Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Елен Әлімжан. Анажар (Роман) - 1...

19.09.2018 8315

Елен Әлімжан. Анажар (Роман) - 1

Елен Әлімжан. Анажар (Роман) - 1 - adebiportal.kz

Оқырман сұрауы бойынша белгілі жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжанның әлі кітап болып шықпаған, сиясы кеппеген "Анажар" атты романын ұсынуды жөн көрдік.

Елен Әлімжан "Оралу" (1978), "Көріпкел" (2000), "Ақ періште - арманым!" (2016) атты повестер мен әңгімелер, "Тақталас" (2006), "Толық адам туралы" (2005), "Бауыржанның пырағы" (2010), "Адамгершіліктің ақ жолы" (2013) атты пьесалары мен публицистикалық жинақтары арқылы оқырманға етене жақын қаламгер.

«Өлу керек, өлу керек, кіру керек қара жерге, кету керек ана әлемге!...»

Әйелдің қос қолдап ұрған көк құрыш күрегі аңқасы кепкен бөктердің берішіне тиген сайын қалай шақ-шақ етсе, санасында сумаңдаған суық ой да солай сақ-сақ етеді. «Өлу керек! Өлу керек!»

Өмір бар жерде өлім бар. Одан ешкім қашып құтылмайды. Қара жүрек қанішер де, ізгі жүрек әулие де кебін киеді. Әйтсе де, біреуге ерте, біреуге жай келетін ажал шіркіннің себебі сан түрлі. Аласұрған алып мұхиттай алып жеп жататын мына жалғанда кезеніп келіп қыршынынан қиып кететін, жасанып келіп жаппай жайпап өтетін мезгілсіз, тосын өлімдер көп. Біреудің ажалы оқтан, екіншісінікі оттан, судан болса, тағы басқалары аштан, апаттан, кесел-кесапаттан, дауасыз дерттен баудай түсіп жатады.

Бірақ мына әйелдің тірлігі түсініксіздеу. Өлетін болса, онсыз да күйген жанын одан әрі қинамай өле салуы керек еді. Ал, бұл болса «арша еті арша, борбай еті борша» болып өз көрін өзі қазып жатыр. «Әкесін сабағанды көріп едім, әкесін арбаға байлап қойып сабағанды көргенім осы» дегендей өлімнің сан түрін көрген қазақ дәл осындай сұмдықты көрмеген шығар. Әлгі кинолардағы мылтықтың аузын тіреп қойып, өз көрін өзіне қаздыратын жағдай жаугершіліктегі жауыздық. Ал, қазір жарияланған соғыс та, жарияламай-ақ басып кірген жау да жоқ. Өмір Алатаудың бөктеріндей жайнап тұр. «Етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда» дегендей әйелдің кемтарлығы да байқалмайды, қол-аяғы бүтін. Басы жерге жетіп тұрған кәрі де емес, жасы 32-33-тердегі он екі мүшесі сартылдап, «маған қара» деп шақырып тұрған тал бойында бір міні жоқ сұңғақ бойлы сүйріктей сұлудың өзі. Күн қағып қаракүрең тартқан өңі тап қазір солыңқы болғанымен созылмалы дертке ұшыраған жандардікіндей суалыңқы емес. Бойында күш-қуат барын күрек сілтесі де көрсетіп тұр. Бірақ қара жұмыстың адамы емес екені де анық. Әрине, жеңіл белдемше мен жұқа кеудешені жаздыгүні екінің бірі киеді. Сондықтан кімнің кім екенін киіміне қарап ажырату қиын. Дегенмен әйелдің екі алақанының да бір пәсте күлдіреп шыға келуі күрек ұстап машықтанбағанын байқатады. Ал, сонша бозборандатып жатқанында балағына шаң-тозаң тұрмауы тегінде ақсүйектік барын білдіреді. Сонымен бірге тамақтан аштық, киімнен жоқтық көрмей өскен бұл әйелді адамнан қорлық көріп жүр деп айту да қиын. Мынау керік қас пен көтеріңкі кеуде ешкімнің өзін де, сөзін де басымнан асырмаймын деп тұр. Әлде мемлекет қазынасын опырып жеп қойып, сонысы әшкере болып қалды ма екен? Бірақ құлқынның қамын мұрат тұтқан адам ұяттан өртеніп өлуі мүмкін емес.

Әйел есірткіге тәуелді болып қалып, содан құтылудың басқа жолын таппаған соң өз өмірін өзі қиғалы отырған жанға да ұқсамайды. Оның мұң сорғалаған мөлдір қара көздерінде тарығу болғанымен, нәпсіқұмарлықтың мағынасыз мұнары жоқ. Әрі-беріден кейін нәпсіқұмардың бұндай қадамға рухы жете қоймайды. Ол ажалын сол қуған қызығынан табады.

Дегенмен, бұл әйелдің қасіреті өзі бір шетін қазып жатқан қоршаудың екінші жартысындағы төмпешікке қатысты екені анық. Өйткені, анда-санда сол төмпешікке, оның басына қойылған кісі бойы граниттегі «Ақперіште 1994-2010» деген жазуға тесіле қарап тұрып қалады. Ақперіште Анажардың жар дегенде жалғыз перзенті еді. Бұл өмірдегі бар қызығы да, үміті де, сенімі де, серігі де сол болатын. Осыдан қырық бір күн бұрын оқыстан қаза тапты. Әйтеуір газеттер балконнан байқаусызда құлап кетті деп жазды. Қызын жерлеп, өзін жертірлікпен жалғап тұрған жібі үзілген соң-ақ бұл дүниенің баянсыздығы ай жарықта жасалған ұрлықтай әшкереленіп, әзәзілдің түлкі құйрығын қуалаумен күнін тауысатын жерліктердің өмірі мағынасыз бірдеңеге айналды. Сол мағынасыз ортаға ол одан әрі төзе алмады. Дәлірек айтқанда жермекенділердің арасында құр сүлдері жүргенімен бүкіл есіл-дерті жалғыз қызымен бірге жыраққа ауып кетті. Енді, міне, жердегі соңғы шаруасы – топырақтан жаралған денесінің топыраққа қайтып қосылатын жайын өз қолымен жасап болысымен жаны да сол қимасының соңынан барып, мәңгілік мекенін таппақ.

Алайда, «өлу керек, өлу керек» деп қанша аласұрса да, қара жердің қойнын ашуы қиын екен. Әсіресе, көктемгі ылғалдан соң бірден ұрған ыстық тас қылып қатырып тастаған сыртқы қабаты әбден әуреледі әйелді. Соған қарамастан ол көз байланғанша жетер жеріне жетіп қалуға ұмтылған іңірдегі жолаушыдай өршелене қимылдап жатыр. Тұла бойын жайлаған долылық шаршау дегенді ұмыттырған сияқты. Қолы да, ойы да тыным табар емес.

***

«Ғаламның тіршілік иелері әу баста Жаратқанның жұмағында өмір сүрген. Тек олардың ішінде Адам ата мен Хауа анамыз әзәзілдің тіліне еріп, Тәңірінің татпа деген дәмін татып, тән нәпсісін оятып алғандықтан күнәһар болып қалған да, жерге қуылған. Сондықтан да адамдар жұмаққа қайтып оралуы үшін күнәдан арылуы тиіс».

Ақтілеу әжесі осы әңгімені кезекті бір қайталағанда он үшке толып ойнақ салған құлын мүшелері жанын қоярға жер тапқызбай жүрген Анажар бала тұрмақ үлкеннің аузынан шықпайтын бір сұмдық сөзді соға салды. «Әзәзілге мың да бір рахмет» деген ол әжесіне көзін сығырайта қарап тұрып.

Қарт кейуана бұл жастағылардың ойлары әлі әркіл-тәркіл болатындықтан аузына не келсе, соны соға салатынын білсе де, дәл осылай түйеден түскендей етіп дүңк еткізеді деп күтпеп еді. Бұрын-соңды ешкімнен естіп көрмеген мына сойқан сөздің соққысынан тілі байланып қала жаздаған кейуананың аузы әудемнен кейін әзер дегенде икемге келіп, «қой, қайдағыны айтпа!» деп, иіріп отырған ұршығын безеп, немересіне сес көрсеткен болды. Бірақ жеті жасына дейін бауырында өскен әжесінің зәрсіз сесінен қыз түк те сескенген жоқ. Қайта дәп-дәу адамды тосылдырғанына мәз болғаны сонша аузы-басы шөпшең-шөпшең етіп, тағы біраз нәрсені айтып тастады.

«Әзәзіл азғырмаса», – деді ол – Адам ата мен Хауа анамыз тыйым салынған алманың дәмін татпас еді, күнәһар болмаған соң екеуі сол періштелердің арасында періште күйінде жүре берер еді. Онда сен де әже, мен де жарық дүниеге келмес едік».

Түймедей қыздың аузынан шыққан түйедей сөздерден одан арман шошыған әжесі бұл жолы «тәйт, Құдайға күнәһар болма!» деп қатты зілденіп айтты. Шолжың қыздың көңілі сонда барып су сепкендей басылып, тіпті әжесінің айдан анық нәрсені айтқызбай тыйым салғанына өкпелеп қалды. «Адамдар әзәзілдің арқасында жерге түсіп көбейді ғой енді» деді бұртиып тұрып.

Арада көп жылдар өтіп, жақсылығы мен жамандығы тайталасқан өмірді сүрген сайын жан күйзелісі еселей түскен Анажар әбден қиналған шағында әжесімен арадағы сол әңгімені есіне алатын болған. Бірақ адамдардың жұмаққа қайтып оралуы үшін түк те бітіріп жатпағанын біліп, түсінген сайын «Адам тіршілігінің басы да күнә, жалғасы да күнә» деп одан әрі күйінетін.

Әйтсе де, тек жақсылық іздеп тұратын жүрегі санасының осы бір суық ұйғарымын жоққа шығарғысы келіп жанталасуын бір қойған емес. Осылай жан торығуынан шығатын жол іздеп, адам жаратылысы жайындағы әдебиеттерді қомағайлықпен оқып жүрген шағында интернет-журналдардың бірінен ол «тіршілік тозақта пайда болған» деген тұжырымды кездестірді. Дәлелі де бұлтартпайтын дәлел. Шынында да Жаратылыстың бастауында орасан зор қопарылыстар болып, от оранып, мұз құрсанған жұмыр жерді тозақтың нағыз өзі демегенде не дерсің?!

Бірақ сол тозақтың өзінде де билік шіркін баянсыз болған-ау? Оны ұзақ замандар бойы усойқы от орап алып, жалғыз өзі ойнақ салған. Содан кейін үскірік аяз үстемдік етіп, мұзбен сірестіріп тастаған. Сөйтіп от пен мұз тозақтың билігіне таласып өзара арпалысып жүрген шақтарда тіршілікті тудырып қойыпты. Әкесі от болғанда, шешесі су болған бұл тіршіліктің алғашқы күннен көрмеген құқайы жоқ. Қатыгез әке-шеше ғайыптан жаратып алған перзентін «жөргегінде» тұншықтыру үшін істерін істеп-ақ бақты. Бірақ анандай алапаттардың айқасынан туған тіршіліктің де жаны тым сірі болып шықты. Тамұқтың отына күйіп, суығына үсіген сайын буыны бекіп қатайып, ұрпақ шашып көбейіп жер бетін жайлап алды.

Сол тіршіліктің ең жетілген нәтижесі – адамдар өзін дүниеге әкелген тозақты енді жұмаққа айналдырып бағуда көрінеді.

Бұндай тұжырым Анажардың жадап жүрген жанына желбіреген жалау болып, аш көңілін әжептәуір тоғайтып тастады. Көсемдер мен олардың идеологиялық машиналарының соғысса да, сүйіссе де «бәрі адам үшін» деп әндетуден бір танбайтынының төркінін ол енді індеткендей болды. Иә, не істесе де адамдар тамұқты жұмаққа айналдыру үшін істеп жатыр.

Жер бетіндегі жұмақтың белгілері бұл заманда шынында да «соқырға таяқ ұстатқандай-ақ» көрініп тұр емес пе? Адамдар Құдай мен әруақтар һәм періштелер мекендейтін жеті қат аспанда ұшып жүретін қонақ үйлермен серуендеуден бастап, дәрет қажетін өтеуге дейін ғылым мен техниканың ең үздік жетістіктерін пайдаланатын болды. Ол аз десеңіз ойлаудың өзін құлтемірлерге жүктеп қойып, ішіп-жеп ойнап күлуден өзге ештеңе істемей тән рахатына бөленіп өмір сүруге болады деген жарнамалар пайда бола бастаған-ды. «Қыдырымпаз есіктен сығалады дегенше, төріңе шығады» дегендей жарнамаланды дегенше сол құлтеміріңіз де үйіңізге кіреді дей беріңіз. Өйткені Анажардың туған қаласы Тоқкент дүкендерінде де дүниежүзінде шығатын тауар біткен «мені ал, мені ал» деп «көздің жауын» алып, «көңілдің құртына» айналып тұр.

Жалпы Тоқкент әуел бастан-ақ адамдар тұрмысына жайсыз қала емес-ті. Оның алғашқы қазығын қаққан арғы ата-бабалардың тұрақты мекен етуге қолайлы орын таңдай алғаны қалаға ыстық жақтан келгендерді де, суық жақтан келгендерді де тәнті ететін.

Қала солтүстік полюс пен экватордың қақ ортасына орналасқандықтан бұл өңірде күн мен түн алты айда бір рет, демек жыл он екі айда екі рет – буаз көктемде және бойы жеңілдеген боз күзде – теңеседі. Одан әрі тура үш айдан соң жазда ең ұзақ күн, қыста ең қысқа күн келеді. Соған сәйкес жылдың төрт мезгілі бірін-бірі кезегімен алмастырып тұратын бұл өңірді солтүстіктің оңтүстігі немесе оңтүстіктің солтүстігі, шығыстың батысы немесе батыстың шығысы деуге болады. Әйтеуір бәрі тең бөлінгендіктен қыстағы терістіктің суығының бетін оңтүстіктің ыстығы тез қайырып, жаздағы ыстықты басуға терістіктің суығы да дер кезінде келіп жетеді. Сондықтан бұл өңірдің адамы да, жан-жануарлары мен өсімдігі де жылда табиғаттың төрт мезгілін түгел басынан өткізеді. Табиғаты көктемде түлеп, бүр жарып, жазда жайнап, толысып өсіп, күзде жемісін беріп, ал қыста алдағы жылы қайта көктеп шығуы үшін немесе өмірге ұрпақ әкелуі үшін өсімдігі жер құрсағында, жануарлары өз құрсағында ұрығын жетілдіреді.

Қос қапталынан қос өзен ағып жатқандықтан қала ағын судан да, ауыз судан да таршылық көрген емес. Сол өзендер бастау алатын ұлы таулар іргесін қымтап тұрғандықтан аңызақ жел мен аптап ыстық та, буырқанған боран мен шыңылтыр аяз да бұл мамыражай қолтыққа ентігін басып кіреді.

Көне кенттің алғашқы қазығы қай ғасырда қаланғаны жөнінде тарихшылар әлі күнге дейін бір тоқтамға келген емес. Біреуі келіп қазып, қала мың жыл бұрын тұрғызылған десе, араға жылдар салып тағы біреуі одан да терең үңгіп қаланың жаңа қатпарын табады да, жоқ бұл екі мың жыл бұрын пайда болған қала екен деп кетеді. Әйтеуір оның орта ғасырларда Ұлы Жібек жолының бойындағы ең айтулы қалалардың бірі болғандығы айдан анық. Оның мұражайларындағы жәдігерлер әйгілі Тараз қаласының музейлеріндегі жәдігерлерден бір де кем емес. Тіпті екеуін егіз қала десе де болады. Сондықтан да әр замандардағы саяхатшылардың Тараз туралы қалдырған жазбаларын оқыңыз да көз алдыңызға Тоқкентті елестете беріңіз. Ал, шығыстың ұлы Шайырлары – Фирдоусидің, Рудакидің, Горганидің, Қысыраудың, Тәбризидің, Сәдтің, Самарқанидің, Шерванидің, Санаидың, Дәкикидің тараздықтардың даңқын асырған жырларынан тоқкенттіктердің де бейнесін елестетуге болады. Мәселен «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген ұлы шайырдың өлең жолдары Тоқкент сұлуларының да сипатын береді. Ал, Тараздың патшалары мен батырлары, олардың киген киімдері, асынған қарулары, мінген аттары туралы мадақ жырларын оқығанда тоқкенттіктер де сондай болған екен-ау деп пайымдай беріңіз.

Тоқкент мұражайларын аралап, оның жәдігерлерімен жақсылап танысқан адам бұның бәріне әбден көзін жеткізеді. Өйткені қаланың патшалары, бекзада-батырлары киген киімдері мен ұстаған бұйымдары тоқкенттіктердің Иса пайғамбар өмірге келмей жатып-ақ тауы мен даласында тұнып тұрған металдардың неше түрлерін қорытып, қамырша илегені, жәй илеп қана қоймай иін қандыра суарып, көздің жауын алардай ою-өрнектерді асқан нәзік шеберлікпен салғаны болдым-толдым деген бүгінгілерді де таңдандырады. Сондай-ақ ол кезде құрыш кіреуке киіп, құрыш сауыт тағынып, басқалардың қола, қаруларын шақ келтірмейтін болат қылышты арғымақ ат үстінде табанын темір үзеңгіге тіреп тұрып сілтейтін тоқкенттіктерден батырлығын кім асыра алсын?!

Алтыннан алқа, күмістен кісе, жауһардан жүзік, гауһардан сырға тағынған тоқкенттік әйелдермен сұлулық таластыра қоятындардың да табыла қоюы неғайбыл.

«Жылтырақ әшекей кімде жоқ» деп күмән айтуға болады, әрине. Бірақ әшекейлермен әрленген тоқкенттік арулардың жұпар иісі де жанап кеткен еркекті елітіп, өзіне қарай ұмсындыра түсетін. Оның себебі тоқкенттіктер айналасындағы асқар тауларда өсетін гүлдерден, иіс су мен дене жұмсартатын май һәм жасартатын неше түрлі опа-далап жасауды неше ықылым заман бұрын меңгерсе керек.

Асылы, Тоқкент қыздарының сұлу көрінетіндігі Ұлы Жібек жолының керуенімен келген небір маталардан тігілген қонымды киімдерге малынып, опа-далап жағып боянып, сыланып жас, әрі сұлу көрінуінде ғана емес. Оның мәнісі олардың еуразиялық тегінде жататын. Тоқкент әйелдерінің көбіне аққу мойын, сұңғақ бойлы, жазық маңдайлы, қыр мұрынды, қызыл шырайлы болып келетіндігі олардың арилік тегінен болса, мойылдай қара шашы мен қарақаттай мөлдір көзді азиялық тегінен еншіленген. Ал еуропалықтарша ат жақты, моңғолдарша жалпақ жақты болып келмей екеуінің ортасынан әдемі үйлесім тапқан сүйріктей сұлу қыз тек тоқкенттіктерге ғана тән. Осылай жаратылысынан жұпар болып жұтылып тұрған сұлуларды көргенде жат-жұрттықтардың есі кете таң-тамаша қалып, еліне барған соң сол әсерлерін аузынан суы құри әңгімелеп, жерлестерінің ынтықтығын оятатын. Содан онсыз да тоғыз жолдың торабында тұрған қалаға ағылатындардың қатары одан әрман артып, біреуі еліне Тоқкенттің иісмайын, қару-жарағын әкеліп қалай саудалауды ойластырса, екіншісі оларды қалай жасаудың құпиясын біліп алып, өзі де өндірмекке ұмтылатын.

Әйтсе де байырғы тоқкенттіктер айналасындағы ақбас таулар мен ақшағыл құмдардың, қиырына көз жетпейтін керік даланың құрсағында миллион-миллиард жыл пісіп-жетілген кен-байлықтарын шетпұшпақтап қана пайдаланған екен.

Жеті қат жерді сілкіндіретін жойқын жарылыстармен астаң-кестеңін шығарып, уатып тасып, одан қалғанын кеміргіш сияқты астын үңгіп қазып алудың көкесі кейін басталды. Бұл күнде бұл даланың алтыны мен күмісін, қорғасыны мен қоласын, мырышы мен мысын темірі мен меруертін қазғандар тіпті көбейіп кетті. Ал, мұнайы мен газы алып құбырлар арқылы дүниенің төрт бұрышына кетіп жатыр. Сөйтіп, бұрынғы заманда ақындардың жырына айналған Тоқкент бүгінде бүкіл әлем алыпсатарларының көңіл құртына айналды.

Бұл даланың малының еті де ерекше қуатты, әрі дәмділігі сонша бір жесең, қайта жегің келеді де тұрады. Өйткені ұлан асыр далада мың-миллиондап өсетін қой, ешкі, жылқы, түйе, сиырлар ауа-райы ыбылжыған жауынды жердің су татыған жасық шөбіне байланып қалмай жылдың төрт мезгілінде төрт өріске көшіп, тауы мен даласының, құмы мен көлінің төрт түрлі шөбіне таңдап жүріп жайылады. Ой, шіркін! Таудың бидайығы бал татыса, сулы жердің сүттігені сүт татиды, ал даланың мәуелі жантағы қолдан беретін жемді жоқтатпаса, құмның тамырын тереңнен тартатын ақтаспа, қоянсүйек сияқты сүйекті шөптерінің қуаттылығы сонша небір қатты қыстан малды арытпай алып шығады.

Ал енді мәңгі мұздардан аспанға ақ сүңгідей шаншылған сұлу тәж киіп, қарағай мен самырсыннан, шырша мен аршалардан алқа таққан ару таулардың төгіліп тұрған мақпал-барқын көйлегінің етегіне қарай бұлғақтаған бұрым болып бұралаңдап түсіп жатқан үлкенді-кішілі өзендердің жағалары тұнып тұрған жеміс-жидек. Әсіресе, алманың небір түрі өседі. Алмұрт пен алма, алхор мен жүзім, қараөрік пен сарыөрік, жаңғақ пен жиде, шие мен қарақат, таңқурай мен құлпынай, бүлдірген мен бадам, долана, тағы толып жатқан ағаштар мен бұталар көктемде бүршіктеп гүл ашып, жазда жапырағын мол жайып қалыңдап, сары күзде жемісі былбырап пісіп «мені же, мені же» деп тұрады. Бірақ, теріп жеп жатқан жан жоқ. Өйткені таудың етегінде олардың ғылыми жүйемен өсірілген мәдени түрлерінің танаптары бір-бірімен жалғасып, өлкеге ерекше бір өрнек салып жатыр.

Ол аз десеңіз Тоқкент атырабының қауыны мен қарбызындай, асқабағы мен сәбізіндей, қияры мен қызанағындай дәмді дәндіні жер жүзінің өзге өңірінен іздеп табу мүмкін емес. Өйткені Тоқкенттің бақша дақылдары күннің қызуынан қалауынша қуат алып, ағын суды тамырынан қанып ішетіндіктен су татып та, кермектеніп те кетпейді. Бағбаны бабын жасай білген дақылдың дәмі піскен кезінде тәттілігінен тіл үйіріп тұрады. Керек болса, Тоқкент жылыжайларында жерсіндірілген субтропикалық жемістердің дәмі де бал тати бастайтын көрінеді. Соған қарамастан бұл елдің бүкіл тағамының басы – нан болып табылады. Тоққала атануы да ежелден-ақ бидай, күріш, тары, жүгері сияқты тоқ дақылдарды көп егетіндігінен болса керек. Бұл дақылдар егілген алқаптар бүгін де жомарт даланың көз жеткізбейтін қиырына дейін созылып таусылмастай көрініп тұрады.

Бұл даланың тағы бір сәні – ақ мақта. Ал енді гүлдері мен шөптері түп-түгел ем. Қандай науқасқа қандай өсімдік ем екендігін атадан балаға мирас етіп, оларды жинап, кептіріп, қайнатып түрлі дәрілер жасайтын емшілер әлі де бар. Солардың ауруды емдеу құпияларын зерттемекке келген шетелдік бір ғалым өзі құяңынан құлан-таза жазылып «бұл даланың қара батпағына дейін ем екен» деп кетіпті деген сөз бар ел арасында.

Өлкенің аң-құсы да жыртылып айырылады. Басқа құралы жоқ болса да аттың қылынан тұзақ жасап алған адам аштан өлмейді. Ал, ақ бөкендер әлі күнге дейін үйір-үйірімен жортады. Қарақұйрықтар да кездеседі. Қалыңында қырғауыл, құр, шіл ұя басса, айдынында аққу, қаз, үйректер қиқу салады.

Сөздің қысқасы бұл өңірдің байлығын айтып тауысу мүмкін емес. Осынша байлыққа ие халық кезінде өзен-көлдері мен теңіздерінде тайша тулап жататын небір түрлі балықтарға көз қырын да салмапты. Тек, тау суының тұнығында ғана өмір сүретін аса кірпияз, ел ішінде «патша тағамы» аталып кеткен шұбар жон форель мен осы өлкенің теңіздерін мекендейтін бекірені ғана аулап жеген көрінеді.

Міне, осындай байлықты иеленгендер, әрине, ешкімнен кем өмір сүрмейді. Ал, енді ебін тапқандар жер шұқымай-ақ, қой құрттамай-ақ олардың өнімдерін алып сатып байып жатады. Керек болса, нағыз бай солар. Тоқкенттіктердің байлығын әр мәхәлласында сыртқы сәулеті бірінен бірі асып бірнеше тойханадан тұрғанының өзі-ақ көрсетеді. Соншама сықысқан тойханалардың бос күні болмайды. Той жасағысы келгендер жарты жыл бұрын кезекке жазылады.

Бұл да Құдайға шүкір баршылықтың белгісі. Баршылық, әсіресе, тоқкенттіктердің құстың сүтінен басқаның бәрі табылатын дастархандарынан айрықша көрінеді. Той жасаса тоқкенттік жасасын, сый сыйласа, тоқкенттік сыйласын. Ертедегі ата-бабаларынша ат мінгізіп, шапан жабу деген бүгінде екінің бірінің қолынан келеді. Қазір бір-біріне шетелдік қымбат-қымбат автокөлік мінгізетін тоқкенттіктердің көңілдерінің көл-көсірлігі сонша бергісі де келіп тұрады, алғысы да келіп тұрады.

Шүкір, бар болған соң сөйтеді. Жоқ болса, не етеді? Бірақ тоқкенттіктерде жоқ болу мүмкін емес, бұл қалада қайыр тілеп-ақ тәп-тәуір өмір сүруге болады. Тіпті көшеде мүгедек болып көрініп, алған қайырына кең сарай салып, сүліктей сұлу машина мініп жүргендер де кездеседі.

Сөздің қысқасы қолыңды алдыңа созуға ерінбесең болды теңге тама береді бұл қалада.

Байлықтан Анажардың әке-шешесі Далабай пен Таугүл де құралақан емес. Далабай бірнеше тойхана мен дүкендердің иесі болса, қаланың сән ательелері мен косметикалық орталықтарының біразы Таугүлдің меншігінде. Ал, солардың тура тең жартысы Анажарға мұраланған. Тіпті қазір бөліп аламын десе де еркінде. Бір сөзбен айтқанда Анажардың қалай өмір сүремін десе де дүниесі жетеді.

Алайда не жетпегенін кім білсін, отыздың ортасына да келмей жатып бұл әйел дүниеден баз кешуді ұйғарыпты. Ұйғарды да бүгін таң білінісімен, қалалық қабірханаға келіп, өз көрін өзі қаза бастады.

***

Жар дегенде жалғыз перзентінен айырылған аналардың өмірден осылай торығуы орын алып тұратын жағдай. Бірақ қазақ «перзентті берген Құдай өзі алды», оның дегеніне қапалық білдіру күпірлік» деп тағдырына мойынсұндырып барып, артынан «өлгеннің соңынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілік етуі керек» деп көңілін бұл дүниеге қайта бұрмайтын ба еді шерлі ананың.

Анажардың сәбилік шағы өткен Сандықтауда өз көрін өзі қазбақ түгілі, өзіне-өзі қол салу деген ешкімнің ойына келмейді. Өйткені, ондайлар қиыншылыққа ұшыраған адамды тағдырдың тәлкегіне жалғыз тастамай, оның басына түскен ауыртпалықты бәрі жабылып көтеріп, жүгін жеңілдетуге тырысады. Аштықта да, тоқтықта да бір үзім нанды бөлісіп жеу, біреу ауырып қалса, өз жұмысын тастай салып, тәуіпті шақырып келу, одан қала берді науқастың дертіне шипа болатын емдік шөпті Алатаудың қай құзына тығылып өссе де тауып әкелу, өзгенің малын өз малындай қарап, өзгенің баласын өз баласындай айналайыны мен ақыл-кеңесін беріп тәрбиелеу сандықтаулықтар арасындағы қалыпты қарым-қатынас.

Міне, сол Сандықтауда әйел адамның қолына күрек алып, көр қазуына жол бермек түгілі қашан жерлеп болғанша қабір басына жіберілмейді. Өйткені нәзік жыныстылар жақынын жер қойнына беріп жатқанда дәттері шыдамай дауыс салып жіберуі хақ. Ал, моп-момақан болып мүлгіп жатқан бақилықтар мекенін азан-қазан етіп, әруақтардың мазасын алу жарамайды. Қайта қабірдің сілтідей тұнған тыныштығымен жан тербелісіңді үйлестіріп, әруақтар туралы ойлаған жарасады. У-шу, дабыр-дұбыр, бөтен ой, бей-берекет әңгіме сол үйлесімді бұзып, сені бақилық жақыныңнан аулақтатып әкетеді. Ал, тыныштықтың тылсым тербелісі көңілді айналаңдағы фәниліктерге алаңдатпай бақилықтың жанымен жалғастырып, санаңның қатпарында ұмытылып жатқан небір әдемі ойларды оятады. Тірісінде қадіріне жетпеген жақынының жақсы қасиеттерін сол кезде барып танығандай болып, соны бағалауға, үлгі етуге, ұрпағына өсиеттеуге бекінеді.

Бұл ой тірінің қайғысын баса отырып, қайта өмірге деген құштарлығын арттыра түсетіні сонша «әруақ» деп ұрандаған кезде күшіне күш, жігеріне жігер, жүрегіне нұр құйылып, арқасы қозып шыға келеді. Сандықтаулықтардың тау қопарып, жау жапырар ерлігінің, «бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін» күйетін елдігінің, «қанына тартпай қара қылды қақ жаратын» әділдігінің «өзгенің ала жібін аттамайтын» адалдығының, «үйіне кірген жыланның да басына ақ құйып шығаратын» ақниеттігінің, «таспен ұрғанды аспен ұратын» аса биік парасатының төркіні сонда жатыр. Олар әруақтармен жалғанған жандарының нәзік талшығын ешуақытта үзген емес. Оны үзер болса, неше ықылым заманнан бері бойларына біткен адами қасиеттерінен жұрдай болып, хайуандыққа қайта бой ұра бастайтынын жақсы біледі. Сондықтан да қабірханада бөтен сөз де, бөтен ой да болмай, тек Жаратқаннан марқұмның жанын жаннатқа жіберуін тілеп дұға оқылуы тиіс. Әйелдер жақынының қабіріне қайғысының ыстық-суығы басылып, өзін өзі игере алатын кезде ғана жіберіледі. Жақынын үйден алып шыққанда жаны бірге шығып кете жаздаған нәзік жаратылған ұзын етектілер бұл кезде әруақтың артын күтіп, оның жақсы істерін жалғастыруды өзіне еркектен бұрын борыштап үлгереді.

Ал, халқы құж-құж қайнаған қалада жұрттың бәрі жалғыз. Өйткені мұндағы мың-миллион адам көрейін десе бірін бірі көрсетпейді, сөйлейін десе бірін бірі естіртпейді. Бұл да меңіреулік, у-шудың меңіреулігі. Даланың тыныштығы еш уақытта сенің дыбысыңды жұтып, дымыңды құртпайды. «Әу» десең жапандағы жалғыз жартас та жауап қайырып, сынық көңіліне демеу болады. Ал, қаладағы у-шудың меңіреулігі қиын. Ол дыбысыңды жұтып, дымыңды құртып, онсыз да жұқарып жүрген жүйкеңді одан арман жұлмалайды. Бөгенде қамалған балықтай жыпырлап, желді күнгі қамыстай гуілдеген қаланың қалыңында бұндай жұлық-жұлық жүйке тез сыр беріп, бағытыңнан айырылып, барыңды жоғалтып алу деген түк емес. Сондықтан да қаптап жүріп көрмейтін, шулап жүріп естімейтін ортада алдымен өз даусын танып, өзінен өзі адасып қалмау олжа. Осылай өзімен өзі әуре жандарда өзгенің шаруасына араласуға мұрша бола бермейді. Қатынасқа ықылас қашанда екі жақтан бірдей, өзгелер де бұның ісіне араласпайды.

Мәселен, көшеде оғаш қылық көрсеткен біреудің тым тыраштығын, тіпті ұятсыздығын бетіне басып айта қалсаңыз ол емес, сіз мәдениетсіз болып шыға келесіз. Өйткені сіз қайдағы бір ескіріп кеткен қауымдық парыздарды «бықсытып», оның заңмен тыйым салынбаған және қорғалған ар еркіндігін ауыздықтағыңыз келеді. Қалада мектеп шәкіртінің ешкімнен қаймықпай-ақ темекісін бұрқыратып қасқайып тұра беруі, ал ересек көршісінің ол үшін ешқандай жауапкершілікті сезінбестен қасынан жайбарақат өтіп кете беруі сол адамзат жеңіп алған ар еркіндігінің жемісі.

Анажардың қасынан да ары-бері екі бірдей қаралы шеру өтті. Өзге жеке-жарым көлікпен, жаяу-жалпылап, шұбырғандар да аз емес. Тіпті, қырық-отыз қадам жерде төрт-бес жігіт Ақтаудың ұлутасынан әппақ етіп, әңгередей мазар тұрғызып жатыр. Бірақ, бірде бірі бұл әйелдің көзге ұрып тұрған тосын тірлігін төркіндетуге ниеттенген жоқ. Әрине, олардың бәрінде көз бар, не істеп жатқанын көрді. Ешқайсы да делқұлы емес, дендері сау, қабірді не үшін қазатынын біледі. Алайда көрді неге еркектер емес, жалғыз әйел қазып жатыр деген сұрақ көбінің ойларына да келмеді. Бірлі-жарымының ойына келсе де өзіне тікелей қатысы жоқ болғандықтан оған жауап іздеуге құмарлық көрсетпеді.

Ал, солар әйелдің қазып жатқан өз көрі екенін білсе не істер еді? Оған енді таңданатын шығар-ау, бірақ ақыр кезенген екен артық әуреленбей-ақ өле салмай ма, тірілер өздері үшін-ақ көмеді ғой деп таңданар. Әйелдің де есі түзу, көмусіз қалмайтынын біледі. Сонда да бұл дүниеде жер басып жүргендерден әбден көңілі қалғаны сонша оларға қылаудай салмағын түсірмей бәрін де өзі атқарып кетпек. Тіпті жаназасын шығару мен бетін топырақпен жасыруды да жақындарына қалдырғысы жоқ. Оның да ебін өзі тауып кетпек.

Бірақ, біреу «битке өкпелеп тонын отқа жағыпты» деп тоқтап қалған өмір жоқ, өз ағынымен ағып жатыр. Ал өмірге «қара қазандай өкпесін» қара жерден алғысы келгендей әйел қарш-қарш ұрады күрегін. Ұрған сайын жазғытұрымнан бері аспаннан тамшы тамбай тас болып қалған беткейдің берішін аяз сірестірген шаңылтыр мұзды керткендей кертіп, балта ұшырған ағаш жаңқасындай қиқалады. Осылай біржарым шаршы метр жердің жарты күрекке жетер-жетпес бет қабатын аударып болғанша долы қимылын бір тоқтатқан жоқ. Ойы да «өлу керек, өлу керек» деп өршеленген ырғағынан жаңылмады. Қатты қыртысты кертіп біткенде барып екпінін басып, бойын босатқан әйел сілесі қатып шаршағанын бірден сезінді. Әлі әбден кетіп, қолындағы күрегін қайтып көтеруге дірманы қалмапты. Өкпесі өшіп, қатты ентіккені сонша демін қанша тереңнен тартуға тырысса да, ауа жетпей жүрегінің қағысы жиілеп, тіпті кеудесінде сырыл пайда болды. Ал, қара терге малшынғаны сонша, тұла бойынан су болып сорғалады. Қос алақаны күлдіреп қалған екен, денесіне жабысқан кеуде көйлегін шешіп жатқанда су тиіп удай ашып шыға келді. Бірақ алақанына су тигізбей әспеттеп жатпастан кеудешесін қыса сығып қоршауға жайды да, өзі емшек қаппен отырды. Әрине, жағажайда болса, емшекқаппен жүрудің еш сөкеттігі жоқ. Ондағылар денесін суға ширықтырып, артынан күн сіңіру үшін келген. Ал, қабірханада көрінгеннің көзқұртын жыбырлатпай әдеппен жүргенге не жетсін. Бірақ, мұны ерсі көріп жатқан да ешкім жоқ. Әне, анау мазар тұрғызып тыраштанған жігіттер ұятын ғана лыпамен көлегейлеп, өзге денесі жалтырап жап-жалаңаш жүр. Дегенмен Анажар қимылын кілт тоқтату өзіне ауыр болатынын түсінсе де, бұл күйінде көстеңдеуді ерсі көріп демін біртіндеп қалпына келтіретін дене жаттығуларын Ақперіштенің басына қойылған құлпытасты қалқалап тұрып жасады. Тынысы кеңейіп, кеудесіндегі сырыл басылғанша солай етті де, солығы басылып, демалысы қалыпқа түсе бастағанда барып сол тасаға отырып біраз демалып алуды ұйғарды. Бірақ, босаған бойы қанша дел-сал тартып демалғанды қаласа да, «отырғызбасы отырғызбай» шөл қысты. Ерні, таңдайы, тамағы түгел құрғап, аңқасы кепкені сонша жұтыну түгіл, жалануға сілекей таппады.

Жаңа ғана «өлу керек, өлу!» деп сақылдаған санасында енді «су керек, су!» деген тірмізік ой түртінектей бастады. «Су өлу үшін керек» дейді аржағы тән тәбетін ақтап. Басында бүкіл болмысын билеген өлермендік бұның бірін есептеткен жоқ еді. Енді алақаны әп-сәтте күлдіреп, қолы әбден салдыраған әйелдің санасында төрт-бес жігіт бір күн қазатын қазажайды қанша күнде бітірер екенмін деген ой бұлдырайды. Қалай болғанда да әйтеуір қу тесіктен бірдеңе өткізіп, жан шақырмаса, бастаған ісін ары қарай жалғастырмақ түгілі орнынан қозғала алар емес. Керек болса, шілденің шыжыған күніне шыдас бермей жантәсілім ететін түрі бар. Онда мына былғаныш дүниеге тәні кіріптар болып қалар еді. Оны көріп бұл дүниенің әуеніне төңкеріле алмаған жаны о дүниеде қалай тыншыр? Жоқ, Анажар оған жол бере алмайды. Бұл дүниеге тәнін кіріптар етпейді. Көрін де өзі қазып, тәнін де өзі жайғастырып, жаназасын ең бейкүнә жаратылысқа шығартып, бетін топырақпен соған жасыртады. Солай ету үшін әл керек, әлдену үшін су керек.

Ал, бұл кезде тура тас төбеге көтеріліп, көлеңке біткенді түгел қашырған шілденің күні сұғын Анажарға қатты қадады. Ұшына у жағып қойған найзадай сұққылаған сол сұқ әйелдің денесін дуылдатып әкетіп бара жатты.

Бұдан әрі отыра берсе, удай ащы ыстық алып жығатынын бағана атқақтап тұрған жүрегінің енді ұйи бастағанынан сезген Анажар әл-дірмәнсіз денесін әзер дегенде бағындырып орнынан тұрды. Содан соң бірер минутта кеуіп үлгерген кеуделігін киді де, қабірхананың аузына қарай ілбіп басып аяңдады. Қабірхананың қақпасы – екі кенттің есігі. Сыртына шықсаң қайнап жатқан, ішіне кірсең мүлгіп тұрған кент. Қақпаға тірелетін қара жолдың бір бетінде екі ғибадатхана қатар тұр. Бірі – күмбезіне ай тіккен мешіт, екіншісі айқұш тіккен шіркеу. Марқұмдардың жаназасы сонда шығарылады. Екеуінің де қасынан соғылған тағы екі ұзынша жай бар. Олар марқұмдарды жерлегеннен кейін ас беріп, дұға оқитын, еске алатын дәмханалар.

Ал, қара жолдың екінші бетіндегі көп есікті ұзынжайдың жолға қараған бас есігінен қабірхана әкімшілігіне кіруге болады. Қалған көп есіктер жерлеу рәсімін атқаратын түрлі қызметтердікі. Көр қазушылар мен марқұмның денесін тасымалдауға ыңғайластырылған, әрі қасына жақындары да отыра алатын арнайы көлікті тек осы жерден тапсырыс беріп алуға болады. Одан әрі мәрмәр, гранит, ұлутас өңдейтін, темірден неше түрлі қоршау жасап, ою оятын, табыт жасайтын, цехтар, біріне-бірі жалғасып жатыр.

Ал бұл ұзыннан-ұзақ ғимараттың алды дүңгіршіктер мен жабық жаймалары жайнаған базар. Онда ағаш, арматура, шеге, түрлі бояу шөткелерден бастап, құрылысқа керекті бұйымдардың барлығы тізіліп тұр. Алысқа бармай-ақ, бір мазар тұрғызатын материалды осы жерден табасың. Қандай тапсырыс берсең, сондай ғып салып, жасап беретін шеберлерді де осында кездестіресің.

Жолдың ғибадатханалар жағындағы арғы бетіне де қаздай тізілген азық-түлік дүңгіршіктері орналасқан. Анажар осында келді. Келді де мұздай бидай көженің бір тостағанын бірден сіміріп барып демін алды. Енді шекесінен шып-шып тер шығып, дүние сәл де болса салқындап сала берді. Ең бастысы денесіне әл кіріп, аяқ-қолы ширады. Сол-ақ екен қарны шұрылдап, таң атқалы нәр сызбағанынан хабар берді. Ол жайманы жағалап жүріп, ыстық күнде бүлініп кетпейтін қолдың ірімшігін, нан және бірнеше шөлмек сусын сатып алды. Содан соң тура қақпаның алдына жайғасқан қайыршыларға келіп, қалған ұсақ теңгелерін үлестіріп шықты.

Олардан арасын бес-алты қадам алшақ салып, тағы бір тіленші отырды. Оның отырған орны ғана емес, түрі де ерекшелеу. Еркегінің де, ұрғашысының да небір сойқанды көрген бет-әлпеттеріндегі түрлі-түрлі тыртықтар мен мезгілсіз түскен әжімдер айқұш-ұйқыштанып, күн астында көп болғаннан қара күрең тартып кеткен қайыршыларға қарағанда оны қара қаздардың арасындағы аққу дерсің. Денесінде шақырайған күнге күймейтін бір қасиет бар ма, әйтеуір келісті пішілген көркем жүзі сәл-пәл күреңіткенімен ақшыл реңкін жоғалтпаған. Ал, қап-қара қияқ мұрты сол ақшыл реңін аша түскен.

Бұл жігіттің тағы бір ерекшелігі – қолындағы қара қобызы. Демек, ол өзгелердей қол жайып құр тіленбестен тиын-тебенді көпшілікке қызмет қылып табатын көше музыканты. Бірақ көше музыканттары көбіне халық көп шоғырланатын сән-салтанатты орталық көшелерде отырушы еді. Бұл болса, бейітхананы жағалапты. Бұндай өнерпаздар өзге тіленшілер сияқты аяушылық шақырмай, қайта өздерін ашық-жарқын ұстап, құйқылжыта орындаған көңілді ән-күйлерімен тыңдаушыларына да көтеріңкі көңіл-күй сыйлауымен сыйлы болады. Ал, бұл болса, әлдебір мұңлы сазды мүлгітіп қана отыр. Марқұмдардың қабіріне қойылатын, орнатылатын, қаланатын, жабылатын толып жатқан жасау-жабдық жасап, оны саудалап сатып, бала-шағасын асырап жүргендердің есіне қақпаның аржағындағы бақилықтарды түсіріп тұратын мұң. Әрине, өлгендердің есебінен күнкөріс айырып отырған жандардың ішінде қасынан ары-бері өткенінде құлағына еріксіз кіріп, көңілін амалсыз аударатын осынау мұңлы саз жан дүниесін біртүрлі еткенінен, біртүрлі етпесе де қайыр бергенге Құдай да қарайласатынына сенгенінен тиын-тебен тастап кететіндер бар. Дегенмен бұл жігітті қажет етіп, қызметіне жүгінетіндер көбіне жақыны өлгендер. Олар қимасының қабірінің басына барып қанша жоқтаса да жетімсіреген жаны таба алмаған жұбанышын осы мұңлы саздан тапқандай болады. Сондықтан оның қасына келіп отырып ұзақ тыңдайды. Тіпті кейбірі қайталап тартқызады. «Марқұм жақсы көретін еді» деп, басқа бір әуенге де тапсырыс беріп жатады. Қобызшы Тоқкентте тұратын жүзге жуық ұлт-ұлыстың музыкасын түгел білетін сияқты. Ешкімнің меселін қайтармай, кез-келгенін құйқылжытады. Ал, қапелімде оркестр таппай қалған провославиеліктер оған жерлеу маршын тартуға тапсырыс береді. Қобызшы одан да тартынбайды, қолындағы қара шанағымен бүкіл бір оркестрдің қызметін атқарып, қаралы шеруді күңірентіп жібереді.

Әдетте көше музыканты әлдекім өзіне тікелей жақындағанда бар өнерін салып, қалайда соның қалауынан шығуға тырысады. Ал, бұл болса, Анажар қасына келгенде қобызының үнін кілт үзіп, жүзіне барлай қарады. Анажар да жігіттің көзіне көзін қадап, үн қатпастан тұрып қалды.

Бірақ кездескен көздердің жарқылсыз жанарларынан тіршіліктің тынжысы емес, тылсымдық тұңғиық тартып тұрды.

– Ақперіштені іздеп келдің ғой? – деп алдымен тіл қатты жігіт көңіл күйлерін көздерімен ұғысып болған соң.

Бұл ұғысу олардың бір-бірлерін өте жақын білетіндіктерін көрсетті.

– Ақперіштенің қасына біржолата жатуға келдім, – деп нақтылады әйел өзінің мақсатын.

Мұндай тосын мәлімдемеге жігіт шошынған да, таңданған да, тіпті себебін сұраған да жоқ. Мезіреті жасап, басу да айтпады. Іш көздерімен жан дүниесін шарлап біраз отырған соң:

– Ақперіштенің қасына барамын де, – деді жайбарақат қана. – Ал, мен бұл дүниеге байланып қалған сияқтымын.

– Сен менің жаназамды шығаруға тиіссің.

Анажардың жүзіне бажайлай қараған жігіт, алғаш рет түсінік тіледі.

– Сен бұл жалғандағы мен білетін ең кіршіксіз таза жансың, – деді әйел Досжанның аузынан мүңкіген жеңіл шараптың иісінен қашқақтап жүзін бұрып тұрып.

– Молдалар бар ғой.

– Дұғаңды оқып болған соң кезекті музыкаға бер. Менің жаным біздің әуенімізді алып ұшсын жаһаннамға, барзактағы[1] белгісіздікті күткен күндерімді жеңілдетуге себебі тиер.

– Сен солай деп шешсең, солай-ақ болсын.

Әңгіме бейнебір түнгі ауысымға барып келу туралы болып тұрғандай-ақ оп-оңай келісті.

Досжанның түр-тұрпатына қарап қайыршылыққа қию қиын. Бойы аласа, бұты қысқалау демесеңіз кәдімгі қолтоқпақтай кеспелтектің өзі болғаны арып-ашыған күйінен де көрінеді. Бұндай жаратылыстың екі қолдан келетін кез-келген жұмысты жапырып жүретін орны бар.

Бірақ оның жасына жетпей томпақтанған көз еті, күс көрмеген қолы, олпы-солпы қозғалысы қара жұмысқа машығы жоқтығын білдірсе, мұң мұнартқан момақан көздері айықпас жан дертіне шалдыққанын ашық айтып тұр. Өйткені, құрдымға тартып тұрған осынау қой көздер өзінен де күдер үздіртіп, өзгеден де күдер үзіп қарайды. Соған қарамастан бұл жігіттің өз өтінішін орындайтынына сенімді кейіппен Анажар:

– Қатқыл үн естисің, сол кезде кел, – деді де бір тәулікке жетерлік етіп алған сусындары мен азық-түлігін арқалап қабірхананың қақпасына қарай беттеді.

Ол қазып жатқан көрімен қатарлас жабық мазардың ішіне кірмек болып еді, есігі құлыптаулы екен. Сондықтан сусыны мен тамағын сол қабіржайдың қып-қысқа көлеңкесінен сирағын сорайтып шығарып отырып ішті.

Жүрек жалғап алып, қайтадан құр аттай болып дүр сілкініп кетермін деген ойы бекершілік болып шықты. Аржағына ел қонған денесі дел-сал тартып, маужырай бастады. Бірақ, қалың ұйқыға біржола кіріп кетуге санасының түкпіріндегі қарауылы қарсылық көрсетіп бағып, көңілі алаңдаулы жатты. Бұрын қара жұмыс істеп көрмеген қам әйел тұрмақ ат үстінде күнін өткізген батырларды да алып жыққан ұйқы-дұшпан бұл әйелді де біржола дендей бастаған кезінде сол қарауылы «тұр орныңнан, өлу үшін қимылдау керек» деп күбір етті. Жай айтса да, Анажар анық естіді. Сол-ақ екен, сезімі дүр көтеріліп, атойлап шыға келді де, орнынан қалай атып тұрғанын білмей де қалды.

Тас төбеден ауып бара жатқан күннің көлеңкесі сирақ жабардай ұзарғанымен қызуы әлі ми қайнатардай екен. Әп-сәтте-ақ шекесін шағып, шүйдесін солқылдатып жіберді. Бүйте берсе бастаған ісін бітірмей жатып, есі ауып құлап қалуы мүмкін. Ол болмайды. Ойына алғандай етіп өлу үшін құламауы керек. Әйел базардан сатып алған күнқағарлы киіз қалпағын дереу сөмкесінен шығарып, басына киіп ала қойды. Киіз жарықтықтың ыстықты да, суықты да өткізбейтін қасиетін бала кезінен-ақ білетін ол. Енді қанша шақырайса да шекесін күн шаға алмайды, көкжелкесіне де найза болып қадалмайды. Ал, «денесі күйсе күйе берсін, көп болса бір қабат терісі түсіп қалар», деп қолын бір-ақ сілтеді онсыз да жанығып тұрған жанкешті жан. Сөйтті де көріне қайтып келіп, қасындағы құлпытасқа кідірді. Бұл құлпытас қазып жатқан қабірі екеуі бір қоршаумен қоршалған. Биіктігі жарты метр ғана бетоннан құйылып, мәрмәрмен қапталған қоршаудың бір жартысында шөп шығып, жаңбыр езіп жел қатырып үлгермеген жас мола жатыр. Сұйық көк гранит құлпытас сол қабірдің басына қойылған. Анажар құлпытастың қасына келіп отырып, қабірдің топырағынан бір уыс алып қайта төкті де, ішінен дұға оқыды, бетін сипаған соң орнынан тез көтеріліп кетті. Сөйтті де сөмкесінен екі беторамал шығарып, біржағын тісімен тартып жүріп, екі алақанын таңып тастады. Содан соң күрегін қолына алды. Тек бастапқыдағы тау қопаратындай екпіні бәсеңдеп, санасындағы «өлу керек» деп өрекпіген ойы да салқын сабырмен сыбайласып, саябыр ырғаққа түскен. Бірақ бұл алған бетінен қайту емес, қайта баратын жеріне тезірек жетудің қамымен шақырылған сабыр еді. Өйткені, тасбақаның қабыршығындай тас беріштің астындағы бойында ылғалы бар босаң топыраққа күрегі еркін кірген сайын жұмысы өніп, осы шұқырда жататын мерзімнің жақындап қалғанына сенімі арта түсті. Бұл сенім оның қатты есілген шылбырдай шиыршық атқан жүйкесін жайландырып, тіпті көңіліне қуаныш кіргендей болды. Өлімнің қуанышы. Ол мына «сырты бүтін болғанымен іші түтін» өмірден ертерек кететініне қуанды. «Өзіңе өзің қол салдың» деп Жаратқан тозағына жіберсе, жібере берсін! Тозақтың да өз артықшылығы бар. Онда ешкім қылмыс жасай алмайды, күнәға да батпайды. Ал, бұл жалғандағылардың қылмыс күнделікті күнкөрістік тірлігіне, күнәға бату жанының рахатына айналып кеткен. Қайсысы ауыр? Жазасын тартып, күнәсінен арылып жатқандармен тән азабын бөлісу ауыр ма, жоқ бұл дүниені қылмыс пен күнәнің ордасына айналдырып жібергендерге түк шара таппай жан азабын тарту ауыр ма? Анажар үшін соңғысы ауыр. Қылмыс пен күнәнің ордасында жүрегін ауыртып, жан азабын тартқанша, тозақтың отына түсіп тән азабын тартқан жеңіл. Оның үстіне өле салысымен тозаққа ешкім де түспейтін көрінеді. Тәні тірілетін қиямет күнін күтеді. Сондықтан да қашан келетінін бір Жаратушының өзі ғана білетін ақырзаманға дейін, о дүниеде күнәһарлар да тым жаман өмір сүре қоймас.

Ал, Анажар болса алданыпты! Осы уақытқа дейін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заман орнайды деген ертегіге сеніп, қиялымен көңілін аулап, үмітімен өмірін жалғап жүріпті. Адам ата – Хауа ананың ұрпақтары ондай заманды орнататын болса, мың-миллион жылдардан бері қайда қалыпты? Уақыты жетпеді ме, әлде ақылы жетілмей жүр ме? Болмаса оларды асырауға Жер жарықтықтың байлығы жетімсіз бе? Бәрі жетеді! Ал, адамзат арманына неге жетпейді? Әй, осы жерде бір кілтипан бар-ау? Анажардың санасы сол кілтипанды іздеп сан рет сансыраған.

Бұл адамзат адамзат болғалы Жаратқаннан қаншама Елші келді, әулие-әмбие, ғұлама ғалым шықты, қаһарымен қар жаудырып, күлкісімен күн шығарып, айтқанын екі еткізбей орындататын билеушілер өтті дәуірлеп. Біреуінің қолынан келмеді жерді жәннәт ету. Өйткені, адамдар бәрін жеңгенімен өз нәпсісін жеңе алмады. Ал, нәпсісін жеңе алмаған жұмыр бастының пиғылы үнемі ойнамалы болып құбылып тұрады. Сондықтан да олардың адалдық, әділдік жолындағы күресі басқа біреуге жасалған қиянатқа айналып, «бәрі адам үшін» деген ұранның ақыры – адам қыру болып шыға келеді.

Ал, күш қолданылған жерде қараулық қоса жүретіндіктен көңілді баурап алмай, қарумен жаулап алған жұмақ басқа біреу үшін тозақ. Анажардың жар дегенде жалғыз қызы Ақперіште осындай қан түлеген жұмақтың құрбанына айналып, құрдымына жұтылды. Бұл өлім оның көңілін құстай ұшыратын қиялының соңғы қанатын кескендей, кеудесін алға сүйреп жүрген үмітінің жіңішкерген жібін біржола үзгендей болды. Ол үшін алдындағы жарық сәуле жалп етіп сөніп, бұл жалғанды қорғасындай ауыр қара тұман қаптады. Сол түнекке тұншыққан жан дүниесі амалы таусылып, ана дүниеден тірек іздеп аласұрды. Енді, міне, қап-қара өмірден қап-қара көрді артық көріп асығулы. «Өлу керек, өлу керек!». Оның қолындағы күрегі топырақты солай деп лақтырады, қан жылаулы жүрегі солай деп солқылдайды, сансыраған санасы солай деп сыбырлайды...

***

Анажар Тоқкентте дүниеге келгенімен жеті жасына дейін Сандықтаудағы малшылар ауылында әжесінің қолында өсті. Тұңғыш немеренің тағдыры сондай. Жастары жер ортасына келген қарттар балиғатқа жеткен баласы үйленіп, қызы тұрмыс құрып, нәрестенің иісін қашан шығарар екен деп асыға күтеді. Міне, сол тұңғыш немере дүниеге келісімен-ақ өздеріне икемдеп, емшектен шыққан соң біржола бауырларына басып алады. Сөйтіп, сәбидің жұпар иісіне елтіп, рахатқа бөленеді. Қарттар үшін сәбидің саумал иісінен, уілдеген үнінен, былдырлаған тілінен, құлдыраңдаған жүрісінен артық кәйіп болмайды. Басқа кәйіптің бәрі жолда қалады.

Мұның өзге себебі де жоқ емес. Тұңғыш рет босанған жас келіннің шарананы бағып-қағу тәжірибесі тапшы. Ол сол тәжірибені енесі мен абысынынан алады. Талай құрсақ көтеріп, аяғынан тұрғызып азамат қылған кексе аналар шарананы шомылдырудан, денесін сылап-майлап, аяқ-қолын созудан, бесікке бөлеуден бастап, қай кезде қалай емізу керектігін, қанша айлығында қандай тамақ ішкізіп-жегізуге болатынын бәрін-бәрін бес саусағындай біледі. Өйткені кезінде ол да енеден көріп, басынан өткерген, енді, міне келініне үйретіп жатыр.

Емшектен шығарғаннан кейін сәби өзіне бұрынғыдан да көп көңіл бөлуді қажет етеді. Ал аяғы шыққан соң тіпті, қашан есі кіріп, мектепке баратын болғанша бір адам соңында жүрмесе болмайды. Әсіресе, есігіңнен аттап шықсаң машина зуылдап, мотоцикл тырылдап жатқан қалалы жерде қиын. Оның үстіне екінің бірінің балабақшаға қолы жете бермейді немесе күтуші жалдауға қалтасы көтермейді. Қырсыққанда жас әке-шешенің де жанкештілікпен жұмыс істейтін шағы бұл. Өз қабілеттерін тура осы кезінде көрсетпесе, жасы ұлғайған соң қызмет баспалдағымен көтеріліп, табысының молаюы қиын.

Ал, базбір ата-аналар бұл шақта алып-қашпа жастықтың жетегіне еріңкіреп, өздерінің қызметтен, жұмыстан былайғы жүріс-тұрыстарына есеп беріңкіремегендіктен балаларының көңіл-күйіне теріс әсер ететін мінез-қылықтар көрсетіп қоятыны да болады. Сәбидің санасы оны лезде қағып алып, қайталайды. Қанша тыйып тастасаң да санасында бұғып қалған сол жаман қылық күндердің күнінде бұлаң етіп шыға келеді. Оны көрген ата-ана болса, «балам бұл қылықты қайдан шығарды» деп аһ ұрып, қайран қалады. Жастықтың ауылынан алыстап кеткен қарттар ондай оғаттыққа жол бермейді. Қарттық – адамның ыстық-суығы басылған, басын тауға да, тасқа да ұрудан әбден сабақ алған, көпті көріп, көңіліне ненің жақсы, ненің жаман екенін мықтап түйген кезі болғандықтан ата мен әженің ісінен де, сөзінен де, тұла бойы мен жүріс-тұрысынан да тек өнеге есіп тұрады.

Ата мен әже сол өнегесін бауырында өскен немерелеріне сіңіріп кетуге тырысады. Сол өнегемен бірге немересінің бойына өзі дүниеге келген шаңырақтың, әулеттің ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары дариды.

Анажар да осындай себептермен Сандықтауға емшектен шығысымен есін білмей жатып әкелінген. Оның есі әжесінің бауырында кірді. Алғаш санасында сақталған сурет киіз үйдің шаңырағы. Сол шаңырақтың түндігі ашылғанда көгілдір аспанға көзі түсті. Іргесі түрілгенде жап-жасыл болып жайқалып жатқан жазықтықты көрді. Есігінен аттап далаға шыққанда кермаралдай керілген кербез жазираның кеудесіндегі тырсиып тұрған қыземшек шыңдар шыға келді алдынан.

Бұлар мекен еткен киіз үйдің керегесі қанатын шеңбер жасап жайса, оның әрбір айрығына бір-бірлеп бекітілген уықтары күмбез жасап сүйірленіп барып шаңырақтағы ұяларына кіретін. Үйдің ақ қойдың жүнінен қалың етіп, иін қандырып пісірілген ақбоз киізі өлшеніп пішіліп, құйып қойғандай етіп ағаш сүйегіне кигізілетін де, түрлі-түсті бояумен ою салып өрнектелген сән-салтанатты бау-шуларымен анша-мұнша дауылға мыңқ етпейтіндей етіп таңылып, терең қағылып бастырылған қазықтарға байланып тасталатын.

Қыста суық, жазда ыстық өткізбейтін жабығына жауған жаңбыр сіңбей, қонған қар тоқтамай сырғып кететін, төтелеп келген дауылдың өзін бар қуатымен соғуға мұрша бермей күшін әлсіретіп, қапы қалдыратын киіз үйдің жұмыр жаратылысында үлкен мән бар екенін Анажар есейгенде барып аңғарды. Тура даланың өзінен ірге көтеріп, биіктеген сайын көкжиегі күмбездене беретін Жер мен аспанның жарасымын қайталайды екен көшпенділердің бұл баспанасы. Тек Жер мен Көк Жаратқанның күллі адамзатқа сыйлаған отауы болса, киіз үй – көшпелілер өз қолымен бір отбасына лайықтап жасаған жеке отау.

Анажардың танымы да, нанымы да осы жеке отаудан басталды.

Сандықтау – Алатаудың жон арқасындағы жәзира жазық. «Жар басындағы жантақты жанынан безген нар жейді» дегендей теңіз деңгейінен үш-төрт мың метр биіктегі түгін тартсаң майы шығатын бұл шұрайлы қонысқа жолының қиындығынан қорықпай тәуекел етіп көшіп келетіндер көп емес. Өйткені, Анажардың бала кезінде темір көлік мүлдем өте алмайтын бұл жаққа. Тек ат мініп, түйе теңдеп, малын тау шатқалының тар жолдарымен тізілген тырнадай етіп айдап көтерілетін жанкештілердің өзі қияда сәл құйттай қателік жіберсе, құзға құлап кете беруі ғажап емес еді. Күтпеген жерден су тасып, тас домалап жататыны да болады. Ал, енді көтеріліп алған соң Құдайдың рахаты осында. Әрине, аспандағы пейішті көріп келген ешкім жоқ, тек айтумен ғана біледі. Ал, мына биікке жанын жалдап көтерілген пенде сол пейішті көзімен көріп, тәнімен сезініп, рахатына батады.

Дегенмен, жайлаудың аз күнгі қызығын қызықтағандардың біразы сүмбіленің салқыны сезіле бастасымен ойға оралуға асығады. Өйткені күн бұзылып кетсе, қатынас келесі көктемге дейін тоқтап, осы арада амалсыз қамалып, киіз үйде қыстап қалады. Әрине, жер тамға әбден бауыр басып қалғандардың қыстыгүні мұндай тұрмысқа шыдай қоюы қиын.

Шыдайтындар да бар. Шыдап қана қоймай тауды тағдырына балап, осында өмір бойы тұрып келе жатқандары да кездеседі. Алда-жалда ойға түсе қалса, ауаның былғаныштығынан, топырақтан, темірден салынған үйлерінің зіл батпан болып еңсені басатындығынан өкпелері қысылып, тауына қайтқанша асығады олар. Осындай бір ерекше мекенде тұрып жатқан ерекше қауым өкілінің бірі Анажардың әжесі – Ақтілеу. Оның айтуынша Сандықтау жердің жәннаты, өйткені мұнда мал қайырусыз жайылады, адамдар қайғысыз өмір сүреді. Бірін бірі қырып-жоймақ түгіл араларында ұрыс-керіс, талас-тартыс деген болмайды, болса да оңай шешіледі. Олар күрессе, қатал табиғатпен күресіп, өлтірсе жыртқыш тағыларды ғана өлтіреді. Мұның басты себебінің бірі сандықтаулықтарды Құдайдың күнәсіз құлы болғандықтан әруақтар мен періштерлер желеп-жебеп жүреді.

Ал, төмендегі қалалықтарды жын-шайтан иектеп алған. Сондықтан да Ақтілеу әже немересі мектепке баратын жасқа толғанда қаладағы әке-шешесіне жібергісі келмей қатты қиналды. Әрине, әжесінің тағы бір жыл бауырынан шығармауға беделі жететін еді. Баланы мектепке алты жасында беріп миын ашытасыңдар, келесі жылы барса да «ештеңеден құр қалмайды, қайта миы толып жақсы оқитын болады» деп тыйып тастаса қарсы келмес еді. Бірақ көпті көрген қарт олай етпеді. Өйткені, немере үшін әженің орны бөлек болғанымен еш уақытта әкесі мен шешесін алмастыра алмайтынын өз басынан өткерген. Оның да тұңғышы ата мен әже қолында болған. Олар қанша асты-үстіне түссе де сағынышы байқалмай тұрмайтын. Сол сағынышты сезген ана жүрегі құм болып үгілетіні сонша «енді қайтып кісі қолына бала бергізбеспін» деп бекінетін. Бірақ, уақыт ол шешімді өзгертіп, міне, «кісі баласын» аттай бес жыл бауырына басты. Әр нәрсе уақытымен деген, оның да шегі бар. Енді әке-шешесінің қолына бармаса, кейін әжесі дүниеден озғанда олармен сіңісе алмай тірі жетім болып қалуы мүмкін. Оның үстіне «тісі шыққан баланың тамақты өзі шайнағанды қалайтыны, аяғы шыққан баланың жұлқынып жетектен босануға ұмтылатыны сияқты Анажар да бауырынан қара қанат балапан боп ұшқысы келіп, қомданатынын көпті көрген қарт әже сезді. Ер жетіп, есі кірген сайын Анажарды дүниеге киіз үйдің жабығынан ғана қарау қанағаттандырмайтын болды. Оның алып ұшқан көңілі Сандықтаудың мамыражай өмірін місе тұтпай алыстарды аңсады. Тіпті өткен жазда әке-шешесінің қолында болып келгелі осы уақытқа дейін ұйып тыңдап келген әженің ақылынан әлдеқандай кемшіліктер тауып, келеке ететінді де шығарды. «Қалада қайдағы жын-шайтан, - деп күледі құйтақандай қыз – шамдары самаладай жарқырап тұр, көшелері қаздай тізіліп, керуендей созылып зуылдаған теміркөліктерге толы, ал, аспанында темір ұшақтар айқұш-ұйқыш ойқастап жүр. Шайтан қай жеріне паналайды оның? Көзіне түссе қалалықтар шайтанның өзін ерттеп мініп алар Алдар көсе сияқты». Осылай деп әжесін өзінше тығырыққа тіреп, енді не уәж айтар екен дегендей сынап қарайды. Әжесі не десін «өзіңді таза ұстап жүр балам» дейді де қояды. Ал, Анажар болса, «Міне, тазамын, керек болса Молбұлақтың суына тағы бір сүңгіп келейін бе?» де одан арман қуақыланады.

«Мен жан тазалығын айтып тұрмын балам. Адам есейген сайын жанына кір жұққыш келеді» деді әжесі қалаға әке-шешесінің қолына аттанып бара жатқан немересін әзәзілден сақтап, жолын оңдай гөр деп Жаратқаннан тілеп тұрып.

Анажарды әжесіне бергенде әке-шешесінің тұрақты баспанасы жоқ, пәтерден пәтерге көшіп жүрген кезі еді. Енді, міне, айналдырған 7-8 жылдың ішінде химия зауытында істейтін әкесі Далабек цех бастығы дәрежесіне көтерілсе, анасы Таугүл сән ательесінің меңгерушісі болып, жағдайлары едәуір түзелді. Олар қаланың ортасынан ойып тұрып, төрт бөлмелі пәтер алды.

Анажарға соның бір бөлмесі жеке тиді. Бұған ол аса қуанған жоқ, сәл таңданыс білдіргендей болды. Өйткені, осы уақытқа дейін әжесінің емшегінен ұстап жатпаса ұйықтай алмайтын. Енді өз анасының кеудесіне осылай қолымды тығып жатамын деп ойлапты ақымақ басы соқталдай қыз болғанына қарамай. Ал, олар болса, бұл түгіл екіге енді келген інісі Жананның өзін бөлек жатқызады екен. Сондықтан да Анажар әлі еті үйреніспеген әке-шешесіне қастарыңа жатамын деп те, жалғыз жатқанға қорқамын деп те айта алмады. Оңаша бөлмеде қанша елегізсе де, намысқа тырысып, онысын жан адамға сездірмеді. Әбден көзіне ұйқы тығылғанша жатпай, ас үйде ыдыс-аяқ жуатын, болмаса үй-ішін жиыстырып, жиһаздардың шаң-тозаңын сүртетін. Ал, әке-шешесінің бұлармен шүйіркелесіп отыратын уақыты бола бермейді. Алғашында олар балаларды құлқын сәріден оятып, бірін мектепке, бірін балабақшаға апарып жүрді. Анажар қалаға үйренісіп, мектебіне өзі барып келетін болған соң, оған кешкілік Жананды балабақшадан алып келу міндеті жүктелді. Рас, бақша көшенің қарсы бетінде болатын. Сондықтан да Анажарға қиындық тудырған жоқ, қайта өзіне осындай жауапты жұмыс тапсырылғанына марқайып қалды. Тек, көшені кесіп өтіп келе жатқанда «осындай балаларды жеке жібере ме екен, әке-шешесі қайда бұлардың?» деп сөйлеп қалатындар болатын. Ал, әке-шешелері жұмыс уақыты біткен соң да жұмыстан шыға алмай жатады. Өйткені түрлі жиналыстар, қоғамдық шаралар кешке өткізіледі. Одан шыға бере қонаққа барып, үйге түн ортасында әбден шаршап-шалдығып келіп құлайды. Бұл кезде інісін тамаққа тойғызып, төсекке жатқызған Анажар үй ішін тап-тұйнақтай етіп жинап, сабағын оқып болып өзі де ұйықтап қалады.

Әке-шешесі Анажармен әдетте жексенбі күні жайырақ ішілетін таңертеңгі шайдың үстінде ғана шүйіркелесетін. Әкесі сабағын сұрастырып, үй тапсырмасын орындаған дәптерлерін тексеріп, күнделігіне қолын қояды. Ал, апасы келесі аптада киетін киімдерін дайындап, ваннаға жақсылап шомылып алуды және Жананды да шомылдыруды тапсырады. Сөйтіп бұл шын мәнінде шүйіркелесу емес, тексеру мен тапсырма беру болып шығушы еді. Үйдегі уақытын көбіне құйтақандай інісі екеуі ғана өткізіп жүрген Анажар осының өзіне қуанып қалатын. Қалай болғанда да отбасы түгел отырып тамақ ішті, сөйлесті. Ал, әңгіменің арасында әке-шешесі «айналайынын» айтып, бауырына қысса, көңілі тіпті аспанға ұшып, бақыттан басы айналатын.

Бірақ, бұл сәт ұзаққа бармайды. Демалыс күнінің де тірлігі шыға келеді. Отбасы түгел отырып ең ұзақ ішілетін шайдың аяғында әке-шешелерінің кешке қонаққа баратындығы, не үйге қонақ келетіндігі естеріне түсіп, қайтадан абыр-сабыр басталады. Әкесі моншаға, анасы шашын сәндетуге асығады. Тағы да төрт бөлменің ішінде Жанан екеуі қалады.

Осылай жылдар өтіп, Жанан да мектеп жасына жетті. Бір ұяның балапаны демесең енді оның өз достары пайда болып, ойнайтын өрісі өзгерді. Сабаққа дайындалғанда ғана Анажардың көмегіне мәжбүрлігі болмаса, басқа уақытта оны керек етпейтін болды. «Диірменнің түбінде туған тышқан дүрсілінен қорықпайтыны» былай тұрсын, сол дүрсілге еті үйреніп кететіні сонша тіпті естімейтін болуы керек. Әйтеуір, Анажардың өзінен кіші інісі қандай ортаға кірсе де өзін суда жүзген балықтай сезініп өсті. Дегенмен оны дегенін өктемдікпен істететін өжет, айналасын ақылмен алатын алғыр деуге келмейді. Жылтырлығы бетіне шығып тұрған жылпостардың қатарына қосуға да болмайды. Есесін жіберіп қойып жүре беретін ынжық, көнбіс те емес. Әйтеуір, Жанан үйде әке-шешесінің ең сүйіктісі, аулада балалардың ығын тапқыш, мектепте мұғалімдердің көңілін тапқыш бола білді. Қаншама сотқар балалармен бірге жүрсе де, төбелеске қосылып, біреуді сабап, не таяқ жеп әке-шешесін әуреге салған жоқ. Оқуда да топтың жуан ортасында жүргендіктен жақсы аты да, жаман аты да шықпайтын. Қайта қыз басымен әпкесінің әуресі көп болды.

Жалпы Анажар «а-а» деп аузын ашса, аржағынан көмекейі көрінетін нағыз аңқылдақтың өзі. Үлкенге де, кішіге де, бауырға да, бөтенге де адам таңдамай елпілдеп тұрады. Ешкімнің көңілін қалдырмайтын тіл алғыш-ақ. Барын бөлісіп жейтін жомарттығы тағы бар. Оның бұл мінезін біліп алған кейбір көршілер аулада Анажар жүрсе, өз сәбилерін соның қасына қалдырып, басқа шаруасымен қорықпай айналыса беретін. Анажар ешкімге жоқ деп айтпайды, Жананмен бірге олардың да асты-үстіне түсіп бәйек болып жатады. Құласа тұрғызады, үсті былғанса тазалайды, жыласа жұбатады, сырғанақ сатысымен биікке көтерілсе демейді, қайтадан төмен сырғыса тосып алады, әйтеуір тыным таппайды, бірақ балалардың көңілін табады. Тіпті қалтасындағы тиын-тебенін жұмсап, бұрыштағы дүңгіршектерден Жананға сатып алған тәттілерінен де бөлісіп, салқын сусын да ішкізеді. Бір сөзбен айтқанда ол ауладағы қызметін тегін атқаратын тәрбиеші болатын. Сондықтан оны бүкіл көршілер жақсы көрді.

Анажар өз сыныптастарымен де тез-ақ тіл табысып, біте қайнасып кетті. Ойын баласының шұрқырап шүйіркелесуі де, бұртиып ренжісуі де бір пәс қой, бірақ артынан бәрін ұмытып кетеді. Өйткені баладай ақкөңіл ешкім жоқ. «Бала көңіл» деген баға, «баланың көңілін берсін» деген бата содан шыққан. Дегенмен, ақкөңілдіктің де шегі болады. Бала «басқада бар да, неге менде жоқ» деген сезімге бой алдырмай тұрмайды. Содан келіп өзінде барды өзгеден қориды. Алайда құрбылары Анажардан ондай тарлықты байқаған емес. Бәсекелесінің бес алғанын көре алмай, кейбіреулер қызғаныш білдіріп мұрнын шүйіріп жатқанда бұл құрбысының табысына шын пейілімен қуана білетін. Тіпті бақылау жұмысын мұның дәптерінен көшірген бала бес алып, көшіруге берген өзіне мұғалім төрт қойғанда да ол әлгі баланы адал көңілмен құттықтайтын.

Бірақ, құрбылары Анажардың кемшілігін де осы шектен тыс ақкөңілдігінен табатын. Ол жағдайға қарап кейде өтірік айтып жіберу керектігін түсінбей-ақ қойды. Сондықтан да Анажардың шамадан тыс шыншылдығының зияны тиіп кете ме деп сақтанып, сырттап жүретіндер болатын. Бірақ олар тартынғанымен Анажар бойын жиып, бөтен мінез көрсеткен емес. Араларында түк болмағандай баяғы сол аңқылдаған ақ көңіл мінезімен досты да, дос еместі де бөліп-жармай бауырына тартудан бір айнымады. Тек ең жақын құрбысы Ақбикеш:

«Дос пен дұшпанды айыра алмайсың, сенің түбіңе жететін осы мінезің», деп шыр-пыр болатын. Бізді кездестіргенде ана қыздың көзі көлгірсіп, ерні шүртиіп шыға келді. Енді сәл кідіргеніңде кекетіп те жіберетін еді. Ал сен болсаң соны байқамастан барып бауырыңа бастың» деп ызаланады. «Аман-есен көріскеніме қуанып, амандасқанша асықтым» дейді Анажар. Дегенде, балалардың Анажардан сақтанатыны себепсіз емес-ті. Ол кейбіреулердің сабақтан қашып кеткенін, яки «ойынның артынан өрт шығып, бір-бірінің мұрындарын қанатып қойғанын көріп тұрып көрмедім деп айта алмайтын. «Пәленшеұлы неге сабақта жоқ?» деп сұрайды мұғалім. «Ол ауырып қалды» деп жауап береді оның парталасы. «Пәленшеұлы ауырған жоқ, ол жаңа ғана саябақ жаққа кетті» деп екеуінің де өтірігін шығарады Анажар. «Пәленшеұлы мұрының неге ісіп кеткен?» дейді мұғалім. «Байқамай соғып алдым» дейді ол:

«Түгеншеұлы мұрынын төбелесіп қанатты» дейді сонда Анажар.

– Сен мені неге сатасың? – деп ренжиді Түгеншеұлы.

– Сен неге мұғалімді алдайсың? – деп оған Анажар ренжиді.

Жәй ренжіп қана қоймайды, «өтірігіңді таста, әдет болып кетеді, басыңа бәле болып жабысады» деп қыр соңынан қалмай қояды. Тіпті бұл баламен дұрыстап сөйлесіңіз» деп мұғалімнің өзіне ескерту жасайды.

«Қол сынса, жең ішінде» деп бір сыныптың ішінде болып жатқан мұндай-мұндайлар ештеңе емес қой. Анажардың шамадан тыс шыншылдығының кесірінен сыныптың ішінде ғана қалып кетуге тиіс осындай ұсақ-түйектер бүкіл мектепке әшкере болып қалады. Ал мектеп басшылары білгеннің бәрі тіркеледі де тәртіп көрсеткіші шығарылғанда сыныпты төмен тартады. Сабақтан қашу мен темекі тартудың көкесін көрсететіндер «қылмыстары» ресми тіркелмегендіктен ең тәртіпті сынып атанып мақтау сөз естіп, бәйге алып жатқанда Анажар оқитын сыныптың назары пәс болып қалатын. Сол кезде балалардың бәрі Анажарды көзімен атады. Ал, Анажар болса өзін титтей де болса кінәлімін деп есептемейтіндіктен оған мән берген емес. Қайта басқа сыныптағылардың марапатына мәз болып қол соғып, кездескенін құшақтап сүйіп, өз қуанышындай құшырланады. Ал, өз сыныптастарын «сендер тыныш жүрмедіңдер ғой, тыныш жүргендеріңде...» деп кінәлап алып, артынан «оқасы жоқ, келесі жолы бәйге біздікі болады» деп жігерлендіруге тырысады. Оның осындай қаратасты ерітердей елжіреген көңіліне әлгі көзімен атқыштар да шыдас бермей «Әй, сол әпендені қойыңдаршы» деп қолдарын бір-ақ сілтейтін. Олардың ойынша Анажар бұл дүниеге әйтеуір бір келе салған не арғы елде, не бергі елде жоқ бірдеңе жаратылыс. Сондықтан оны түзетіп, елдің бәрі келе жатқан арнаға бұру мүмкін емес.

Ал, Анажар оларға қолын сілтемейтін. Қуанышында да, қайғысында да қастарынан табылуымен бірге олардың барын бар, жоғын жоқ, жақсысын жақсы, жаманын жаман деп бетіне айтып қарап отыратын.

Төменгі сыныпта оқып жүргенде бұның бәрі ештеңе емес еді. Ер жеткен сайын сәбилік мінездер де есейіп, дараланып, тісін шығара бастады. Қазір керісіп, артынша татуласып күліп-ойнап кетудің аулы алыстап кетті енді. Ашудың аржағынан кек алу деген бәле басын қылтитып тұратын болды. Басқаның табысына іші күйіп, сырт көз біліп қоймасын деп көлгірсіп күлгенімен, суық құшақтап сүйгенімен қызғаныш отынан өртеніп тұратын болды көбісі. Бірақ пенде іштегі қыжылын қашанғы жасырсын, бұрқ етіп шыға келеді бір күні. Осылай-осылай бұрынғы достардың бәсекелестігі бақталастыққа, қызығушылығы көреалмаушылыққа айналып, енді олар сол мүделлеріне орай топ-топқа бөлініп, бірін бірі өсектеп жүретінді шығарды. Бірақ, Анажар ол топтардың ешқайсысына қосылмады да, пыш-пыштаған сөздерін бір-біріне тасымады да. Тіпті олардың өліп-тіріліп айтып жатқан өсектерін мәнсіз, мағынасыз құр босқа уақытты құртып, жүйкені тоздыру деп ұқты. Шынында да не арғы елде, не бергі елде жоқ, әпенде қыз құрбыларының осы қылықтарын түсінбей-ақ қойды. «Өспес елдің баласы өнбес дауды даулайды» деген осы ғой, деп күйіп-піседі. «Басқаны қызғанба, өзіңді қамшыла». Анажар осылай ойлайтын. Өзін өзгелерден оқшаулаған осы қасиет бойында қайдан, қашан, қалай пайда болды, төркіні қайда, туа біткен болмыс па, жүре біткен мінез бе, ол жағын жас қыз әлі зерделеген жоқ-ты. Әйтеуір құрбыларының арасындағы алауыздық арта түскен сайын бұл ұстаным оның бойында бұрынғыдан да беки түсті.

Бір қызығы топқа қосылмаса да ол жалғызсырап көрген емес. Әсіресе, әлдебір себеппен өзгелер өзегінен тепкен қыздар қашанда қасынан табылды. Өйткені, жайшылықта аузында сөз тұрмайтындай көрінетін Анажар нағыз сырға беріктің өзі болып шықты. Сондықтан да «сен ешкімге айтпайсың ғой» деп арнайы іздеп келіп, бар сырын ақтарып, мұңын шағып, мұның жұбату сөздерінен демеу тапты олар. Әйтеуір басқалардан гөрі әпенді қыздың жұбаныш сөздері жандарына жайлы тиетіндіктен де сөйтетін. Тіпті «ең жақын құрбым сенсің, ал бұрынғы достарым шетінен опасыз» деп ант-су ішетіндер де болды. Шынында да ешкімді бөтенсімейтін Анажар сол сәттерде жәбірленушінің ең жақын құрбысына айналатыны рас еді. Бірақ арада уақыт өтіп, құрбыларына деген өкпе-назы жазылған соң ол қыздар Анажардың әңгімесін көп қажет етпей өз тобына қосылып кете баратын. Бұл кезде есесіне жұбаныш іздеген басқа бір қыз келіп Анажарды айналсоқтап жүреді.

Шындап келгенде Анажар оларға уақытты әзер табатын. Өйткені сынып жоғарылаған сайын сабақ күрделенді, талап та күшейді, жас қыздың уақыт бөлуін қажет ететін түрлі-түрлі жұмыстар да көбейді. Оның үстіне Анажар да періште емес пенде ғой, кімнің қай жерде кетіп бара жатқанын бағдарлап, қатарларынан қалып қалмауға тырысатын. Әсіресе, сынып жоғарылаған сайын физика, математика, химия пәндеріне қабілеті аса мықты емес екенін байқады. Ал, төменгі сыныпта қатар келе жатқан айнымас құрбысы Ақбикеш бұл пәндерден алғырлық танытып, одан қара үзіп кетті. Тіпті, физикадан қалалық олимпиадада жеңімпаз атанды. Бұл жетістігінен кейін құрбысын бұрынғыдан да жақсы көріп кеткен Анажар «біздің Ақбикеш ғалым болады, министр болады» деп мақтаныш ететін болды. Сөйте тұра бұл пәндерге уақытын көбірек бөліп, қиналып болса да, әйтеуір бағдарламаны толық иегере алатын дәрежеге жетті. Оған дейін ананы-мынаны сұрап Ақбикештің де, мұғалімдердің де мазасын алып бітті.

Жарыста озғанның «жауы» да көбейеді екен. Қалалық олимпиададан кейін Ақбикешті көзімен ататындар көбейді. Бұлар оқитын №7 мектептің іргесінде болғанымен ылғи көлеңкесінде келе жатқан №17 мектептің кейбір оқушылары қызғаныштан қайда сиярын білмей жүріп, ақыры Ақбикешке келіп ашық ұрынды. Бұл екі мектеп Әл-Фараби даңғылының екі бетінде орналасқандықтан балалары жиі кездеседі. Әсіресе, сабақ аяқталған соң автобустың аялдамасында аудағы балықтай шүпірлеп сыймай кетеді. Бұл жерде біреуге біреудің сүйкенбей тұруы қиын. Оның үстіне баланың аты бала, ол қарап тұра алмайды, қимылдап тұрады, ретті, ретсіз ойнап тұрады. Осындай бір шақта Ақбикеш пен бір қыздың иықтары қағысып қалды. Жайшылықта қыздар бәлкім оған мүлде мән берместен әрқайсысы өз жайына кетер ме еді. Ал, мән бере қалса, екеуі бірінен бірі сыпайылық асырып, кешірім сұрауы да ғажап емес. Тіпті, соның арты танысуларына, жолдастық қарым-қатынастарының басталуына себепші болуы да бек мүмкін. Бұл екі мектеп оқушылары арасында ондай мысалдар көп. Тек, бұл жолы олай болуы мүмкін емес еді. Өйткені №7 мектеп олимпиадада қала бойынша озып тым дандайсып кетті. Басқалардан асып қайда барады олар? Айға ұша ма? Жоқ, бұларды тәубесіне келтіріп қою керек. Шыли аспасын, өмір аспанда емес, жерде екенін білсін. Мынау иық қағыс тура соның сәтін түсіре қалды. Бір-біріне жалт қарасып еді, баррикаданың ар жағындағы бөтен екен, мәселені бастап жіберуге соның өзі жетіп жатыр. Бұл жерде сыпайылықты қалтаға салып қою керек. Әр нәрсенің өз орны бар. «Орнымен» сөйлеу керек.

– Жалпиған иығыңды жиып тұрмайсың ба? – деді №17-нің қызы.

Ақбикеш бұл ұрысқа шақыру екенін бірден түсінді. Өйткені аялдамаға симай тұрған да, иығынан әдейілеп қағып өткен де керісінше №17-нің қызы болатын. Бірақ Ақбикеш айылын жимады.

– Немене, бәле тілеп тұрсың ба? – деп тіксие қарады. Бұл сен ұрысқа шақырсаң мен дайынмын деген жауап болатын.

Жалпақ қыз Ақбикештің қармаққа оңай іліккеніне қуанды. Талдырмаш болса да тарамыстың өзі екен деп түйді де, әңгімені одан әрі ушықтырып:

– Бәлені көргің келсе көрсетеміз, - деп шегінерге жер қалдырмады.

Бұндай-бұндайды Ақбикештің де көріп тұрғаны бірінші рет емес тәрізді. Оның қасындағы Анажар құрбысының жауабына аузын ашып қалды. Ана қызды білмейді, Ақбикештің аузынан дәл осындай сөздер шығады деп ойлаған жоқ еді. Сыныптың үздік оқушысы, қалалық олимпиаданың жеңімпазы, көше жаргондарын бірінен кейін бірін жылмыңдатып:

– Сөзің түйеден түскендей ғой, өзің қайдан шыққансың сіңілім? – деп ширатылады.

Ақбикештің «сіңілім» деп кішірейткеніне намыстанып қалған №17-нің қызы:

– Сіңілің, сенің дамбалыңның ішінде[2], – деп бір иіс сезгендей мұрнын шүйіріп қойды.

– Жақсылықпен тарқасқың келмей тұр екен, онда былай шығайық, – деді Ақбикеш.

– Шықсақ шығайық, - деді №17-нің қызы. Сөйтіп, екеуі мектептің арғы жағындағы Әкім бауына қарай кетті. Бағанадан бері бұл әңгіменің куәсі болған қыздар да соңдарынан жылжыды.

Әкім бауының көпшіліктен таса қуыс-қалтарысы көп. Ол жерлерге тәртіп сақшылары да көп бара бермейді. Өйткені атпен де, автокөлікпен де жете алмайсың. Ал, жаяу жүргенге ерінеді олар. Тіпті бірлі-жарым полиция келе қалғанда да бұл жерден оларды адастырып кету оңай. Қыздар сондай қалтарыстағы алаңдардың біріне келіп қораланып тұра қалды. Сөмкелерін қасындағы құрбыларына берген Ақбикеш пен №17-нің қызы ортаға шықты.

– Демек, кешірім сұрағың келмейді ғой? - деді Ақбикеш. – Жақсылықпен бітіскің келмесе, жамандықпен бітісетін боласың.

– Өзіңді салмақтайтындай сен кімсің соншалықты? Әліңді біл, әлжуаз неме!

Жалпиған қыз Ақбикешті итеріп жіберді. Ақбикеш оған қыңқ етпестен өзін итерді. Итерістің басталғаны жекпе-жектің басталғаны. Ежелден бар дәстүр, сойқан соғыстың алдында жеке батырлар сайысып, күш сынасады. Батыры жеңгендердің рухы көтеріліп, жеңілген жағы ызадан өртеніп, шайқасқа қатты шамырқанып кіріседі. Ал, әзірге екі «батырдың» да қалың қолы ұрысқа кіріспестен жекпе-жекке шыққандарға дем беріп тұрды.

Анажар ғана бұл көрініске шыдамады. Ол қызбалалар төбелеседі дегенді құлағы шалғаны болмаса, көрмеген болатын. Қыздар итерісе бастағанда өзін-өзі ұстай алмай тұла бойы түленіп, екеуінің ортасына ыршып барып қалай тұра қалғанын өзі байқаған жоқ.

– Тоқтаңдар! – деп шыңғырды ол бар даусымен. Екі батырдың егесін тоқтатпақ болған кинодағы сұлудай қолын көтеріп.

– Корова театральная, - деді оған қарап Жалпақ қыз. – Аяққа оралғы болма, босқа тапталып қаласың.

– Сен араласпа, - деді Ақбикеш те, - біз өз мәселемізді өзіміз шешеміз.

– Жоқ, бұл бәріміздің мәселеміз, - деді Анажар, оны төбелеспен шешпейміз.

– Ты, дешевая тёлка, - деді Жалпақ қыз әлі де орнынан жылжымай тұрған Анажарға – Мен сенің көзіңді ойып, кірпігіңді салпаңдатып қоямын.

– Ты, бычка, - деді қапелімде аузына сөз түспей қалған Анажар.

Мұны естіген қыздар ду күлді. Өйткені олардың тілінде «Бык» деп ер-балаларды айтады, ал Анажар болса, Жалпақты ұрғашы бұқасың деп тұр.

Бұл күлкі Жалпақты одан арман ызаландырып жіберді. «Мен саған ұрғашы бұқаны көрсетейін» деп сарт еткізіп салып жібергенде Анажар ұшып түсті. Одан әрі не болып, не қойғанын да түсінбей қалды. Құлағына үскіріктің шалынғаны, қыздардың дүрсілдете қашқаны ғана келді. Бір сәтте айқас алаңы бос қалды. Орнынан әзер тұрғанда бір полицей жетектеп алып келіп, терезесі торланған дүңгіршекті автокөлікке бір-ақ сүңгітті.

Бөлімшеге келген соң оны сұрақтың астына алды. «Не болып не қойғанын жасырмай айтсаң өзіңе де, өзгелерге де пайдасы тиеді. Өйткені біз бұзықтарды есепке тұрғызып, бақылауға алатын боламыз. Сөйтіп, бұзақылыққа жол бермейміз», - деп түсіндірді оған. Тәртіп сақшыларының айтқаны қыздың өз ойымен дөп келді. Анажар да «төбелес» деген бәледен бір құтқарса полиция құтқарады деп сеніп, болған оқиғаны бүге-шүгесіне дейін жайып салды. Сөйтіп, көңілім жайланады, қыздар да, мектеп те тыншиды, балалардың бәрі ұрыспай-таласпай ойнап-күліп, сабағына алаңсыз даярланатын мамыражай күн келеді деп ойлаған. Қайдан, қайта сол күннен бастап оның құлағынан қиқу кетпей қойды. Бөлімшеге әке-шешесін, сынып жетекшісін шақыртты. Басқа қыздардан түсінік алынып, мектепте қайта-қайта жиналыс өткізді. №7-нің тәртіп жөніндегі көрсеткіші күрт төмендеп, «жаман аты» бүкіл қалаға жайылды. Оқушылар да, мұғалімдер де бұндай жаман атаққа Анажардың арқасында ие болдық, бәріне кінәлі сол деп есептеді. Құрбылары бізді саттың деп теріс айналса, мұғалімдер де мектептің атын шулаттың деп қырын қарайтынды шығарды. Тек «әпенді» Анажардың өзі олар не үшін кінәлайтынын түсінбей-ақ қойды. Өйткені оның ұғымында өтірік айту күнә.

Ал, ел болашағының тәрбиесі сеніп тапсырылған ұстаздары мен ел болашағымын дейтін құрбы-құрдастары да түп-түсінікті, ап-айқын қарапайым қағиданы ұстанғысы келмейді. Өздері ұстанбағаны былай тұрсын, мұны да күнәһарлыққа итермелейді. Қыз осыған қапаланды. Бірақ үлкендер бұл қарапайым қағида түгіл Азаматтық Ар кодексінің кез келген жерін жатқа соғып, кез-келген сынағыңнан мүдірмей өтетін еді. Былайша айтқанда бәрінің қаттаулы тұрған мінездемелерінде мін жоқ болатын.

Өйтпесе мұғалім ұстаз болып жұмыс істей алмайды, ал шәкірт тәуір баға алып сыныптан сыныпқа өте алмайды. Демек Ар кодексін жатқа білу олар үшін өмір қажеттілігі. Алайда өмір шіркінде қағаздағы заңның жүрмей қалатын жері көп. Ондай жерде өмірдің еш жерде рәсімделмеген өз заңдары, өз кодекстері өтімдірек болғандықтан оларды ешкім жаттауға міндеттемесе де бәрі біледі. Орында деп мәжбүрлемесе де бәрі бұлжытпай жүзеге асырады. Соны ұқпай жүрген «әпенді» Анажар ғана. Бар шындықты жасырмай айтып, өзін де, құрбыларын да күнәден сақтап қалдым деген періште қыз қайта «бұзық» ретінде полицейдің есебіне ілігіп, ата-анасының да, мектебінің де «бас ауруына» айналды.

Ал, төбелесті бастаған Ақбикеш пен Жалпақ қызды есепке алуға еш негіз болмағандықтан жайына қалдырды.

Анажар полицейдің есебінде тұрғанына түк те реніш білдірген жоқ. Солай қажет болса, болсын деп ойлады. Тіпті өзінің есімі бұзық балалардың қатарында аталып қалатынына да қалыпты қарады, құрбыларының көзбен атқанына да көңіл аудармауға тырысты. Алайда Анажарды алаңдатқан нәрсе Ақбикеш пен басқа құрбыларының ағынан жарылып арылмағаны болды. Олар төбелесуді ойламапты да, Меруерт екеуі бұрыннан жан аямас дос екен, ал Әкім бауына сабақтан кейін біраз серуендеп келуге барыпты. Ойнап алысып жүргендерінде Анажардың қалай шындап кеткенін өздері де түсінбей қалыпты. Бұның сондай ойын мен шынды ажырата алмай қалатын әпенделігі бар. Бұл жолы да сөйтіп елдің бәрін әуреге салып тұр, - деді Ақбикеш. Бір қызығы Ақбикештің бұл сөзін басқа қыздардың барлығы да тура ауыздарына түкіріп қойғандай қоштады. Сөйтіп, барлығы бірауыздан болған соң, төбелесті бастаған Анажар болды да шықты. Шындығына келгенде оған ешкім де сенген жоқ. Әсіресе, Анажарды білетіндердің сенуі тіпті мүмкін емес еді. Бірақ құжатқа солай жазылған соң солай деуге бәрі міндетті болды. Сөйтіп, мектеп те, полиция да Анажардың «тәрбиесімен» мықтап айналысуға кірісті. Тіпті оған әсер етуге Ақбикеш бастаған құрбыларын да қосты. Анажардың әрбір қадамы бақылауға алынып, қалай түзеліп келе жатқандығы туралы мәлімет беріліп тұратын болды жоғарыға.

Анажар бұның бәрін елең қылмай бәз баяғы қалпымен жүре бергісі келіп, «Құдай куә, менің кінәм жоқ» деп өзін қанша жұбатқанмен көңілі орнына келмеді. Шын кінәлі болса, жалтармай-ақ, бұлтармай-ақ істегенін мойнымен көтеріп алар еді, бұлардың нақақтан күйдіргені қиын болды. Білместікпен жабылған жала болса да, ертелі-кеш ақтығымды дәлелдеп, олардың көзін ашармын деп үміттенуге болар еді. Бәрін біліп тұрып, бәрі сыбайласып тұрып жапқан жаланы қайда барып, кімге дәлелдерсің? Өздерін сүттен ақ судан таза етіп, бұны қаралап шыққан құрбыларына ма? Әлде сол «өтірікке шындықтың шапанын кигізіп, бұлтартпас құжатқа айналдырған полицейлерге ме? Жоқ, соншама топ қыздың біреуі ғана кінәлі деп табылып, қалғандарының «ақ» болып шыққанына қуанып жүрген мұғалімдерге ме? Олардың барлығы «бастан құлақ садақа» деп отыр. Сол садақа болған «құлақ» - Анажар да, аман қалған «бас» - солар.

Алайда Анажардың бұған көнгісі келмейді. Оның ойынша «бас» аман қалып тұрған жоқ. «Өрге баспайтын өтірікті» қалқан қып ұстап, сауыт қып киіп алған «басты» қалай сау деуге болады. Ал, бұндай тұрлаусыз сауыт «басты» ұзақ уақыт сақтай алмайды, шірітеді. Демек «құлақтың» әрекеті керек. Әйтпесе, жүйкесіне түскен зілбатпан жүктің жүнжітіп жіберетін түрі бар. Осыны сезінген қыз жердегілерден тірек таппаған соң көктегілерге қол созып, ана өтіріктен сауыт кигендердің көзін ашып, көкірегін оятып, санасына сәуле түсіре гөр деп Жаратқанға жалбарынды. «Менің орнымда сен не істер едің» деп бабаларының өмірінен үлгі іздеді. Олардың шындық жолындағы күресі туралы тыңдаған небір әңгімелерді есіне алды. Есіне алған сайын жан сарайы сілкініп, рухы көтеріліп, оның ішін күйдірген ыза намысқа айналды. Бұған дейін бұл өмірде тауы шағылып көрмеген бала көңілінде бастап жіберсем, әлі-ақ жеңіп шығамын деген сенім пайда болды. Жеңген бабалары, бұл да жеңеді...

Міне, бүгін сол күресті Ақбикешпен арылып сөйлесуден бастамақ болып, Әкім бауына серуендеп қайтуға шақырды. Ақбикеш те бұл ұсынысты көптен күтіп жүрген сыңайлы, не үшін шақырғанын тәптіштеп сұрамастан берді келісімін. Енді, міне, сабақтан шыққан қос құрбы Тоқкенттің ең басты бағын бетке алып келе жатыр. Бұл аймақ ескі қалаға жатады. Ол заманда Тоқкент көшелерінің қос қапталында суы үзілмей ағып жататын арықтарды жағалай жеміс ағаштарын егіп қоятын болған. Жемісі пісе бастағаннан-ақ балалардың жаздай теріп жегенінен қалғанын үлкендер қыста сақтау үшін жинайтын. Қазір көктемнің жуан ортасы. Ең алдымен пісетін шиелер бармақтай болып толысып, қызыл бояуы әбден қанып, «мені үз» деп балбырап тұр. Ал, алма ағаштардың түбі жаңа томпия бастаған ақ гүлдері көшеге ақ бантик байлаған оқушы қыздар толып кеткендей әсер қалдырады. Жылда көктемде қарама-қарсы тұрған екі мектептен оқушылары топырлап шығып көше бойлап кетіп бара жатқанда Анажар ылғи осы суретке қызықтай қарайды. Бұл алма ағашының да, қыз балалардың да ең бір гүл ашып, көркі кіріп тұрған шағы. Бірақ ештеңе бір орнында тұрмайды, бір күйінде қалмайды. Томпиған түбірлер толысып, ақ гүлдер үгітіліп түседі. Қыз есейген соң ақ бантигі жараспай ерсі көрінетіндіктен біржола шешіп тастайды.

Ал, бұлардың келе жатқаны бау аталғанымен шын мәнінде саябақ. Онда аудандастырылған неше алуан ағаштар жеміс бермейді, сұлулық сыйлайды. Мұндағы мәңгі жасыл шыршалар мен аршалар, қауырсын қанат қарағайлар, ақ білектерін айқара созған аққайыңдар, олардың арасындағы алаңқайлар мен аллеяларда текеметтің түріндей түрленген гүлзарлар келген кісінің көңіл күйіне бірден әдемі әсер етеді. Анажар да Сандықтауды сағынғанда осында келіп жұпары аңқыған тау аршасын иіскеп мауқын басатын, бейкүнә жаратылған ақ қайыңды әжесін аймалағандай аймалап:

Жапырақ жүрек жас қайың,

Жанымды айырбастайын,

Сен адам бола бастасаң,

Мен қайың бола бастайын, -

деп Мұқағалидың өлеңін күбірлеп айтып, бала көңіліне байлана бастаған шерін бөлісетін. Сөйтіп, Әкім бағын аралаған сайын кеудесіндегі түйін мен көкейіндегі түйткілдің бәрін тура өз жүрегіндей ілініп тұрған жапырақтар мен тура өз жүзіндей алабұртқан гүл қауыздары бір мысқалдан бөлісіп алып қалғандай жеңілдеп сала беретін. Сол кезде ол көгілдір аспанмен күмбезделіп, ақ қанат Алатаумен әдіптеліп, Тәңірі жаратқан табиғатқа адам қолымен көрік қосқан Тоқкент бағының сұлулығына, аяқ аттап кіргеннен тынысыңды ашатын жұпары айрықша ауасына масаттанып, адам қолымен жасалған пейіш осындай-ақ болар деп ойлайтын. Анажар елдің Жетісуды жер жәннаты деп атайтынын бала кезінен талай естіген, енді сол Жетісудың төрі Тоқкенттің гүлзарлы бақтары болар деп топшылады. Ал гүлзарлы бақтың тәжі – оның су бұрқақты хауіздері. Міне, сол бақ-жұмақтың сұлулығымен сусындамақ болған құрбылар оның бүйір есігінен кіріп, бас аллеясына төтесінен тартты. Шақырымға созылған ол аллеяның қос қапталын гүлзарлар көмкеріп, тура ортасының ұзына бойында су бұрқақтар атқылап тұр. Ол хауыздар бірі үй орнындай дөңгеленіп, екіншісі ұзынша болып тарамданып біресе иіле, біресе шаншыла шапшып сумен сан түрлі сурет салады.

Тоқкентте жаныңды жай таптыра білетін демалыс жайлары көп. Мәселе кімнің нені қалайтындығында. Әйтсе де жазғы кештерде серуендеп келіп, су бұрқақтарының жағасында салқындап отырып әңгіме-дүкен құрудың орны бөлек екенін қалалықтардың көпшілігі мақұлдайды.

Қыздар да ұясынан алысқа ұшып үйренбеген сарыауыз балапандардай бұл бақ ұяның тылсымға тартатын тыныштығынан, сыны бұзылмайтын сән-салтанатынан, бұлжымайтын айрықша тәртібінен демеу іздеп, жайсыз әңгімені жайлы жерде айтуды жөн көрді. Сөйтіп, су бұрқақтардың айналасындағы орындықтардың біріне жайғасуға келгенімен әңгіме бірден бастала қойған жоқ.

Ақбикеш келе хауіз қызықтап кетті. Ол хауіздің ішкі жиектерінен жағалай шапшып, біресе көлбей, біресе шаншыла, біресе айнала үйіріліп ауада сан түрлі суреттер сала ойнақтаған ақ күміс ағындарға құмарта көз салып, әсерін дауыстап білдіріп те жіберді.

– Қандай сұлулық! – деп таңданды ол күн шапағымен кемпірқосақтай құбылып от шашудай шашылған су суреттерге қарап. Содан соң хауіздің жиегіне ытқып шығып оқша зулаған ағындарға қолын тосты. Сол-ақ екен жан-жағына жамырай шашырап, үстін малмандай етті. Бұған одан әрі шаттанған қыз оң қолының саусақтарын су бұрқақтарынан айырмаған күйі хауіздің жиек тасының үстімен біраз жүгіріп алды. Содан соң тоқтай қалып, су бағытын алақанымен алыстау тұрған Анажарға бұрмақ еді, одан ештеңе шықпады. Сонда барып байқады, құрбысы түк елікпепті. Мына сұлулық, мына сурет оған әсер етпегендей, келгендегі қалпын бұзбастан тұр. Қайта Ақбикеш шаттанған сайын байыптала түскен бе қалай?

– Саған не болған? – деді Ақбикеш бұл жерге тек осы субұрқақтарды қызықтауға ғана келген адамның үнімен.

Анажар болса, не Ақбикешке ілесе алмай, не Ақбикешті әңгімеге тарта алмай екі ұдай күйде бейжай тұрған. Сондықтан жауабын мандыртпастан: «Жай» деп қоя салды. Ал, құрбысы болса, оның түк те жай емес екенін түсінді. Түсінді де:

– Ту, сен де тіпті сарыуайымшыл екенсің. Не бүлініп кетті соншама? – деп шырт ете қалды.

– Сеніңше қалай? – деді Анажар қарсы сауал қойып: - Ештеңе бүлінген жоқ па?

– Бүлінген жоқ, аспан жерге түсіп, жер аударылған жоқ, ай мен күн де, ай мен күннің астындағы №7 мектеп те, оның оқушылары Анажар да, Ақбике де, басқалар да аман.

– Аманы аман ғой, бірақ...

– Бірақ ешкім темір торға қамалған жоқ, бір жері мертігіп жарымжан болған жоқ, басқа мектепке ауыстырылған жоқ.

– Ал, бәрің жабылып мені...

– Бәріміз жабылып сені құтқардық. Өйтпеген күнде төбелес бастағаның үшін мектептен аласталып, темір тордың аржағынан бір-ақ шығатын едің.

– Сендер қайта, бар кінәні менің мойныма арттыңдар ғой, - деді әңгіменің ауаны мүлдем басқа жаққа ауып бара жатқанына таңданған Анажар.

– Иә, кінәладық, бірақ білместікпен істеді деп кінәладық. Ал, білместікпен істегеннің жазасы жеңіл. Міне, түк болмағандай арамызда жүрсің.

Ақбикеш тіпті ұстататын емес. Бәрін қолмен қойғандай етіп, төндіре дәлелдеп, тура бір өздерінде еш кінә жоқтай сайрайды. Кінәлі емес, кінәліні анықтап, үкімін де айтып отырған әрі тергеуші, әрі төреші дерсің.

– Шындық олай емес қой, - деп шыр ете қалды Анажар. – Оны не үшін бұрмаладыңдар?

– Қайталап айтамын, оны сені құтқару үшін бұрмаладық.

– Өтірік айтасың, өздеріңді құтқару үшін бұрмаладыңдар!

Анажар тап осы жерде Ақбикешті бұлтартпастай етіп, тығырыққа тіредім деп ойлады. Алайда әккі қыз оның тосқауылын бұйым көрген жоқ, тағы да бұлт етіп шығап кетті.

– Немене бізді ақымақ деп отырсың ба? Сені құтқара отырып, әрине өзімізді де құтқардық. Ол аз десең мектепке де, мұғалімдерге де жаман атақ келтірмедік.

Одан әрмен аң-таң қалған Анажар Ақбикештің мына айтқанын тіпті қисынсыз көрді. Қисынсыз көргені сонша:

– Ой, өтірігіңе береке берсін, - деп күліп жіберді. Күліп болған соң:

– Әй, Ақбикеш-ай, өтірік өрге бастырмайды ғой, өтірікпен алысқа ұзамассың сен, - деп күрсініп салды. Сол кезде ол өзінің сөзімен де, даусымен де, тіпті бет құбылысымен де әжесіне ұқсап кеткенін, әрине, байқаған жоқ. Есесіне жылда келіп-кетіп жүрген таулық кемпірді талай көрген Ақбикеш байқады. Байқады да:

– Әжеңнің аузынан түскендейсің-ау, - деп күліп жіберді. Күліп болған соң:

– Таудың тағысы сияқты бұл өмірге бейімделуің қиын-ау, күнің не болар екен, кейін, - деп ол да күрсініп алды.

Енді екеуі бірдей күлді де, бірін бірі «сен, сен» деп көрсетіп, бірі қашып, бірі қуып ақ бұрқақтардың арасында біраз ойнақ салып жүрді де, бұл әңгімені қайтып қозғамаған күйі үйлеріне қайтты.

жалғасы бар...


[1] Барзак – адам жанының жұмаққа немесе тозаққа дейінгі уақытша мекені.

[2] Көше қыздарының жаргоны


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар