Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Тәуелсіздік жылдары жарық көрген хикаяттар

28.11.2016 596

Тәуелсіздік жылдары жарық көрген хикаяттар


977681_850160102___.jpg

Базбір тарихшылардың дәйектеулерінше, бір жарым ғасырдан астам уақыт Ресейдің бодандық бұғауында бұлқынып, ұлттық езілушіліктің талай құқайын көрген қазақ халқының ғасырлар ежелгі арманы ХХ ғасырдың соңына қарай ақыры жүзеге асты. Еркін ойлау мен демокоратиялық үрдістер қоғамда кең етек ала бастаған уақытта азаттыққа арқа сүйеген прозашыларымыз, соның ішінде хикаят (повесть) жанрына қалам тартушылар да өздерінің көркемдік-идеялық кредоларын іздеумен болды. Осы кезең ішіндегі бұл жанрдағы шығармалардың сан алуан айтар ойлары шамалас шамалас шығып жатқанымен, көркемдік бағыттағы ізденістерінің біркелкі бола алмауы да заңды еді.


Қоғам өміріне еркін тыныс, соны леп енгелі жазушыларымыз өздерінің идеялық бағыттарын осы тәуелсіздік рухы тұрғысынан қайта құрып, адам қоғамына не толғантады деген мәселенің легіне ілесуге ұмтылыс жасап жатты. Бұл үрдіс осы кезең ішіндегі қазақ повестерінің де мазмұнына тиісінше көрініс таба бастағаны байқалады.


Сонымен тәуелсіздік жылдары өмірге қандай хикаяттар келді десек, қолымызға іліккендері мыналар: Қабдеш Жұмаділовтың «Найман-ана», «Көкжал», Мұхтар Мағауинның «Қыпшақ аруы», Дүкенбай Досжанның «Жазмыштың формуласы», «Үрей», «Пайғамбардың өлімі», Төлен Әбдіктің «Парасат майданы», Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Сардаланың сағымы», Ұзақбай Доспанбетовтың «Бақ пен сор», Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Балалық шақтың әндері», «Какаду», Тұрдақын Жексенбайдың «Бала бүркіт», Тұрысбек Сәукетайдың «Көлеңкелер патшалығы», «Құзғын тойған қыс», Зұқай Шәрбақынұлының «Киелі қанның тамшысы», Шәрбану Бейсенованың «Сүзгенің соңғы күндері», Оразанбай Егеубайұлының «Тарымда өткен бір тәулік», Өмір Кәріпұлының «Саятшы», «Аусар», Өтен Ахметтің «Ер Алтынбай», «Желтоқсан ызғары», «Жылыстап өткен жылдар-ай», Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді?», Несіпбек Дәутайұлының «Жол», Қуаныш Жиенбайдың «Аполлон көбелегі», Жұмабай Шаштайұлының «Жала мен нала», «Құралайдың салқыны», Нағашыбек Қапалбекұлының «Таудан түскен тұман», «Жерошақтың түтіні», «Өкілдер», Серік Асылбекұлының «Ақ қарға», Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы», Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы», Самат Ибраимның «Құм баласының күнделігі», Қуандық Түменбайдың «Түрмедегі торғай», «Қой мен қойшы», Келіс Рахымжановтың «Қалғұты», Нұрғали Ораздың «Тазқара», Сейітқұл Оспановтың «Екі дүниенің абыройы», Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші», Арасанбай Естеновтің «Періштелер патшалығы», Толымбек Әбдірайымның «Тұжырым», Дәлелбек Батырдың «Махаббат оты», Жұмабай Қайранбайдың «Тұлпарлар дүбірі», Нұрлан Қамидың «Темірқазық», «Шал», Дидар Амантайдың «Мен сізді сағынып жүрмін», Есқара Тоқтасынұлының «Сахара үні», Базархан Жақыбаевтың «Қош бол, Махаббат», Нұрғали Рахаевтың «Апамсыз өткен алты күн», Сәуле Досжанованың «Өгей жүрек», Момбек Әбдіәкімұлының «Дүрбелең», Асқар Алтайдың «Қызыл бөлтірік», Әділбек Ыбырайымұлының «Абыз дала аңызы», Серік Нұғыманның «Жоқ іздеуші жан», Қанат Әбілқайырдың «Тіміскі» және т.б. туындылар.


Былай қарап отырсаң, осы тізімдегілердің жалпы санының өзі 50-ден асып жығылады екен. Біз оқырманның уақытын алып, оқуға жарайды-ау деген іске татырларын атап отырмыз. Ал қолымызға түссе де, көркемдік болмысы әдебиеттің ортақ талаптарына дұрыс жауап бере алмайтын, жалпы табиғаты солғын шыққан кейбіреулерін атап шығуды жөн деп таппадық. Түрлі себеппен баяндамашының қолына түспегендіктен, осы жанрдағы аталмай қалып жатқан шығармалардың өзі әлі бірталай болуы ғажап емес.


Әрине, жаңағы тізімде аталып кеткен хикаяттардың көркемдік-эстетикалық деңгейі, жазылу мәнері, стильдік-машықтық ізденістері біркелкі емес. Жазылу мәнері көңілге қонып, Қазақтың әдеби көркем тілін біршама тәуір меңгерсе де, идеялық бағыты шаблондық үлгілердің шеңберінен қара үзіп шыға алмай жатқандары да кездесіп қалады.


Хикаяттарда қозғалатын тақырыптарды шартты түрде үш топқа бөліп отырмыз. Бірсыпыра қаламгерлер Кеңестік дәуірде жеткілікті ашыла алмай қалған қазақ тарихының қатпарларына үңілсе, енді біреулері социалистік құрылыс жылдарындағы Кеңес дәуірінің шындығы шеңберіндегі адам тағдырлары жайлы толғанады. Ал үшінші топтағы хикаяттардың сөз ететіні – Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ қоғамының сыр-сипаттары.


Енді жазылмаған дәстүр бойынша ең алдымен тарихи тақырыпқа арналған шығармаларға тоқталып кетейін. Тәуелсіздік рухының әсерімен жазылған хикаяттардың бірсыпырасы қазақ халқының тағдырындағы ауыр кезеңдерге арналуы да бүгінгі заманның рухани талабына нақты жауап. Оларға жататындар – Қабдеш Жұмаділовтың «Найман-ана», «Көкжал», Мұхтар Мағауинның «Қыпшақ аруы», Зұқай Шәрбақынұлының «Киелі қанның тамшысы», Шәрбану Бейсенованың «Сүзгенің соңғы күндері», Оразанбай Егеубайұлының «Тарымда өткен бір тәулік», Өмір Кәріпұлының «Саятшы», «Аусар», Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы», Есқара Тоқтасынұлының «Сахара үні», Момбек Әбдіәкімұлының «Дүрбелең», Әділбек Ыбырайымұлының «Абыз дала аңызы» хикаяттары.


Жиырма бірінші ғасырдағы хикаяттардың арасында осы уақыттағы қазақ прозасына жекелеген формалық-мазмұндық ізденістерімен назарға іліккендері де жоқ емес. Соның бір мысалы – Қабдеш Жұмаділовтің «Найман-ана ескерткіші» хикаяты. Екі параллельмен дамитын шағын сюжеттер тізбегі көркем уақыттың екі түрлі кезеңін құрайды. Оның біріншісінде бүгінгі заманның оқиғалары дамыса, екіншісі сонау он төрт-он бесінші ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғаларды көз алдымызға алып келеді.


Жазушы Айжарық пен мүсінші Барақтың шығармашылық бірлестігі Найман-анаға ескерткіш қою жұмыстары төңірегінде өрбиді. Бұл тұлғаның кім екендігін мүсіншіге түсіндіру үшін жазушының ескі тарихи кезеңдерге барлау жасап отыруы – формалық ізденістің кезекті көрінісі. Ескі кезеңнің суреттері сөз болғанда, нақты көркем шығарманың өзегіне айналатын жайттар халық аузындағы аңыздар мен алыпқашпа әңгімелер. Атап айтқанда, оқырманды жетектеп әкететін тарихи фабула – «Қыз еней» атанған Найман ана мен «Өкіреш Найман» тарихының жазушы ұсынған нұқсасы.


Қ.Жұмаділовтың екінші бір хикаяты «Көкжалдың» әңгімелейтіні – атақты Оспан батырдың басынан кешкендері жайында. Осынау тарихи тұлғаға байланысты жазылған басқа да шығармалардан бұл хикаят несімен ерекшелене алады дегенге келсек, бұған өз тарапымыздан былайша жауап берер едік.


Біріншіден, хикаят көркемдік шешім тұрғысынан тақырыптас шығармаларды қайталамайды деп айта аламыз.


Екіншіден, аталған хикаятта баяндалатын батырдың кезеңі – бұл өмірдегі дәм-тұзының таусылар тұстағы соңғы күндері.


Үшіншіден, «Көкжалдың» мазмұнында бас қаһарманның ғана емес, қазақ халқының тарихындағы жекелеген трагедиялық беттер де қоса ашылып жатады. Бас кейіпкердің дұшпан қолына тұтқынға түскен сын сағаттарының өзінде ажалға алдын ала дайындалуы, өлімді де тік тұрып қарсы алуы бойды шымырлататын хас қаһармандықтың үлгісі. Қытай тәрізді алып империяның қанқұйлы қанауына қарсыласып, азаттық үшін арпалысып өткен ұлт батырының айбынды бейнесі ішінара шегіністер арқылы толығып, шығарманың аяғына дейін қырлана түсіп отырады.


Мұхтар Мағауинның «Қыпшақ аруы» хикаяты да – жазылу формасының сонылығымен назар аударатын туындылардың бірі. Бұл хикаяттың сюжеті де көркем уақыттың бір бірінен алыс жатқан екі дәуірі бойынша өрбиді. Хикаяттың көтеріп отырған тақырыбы – біздің ескі бабаларымыз, бұрынғы номадтардың ұрпағы бүгінгі өмірде қандай екен деген мәселенің төңірегінде. Осындай ойды ишаралау арқылы жазушы көптеген тарихи, әлеуметтік-философиялық категорияларды шендестіре суреттеген.


Мұхтар Мағауин бүгінгі замандағы моральдық-рухани құндылықтарды жоқтап жазғанымен, шығармада постмодернизм бағытына тән мифологиялық нышандар да төбе көрсетіп отырады. Туынды фабуласындағы публицистикалық, этногрфиялық шегіністер де бар. Тарихи талдаулар кездеседі. Көркемдік табыстың тағы бір белгісі – сюжет дамуының психологиялық иірімдерге табан тіреп отыруы.


Тарихи тақырыпқа жазылған повестердің бірі – Зұқай Шәрбақынұлының «Киелі қанның тамшысы» деп аталатын шығармасы. Автордың «Тарихи хикая» деп анықтама беруіне қарағанда, бұл туындының мазмұнын құрайтын оқиға өмірде болған. Хикаяттың сюжеті Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан 1943 жылы Монғолия мемлекетінің аумағында тұратын бір топ қазақ тұрғындары шекара асып, Қытай жеріне қарай өтіп кетпек болып, білместіктің, сауатсыздықтың салдарынан түрлі трагедияларға ұшырауына құрылған.


Сонымен бірге хикаятта мынандай да мәлімет айтылады: «...1940 жылдың тамылжыған тамыз айының соңын ала кезінде отыз мыңдай ғана шамадағы адамы болған қазақтар үшін Монғолия Үкіметі оның Бас Уәлиі, елдегі 1921 жылғы Ұлт-азаттық Төңкерісінің қолбасшыларының бірі Маршал Чойболсанның тікелей бастауымен ұлттық дербес аймақ құрып, биліктің екі тізгін, бір шылбырын қазақтың өз қолына берген болатын. Сол қазақ аймақ халқының ұлттық салт-сана, әдет-ғұрпын сақтай, ана тілінде мектеп ашып, ұлттық қызыл отауы мен қазақша баспаханасын орнатып беріп, керемет жанашырлық жасағаны үшін 1952 жылы ел көсемі дүниеден озғанда қаншама қазақ өз әкесі өлгендей жылап, еңірей жылағанының тірі куәсі іспеттіміз бүгін» (Б.130-131). Монғолия өкіметі қазақтарға осыншама зор қамқорлық жасап отырған уақытында хикаядағы кейіпкерлердің қарадан қарап өздерін өздері соншалықты өртке итергендері несі? Соншама азаптанатындай хикаядағы қашқындардың бастарына ешқандай да күн туып тұрған жоқ екен ғой деген ой туындайды.


Соған қарамастан, аталған хикая өз заманындағы тарихи шындықты сол қалпында ашып бере білуімен танымдық тұрғыдан бағалы әрі оның мазмұны бүгінгі оқырман үшін сабақ болуы тиіс.


Оразанбай Егеубайдың «Тарымда өткен бір тәулік», «Ойхой, тағдыр-ай» хикаяттарының тақырыбы ортақ – Қытай мемлекетінің жазалау лагерінде жазасын өтеп жүргендердің күнделікті тіршіліктері. Шығарманың бүтіндей деректі негізге сүйеніп жазылғаны кейіпкерлердің аты-жөндері мен басқа да реалистік факторлардан байқалып тұрады. Хикаяттың танымдық жағы да бірсыпыра. Өткен ғасырдың орта тұсындағы Қытай мемлекетінің «Зор секіру» деп аталатын құйқылжыған саясаты салдарынан қаншама мыңдаған қарапайым адамдар жазықсыздан жазықсыз құрбан болып кеткен.


Қазақ халқы ұжымдастыру мен асыра сілтеуден қалай зардап шеккендігі Тұрысбек Сәукетаевтың «Құзғын тойған қыс» атты хикаятында қатардағы бір отбасының тағдыры арқылы бейнеленген. Бас кейіпкердің қатал табиғаттың ортасында өзі қорегін өзі тауып жей алмай, қар құшағында қазаға ұшырауы ашаршылық заманының қатал көрінісі екендігі анық. Тек жалғыз баланың ғана аман қалуы қазақ тұқымының әйтеуір жалғасын табатындығын меңзейді.


Ашаршылық салдарынан ажал тырнағына іліккен адам өлімдерін Т.Сәукетаев тәптіштей суреттей отырып, коллизиялық жағдайды психологиялық жағынан тереңдеп беруге тырысады.


Ө.Кәріпұлының «Саятшы» хикаятының бас кейіпкері – қазақтың атақты перзенттерінің бірі Сәкен Сейфуллиннің әкесі Сейфолла отағасы. Сәкен Сейфуллинің өз басынан өткен азапты белестерді былай қойғанда, оның әкесі Сейфоллаға да тағдыр сол замандарда оң көзімен қарай қоймапты. Хикаятта қазақылықтың қаймағы әлі толық бұзыла қоймаған замандағы қыр елінің тартымды суреттері әжептәуір оймышталған деуге болады. Хикаяттың мазмұнын Сарыарқаның тұнық табиғаты, қыр елінің тыныс-тіршілігі, саятшылық өнердің қыр-сыры ұтымды түрде толықтырып, өрнектеп отырады. Таза табиғи орта мен саятшылық өнердің ірілі-ұсақты оқиғалар арасында жымдаса көрініс табуы да жарасымды.


Тарихымыздың тағы бір кезеңі Шәрбану Бейсенованың «Сүзгенің соңғы күдері» хикаятынан көрініс тапқан. Шығарма Ібір-Сібр хандығын Русия әскерлерінің қалай басып алғандығын бір қырынан әңгімелейді. Бас кейіпкері Көшім ханның кіші әйелі Сүзге. Сібір ормандарын мекен еткен арда жұрттың ханымы жер-көкті басып-жаншып келе жатқан орыс кәпірлерінің қолына түсіп, қор болмауы үшін соңғы қадамға баруы психологиялық планда суреттелген.


Қаны тамған патриот ханымның аффект жағдайында өзіне өзінің қол жұмсауы психологиялық тұрғыдан да дәлелді әрі жер-көкті басып келе жатқан жаңа басқыншылардың мықты тегеурінін аңғартатын шын мәніндегі трагедиялық құбылыс. Уәлихан Қалижанұлы осы шығарма жайында «Сүзге бейнесін сомдау тәсілдеріне қарап, хикаят авторының әйел адам екендігін аңғару қиын. Заманның қатігездігін суреттеу барысында жазушы реалистік суреттермен бірге мифологиялық сарындарды ұтымды пайдаланған. Бұл да жазушы шеберлігінің бір белгісі» деп тұжырымдайды. Өткен тарихтан сабақ алуды үндеген бұл хикаят отаншылдық рухқа толы.


Есқара Тоқтасынұлының «Сахара үні» хикаяты он тоғызыншы ғасырдағы қазақтардың орыс отаршылдығына қарсы шыққан ұлт азат көтерілісінің жетекшісі Кенесары Қасымовтың Қазақстанның оңтүстік өлкесінде, оның ішінде кәрі Қаратау аймағында болған күндеріне арналыпты. Бұл хикаядағы Кенесары көз алдыңызға бұған дейінгі деректер мен көркем нұсқаларда айтылып келгендей, өзінің жауынгерлік рухының қуаттылығымен әрі қатігездігімен аты шыққан қатал қолбасы ретінде емес, ол жан дүниесі тебірене кетуге жақын сезімтал да философ сипатында елес беріп өтеді.


Бүгінгі тәуелсіздік дәуірінде жазылса да, хикаяттардың едәуір бөлігі Кеңес дәуіріндегі кезеңді көркем уақыт етіп алады да, сол замандарда орын алған түрлі уақиғаларды көз алдымызға тірілтіп әкелуді мақсұт тұтады.


Сонау өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдарындағы ауыл тіршілігі біршама сәтті өрілген хикаяттарға Ұзақбай Доспанбетовтың «Бақ пен сор», Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Балалық шақтың әндері», Нағашыбек Қапалбекұлының «Таудан түскен тұман», «Жерошақтың түтіні», «Өкілдер», Серік Асылбекұлының «Ақ қарға», Базархан Жақыбаевтың «Қош бол, Махаббат», Жұмабай Шаштайұлының «Жала мен нала», Самат Ибраимның «Құм баласының күнделігі» шығармаларын жатқыза аламыз.


Т.Нұрмағамбетовтың «Балалық шақтың әндері» повесінде әңгімеленетін әлеуметтік-моральдық маңызды мәселелердің бірі – балалар мен ересектердің арасында орын алып келе жатқан түсініспеушілік көріністері. Бұл мәселе бас кейіпкер Бура есімді жасөсіпірімнің тағдыры арқылы көркем шешімін тапқан.


Шығармада алдыңғы қатардан көрініс тауып отыратын жағдай – бүгінгі күні ғана емес, қай заманнан бері проблема болып келе жатқан ересектер мен үлкендер арасындағы түрлі кереғарлықтар. Жазушы оны түрлі шағын оқиғалар мен тартыстардың негізінде оқырман ойланатындай биіктікке көтере білген. Оқиғалар арасында көрініп отыратыны да қазақи мінез-құлық, салт-дәстүрлер қатары.


Т.Мәмесейітовтің «Бесік пен несіп» атты хикаятында ұсынылып отырған оқиғалар желісі, кейіпкерлердің табиғи мінез-құлқы, көлденеңдеп келіп созылып жатып алатын әлеуметтік-моральдық мәселелер қазақ оқырманының түсінігіне жат, бейтаныс дүниелер деуге болмас. Жазушының көбірек қаузағаны – типтендіру мәселесі. Ауылдан қалаға қоныс аударып келген қарапайым қазақ жастарының қаладағы тұрмыс-тіршілігі, жалдамалы пәтерден пәтерге ауысып көшіп, сүйретіліп жүргендері, арман қуып келген ондай жастардың жеделдетіп пәтер ала қоюы сирек оқиға.


Туындыда көзге атойлап көрінетін көркемдік тұжырымдардың бірі – қаймағы бұзылмаған қазақы мінез-құлықтардың сомдалуы. Қазақи салт-дәстүр артық-ауыс боямасыз шыншыл ағыммен берілген. Аталған екі повесті үндестіріп тұрған көркемдік-идеялық атрибуттар – ұлттық сыр-сипатымызға қатысты түрлі бояулы көріністер, салт-дәстүр мен ұлттық мінез-құлық.


Нағашыбек Қапалбекұлының «Өкілдер» және Серік Асылбекұлының «Ақ қарға» хикаяларының мазмұнынан аңғарамыз. Бірінші жинақтағы авторлық идея шаруашылықтардағы науқандық жұмыстарға байланысты аудан орталығынан ауыл-ауылға өкіл болып барған қызметкер жігіттің көзбен көріп, қолмен ұстаған жағдайлары, көңілге түйгендерінен құралады. Шығармада ептеп жолсапарлық сарын болғанымен, сюжетінің дамуы, тартыстардың ширығуы, сөзбен салынған суреттер оқырманды еріксіз соңынан ілестіріп алып кететіндей деңгейде.


Серік Асылбекұлының «Ақ қарға» хикаятындағы негізгі идея шындық үшін күрескен адамның қоғамда өз орнын табуы қиын, тіпті мүмкін емес деген түйінге саяды. Оқиға Кеңес дәуірінде өткенімен, бүгінгі тәуелсіз еліміздің шындығынан алыс жатыр деп айта алмасақ керек.


Көркем шығарманың мазмұнына арқау болатын сюжеттік желіні бас-аяғын шұбалтпай, шымыр құра білуге болатындығы және кейіпкердің болмыс-бітімін даралай сомдау мүмкіндігі «Ақ қарға» хикаясының үлгісінен анық байқалады. Тіпті эпизодтық персонаждардың да сөз саптаулары бір бірін қайталай бермейді. Демек, шындап көңіл бөлген жағдайда көркемдіктің осы бір талаптарын игеруге болатындығы күмәнсіз деген сөз.


«Өкілдердің» де, «Ақ қарғаның» да мегзейтіні – бертініректе «сыбайлас жемқорлық» деп аталып кеткен қоғамдық теріс құбылыстың Кеңес заманында да қоғамдық өмірдің қалыптасқан көрінісіне айналып кеткендігі. Заманында ол жайында ашық айтылған жоқ, бірақ автордың ишаралауынша, коррупция мен мафия деген нәрселер Кеңес дәуірінде де гүлденіп, белгілі бір деңгейге жеткен екен.


«Жа­ла мен наласы» хикаятында Жұмабай Шаштайұлы бір ғана «Сатқын» деген сөздің айналасынан алып, оқиғаны пси­холо­гиялық тартыс шеңберінде өрбітеді, кейіпкерлерінің сыр-сипатын, олардың ішкі әлеміндегі күр­делі құбы­лыс­тардың даму эво­люциясына назар аудартады. Жекелеген эпизодтар арқылы оқиға барысындағы пси­хологиялық түйін­дерді тарқатпай, керісінше, шиеле­ніс­­тіре түсуі – жазушы қаламының өзін­дік мінезі.


Базархан Жақыбаевтың «Қош бол, Махаббат» хикаясының Кеңес дәуірімен бірге Тәуелсіздік кезеңіндегі оқиғаларды қамтыған екен. Шығарманың негізгі оқиғасы бас кейіпкер Берікболдың сүйсіпеншілік сезімінің динамикасына құрылған. Автордың оқиғаны өрбітуі, психологиялық тартыстарды жеке-жеке жетектеп отыруы оқырманды жалықтыра алмайды.


Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі бүгінгі заманның суреттерін Дүкенбай Досжанның «Жазмыштың формуласы», «Үрей», Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы»... Өтен Ахметтің «Ер Алтынбай», «Желтоқсан ызғары», «Жылыстап өткен жылдар-ай», Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді?», Несіпбек Дәуітайұлының «Жол», Қуаныш Жиенбайдың «Аполлон көбелегі», Жұмабай Шаштайұлының «Құралайдың салқыны», Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы», Қуандық Түменбайдың «Түрмедегі торғай», «Қой мен қойшы», Нұрғали Ораздың «Тазқара», Сейітқұл Оспановтың «Екі дүниенің абыройы», Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші», Арасанбай Естеновтің «Періштелер патшалығы», Толымбек Әбдірайымның «Тұжырым», Дәлелбек Батырдың «Махаббат оты», Нұрлан Қамидың «Темірқазық», «Шал», Дидар Амантайдың «Мен сізді сағынып жүрмін», Есқара Тоқтасынұлының «Сахара үні», Нұрғали Рахаевтың «Апамсыз өткен алты күн», Сәуле Досжанованың «Өгей жүрек», Момбек Әбдіәкімұлының «Дүрбелең», Қанат Әбілқайырдың «Тіміскі» хикаяттары әр қырынан алып кестелеп берген.


Өтпелі кезеңнің экономикалық ауыр салдарынан елі ауып кеткен алыстағы ауылдың кереғар көріністерін суреттеуді мақсат еткен повестердің бірі – Өтен Ахметтің «Ер Алтынбай», Әлібек Асқаровтың «Жұртта қалған жеті үй» хикаяттары іргесі сөгілген ауыл жұртында қалған адамдардың тағдырларын суреттей отырып, әлеуметтік мәселелерді көтереді. Жазушылар ауыл жұртында қалған адамдардың мінез-құлықтары мен көзқарастарын негіз ете отырып, сюжеттің даму үдерісін ширықтыра түсіп отырады.


Сөйтіп олар осы шығармалары арқылы өтпелі кезеңнің, жаңа қоғамның жекелеген кем-кетігін жап-жақсы аша білген. Сюжеттік және композициялық ширақтық, кейіпкерлердің мейлінше айқын бедерленген бейнелері, сәтті пішіндік ізденістер мен олпы-солпы бұралқы сөйлемдерден ада таза тіл, қалам арасынан сыздықтатып тастап отыратын ишара-астарлаулар осы хикаяттардың шоқтығын едәуір биіктетіп тұр. Осы айтылғандардың бүгінгі кездегі жазушылардың басым бөлігі қол жеткізе алмай жүрген көркемдік факторлар екенін ескерсек, Өтен Ахметтің аталған туындысы тәуелсіздік кезеңінде жазылған қазақ хикаяттарының алдыңғы қатарынан табылуы тиіс.


Бір жағында қазақи сананы қаймағын бұзбастан қалай сақтап қаламыз деген мәселенің ұшығы көрініп тұрса, екінші жағынан жастардың қалалы жерлерге ұмтылысы, тұрғындардың қалаға шоғырлануы (урбанизация) сияқты мәселелер алдыңғы қатарға шығады. Демек, шығарма мазмұнынан алынатын тағылымдық сипаттар тез арада ескіре қоймайды деген сөз.


Несіпбек Дәуітайұлының «Жол» хикаятында бүкіл саналы еңбек жолдарын жол салумен, жөндеумен өткізіп жатқан Имансерік, Әтей сияқты жолшылар, осы күре жолдың бойында бүгіндері қартайып өлгелі жатқан Төлеп қарт пен сатушы Тоқмолда тағдырлары арқылы бұл пәнидегі тіршіліктің күрделі қырлары көз алдыңа көлденеңдейді.


Тәуелсіздік кезінде жаңғырған көркем ойдың кезекті көрінісі Қ.Түменбайдың «Түрмедегі торғай», Нұрғали Ораздың «Тазқара» хикаяттарында біршама айқын көрініс тапқан. «Түрмедегі торғайда» мемлекет қамқорлығындағы денсаулық сақтау мекемелерінің жағдайлары төмендеп, бюджеттен тарығып тұрған уақыттағы әлеуметтік-моральдық көріністер орын алса, екінші хикаятта еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыт тынысын дәл бейнелеп жеткізуді мақсат еткен.


Аталған шығармалар өтпелі кезеңдегі жүйесіздікті пайдаланып, парақорлар ғана емес, түрлі қылмыскерлердің де көбейіп кеткенін әсте ұмытуға естен шығармаған абзал екендігін ескертеді. «Түрмедегі торғай» туындысын тәуелсіздік кезеңінде қоғамдық өмір шындығын, етек жайып келе жатқан теріс құбылыстардың нобайын сызып көрсете алған туынды деп бағалағанымыз абзал.


Нұрғали Ораздың «Тазқара» повесі Кәрім Меңдіғалиевич деген үлкен бастықтың өзі туып-өскен ауылына сапары негізінде өрбиді.


Сол жоғары лауазым иесі болып жүрген уақытында қызының тағдыры үшін ісі түсіп, алдына келген ауылдағы тағдырлас құрбысы Тағайдың бір ауыз тілегін Қол ұшын беруге мүмкіндігі болып тұрса да, орындаудан бас тартады. Кеңес империясы құрамынан қазақ халқына азаттық алып берудің бастау көзі болған атақты 1986 жылы орын алған Желтоқсан оқиғасы – тарихтың өшпес беттері. Екі жазушы да көркем мегзеулер арқылы жазушы кейіпкерлердің адам ретіндегі таным-түсінігін, пенделік болмысын тәп-тәуір аша білген.


Сейітқұл Оспановтың «Екі дүниенің абыройы» деп аталатын повесінің оқыған адамға тосындау көріну себебі оның жазылу сипатында болса керек. Назар аудартатын жағдай сол – аталған шығарманы өмірге келтіру барысында автордың негізінен бірыңғай баяндау тәсіліне сүйенуінде. Мұнда да оқырманның алдынан шығатын әлеуметтік түйіндер – басқа емес, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыттағы өтпелі кезеңнің қиындықтары.


Эстетикалық талаптар тұрғысынан алып қарағанда, қай кезде де ескіре қоймайтын, саясат желінің ыңғайына жығыла бермейтін көне тақырыптың бірі – махаббат. Оқырманға лирикалық көңіл күй сыйлайтын әдебиеттің осынау нәзік нысаны қазақ жазушыларының жиырма бірінші ғасырда жазылған повестерінде әрі қарай заңды жалғасын табуда. Көркемдік ұстаным мен жаңаша ізденістер тұрғысынан алып қарағанда, бұл жаңа шығармалар аһ дегізетін елеулі жаңалықтар ұсынып жатыр деудің қисыны келе қоймас. Бірақ олардың мазмұнында кезеңнің белгілі бір ортақ сипаттарының бар екендігін, адами сезімді көркемдікпен кестелеу жолында өзіндік ізденістер де кездесетінін жасыруға болмайды.


Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» хикаясындағы кездейсоқ ұшырасып қалған сұлу келіншек пен ептеп қиялилау болып көрінетін суретші жігіттің өзара түсіністігінің жақын рухани достыққа, оның ақыры зор махаббатқа ұласуын баяндау – оқырман жанын тазартуға бағытталған эстетикалық қадам. Жағажайда жүріп жолыққан жандардың басқа біреулер құсап жеңіл-желпі қарым-қатынастың соңынан түсіп кетпей, өзара имандылық пен интеллектуалдық тұрғыдан жақындасуы жазушының таза сезімді мұрат тұтуының нышаны болса керек.


Нұрлан Қамидың «Темірқазық» повесінің тақырыбы да Әсем бейнесінен типтік оқиғалардың сұлбасы қылаңдайды. Шағын шығарманың өзегіне айналған негізі фабула – сәтсіз махаббаттың құрбандығына айналған жас келіншектің талайлы тағдыры. Негізгі қиыншылық – кейіпкердің махаббат туралы ұстанған қасаң да нық принципіне байланысты.


Жазушы махаббат сияқты өте шетін де нәзік мәселеген аса ұқыптылықпен сергек қарау керек екендігін өзіне өзі кес болып, қайдағы бір абстракциялық адалдықты іздеп жүрген Әсемнің аянышты тағдырымен көрсеткен.. Дидар Амантайдың «Мен сізді сағынып жүрмін» хикаятының кейіпкерлері жаңа ғасырдың жаңа адамдары. Олардың махаббат, сезім жайлы түсініктері уақыт ағымына сәйкес жаңаша қалыпта, жаң бір рухани әлем айдынында көрініс табады.


Бір ауыз сөзбен түйіндеуге тырыссақ, осы талданып отырған бұл туындылар жаңа ғасыр басында махаббат тақырыбына жаңа ізденістермен келуді мақсат еткен. Авторларымыз адам жүрегінің асыл сезіміне деген көзқарасты жаңаша білдіру жолындағы ізденіс нышандары жоқ емес.


Толымбек Әбдірайымның «Тұжырым» хикаятындағы психологиялық толғаныстар өгей баланың жан дүниесі арқылы суреттеледі. Өзі ішкіш, өзі ынжық әке ұлын кейінгі үйленген әйелінің тепкісінен қорғауға құлықсыз. Бұл шығарманың кейіпкері он екі жасар бала болғанымен, ересек оқырманды да енжар қалдырмайтын деңгейде. Өйткені мұнда көтерілетін негізгі мәселе – ата-ананың ұрпақ алдындағы парызы.


Қай заманда да көркем ойдың өзегіне айналған тақырыптардың бірі табиғат-адам мәселесі. Тәуелсіздік жылдары жарық көрген хикаяттарда да бұл мәселе көңілден қалыс қалмаған екен.


Олардың қатарында Тұрдақын Жексенбайдың «Бала бүркіт», Зейнебіл Тойболдының «Кермарал», «Ойран», «Аңшының зары», «Арлан», С.Әбілқасымұлы «Ақиықтың ақырғы балапаны», Жұмабай Қайранбайдың «Тұлпарлар дүбірі», Асқар Алтайдың «Қызыл бөлтірік» атты хикаяттары бар екен.


Тұрдақын Жексенбай өзінің шығармашылық сапарының көркемдік кредосы болып табылатын басты тақырыбы адам мен табиғат арақатынасын тағы бір қырынан алып, одан әрман індете түскен. Шығармада қызмет етуге тиісті негізгі көркемдік атрибуттардың барлығы жүйесімен іске асқан, хикаятта тартымды сюжет те, тартыс түрлері де, кейіпкерлердің мінез-құлықтары да біршама айқын. Қызықтырып әкететін сюжеттің тосын түйінмен аяқталуы да шығарма ның оқырманға ұсынар әсерін күшейтіп тұр.


Бір қызығы – осы аталған хикаяттардың негізгі көркем кеңістігі көршілес Қытай жерінің аумағы болып табылады.


Жұмабай Қайранбайдың «Тұлпарлар тағдырын» оқып шыққанан кейін, «Бұл жылқы жайындағы айтар әңгімеміміз әлі таусылып бітпеген екен-ау» деген ой көлденеңдейді. Тағдыр талқысымен қайта-қайта сатыла берсе де, өзінің туған сонау қияндағы мекеніне жол тауып, қайта айналып келе беретін Күреңжорға, жылқының асыл қасиетін паш ететін басқа да жылқылар – оқырман есінде сақталып қалатындай ұтымды образдар.


Зейнебіл Тойболдының «Тәңрі таудың тағдыры» атты жинағына «Кермарал», «Ойран», «Аңшының зары», «Арлан», хикаялары бір әулеттің басынан өткен оқиғалары аталған туындылардың фабулалық негізін құрап тұр. Нақтырақ айтқанда, сол әулет мүшелерінің қоршаған ортамен, табиғатпен қарым-қатынасы басты тақырыпқа айналған.


Самат Ибраимның «Құм баласының күнделігі» атты өмірбаяндық сипаттағы көркем эссесінің назар аударатын қыры – дәл берілген этнографиялық штрихтар. Мұнда қазақ халқының тұрмыстық-әлеуметтік мәселелері күнделікті тіршілік қарбаластарымен астаса отырып, біршама дәлдікпен көрініс тапқан.


Осы кезең ішінде таза детективтік пландағы хикаяттар да өмірге келіп жатты. Олардың көркемдік даму сипатын Ерболат Жүсіпұлының «Түнгі оқиға», Бағдат Қалаубайдың «Жоғалған адам» хикаяттарының мысалынан көре аламыз. Екі хикаятта да алдыңғы планда әрекет жасап, жедел динамикалы қозғалыста көрінетін персонаждар – қылмысты ашушы топ мүшелері. Олар қылмыскерлер әлемінің өзіндік ерекшелігін, психологиялық-моральдық сипаттарын, басқа да қажетті детальдарын есепке ала отырып, әрекет жасап жатады.


Бағдат Қалаубайдың хикаятындағы оқиғалар мен эпизодтар орта буын оқырмандарға жақсы таныс: еліміз тәуелсіз алғаннан кейінгі нарықты экономикаға өту кезеңіндегі бизнеспен шұғылдануға кіріскен адамдар, пайда табу жолындағы түсініксіз сапырылысқан оқиғалар тізбегі, соның арасында шығарманың фонын күңгіртеп жіберетін кісі өлімі.


Сонымен аталған хикаятарды қысқаша сараптай келгенде, өзекті болып табылатын негізгі типтік проблематикалық мәселелер төбе көресетід екен.


Ең бірінші көңіл бөлетін жағдай – көркем әдеби тілдің шұрайын сақтай отырып, ізденістерге жол аша алатындығын сездіретін мысалдар аз емес. Әдеби көркем тілді игеру бағытында назар аударуға татитын ізденіс белгілерінің кездесіп қалып отыратынын атап айтқанымыз абзал.


Көркем сөздің көрігін қыздыратын бейнелі тіркес, бедерлі суреттер салынған хикаяттар ізденіс нышандарын білдіреді. Мысалы, ашаршылық салдарынан ажал тырнағына іліккен адам өлімдерін Т.Сәукетаев тәптіштей суреттей отырып, коллизиялық жағдайды психологиялық жағынан тереңдеп беруге тырысады.


«Қара шашын жайып ұшып тұрған түтін сәт сайын зорайып, биіктеп барады. Аспанда «несібемізден неге қағасыңдар» дегендей қарқ-қарқ етіп, бір топ қарға қалықтап жүр».


«Тиіп-қашып терістіктен тіріле бастаған қызыл шұнақ ызғырық, шайтаны ұстап, әлдебір ойранды бастап жібергісі келіп тұр ма, ұлпа қардың үстінде ақ құйрығын арлы-берлі бұлғап қояды»


«Отқа жақындаған сайын қабырғадағы теңселген көлеңқе зорая-зорая, қара бұлттай тұтасып, жарты үйді жайлап алды». Бұл мысалдар Т. Сәукетаев хикаятынан алынды. С.Әбілқасымұлы мөлдіреген таза табиғатты ортасында өрбитін оқиғаларды суреттей отырып, өзі де сол табиғаттың киелі бейнесін жеткізуге лайықты тұманың тұнығындай соны тіркестер мен эпитеттерді таба алады.


Мысалы, «Күн кірпігі от ұшқынын шашпаған, сол ұшқынның күміс буы ғана шарпыған арайлы таңның ақсұлу аспаны. Шапақтың жалыны шалып, ызыңды шуылға айналмаған, сары сағыммен қою боялып, мұнарланбаған мөп-мөлдір тұнық ауа, салқын ауа». (201-б).


Ө.Кәріпұлы жазған «Қарашілік – бұйығы қыстау. Таудың қысаң қолтығын қуалай өскен шілікті тоғай мейлінше қою» (5-б.) деп жымдаса байланысқан нық сөйлемдермен басталатын хикаяттың тілі де оқырманның көркемдік талабын қанағаттандырарлықтай деңгейде.


Бірақ тілге қатысты жалпы кемшіліктер жағы әлі түсезілп жойған жоқ.


Екінші бір олқылық – өмірлік материалдарды іріктеп, көркемдік шындыққа айналдыру барысында жүзеге асуы тиіс шығармашылық ізденістердің тапшылығы. Көпішілігіміз өмірде болған жайларды сол қалпында жаза саламыз да, соның салдары еріксіз натурализмге, көркемдік талаптар тұрғысындағы басқа да кемшіліктерге әкеп соғып жатады екен.


Үшіншіден, айтамын деп ниет қылған негізгі оқиғаны аяғына дейін иін қандырып алып щығудың орнына кейде көлденең жағдайларды, ұсақ-түйек мәселелерді термелеп, шұбалаңқұылыққа ұрынуы.


Төртіншіден, характер даралаудағы диалогтардың, полилогтар мен монологтардың көркемдік мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алмаушылық. Аталған туындылардың басым бөлігінде кейіпкерлер автордың сөз саптауымен сөйлеп, автордың мәнерімен ойлап жатады.


Жазушылардың назар аудармайтын тағы бір осал тұсы – өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдыру барысындағы шығармашылық үдерістің табиғатын меңгеру.


Көңілге қона қоймайтын келесі бір ұнамсыз нәрсе – тарихи туындыларымыздың кейбірінде оқиға болып жатқан көне дәуір адамдарының уақыт тынысымен санаспастан, бүгінгі заманның тілімен сөйлей беретіндігі. Бұл алдағы уақытта көне кезеңдерге қалам тартушылардың қаперінде болатын-ақ жағдай.


Басымырақ назар аударатын келесі бір өзекті мәселе – бүгінгі күннің тақырыбына қалам тарту жағы, уақыттың ділгір шындықтарын көркемдікпен кестелеп жеткізу жағы. Қазіргі кезеңді көркем прозаға сұранып тұрған өмірлік материалдар асып-төгіліп жатыр деуге болады. Бірақ қолымызға тиген прозалық шығармалардың арасында нақ өзіміз тыныстап отырған бүгінгі күннің образы өте аз, барларының өзі көбінесе әлі тәжрибелері толыспаған жас қалам иелеріне ғана тән екен.


Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздік жылдары өмірге келген қазақ хикаяттарында осындай проблемалық мәселелердің бар екендігін айтуға тиіспіз. Елдігіміздің, «Мәңгілік ел» мұраттарының көркем жылнамасын қағазға үзілдіріп түсіре отырып, ұлттық рухты асқақтата берейік, әріптестер!


Нұрдәулет Ақыш, ф.ғ.д., М.О.Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар