Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұқағалидың Бексұлтан Нұржекеұлына жазған хаты

22.02.2017 1562

Мұқағалидың Бексұлтан Нұржекеұлына жазған хаты

ХАДІРЛІ БЕКСҰЛТАН!

Аман-саулықтарыңды білдім, тілектеспін солай болуларыңа. Біз де орынша, тіршілік. Демалысын да, командировкасын да өткеріп біткендеймін. Биыл жаздай жүріс-тұрыс көбейіп кетті. Хат жазып, хабарласып тұрғанның несі айып? Хабарласқаның жақсы."Күнәлі махаббатты" біз (Нұрманов Ахан екеуміз) ұнатып, ұсынғанбыз, алайда, бізден жоғарғылардың алдында әлі жатыр. Әне-мінемен әлі оқымай жүр. Желкесінде отырып, мен де мазалаудамын. Өзіңе дегенім — деген, оны қалайда іске асырамын. "Жетісу"дағыңды оқып, оларға да оқыттым, ұнатып жатыр. Алаңдамай тірлігіңді істей бер. Не дейін енді, амандықтарыңа тілектес, 

Мұқағали 12/Х 67ж. 


e6baf9b45427e71deb7776c4bc42b6d8.jpg


***

Рахмет, кұттықтауыңды алдым. Повесіңмен редакция түгел танысып, құптап жатыр; риза болғандары да жетерлік. Оншама қысқартпай, барынша түгел басу мәселесімен байланысты Хамза Есенжановқа жіберілді. Ол біздің редколлегия мүшесі ғой. Оның үстіне, ащы шындықтың алдында ептеп жүрексіну де болады ғой. Өзіңе белгілі, шындықтың жарып шыға беруі — белгілі жәйт... Қорықпа, бәрі де менің өзіңе айтқан пікірімдей болып жатыр. Біле білсең, мұның өзі — жарты қуаныш. Есен-сау бол тағы да хабарлармын, үй-ішіне менен сәлем. 

Мұқағали 14/ХІ 67ж. 


P.S. Жалпы жазғандарыңды жинақта да, жазға кел. Біріншісіне қол тигізбе! 


***


Халдерің жақсы ма? Үй-ішке менен сәлем! Екінші сөз — повестіңді Есенжанов оқыды. Оның пікірі алдыңда. Қалай істесек абзал? Меніңше, қысқы демалысыңда келесің ғой деймін. Келіп, қалай даярлап, қалай жіберуімізге қатысқаның жөн ғой деймін.

Хабарлас.

Сәлеммен, Мұқағали.


P.S. Есенжановтың мына пікірін жоғалтып алмай ала кел; ол түбінде керек болады. Бексұлтан, қолың тимей асығын, жолыға алмай кетіпсің, қалдырып кеткен хатыңнан, базарлығыңнан білдім. — Енді өтіп кетті, амал жоқ, әйтпегенде біраз әңгімелесіп, біршама адамдардың мазасын алын, кіріп-шықсақ па деп ем. Осында Комсомолдар мен Жазушылар Одағы бірігіп, жастардың (жазушылардың) мәслихатын өткізгелі жатыр, январьдың екінші жартысында. Баспасөзден бақылап жүрген шығарсың, тым болмаса, Одаққа кіріп, соның жәй-жапсарын да ұғынбапсың ғой. Есіңде болсын, кезінде менен өткен биязы (скромный) адам жоқ болатын, бұл күнде онымды тыға тұруға тура келді. Бақсам, әдебиет қана емес, жалпы әдеби өмірден аулақтап, өзінше жұмыртқа басқан ақын-жазушы жоқ екен... Кіріп, қатысуға қақың бар ма, жоқ па, біліп-ақ, кетуің ғой. Сені шақыра ма, жоқ па деген мәселемен бүгін (12/1- 1969ж) бір бастыққа кірсем, әуелі тізімге жазыпты да, артынан, әдірісіңді білмей, өшіріп тастапты. "Жұлдыз"дан сұраған екен, ол адамның әдірісін білмейміз, әлі қалам ақысын да алған жоқ деген жауап айтыпты. (Шынында солай ма еді?) Әлгі бастыққа айтын, тізіміне кіргізген болдым. ЦК Комсомолда Қалаубек Тұрсынқұлов (секретарь ғой) жоқ екен, командировкаға кетіпті. Келгесін оған да хабарлап қоям. Шақыру барып қалар, ала қалсаң, бастықтарыңмен ақылдасып кел, қатынас. Қолыңа қалам ұстатып, былай жазады деп көрсетпегенімен, өзің теңді құрбыларыңмен танысып, ауызекі пікірлесіп, білгіштердің дегендерін тыңдайсың ғой. Қанша дегенмен де, өз республикаң мән беріп отырған кәдімгідей мәслихат қой. Тіпті, қызық та өтуі мүмкін. Шақыруын алсаң, барып-келу қаражатын өкімет өзі төлейді. Әнеукүнгі өзіңе айтқан повестің бірінші дәнесін ала кел. Енді ОНЫ баспаға өткізейік, менде жатқанша сонда жатсын. Енді не айтам, із суытпай хабарласып тұрайық, Есіңде болсын, тек қана хабарласып, пікірлесіп тұрайық, басқандай қазақшылықтың қажеті жоқ! Балаларға, келінге менен шын сәлем, аман-саулықтарыңа тілектеспін!


Мұқағали 12 январь, 1969 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар