерім жоқ... Бір көңірсік иіс бөлмені алып кетті. Доп болса, қояр емес, олай бір, бұлай бір ұрғылап жатыр, бірте-бірте оны да сезінуден қалдым... Айнала буалдыр тұманға батып барады... Есім ауып кеткен екен...

Қай мезгіл болғанын кім білсін, әйтеуір бір кезде есімді жисам, сол баяғы қалпымда, шалқамнан түсіп жатыр екем... Қол-аяғым салдырап қапты. Бірақ, икемге келетіндей. Сөйтсем, екі қолым қайырылып, денемнің астында қапты. Әупірімдеп көтеріліп, жиып алдым. Беті-аузымды ұстап көрсем, дәнеңе жоқ. Құдды манағы доптан жеген таяғым, доптан көрген азабым бір жалған түстей... Мәссаған, зорлықшыл добым да, мені ұрғылай-ұрғылай діңкесі құрып, жанымда қимылсыз шөгіпті. Жо-жоқ, қателескен екенмін! Ол әлі сол баяғы қалпы, теңселіп тұр. Тіпті, қайтадан шарға айналып кеткендей. Зорға дегенде қолымды алып, шарды ұрып жіберіп едім, мұз кесек ұстағандай, дыз ете қалды. Қарып алды! Мұздай екен, бәтшағар! Қолымды үрлеп әлек болдым. Удай ашып кетті, тіпті! Ендігі сәтте әлгі шар үлкен үрлеме көбікке айналды. Сұқ саусағымен абайлап түртіп көріп едім, бұл жолы отты дөңгелек ұстағандай болдым. Саусағым күйіп қалды. Дереу үпілеп үрлеп едім, дызылдатып ашытқаны бәсеңдеді. Алайда, ғажайыптың көкесі әлі алда екен! Бағанағы мөлдір көбікке көзім түсіп кетіп еді, аңырап қаттым да қалдым. Бір сәт сол мөлдір көбіктің ішінен керемет ғажап сұлу қыздың сұлбасы көрінген-ді. Иә, иә, имандай шыным... Көбіктің ішінен бір ғажайып сұлудың жүзі көрінді. Мойылдай қара шашын иығынан асыра жайып жіберген екен. Қап-қара, сояудай кірпіктері дір-дір етіп, нәркес көзі мөлдіреп, жанары жадырай маған телміріп қапты. Пай-пай, қарасын айтсаңшы! Ақша бетін әрлендіріп тұрған қызыл дүрдік ерні бұртиып, назданғандай ма? Әлдебір сезімдерге беріліп, еркелегендей ме, дүние-ай!? Осынау ғажайыптан сеспей қатыппын. Бұл не еткен ертегі?! Сасқанымнан балам жатқан жаққа қарай беремін... Құдайға шүкір, ұйықтап жатыр. Пыс-пыс еткен бірқалыпты тынысы алыстан еміс-еміс естіледі. Пыс-пыс... Ал, қара қөлеңке, күңгірт бөлменің іші сәулеленіп, бір сәт жап-жарық боп кетті. Сөйтсем, алабөтен жарық көбік-қыздан тарап жатыр екен... «Күн астындағы Күнекей қыздың» өзі дерсің! Маған – әлденені жалбарынып сұрағандай, әлденені тілеп, ынтыққандай, тек сүюге жаратылған қызыл ернін әлсін-әлсін жалап-жалап қойып, телміре қарайды. Жанары мұңға толы ма, шөліркеген сезімге толы ма, ажырата алмадым. Осы уақытқа дейін орнымнан тұру неғып ойыма келмегеніме таңқалып, енді соған ниет етіп, қозғала бергенім сол еді... Әлгі көбік-қыз жерден біреу үпіріп жібергендей әнтек қозғалып, көтеріле берді... Жәймен ғана ырғала теңселген қозғалысында салмақтылық та, тәкаппарлық та, бәрі, бәрі бар... Құдды жер шарындай... Мен енді орнымнан тұрамын дей бергенде, кеп төсіме қонды. Жылуы мол, жылбысқы, жабысқақ! Бірақ бағанағыдай қол үлбіретер қызуы жоқ. Қайта, жанға жайлы жылу таратады. Буын-буыным босап, қол-аяғым дірілдеп, шөгіп барамын. Әлгі көбік-қыз енді шын қызға айналды. Тыр жалаңаш. Қос анары төсімді қытықтап, бұрын-соңды сезінбеген жылумен өне бойымды баурап, балқытып әкетіп барады. Бұлшық еттерім жазылып, құлын мүшем марқайып, тоғайып, ғажайып сезімдерге бөлендім. Еденге шалқамнан түсіп жатқан қалпым. Сәлден кейін көз алдым мұнарта бастады... Сағымдана, тұмандана бастады. Теңізде жүзіп келе жатқандаймын... Жаздың жаймашуақ, сәулелі, ыстық күндерінде шалқаңнан жатып, еш қимылсыз су екпінімен жүзе бергенге не жетсін деп қоям, өзіме-өзім! Мұндайда қол-аяғыңды қимылдатып, суды шалпылдатудың да қажеті жоқ. Теңіздің толқынсыз жеңіл демімен жағадан ұзай бересің, ұзай бересің... Күннің ыстық сәулесі денеңді кептіріп, шыжғыра бастаса... Иә, теңізде жүзе білетіндердің ұзақ уақыт малтудан кейін кідіріс жасап, судың ішінде дем алатын әдісі бұл. Аяқ-қолыңды екі жаққа жайып жіберіп, шалқалап жатсаң, суға да батпайсың, әрі судың екпінімен жәй қозғаласың. Теңіз мені тылсым демімен жәй ғана ырғап тербетіп, рахат күй кешіп жатыр екем деймін. Жеті мүшем қорғасындай балқып, қара терге түсіп, беймәлім тұңғиыққа батып барамын. Көбік-қыз тыржалаңаш. Масқара, масқара, мен де тыр жалаңаш екенмін. Масқара! Үстімде лыпа жоқ. Әлгінде ғана киімшең жатқан едім... Екеуміз де анамыздан жаңа туғандай жалаңашпыз... Оның денесі, иә, көбік-қыздың денесі жұп-жұмсақ... Қызулы... Құрдымға кетіп бара жатқандаймын. Төмен қарай құлдырап барамын, құлдырап барамын... Оның қос анары төсімді қытықтап, денемді қыздырады... «Оу, осы менікі не жатыс? Қанша дегенмен, жігіт емеспін бе?» деген ой сап ете түсті, бір мезгілде! Көбік-қыз құлағыма әлденені айтып, сыбырлап жатыр ма-ау?! «Сен кімсің?» дедім шарқ ұрып. «Тіршіліктің өзімін!» деді жаңғырық. «Оу, сен кімсің?» дедім қайталап. «Дүн-дүниенің өзімін!» деді көбік-қыз сыбырлап.

Жаратылысымның қай қатпарларынан туындағанын қайдам, бойыма батылдық, тіпті есерсоқтық орала бастады. Күліп жібердім, өзімнен-өзім. «Бір мезгілде: «Дүн-дүние, мен сені...!» деп сыбырладым. «Сен мені ойымнан шатыстырма! Ха-ха-ха-ха-ха-ха!» деп мазақтадым оны, «Сен менен енді құтыла алмайсың! Сен менің уысымдасың, енді сытылып шығу жоқ саған!» деп екілендім, бір кезде. Сөйттім де, үстімдегі қызды астыма алып ұрдым. Ол қарсыласып бағуда. «Ей, адам, ақымақ болма!» деп тамағы қырылдады, дүн-дүние. «Жоқ, алам, бәрібір алам» деп ентігемін мен. Дүн-дүниенің екі аяғы сіресіп жабысып қапты. Мен үшін ендігі алынбаған қамал – екі аяқ. Қолымды жәймен, денесін сипалап төмен сырғыта бердім. Міне қос анары, қарны. Кіндігі! Кіндігіне сұқ саусағымды жүгіртіп едім, сақ-сақ күліп жіберді. «Күлкісінің айбарлысын» деп қоямын іштей. Қолым сусып қыздың жалаңаш санын сипалай бастады. Одан бірте-бірте тізеге... Мақсат – қарысқан екі аяқты жазу! Тізе... тізе... тізе... Ойбай! А-а-а! Кенет, ышқынып айқайлап жібердім! А-а-а! А-а-а! Көбік-қыздың аяғы шолақ екен! Тізеден төмен шорт кесілген! А-а-а! Ышқынып тұруға талпындым. «Дүн-дүние, соншама жарымжан ба едің?» деп айқайлап жібергенімді сезбей қалдым... Ағыл-тегіл жылап жатыр екенмін... Оянып кеттім... Қара терге түсіппін. Жүрегім жарылып кетердей дүрс-дүрс соғады. Шеке тамырым солқ-солқ етеді. Менің айқайымнан ұлым оянып кетті. Шыр-пыр жылап, ол жатыр. Құйрығынан қағып-қағып жұбаттым. Пыс-пыс етіп, аударылып-төңкеріліп, бір кезде қайтадан қалың ұйқыға кетті. Көбік-қыз түгілі, әлгінде ғана жанымда жатқан үрлеме шарымыз да жоғалыпты. Үшті-күйлі. Зым-зия... Түсім бе, өңім бе, оны ажырата алмай, мен отырмын. Жүгіріп барып пердені ашып жібердім. Алматының әп-сәтте мың құбылар ауа райының әуселесі ме, жарқырап күн шығыпты. Бөлменің іші жап-жарық болып кетті. Бөлме-бөлмені аралап жүрмін, іздегенім шар. Зым-зия. Түсім бе, өңім бе? Бір кірген бөлмеге үш қайтара кіремін. Зым-зия...

Сол күннен бастап менде түсініксіз бір әдет пайда болды. Белгісіз суретшінің қаламынан туған әлдебір қыздың бейнесіне ессіз ғашық болған ертегінің кейіпкері секілдімін... Кімді, нені іздеп жүргенімді өзім де білмеймін, әйтеуір, кеудемде бір мазасыздық бар...

ДҮНИЕ-БЕСІК

(Экологиялық толғау)

...Қас қарайған шақ.

Бура бұлттармен көмкерілген шаңқан көк сығалар тесік іздей қымтырылулы. Бірер уақыт әлдебір жердегі бұлт ұятын өз тәнімен жапқандай боп тұрды да, қымсынған кейіппен қайта жоғалды.

Теңіз беті толқып жатыр. Нөсер алдындағы ақшулан жел төсіне қол жүгіртіп, денесін тітіркендіреді.

Бүкіл әлем орасан өзгеріс күткен сиықпен демін ішіне тартып, тына қалған. Іштей тынып, не нәрсенің де артын аңдағысы кеп, бейқам келбет көрсетіп қояды.

Жал желке толқындар бірін-бірі қуалай жағалауға алқынады. Жарыс сөресі – қоңырқай жартас, бозаң құмдақтарға мұрындарымен шаншылып, кейін жөңкіледі кеп!

Бұлыңғыр аспанды шиырлаған шадыман шағалалар да жоғалып кеткен.

(Нөсерден кейінгі тоқтықты қанағат тұтты ма, кім білсін?)

Толықсыған теңіз мол ризыққа кенелерін сезгендей: ғашық шыдамсыздығымен тықыршып, іштегі қуаныш екпінін әлсін-әлсін төгіп-төгіп қояды. Жадыраңқы көңілі түйсік есігін қызбалықпан бітеп тастап, көкке деген наразылығын үдеген қозғалыспен біддіргендей. Сол үдеген қозғалыста жаңбырлы күні асыр салған сәбидің мәзір көңілі бар ма-ау?!

Нөсер аңсаған шөл даланың кеппеген ыңдыны бар ма-ау?!

...Дүниені тыныштық тәңірісі билеген сәт еді. Әп-сәтте тыныштық тауанының шырқын бұза айбарланған, ал шын мәнінде, әркімнің қойнына саусақтарын көп жүгіртер жеңілтектеу, сұсты жел күле-күле ішегі үзілердей дамыл тапты.

Әне, шығаннан бір ғажайып күріл жақындап келеді, жақындап келеді... Айнала түнек тұңғиығына бата түскен. Кенет, найзағай ойнап, аспан шатыр-шұтыр сынғандай болды да, боз-қызаң семсер жарқ етіп, көк көкірегін дыр айырды. Дүниені дүр сілкіндірді.

Іле-шала осынау алапат дыбыс бүкіл әлемді тәңіне бағындыра, ауа кезіп кетті.

Кеңістікте дабыра – шу иірімдері еркін шарлаған осы сәтте, жанын пәршалаған найзағай алмасына қарсы қояр тегеуірін таба алмаған бейшара аспан көз жасы шарасына сыймай, еңіреді кеп!

Жер-Ана аз сәтке мызғудан селк ете оянып ап, «бұл не шу?» дегендей айналаға қаранды.

Мейрам теңіз алуа аспанның кермек моншақтары тәнін сипалаған сайын сылқ-сылқ күледі-ай!

Жер бетіне нөсер жас төгіліп жатыр, төгіліп жатыр.

Теңіз сылқ-сылқ күліп жатыр...

Жер тамырларындағы қан қысымы күшейіп, солқ-солқ етеді.

Тіршілік астан-кестен...

Осы бір жас, осы бір сақыл, осы бір солқыл таң атқанша бір толастамады.

Жастық қайрат қайта оралып, теңіз, шіркін, жанданды, сол қайратпен, сол жігермен асып-тасып ақтарылды.

Аспаннан бал тамып, жердің сүті иіген кез ғой, бұл!

Таң рауандап келеді.

Шатыр-шұтыр бірте-бірте бәсеңдей бастады. Әлденеге қаһарланған әлдебір аждаһаның көңілі сабасына түсіп, ашуы қайтайын деді ме?..

Жылай-жылай аспанның да көз жасы сарқылды ма?..

Жауын – жас сіркіреп тұрды да, әлден кейін сап тиылды.

Тымырсық тыныштық қайта орнаған кез. Ернеуінен аса жағалаудағы құмдақ ойпаңдар мен жартастарды жалмап алған ашқарақ теңіздің де кәусары кеуіп, тыныштала бастаған.

Бұйра бұлттар жаңадан пайда болған өкпек желдің кақпақылымен желкенін көтеріп, алысқа ауып барады.

Жер-Анаға: «Айдан ұл, Күннен қыз тудырдым. Басқаға қауқарым жоқ!» деп дауыстап, қол бұлғап барады, өзі!

Теңіз селк етті. Маң-маң мыздиған басын кілт көтеріп, көкке аңтарылды.

«Не деп барады, өзі?! Күннен қыз тудырғаны несі?! Жоқ!.. Әлі көрінбейді!.. У-у-х!..»

Сарғайған сағыныштың кермек тамшылары өн бойымен шымырлай келе, күрсіністің бұйра демдері боп жағаға соғылады.

Қым-қуат жұмыстан кейін сілесі қатып, қалжыраса да, әлдебір сағыныш көңілін алай-дүлей қып, дөңбекшітті.

Түні бойғы дабырадан мәңгі болған Жер-Ана тыным тауып, үнсіздікке бөккен.

Ал, тыпыршыған теңіз болса, өткен өмір белестеріне ой жүгіртіп, ыңырсыған дыбыстар шығарады.

Жанарында тәтті мұң мен қызғаншақ сезім біте қайнасып, мазасыз қаліпке түскен.

Ұлағатты Ана өркенін алдына алып, ұйпаланған кекілін салалы саусақтарымен жұмсақ тарайды. Мұнымен ортақтасқандай ақ көңілімен баяу тербейді.

Бейшара-ай! Сағыныш запыраны аузын сәл ашса ақтарылғалы тұр. Не еткен үлкен жүректі пенде еді, өзі?! Ғасырлар бойы сарқылмас махаббат, аңсарлы арман мекендеген пәк жаны ананың қаяусыз көңіліндей таза, мөлдір.

Мәңгі бақи осылай күтіп, еміреніп, шыдамсыздықпен жар сабалап жатқаны...

...Осы бір кіршіксіз махаббаты, мұң аралас тәтті сағынышы мынау тоңазыған тоң дүниені майдай ерітер еді-ау, әттең!..

Екі ғашықтың шұрқырасып табысқан сәтін айтсаңшы! Ондай ынтымақты, бақыт емшегінен емірене еміп, ләззат нұрына рахаттана шомылар сәт пенде ғұмырында көрген емеспін. Сірә, бауырымдағы өзге өркендерім мұндай асыл махаббат дәмін татпаған шығар?!.

Әлде оған деген сенім жоғалды ма?

Тіпті олар өз тірліктерінде осынау теңіз тәрізді әлдебір сағымдай биіктерге ұмтыла ма екен? Әй, қайдам?»

Міне Жер-Ананың да кірпіктері айқасып кетті. Тіршілік Ұлы Мызғу түңғиығына сіңіп барады...

Таң сәрі.

Алыстағы мая өркеш қырқалардың арғы бетінен бір Арудың тыныштықты дірілдете салған мұңды әні естіліп тұр.

Шығанда шырқалған сол ән, міне, жақындап келеді. Әнмен бірге дүниеге бозамық жарық кеулей еніп, түнек түннің қарысқан құшағы ашылып барады.

Жүрек сыздата жақындап келе жатқан осы бір мұңды әуенде көкіректе шемен боп қатқан көнтерлі сағыныштың табы бар ма-ау?! Әйтеуір қапас әлемді тезірек жарығымен жарылқап, шарапатымен бөліскісі келген сыңайы бар.

Теңіз дүр сілкінді. Тәтті ұйқысын серпіп тастағысы кеп, денесін бір жиырды, бір жазды.

Нәзік жүрегі лүпілдеп, көптен күткен табысу сәті жақындаған сайын дегбірсіздене толқиды.

Енді бір сәтте жырақтағы тау сілемдерінің қалтарыс-қуыстарынан шашыраған алтын сәуле шоқтары көріне бастады. Алғашқы жарық шапақтары дүниенің төрт бұрышына суыт хабаршылардай асыға жайылып барады.

Шыдамын сарқыған ғашық – теңіз енді дүрілдеп қайта тасыды. Ыстық қаны бетке шапшып, өрекпіді-ай келіп!

Осы кезде биік таудың қалқиған шекелерінің арасынан сұңғақ денесін бірте-бірте жаза түскен, ай жүзі көз қарықтырар ғажайып қыз жарқ ете түсті.

Жарқ етті де жер-дүниені жарығымен сәулелендіре бой түзеп, аспан төріне баяу бет алды.

Міне сәуле-шашақтар теңіз бетіне жамырады.

Әлден соң бір-біріне ынтызар мәңгілік ғашықтардың ыстық құштары айқаса кетті. Көріспегелі ат төбеліндей бір-ақ күн өтсе де, әлденеше ғасырлар өткендей. Ынтық қөңілдерімен ери аймаласып, сағыныш запыранын ақтарысты-ай, бір! Ыстық құшақ, бал еріндер екеуін де балқытып, ләззат тұңғиығына шым батырып әкетті...

Талма түс.

Ару – Күн көк төріне жайғасқан. Моншақтары мен нұр келбеті су бетінде ойнақтап, ессіз ғашығын еркелетіп қояды. Зорыға табысқан мәңгі айырбасталмас егіз сыңарын Теңіз – жігіт аймалаудан бір танбады.

Рахат тірлік! Айнала дүниенің бәрі ұмытылған. Келісті наз, тәтті еркелік: бүкіл әлем Жарастық, Ынтымақ бесігінде тербетіліп тұр.

Еркелеген теңіз иесіне еркелеген сабалақ итше құйрығын бұлғандатып, әлсін-әлсін жағалауға жеңіл ұрғылайды.

Кеше ғана құйындатып өткен тазалықшы – жаңбырдан кейінгі табиғат бойындағы бар асылын мырзалықпен бөліседі. Жер-Ана азын-аулақ қоқысынан арылып, шуақты Күн аясында жадыраңқы көңілмен ұзын шашын тарқатып жіберіп, рақаттана тыныстап тұрған.

Маужыраған теңіз де кезекті қуаныш толқынын дірілдете жағалауға бағыстаған сәт еді.

Кенет! Масқара!..

Ішек-қарны түнімен ақтарылып, мың төгілген теңіздің тән жарасының қабығы сыдырылып, бетіне шығып кетіпті... Жағалауға жақын жердегі тайыз суға тізерлей еніп, жүзін Күнге беріп, сарып тұрған Адамды көргенде ұяттан жарыла жаздап, жүзін тұңғиығына жасырды.

Масқара-ай!

Ғашығына бой ерітер мәністі көзқарас тастап тұрған ару Күннің өткір жанары сүйіктісінің осы бір ұсқынына түскенде, бейшара қатты күйзеліп, жылады-ай! Көз жасын көлдеткен күйде шөп сыбдырынан үріккен қояндай көктің алыс түкпіріне безе жөнелді.

Әп-сәтте көк жүзін түнек бұлт қайта торлады. Жер-дүние тас қараңғылықтың безбенінде иірілді. Аз сәтке салқын тыныштық орнай қалды да... Бүкіл әлемді солқ еткізе алапат дауыл соғып өтті. Артынша-ақ, көк күркіреп, Жер бетіне нөсер жас құйылды десеңші!..

Бозаң-қызыл семсер жалт етіп көтерілді де, аспан төсін ухілете сойып өтеді!

Сергек жатқан Жер-Ана жайылған құшағын жиырып алды. Ұятпен алаулап жатыр.

Теңіз шіркін де аспанмен қосылып еңіреп жатыр, көз жасын көлдетіп жатыр!

Кеңістікте ұлы дүрмек қайта басталды: Жер солқылдап, Аспан арқырап, Теңіз сақылдап жатыр...

Нөсер – жас Жер бетіне төгіліп жатыр, төгіліп жатыр.

Ғазиз ғашық жан теңгермес сыңарын енді қашан көрерін кім білсін?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: аймақтар әдебиеті, ермек әмірханұлы
(1)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар