Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Елен Әлімжан. Анажар (Роман) - 2...

24.09.2018 5094

Елен Әлімжан. Анажар (Роман) - 2

Елен Әлімжан. Анажар (Роман) - 2 - adebiportal.kz

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде...)

Қайтып келе жатып Анажар Ақбикешпен арадағы әңгімені қайта саралап, егер екі мектептің қыздары төбелесуге ұйымдасып келгені анықталса, шатақтың көкесі сонда болатынына, онда мұғалімдердің де жазаланатынына көңілі сенді. «Бір бәлеге ұрынбай жатып, сендерден аман-есен құтылсам екен» деп безілдейтін сынып жетекшісінің, «біздің мектепте тек өте жақсы және жақсы баға алатын балалар ғана оқуы тиіс» деп күжілдейтін еркек үнді директор апайдың да қаупін түсінді. Сол қауіптің алдын алу үшін Ақбикеш өтірік айтып, ал өзгелері, оның ішінде №17 мектептің қыздары да, бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай соны қайталағандықтан полицейлер көпшілігінің сөзіне «сеніп», өздері үстінен түскен қып-қызыл шайқастың төбелес емес, ойын, ал сол ойынды шынға айналдырып жібере жаздаған жалғыз Анажар екенін рәсімдеген.

Бірақ, әпенді қыз солардың барлығының абырой алу үшін өтірікке жүгінгендігіне бәрібір түсіне алмады. Ал, сол өтірікті бастап берген Ақбикеш мектептің намысын жыртқан қаһарман атанып, өзі патриоттық сезімнен жұрдай, тіпті сатқын болып шыға келгеніне төзгісі келмей, өз ойынан өзі шошынып, жан дүниесі торға қамалған қаздай сабаланды.

«Мені құрбыларым аз болғандай мұғалімдер де сатқын деп ойлай ма? Олай болуы мүмкін емес, мүмкін емес!» деп ышқынған ішкі тынжысы ұрынарға қара таппай, ақыры жетекшісіне қарай жетеледі.

Сынып жетекшісі тарих пәнінен беретін Бәтима Балтақызы жақсыны да, жаманды да көрген, ащыны да, тәттіні де татқан егде кісі. Жүрісі де, сөзі де майда болған соң оқушылар оны Жорға апай деп атайтын сыртынан. Міне, сол Жорға апайды іздеп тарих кабинетіне ентелеп келген Анажар есігін екпінмен ашты. Бірақ, бір аттаған соң-ақ ол қарқыны басылып, бойын тартып тұрып қалды. Өйткені көзі бірден Керей мен Жәнібек, Абылай, Кенесары хандардың портреттеріне түсіп кетті. Ол аз десең бүйірдегі екі қабырғада ел ішінде дау туғанда сөз бастаған билердің, ел басына күн туғанда қол бастаған батырлардың портреттері тізіліп тұрған. Оларды көргенде тасыраң жүрісі тыйылып, тарпаң ойы бұғынып басын иіп құрмет көрсетті.

Қыздың ілтипатына ризалық білдірген мұғалім:

– Дұрыс, бұл кабинетке осылай құрмет көрсету керек. Мектептің ең киелі орны осы, - деді.

– Сіз сол киелі орынның шырақшысыз ғой, - деген қошемет сөз санасына қалай сап етіп түсіп, аузынан қалай сарт етіп шығып кеткеніне Анажардың өзі таңқалды.

– Соны түсінген ақылыңнан айналайын, - деп еміренді мұғалім жүзі бал-бұл жанып. Артынан «елдің бәрі сен сияқты ойласа ғой» деп күрсініп қойды.

– Бірдеңе сұрайын деп едім.

– Сұрай ғой.

– Апай, сіздер мені өтірікші деп ойлайсыздар ма?

– Жоқ, сен өтірік айтпайсың.

– Онда, менің шын сөзімді неге өтірікке баладыңыздар?

– Сонда сен басқа қыздардың бәрін өтірікші дегің келе ме?

– Иә, олар өтірік айтты.

– Олар, қалай сөйлеу керек екенін біліп сөйледі.

– Сол жерде өтірік айту керек болды дейсіз ғой.

– Әрине, өтірік айту керек болды.

– Полицейлер менің шын сөзімді қуаттағанда ше?

– Онда біздің бүгінгі күніміздің не боларын бір құдай біледі. Сол өтіріктің арқасында отырмыз әзір.

– Сіздерге тәтті өтірік жайлы болды ғой. Ал, ащы шындықты білгіңіз келе ме?

– Айта қойшы.

– Сіздердің тәтті өтіріктеріңіздің арқасында крупный төбелес болды.

– Бірақ, ол төбелес тіркелген жоқ қой.

– Тіркелген жоқ. Есесіне екі қыздың қолы сынды.

– Білемін. Олар жазатайым сындырып алған.

– Сіздерге солай деп айтты.

– Біз соған сенеміз.

– Сенбейсіз. Бірақ, төбелес туралы ресми қағаз түспеген соң сенген болып отырсыз.

– Оны біліп тұрсаң несін сұрайсың?

– Мен шындық қайда қалады деп сұраймын. Менің шындығым өтіріктің құрбаны болып кете бере ме?

– Біз ресми қағаз бойынша шара қолдануға міндетті болдық. Ал, өз арамызда сен кәдімгі сүйкімді әпендіміз болып қала бересің ғой.

– Сіздер мені шынымен жақсы көресіздер ме? – деп сұрады көңіліне қуаныш кірген қыз. Мұғалімнің жылы лебізін қайталап естігісі келіп.

– Әрине, «әпенді» қыз. Саған жететін қыз жоқ бұл дүниеде. Әттең...

– Немене әттең...

– Болды енді, бара ғой жаным, әрнәрсенің уағы болады, кейін біле жатасың. Ал, қазір ештеңені уайымдама, сабағыңды ғана ойла. Әй, ертерек оқу жылы бітіп, он біріншіге өтсеңдер екен. Естерің кіріп, тестінің тықыры таянып, оқудан басқаның бәрін ұмытар едіңдер. Ал, қане бара ғой енді, мен мына қағазымды жазып тастауым керек.

Жорға апайы әңгімесінің аяғын жайбағыстап жібергені сонша Анажар ол кісіге рахметін айтып ризалықпен қоштасып тарих кабинетінен қалай шығып кеткенін байқамай да қалды. Бірақ сыртқа шыққанда барып сезінді, бағанағы аласұрған көңілі басылса да, көкейінде бір дық бәрібір қалыпты. Сол дық бірде түйнейтін, бірде сыздайтын секілді, бірде мүлдем ұмытып кетеді де артынша қайта белгі береді. Өзі де енді не істерін білмей қалған сияқты, мектеп ішін мақсат-мәнсіз кезіп жүр. Ақыры келіп ол мектептегі полиция инспекторы кабинетінің алдында тұрғанын байқады. Ал, инспектор кабинетінен шығып келе жатыр екен.

– Сен, не істеп жүрсің мұнда? Сабағың қайда? – деп қабағын түйді форма киген жас жігіт. Алғашқы кезде оның қабақ түйгені жасандылау шығып, оқушылардың күлкісін шақыратын. Қыздардың талай рет мазақтап кеткен кездері де болған. Ал қазір ондай емес, мектеп аймағындағы ұры-қары, қарақшыларды ұстау кезінде ерлік көрсетіп, медаль алғалы бері түйілген қабағында күлкі шақырмақ түгіл, күлкіңді сап тиятын ызғар бар. Сөзі де сызды.

– Сізбен сөйлессем деп едім, - деді жігіттің сыптиған формасы мен түксиген қабағы жүрегінің жауын алып қалған қыз бәсең үнмен басын төмен салып:

– Төбелес бастағыш батыр, басылып қалыпсың ғой, - деді қыздың пенде болып тұрған кейпіне мысқылдай қараған инспектор – солай кімнің болса да жынын қағып аламын, қыз-ұл деп қарамаймын.

– Демек сіз де менің сөзіме сенген жоқ екенсіз.

– Тыңда Далабайқызы, сен біздің шешімімізге риза емес сияқтысың ғой. Бұл күніңе зар етіп жіберуге болады, - деді одан әрі нығарланған инспектор.

Алайда әуелгідей емес жүрегін тоқтатқан Анажар басын көтеріп, инспекторға көзін тіктеп қадап:

– Сонда не істемексіз? – деді қатқылдау дауыспен.

– Байқа, - деді инспектор, - есепте тұрғаныңды ұмытпа. Қалтаңа анаша салып жіберсем болды, - сені ешкім құтқара алмайды.

– Менің есірткі пайдаланбайтынымды елдің бәрі біледі.

– Бірақ олар маған сенеді. Так что, тағдырың менің қолымда «әпенді» қыз. Асықты бүк түсірем бе, алшы түсірем бе, өзім білемін.

– Күнәңізге күнә қосамын деп ойламайсыз ба? – деп тосын сұрақ берді тағы да тосылған қыз қиядан жол тапқан болып.

– Қайдағыны айтып тұрсың, мен бүкіл мектептің оқушыларына жауап беремін. Сендерді солай ұстамаса көнесіңдер ме, шекелеріңнен шерте де алмайтын мұғалімдеріңнің құр уағыздарын қайсың тыңдап жүрсіңдер?

– Сондағыңыз қорқыту ма?

– Жоқ, қорқытпаймын, қармақтағы балық сияқты ұстаймын сен сияқтыларды. Қармақты көтеріп қалсам, «көкежан, суға қайта түсірші» деп жалынасыңдар. Басқаша ұстау мүмкін емес сендерді.

– Бірақ шындық менің жағымда ғой! – деді дел-сал күйде қалған қыздың ішіндегі соңғы ышқыныс.

– Шындық баррикаданың екі жағында да, бірақ бір жағы құрбан. Так что тағы да айтамын жайыңа жүр, - деді де инспектор одан әрі жауаптасып тұру артық екенін қабағымен танытып жүріп кетті.

Қапелімде өкпесі алқымына тығылып, аузына жауап та түспей қалған Анажар не істерін білмей біраз тұрды да, иығы салбырап, сыртқа беттеді.

Мұңын шағып, сырын бөлісетін ешкім жоқ болғандықтан ол үйіне де барғысы келмеді. Әке-шешесі жұмыста. Тіпті үйде болған күнде де Анажармен сыр бөлісуге құштары жоқ. Қит етсе, «тамағың тоқ, көйлегің көк, енді саған не жетпейді» деп өзіне кеиді. Мына оқиғаға дейін ара-тұра сыр бөлісіп тұрушы еді. Енді одан да тыйылды. Өйткені содан бері не айтса да, тек «тыныш жүр» деген тыйым естиді, естиді де томырылып қалады.

Шіркін-ай, Сандықтауға кетіп қалса ғой. «Қарғам-ау өңің сынық қой, кім сені ренжітті» деп әжесі алдына алып аймалаушы еді-ау бұндайда. Содан соң «пәленше ме, мен оған көрсетемін, әжесінің қызын ренжіткенді» деп сыртынан айбар шегіп қоятын. Бұл оған мәз болып «әжем оған көрсетеді» деп қоқиып шыға келетін. Алдымен немересін осылай жұбатып алған әже артынан «өзіңнен де бар ғой ботам, барыңды бауырыңмен бөлісе салсаң, оған да, саған да жақсы емес пе, кең болсаң, кем болмайсың» деп ақыл айтатын. Бұл күнде әже өмірден озғанмен, сандықтаулықтың кез-келгені сырын бөлісіп, қайғысын көтеріп алар еді-ау. Адам жанын түсіну жөнінен сандықтаулықтарға жететін ешкім жоқ шығар, сірә, бұл дүниеде? Олар Анажар тап болған жағдайды пәршек-пәршегін шығарып талдап, кім кінәлі екенін анықтап, лайықты жазасын да атап, ал жазасыз жапа шеккенді ақтап, оның моралдік өтеуін де алып берер еді-ау! Құдайым-ау, мен не айтып кеттім? Олар Анажар тап болуға тиіс жағдайды алдын ала болжап ушықтырмай-ақ ебін табар еді-ау! Бірақ Сандықтау алыста, ал бұл әлдеқашан басқа ортада. Қала деген құбылмалы теңіздің иіріміне түсіп, ұршық болып иірілгеніне, міне, он жыл. Содан бері қала-теңіз бұны жылым құрдымына жіберіп біржола жұта алмай, не бұл оны жерсініп, суда жүзген балықтай сезіне алмай әрі-сәрі күйде жүріп жатқан жайы бар.

Ой жетегімен ол тағы да Әкім бауына келіп қалғанын байқады. Тағы да тау аршасын құмарта иіскеп таза ауасын кеуде кере жұтып, қайыңды айқара құшып тұрып:

«Жапырақ жүрек жас қайың, жанымды айырбастайын» деп күбірледі.

Мына дүниенің қиюын таба алмай сарсаңға түскеннен сәнсаябақтың бір ағашы болып-ақ тұрғанға не жетсін шіркін!? Жылда көктемде бұталып, қисық-қыңыр, артық-ауыс, бұтақтарынан арылып, өзегін кеулейтін зиянды құрттары аласталып, күннің қызуымен сән түзеп шыға келеді. Суы болса да қанық, ал топырағының құнары үнемі үстемеленіп отырады. Тек, өс, өркенде, гүлде, жайна, жеміс бер, береке шаш!

Бірақ, адамдар қоғамы айналасына жұпар иіс аңқытып, әдемілігімен де, әдептілігімен де көңіл қошын сыйлайтын үнемі күтімдегі сәнсаябақ емес. Әне, әке-шешесі «күндіз-түні шапқылап жүргеніміз сендердің қамдарың» дейді бұларға. Бірақ, сол түн қатқан тірліктері балаларының көңіл қошын мүлдем келтірмейтінін ескергісі келмейді. Көбірек дүние тапса бәрі орнына келеді деп ойлайды. Ал, мұғалімдер анау. Айтқандары бір бөлек, істейтіндері бір бөлек. Оны кез-келген оқушы біледі. Біледі де күледі. Бірақ, күліп жүріп, өздері де сол өмірге қалай солар сияқты икемделгенін байқамай да қалады. Полицей болса, ашығын айтып тұр. Сендерді қармақта ұстамаса болмайды дейді. Неге бұлай? Неге бұл қаланың қоғамы Сандықтаудан мүлдем алшақ?

Шынашақтай қыздың кеудесінде сыздаған бұл сұрақ сәл оңаша қалса болды қайта бұлқынып тынышын алады. Қоғамның қатып қалған қалыбы мен сызып қойған сызығына сыймаған санасы алыстарға алып қашады.

Түртінектеген түйсігі сол алыстарға апаратын ең төте жол кітап екенін тапжылтпай таныды. Таныды да жанын жеп, жүйкесін мүжіген сұрақтарға жауапты айналасындағы адамдардан емес, бұл дүниенің ащысы мен тұщысын татып, әлдеқашан бақилық болғандардың еңбектерінен іздей бастады. Алайда, іздеген сайын ол сұрақтардың жауабы да құмның сусымалы қиыр-шиыр жолындай басы қайда, аяғы қайда екені беймәлім баянсыз бірдеңе болып бара жатты. Сол қиыр-шиыр жолдың бір ұштығы шығатынынан үмітін үзбей оқыған үстіне оқыды. Тіпті кітаптан бас алғысы келмейтін болды. Өйткені, көкейіндегі сұрақтарға әзір жарытып жауап ала алмаса да оның жаны бұл өмірде жүргеннен кітап әлемінде жүргенді қалады. Бірақ, таң атпаймын десе де күн қоймайды. Өзекті жан да бұл дүние былығып жатыр екен деп одан бойын аулақ ұстай алмайды. Өйткені өңешінен тамақ өткізіп, үстіне шүберек іліп жүруі керек, баспана, көлік тағы тағыларын қажетсінеді. Ал, солардың бәрін табамын деп жүргенде әртүрлі айла-әрекетке барып, адамгершіліктен аттап кеткенін байқамай да қалады. Мұны Анажар айналасынан сезіп жүр. Сезіп жүрген соң да қай жері таза, қай жері былғаныш екенін айыру қиын сырты жылтырақ өмірмен етене араласып кетуге қорқақтап, кітапқа басын одан әрі тыға бергісі келеді.

Сөйтіп, оның жан жақыны өмірден өтіп кеткен ұлы адамдар болып алды. Солардың ортасына асығатындықтан да кешегі кез-келгенге аңқылдап тұратын ашық қыз енді айналасымен сәлемі түзу болғанымен шүйіркелесуі сиреп бара жатты. Бірақ, өмір әр пенденің дегеніне көне берсе өмір бола ма? Анажар өкпеледі екен деп құрбыларының бір-біріне деген қызғанышы да, екі мектеп оқушыларының бәсекелестігі де тыйылған жоқ. Ақбикеш Жалпақ қызды жекпе-жекке қайта шақырып жеңіп кеткелі №17-нің оқушылары біраз басылып, бұл ауданда №7 мектептің мерейі үстем болып тұр. Бірге оқыған соң Анажар да олардан қара үзіп кете алмайды. Бірге жүреді, бірге ойнап-күледі.

Бірақ, есейген сайын, сол ойындар да, күлкілер де күрделіленіп бара жатты. Енді ұлдар мен қыздар туған күндерін және басқа түрлі мерекелерді үйлерінде өткізуді місе тұтпай, қаланың мейрамханаларында ата-аналарсыз, мұғалімдерсіз өздері оңаша тойлайтынды шығарды. Сондай кештердің біріне олар Анажарды да алып барды. Бұл бір үлкен ғимараттың жертөлесіне орналасқан оңаша сауықхана екен. Шаңқылдаған музыка, сартылдаған би ә дегенде Анажардың есін шығарып жібергенімен бойы бірте-бірте үйренді. Құрбыларымен бірге өзі де биледі, тәтті, дәмді тағам жеп бір жасап қалғандай болды. Тек, қанша қинаса да шараптан ауыз тимей қойды. Сонысы жақсы болған екен. Біраздан кейін шарап ішіп алған құрбылары қызып, ойына келгенін істей бастады. Айналасына үйірілген жігіттермен есі кете билеп, шектен шығып кетті. Ол қанша жалынса да, ешқайсысы үйге қайтуды ойламады. Оларды мынандай күйлерінде тастап өзі де кете алмады. Ақыры әрқайсысының үйлеріне телефон шалмақ болды. Бірақ телефон шалса тағы да «сатқын» атанады. Осылай басы қатып тұрғанда:

– Сен әуре болма, - деді мұның қасына келген Ақбикеш. – Алаңдамай үйіңе қайта бер, мен қазір барлығын үйлеріне жеткізіп тастаймын.

Анажар аң-таң қалды. Өйткені «ал, ішіп қояйық» деп бокалын алдымен Ақбикеш көтеретін сияқты еді, қазір түк ішпегендей сап-сау.

– Сен шарап іштің ғой, - деді Анажар оған.

– Жоқ, мен сендердің көздеріңді алдап, шырын ішіп отырдым, - деді Ақбикеш.

Анажар қуанғаннан «ақылдым менің» деп Ақбикешті құшақтай алды.

– Мен сендерді алдадым, ол күнә емес пе? – деп сөзбен шымшылады құрбысын Ақбикеш.

– Күнәдан құтылу үшін алдадың, - деп одан сайын құшақтады құрбысын Анажар.

– Демек, өтіріктің де пайдасы бар екен ғой? – деді құрбысының құшағынан босанып, жүзіне сығырая қараған Ақбикеш.

Анажар жауап берген жоқ. Өйткені, дәл осы жағдайды қалай бағалауды өзі білмеді. Құрбысының тосылып қалғанын Ақбикеш те түсінді.

– Бара бер, тек таксиге мін, - деді содан соң.

Анажар сыртқа шығып бара жатып, туалетке кіріп, бойы-басын жөндеп, шашын тарап алды. Содан соң неге екені белгісіз сауықхананың есігін бір қарап не болып жатқанын көргісі келді көңілі құрғыр. Бағанағы бағана ма, нағыз жынойнақ болыпты. Музыка аласұрған құйынға айналған. Ал, жастар алып иірімге үйірілген жаңқалардай жалбаң-жалбаң етіп, шыр көбелек айналады. Сол иірім өзін қалай тартып бара жатқанын байқамай да қалды. Есіктен алыстап, кіріп-ақ қалыпты.

Сонда байқады, өзіне қайта-қайта жанасып, арзан әзілдерімен жақындағысы келгенінен түк шығара алмаған жылтыр көз жігіт бұны білегінен ұстап, иірімнің ортасына қарай үйіріп барады. Көзі қылмың, жүзі жылмың болса да, қолы қатты екен, қанша тартынса да босататын емес, қыз шыңғырып жіберді, жігіт сонда да жібермеді. Жымиған күйі сүйреп келеді иірімге. Амалы таусылған Анажар екінші қолындағы сөмкесімен жігіттің басынан періп жіберуге ыңғайлана берді. Сол кезде Ақбикеш билеп жүрген жігітімен екеуі келе қалды. Сол жігіт иығынан қағып, құлағына бірдеңелерді сыбырлағаны сол екен жылмыңдаған жылтыр көз қыздың қолын жібере салды. Анажар залдан ытқып шығып, алды-артына қарамай зытты. Сәл кідірсе иірім іліп әкете жөнелетіндей көрінді.

Таксидің біріне міне салып үйіне жетті. Әке-шешесі меймандықтан әлі келмепті. Түн ортасына таман қайтады олар әндетіп... інісінің де қайда, не істеп жүргені белгісіз. Өмірі шынын айтпайды. «Қайдан келдің» деп сұрасаң, «бір жерден» деп жауап береді. «Не істедіңдер» десең «ештеңе, әншейін аулада отырдық» дегеннен өзге он қайталасаң да бөтен жауап ала алмайсың. Інісінің үйінде жоқтығы ренішінің үстіне реніш қосты. Ең болмаса, әке-шешесінен бұрын келсе екен деп тіледі. Абырой болғанда Жанан көп кешікпей келді. Күндегі әдетінше жақсылап жуынып, ас үйге кіріп бір бөтелке айран ішіп алды да, жатын бөлмесіне кіріп кетті. Бәрібір шынын айтпайтын болған соң Анажар одан жөн сұраған да жоқ. Әйтеуір бейуақытта бірдеңеге ұрынбай аман-есен келгенін көңіліне медеу тұтып, өзі де жатын бөлмесіне кірді. Бірақ ұйқысы құрғыр келе қоймай ойына сауықханадағы жағдай қайта оралды. Жаңағы мені құтқарған жігіт жылтыркөздің құлағына не деп сыбырлады екен? Жалынып-жалбарынбастан немесе күш көрсетіп қорқытпастан көндіретіндей қандай құдіретті сөз айтты? Ол да ұлы өтіріктің көмегімен құтқарды ма мені? Мәселен, «оған тиіспе, бұл қала прокурорының қызы» деген сияқты. Не де болса әйтеуір сөзін өз ортасына өткізе алатын жігіт екен. Жүзі де өзгелерінікі сияқты бедірейіп немесе жып-жылтыр боп жылмиып тұрған жоқ, жылы. Бұған жымия қарап, «бара бер» деген ишараны жанарымен жасағандай болды. Бірақ, Анажар ол ишарасына ізет білдіруге мұршасы келмей зытып отырды. Сөйткені дұрыс болды. Сырты сыпайысынғанымен жынойнақтың ішінде қай оңған жігіт жүруші еді. Сыпайылықты да есеппен жасайды олар. Құрысын. Енді мұндай сауықханаға кіргенінің алды-арты осы болсын. Ішімдік ішіп алып, ұятсыз билер билеген деген не сұмдық. Соңғы кезде кітаптан бас алмай кеткен соң көңіл сергітейін деп еді, оның ақыры мынау болды. Бұл жарамайды. Сауықшыл қыздарға ілескенше бұрынғыдай үйірмелерге барғаны жақсы.

Келесі күннен бастап ол солай етті. Аптаның үш күні волейбол ойнап, үш күнінде би үйірмесіне баруды жалғастырды. Алайда өзін қандай қалың топтың арасына апарып салса да жалғыздықтан арыла алмады. Доп та, би де оның жүдеген жан дүниесін жұбатпады. Дене ширап, бой сергігенімен ойы серпілмеді. Бұрындары жүзінен нұр төгіліп, жұрттың бәрін қуанышқа бөлеп жүретін қыздың жаны жүдеп, жарым көңілі бүтінделмей-ақ қойды. Уытты шарапқа тойып алып, не істеп, не қойғанына есеп бермей жартылай жалаңаштанған құрбыларын көргенде өзі де былғанып қалғандай сезінетін болды. Көрсең де көрмеген боп жүре бер деп ақыл айтқан сынып жетекшісіне де бұрынғыдай ашыла алмайды. Неліктен екені белгісіз әр сөзінен секем алады да тұрады. Талай көше бұзықтарын тәубесіне келтіріп даңқы шыққан полиция инспекторын тіпті көргісі келмейді. Көрмек түгілі ол ойына түскенде денесі дір ете қалады. Сондықтан да мәжбүрлік болмаса, оны алыстан айналып өтіп кетуге тырысады.

Ал, әке-шеше... Олар сол баяғы қалпы, уақыттары жоқ. Уақыттары бола қалса ақыл айту, тексеру. Киімінің бүтіндігін, тамағының аш-тоқтығын, анда-санда мектептен, серуеннен келген-келмегендігін қадағалау. Онда не істеді, не қойды, кіммен серуендеді, әлде басқа бірдеңкемен айналысты ма, ол жағын қазбалап жатпайды.

Оқу жылы аяқталар мерзімі тақалған сайын Анажардың басынан осындай қилы-қилы күйлер өтіп жатты. Елдің бәріне елжіреп жүретін балғын, балапан шағы жақсы екен. Ол кезде өзгелер де өзін үнемі айналып, толғанып тұратындай көретін. Ал есейген сайын өмірдің сырты сұлу көрінгенімен іші былық екені біліне бастады. Бірақ үміті құрғыр күдерін еш үзген емес, түртінеді, ізденеді, жалғыздығына көнгісі келмейді, жерден де бір тірек тапқысы келеді.

Осылай сұрқайы көңіл-күймен сұрықсыз өтіп жатқан күндердің бірінде іздегені табылды. Ол әуелі әуен болып естілді құлағына. Мектепте сабақ бітіп, оқушылардың бәрі сыртқа шығып кеткен кез еді. Cол баяғы ойбасты болып сылбыр қимылдаған Анажар елдің ең соңынан жиналып, ұзын дәлізге шыққанында іште тірі жан қалмапты. Бәрі кетіп қалған. Міне, сол кезде аңсаулы, күтулі көңіліне жыл құсындай болып жетті әуен. Жеткен бойда бірден бойын алып, жүрегін шымырлатып, бұрын өзі сезінбеген күй кештірді. Сол сезімге бөленген табиғаты бөлек сарын әуелде оған ашық терезелер арқылы аспаннан құйылып тұрғандай көрінді. Бірінші қабатқа түсіп аулаға шығып кететін қосалқы есіктің тұсына жақындағанда ән тіпті анық естіліп, сөзі де түсінікті бола бастады. Сонда барып байқады. Басқыштың қалтарысындағы музыка кабинетінен шығып жатыр екен. Әншіні алаңдатып, әнді үзіп алудан қорыққанымен, ән айтушының кім екенін білуге деген құмарлығы басып кеткен Анажар кабинеттің есігін абайлап ашып ішке дыбыс шығармай енді. Абырой болғанда ән үзілген жоқ, ары қарай жалғаса берді...

Есікке қырын қарап, күйсандықпен ән салып отырған жігітті Анажар бірден таныды. Мектептеріне осы оқу жылында келген ән сабағының мұғалімі Пенде екен. Ол оқушылар арасынан көркемөнерпаздар үйірмесіне мүше тартып жүріп Анажарға да келген. Үнтаспадан әніңді тыңдадым, даусың жақсы екен, үйірмеге қатыс, ән сал деп қолқалаған. Бірақ қыз классикалық би үйреніп жүргенін алға тартып, вокал тобына қосылуға келіспеген. Сонда сырықтай бойына сопақ басы сай біткен жігіттің келбеті ұнамаған еді. Жылмитып қайырған жұқа жирен шашы шегініп кеткендіктен тайқы шекесі қушық көрінеді екен. Күлімдеп тұратын қой көздері мен оған ілесіп жыбыр ете қалатын жұқа еріндерінің жымиысында бір жымысқылық бар сияқты.

Ал, бүгін сол жігіттің жүзі айналасына нұр шашып тұр. Әуелі ақ мамықтай қалқыған майда қоңыр дауысы құлаққа жағымды, жүрекке сіңімді. Сөзі де анық естіледі. Сол үнмен, сол сөзбен жетіп жүрегінің қылын дөп шерткен әуен, Анажардың жан-дүниесін баурап, бауыр етін елжіретіп, бүкіл болмысын билеп алды. Тап осы тұрысында жерде емес, әнмен бірге әуеде қалықтап жүр. Ән созылып шырқау биікке көтерілсе, бірге көтеріледі, қайтадан төмен сорғалап құйылса, бірге құйылады, арасында алуан-алуан өрнек салып иірілсе, бірге иіріледі. Қу жаны сол әнмен бірге суылдап шыңға да шығып, құзға да құлап, кейде алыстағы арманы ұшып келіп қолына қонғандай толықсып, кейде сол арманы үзіліп кетердей талықсып ілініп қана тұрады.

Бұл сарын көлінен айрылған үйрек-қаздың қаңқылы да, сыңарын жоқтаған аққудың сұңқылы да, бір-біріне қосыла алмай жүрген ғашықтардың шын сыры да емес. Олардан үні де, сөзі де, мұңы да, күйзелісі де бөлек аңыраған әуен жертұрмыстан жерініп, ерекше бір өріс іздейді.

Ақ періште аңсағаным, арманым,

Қиялымның үміт жібін жалғағың,

Қолым созсам көктен тілеп жақсылық,

Құтқаруға құстай ұшып самғағың!

Ақ періште – арманым!

Аңқылдаған ақ пейілім келіп жет,

Жүрегімнен жебеушім боп орын теп,

Жан сарайым тазалансын тұманнан,

Бір Алланың нәсіп еткен нұрын сеп!

Ақ періште – арманым!

Ақ періште сені мәңгі іздеймін,

Күдерімді еш уақытта үзбеймін,

Сен бар болсаң менің жаным жаз болар,

Сен жоқ болсаң қара суық – күздеймін!

Ақ періште – арманым!

Ән тоқтағанмен Анажардың алып ұшқан көңілі әлі қонақтаған жоқ. Сол баяғы саз жетелеп барған беймәлім әлемнің қақпасының алдында қалықтап жүр. Бірақ, ол қандай әлем, оның ішіне қалай енуге болады? Оны білмейді. Білетіні бұл ән жүрегін жүдетіп жүрген жалғыздықтың сарыуайымынан сәуе тауып шығарып, қиялының қайырылған қанатын қайта қақтырды.

«Шебер Құдай дүниені егіз етіп жаратқан. Адам да егіз. Оның сыңары – періште. Әлемде қанша жұмыр басты пенде болса, сонша жебеуші періштесі бар. Жаратқан сені сол періштең арқылы қауіп-қатерден қағады».

Ақтілеу әжесі осылай дейтін. Мына ән де жертірліктен былғанғандардың жансарайын тазалауына жәрдемдес деп аспаннан егізін шақырады. Анажар да сондай бір сезімнен кірпиязданып жүргелі қашан?!

«Бұл менің арманым ғой! Ойпырмай, соны қалай дөп басып айтып тұр бұл ән?! Мен жан жетім емес екенмін, жан серігім бар екен».

Бұл қуанышты ой әнмен бірге қалықтап әлі жерге түспеген көңілінде жалау болып желбіреді қыздың. Енді ол жан серігінен ешқашанда айырылғысы келмеді. Бірақ, ол үшін не істеуі, не деуі керек? Оның да жөнін білмеді. Үнім шықса жұмысымызға кедергі келтірдің деп қуып шығатындай көріп, табалдырықтан аттаған күйі қимылсыз тұр. Мұғалім де оған назар салар емес. Әнін аяқтаған соң бағанадан бері күйсандыққа қобызын қосып отырған Досжанға бұрылып, екі аспаптың үйлесімін одан әрі пысықтап кетті. Содан соң күйсандықтың үстінде жатқан нота дәптеріне жазып-сыза бастады. Анажар болса, ән салған кісіден көзін айыра алмай әлі телміріп тұр. Тіпті сыныптасы Досжанның өзіне қарап бірдеңе дегенін елеген де, естіген де жоқ. Есесіне мұғалім тіл қатқанда селт етіп, есін тез жиып алды.

– Осы әнді айтқың келе ме?

Мынау тосын ұсынысқа Анажардың жүрегі аттай тулап, жүзі алабұртып кетті. Мұғалімді бас салып құшақтап сүйіп-сүйіп алуға шақ қалды. Соңғы сәтте ғана есін жиып, өзін әрең ұстады.

– Айта алсам, - деді ол қуанышын барынша жасыруға тырысып.

– Өзіңе байланысты, - деді ұстаз. – Сенің даусыңа келеді, тек әнді сезіну керек.

«Құдай-ау, сезінгенде қандай! Мен сезінбегенде кім сезінеді бұл әнді» деп ойы атойлап тұрса да қыз өзін одан әрі тежеп:

– Сезіне алатын сияқтымын, - деді инабатпен.

– Уақытың қалай? Сен биге барып жүрсің ғой.

– Табамын уақытты...

Ендеше репитиция күн сайын кешкі 18 бен 19-дың арасында осы кабинетте болады, - деді де ұстаз Анажардың қолына ән жазылған таспаны ұстатып:

– Үйіңде тыңдап, бойыңа сіңіретін бол, сөзін де асықпай оқып, мәтініне үңіл, сонда жаттамай-ақ ойыңда қалады, - деп тапсырды.

...Үнтаспа қолына тиген Анажар үйге жеткенше асықты. Ал, үйінен таң атып, мектепке келгенше, одан сабақ бітіп репитицияға баратын уақыт болғанша асықты. Тек, мезгіл жетіп, музыка кабинетіне кіргенде ғана көңілі жай табатын. Сөйтіп, Ақ періште туралы ән оның ажырамас серігі болып қана қоймай, тірі жетім өмірінің мән-мәнісіне айналды. Енді оны үйреткен мұғалімнің сырықтай бойы мен сопақ басы да бұрыңғыдай тым сөлекет көрінбейді көзіне. Қайта ұзын бойлы, нағыз келісті жігіт болып көрінеді. Ал, бұл әннің шығу тарихын естігеннен кейін музыка мұғалімі ол үшін жан жетпес жеке дара биік тұлға дәрежесіне көтерілді.

«...Жер ана зады момақан. Үстіндегі тіршілік иелерінің анша-мұнша ойнақтағанын еркелікке балап мыңқ етпейді. Бірақ кейде «ойыннан өрт шығатыны» сияқты тіршілік иелерінің ойнақтағаны ойранға ұласып кетіп, олар бір-бірлерін қорлайды, қырады, жояды, жаралайды, ластайды. Бұл сойқан ақыры жер ананың сүйегінен өтіп, жүрегіне жеткенде шыдамы таусылған ананың ашуы жанартау болып атылады».

Жайлаудан көшерде жаздай қазан асылып, от жағылған жер ошақты көміп тұрып, осы әңгімені айтатын Ақтілеу әжесі «саналылар жер анаға өзі салған жарасын өзі жазып, ашуының алдын алуы керек» деп қорытатын сөзін.

«Ақ періште» әнінің тарихын әңгімелеген ұстаз ойнақ салып, ойнап-күліп қана жүрудің орнына адамдар неге ойран салып кететінінің себебін айтып берді.

Топырақ тектес тіршілік иесінің кіндігі қара жерге байланғандықтан, қанша талпынса да үзіп кете алмайды екен. Денесі түгіл санасы да сол құрғыр жер тірліктің боқ дүниесінің айналасын тіміскелеп, үйдің итаяғын аңдыған иттердей ырылдасып жүргені. Ал, итаяқ қорыған ит алысқа жүгіріп қасқыр алудың орнына қасындағы көршісін қабады. Содан көршісі қоныстасына өз итін айтақтап, бір-бірімен қырқысып кетеді. Ол қырқыс жұмыр басты пенделер жаратылғалы бір тоқтаған емес. Тоқтамайтын да шығар. Өйткені кек қуамын, есе қайтарамын дей-дей адамдар ақиқаттың ауылынан адасып, өздерінің сол қырқысуын өмірлерінің мәні де, жөні де етіп жіберді. Адам түзелмеген соң қоғам түзеле ме? Саналылар қанша тырысса да «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоғам орната алмай-ақ» қойды. Демократиясының ең шыңы – көшеге шығып, талап ету болса, оның да ақыры күш қолданумен аяқталып жатады.

Білекпен істелгеннің бәрі жүрекпен қабылдана бермейтіндіктен күшпен орнатылған жұмақта жылу болмайтыны содан. Жылу болмаған соң, адамдар өзі бір бөлек, жүрегі бір бөлек өмір сүруге мәжбүр. Өзінің бұл екіжүзді күйінен жаны шошынып булығады, буынады... Әйтсе де қанша тырысқанымен мойнындағы қыл шылбырды үзіп кете алмайды. Олар үзіп кете алмаған соң ақыры бұғалықпен өмір сүруге көндігеді, көндікпесе буынып өледі. Сондықтан да бұғалықпен өмір сүруге бейімделу жұмыр басты пенделердің өмір мұратына айналып, олар санасының амал-айласымен әрекет етеді. Мұндай қоғамда жүректің жұмысын полицейлердің «хаттамалары» атқарады. Хаттаманың бір «жақсы» жері жүрек қабылдамайтын «ар ұялатын істің» өзін «ар ұялмайтын іс» етіп оп-оңай заңдастыра салады. Соның арқасында адамдар Жаратушының заңдарын да, әр халықтың әдеп-нормаларын да «алға жылжуға» аяққа оралғы бола береді деп пайдалануды қойып, қалаған заңын шығарып, оны қалаған кезінде өзгертіп, әй бір «жырғап» жатыр. Еркінсігендері сонша тіпті Құдайдың істемегенін істеп, бір жыныстылардың қосылуын заңдастырып бер деген талаптарын да орындата бастады. Адамдардың тұқымын тұздай құртатын ең қатерлі кесел Құдайдың жіберген ауруы емес, осы – ар-ұяттың жаназасыз жерленуі. Ар-ұятынан айырылған адамның сөзі мен ісінің арасы алшақтап, қоғамнан да береке кетеді. «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе» деген мақал содан қалған. Бірақ молданың өз айтқанын өзі істемейтініне басқалар үйренсе де сезімтал жүректілер көндікпей мойнын қысқан бұғалықты да, санасын қақпайлаған сайтан-сапалақты да сылып тастайтын әділдік іздеп ауық-ауық ышқынады. Сол ышқынысты көбінесе басына жүген кигізіп тізгіндеуге, арқасына ертоқым салып екі өкпеден тепкілеп мініп алуға көнбей мөңкитін бас білдірілмеген асау тай-құнандар сықылды үлкен өмірдің қамыты жанын қажайтынын жаңа сезінген жастар бастайды.

Бұлардың Отанында да сондай бір ышқыныс болған. Елдің ер-азаматтарының санасы пультпен басқарылатын машина-автоматқа айналып бітті деп есептеген билік қателесіпті. Шалғымен тақырлап орған сайын қайта қаулап шығатын тау шалғыны сияқты елдің естияр, ел жиярлары қалдырған ұрықтан жастары қайта жайқалып өсіп, орнын басады екен. Сол жолы да есейген соң есе жоқтап ең бірінші көтерілген өзгелерден гөрі ұлт уызына жарыған өнер институтының өрендері еді. Алдымен ұран тастап, алаңға шыққандардың арасында Пенде де болды. Сөйтіп, оларға өнер сахнасында ойнауға тиісті рольдерін өмір сахнасында орындауды жазды тағдыр. Сезім буып, өнер қуғандардың өмір сахнасында салған ұраны басқа жастардың да көкейінен шығып, көптен булығып жатқан бас қаланы дүр сілкіндірді. Нөсер жауыннан кейінгі таудан төмен қарай тасып аққан өзендердей қала көшелерін кернеп кеткен жастар шерулері тұс-тұстан келіп, орталық алаңға құйылып жатты, құйылып жатты. Әлі қалыптасып болмаған балаң санасындағы шындық деп сенгендері жәй әншейін көз алдарқатып бұлаңдағанымен ешуақытта ұстатпайтын түлкіқұйрыққа айналып, әділдік деп жүргендері ілуде бір шығатын ұтысына жұрттың бәрін ұмсындырып қоятын лоторея ойынына ұқсап бара жатқандықтан да олар сенімдеріне селкеулік түсіп, бүйте берсе таным-түсініктерінің тас-талқаны шығатынын жақындап келе жатқан апатты түйсінген түз тағысындай сезініп ұйлықты бас алаңға. Желтоқсанның сақырлаған сары аязында оларға су шашты, шоқпармен ұрды, күрекпен кескіледі, итке талатты, танкіге таптатты, мұндай өршіл ұрпақты дүниеге қайтып әкелмесін деп қыздарды жатырынан тепкілеп жарамсыз етіп тастады... Сөйтіп төртінші күні әрең босатты алаңды. Бірақ өлгендердің сүйегін қалай әкетіп, қайда жерлегені әлі күнге құпия. Ал, жабық көлікке тиеп, қалаға жаяулап жете алмайтын елсізге апарып тасталған шалажансарлардың ішінде желтоқсанның саршұнақ аязынан зәуіммен аман қалып, адам қатарына қосылғандардың бірі Пенде болатын. Мынау мылқау күшке жер бетінде қарсы тұрар ешқандай әлеует көре алмаған Пенденің жүрегінен жылап шыққан әуен еді бұл сондағы

Бұл өмірден сыбағасын адалынан алуға пейілді періште көңілдері шындық пен әділдік әлі де болса осы алаңда, тек оны жолдағы жолбикелер бұрмалап жүр деп сенетін еді. Бірақ іздеген шындықтары көп ұзамай мүлдем басқа сипатта көрінді. Ол – жолындағылардың бәрін таптап өтетін танк, адамдарды алып соғуға үйретілген ит, қылыштан әрмен кесіп түсетін сапер күректерімен бейбіт шеруді сабауға сайланған мұз жүрек әскер болып шықты алаңға. Бұндай басыну жастардың шамына тиіп, ашу-ызасын қоздырғаны сонша, олар құрсанған әскерді қасқайып қарсы алып, қанша тықсырса да алаңнан бір қадам шегінбеді. Тіпті, бұл қорлықты көргенше өліп кеткенді пейіл көріп, қарулыларға қарсы бірінен соң бірі жолбарысша атылып жатты. Сөйтіп қарулы мұзжүректілер мен рухты түкжүректілердің айқасы үш күн, үш түнге созылды. Талай боздақ шейіт кетті сонда. Бірақ өздері өлсе де, намысын таптатпаған сол жастардың ерліктері рухқа айналып, әлі күнге дейін Тоқкенттің аспанында айналып ұшып жүр деп айтады оны сезінетіндер.

Дегенмен салқын қанды айлакер билеушілер бодан-бағыныштылардың бастықпаған албырт сезімді аңғал ұрпағының аптығын басудың небір тәсілдерін меңгеріп еді. Олар алаңдағыларға еш жақтан көмек келмейтіндей етіп, барлық байланысты үзіп, жолдарды бекітіп тастады.

Сол әннің аңыраған арман-шерлі әуезі мен өлеңі Анажардың жандүниесінің толқындарымен бірге тербелді. Көкейіндегіні дөп басқаны сонша жүрегінің күлдене бастаған қозын қайта қоздырып, өн бойында от болып ойнақтады. Құрсанған күшке еш амал таппаған қорғансыз пенденің шарасыз шырылы мына күн ашық, ай жарықта бодандықтың құлынан байлықтың құлына айналып бара жатқан тоқкенттіктерді құтқаруға шақыру болып жетті оның жүрегіне. Көмекке шақыру да әрекет. Бұл әнді шығарған Пенде әрекетке бастапты. Ендеше Анажар қоштауы керек. Ал, оның қолынан келетіні осы әнді келістіріп орындау. Бұл заманда не көп ән көп, кім көп әнші көп. Келістіріп орындай алмаса, солардың арасында көміліп қалады. Солардың ортасынан суырылып шығып, тоқкенттіктердің жүрегіне жеткізу үшін жүрдім-бардым емес, ерекше дайындық керек. Сол үшін Анажар әннің туу тарихы туралы ұстазының айтқандары мен періште жайлы әжесінің әңгімелерімен шектеліп қалмай, одан әрі ізденіп, түрлі тарихи, діни әдебиеттерді оқи бастады. Жұма сайын мешітке барып, имамның уағыздары арқылы пенделік өмір түсінігін кеңейтті. Тоқкенттің көшелерін кезіп жүрген түрлі діннің нешеме секталарының миссионерлерін де тыңдап бақты. Коммунизм идеясы көздерінен бұлбұл ұшып, «жынынан айрылған бақсыдай» жансарайлары қоңылтақсып қалған тоқкенттіктерді олардың өз сенімдеріне оп-оңай кіргізіп жатқандарын да көрді. Анажар да ұйып тыңдады бұл уағыздарды. Әлемнің әр қиырынан келген уағызшылардың көкейіндегіні айтқаны сонша адам затының ізгілік туралы күллі ілімдерінің тегі бірлігіне таң-тамаша қалып, жаны сүйсінгеннен жандүниесі рахатқа бөленді. Тек уағызшылар осылай елітіп алып, өз жолының дұрыстығын өзгені терістеу арқылы дәлелдей бастағанда сезімтал жүрегі секем алып шыға келді. Өлген-тірілгендеріне қарамай қу дүниені қуалауды өмірлерінің мәніне айналдырып алған тоқкенттіктердің байлық жарысына қосыла алмай жалғызсырап жүрсе де, жан-дүниесі жаңа «жантазалағыштарды» да жатсынды. Сөйтсе, сандықтаулықтар жерде өмір сүріп-ақ аспани әдептен айнымаудың сұрып сырын жан-сарайының сандықшасына есі кіріп, етегін жапқанға дейін салып үлгерген екен. Сондықтан да оның сандықтаулық болмысы тоқкенттіктердің пенделік тіршіліктерімен үйлесе алмай үнемі жаны мазасызданып жүріпті. Ал, періштелікті аңсаған ән сол бір жайы болмай-ақ қойған жанына майдай жағып, бүкіл есіл-дертін аударып алды. Енді сол әндегі Пенденің жан шырылына өзінің жанайқайын қосып, тыңдарманның да көкірек қоясын қоздыратындай етіп аңыратқысы келеді. Сонда айналасындағылардың сартап санасы албырт жүрегінің ботадай боздаған үніне иіп сала беретіндей көреді. Саналары жүректеріне иіген соң-ақ жорға тарихшы апай Бәтима Балғақызы да, полиция инспекторы да, мектеп директоры да ар-ұяттарының әмірімен жұмыс істеп, жағдайға қарап мың құбылып сөйлемейтіндей, өтірікті шын етіп көрсететін хаттамалар толтырмайтындай көреді. Әке-шешесі де өмірдің шын мән-мағынасы қайда деп бірауық ойланатынына, сөйте-сөйте барлық тоқкенттіктер өмірдегі ең бастысы – пейіл тазалығы екеніне көз жеткізе бастайтынына сенеді.

Бұл сенімнің оның көкірегіне ұялауына «жерді жұмаққа айналдырамыз» деген тоқкенттік идеологтардың уағызы да аз үлес қосқан жоқ. Ал, жұмақ аспанда ма, жерде ме, бәрібір, онда тек күнәға батпағандар мен күнәсін жуып-шайғандар ғана өмір сүруі тиіс. Демек, Әділет айтқан әділ қоғам құрылып, жер – жұмаққа, пенделер – періштеге айналады. Бұл қисынға имандай сенген әпенді қыз тіршілігі тозақ отынан, топан суынан басталған жердің пейішке, ал екі тесігі бар пенделердің періштеге айналуы мүмкін бе деп бір пәс те дүдәмалданып көрген емес.

Сондықтан да «Ақ періште» әні жүрекке жетіп, санасына сәуле түсірген адамдардың барлығы да әрекетке көшіп, өз жансарайларын тазалай бастайтындай көрінді Анажарға. Ол бұл кезде осы ойымен бақытты еді. Бірақ осылай өз ойымен өзі мас болып жүргенінде өмір де өз дегенімен өтіп жатты.

Мәселен, Тоқкентте көптен сөз болып жүрген мемлекет мүлкін жекешелендіру науқаны басталып кетті. Сутегінге бағаланған бұл байлықты бөлуші аспандағы Құдай емес, жердегі жұмыр басты пенде болғандықтан одан үлес алып қалу үшін Көкке қол жаймай-ақ Жердегі жекешелендіруді жүргізіп жатқандардың бір нәнінің көңілін тапсаң жетіп жатқан болатын. Жаратқан пендесінің жүрегін ізгілеп, жан дүниесін тазалап, пиғылын түзеп, адал еңбегімен қашан жарылқайды деп көңілі күпті болып жүргеннен гөрі баюдың ең төте жолы еді бұл. Анажардың әке-шешесі де осы төте жолды таңдап, қаладағы жекешелендіруді басқарып отырған Ырзалы Өтербайұлы мен бірнеше кісіні үйлеріне шақырып, қонақ етті. Егер ол кісінің аузынан «мақұл»деген бір ауыз сөз шығар болса, Далабай мен Таугүл бір пәсте қаланың біраз жылжымайтын мүлкінің иесі болмақ. Алдыларынан кім шығып тұр дейсің, келе-келе бәлкім қаланың айтулы байларының қатарына да қосылар.

Сондықтан да Далабай әулеті үшін аса маңызды, тіпті тарихи оқиғаға жайылған дастарханның мәзірі де айрықша болды. Жеміс-жидектер мен тәтті өнімдерінен бөлек құрт, жент, ірімшік, күбіге пісілген қолдың майы, таба нан, қатырма сияқты жасанды қоспасы жоқ табиғи төл тағамдар қойылып, сусыннан шұбат, қымыз құйылып жатты. Салаттардың түр-түрімен бірге жылқының қазы-қартасы мен жал-жаясы, қолдың тауығы, теңіздің бекіресі мен уылдырығы қойылды. Үлкен асқа дейін аржағына ел қондыратын жеңіл тағам ретінде жас қозының етін қарнына салып, шоққа көміп, өз буымен пісірілген сірне таңдалды. Жеген де, жемеген де арманда болып қалатын жас қозыны өз сөліне былбыратып осылай пісіретіндер бұл күнде аз. Қалалардағы мақтаулы деген мейрамханалардың ең шебер деген аспаздарының да қолынан келмейді. Таугүл сән үйіне келетін таныстары арқылы жақын ауылдардың біріне тапсырыс беріп, жылы күйінде алдырса да, соған қарамастан газ пешінің духовкасына ысытып жіберіп еді, меймандардың аузында балдай еріп сала берді.

Жалпы, Далабай мен Таугүл ең соңғы асым етін өздері жемей төтеннен келіп қалған мейманға деп сақтап отыратын қазақтың баласы емес пе, шақырылмаған қонақтың өзіне арқа-жарқа болып қалады. Ал, көңілде жүрген адамдарына шаңырақтарын көрсетіп, дастархандарынан дәм татыру ол бір мереке. Өйткені олар өскен ортада ағайын-туыс, жекжат-жұраттар мен ауылдастарға дастархандарынан дәм татқызу әрбір отбасының парызы болатын. Күйі жоқ болса да, қара суды бөліп ішіп, бір-біріне деген ықылас-пейілін білдіруден өткен ғанибет жоқ қазақ үшін. Сол дәстүрді ұстанған жұбайлар қызметтес, сыйлас аға-жеңгелеріне, қатар-құрбыларына реті келгенде үй көрсетіп отырды. Оған мүмкіндіктері де жетті. Далабайдың да, Таугүлдің де ауылдағы бауырлары бұлардың үйіне қыста келсе соғымың деп жылқы, жазда келсе, сойысың деп қой сойып әкеліп тастап кететін. Ал, жаңа сойылған малдың басын қазақ ешуақытта өзі жемейді. Жасы үлкен, сыйлы адамды шақырып, соған тартады. Бұл дәстүрден қалада тұрады екенмін деп даланың малы ай-апта сайын үйіне ет болып келіп жатқан Далабай қайтіп аттасын? Аттамады, сақтады. Сөйтіп қонақты құрақ ұшып жүріп күтіп, ақ пейіл адал ниетіне риза болған меймандардың ақ баталарын үйіп-төгіп алып жатты. Қызмет баспалдағымен қатарларынан бұрынырақ көтерілуіне «қырықтың бірі – қыдыр» дегендей сол «бата-тілектердің» әсері болды деп шүкіршілік ететін өздері. Расында олар мейманды күтуге қалай бар пейілін берсе, қызметтік міндеттерін де солай жан-тәнімен атқаратын. Уақытпен санаспай өлермендік көрсетіп, қажет болса «тау да қопарып тастайтын». Десе де мұндай қабілет-қарымды қызметтестерінің арасында басқалар да көрсете алатын-ды. Олар, Далабай мен Таугүлдің өздерінен мойыны озып кеткенін тапқан-таянғанын бастықтардың аузына тосатын «есепшілдігінен, жағымпаздығынан» көріп ескіліктің осындай қалдығынан қоғамды арылту үшін үстілерінен арыз да «домалатып» жіберді. Бірақ қынадай қырған ашаршылық тоқтата алмаған қазақтың қонақжайлығын тоқшылықтың арыз-құрызы тоқтата алған жоқ. Дегенмен «асы барда беріп жүріп ел таныған, аты барда желіп жүріп жер таныған» салты мен санасының тіні тым тереңнен тамыр тартып, мәйегі сол тереңде ұйыған десек те қалаға қоныстанған қазақтың мүмкіндігі кемшін тартып бара жатты. Енді «еншіміз бөлінбеген еді, деп елдің бәріне есігін көрсетіп, сыбағасын жегізуге уақыты да жетпейтін, жағдайы да көтермейтін болды. Оның үстіне ауылдағы ағайынның үйлеріне келіп-кетімі мен ауыс-түйісі де сиреп, ал, қаланың дастарханы болса, жас маманның жалғыз жалақысы жетпейтіндей күрделіленіп кетті. Енді өмірдің өзі оларға әйтеуір біреуі Қыдыр болып шығар деген үмітпен шашыла бермей, солардың ішінен нақтылы пайдасын тигізетін мықтыны мықтап күтудің тиімділігін үйретті.

Бүгін сол мықтыны мықтап күтіп жатты Анажардың әке-шешесі. Егер Ырзалы Өтербайұлының көңілін тапса, Далабай өзі азды-көпті еңбек сіңірген зауыттың үш асханасын, тұрмыстық қызмет ғимаратын, автобазасын жекешелендіріп алмақ. Ал, Таугүл болса, қаланың бірнеше сән ательесіне ие болады. Мұның бәріне қол жеткізген соң олар үшін бұл дүниенің мәні де, сәні де арта түспек. Алдымен кісіні қызметі мен қалтасына қарап бағалайтын мына кісәпір заманда екеуінің де беделі күрт көтеріледі. Араласар ортасы жоғарылайды. Ең бастысы өздерінің ғана емес, үкілеп үміт артып отырған ұл-қызының, тіпті олардан кейінгі үрім-бұтағының келешегіне жол ашылады. Сол үшін де төрде отырған дөңбектей дөңкиген дөңгелек жүзді толық адамның етжеңді ернінен «мақұл» деген бір ғана сөзді суырып алмаққа үздігеді олар. Бірақ «ән айтсаң да, жаныңды жеп айтасың» дегендей мұндай сый-сияпаттың көкесін көрген және көріп жүрген Ырзалы Өтербайұлын өзгелерден асып немесе айрықша ырзалап, ықыласын аудару оңай шаруа емес.

Мейман өзін еркін ұстағанымен үй иелері дастарханының айрықша молдығын да, «жыланды да інінен шығаратын жылы-жылы сөзін де» үйреншікті құрметтей қабылдап аса елпілдей қоймады. Сөйтсе де бәзбір өрісі тар, өресі төмен бастықтарға ұқсап жұмысының жайын айтып мақтанып, немесе басқаларға қыр көрсетіп қыжыртып та отырмады. Өзгелерді көп тыңдаса да, реті келген жерде өзіне көрсетілген қошемет, қолпаштан шығарып, халық меймандостығының үлкенді сыйлауының, ақылын тыңдап, батасын алуының Далабай мен Таугүл ести қоймаған небір мысалдарын айтып өзінің көпті білетінін де, көңіліне түйетінін де аңғартып қойды. Мейманды күтуге көмектесіп, кейде залға да кіріп-шығып жүріп шет жағасын естіген ол әңгімелер Анажарға Сандықтауын есіне түсірді.

Ел қазағының бір үйіне қонақ түссе, көршілері оған сәлем бере кіріп, мейманасын да бірге отырып жейтін. Сөйтіп, бұл шаңырақта үлкен әңгіме-дүкен құрылатын. Үй жағалап ойнап жүрген балаларды да үлкендердің сөзінен өнеге алсын деп ішке кіргізіп, сиыстырып отырғызатын. Мейманның өзінің, отбасының, ағайын-туыстарының, ауыл-аймағының, жекжат-жұраттарының, қойшы әйтеуір мал-жанының амандық-саулығын сұрасып болғанынан кейін сандықтаулықтар ауа-райын сөз етер еді. Оны таңның қалай атып, айдың қалай туғанынан, күннің қалай шығып, қалай батқанынан, қала берді тау тағылары – арқар мен аюдың, барыс пен борсықтың қам-қарекетіне, құстардың ұшып қонғанына қарап болжайтын. Содан соң кезек қолдағы малға келіп, қой-ешкіні, түйе, жылқының күйі, қоңы, төлі, өріс-қонысы да сөз болмай қалмайды. Алайда мұның бәрі тәлім-тәрбиесі мен ойын-қызығы қосыла өрілген ұзақ кештердің әлқиссасы ғана болатын. Былайша айтқанда қымыз немесе шай ішіліп, мейманның шөлі қанып, шаршағаны басылғанға дейін қысқа қайырылатын әжік-күжіктер. Ал, ұзын-сонар хикаяттар содан кейін, тай, әлде қой сойылып, қазан асылған соң басталып, соның еті желініп біткеннен кейін де жалғаса береді. Бұл кезде тақырып өрісі бірте-бірте кеңейіп, ел жағдайына ойысар еді. Көкірегі сайрап тұрған жақсылар ел жағдайы туралы есілгенде атадан қалған ақыл сөздер, әділ биліктер, жаугершіліктегі ерліктер еске алынып, тыңдағандарды түгел ұйытады. Бұндай отырыстар сандықтаулықтар үшін мерекемен пара-пар болатын.

Ал, қалада жағдай мүлдем басқаша болып шықты. Меймандар емін-еркін қысылмай отырсын деп балаларды олардың үстіне мүлдем кіргізбейді екен. Сондықтан інісі Жанан көршінің үйіне жіберілген. Өзі анасына қолқабыс ету үшін қалдырылды. Бірақ меймандардың үстіне кірмей, ас үйде ыдыс-аяқ жуу, түрлі-түрлі тағамдарды турау, тарелкаларға сәнімен салу сияқты жұмыстармен ғана айналысты. Қонақ күтісуге анасы сән ательесіндегі құрбыларының бірін шақырған болатын. Сол бір епсекті әйел үлкен дастарханның бар кемтігін дер кезінде қалпына келтіріп, оның барынша жайнап тұруына өзі де жайнаңдап жүріп қызмет көрсетті.

Дегенмен, Анажар залға кірсе неліктен меймандар үшін ыңғайсыздық тудыратынын түсінбеді. Олардың ығырын шығаратын жаста емес, он алтыға келген қыз қайта үлкендердің әңгімесін тыңдап, тәлімін алса болмас па еді деп әке-шешесіне іштей өкпелеп те қалды.

Бірақ қонақ бөлменің есігі үнемі ашық тұрғандықтан ондағы әңгіме бүге-шүгесіне дейін естілмесе де, ұзынырғасы оған жетіп тұрды. Ырзалы Өтербайұлын шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық сақтап тыңдаған өзгелері сөзі аяқталысымен-ақ ол кісінің лауазымды қызметтер атқарып көпті көрген көсемдігін, көп оқып, көңіліне көп тоқып, аузынан ақыл төгіліп тұрған шешендігін жарыса мақтай жөнелді. Бұл жарыста бәрінен үй иесі озды. Үй ішілік әңгімеде көбіне сыртынан қыжыртып жақтырмай отыратын адамды әкесінің енді таңданып, тамсанып, таусыла мақтағанына Анажар аң-таң қалды. Мұндайда тіпті даусы да майдақоңырланып, құлаққа жылы тиетін жұмсақ әуезбен май тоңдырмайтын мақпал самалдай есіледі екен. Далабайдың айтуынша Тоқкенттің құты, халқының бағына туған жан осы Ырзалы Өтербай. Өйткені мына аумалы-төкпелі заманның қиындығын елге Ырзекең жеңіп беріп отыр. Сондықтан бұл қаладағы өмірді Ырзекеңсіз елестету мүмкін емес. Жұрттың бәрі Ырзекеңнің шарапатын айтып аһ ұрады. Далабай да сол Ырзекеңнің бүкіл қаланы қалқалап тұрған қанатының астынан табылғысы келеді екен.

Соншама қолпаш, жалпаш сөздер қойсын ба, оның үстіне бағанадан бергі виски де өз дегенін істеді ме кім білсін бірте-бірте құрметті мейманның қимылы бұрынғыдан гөрі елпілдеңкіреп, көзі ойнаңқырап қалды. Тілі тіпті шешіліп, отырған әйелдердің көзін, қасын, аузын, белін сөз етіп, мына дастарханға ылайықты-ылайықсыз әзіл-қалжың, анекдоттар айта бастады. Алдында ғана айтылған тұшымды әңгімелері жанын жәзираға жетелегендей болған Анажардың көңілі енді тікен қадалғандай тіксінді. Екеуін де айтқан бір адам, бірақ басқа жандар. Алғашқысынікі Анажардың аңсаулы жанын кең, кісілікті өріске жетелеп еді. Бірақ ғұмыры қысқа болды. Екіншісінікі құр ыржақайлану, көз ойнату... кәйіп. Залдан шыққан адамның ащы тері араласқан арақ-шараптың иісі Анажардың қолқасын атты... Ол шыдай алмай ас үйдің терезесін түгел ашып тастады. Сонда да арақ-кәйіп адамдардың әзәзіл сөздері мен жиіркенішті иісінен құтыла алар емес.

Ол аз болғандай анасы дәл осы кезде қайдағы бір частушканы айтып, еденді тепкілеп, билей жөнелмесі бар ма. Әуен орыстыкі болғанымен, сөзі шала қазақша. Бұл ән оның онсыз да буынып, булығып тұрған жанына тікен емес, қанжар болып қадалды. Одан әрі сол қансыраған жанымен тәнін сүйретіп, қонақтар үстіне қалай кіргенін, ондағылардың бәрін жеп жіберердей бажырайып қараған күйі босағаға қалай сүйеніп тұра қалғанын өзі тіпті сезген жоқ. Бірақ бұндағылар да оның кіргенін байқайтын күйде емес еді, бар назарлары тасырлатып билеп, барын салып әндеткен анасы мен оны құйрығымен жорғалап жүріп баянда сүймелдеген әкесіне ауған екен.

Партияның бастауымен,

Біз, қазақтар, жетілдік.

Да, минуя капитализма,

Социализмге секірдік.

Бабалардың жол-жүйесін,

Терістедік алмадық.

Советский образ жизни

Мәңгі-бақи таңдадық!

Біз, әйелдер, теңдік алып,

Еркектерді тықсырдық.

Воспитаний наших детей,

Үкіметке тапсырдық.

Христианға ішуге рұқсат,

Мұсылманға рұқсат жоқ.

Мұны қалай түсінеміз?

Не справедлив ты, товарищ Бог!

Анажар екінші сынып оқып жүргенінде ұжымшарда тұратын туыстарына барғанда тыңдаған алғаш бұл әнді. Октябрь төңкерісі мерекесіндегі концертте төрт апай қосылып айтқан. Клубтағы жұрттың риза болғаны сонша дуылдата қол соғып көпке дейін сахнадан жібермей қойған оларды. «Не справедлив ты, товарищ Бог!» дегенді әншілер әр сөзіне мән беріп тұрып қадап айтқанда Анажар қорыққанынан құлағын басып анасының бауырына тығылған. Оның көз алдында сахнадағылар шайтанға айналып алапат шақырып тұрғандай, аспан әне-міне, опырылып түсіп, мынау ғимаратты қол соғып мәз болып отырған көрермендерімен қоса жапырып жіберетіндей көрінген. Бірақ, ештеңе де болған жоқ. Ел мәз-мейрам болып мерекесін жалғастырып жатты. Тек көңіліне қатты алаң кірген Анажар ғана көпке дейін қосүрей болып жүрді.

Одан бері адам да, заман да өзгеріп, уақыт шіркін бәрін емдеді. Анажар тіпті сол бір сапарды да, әнді де әлдеқашан ұмытып кеткен. Бірақ елдің бәрі ұмыта қоймапты. Мына отырғандардың саналарында сақталып-ақ қалған екен, кәйіппен бірге гу етіп шыға келді. Енді міне, күнделікті көтеріп жүрген өмір жүгін бірауық арқаларынан аударып тастап жүйкелерін босатқысы келгені сол еді сартылдаған әуеннің шапшаң ырғағымен қолдарын ербеңдетіп, иықтарын қиқақтатып, жандары жат бір жайлауға еніп кетті. Ол жайлауда ешкімнің Жаратқанмен ісі жоқ, өздері би, өздері қожа болғандықтан есіктің босағасында қалқиып тұрған қаршадай қыздың бақырайғанынан, шақырайғанынан қайдан сескенсін. Сескенбек түгіл, өзін көрген де, көздеріне ілген де жоқ. Олардың бар есіл-дерті сол әнге, сол әнді орындаушыға ауған. Тіпті ән тоқтаған соң да дуылдата қол соққан қонақтар анасына «бис», «керемет», «тамаша», «сіз үлкен сахнаға лайық әншісіз» деген қолпаштар айтып, көпке дейін басылмады.

Ал, әнші болса жалпыға ризалығын білдіріп иілгенімен жымиған жүзі мен күлімдеген көзін ең сыйлы қонаққа бұрды. Бұл қошеметке қорбаң ете қалған Ырзалы әншіні қос қолын созып өзіне шақырғандай болды. Сол-ақ екен Таугүл де қолға үйренген кептердей қалықтап келіп, қонақтың тізесіне қона қалды да:

– Ой, байқаңыз, мен таудың тасымын ғой, салмағым ауыр, - деп сықылықтай күлді.

– Сіз, ақ мамық ұлпадай жеңілсіз, әрі жұмсақсыз, - деп жауап қайырған бастық әйелді құшағына алып қыса түсті де және «жып-жылысыз» деп қосып қойды.

«Қойыңызшы» деп қылымсыды үй иесі әйел, әйтсе де, бастықтың құшағынан сытылып шығуға түк те талпынбады, қайта одан әрі жабыса түскендей көрінді Анажарға. Қыз әкесіне қарап еді, ол бұл көріністі көзімен атқан бастықтың әйелінің көңілін табамын деп әлек болып жатыр екен. Оқшау орындықта түйіліп отырған әйелге ыржылақтап күліп бірдеңелерді айтып, оны да көңілдендірмек болады. Тіпті тізерлей қалып, баянымен әлдебір ойнақы музыканы ойнатып, екі иығын селкілдетіп, қабағын қағып сайқымазақтанып бағады.

Анажар әкесін де, шешесін де мүлдем танымай қалды. Мынау бөтен біреудің бауырына балапандай басын тыққан әйел шешесіне, ал, құйрығымен жорғалап жүрген сайқымазақ оның әкесіне мүлдем ұқсамайды.

Оның әке-шешесі жұмыстарын жақсы меңгерген өздерінің бағасын білетін мамандар. Сондай-ақ анау айтқан дөкей болмағанымен белгілі деңгейдегі басшылар. Далабай ірі зауыт директорының орынбасары, ал Таугүл сән ательелерінің меңгерушісі. Екеуі қатарынан озып жетті ондай жетістікке. Сондықтан да қызметтестері мен қатар-құрбылары арасында беделдері жоғары, салмақтары басым.

Тіпті, бұл ерлі-зайыптылардың есімдері қала жұртшылығына да біраз мәлім. Жиын-тойларда олардың жұмысқа берілгендігімен бірге ел-жұртпен араласуға, балаларын тәрбиелеуге де уақыт таба білетіндігін таңдайларын қағып, таңдана әңгіме ететін. Әкесінің лауазымын құрметтеп, анасының сән ательесіне кіріптарлық танытатындар мектеп басшылары мен мұғалімдер арасында кездесетінін Анажар қанша әпенді болса да сезбей қалған жоқ. Сонымен бірге әке-шешесінің лауазымдары жоғарылап жұмыс басты болып жүрсе де, көрші-қолаңды да ілтипатсыз қалдырмай үлкеніне ізетпен сәлем беріп, кішісінің сәлемін ашық қабақпен қабылдайтынына Анажар кейде қызғанышпен қарайтын. Әдетте көршілермен сенбі, жексенбі күндері күндіз қонаққа, әлде дүкенге шығып бара жатқанда ұшырасатын әке-шешесі. Аулада қарт кісілер отырар еді, балаларын ойнатқан жас ата-аналар да тұрар еді. Сол кезде қатып киініп, жарасып шыққан Далабай мен Таугүлдің ықыласпен сәлем беріп, сәлем алып бөлген бірер минутына дән риза болған қарттар «өркендерің өссін» деп тілеулестік білдіреді.

Ал, ауладағы құрбылары «сенің әке-шешең қандай жақсы адамдар» деп өзіне қызыға қарағанда Анажардың қызғанышы мақтанышқа ұласып сала береді. Өзімен шүйіркелесуге уақыт таппайтын әке-шешесіне деген іштей өкпесін де ұмытып кетеді. Қайта көкірегін солардай болсам деген арман кернейді. Әкесі көбіне өз ойымен өзі жүретін тұйық, анасы адам жатырқамайтын ашық мінезді болғанымен олардың ортақ қасиеттері де аз емес-ті. Анажар үшін екеуі де мейірімді, кішіпейіл, өзгені орынсыз жәбірлемейтін әділетті, өзін де жәбірлетпейтін намысты, бөтеннің ала жібін аттамайтын адал, тәрбиелі жандар. Қайда жүрсе де ол дәл осындай әке-шешені көңілінде түйіп, жүрегінде әлдилеп, жанына шуақ етіп жүретін. Ал, інісін ұйықтатып қойып, жұмыстан қайтатын кездерін күтіп отырғанда ол дәл осындай әке-шешесімен сырласып, отбасының жылуы туралы ой бөлісетін.

Мына көріністер соның бәрінің быт-шытын шығарды. Ол кішіпейілді емес, көлгірді, тәрбиеліні емес, жағымпазды, намыстыны емес, езді, ақ көңілді емес, зымиянды, адал пейілді емес, арам есепті көргенде көңілі су сепкендей басылып, жаны қатты жанықты.

Құдайым-ау, мен кімнен жаралдым? Қайдан шықтым? Тегім, тамырым осы ма?

Кісінің жақсылығын да, жамандығын да ең алдымен тегінен іздейтін сандықтаулықтар сияқты Анажардың да басына бірінші болып осы сұрақтар келді. Жоқ, біздің тегіміз, тамырымыз бұндай емес еді ғой. Әкемнің әкесі Әбдінұр 1932 жылдардың ашаршылығында да ұрлық-қарлыққа бармай, құмда қақпан салып күн көрсе, 1941-1945 жылдың қанды қырғын соғысынан кеудесі орден, медальға жарқырап оралғанын құлағына құйып отырушы еді Ақтілеу әжесі. Ал, анасы Таугүлдің атасы Адамбай бүкіл аймаққа шарапаты тиген мыңғырған бай болған екен. Кеңес үкіметі бар мал-мүлкін тәркілеп, өзін жер аударып жіберген. Содан оралмапты. Адамбай байдың тұқымынан Сандықтаудағы нағашысының қолында жүрген Жүсіп деген баласы ғана елде қалып, кейін Ақтілеу әжесіне үйленіпті. Тегінен бе екен, ол кісінің қорасына да мал көп бітіпті. Бала-шағасын оқытып, ержеткеніне еншілеп беріп, тіпті кедей-кепшікке де қарасады екен. Әйтеуір, түйнек ауруына ұшырап көз жұмғанға дейін кісілігінен бір айнымай өтіпті.

Енді, мына сол кісілердің бүгінгі ұрпағына не болды? Тектіден текті туады дегені қайда? Әлде әжем маған әншейін ертегі айтып келді ме? Менің ата-бабаларым да, елдігі мен ездігі қатар жүретін кәдімгі пенде болып қана өтті ме өмірден? Олардың ұрпағы да солай бола ма? Бүкіл адамзатқа шыр етіп жерге түскеннен жабысып, ақырзаманға дейін алып барып, түбіне жететін айықпас дерт осы ма? Сонда тек те, тәрбие де, жүрек те, сана да шарасыз болғаны ма, бұл дерттің алдында? Бәлкім, бұл дерт емес, адамдардың ілуде бір ғана жасайтын амал-айласы ғана шығар? Иә, әке-шешемнің амал-айласы ғана бұл. Бұл мәселені шешудің басқа жолы жоқ болған соң амалсыз істеп отыр.

Оның жүрегіндегі бір нәзік сезім ата-анасын осылай ақтап алғысы келсе де, «неге жоқ?!» деп өре түрегелді әпенді қыздың бүкіл болмысы бұл ойына қарсылық көрсетіп. Жорға тарихшы апай қандай жағдайда да кісілікті болып қалудың қанша мысалдарын айтады. Содан соң өз әкесі Әбдінұрдың ешуақытта арын сатпай-ақ қақпан салып күн көргенін Анажар естігенде олар білмейді деймісің? Білсе, неге әкесі сияқты болмайды? Мынандай қорлықпен, ездікпен, жағымпаздықпен жиылған байлықта жылу бола ма? Байлыққа қаша малынса да былғанған жан жай таптыра ма? Қайдан жай таптырсын. Қазірдің өзінде безіп кеткісі келді үйінен. Бірақ ол ойын әрең тежеп ас үйге қайта оралды. Ас үйден кетуге болмайтын еді оған. Өйткені үйде меймандар бар. Сол құрметті кісілерді күтісуге қолқабыс тигізіп, әке-шешесіне көмектесу оның тікелей парызы. Сондықтан Анажар тап қазір ас үйден еш кете алмайды. Тек, өзін сабырға шақырып, жүйкесін тыныштандыруы қажет. Ол үшін не істемек керек? Ең алдымен мына жынорданың ыйқу-қиқуын естімеуі керек. Бірақ өз бөлмесіне барып, есікті тарс бекітіп жатып қала алмайтын болған соң оған мақта тауып құлағын бітеп, көзін жұмып, ас үйдің бір бұрышында бір уыс қана болып, ойын да, бойын да бұл жерден мүлдем аулақ салып отырғаннан басқа амал жоқ. Ол мақта тұратын медициналық қорапшаны іздеп таба алмады. Қай қуысты ашса да, алдынан арақтың ашылған бөтелкесі, жартылай ішілген фужер, стакан, рүмке кездесе берді. Ана жақтағылардан жерініп келгенінде көлбең-көлбең етіп, көзін қадар жер таптырар емес. Анажардың құлағында жын ойнақ салып, миын мың-миллион әзәзіл мыжғылай бастады. Оның тұншыққан жүрегі бұдан әріге шыдамай жарылып кететіндей көрінді. Жантәсілім алдында өзі күніге жатарда айран құйып ішетін жиегінде күліп тұрған сәбидің суреті бар фужерін іздеп тауып алып, қолының астындағы шөлмектен су құйып ішті. Құныға ішкені сонша тауысқанша тоқтамады. Тауысып барып уһ деп дем алып еді, қақалып, шашала жөнелді. Оның артынан қиқылдап, шиқылдап демі жетпей бара жатты. Аузы да ду етіп ашып, күлдіреп сала берді. Өңеші де өртеніп барады. Өрт жолындағысын күйдіріп, жандырып асқазанына жетті. Қапелімде өлім деген осылай келетін шығар деп ойлады Анажар. Жаңағы ішкен суы атаукері болғанда, жаны бүкіл денесінен дуылдап ұшып жатқаны шығар бұл. Бірақ жанның денеден тесік тауып ұшып кетуі оңай емес сияқты. Бүкіл денесін түрткілеп, ішінде ойнақ салып жүріп енді басқа шапты. Сол кезде жантәсілім алдында кәлимаға тілін келтіруі керектігі қыздың есіне түсті. Ол «ләәиләһа иллаллаһу» деп айтқысы келді. Бірақ айта алмады. Жас кезінде әжесі күн сайын қайталатып үйреткен мұсылманның бір парызын өтеуге тілінің икемі келер емес. Бір қызығы оған ашуланудың орнына өзінің тілі күрмелгенін қызық көріп күле бастады. Ол енді мына дүниеге ыржиып тұрып қарады. Сонда барып байқады. Манағы су деп ішкені арақтың өзі болып шықты. Жанығып жүріп, шатастырып алыпты. Бірақ оған өкінгісі келсе де, өкіне алмады. Ызаланғысы келсе де, ызалана алмады. Жаңа ғана қан жоса болып, еңіреген жүрегі енді елжіреп, мамыражайланған санасы бағанағы парыздың бәрін лезде есінен шығарып жіберді. Бірақ, ата-анасына деген өкпесі әбден беріш болып қатып қалған екен, тарқамақ түгіл қайта одан әрмен қозып, «кету керек бұл үйден» деген ой біржола билеп алды бойын. Сол ой оны үйінен атқан оқтай зулатып алып шықты. Қайда, кімге барады, ол жағын білмейді. Әйтеуір өз үйіндегідей «спектакль» қойылмай, шынайы өмір сүруге болатын бір жерді тапсам деп тілеген көңілін үміті алға сүйреп келеді. Бірақ ондай жер адамдар қоғамында бар ма, жоқ па, болса қай қуысында екенінен мүлдем хабары жоқ. Сондықтан да қаракөлеңке көшеде бағыт-бағдарсыз, жел қуалаған қаңбақтай қаңғалақтап келеді.Даланың ең қауқарсыз қаудырақ шөбі қаңғыбас қаңбақтың да қонатын сайы бар. Ал, өгей тартқан өз үйінен көңілі шошынып, жаны жерініп, ұяты өртеніп шыққан әпенді қыз қайда барып тұрақтамақ?! Қанжарын қойнына тығып алып өтірік мүләйімсіген мынау түн жамылған жат, қатыгез қаладан сол қаңбақ құрлы сая таба алар ма?...

Қанша жүргенін, қайда келгенін білмейді. Әйтеуір бір жарық сәулеге қадалып тұрғанында есі кірді. Жан-жағын барлап қараса мектебінің бетон қоршауына тіреліп тұр. Ал, жарық сәуле дегені музыка кабинетінде жанып тұрған жалғыз шам екен. Өз есін білмесе де, түйсігі жаны қалап, жүрегі аңсаған жер бетіндегі жалғыз қуысты тауып келіпті. Ол өздері өтіп жүрген тесіктен ішке еніп, музыка кабинетіне төтесінен жақындағанда ұстазы күйсандықпен қосылып айтқан таныс әуеннің сарыны да құлағына келді. Сол-ақ екен, дегбірі кеткені сонша қатты соққан жүрегі шағаладай шарқ ұрып, қараңғыда мүлгіген мектептің жарық шыққан жалғыз терезесіне отты көрген көбелектей ұмтылды. Жұбанышым, таянышым, тірегім, құтқарушым деп ұмтылды. Асыққаны сонша айқара ашық тұрған терезенің жақтауына қолы тиісімен ырғып шығып, арғы жағына қалай опырыла құлап түскенін өзі де байқамай қалды. Есесіне дүңк еткен дыбысы әнді кілт үзіп, әншінің денесін дір еткізді.

Әйтсе де терезеден топ етіп түсіп, тұра алмай тырбаңдап жатқан бөтен, бөгде емес, өз шәкірті, кәдімгі әпенді қыз Анажар екенін көргенде қорқынышы лезде басылды. Дегенмен көңіліндегі күдіктен мүлдем айырылу үшін терезеге жақындап барып, қаракөлеңке аулаға көзін тігіп, құлағын тосты. Ешқандай дыбыс та, қараң-құраң да білінбеді ол жақтан. Содан соң ғана шәкіртіне байырқалап қарағанда оның алабұртқан жүзінен жандүниесінде бір алапат айқастар жүріп жатқанын аңғарды. Аңғарды да бұл тосын келістің мәнісін сұрауды артық көріп, үнсіз жұбатты. Қолынан тартып тұрғызып, арқасынан аймалағаны сол-ақ екен, қыз өксіп қоя берді. Пенденің кеудесіне бетін басып, бауырына одан әрі тығыла түсіп ұзақ жылады. «Мен жебеуші періштемді көргім келеді, Жаратушыға айтар арызымды оған көзбе-көз жеткізгім келеді», деп айтып-айтып жылады өзек өртер өксігінің арасында.

Мұндай тылсымы мол тосын тілекке мұғалім қапелімде жауап таба алмады ма, әлде жауап беруді артық көрді ме, әйтеуір үн қатқан жоқ. Ал, қыз болса, Пенденің құшағын жанын алып қалатын жер бетіндегі жалғыз қуыстай көріп, одан сайын жабыса түсті. Тіпті анасының құрсағындағы шарананың жарық дүниеге шыққысы келмейтіні сияқты, шәкірт қыз да ұстазының құшағында мәңгі-бақи қалғысы келді. Кім біледі, нәрестенің бұл қарсылығы кейбір ғалымдар айтқандай кіндігі арқылы «жатып ішіп» дәніккен жалқаулығы емес, бейкүнә, пәк жаратылыстың мына әлемнің былғаныштығын ана құрсағында-ақ сезініп, жиіркенгенінен болар. Өйткені Анажар әлі жиреніп жүр. Таза деп тапқан жалғыз ұясы ұстазының құшағы болды. «Ақ-періште – арманым!» деп аңыратып ән шығарған аңсаулы адамның құшағы! Бірақ, «жатып ішкен» сайын далия түскен талыстай шарана ана құрсағын тарлық етіп, «кіндік-кәйіпті» қанағат тұтпайтынындай, ұстазының тән жылуы бойына дари бастаған сайын ішіндегі уыты еселенген қыздың да бойына құшақ-кәйіпті азырқанатын қыбыр-жыбыр кірді. Ол қыбыр-жыбыр қыздың өксігін басып, көз жасын құрғатты. Жүзіне қан жүгіртіп, жайнаң қақтырды. Күлім қаққан көздерінде ынтықтық ойнатып, үлбіреген бейкүнә еріндерін ерекше еміндірді.

«Менің құтқарушы періштем, сізсіз», деді ұстазының аймалағанынан одан әрмен есі ауа бастаған қыз. Есі ауып бара жатып, бұрын мұғалімнің қолын алуға да именіп жүре бергеніне таңғалды. Бәрі мүмкін екен. Тек, аздап кәйіп керек екен. Сонда жаның қалаған жайлауында жусап, бұрын-соңды көріп-білмеген күйіске бөленеді екенсің. Бірақ, осылай бақыттан басы айналып, бозтұманға шома бастаған шағында періште де тиюге хақы жоқ тыйым әлеміне қауіп төнгенін сездіріп, санасының бір түкпіріндегі қарауыл-сәуе атой салды. Сол-ақ екен, қыз бұл бақытынан бас тартпақ ниетпен жанұшыра бұлқынды, әл-дірманы біткенше арпалысты. Бірақ, «құтқарушы періштесі» құтқармады...

Бөтен үйдің сүтіне тиемін деп итіне таланып, иесіне сабалып өлімші болған ұры күшік сияқты ілбіп басып келеді көшеде. Өксиін десе, өкси алмайды, жылайын десе жылай алмайды. Ашылып-шашылып айдау болған жан дүниесінде жас шығаратындай дәнеме де қалмаған. Ал, кешегі көңілін кернеген көрікті ой қазанды тек бір-ақ рет бұрқ-сарқ етуге жарайтын жалпылдақ отынның жалынындай жалп етіп сөніп, күлге айналды. Қиялы әлдилеген көркем көріністер сол жалпылдақ отын қайнатқан қазанның баянсыз буындай бір соққан желден безілдеп қашып, әп-сәтте жым-жылыс болып жоғалып кетті. Енді, мына қара түн қабартқан қаракөлеңке көшеде сүйретілген өзі емес, сүлдері ғана. Қыз сезімінің сілікпесі шығып жаншылғанына, қыз жанының сілесі қатып жылағанына қатыгез қала селт етіп сезімін білдіріп, мәу деп үнін шығарар емес. Сол баяғы меңіреулігіне басып, тура бір қозысын бауырына алмай сыртқа тепкен тасбауыр саулық сықылды жат та суық. Содан да қыз ұрлығының куәсі болған күнәһар қаланың әр тасасынан әлдебіреулер шыға келіп, мұны одан әрмен сабап, жыраққа шырқатып қуып жіберетіндей қуыстанады. Сол жыраққа өзі-ақ шығандап шығып кетер еді. Ел-жұртқа аймандай болғанша қара жерге кіріп те кетер еді, әл-дірманы жоқ. Өлу үшін де күш пен жігер керек екенін Анажар алғаш сонда түсінді, бірақ амалын таппады, амалдауға әл-қуаты да болмады.

Осылай шарасыздықтан күйзеліп келе жатқанында оны адам емес, Құдайдың қара жауыны сартылдатып сабалай жөнелді. Қыз қорғанбады. Қайта қара жауынның қара топаны өзін желінген қауынның көшеге лақтырып тасталған қабығы сияқты етіп ағызып әкетсе екен деп тіледі.

Бірақ бұл тілегі де орындалмады. Топан су да керек қылмай, тастап кетті. Әйтеуір қу денесі қыбырлауға жараған соң, қуыс кеудесін ілгері сүйрейді. Қайда барады, не істейді? Оған сансыраған санасы есеп берер күйде емес. Бірақ бұл дүниеден баз кешкісі келген пенде де пана іздеп барады емес пе ондай қадамға. Бұл қаладан кірерге басқа тесік таппаған қыз кешкілік өзі безе қашқан ұясына тіртінектеп жүріп таң ата қайта оралыпты. Тіпті пәтерлерінің есігі жабылып, жарығы да сөнбепті. Терезелері де ашық күйінде тұр. Абырой болғанда әйтеуір қонақтар мен қонақ бөлмедегі жағымсыз иіс кетіпті. Ал әбден қалжыраған үй иелері жарықты сөндіруге де мұршалары келмей қылжия салыпты. Бірақ қыз қанша сілесі қатып келсе де әке-шешесі сияқты қылжия алмады. Қара жауын қанша сабаса да құтыла алмай жатсынған мына денесімен өзінің төсегіне жатқысы келмеді. Сол денесінен енді, қан жылым суға көміп құтылғысы келді. Ваннаға кіріп, біресе денесі күйгенше ыстық судың, сүйегінен өткенше суық судың астында тұрды. Астауды толтырып көміліп жатып, одан сабынды ысқымен әл-дірмені жеткенше ысқыланды. Бірақ қанша әрекет етсе де өз денесі өзінікі емес секілді көрінді де тұрды. Сол бөтеннің денесін жасыру үшін киімін түгел ауыстырды, сол бөтеннің денесін жақындарына көрсетпеу үшін бөлмесіне ел тұрмай бекініп алуды ойлады. Бірақ ваннадан шыққан соң көзі құрғыр үй ішіне түсіп кетіп еді, бәрінің ашық-шашық жатқанын байқады. Байқады да мұны көріп тұрып кірпіктері айқаспайтынын түсінді. Әжесі сондай еді. Оның тәрбиесін көрген Еңлікгүл әпкесі де қанша шаршаса да, уақыттың кештігіне қарамай үй-ішін тап-тұйнақтай етіп тәртіпке келтіріп барып жантаятын төсекке. Анажар да солай етуге тиіс. Ол ілбіп жүріп дастарханды тазалап, ыдыс-аяқты жуып орын-орнына қанттай қылып қоя бастады.

Осы тірлікпен айналысып жатқанында анасы тұрып, әжетханаға кіріп бойын босатты. Содан соң мұздатқыштан салқын су алып шөлін басты да, қайтып жатып қалды. Сәлден кейін әкесі де анасының істегенін қайталады. Бірақ екеуі де қыздарының қасына келіп, «қайда бардың, не істедің» деп сұрамады. Керек болса өз қызықтарымен Анажардың үйден шығып кетіп, кеш оралғанын білген де жоқ. Меймандар кеткен соң бөлмесінен шығып ыдыс-аяқ жуып, қыз баланың міндетін атқарып жатыр деп қана ұқты. Онда да ойымен емес, түйсігімен ғана солай түйді, Өйткені олардың ойын да, бойын да жаңа ғана жеке меншіктеріне тиген асханалар мен сән ательелері жаулап алған-ды. Міне, осыншама байлықтың кәйпімен екі кештің ортасында қыздарының бүтін бір дәуірді басынан кешіп келгенін білген жоқ. Қыдыр бабадан да артық құт әкелген құрметті қонақтарын құрақ ұшып жүріп шығарып салған соң да сол кәйіптен арылмаған күйде бала-шағаларының болашағын қамтамасыз еткен бақытты ата-аналардың алаңсыз ұйқысына кірісті.

Ал, болашағы «қамтамасыз етілген» Анажар болса бұл кезде ертеңгі күнін ойлаған сайын бойын үрей билеп, ұйықтай алмай аласұрды. Сол үшін де тірлікпен айналысып үрейін алдағысы, қатты шаршап ұйқыға жеңдіргісі келді. Алайда, бұл оңай шаруа емес екен. Жанын да, тәнін де қинап, әл-дірманын түгел тауысып барып төсегіне қисайған соң да әзер айқасты кірпігі.

Қыз қанша ұйықтағанын білмейді. Көзін ашып қалғанда әлем жап-жарық екен. Сол жарықтан көзі қарылып қайта жұмды. Бірақ көз жұмылғанымен, көкірек бәрін көре біледі екен. Басын көрпемен бүркеп, қанша тұмшаланып алса да, кешегі қылықтары көз алдынан өте берді. Бұл суреттерден қашқан қыз жандалбасалап көрпесін де, көзін де қалай ашып жібергенін білмей қалды. Бірақ көзі түскен киімдері мен бұйымдары да өзін айыптап тұр екен. Жүзін терезе жаққа бұрып еді, жайшылықта жаймашуағымен еркелететін күн тура ұры көргендей тесірейіп қадалды. Сасқанынан көзін қайта жұмып, көрпесін қайта бүркенді. Енді үрейге ұят қосылып, екеуі екі жақтан өртеді өзегін.

Анажар осы күйінде ұзақ жатты. Басына баса көктеп кірген алашұбар ойлар болған жайды барлап, болатын жайды жандап қанша аласұрса да тірелген тығырығынан шығып кетер жол тауып бере алмады. Қайта езіп, жаншып одан арман тұралатып тастады.

Мынау жарық әлемге қарайтын жүзі жарқын болмаған соң, албастыдай басқан омырық ойларын ысырып тастап, орнынан тұрғызатын күші де болмайды екен. Шіркін, осындайда ой бөлісетін адамның қасыңнан табылғанына не жетсін. Ой бөлінсе, бой да жеңілдер еді. Өзіне талай құрбысы келіп, мұңын шағып, сырын бөлісіп ішін босатты емес пе? Олар сеніп айтқан сырды тісінен шығармай сақтай білді Анажар. «Сыр қалтамсың ғой, сен менің. Саған ғана сенемін» деп айтатын әңгімесін Ақбикеш. Соның бәрі Анажардың ішінде жатыр. Тіпті араларынан ала мысық өтіп кеткен кезде де жеке сырлары жайында ешкімге тіс жарып, ши шығарған жоқ. Енді сол күй өзінің басына түскенде кіммен бөліспек бұл ауырлығын? Барлығы ешкімге айтпаймыз деп ант-су ішіп алады да, былай шыға бере өңдеп, өзгертіп, өсіріп өзгелерге жеткізуге асығады. Әлде біртоға, сырға берік Ақбикешпен бөлісе ме? Бірақ баяғы төбелестен кейін бұны ұстап беріп, өзі сүттен ақ, судан таза болып шыға келген адаммен енді қалай сыр бөліспек? Сол оқиғадан бері олар бір-бірімен толық түсінісіп көрген емес. Бір нәрсені екеуі екі түрлі бағалайтын болып алған. Сол көзқарастары алшақтаған сайын Ақбикештің беделі бұрынғыдан да өсіп, мектептің бетке ұстарына айналса, керісінше Анажардың «қиын тәрбиеленетіндер» қатарындағы орны беки түскен.

Анасымен бөлісер еді, бірақ заманның зуылдаған ағысынан қайтсем қалмаймын деп ерте кетіп, кеш келіп зыр жүгіріп жүрген жан мұның хал-жайын білуге қашан бұрылады? Бұрылған күннің өзінде «аттандап» әкесіне айтқаннан басқа жәрдем бере ала ма? Әңгіме әкеге жеткен соң... айқай-шу, тергеу, тексеру... Мұның жаншылған жанын одан әрі таптау... Бәтима апайға айта ма? Бір көңілін жұбатса, майда тілімен жорғалап отырып сол жұбатар, жұбатарын жұбатар-ау, бірақ артынан бүкіл мектепке жайып та шығар. Оның аржағы тағы да «тәртіп», «қиын тәрбиеленетін қыздың тәрбиесі...» Сөйтіп, күйетін тағы да жалғыз өзі. Ал, қалғандарының бәрі бала тәрбиесі үшін жанын салып жүргендер болып шыға келеді. Өйткені Анажар өзін бұл халге кім душар еткенін өліп кетсе де айтпайды. Бірақ, ол үшін енді ешқандай жер періштесі жоқ. Қолымен істегенді мойнымен көтеріп алуға жарамайтын сужүрек пенде бар. Сырт көзге жүріс-тұрысы мәдениетті, сөзі әділетті болып көрінгенімен бас пайдасы үшін бәріне де баратын, сөзден таю керек болса таятын, біреуді сатып кету керек болса, сататын, жалыну керек болса, ар-намысты жиып тастап, аяғына жығылып жалынатын, осы істегенінің бәрін бөтен-бөгде ешкім көрген жоқ деп есептеп, «әділеттік қайда» деп айқай салып, көпшілікке жақсы атанып тұратын пенде. Қаншама ғасырлар, қаншама қоғамдар алмасып, небір мінсіз деген заңдарды станоктан тоқтаусыз басылып жатқан ақшалардай топырлатып шығарап жатса да, пенделігінен арыла алмапты адамдар. Қайта жұмыр бастылар жер тірлігіне кіріскен неше ықылым заманнан бері небір сұмдық сойқандарды салып тайраңдаған пенделік бұл күнде құбылып, түрленіп, бойын сылап бұрынғыдан да сайқалдана түсіпті. Қой терісін жамылып келіп, қораға шапқан қасқыр сияқты періште кейіпке кіріп алып, бейкүнә жүректерді қан жылатудың хас шеберіне айналған. Бұл күнде адамды бұзу үшін аспаннан әзәзіл шақырып әуре болудың керегі жоқ. Жердегі пенденің өзі-ақ анау-мынау әзәзіліңнен асып түседі. Асып түскені осы емес пе? Көзіне періште болып көрінген Пенде, көңілін сайтан болып арбапты. Сонда «Ақ періштені» аңсап аңыраған ұстаз нені мұрат тұтты? Шынында да жер-періште болып, адамдардың санасын шайдай ашуды ма, әлде бозторғайдай бейкүнә жаратылыстарды жылан болып арбап, топ еткізіп түсіріп, жеміне айналдыруды ма? Даланың түгі болып тұтасып жатқан жұмсақ та жұғымды қалың шөптің ортасында бойшаң шоңайнаның алаулаған алқызыл гүлдері алыстан көз тартып, көңіл арбап тұратыны бар. Қасына келіп ұстайын десең қолыңа кірш етіп кіріп кететін көк тікеннің өзі болып шығады. Кеше ғана жер бетіндегі жалғыз құтқарушысы болып көрінген ұстазы да адамның шоңайнасы болып шықты. Есіне алғаны сол екен бүкіл денесі тікен кіргеннен арман тітіркеніп қоя берді. Жоқ, ол Пендені енді қайтып көргісі де, есіне алғысы да келмейді. Тіпті оны ешуақытта жүрегіне кіргізген де, кіргізуді ойлаған да емес. Мұның жүрегін жаулаған оның әні болатын. Сол ән өз періштеме жетелеп апарады деп сенген еді. Сөйтіп жүріп от басты. «Екеуміз де сезімге беріліп, сәл шектен шығып кетіппіз» дейді. Анажар үшін бүкіл әлем аунап түсті, ал ол болса, «сәл ғана» деп сипалатады. Тіпті «өзің де екі кештің ортасында сайтанның сапалағындай болып сап ете қалдың ғой» деп бүкіл кінәні қызға аударғысы келеді. Сөйтіп тұрып, «мен туралы тіс жара көрме, келешегімді кесесің» деп жалбарынады. Ал, қыздың келешегі туралы тіпті де сөз еткісі келмейді. Адалдықтың өзімін, әділеттің көзімін деп жар салып жүрген адам тәрбиелеушінің өзі мынадай болғанда қалғандарына не жорық? Сонда не істемек керек? Қайда барып пайыз таппақ? Сандықтауға ма? Жоқ, енді бәрі бекершілік. Анажардың күйреген ақжайма арманын Сандықтаудай киелі мекен де қалпына келтіре алмайды. «Тесік моншақ жерде қалмас» десе де оның жарты көңілінің бүтінделуі мүмкін емес. Өйткені Анажар жер бетінде қайтып жан баласын сүймейді. Ал, махаббат жоқ жерде жан ләззаты да жоқ. Ал, жан ләззатын ала алмаған өмірде не мән, не сән бар? Мейлі. Бұл жалған қысастық қылса, ана дүние кеңшілік етер. Бұл жақта қайғысын көтерісетін ешкім табылмаса, ол жақта табылады. Ол шын дүниеге, әжесіне барады. Баяғы бала кезіндегідей құшағына кіріп алып, тізесінде тербеліп жатады. Қандай жақсы еді сол шақ!? Бар бәле әже бауырынан шыққан соң басталды. Ержетіп елмен араласқан сайын бұныкі өзгелермен үйлеспей, томпақ болып, тіпті теперіш көре берді.

Жоқ, мен енді бұнда қала алмаймын, әжеме кетемін деп бұлқынды қыз кеудесі. Сол-ақ екен жер бетінен жайлап көтерілді. Астында асау Меркі өзені арқырап жатыр. Суы әдеттегіден мол, екпіні де қатты. Жағалай жартастарды жанұшыра келіп ұрып, аспанға шаншылған адуынды толқындар биіктегі бұны қағып түсіріп, тау тастарымен бірге домалатып әкеткісі келетіндей. Шапшыған сайын биіктеп, етегіне екі-үш елі ғана жетпей қалады. Соны сезген қыз қолдарымен ескек ескендей есе бастады. Ескен сайын биіктен биік асып, таудың ұшар басына қарай жақындай түсті. Енді қанша өршеленсе де деген биігіне жете алмай қайтадан жер бауырлап, ойға қарай домалай жөнелетін ирелең толқындар алыста қалып, алдынан мөп-мөлдір қара көздердей күлім қаққан бұлақ бастаулары жиі ұшыраса бастады. Ал, Сандық жазығына көтерілгенде тау етектегіден де көріктеніп, текеметтің түріндей түрленіп кетті. Танауына таудың саф ауасымен бірге еңлікгүлдің бұрқыраған жұпар исі жетіп, жан сарайы ашылып сала бергендіктен көңіл күйі де көтеріліп, ұшуы жеңілдеді. Қыз көзіне тізеден келетін көк шалғынның қақ ортасына тігілген ақ отау шалынды. Сол отаудың алдында төселген текеметтің үстінде әжесі отыр. Анажар қос қолын алға, әжесіне созып, «әже, «әже» деп айқайлады. Бірақ әжесі оған бұрылып та қарамады. Анажар енді байқады, әжесінің құшағы бос емес екен, ол құндақталған бөтен сәбиді әлдилеп отырды. Әжемнің құшағындағы кімнің сәбиі, неге оны әлдилейді, неге мені әлдилемейді деген өкпе кірді лезде көңіліне. Сөйткенше болған жоқ, ақ сақалды қария «қайт, қайт» деп айқайлады. Анажар ол кісінің ана тұрған ақ үйден шыққанын, әлде ғайыптан пайда болғанын байқамай да қалды. Әйтеуір оның да жүзі қату. Кенет күн бұрқан-талқан болып, дауыл тұрып кетіп, қолын ескек етуге мұршасын келтірмеді. Қара құйын оны шыркөбелек айналдырып олай да, былай да лақтырды. Ол қанша қарманса да өзінің тепе-теңдігін сақтайтын тұрлаулы бірдеңеге қолы ілікпей, аспан мен жердің арасындағы қара дауылдың қақпақылына айналды... Шарт еткен найзағайдың жарығынан сәби көтерген әжесін тағы бір көріп қалғандай болып, «әже-е-е» деп бар даусымен шыңғырып жіберді...

–Қызуы 39-ға көтеріліпті. Қатты суық тиген екен. Мен қазір не істеу керек екенін жазып беремін, – деген ер кісінің даусы жетті құлағына. Көзін ашып қалып еді, өзіне төніп тұрған анасын көрді, әріректе әкесі тұр. Мұның сабаққа дайындалатын үстелінде ақ халат киген кісі қағазға бірдеңелерді жазып жатыр. Бөлмедегі өз киімдері мен бұйымдарының бұған деген өкпесі әлі басылмаған сияқты. Әсіресе, суреттер біртүрлі сұлық қарайды. Есесіне анасы қуаныштан қозғалақтап кетті.

– Көзін ашты! Көзін ашты! – деп қуана дауыстады ол дереу қызының қолынан ұстай алып. Анасының алақаны алақанына тигенде Анажардың да етжүрегі елжіреп, көзінен бірнеше тамшы бырт-бырт үзілді. Оны көріп одан әрі есі шыққан ана қызының күйзелген жанына қайтсем шипа боламын деген жандалбаспен қолынан, маңдайынан сипалай берді. Көзінің жасын сүртіп, жөндеп жатқызып:

– Қызым, жаным, жарығым, құдай сақтасын, жазылып кетесің, - деп жұбатты.

– Апа, - деді Анажар. Бірақ ернін қозғап, үнін шығаруға шамасы жетпей оймен айтты. «Апа, сен қайда болдың?»

Анасы қызының ойын оқыды ма, әлде, өзінің де көңілінде бұрыннан жүрген бір өкініш бұрқ етіп шықты ма, әйтеуір дәл осы сәтте «мен енді сенің жаныңнан ешқайда кетпеймін» деп одан әрі айналып, толғанды. Шешесінің шын күйзелістен шыққан бұл ниетіне ризалығын қыз кірпігін қағып білдірді. Бірақ анасы мен қызының арасынан алғаш анық көрінген осы бір қимастық көпке ұзамай аурудың ой-санасында қайтадан бұлдырланып тұңғиыққа тартып кетті...

– Ұйықтады, - деді дәрігер.

– Қатты суық тигенімен өкпесі таза сияқты. Мына дәрілерді ішкен соң қызуы қайтып, екі-үш күнде айығып кетуге тиіс.

Дәрігердің айтқаны келді. Анажар апта өткенде сабағын қайта жалғастырды. Бұл жалғанда оның басынан өткенді білген бөтен жан болған жоқ. Барлығы да ол жауынның астында қалып суық тигізіп алған деп ұқты. Ал, жауынның астында неліктен қалғанын ешкім қазбалап сұрап жатпады. Өйткені әркім өз басымен әлек. Тіпті «қасыңнан ешқайда кетпеймін» деген анасы қызы орнынан тұрған соң, күтіп-бағуды қойып, дәрі-дәрмегін уақтылы ішуді өзіне тапсырды да, жұмысымен әлек болып кетті. Таугүлді де түсінуге болады. Жекешелендіруге рұқсат алу қаншалықты қиын болса, оның құжаттарын рәсімдеудің машақаты да соншалықты көп екен. Таңның атысы, күннің батысы зыр жүгіріп, пәлен кеңсенің пәленбай қызметкерінің алдын тосады. Бірде кірудің сәті түседі, бірде түспейді, өйткені кезек көп, осындай шаруамен шапқылап жүргендерден аяқ алып жүре алмайсың. Зәуіммен кіре қалғанда шаруаң бірде бітеді, бірде бітпей қалады. «Қағаздарыңды тастап кет, оншақты күнде бітіріп қоямыз» дейді. Алайда оншақты күні айға, кейде айларға созылады. Осының бәрін болдырмас үшін тұр десе тұратын, отыр десе отыратын автоматқа айналу қажет. Күле де, жылай да біліп, жомарттық та көрсетіп, керекті жерінде «аузыңды құр шөппен сүртіп» те кетуге тура келеді. Былайша айтқанда клиент болу үлкен өнер. Кезекте тұрғанның кез келгенінің қолынан келмейтін, жұрттың бәрінің маңдайына жазылмаған өнер. Таугүлдің түйсігі соны қалт жібермей сезіп, тыным таптырмайды. Өйткені бұл дүние дегеніңді қонған кезінде қармап қалмасаң, құс секілді ұшып кетеді. Ауызша келісімін алғанмен оның құжаттарын дер кезінде рәсімдемесе, алдын орап, аузын аңқайтып кететіндер андыздап жүр айналасында. Сондықтан қалған шаруаның бәрін жиып тастап, айналыспақ керек бұндай жұмыспен. Балалар бірер күн қараусыз қалса, ештеңе етпес, есесіне есейген соң әке-шешесінің кезінде босқа жүгірмегенін түсініп рахатын көреді. Сондықтан да Таугүл қызы төсектен тұрысымен-ақ оның біржола айығып кеткенін күтпестен қайтадан ерте кетіп, кеш келетін әдетіне басты. Ал бұл екі ортада ел астанасына барып, ірі кеңселердегі ірі лауазым иелеріне қағаздарына қол қойдыру үшін апталап жатқан кездері де болды. Алайда Далабай мен Таугүлді отбасының жылуынан жеріп, қызықты тек сырттан іздейді деуге болмайтын. Түздің қауырт тірлігі бітсе де, бітпесе де адамды мәңгі ұстап қалмайды. Ол адам өз ошағына оралуы тиіс. Далабай мен Таугүл де тірліктерін атқаруға үйден қалай құлшына аттанса, отбасына оралуға да солай асығатын. Бірақ, бұлардың өмірі осылай қалыптасты. Үй іші болып шүйіркелесіп күнде бірге отырайық десе де отырғызбасы отырғызбады. Бұл жолы да солай болды. Қыздарын қанша жақсы көрсе де, қасында ұзақ қала алмай, үйреншікті тұрмыс ырғақтарына қайта көшіп кетті. Бұл бір тәртібі қатал, қиын ырғақ. Көнбесең, қораның сыртына лақтырып тастаған қидай, қоғамның сыртына лақтырып тастайды. Онда бала-шағаңның келешегіне дүние жинап қоймақ түгіл, күнделікті тамақ тауып жеудің өзі мұң болып қалады. Сондықтан да шамасы жетіп тұрғанда сол ырғаққа ілесуден өзге жол жоқ Далабай мен Таугүлде. Өзіне берілгендерге ол ырғақтың да берері бар. Сол ырғаққа деген адалдығының, жанкешті қызметінің арқасында ғана қатарларынан озып, осыншама дүние-байлыққа ие болып отыр олар. Бірақ шебер Құдай ешкімнің төрт құбыласын тең қылып қойған емес, әйтеуір бірі кем болып шығады. Далабай мен Таугүл де дүниеміз түгенделді-ау дегенде төбелерінен жай түскендей жағдайға душар болды. Анажардың аяғы ауыр екен. Бұл енді сұмдық оқиға, төтенше жағдай. Сары баспасөздің өзі-ақ сан-саққа жүгіртетін жайсыз әңгіме, аттандаған айқай-шу. Мұның арты мектептің рейтінгі күрт төмендеп, бірер мұғалімнің жұмыстан шығып кетуіне әкеліп соғуы бек мүмкін. Қызы мұндай жағдайға дұшар болған әке-шешенің абыройына да нұқсан келеді. Ешкім олардың көзін шұқып, бетіне басып айыптамаса да, барлығын қас-қабағымен білдіреді. Келе-келе бұның бәрі кәсібі мен қызметіне де теріс әсерін тигізбей қоймайды. Ал, қыздың өзі болса да қара жерден өзге кіретін тесік таба алмай қалады. Дұрысы «жабулы қазанды жабулы қалдырып», нәрестені алдырып тастау. Сонда абырой да, рейтинг те бәрі орнында, қыз да аман жүрмек.

Құдай сорлатқанда Анажар екіқабат болғанын сезбей, сезген соң айтуға бата алмай жүргенде уақытын өткізіп алыпты. Бұл кезде мектептерде жазғы каникул басталып, оның үйден шықпай қалғанына ешкім мән бере де қойған жоқ. Ол енді әке-шешесі жұмысқа кеткен соң ғана орнынан тұрып, олар түнделетіп келгенде төсегіне жатып қалатын да, жексенбі күні ішін көрсетпейтін кең-мол көйлек киіп алатын. Сондықтан анасы да мүлдем бейхабар, бейқам жүрді. Бірақ «ауруыңды жасырсаң өлім әшкере етеді» деген сияқты аяқтың ауырлығы да айналасына мәлім болмай тұрмайды. Таңдап киген кең көйлегінің өзі керіліп келе жатты. Демек сыздаған жараның аузы бір күні еріксіз жарылып, ел-жұртқа аймандай болары сөзсіз еді. Бірақ санасының түкпірінен шаң берген бұл үрейдің өзін өзі әшкерелеу қорқынышы басым түсіп, жағдайын анасына айтуға аяғын да бастырмады, аузын да аштырмады. Жаны ештеңені қаламай денесі дел-сал, көңілі бей-жай, жүрегі құм болып үгіліп, әрекетсіз күйде жатып алды. Қайта өз төсегінен тұрып, өз бөлмесінен ары қарай аттап басса, күнәһар әлемге кіріп кететіндей, қылмыс үстіне қылмыс жасап, күнә үстіне күнә арқалайтындай көрінді оған. Сөйтіп, өз бөлмесін өзге дүниеден қорғайтын қамал етіп, мәңгі-бақи ешкіммен араласпай қала берсем деп тіледі.

Сондықтан да әке-шешесі таңертең жұмысқа ертелеп кетіп, түнделетіп оралғанда да бұл төсегінен тұрмай ұйықтап жатқан болып көрінді. Ал, анасы болса, бұның бөлмесіне кіріп, бірер сәт тұрады да, ұйқысын бұзбайын дей ме, қайтып өз тірлігімен болып кетеді. Сол кезде ішімді байқап қоя ма деген қауіппен сыртын беріп іргеге қарап жатып алған қыздың анасына деген өкпесі қара қазандай болып шыға келеді. Алдында «мені оятпаса екен, тергеуге алмаса екен» деп тілеп жатса, енді неге қасыма келіп оятпады, халімді біліп, қайғымды бөліспеді деп өкпелейді. Бірақ бойына біткен ет анасымен екеуінің көңіл-күйлерінің келісуін күтіп жатпады, өсе берді. Ол өскен сайын үрей де күшейе берді. Тіпті болмай қоймайтын жағдай есіне түскенде қараптан қарап отырып қысылып, қара терге түсіп терлейтінді шығарды. Сондай сәттің бірінде әжетханаға жете алмай құлап, есінен ауып қалды.

Бұл кезде жекешелендіру қағаздарын реттеп, көңілдері жайланған Далабек пен Таугүл меймандықтан ертерек келіп жатып қалса да, ашатын мейрамхана, сайранханалары туралы өте бір түсіністікпен ақылдасып, әлі де ұйықтай қоймаған болатын. Тасыр-тұсырға елең етіп, орындарынан тұрып дәлізге шыққанда сұлап жатқан қыздарын көрді. Шақырған жедел жәрдем қызды ауруханаға апармай жатып-ақ негізгі күдіктерін айтып салды.

Үш ұйықтаса түстеріне кірмейтін бұл хабар ерлі-зайыпты Сәбетбаевтардың төбелерінен жай түскендей әсер еткені сонша жаңа ғана елпеңдеп жүрген екеуі бірдей екі жаққа отыра кетті. Тіпті көпке дейін орындарынан тұрайын десе тұра алмады, сөйлейін десе сөйлей алмады. Керек болса, қалқиған құлақтарының өзі естуден қалып, дәрігердің «қыздарың екі қабат» дегеннен арғы әңгімесін қабылдаған жоқ. Өздері күтпеген жақтан тиген соққыдан есеңгіреп, осылай қанша отырды білмейді, әйтеуір удай ашыған іші булыққан қайнардай бүлкілдей бастағанда барып есін жиды Далабай. Есін жиғаны сол екен ішін түрткілеген бүлкіл ыза-кек болып бұрқ-сарқ етіп қайнап, тепкіленіп шыға келді. Бірақ, буырқанған бұл күш қай жарды барып бұзады, қай сайға барып құяды, әзір оны пайымдай алған жоқ.

Есесіне Таугүл бұрын пайымдады. Оның әйелдік түйсігі бұл соққының аржағында тікелей өзіне бағытталған екіншісінің келе жатқандығын, одан қорғану үшін тезірек қызымен сөйлесіп, бас кінәліні анықтап, төніп келе жатқан қара дауылдың бетін соған аударып үлгеру керектігін түйсінді. Бірақ ол орнынан қозғаламын деп қайта ерінің назарын өзіне аударып алды. Қайнауы жеткен самаурындай сақырлаған Далабай бар ашу-ызасын көз алдына көріне қалған Таугүлге бағыттады. Ол отасқалы он жеті жылдың ішінде әйеліне бірінші рет еркек болып қол жұмсады.

– Өлтірсең де мейлі, - деді Таугүл қалы кілем төсеген еденде етпетінен сұлаған күйінде.

– Бұл қорлыққа төзгенше өлгенім жақсы.

– Өл, өл, - деп екіленді еркек. Қызын бетімен жіберіп, қарабет атанып жүргенше, қара жерге кір.

Дегенмен әйелі еш қарсылық көрсетпестен қайта «ұр, өлтір мені» деп өзін қоштай түскен сайын Далабайдың екпіні басыла берді.

– Мен өлгенде сен қайтып көгересің? – деді соны сезген Таугүл. – Жолдан бала тапқан қызыңмен қосақтасып қайда сиясыңдар? Кімнен, болғанын біліп, ары қарай ушықтырмайтын амал табайық.

Далабай те қайтпас қара дүлейдің өзі емес-ті.

Алғашқы ашуын алғаны болмаса бұл түйінді шешу еркектің шаруасы емес екенін өзі де сезінді. Сезінді де: «Бар, сөйлес қызыңмен» деп үйден шығып кетіп қалды.

Енді Таугүл қаһарына мінді, құдай-ау Далабай екеуі кім үшін жанталасып жүр өмір бойы?! Осылар есейгенде жоқшылық көрмесін, қарындары тоқ, көйлектері көк болсын, оқысын, тоқысын, үй болып отау құрсын деп шыбын жандары шырқырап жүрген жоқ па?

Сөйткен қызы адам болып, қолымыздан жұмысымызды алады деп сенген перзенттерінің үлкені, әуейілікпен оң жақта отырып жуандап, бүкіл әулетті абыройсыздыққа ұшыратпақ. Қызының есігін өзеуреген өзімшіл ойларының екпінімен ентелей келіп ашқан Таугүлдің алқымына сыймай кеткен ашу-ызасы тілінің ұшынан автоматтың оғындай атқылады.

Бірақ қызы тырс етіп дыбыс шығармады. «Анашым» деп аңырап жыламады. «Жаздым», «жаңылдым» деп жалбарынбады. Кешірім де сұрамады. Шешесі есіктен кіргенде жүзін іргеге бұрып алып, әлдеқандай нүктеге көзін қадаған күйі жата берді.

Әлден уақытта автоматының оғы таусылған Таугүлдің екіленген екпіні де басылды. Сонда барып байқаса, бағанадан бері құр далаға бақырып-шақырған екен. Тек өзінің тұла бойын кернеген ашу-ызасын ғана шығарып, ішін босатыпты. Бірақ, ол айтқандары ана жатқан қызына жетпей аспанға ұшып жатыпты. Өйткені теріс қарап тістеніп жатқан қызы көзін жұмып, құлағын басып алған. Демек, оған аналық сөзін өткізу үшін алдымен жеткізу керек. Жеткізу үшін мұның айтқандарын ең болмаса естуі ләзім. Ал, мына кейпінде Анажар анасын естімек түгіл көргісі де келмейтін сияқты. Құдай-ау, көзіне көрінсе болды тырмаланып төсіне жармасып, жылағанын қоя қоятын сәбиі өсе келе неге тоңтерістеніп кетті? Оған аналық сөзін тыңдату үшін не істемек керек? Осынау шарасыз ойлар сабасына түсірген Таугүл құр ұрыстан түк шықпайтынын түсініп, қызымен араға қай кезде қаланып үлгергенін өзі де білмей қалған қамалды бұзудың амалын санасымен шарқ ұрып іздеді. Шын ана болса, жол табуы керек қызының жүрегіне!

Таугүл көптен бері істемегенін істеп, қызының жүзіне зер сала үңілді. Сонда барып Анажардың алаулаған өңінен тұла бойын өртеген ұятты көрді. Бұртиған ұртынан анасына деген қара қазандай өкпесін байқады. Тістеген ернінен нені болса да көріп алдым деген қайсарлықты таныды. Анасы ұялтамын дегені бекер екен, қызы ұяттан өзі-ақ өртеніп жатыр екен. Ұғындырамын дегені де ұшқарылық болыпты, бұл дүниенің жақсы-жаманын анасының араласуынсыз-ақ танып үлгеріпті. Қайта қызыл түлкі болып құйрығын бұлғаңдатқан дүние-сайтанның соңынан қуалаймын деп жан-жағындағыны көрмей, ештеңені білмей қалған өзі екен. Қызының ұялып жатып ұялтатынын, айыпты болып жатып айыптайтынын осы уақытқа дейін байқамай келіпті. Байқағанда, сол Анажарға тағамын деген айыптың бәрі айналып келіп өзін тауып, өкініштің шоғына шыжғырылған жан дүниесін алас ұрғызды.

Жұмыс, жұмыс деп жүріп, қызының қайда жүріп, қайда тұрғанында ісі болмапты-ау?! Әйтеуір Далабай екеуі кештетіп оралғандарында үйден табылатынына, үйден табылып қана қоймай, үй ішін тап-тұйнақтай қылып таза ұстағанына мәз болып жүре беріпті де, анасы мен қызы болып сырласу былай тұрсын, шүйіркелесіп сөйлесіп те көрмепті. Енді, мынау, екеуі екі кеңістіктің жаратылыстары сияқты бір-бірімен қалай қиысудың жөнін таппай тұр.

Таугүл шарасыздықтан жылап жіберді. Өзегін өртеген өткеннің өкінішін өксігімен қоса шығарып жіберегісі келгендей тура бала сияқты бақырып жылады. Үйде қазір ол қымсынатындай бөтен, оны жұбататындай жақын біреу болмағандықтан ғана бұлай еткен жоқ. Күйінішті халін басқадан жасыруға да, басқаға шағынуға да мұршасы келместен бар болмысымен ботадай боздады. Қызы анасының тап осылай сормандайланып, адам шыдамас дауыспен зарланғанын бұрын-соңды көрген емес-ті. Тіпті әжесі қайтыс болғанда да дәл осылай кісінің сай сүйегін сырқырататындай етіп жылаған жоқ болатын. Ол кезде дәл осылай жылаған Анажар еді. Өзінің сол зарын қазір анасынан естігенде шыдас бермеген қыз іргеден аунап түсті. Сол-ақ екен Таугүл төсекке қарай ұмсынып қолын соза берді. Аңыраған анасының аңсаулы құшағы ашылғанда Анажар да оған қарай жанұшыра ұмтылды. Жып-жылы екен ана құшағы. Жұп-жұмсақ екен ана құшағы. Сәби үшін ең бақытты мекен екен.

Бұл Таугүлдің де кейін қанша талпынса да қайтып айналып келмей қойған ең бір аналық кәйпіне ерекше бөленген шағы болды. Ол Анажарды өлгені тіріліп, өшкені жанған кейуананың қуанышымен құшып, жарық дүниеге жаңа әкелген сәбиіне төсін түрткілеткен жас ананың күйін кешті. Дәл сол сәтте ананың құшағынан да артық ыстық құрсағында кәйіп дегеннің көкесін көріп жатқан жаңа жаратылыс та, тойымсыздық танытып түрткіленіп, олардың екеу ғана емес, бар әңгіменің ұшы келіп тірелетін үшінші жанның да бар екенінен хабардар етіп қойды. Оны Анажардың бұртиған ішінің бүлк ете қалғанынан Таугүл де сезінді. Сезінді де емешегі езіліп отыра бермей, қызынан жайлап сыр тартуы керек екендігі есіне түсті. «Жаным», «жарығым», «не болғанының бәрін айт, ештеңе жасырма» деді ол қызын аймалап тұрып. Бірақ, аймалаған сайын ана құшағына көміле түссе де, қызы ешкімнің түсін түстеп, атын атамады. Қанша қайтып айналып алдарқатып сұраса да, «мас болып көшеге шығып кетіппін, ештеңе білмеймін» деген жауабынан бір танбай қойды.

Кінәліні тауып бар жауапкершілігін соған артудың, дәм-тұзы бұйырып тұрса, тіпті үйлендіріп те жіберудің реті келмеген соң Таугүл қызының бойындағыны алдырып тастаудың да әрекетін жасап көрді. Бірақ, уақыты өтіп кетіпті. Нәресте жақсы жетіліп келе жатқан көрінеді. Мұны естіген Далабай бұл жолы жарына жұдырығын ала жүгірген жоқ. Түйіліп, көп отырып қалды да, Анажарды Сандықтауға Бұлақбай мен Еңлікгүлдің қолына жіберу керек деген шешімін айтты.

Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар