Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Түнгі жортуыл (әңгіме)

20.07.2018 2954

Түнгі жортуыл (әңгіме)

Деректі оқиғаға құрылған бұл әңгімені Шүй елінің ардақты ақсақалы Пионер Солтанұлы Мұхтасыровқа арнаймын

Жазотырдың арнасын кенерелей өрлеген салт атты асықпай аяңдатып Шаңбақкөлдің қабағына жете тізгін тартты. Батар күннің сәулесімен діріл қаға жарқыраған алып айнадан ескен салқын леп Алтайдың биылғы жаз дәурені аяқталғанынан хабар бергендей. Тыныштықты бұзған бейсауат жолаушыны ұнатпады ма, қаңқылдаған сарыала қаз, шаңқылдаған шағалаға айнала бөктердегі суырлар үн қосып, тау іші азан-қазан болды да кетті. Салт атты бұған мән берген жоқ. Майда толқындар жағалауды шылп-шылп соққан көлдің шетіне келіп аттан түсті. Қарагердің ауыздығын алып, тізгінін түріп асықпай суарды. Бөктерген қос бас қоржынды, ердің қасындағы қара шоқпар мен жанторсығын алып жерге қойды. Атын шылбыр ұшымен жайылта отырып, ауқаттануға кірісті. «Қақпыш пен борша болмаса, бәйбішенің бабымен піскен сүрісінің ауылы енді екі жұма алыс қалды», - деп өз-өзіне мырс етті, сары қазыны қиялай кертіп отырып.

Шай қайнатым уақытта батқан күннің қызыл жалқын табы сөніп барып іңір қараңғылығына ұласа бастады. Дереу жиылып-терілген салт атты күншығысты бетке алып бүлкектете жөнелді. Жалғыз аяқ көне сүрлеудің екі айырылар тұсына келгенде ақылды жануар сәл қипақтап кідіргендей болды. Иесінің таңдауын тақымнан ұғатын қарагер Ақсайдың аңғарына бұрылатын жолға түсе берді. Жаңа оң жаққа бұрылса Орта сайдың басы, Тоғыз көлді құлдай, Жалпақтың басымен Ойғыр суын кесіп өтіп, Құлжаның кезеңінен Аққолға асатынын ойша бағамдап өтті. «Бұл төте жол – келер бағытым болсын, барарда із тастап, әрі қалың елдің өріс-қонысын бажайлай, Усай, Қаражаматыны құлдап, Көкмойнақ, Соғақ арқылы жүргенім дұрыс», - деп ойлады.

***

Алтайдың төрт пұшпағын өмір бойы Арқаның даласына, Құбының құмына қосып жортқан әккі жортуылшы Қобда беттің қоңыр жон, кер жазығымен тынбай күн-түн қатып, бесінші күн дегенде Қу Ертіс, Қайыртының ортасындағы қалың елдің шетіне ілінді.

***

Қайырты бойында күзеп отырған бес-алты үйлі Таубайдың ауылын оңай тауып, екінті ауа жазыққа қарай ұмсына ұласып жатқан қара тұмсықтың шетіндегі шоқ қарағайға бекініп төңіректі бақылап дүрбі тартты. Ауылдың үсті абыр-сабыр қара шобыр адам. Ауылдан аттанған еркектер мен ақжаулықты әйелдер тұс-тұсқа тарап кетіп жатыр. «Дәу де болса, бұл ауылда бүгін той-тілеу болған шығар?», - деп ойлады. Ауылды алақандағыдай көрсетіп тіміскіген дүрбінің көзі Таубай үйінің кермесінде тұрған баран жылқыға тірелгенде басына қан лыпып, жүрегі дүрсілдеп барып басылды. Шошақ тымақтысы, шұлауыштысы аралас бір топ адам тура осылай беттеп келе жатыр. Әу дем жердегі дөңестегі зиратқа келіп түсіп құран бағыштады. Тұмсықты жиектей аяңдаған аттардың тұяғынан шыққан сылбыр дүңкіл мен адамдардың сараң жауаптасқан сөздері биікте отырған жолаушыға ап-анық естілді. Бұйығы күйге бөккен аттылар тауды жиектеп кезеңге көтеріліп барады.

Кешікпей күн ұясына батып, қас қарая бастады. Сиырларын сауып, бұзауларын байлап, қойларын қоралап, орынға отырғаннан кейін ауыл көз алдында түнгі тыныштықтың тұңғиығына батты. Тек жерошақтардың оты әлі де болса жылтырап көрінеді. Қоржынынан киіз тұяққап алып шығып, атының төрт аяғына кигізіп, бауын бекітті. Қас қарая орманнан шығып, ауылдың бер жағындағы зиратқа беттеді.

***

Ескілі-жаңалы көп бейіттің ішінен көз барда өзі межелеген биік шым қорғанды жанасалай келіп атынан түсті. Алқаракөк аспанның орта тұсында жартыкеш ай бұлттар арасынан сығалап қойып зымырап барады. Ай сәулесі лап еткенде айнала сүттей жарық болып кетеді. Арқан бойы жерде жас қабірді анық аңғарды. Себебі, ай жарығы түскенде жас қабірдің қап-қара топырағы күнсіп қуқылдаған өзгелерінен ерекше көрінеді екен. «Бағанағы қара шобыр халықтың мәнісі осы-ау, сірә», - деп іштей түйіп, ауыл жаққа көз тастап еді, үйлердің түндігінен жылтылдаған жарық та, сырттағы жерошақтың оты да түгел сөнген екен. Анда-санда маңқ-маңқ еткен иттердің даусы ғана мамыражай түннің тыныштығын әлсіз дір еткізіп, ауыл түн құшағына шым батқандай.

***

«Иә, сәт, қанды басың бері тарт», - деп күбірлей тұрып, сыралғы серігінің тізгінін қаңтарды. Қорған түбіндегі қазандай тасқа шылбырын қазықбаулап тастай берген еді, қарагер ат кенет елең етіп, ықыстай осқырынды. Есті жануар жақын маңнан бір бөгде қимылды сезгені анық. «Бұл не болды екен? Не құдірет болса да көріп алайын, нартәуекел», - деген ойға бекініп жан-жағын шола көз тікті. Сөйткенше болған жоқ, жас қабірдің маңында қараң-құраң еткен бірдеңенің сұлбасы аңғарылды. Осы мезетте ай бұлт арасынан тағы жарқ еткенде, дене тұрқы сиырдай әлдебір мақұлықты анық көрді. Алтайдың зират қазып дәніккен қоңыр аюы екенін бірден білді.

Дәл осы кезде бұлт сәл сейіліп, ай жарығы зират аумағында уыздай ұйи қалды. Әй-шайға қарамай бос топырақты бұрқырата көсіп жатқан аюды көрді. «Аш аю ғой, мынау! Қазір мәйітті көз алдымда суырып шығып паршаламақ па! Жоқ, болмайды! Бұл дағы Алланың алдыма әкеліп тұрған бір сынағы шығар! Көз алдымда суыртып жегізіп қоя алмаспын! Алтайдың аюына бірінші рет тап келіп тұрмын ба?! Нартәуекел!», - деген ойлар санасында жылдам жүгіріп өтті. Ердің қасында ілулі қайың шоқпарын оң қолына сығымдай ұстап, қоншындағы ұзын сапысын сабын сипады да: «Я, Алла, өзің жар бол!», - деп жітірмелей басып қабірге қарай ұмтыла берді. Осы кезде бір-біріне дүңкілдей соғылған ағаштың дыбысы естілді. «Бетағашқа жетіп шашты!», - деп ойлады жолаушы жүгіріп келе жатып.

О, құдірет, құлағына кенет: «Уһ, жаным-ай!», - деген ащы бір дауыс естілгендей болды. Аю да осы мезетте селт етіп басын көтеріп алып, сәл аңырып қалғандай болды. Ту сыртына келіп қалған жолаушы аюды қара тұмсықтан қапысыз соғып-соғып жіберді. Не болғанын бірден аңғармай қалған мақұлық жанды жеріне тиген соққыдан талықсып кеткендей, төрт аяғы серектеп шалқалай берді. Әбжіл, әккі қимылмен тұмсықтан, құлақ шекеден жітірмелете соқты да, сапысын суырып алып тақыр қолтықтан жүрек тұсына бойлата сұғып-сұғып жіберді. Талмауыр тұстан төпелеп ұрып жүріп ес жиғызбады. Жан бермек оңай ма, аюдың қорқыраған үні төңіректі дүр сілкіндіргендей болды. Ауыл жақтан иттердің шуылдай үргені, «айт-айт» деп озандатқан адам дауыстары естілді. Аю қансырап барып, жан тапсырғандай қимылсыз қалды. «Иә сәт, сәт Алла!», - деп сапысын аюдың қалың қылшығына сипай сүртіп бойын тіктей бергенде құлағына ыңырсып-уһлеген адам даусы тағы да естілгендей болды. Демін ішіне алып тыңдап еді, адамның дыбысы жартылай үңірейген көрден шығып жатқанын анық аңдады.

Қанша дегенмен, ет жүректі адам емес пе, аюдан қорықпаған басы, мына дыбыстан қобалжығандай болды. Ер жеткелі Алтайдың төрт құбыласын бір-біріне сапырып күн-түн жортқалы талайды бастан кешсе де, мұндайға бірінші тап болуы. Үсті-басын суық тер жауып, жүрегі шіміркенгендей болды. «Жын-пері ме, бұл не болып кетті өзі? Кімнің дыбысы?» Сөйтті де жүрегін басып:

- Кім бар мұнда? – деді.

- Мен, мен! Су-су, беріңдерші! - деді көр ішінен естілген әлсіз дауыс.

«Көрдің ішінде тірі адам бар», - деп ойлады. Сөйтті де апыл-ғұпыл бетағаштың қалған бөлігін топырағымен қоса, бағанағы аю тәрізді аршып үңги бастады. Лақаттың аузын түгел тазартқанда, көр түбінен бозамықтанып кебін көрінді. «Бісіміллә! Ауп», - деп «тірі мәйітті» екі білегіне салып көтерген қалпы, көрдің жиегіне шығарды. Кебіннің бас жағынан буған шүберек шешілген екен. Өрімдей жас жігіттің бет әлпеті көрінді. Жалма-жан белі мен аяғындағы байлауды шешіп, мақталы жеңіл шапапын үстіне жапты. «Уһ, Аллам-ай! Шөлдегенім-ай! Үйдегілер қайда? Мен қайда жатырмын? Сен кімсің?», - деді жас жігіт үрейлене дауысы дірілдеп.

- Қорықпа, балам! Сен әлдеқалай иен далада жатып қалған екенсің. Мен келе жатып тауып алған жағдайым бар. Үрейленбе, жүрегіңді бас.

- Сіз кімсіз? Біз қайдамыз?

- Мен бір кездейсоқ жолаушымын. Сенің аулыңның маңында сияқтымыз.

- Тілім аузыма сыймай тұрғаны-ай. Су-су бар ма? - деді жас жігіт. Көтерген қалпы атының жанына әкеліп, қорғанға сүйеп отырғызды да, жанторсығының тығынын ашып ұсынды. Суды қақалып-шашала ішіп шөлін басқан жігіт түнгі самалды кеуде кере, қомағайлана жұтты. Сәл-пәл өзіне өзі келе бастағандай болғанымен, әлі де аң-таң қалмасына шара жоқ. Айналаға үрейлене қарайды. Ай жарығы түскенде өзіне таныс маңды бағамдап алды ма, кім білсін:

- Біз зиратта отырмыз ба? Бұл не болып кетті өзі? – деп сұрады, қорқынышты дірілмен.

Жас жігітті ақырындап сөзге тартып, көрге тірідей көмілуінің мәнісін сұрап алу керек деп ойлап, суыртпақтап сұрақ қоя бастады.

- Жүрегіңді бас, бауырым. Мен сені осы көрге көмілген жеріңнен тауып алдым. Бір жағдай болғаны анық. Атың кім? Кімнің баласысың? Қай туғансың

- Атым Қареке. Таубайдың баласымын. Сүйегім молқының машаны.

- Ардакүреңнің иесі Таубайдың баласысың ғой?

Жігіт Ардакүреңнің аты аталғанда бейтаныс жолаушының бетіне жалт қарап, даусы қарлыға тамағын кенеді:

- Дәл түстіңіз. Ардакүрең жүйрікті бұл төңіректе білмейтін адам жоқ қой. Тай-құнан кезінде бәйгеге мен мініп шапқанмын.

- Иә, солай ма? Дұрыс екен. Ардакүреңнің дақпыртына мен де қанықпын. Енді бір-екі күн бұрын басыңнан қандай оқиға өткенін есіңе түсіріп көрші.

- Жарайды, кеше.... Алдыңғы күні... Иә-иә, ауылдың жігіттері Көкшынтақта шөп шауып жатқанбыз. Күн шыжыған ыстық болатын. Түскі шайдың алдында суға түсуге барғанбыз. Тағы не болып еді... Иә-иә, өзеннің ортасындағы аралға жүзіп барып, кері қайтқанбыз. Санымның сіңірі тартылып, жағаға жете алмай, жанұшыра малтып келе жатқанмын. Одан арғысы есімде жоқ.

- Демек, солай де. Ендеше тыңда, балам. Екеуіміздің мұнда тоқайласуымыздың мәнісі былай болған деп жорамалдаймын: Сен сол суға түсіп жүріп, ағып немесе батып кеткен боларсың. Жұрт сені судан шығарып алғанымен, тірлік қимылсыз қалпыңды өлдіге жорыған болуы керек. Сөйтіп таңертең мынау зиратқа әкеліп жерлеп тастаған болар. Құдай мені зиратқа бұйрықша айдап әкелген екен. Анау қабірдің жанында дөңкиіп жатқан нәрсені көріп отырсың ба?

- Иә көрдім. Ол не?

- Ол аю. Ажал айдап, сор түрткен бұл хайуан түн жамылып келіп көрді қазып, сені жеуге келсе керек. Мен көр қазып жатқан аюды өлтіріп, сенің дауысыңды естіп, алып шығып отырмын. Солай, балам. Өмірде не болмайды. Су ішкілігің бар екен, балам. Бәрі де Алланың жазғаны болар.

- Ағатай-ай, шыныменен мен көрге тірідей көміліп шықтым ба? Бәсе, мұның бәрі өңім бе, түсім бе деп әлі ештеңенің байыбына бара алмай әңкі-тәңкі отыр едім.

Жас жігіт үңірейген қабір жаққа үрейлене көз салды да теріс қарап отырды. Әлі де өз өзіне сенбей отырған болуы керек. Жолаушы қос бас қоржынын ашып сүрі борша түйілген дорбаны ұсынды.

***

Күздің таңы себезгілей құланиектеп атып келеді. Аюдың терісін етінен шығарып үлгерген екеу зираттың аяқ жағындағы терең өзекте ат шалдырып, беті-қолдарын жуып, күннің көтерілуін күтіп отырды. Жолаушының шапанын қаусырынған Қареке күзгі таңның қыраулы ызғырығына жеңіл дірілдейді. Алтайдың еріншек күні биік жотаның ар жағынан жылтия сығалап алып, көкке баяу көтеріле бергенде үйлердің түңліктері түріліп, көкшулан түтін жоғары созалаңдай бастады. Әдепкідей жайбырақат таңғы тірлігіне кіріскен кешегі қаралы ауыл бүгінгі күн қандай қуаныш сыйларын білген жоқ еді.

***

Тірсек жең мешпетті қапсағай денелі жолаушы бұзау тіс қамшысын қыса бүктеген қалпы ауылға қарай алшаңдай басып келеді. Бір топ ауыл иті жалғыз жаяуды анадайдан көре сала тұра ұмтылды. Екпіндері қатты-ақ. Арсылдай үріп ентелеп келе жатқан иттерден жолаушы бой тартып кідіргектеген жоқ. Әне-міне дегенше сойдақ тісін ақситып арпылдап ең алдымен жеткен тайыншадай көк төбетті қамшымен жасқағандай, шынтағын сәл көтере берді де, қара тұмсықтан тартып жіберді. Талмауырдан тиген соққы ауыр шықты: көк төбет әлсіз қаңқ етті де, екпінімен домалап барып сылқ етіп, төрт аяғы дірілдей серейіп қалды. Жалғыз жаяудың қажыр-қайратын қапысыз сезген өзге иттер: «Кет!», - деп жолаушы қамшысын сілтей ақырып қалғанда, демде сесінен айырылып, құйрықтарын сымпитып безіп кетті.

Ауыл адамдары да состиып, самаладай болып үйді-үйінің алдына қарап тұрған еді. Сөйткенше жолаушы Таубайдың үйінің алдына да келіп қалды. Өзіне қарай беттеп келе жатқан өзге жұртқа назарын салған жоқ, Таубай үйінің сықырлауығын серпе ашып ішке кірді. Табалдырықтан аттай бере: «Ассалаумағалейкум!», - деп сәлем беріп, оң босағада бойын тіктеді. Қаралы үйдің ішіндегілер үдірейісе үрпиіп түгел орындарынан атып тұрды. Отағасы Таубай берген сәлемді алып:

- Уағалейкумассалам, сәлемші болсаң, төрге шық. – деді. Ауыл адамдары да апыр-топыр ентелей кіріп жатты.

- Кімсің? Елмісің, жаумысың? Таң атпай неғып жүрген адамсың? – деді

Жолаушы қамшысын оң жақтағы ер-тұрманның бас жағына тастай берді де:

- Елмін! Алыстан жүрген жолаушымын – деді.

- Жолаушы екеніңді көріп тұрмыз. Кімсің? Қайдан жүрсің? Не үшін келдің, мұнда?

- Сүйегім – найманның қаратайы. Әкемнің аты – Қырқымбай. Өз атым – Садақбай. «Садақбай» дегенде үйдегілер гу ете түсіп, жолаушының бетіне тегіс назар салып, бажайлай қарады.

- Садақбай!

- Әлгі атышулы барымташы Садақбай ма?

- Аю алған мықты, жортуылшы қамшыгер дейтін еді ғой. Сол Садақбай рас сенсің бе? – деп біреуі жітірмелете сұрақ жаудырып, енді берулері өзара күмән білдірісіп үйдегілер дуылдасып кетті. «Сонау Орыс жеріндегі Садақбай мынау Қайыртының жағасында жаяу-жалпы неғып жүрсін. Қой, бекер шығар», - деген күдік-күмән көбінің жүзінде ойнап тұр. Осы кезде сырттан кіріп келген Қондыбай ежелгі танысы Садақбайды бірден тани кетті. Қондыбай да осы ауылдың түн жастанып түз кәсіп қуып, көп жортқан сартақым жортуылшысы еді. Аман-сәлемнен кейін:

- Иә, Садақбай, біздің ауылды қасқырдың соқпасындай, әйтеуір бір төңіректеп келеріңді іштей сезіп, қауіп айтушы едік. Керме қиып, кісен бұзу үшін түн жамылып келе ме десек, ел ақтаған жалаң аяқ диуанаша таң атпай ауыл кезіп, ит қамшылауға көшкенсің бе? – деп қыжыртты кәсіптес жортуылшыны. Жаңағы тырапай асқан көк төбет осыныкі болса керек.

- Жаяу-жалпы ит ұрып жүрсек – ол дағы бір құдайдың жазғаны болар, бәрі де қайырымен болсын, - деді Садақбай сабырлы қалыппен.

Садақбайдың бұл келісінің әсте бекер емесін сезген Таубай жұртқа: «Тыныш, сабыр» дегендей қолын сәл көтерді де, Садақбайға қарап:

- Жә, болды. Садақбай екеніңе сендік. Сонда мына жаяу-жалпы жүрісіңнің мәнісі не? Соны айтшы?

- Пенде шіркін – қашан да құмарлығының құлы ғой! Айшылық алыс жерде, пәлен деген елде аузымен құс тістеген, алдына қара салдырмас өрен жүйрік бар дегенді естісем, сол мақтаған жануарды бір көрмей тынбайтын, ойға алсам айламды асырып жетекке алмайынша ішкен асым бойға тарқамайтын әдетім бар жан едім. Осы құмарлық, Ардакүреңнің даңқ-дақпырты еді, мұнда айдап әкелген. Мына Қондыбай айтқандай, осы өткен түні керме қиып, кісен бұзып Ардакүреңді жетегіме алып жосытып кетпек едім.

Үй ішіндегілер тағы гулесіп, кіжініп-қызынып кетті.

- Ойдөйт деген! Қалай-қалай сөйлейді мына найманның баукеспесі!

- «Жосытып кетпек едім», - деп еркінсиді ғой мынауың, тап бір осы үшін жаратып баптап отырғандай!

- Ендігі жетпегені ел-жұрт болып маңдайға басқан жалғыз жүйрікті ұрының тақымына беру еді.

- «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен», -дегендей, өзіміз қайғыдан қан жұтып жылап отырсақ, қарашы-ей мұның қылығын! – деді Таубай ашуға булығып, қалшылдап кетті.

Мына жұрттың енді қаны қызып, әне-міне дегенше тап беріп, түтіп жеуге бекінгені анық болды. Қарекенің жайын айтатын орай енді келді деп бағамдаған Садақбай үйдегілерге қарата қатты зеки сөйлеп:

- Жә, болды, керейлерім! - деп сәл кідірді де, даусын жұмсарта: - Қан жұтып отырсаңдар, май жұтқызып, шүйіншімді алып кетейін деп келіп отырмын! Шүйінші! Шүйінші ағайын! – деді жүзіне күлкі үйіріліп. Отырғандар тағы да гулесіп кетті.

- Мынаның есі дұрыс па өзі! Зират жақтан келуі әлей еді, расымен де жарымес диуананың қылығы ғой сөзі! – деді Қондыбай. Өрепкіген жұрттың дүлігісін басқан Таубайдың бәйбішесінің сөзі болды:

- Құдай-ау, «май ішкізгенің» не, «шүйіншің» не? Май ішкізуге татырлық жаңалығың болса, бердік, шүйіншіңді! Жұмбақшыламай жөніңді айтшы тез, – деді. Не де болса, бір гәптің барын сезген жұрт Садақбайдың аузын бағып тым-тырыс бола қалды:

- Суға кеткен балаларыңыз Қареке тірі екен! Алланың құдіретімен Қарекенің бір ажалдан аман қалуына себепші болған жағдайым бар, халайық! - деді Садақбай нық сенімді үнмен.

Мұны естіген үй ішіндегілер демдерін ішке тартып тағы да тым-тырыс болып, бір сәт өлі тыныштық орнай қалды . Садақбайдың аузынан шыққан сөзді миларына сыйдыра алмай, тегіс абдырап қалды. Тіпті кейбірінің зәре-құты қашып дәрменсіз қалғандай.

- Сен өзі не оттап отырсың? Суға кеткен Қарекенің сүйегін алып шығып, кеше ғана өз қолымызбен арулап, жер қойнына тапсырған жоқпыз ба? Бұл не мазағың сенің! – деді Қондыбай түтігіп тап берді. Садақбай да жалма-жан атып тұрып Қондыбайға қарап оқталып тұрып:

- Адамды тірідей көрге көму салттарың ба еді! Атйп тұрған жоқпын ба: "Қареке тірі" - -деп. Сенбесеңдер зираттың аяқ жағындағы өзекке барыңдар. Ол сонда менің атымды ұстап, шапанымды жамылып отыр. Баланы үркітіп-қорқытып алмай, еппен барыңдар, жылдам! Үстіне киетін киімдерін ұмтыпаңдар! – деді әмірлі нық дауыспен.

Өз құлағына өзі сенбеген Таубай орнынан ұмтылып тұра беріп, буынын игере алмай мәңгіріп отырып қалды. «Құлыным-ау! Бір жақсылықты сезіп ем», - деген бәйбішенің ащы даусы шықты да талықсып кетті. Үйдің іші ұлар-шу болды да кетті. Кейбірі сыртқа ата жөнелді.

Сәлден кейін ес жиған ауылдың еркектері Қарекенің киім-кешегін көтеріп, Сарқыт молданы алға салып өзекке беттеп бара жатты.

***

Таң бозымен Жазотырдың арнасын кенерелей құлдаған қосар атты жолаушы асықпай аяңдатып Шаңбақкөлден біраз ұзаған соң тізгін тартты. Жетегіндегі күрең тұлпар күншығысқа бұрылып арқырай ұзақ кісінеді... «Бәйбішенің бабымен піскен сүрі қазысының ауылы бұйырса, алыс емес», - деп Садақбай өз-өзіне аса бір разы қалыппен мырс етті.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар