Рүштү Онур. «Эдисон жарығының ізінде немесе әкені қажетсінбеу»
Бөлісу:
Ақын, жазушы Рүштү Онур 1920 жылы Түркия Республикасының Қаратеңіз аймағында орналасқан Зонгулдак қаласының Деврек ауданында дүниеге келген. Әкесі мұғалім болған, ал атасының Ұлт азаттық күреске қолдау көрсетіп, кейін депутат болғаны тарихи деректерде сақталған. Орта білімін Кастамонудағы әйгілі Абдуррахман паша лицейінде бастаған. Бір қызығы, бұл оқу орнында оның ұстазы танымал әдебиетші Абдулбаки Гөлпынарлы болған.
Рүштү Онурдың хаттарында Гөлпынарлының сабақтарына ерекше ықыласпен қатысып, қоңырау соғылмаса екен деп тілегені айтылады. Оның әдебиетке деген құштарлығының негізі осы ұстазының арқасында қаланған дей аламыз. Ол жазған өлеңдерін алғаш болып Гөлпынарлыға көрсетіп, пікірін сұрайтын болыпты.
Дәл осы кезеңде Рүштү Онур денсаулығынан айырылып, ауруға шалдыға бастайды. Сол себепті Зонгулдакқа қайта оралып, Мехмет Челикел лицейіне ауысады. Бұл жерде ол әдебиет пәнінің оқытушысы әрі ақын Бехчет Неджатигилмен тығыз қарым-қатынас орнатады. Неджатигил Музаффер Тайып пен Рүштү Онур атты әдебиетке әуес екі жас ақынның шығармаларын журналдарға жолдайды.
Алайда Рүштү Онурдың денсаулығы тағы да сыр беріп, туберкулез ауруына шалдыққаны анықталады. Мектебін аяқтай алмайды. Алты ай кезек күттіргеннен кейін барып, оны Хейбелиададағы санаторийге жатқызады. Біршама оңалып, жағдайы жақсарған соң қаржы мекемесіне қызметке алынады.
Санаторийге бара жатқан сапарларының бірінде ол Мәдиһа есімді арумен танысады. Олар хат жазысып, араласа бастайды. Бірақ тағдырдың ауыр сыны Мәдиһа ханымды да айналып өтпейді. Ол да сырқаттанып, Хейбелиададағы санаторийде емделеді. Кейін соқырішегі жарылып, оны құтқару мүмкін болмай қалады. Мәдиһа ханымның отбасы оны өмірден озар алдында сүйіктісі Рүштү Онурмен некелестіреді. Олар Стамбұлда бірге тұра бастайды.
Өкінішке қарай бұл неке ұзаққа созылмайды. Бір ай өтпей Мәдиһа дүниеден өтеді. Бұл қайғылы оқиға денсаулығы әлсіреген Рүштү Онурға ауыр соққы болады. Бір айдың ішінде ол қан құса бастайды, содан соң 1942 жылы, жап-жас кезінде (22 жасында) қайтыс болады.
Рүштү Онурдың жаназасына көп халық жиналған екен. Ыстанбұл қаласының Бешікташ аймағындағы барлық сауда орындары сол күні жабылып, халық жерлеу рәсіміне қатысады. Ол Ортакөйдегі Мәдиһа ханымның жанына жерленеді. Рүштү Онур жастық шағының гүлденген уақытында өмірге «қош» айтқан ақын... Оның өлеңдері мен әңгімелері аяқталмай қалды... Ал өмірінің соңғы бес жылы аурумен өтті десек болады... Өлетінін біле тұра өлең жазып, бақи мен фәнидің қос есігінен қатар сығалағанына қарамастан «қимастық» аңқыған шығармалар қалдырды. Ақынның өлеңдерінің, жазбаларының шынайылығы мен ойларының тазалығы, «сұлулығы» содан сіңген болса керек... Алдарыңызға көзі тірісінде жазған әдебиет пен өнер жайлы, тіл мен өлең жайлы, дәстүршілдік пен жаңашылдық жайлы эсселерінің аудармасын ұсынамыз. «Өзінен бұрын жасалған өнер туындыларына жаңалық қоса алмаған өнерпаздың әрекеті шынымен де – қажетсіз және бос әурешілік», - дейді қаламгер... Ендеше, оқиық!
Тірі өнер
Өнердің нан мен су секілді қасиетті екенін түсіне алмағандар оны кейде бізден жырақ, кейде «піл сүйегінен жасалған мұнаралардағы»«мұңлы махаббат хикаяларының» арасында деп елестетеді.
Өнер мына жерде де, ана жақта да емес. Ол біздің ішімізде, біздің жүрегімізде тұтас жаңалығымен, тұтас шынайылығымен жалаңаш күйінде бұғып жатыр. Өнер туралы «халыққа жақындауы керек» деген пікірді ұсынатындар оның өзінен шыққан халықтан алыстамайтынын мойындауы қажет. Халықтан шықпаған, халықтың жан дүниесінде орны жоқ өнер бар болса, оның халыққа жақындауы – күннің жер бетіне құлауы секілді негізсіз әрі мүмкін емес құбылыс. Өйткені халық ең ұлы өнерпазды өз жүрегіненжасап шығарады, ең ұлы өнер туындысын басына шығарып тәж етеді.
Ең ұлы өлең – «Кезбан» сұлудың сүйген жігіті «Әлиден» алған хатында. Қазір «Кезбан» сол хатты жүрегінің ең қымбат тұсында сақтап жүр.
«Құмыралардағы» өрнектер, жаңғақ ағашынан жасалған есіктердегі нақыштар, Алламен бірдей биіктікте тұрған мұнаралардың шатыры, төбедегі әсем суреттер, ең соңында «Кезбанның» аузындағы әндер – халықтан шыққан өнердің жанды мысалдары.
Дыбыста, сөзде, сызықта, нақышта өмір сүріп жатқан халық өнері бар және ол әлі күнге дейін бәрінен биік саналмақ. Өнер – өмірдің бір тірегі, тіпті оның дәл өзі десек те болады. Өнерсіз өмірді елестету мүмкін емес. Халық өнерінің өміршең құпиясын оның өмірмен байланысынан іздеуіміз керек. Жаңа өнерпаз халық өнерінің осы құпиясын түсініп үлгергендер.
Сол себепті өнерді тек экономикалық және әлеуметтік құбылыстар арқылы түсіндіруге тырысатындар, негізінен, өнердің мұңын ойлағаннан гөрі, бедеу идеологияның үгіт-насихатынан аса алмай жүргендер.
Аздаған ой немесе бір ескерту
Өнер әлемі бұлтты сәуір аспаны сияқты бір сәтте төгіліп кеткісі келіп тұратын түнерген көңіл-күйге ие. Мүмкін, дәл қазір біз көктемгі жаңбырдың қарсаңына келіп қалдық. Өнер әлеміміз үлкен жеңістерге толы болары сөзсіз. Бірақ біз осы жолда жасалған әрбір қозғалысты елемей, егін даласының ортасынан үлкен өзен ағып жатқанына қарамастан, жауын тілеу үшін қолдарын көкке жайған жандай дәрменсіз күйдеміз.
Қазіргі дәуірдің шиеленіскен ахуалында біз жасап келе жатқан әрбір қозғалыс пен өз шеңберін бұзуға тырысқан әр талпыныс – «ескіге» қарсы жасалған үнсіз қарсылық. Тарихтың әр кезеңінде ең тамаша өнер туындыларын біз жасаған болуымыз, әрине, әбден мүмкін. Бірақ бұлардың мен үшін ешқандай мәні жоқ. Бастысы – адамзаттың өз өнерін өзі қасақана қирататын аянышты күйінен құтылуы.
Өнердің белгілі бір құндылығы, беделі жоқ қоғамда ежелден қалған ең керемет өнер туындыларының бар болуы түкке тұрғысыз, тіпті аянышты жағдай. Өйткені ең тамаша өнер туындысы тек өнердің құндылығын жоғары бағалайтын, беделді қоғамнан ғана шығады.
Ал жаңғақтың өз қабығын, жібек құртының өз пілләсін жақтырмауы – қалыпты құбылыс. Жаңғақтың өз қабығын мақтауы – оның сол қабықтан ешқашан шықпайтынын, ешқашан дамымайтынын білдіреді.
Бала дүниеге келеді, өседі. Бастапқыда ол тек ата-анасына ғана тиесілі болса, уақыт өте келе ол қоғамның бір бөлігіне айналады. Ал бала әкесін ұнатпайтын күнге жетсе, ол өзіне тиесілі жеке тұлғасын түсініп жатыр деп ұғуымыз керек. Бұл жердегі «ұнатпау» деген сөз өзімшілдікке бой алдырудан ада. Ал бір нәрсені ұнату – қолда бар нәрсемен шектеліп қалу немесе өзі жете алатын кемелдіктің соңғы нүктесін көру деген сөз. Ал баланың әкесін ұнатпауы өзімшілдіктен туындамайды.
Томас Эдисон электр жарығын ойлап табу арқылы әкесінің қажеттілігін жоққа шығарды және оны мойындамады. Өйткені Эдисонның әкесі сол кездері шам жарығының астында өмір сүрумен шектеліп отырған еді. Қазіргі заманның өнер қозғалыстары дәл осындай рухани ахуалды бойына сіңірген. Сондықтан әр жаңа қозғалысты құптай білу керек.
Өнердің шығармашылық құбылыс екендігін ескерсек, өнерпаздың әсемдікті жасау жолында атқарған әрекетінің бос әурешілік еместігіне сенуіміз қажет. Және өмірде бекерге жасалған әрекет жоқ деп ойлаймыз. Бірақ өзінен бұрын жасалған өнер туындыларына жаңалық қоса алмаған өнерпаздың әрекеті шынымен де – қажетсіз және бос әурешілік.
Бұл құбылыс сонымен бірге өнердегі «ескі» мен «жаңа» мәселесін ашады. Өнердің тууындағы басты себеп – бұрын бар нәрседен бізді қанағаттандырмайтын бір олқылықты іздеп табу. Бұл – жаңа формаларды, өмір сүрудің жаңа үрдісін жасауға деген ұмтылыстың нәтижесі. Ескі формалар бізді қанағаттандырса да, қанағаттандырмаса да, жаңа дүние өзін ұсынуы керек.
Заманауи поэзия
«Жұпар аңқымайтын өлеңдер мен
таң қаларлық түгі де жоқ ақындарға
куә болып отырмыз».
Мелих Джевдет
Өлеңсіз өмірді елестету мүмкін емес. Біз оның бір бөлігі, тіпті етене жақын бауыры сияқтымыз. Алайда мұны мойындау, түсіну, сезіну туралы ойлауға да құлықсызбыз. Өлең қазіргі қоғамның, яғни біздің санамызда басқа әдеби жанрлар мен өнер түрлерінің қасында жетім баладай, тіпті өз тегін білмейтін жетесіздей көрінеді.
Өлеңді елемей, оған менсінбей қарайтындарды жиі кездестіреміз. Оны түсіндіруге тырысқандар да бар, бірақ олар әдетте өлеңді қисынсыз ұқсастықтармен салыстырады: біреу оны скрипкаға, біреу фортепианоға, біреу сыбызғының үніне теңейді. Әйтеуір өлеңді не нәрсеге ұқсатпайды десеңші! Мұндай тұжырымдарды естігенде,«өлең деген – босқа жазылатын нәрсе» дейтіндерге еріксіз бас шұлғи салғың келеді.
Біз барлық нәрсені жаңашылдықпен бірге қабылдаймыз, ал өнер мен өлеңде мұндай қозғалыстарды қабылдауға келгенде тоқырап қалып жүрміз. Біз фескадан бас тартып, қалпақ кидік, латын әліпбиін қабылдадық, тілімізді қарапайымдандыру, тазалау жолында жанталастық. Ендеше неге заманауи өлеңді өлшемсіз, ұйқассыз деп жат көріп, өзегінен тептік? Өлеңнің міндетті түрде өлшемді және ұйқасқа құрылған болуы керек деп кім айтты?
Мен бұған келіспеймін. Иә, ақын Яхия Кемаль әлі де аруз өлшемімен жазуын жалғастырып келеді, бірақ оның мазмұнында жаңашылдық бар. Осы тұрғыдан алғанда, Яхия Кемаль дәстүрлі диван әдебиетінің жалғасы болудан әлдеқашан арылған. Оның «Вуслат» (Қауышу) немесе «Итри» (Жұпар) сияқты шығармалары жаңа рухты көрсетеді.
Енді осы шексіз шырмалған пайымдарға нүкте қоятын кез келді. Заманауи өлең формасын жатсыну сезімінің алғаш рет ұлттық баскиім фескадан бас тартып, қалпақ кие бастаған кездегі тосын сезімнен еш айырмашылығы жоқ. Латын әліпбиіне, жаңа түрік тіліне үйренгеніміз сияқты, заманауи өлеңге де бір күні үйренетініміз анық. Әрине, бұл оңай үдеріс болмайды. Себебі ғасырлық поэзия дәстүрі біртіндеп ыдырауда...
Бірақ біз әбден үйренісіп қалған бұл дәстүр жойылғаннан кейін ғана, жаңа өнер мен поэзияның мәні мен ауқымы айқын көрінетін болады. «Жалға берілмеген пәтер» мен «көрерменсіз театр» бізді таңқалдырмайтыны сияқты заманауи өлеңді де жатсынбауымыз керек. Өзінің тар әлемінде тұншығып, туынды жасай алмаған өнерпаз ақырында сол әлемде буылып өлді. Бүгінде мақтанышпен айта алатын жалғыз дүниеміз – өнер адамының шектеулі аудиториясы бар театрдың қуыршағы болудан құтылғандығы. Және ештеңеге қарамастан заманауи ақын өз дәуірінің шынайы болмысын толықтай «құшақтауға» ұмтылады.
«Жұпар аңқымайтын өлеңдер мен таң қаларлық түгі де жоқ ақындарға куә болып отырмыз» деген пікірге еріксіз келісуге тура келеді...
Түрік тілінің тазаруы мен қалыптасуы жолында
Қазіргі күннің ең басты оқиғасы – түрік тілін бөтен сөздер мен элементтерден арылту жолындағы жетістіктер. Тіліміз тазарып, даму дәуірінде тұр. Бұл барша ұлт үшін аса маңызды іс қана емес, мақтануға тұрарлық оқиға. XIX ғасырдағы реформалардан кейін басталған бұл тазару мен төлтумаға қайта оралу қозғалысының табиғи даму жолына көз салсақ, бүгінгі күнге дейін қаншама ұзақ жол жүргенімізді мақтанышпен байқаймыз. XX ғасырдың басындағы ұлтшылдық қозғалысы тіліміздің төлтумаға қайта оралу мақсатындағы іс-шараларын жеделдетті. Ақыры, тәуелсіздік дәуірінде бұл қозғалыс саналы әрі жүйелі түрде жалғасып, жарқын бағытқа бет алды.
Бұл жазбамызда сол тазару қозғалысының тарихын толықтай қарастырудан гөрі, оның қалыптасуы туралы өз ойларымызды қысқаша жеткізгіміз келеді.
Тілдің қалыптасуы сол тілді сөйлейтін, сол тілде ойлайтын және жазатын өнер адамдарының табанды еңбегіне тәуелді. Зергер алтынды қалай өңдесе, өнерпаз да тілді солай өңдейді. Өнер адамы, яғни сөзбен өмір сүретін адам – тілдің қалыптасуында басты рөл атқарады. Мысалы, француз тілін В. Гюго қайта жандандырғаны жиі айтылады. Дәл осылай әлем әдебиетінде осындай мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Бірақ біздегі жазба әдебиеттің өкілдері түрік тілін араб және парсы сөздерімен шұбарлап, оны табиғи қалпынан айырып жіберді.
Тілді шұбарлайтын да, оны таза қалпына келтіретін де – өнерпаз, яғни қаламгер. Сондықтан біз жас өнер иелерінен тілдің қалыптасуына өз үлестерін қосып, қолдан келгенше атсалысуларын сұрауға құқылымыз.
Қысқасы, түрік тілінің қалыптасу дәуірі әдебиетіміздің қалыптасу кезеңімен қатар жүріп жатыр. Біз олардың бір мезгілде өсіп-жетіліп жатқанын анық байқаймыз.
Рүштү Онурдың «Хаттарың алақанымда» кітабынан
Бөлісу: