Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Нұрбек Нұржанұлы. Қаһарман құмырсқалар (хикаят)...

01.09.2025 113

Нұрбек Нұржанұлы. Қаһарман құмырсқалар (хикаят) 14+

Нұрбек Нұржанұлы. Қаһарман құмырсқалар (хикаят) - adebiportal.kz

 

Бек-пектің шытырман уақиғасы

 

Анау құс қанаты талар құзар биіктен қарағанда біздің қала яғни мен өскен жер көзге көрінуі екіталай. Өйткені біз кішкентай жаратылыспыз. Бізді көрген барша тіршілік иелері бізді мүсіркеп, місе тұтпай, тіпті көзге де ілмейді. Өйткені біз – құмырсқамыз. Біз тұратын қала - мына бір илеу. Сыртынан қарағанда қуықтай ғана боп көрінуі мүмкін. Алайда біздің де өз қам-қарекетіміз, қуаныш-мұңымыз бар. Біздің әулет Мономориум тұқымына жатады. Біздің қалашықта сонымен қатар Динопонера тұқымдастар да көптеп кездеседі.  Қала ішіне кірсең көз тоймас кереметтерге тап боласың. Мен осы илеудің ішіндегі ең соңғы тұйық көшенің бір бұрышын мекен етемін. Атым Бек-пек. Қаланың экономикалық әл-қуаты қиын жағдайда дүниеге келіппін. Көзімді ашқалы біздегі қаймана халықтың жағдайы мәз емес. Әрине, бұған қалабасын кінәлап қала тұрғындары талай мәрте митингке де шықты. Билікті жазғырып бақты. Бірақ өзгерген түк жоқ. Қаланы жайлаған көңілсіздік пен үрейден аяқ алып жүргісіз. Біздің үйге жақын маңда шағын мектеп бар. Сонда құмырсқалардың тарихын айтқанда ата-бабаларымыз ірі, дәулетті, технократ, жан-жақты болғаны туралы көп дәріс естиміз. Сонда мен: «Егер ата-бабам сондай болса мен қайдан шыққанмын?» - деп ойлаймын. Себебі сыныптағы құмырсқа балалардың бәрі мені көрсе «түйіршік», «қортық», «құртақан» деп мазақтай жөнелетін. Әрине намыстанасың. Бірақ қарсы шығар қайран жоқ. Онсыз да кішкентай құмырсқалардың арасында кішкене болу деген тіпті өзіңді мына өмірде жоқтай сезіну сияқты. Кейде «бармын ба, өмірдің бір бөлшегімін бе» деген іспетті ойлар да келіп-кетеді.

Ересек құмырсқалардың айтуынша, бұрын біздің қаланың тұрғындары бір-бірімен туыстық қарым-қатынасты берік ұстанған деседі. Бір-бірінің үйіне қонаққа барып, арқа-жарқа көңіл көтереді екен. Ал мен ес білгелі құмырсқаның ешбірі бір-бірінің табалдырығын аттаған емес. Бұған жаңа технологияның белең алуы кінәлі деп жатады. Одан бөлек бәсеке, қызғаныш атты факторлардың да әсері бар. Иә, біздің қалаға шетелдік өзге құмырсқалар патшалығынан көптеген жаңа заманауи тұрмыстық құрал-жабдықтар келеді. Оларды тұқымы басқа құмырсқалар өндірген. Мен де солардың патшалығына барып, үйреніп қайтқым келеді. Әрине біздің қаланың илеуінде де талантты құмырсқалар табылады. Бірақ олардың еңбегі мен ізденісі құмға сіңген судай құрғап кетеді. Біздің қаланың илеуі бірнеше қабаттан тұрады. Ортада бірнеше жерінен төменнен жоғарыға көтеріліп-түсіп жатқан лифт үздіксіз жұмыс атқарып тұр. Қаламыз жарықпен-жылумен қамтамасыз етілген. Әрқайсысымыздың үйімізде интернет, теледидар бар. Былай қарағанда жағдайымыз жаман да емес. Тек құмырсқалар жұмыс таппай әлек. Жастардың көбі әскерге кетеді. Мен де өскен соң жұмыс таппасам әскерге кетеді екем, әжемнің айтуынша.  Ал илеу ішінде жұмыс таба алмаған құмырсқалар жер асты метросына отырып, шетелдік құмырсқалардың еліне сапар шегеді. Ол да мүмкін болмаса илеу сыртына шығып, қауіп-қатерге қарамастан адамзат әлеміне жол тартады. О, ол жаққа әркімнің тісі бата бермес. Сонда кеткендердің қатарында әкем мен анам да бар. Олар менің қамымды ойлап үлкен тәуекелге барыпты. Шаңырағымызда әжем екеуіміз солардың жолын бағып отырамыз. Әжем ата-анама қаратып маған: «Сабағыңды жақсы оқы, біздің үмітті ақта» дейді. Сабақтағы үлгерімім жаман емес. Сонда да мені илеуден түскен шарық пен адамзат әлемі андағайлап шақырады та тұрады. Қарттардың айтқан өсиеті бойынша, ол жаққа бала құмырсқалардың шығуына тыйым салынған. Адамзат әлеміне бару ешбір бала құмырсқаның ойына кіріп-шыққан емес. Себебі ата-әжелеріміз ескіден қалған ертегілерді айтқанда төбесі көк тіреген алып адамдар, жан-жануарлар, құстар хақында қорқынышты оқиғаларды естіп үрейленесің. Адамзат десе бізге мистикалық, қорқынышты әлем елестейді. Қала орталығында кітапханамыз бар. Ол жерде жазушы құмырсқалардың түрлі кітаптарын оқыдым. Соның бірі адамзат өмірі туралы зерттеген Б.Бүкбүк деген жазушының ғылыми шығармашылығы. Бұл кітапты жазар алдында жазушы адамзат әлеміне сапар шегіп, түрлі шытырман оқиғаларға тап болған екен. Ақыр аяғында аман-есен оралыпты. Оның жазуынша, адамдар қаскөй, жауыз, қатыгез келеді. Жан-жануар, жәндік атаулы былай тұрсын өздерін өздері аямайды екен. Соғыстан көз ашпайтын адамзаттан біздерге аулақ тұруға кеңес береді. Алда-жалда адамзат әлеміне тап бола қалсаң аман оралуың екіталай. Бүкбүк жазушының кітабы мені бірден баурап алды. Илеуге кірер қақпадан яғни сыртқы әлемнен түсетін күн шұғыласының еліктіріп әкететіні соншалық, тіптен Бүкбүктің кітабын мансұқтап тұрғандай. Компьютер алдында ойын ойнап, жазу үстелінде сабақ орындап отырсам да адамзат әлемі ойымнан бір елі шығар емес. Төсегімде жатып та неше түрлі қиялға ерік беремін. Бұрын адамдарды өзіміз сияқты жіңішке бел, алты аяқты деп ойлағам. Бүкбүк ғалым оларды екі аяқты, екі қолды деп мен ойлағаннан басқаша суреттепті. Олар да біздегілер сияқты ру, тайпаға, тіпті, ұлт пен ұлысқа бөлінеді екен. Әжем орындықта ұршық иіріп отырып, көзілдірігінің үстінен арады да:

–Балам-ау, неге ұйықтамай жатырсың? – деп сұрады адамдар арасына тап болған қиялымды бөліп.       

–Жәй, көзім ілінер емес. 

–Шам кедергі жасап жатқан жоқ па? – деді аспашамның қосқышына қолын созып. 

–Жо-жоқ, әже... – дедім. – Анам мен әкем кешікті ғой...

–Бағана сен сабақта болғанда келіп, бірнеше дән мен нан әкеліп тастап, қайтадан кеткен. Келетін уақыты да болып қалды, – деді қабырғадағы сағатқа көз тастап. 

Илеу ішінде жұмыс таппаған соң, амал жоқ, әке-шешем аңшылыққа аттанады. Алғашында әкем кенші, анам мұғалім болатын. Дағдарыс қаламызды дендеп алғалы олар да басқа құмырсқаларға ұқсап осы кәсіпті қолға алды. Күн сайын қалаға азық  әкеледі. Оны азық-түлік фирмасы өңдеп, қала тұрғындарына сатады. Содан ата-анам айлық алады. Басқа да ересек құмырсқалар жер үстінен түйіршік, тас, шыбық, қамыс т.б. үй мен жаппа тұрғызғанға қажетті заттар әкеледі. Оларды арнайы фирмалар қабылдап алады. 

–Біздің ұлымыз ұйықтамаған ба әлі? – деп анам мен әкем жарыса сөйлеп кіріп келді. 

–Ертең сабаққа барасың, ертерек жат, – деді әкем зілсіз. Әкелген азықтарын дастарханның үстіне қойды. Анам мен әкемді көріп бір жасап қалдым. Олар адамзат әлеміне кеткен сайын уайымдап отыратыным рас. Аман-есен келгенде шүкірімді айтып, қуанып қаламын. 

Келесі күні бізді мектепке алып кететін автобусты күтіп аялдамада бір топ құмырсқа-балалар топырлап тұрдық. Автобус келіп, қайта орнынан қозғала бергенде досым Тектүк автобустың соңынан жүгіріп келе жатқанын көзім шалып қалды. Арқасына асынған сөмкесі де ауыр. Шопырдан «сәл аялдай тұрыңызшы» деп өтіндім. Шопыр «кешікпей келмей ме» дегендей басын бір шайқап қойды да әзер тоқтады. Тектүк алып-ұшып жетіп, ентіге ішке енді. «Үлгердім-ау» дегендей бос орындыққа шалқайып отыра кетті. Автобус қайта қозғалғанда демін баса алмай маған үздік-создық әлденелерді айтып жатыр. 

–Түк түсінбедім, ентігіңді басшы, – дедім. Ол терең тыныс алып қайтадан сөйледі. 

–Математиканы орындадың ба? 

–Иә, – дедім оның ары қарай не айтатынын білсем де.

–Көшіруге бересің бе? 

–Әрине, беремін, күндегідей... – дедім әр күні менен көшіретінін есіне салып. - Менен көшірдің не, көшірмедің не, бәрібір миыңда болмаған соң не пайда? 

–Білемін ғой... Анам екі алып қалсам ұрсады. Сол үшін ғой. Әйтпесе өзің білесің, менің жақсы көретін пәнім – дене шынықтыру, – деді Тектүк терезеге қарап.

 – Әне, қара, сенің әке-шешең кезекте тұр!

Терезеден аулаққа қарасам илеу қақпасына кезекке тұрған ұзын-сонар ересек құмырсқалар көзге шалынды. Олар күнде осылай кезекті ризығын іздеуге аттанады. Іштей олар мені көрмесе екен деп тілеп тұрмын. Кенет анам байқап қалса керек, көзі көзіммен түйісіп, автобусқа қарап қолын бұлғады. Әкем де іле-шала қолымен сәттілік тілеп, ымдап жатыр. Автобустағы оқушылардың кейбірі маған саусағын шошайтып «қортық» деп мазақтағаны аздай, «аңшының ұлы», «кезбенің ұрпағы» деген сарында қылжақтай бастады. Құлақ-шекеме дейін қызарып кеттім. Ата-анама қол бұлғағам жоқ. Олар үшін намыстандым. Басқа оқушылар құсап әке-шешем неге құмырсқа илеуінде беделді қызметке орналаспады екен деп ұялдым. Құмырсқа-балалар мен тұратын кедей ауданды да мазақ қылады. «Пішту, сен тұратын үй – мына жаппа ма!» деп сыныптастарым бір-екі рет мұрын шүйіре қараған. Үнсіз ғана жүнім жығылып, терезеден басқа бағытқа қарап отырдым да қойдым. Оқушылардың қылжақтары сәлден соң тына қалды. Тектүк мені қорғаймын деп оларға қарсы сөйлеп еді.

–Сен тыныш отыр, сауатсыз! – деді біреуі оның кітапты әлі күнге дейін ежіктеп оқитынын бетіне басып. Автобустың терезесінен артыма қарасам, анам мен әкем  шекарадан өтіп барады екен. Анамның көзі әлі мен кетіп бара жатқан бағытта. 

Кешкісін әке-шешем кешіге бастады. Уайымнан әжем екеуміз түн баласы көз ілмей шықтық. Келесі күні және оралған жоқ. Әжем маған білдіртпей сулықпен жанарын сүртіп:

–Көзіме қоқым кіріп кетті ме, құдай-ай! – деп қояды. 

Бір сұмдықтың болғанын іштей сезіп тұрмын. Үлкендер ылғи да бізден бірдеңені жасырады да жүреді. Ал біз олардың жасырғанын білетінімізді өздерінен құпия ұстаймыз. Мен қорыққан сәт те таяды. Әке-шешем сол күйі келмей қойды. Автобуста бала-құмырсқалар мазақтағанда ата-анам үшін ұялғаныма қатты өкіндім. Қандай жұмыс істесін, бай-кедей болсын, олар менің отбасым, баға жетпес қазынам екенін түсіндім. Екеуінің хабар-ошарсыз кеткені қадірін одан бетер ұғындыра түскендей. Олар менің болашағым үшін құрбандыққа барды ғой. Ал менің ақымақтық жасап, соған бола намыстанғаным неткен тәкәппарлық.  Әжем екеуіміз шекараға, әкімшілікке кірдік, тіптен бармаған жеріміз қалмады. Ата-анамызбен бірге аттанғандардан естуімізше оларды соңғы рет адамзат әлемінде көріпті. Содан бері үшті-күйлі жоқ. Шыдамым шегіне жетті. Онсыз да бұрыннан аңсарым ауып тұратын, мен мұндалап өзіне шақыратын адамзат әлеміне баруға ұйғардым. Әке-шешемді құтқармай қол қусырып отыра алмасыма көзім жетті.   

Келесі күні автобус аялдамасына кідірместен, илеуден шығар қақпаға қарай тартып отырдым. Үстіме әкемнің киімін киіп алғас, жүзімді кепкамен жасырып келемін. Өзімді ересектерше ұстап, шын мәнінде кім екенімді білдірмеуге тырысып бағудамын. Ұзын-сонар кезекке жақындап, шекарашыларға білдіртпей қақпадан шығып кетпек болып тұрғанмын.

–Бек-пек, – деген таныс дауыс селт еткізді. Жалт қарасам – Тектүк. Ұрты томпайып тәтті жеп тұр. 

–Т-ш-ш! – саусағымды мұрныма тақадым да: – Білдіртпе! – дедім. Ол да бірден түсініп, ақырын дауыспен:

–Қайда барасың шырттай киініп? – деді. 

–Әке-шешемді іздеуге... Адамзат әлеміне...

–Рас па? Мен де барайыншы, – деді екі көзі оттай жанып.

–Ол жақ қауіпті... Мен еріккеннен бара жатқан жоқпын. Кедергі келтірме, әйтпесе мені байқап қояды, – дедім де кезекпен ары қарай жылжып, қақпаға қарай жақындай түстім. Тектүк жабырқап қалыпты, кері бұрылып кете берді. «Жолың болсын» дегендей алыстан қол бұлғайды. Қақпа алдында әр құмырсқаның жеке куәлігін тексеріп, жүзін экранға сканерлеп шығарып жатыр екен. Осы кезде алдымда тұрған алып денелі құмырсқа сүйреген арбаның ішіндегі бос бөшкелердің біріне білдіртпей кіріп кеттім. Тағатымызды тауысып біздің кезек те жетті-ау. Шекарашылар арбаны қарамақ болып еді, кезектің тым ұзаққа созылғанына халық шамданды ма екен, әлгі алып аға-құмырсқаны арбасымен бірге тексерместен өткізіп жіберді. Ішінде менің жасырынып жатқанымды аңдаған ешкім болған жоқ. Бос бөшкенің ішінде жатсам да айналам жап-жарық нұрға бөленгендей. Сықырлап, ырғалып келе жатқан арбадан түсуге асыққам жоқ. Әлдекімге ұсталып қап жүрермін, илеуден ұзасын дедім. Біраз жер жүрген соң арба тоқтады. Әлгі алып құмырсқаның ауыр адымдап, алыстап бара жатқаны естілді. Бөшкеден ытқып шығып, арбадан басымды көтеріп қарап едім, жап-жарық шұғыладан басым айналып, көзім үйрене алмай аз-кем бөгелдім. Сонсоң жан-жағымды барлап алдым да аспанға дейін биіктеп өсіп кеткен анау бір ағаштың діңгегіне барып тығылуды ұйғардым. Осылайша арбадан секіріп түсіп алды-артыма қарамай жүгіріп, ойлаған межеге де жеттім-ау. Жүрегім атқып аузымнан шығып кетердей. Артымнан күзетшілер қуалап келе жатқандай болды да тұрды. Бірақ соңыма бұрылсам қуалаған бірі де көрінбейді. Ешкімнің менде жұмысы жоқ сияқты. Көрсе де көрмегендей, әркім өз ісімен әуре. Әр құмырсқа дүрбімен жан-жақты барлап, азық іздеп тұрған сияқты. Сол кезде мына алпауыт әлемде еркіндік дегеннің не екенін алғаш сезіндім. Ал мен өмір бақи құмартып келе жатқан адамзат әлемі – көз тоймас кереметтерге толы. Шексіз, шетсіз аспанға қарай бергің келеді. Биік, алып, асқар жаратылыстарда есеп жоқ. Таңдай қағып, тамашалап тұра берсем дейсің. Мына біздің қым-қиғаш көшесі көп, алып деп ойлап жүрген мекеніміз адамзат әлемінің қасында түк емес екен. Ал адамзат әлемі мына аспан мен анау Күннің қасында құмырсқаның илеуі сияқты шығар деп ойладым. Осы бір сұлу көріністерді бұлт орап алғандай – ата-анамның жоғалғаны еске түсіп, қайтадан ой-санам тұманданды. Дереу өз-өзімді қолға алып, биік шөптерді тасаланып ата-анамды іздей жөнелдім. Қарасам, менен өзге ешкім тығылып жатқан жоқ. Бәрі емін-еркін қозғалып, азықтарын тасып әлек. Жақын маңда әке-шешем бола қоймас деп ойладым. Егер жақын жерде болса онсыз да табылатын еді. Арырақ кезіп, біраз жерді шарлап шығуға бел будым. Теледидардан көріп, кітаптардан оқығаныммен салыстырсам адамзат әлемінің үрейлі түгі де жоқ. Керісінше, мына тұмса табиғат бар қамқорлығын төгіп, аялап тұрғандай. Бәрімізге елжіреп, үздігетін іспетті. Сыбдыр қаққан ағаш жапырақтары, сызыла билеген самал, жып-жылы, жұп-жұмсақ қанаттай күншуақ, бәрі еркелетіп жатқандай. Мынандай әлемде зұлымдық бар дегенге сену қиын. Ата-анам осы әлемнің ғажабын қимай, бірер күнге аялдап қалған шығар деп те ойладым. Расында да уайымдайтын түк жоқ шығар. 

Осы оймен көзімді қарықтырған сұлу көріністерді тамашалап, жан сарайым кеңіп жүре бердім. Кенет өз көзіме өзім сене алмай қалшиып қатып қалдым - аңыздар мен ертегілерде айтылатын, бойымызға үрей тудырған адамдарды өз көзіммен көріп тұрмын. Олар расында да төбесі көк тіреген алып екен. Шынында үрей тудырады. Жүріп, жүгірген сайын жер қайысқан қол келе жатқандай әсер қалдырып, жер сілкінеді. Алып деген адамдардан да өткен алыптар тағы бар. Сосын барып көзім жетті - олар да біз сияқты ата-ана мен бала-шаға боп бөлінеді екен. Анау бір әткеншекте тербеліп жатқан адам – бала да, тербетіп тұрғаны – анасы болды ғой. Алыптығы үрей тудырмаса, соншалықты әкетіп бара жатқан қатыгездігін көріп тұрғам жоқ. Бірі сырғанақтан сырғанап, екінші бірі белтемірге тартылып жатыр. Тағы біреулері қуаласпақ ойнап жүр. Енді бірі құмнан қамал жасап жатыр. Анау қамал ішінде адасып кетермін. Кенет бір бала дәу аяғымен мені басып кете жаздап  қасымнан жүгіріп өтті. Үрейден өне-бойым дірілдеп шеткері шыға беріп едім, басқа бір бала тұсымнан гүрс-гүрс етіп және жүгіріп өтті. Ойламаған жерден айналамның бәрі адамға толып кетті. Олай бір жүгіріп, былай бір секіреді. Қайсысы таптап кетер екен деп жаным қысылып барады. Дәу аяқ былай қашсам – мына жағымнан, олай қашсам – ана жағымнан шығады. Қайда бас сауғаларымды білмей, іштей әжем үйреткен дұғамды қайталап тұра бердім. Жаңа ғана әлгі адамзаттың қаһары жайындағы аңыз-әпсаналарды мансұқтағаным бекершілік екен. Осы сәтте ата-анам аяқ астына тапталып қалмады ма екен деп ойлап үлгердім. Одан бетер үрейім күшейе түсті. Кенет барлығы тына қалды. Басымды көтеріп жан-жағымды барласам балалар бір-бірін қуалап аулаққа кетіпті. «Қой, аяқ астында тапталып қалмай тұрғанда тезірек қашайын» деген оймен ойын алаңынан аулаққа жүгіре жөнелдім. Қашып келе жатқаным сол еді, алдымнан алқызыл түсті төмпешік шыға қалғаны. Ойымда ештеңе жоқ, соның үстіне шығып алсам аяққа таптала қоймаспын деген оймен өрлей түстім. Шыққан сайын таусылатын емес. Кенет қоңыр түсті, ұзынынан төгілген шөпке тап болдым. Мынау неткен биік белес еді деп ойлауым мұң екен, әлгі «белес» орнынан түрегеліп, қозғала бастады. Сөйтсем, алқызыл төмпешік дегенім – қыздың көйлегінің етегі, қоңыр шөп дегенім – шашы екен. Қара басып, қашып құтылмақ болған дұшпаныма өзім қуып жетіппін. «Енді қайттім» деп ойлай бергенім мұң екен, әлгі қыз мені иығынан байқап қалып:

–Апа-а-а! – деп бар даусымен бақырғанда ұшып кете жаздадым. – Құмырсқа-а-а-а! – деп тұра жүгірді. Анасының қасына таяғанда ол мені қызын тістеп алады деді ме екен, шертіп кеп қалды. Ауада қалықтап бадминтон ойнап жатқан балалардың үстінен құсша самғап бара жатыр ем, бадминтон добына тап келгенім. Шартты рефлекстің әсерімен допқа шап беріп жабыса кеттім. Сол мезет екінші бала ауыр соққымен допты бір ұрғаны, тағы да аулаққа ұшып кеттім. Ғимараттың қабырғасына соғылып, секіріп барып ашық балконға доппен бірге еніп кеттім. Доптан сырғып мұздай еденге түстім. Басым бұрын-соңды мұншалықты мең-зең болмаған шығар. Мас секілді шайқалақтап, орнымнан тұра алатын емеспін. Жер шыр көбелек айналып жатыр. Құдды бір айналамдағы заттар жан-жағымда қол ұстасып мені айналып жүрген сияқты. Сырттан балалардың дауысы естілді. 

–Кешіріңіз, апай, апа-а-а-а-й! – дегені сол екен бөлмеге енген талпақ танау, тапал бойлы жуан әйел жердегі допты көтеріп алды. Мені байқаған жоқ. Басып кетпесе болар еді деп шеткері тұра бердім.  – Доп сіздің үйге түсіп кетті, лақтырып жібересіз бе?

–Әй, жүгермектер, арырақ барып ойнаңдар. Тереземді шағасыңдар ма, қайтесіңдер! – әйел шәңк етіп, артынан допты лақтырды. 

–Рақмет, – деді балалар, біртіндеп дауыстары алыстап бара жатты. Әйел бөлмеге кірген, біртіндеп адымдары баяулай түсті. Әлденені сезіп тұрғандай. Жәйімен төсек үстінен бір нәрсені алды. Ұзын сабы мен жалпақ басы бар. Қайдан көргем? Есіме түсіре алмай тұрғаным. Иә-иә, интернеттен көрдім ғой. «Адамдардың әлеміне тап бола қалсаңдар сақ болыңдар, олар осындай құрылғымен жәндіктерді өлтіреді» деп диктор зар қақсап ескертпеп пе еді. Бұны адамдар «шыбын ұрғыш» деп атайды. Есіме түсті. «Сонда әлгі әйел мұнымен кімді өлтірмек?», – дедім өз-өзіме. Мені емес пе дей бергенім сол еді, ойында ештеңе жоқ, шифоньердің есігіне қонып тұрған шыбынды көрдім. Әйел сол шыбынға қарай ақырын адымдап шыбын ұрғышын сайлап барады. Әйел сақтықпен қаруын көтере бергенде бар дауысыммен: «Шыбын, қа-а-аш!» – деп айқайлап жібердім. Дауысым зор шықса керек, шыбын жалт қарап, өзіне төніп келе жатқан қатерді сезді де ұшып кетті. 

–Албасты, бермен кел! Қолыма түсерсің, бәлем! – деп кіжінген әйел тар бөлмені шыр айналып шыбынды қуалап жүр. Шыбын тіс қаққан ұшқыш болса керек, «шамаң жетсе ұстап ал» деп мазақ қылғандай әйелдің басынан бірнеше мәрте айналып өтті. Әйел де ұстаймын деп онымен бірге айналып, шалқасынан құлады. Ентігіп жатқан әйелдің ашуы мұрнының ұшына келіпті. Сәл тыныстап алды да қайта тұрып, қылжақтап жүрген шыбынды қуалай жөнелді. Шыбын қашып жүріп, ақыры «осы ойнағанымыз да жетер» дегендей балконға қарай ұша жөнелді. Ұшып барып терезеге соқтығысты. Сосын басын сілкіп алды да қайтадан соғылды. Осымен қоятын болар десем, жоқ, тағы бір мәрте артқа шегініп барып және ұрылды. «Есі ауысқан ба?» - деген оймен оған:

–Анау ашық терезеден шықсаңшы, – дедім жаным ашып. 

–Адамдар осы көзге көрінбейтін пердені қалай ойлап табады-ей! Қай жерде сұлық кетерімізді білмей дал боламыз, – деді менің сөзіме мән берместен, әйнектің әр бұрышына допша соғылып. Оның қонатын сәтін аңдып, үстінен төніп әлгі әйел тұр. Кенет қиналып кетті ме, маған қараған шыбын:

–Әй, мынаның ашық терезесі қай жағында? – деді шамданып. 

–Сол жаққа тіке ұш та оңға бұрыл, – дедім. Сол сәтте-ақ айтқаныммен жүріп отырып,  сыртқа ұшып кетті. 

Терезе мен жиектеме арасында қоңыраудай  ызың еткен «Рақмет, құмырсқа» деген сес қалды. Бостандыққа тап болған оның халі белгілі. Оған рахат – қанаты бар. Ал мен байқұстың самғайтын қанатым жоқ. Жанымды жалғыз жұбатқаны – өзім сондай түйіршіктей болғаныма қарамастан өзгеге пайдам тигеніне қайранмын. Демек, мына бір алып әлемге араласып жатырмын. Мені шыбын байқады, адамдар көрді. Менен қорықты, тітіркенді. Тіпті, алғыс білдірді. Мен бармын. Мен де бір өмірмін. Мен де әлем ішіндегі кішкене бір әлеммін. Менің де қолымнан бір нәрсе келеді деген ойлар маған қанат бітірді. Бірақ, осы ойым үшін «жазаңды тарт» дегендей әлгі әйел мені байқап қалды. Бадырақ қос қарашығы қосауыздың қос ұңғысындай атылардай боп маған төніп тұр. 

–Аһ, бәлем, сен қайдан жүрсің? Менің үйім жәндіктердің жатағы болғаннан сау ма?! – деп шыбын ұрғышын көтеріп маған қарай төніп келе жатты. Шыбыннан ала алмаған ашуын енді маған көрсетіп бағуда. Қаша жөнелдім. Кішкентай болғаным үшін алғаш рет өкінгем жоқ. Өйткені, мені көру қиын еді.  Ана қуысқа бір, мына қуысқа бір кіріп кетіп, бұрыш-бұрышқа жасырынып қалам. Одан қашып төсектің артына тығылып, кішкентай тесікке еніп кетемін. Не керек, әлгі тапал бойлы әйел шаршады ма, қолын бір сілтеп бөлмеден шығып кетті. Арғы бөлмеден шамданған даусы естіліп жатты. 

–Осыдан балам келсін, ол таппай қоймайды. Оған дейін у-дәрі жағып қояйын, – дейді. Бұл сөзінің мағынасын түсінген жоқпын. Қалай қарай қашарымды білмей далмын. Балконға шығайын десем басқа бөлмелерге қызығушылығым артып барады. Мүмкін сол жақта да оңай  шығар есік табылатын шығар деймін. Келесі бөлмеге қарай беттей бергенім сол еді, әйел мен тұрған бөлмеге кірді. Сандықтың аяғының артына тығылып әлі тұрмын. Қолындағы жаңа айтқан у-дәрі болса керек – бұрыш-бұрышқа жағып жатыр. Осы сәтті пайдаланып бөлмеден шығып едім, ұзын дәлізге тап болдым. Ас бөлмеден түскен күн сәулесі еденде төгіліп жатқан шырын секілді. Абайлап басып алға адымдай бердім. Оң жағымнан және бір бөлме көрінді. Жабық тұр. Есік пен еденнің астындағы қуықтай тесікке оңай сыйып кеттім. Жарықтан шығып бөлмеге енгенім сол екен, көзім қарауытып алакөлеңкеге үйрене алмай біраз аялдап қалдым. Енді-енді көзім үйренген соң бөлмедегі жиһаздарды аңдай бастадым. Төсек үстінде, еденде шашылып жатқан түрлі ойыншықтар маған тап берердей бойымды үрей билеп кетті. Олар бөлмені күзетіп тұрған сақшыдай, әр жерден қылаң береді. Былай қарасам жансыз секілді. Адам балаларының осындай жансыз ойыншықтармен ойнайтынын теледидардан көргенім қандай жақсы болған. Әйтпесе, екі адым сайын жүрегім тоқтап қалғандай-ақ екен. Бірақ, осы үрейім шынға айналғандай болды: Кітап сөресінің бірінде толып тұрған құты. Әр құтының ішіне мен секілді жәндіктерді салып қойыпты. Олар да маған «көргеніміз рас па, өтірік пе» дегендей жәутеңдеп қарап тұр. Бірінші құтыда – көбелектер. Екіншіде – инелік, үшіншісінде жұлдызқұрт, ал төртіншісінде – ештеме көрінбейді. Анықтап қарасам, құдай-ау, әйнек құтыға сүйеніп өзім сияқты құмырсқа тұр. Қолын қайта-қайта бұлғап әлдене айтып жатқан секілді. Не айтып жатыр, не болды екен? Құтыға жақындай беріп едім, басын шайқап отыра қалды. Тағы не болды? Кенет басым айнала бастады. Жүрегім айнып, құсқым келді. Аяқ астыма қарасам әлгі жағылған уды басып тұр екенмін. Енді не болады деп алға қарай адымдай бергенім мұң екен, омақаса құладым. Денемді қозғай алар емеспін, күш жоқ. Айналам бұлдырап көзім қарауыта бастады. Осылай қанша жатқаным белгісіз, талықсып кетіппін. Есімді жисам шыныдан жасалған үйге тап болған екенмін деймін, ата-анам маған қарап, маңдайымды ұстап, қан-қызуымды тексеріп жатыр, әкем мектепке баратын жаңа портфель әперіпті, әжем ыстық сорпа әзірлеп жатыр... Осылай бұлдыр-бұлдыр  елеске мас болып біраз жаттым. Есімді жиып, айналамды аңдай бастағанда қарасам, ешқандай ата-анам да, әжем де жоқ, әлгі құтыдағы бөгде құмырсқа маңдайымды ұстап, төніп тұр екен. Орнымнан атып тұрдым. 

–Еш жерің ауырмай ма? – деді ол жаны ашып.

–Сен кімсің? Мен қайдамын?

–Мен Оқ–поқпын... Дүдү тайпасының жауынгері. Біз құты қамақтамыз. – деді ол тақылдап. Көзінде от ойнаған мына жауынгер қамауда болғанына қарамастан жігері жаси қоймапты. 

–Мұнда қалай тап болдым? – деп сұрадым ендігі жайым не болатынын уайымдап. 

–Оқушы бала сабақтан келді де жерде сұлап жатқан сені көріп, мәз болды. Маған «енді ішің пыспайды» деп сені қасыма жайғастырды. Алғашында саған қарап өліп қалды ма деп қорықтым. Құдай оңдап, удың үстінде ұзақ жатпадың, – деді ол. Сонда барып әлгі әйелдің баласын айтып қорқытқаны есіме түсті. 

–Енді қайттік? Бұл қапастан қалай шығамыз? – дедім тезірек сыртқа шығуға асығып. Әйнек құтыны теуіп кеп жібергенмін, қаттылығы соншалық, аяғым ауырып қалды. 

–Бекер әуре боласың. Мен мың рет көргем. Бірақ, қайран жоқ! – деді ол көнбіс дауыспен. 

–Неге сонша бейқамсың? Біз қапастамыз, сенесің бе? – дедім оған зығырым қайнап. 

–Қапастың несі жаман? Үш мезгіл тамақ, су береді. Әскердегідей таңның атысы, күннің батысы жұмысқа жегілмейсің. Аяқты аспанға көтеріп, шалқаңнан жатасың да қоясың. Рахат! – деді ол. Быттиған бетіне қарасам, шынында жағдайы жаман емес сияқты. Кенет әлдекімнің көзілдірік таққан көз шарасы құты сыртынан бізге төніп тұрғанын байқап қол-аяғым дірілдеп кетті. 

–О-о-о, үй иесі түскі ас әкелді! – деді Оқ-поқ малдасын құрып жайғаса беріп. Ыржиған сары бала құтыны көтеріп бізге нанның, ірімшіктің үгіндісін тастады. 

–Осы ма тамағы?! – деп сұраған даусым оқыс шықса керек, Оқ-поқ селк ете қалды.  – Дастархан қайда, шанышқы, қасық ше?

–Ондайды үйіңе барған соң айтарсың. Әзірге осыған да шүкір, – деді ол түскі асқа білек сыбана кірісіп. Екеуіміз түскі асты ішіп алған соң қашу туралы ойлап, жоспар құра бастадым. Қасымыздағы құтыдағы жұлдызқұрт менің тыным таппай олай бір, былай бір жүргеніме қарап «бәрібір түк шықпайды» дегендей басын шайқап қойды. 

–Түсінбеймін, бізді мұнда қамап не жұмысы бар? Әлде қуырып жей ме? – дедім өз ойымнан өзім сескеніп. 

–Қайдағы жоқты айтпа! Меніңше, біз секілді жәндіктерді үйдің сәні ретінде ұстайды. Біз мына бөлменің көркіміз, – деді Оқ-поқ. Үндемей қалдым. Мүмкін осы айтып тұрғаны рас шығар. 

–Бірақ кейбір балалардың бізге деген жауыздығын көрсең - шошисың. Жәндікте ақысы кеткендей неше түрлі зұлымдықтарды ойлап табады. Мына сары бала басқаларына қарағанда байсалдылау. Кейде ашуына тимесең, өлтірмейді.

–Өл-тір-мей-ді?! – дедім оның бұл сөзді оңай айтып тұрғанына таңғалып. 

–Иә, сен сияқты қашуға әрекеттенген көбелек болған. Тамақ  беріп жатқаны сол екен, ол қаша беріп еді, шыбын ұрғышпен, – аяқтарын шапалақтай көрсетті, – сарт еткізді де мүрдем қатырды.

Мен шошып кеттім. 

–Мен мұны сені қорқыту үшін айтып отырған жоқпын. Сол көбелектің кебін киіп жүрме деп ескертіп жатқаным.     

Көңілім басылып қалды, көбелектерге көз тастап едім, олар да мөлиіп «рас-рас» дегендей маған қарап қалыпты. Қашуға талпынысым су сепкендей басылды. Сонда да түйсіктегі еркіндікке ұмтылыс тыным берер емес. Кенет әлгі көзілдірік таққан сары бала бөлмеге кіріп келді. Теледидардан мультфильм қосты. Төсегіне жатып алып, чипсты шашып-төгіп жеп отыр. Коланы да арасында төңкере ішіп қояды. 

–Мына бала қандай мәдениетсіз! – дедім мен, – Төсекте жатып тамақ ішуге бола ма екен? Оның үстіне апыл-ғұпыл жеп жатқан асы асқазанында қорытылмай, тас болып қалмасына кім кепіл?

–Балалар денсаулыққа зиянды тағамдарды жақсы көреді, - деді көршім. 

–Ал біз көкөніс, шөп-шалаңды жөн көреміз. Онда қаншама дәрумен бар. 

Сары баланың іші пысты ма, аяғын олай қойып, былай қойып, не істерін білмей төсекте ары-бері жатты. Сосын плейстейшен қосып, ойын ойнады. Аздан соң одан да жалықты. Сосын біздің қасымызға келіп, бақырайған көзімен жеп қоярдай қадалып тұр. 

–Мен жаңа ойын ойлап таптым, – деді әмірлі дауыс. Сол мезет құтыны үстімізден алып тастады. 

– Екі елдің нояны құсап жекпе-жек шығасыңдар. Жеңгеніңе тамақ бар, ал жеңілгеніңе жоқ. Аямай соғысыңдар! – деді қарқ-қарқ күліп. Күлгенде арандай ашылған аузына қарап едім, көмейі құрдымдай терең екен. Қорыққаным сонша, бізді жұтып қоярдай көрінді. 

–Не дейді? Кіммен соғысамыз? – деп сұрадым Оқ-поқтан естігенім рас па дегендей. 

–Екеуміз, – деді ол білек сыбана шайқасуға дайындалып. – Амал жоқ, шайқаспасақ мынау екеуміздің де көзімізді жояды. Сосын аш қалғым да келмейді, – деді  ол шындап кірісіп. 

–Мен төбелеспеймін, – дедім. – Қалай саған қол көтермекпін? Ондайға барғым келмейді. Еш жаратылысқа зияным тимесе екен деймін. 

–Қарсы шықпасаң, жеңілесің, – деді ол. 

–Мейлі, – дей бергенім сол еді, арқамнан біреу итеріп кеп жіберді. Мұрттай ұштым. Сары бала саусағымен түртіп жіберіпті. Жаңғырған даусы «шайқас» деп бұйырып тұр. 

–Шайқаспасаң, анау шыбын ұрғышын сайлап қойған. Тарс еткізеді, болды. Оған қызық керек.   

–Жарайды, бірақ, кім біліп жатыр. Өтірік шайқасқан болып, құлап тұра берейік. Соңында мен-ақ жеңілген болайын. 

–Келістік, – деді Оқ-поқ мені айналсоқтап шап беруге дайындалып. Түріне қарасам, шынымен шайқасатындай:

–Қатты ұрмаймыз, жәй-жәй, – дедім дүдәмалданып. 

–Ал, мыналар, – деді сары бала басқа құтыдағы жәндіктерді көрсетіп. – Біздің көрермендеріміз. Мені ұятқа қалдырмай, жақсылап соғысыңдар, – деді сосын аузындағы чипсын малжаң-малжаң шайнап. Оқ-поқ маған ұмтыла бергенде ақырын ғана қолымды сермеп қап едім, ол өтіріктен артқа шегініп, ұшып түсті. «Ойбай» деді бетін ұстап. 

–Тамаша! Тағы да соқ! Аяма! – деді сары бала ұрандап. Оқ-поқ орнынан атып тұрып: 

–Енді, сен жығыл, – деді жаңа ойын бастап кеткенімізді аңғартып. Ол келіп мені ақырын ішімнен соғып қалды. Мен де өтіріктен құлап қалдым. Не керек, адам баласы жекпе-жегімізді айызы қана тамашалады. Біздің өтірік шайқасып жатқанымызда жұмысы жоқ. Бір кезде не мен, не ол беріспей, тіпті осы ойынымыздың өзі қызық болып кеткендей көрінді. 

–Доғар! – деген үн жаңғырып естілді. – Қызық емес болып кетті. Тепе-тең. Сол үшін екеуіңе де тамақ бар. Мә! – деп чипстың бір тілімін қасымызға қойды да құтыны теріс қаратып үстімізге  жаба салды. 

–О-о-о, мынаны бірнеше күн жейміз ғой, – дедім көзім жайнап. 

–Көрдің бе, қырсықпай өтірік шайқасқанымыз қандай жақсы болды, – деді Оқ-поқ риза пішінмен чипстың бір бұрышынан тістеп. 

–Сонда да мына жерден қашу керек, – деп едім, шашалып, қақалып қалды. 

– Сол әуеніңе қайтадан бастың ба? 

–Бізге алып күш біткен. Өзімізден ауыр затты көтере аламыз. Мүмкін мынаны да көтере алатын шығармыз? – дедім де құтының теріс қарап тұрған аузынан ұстап көтере бастадым. Сәл қозғалғандай. Қанша әуреленгеніммен түк шықпады. – Екеуіміз көтерсек қалай болады?

–Түһ, тамақ ішкізбедің ғой! – деді Оқ-поқ орнынан еріне түрегеліп. Екеуміз күш салып көріп ек, сәл-пәл көтерілді. Бірақ, мұнымен екеуміз де шыға алмайтынымыз анық. Үшінші бір құмырсқа болғанда құтылуға  болар ма еді. Көрші құтыдан көбелек-жұлдызқұрттар елеңдеп, бізден көз алмай қарап тұр. Кенет, қайдан пайда болғаны белгісіз, сәл-пәл ашық тұрған терезе жақтауынан қараңдаған әлдене көрінді. Бері қарай жүріп келеді. Пердеге өрмелеп, одан компьютер үстеліне шықты. Содан тіке тартып, бізді салып қойған құтылар тұрған сөреге қарай келе жатыр. Анықтап қарасам, о, құданың құдіреті – құмырсқа. Оқ-поқ екеуміз қуанып кеттік. Аралда адасып қалған саятшыдай қолымызды сілтейміз-ай кеп. Және оған «тығылып кел, адам көріп қоймасын» дейміз айқайлап. Ол тыңдайтын емес. Демде-ақ жанымызға жетіп келді. Жақындағанда әлгіндегі таң қалғаным – таң қалған ба! О, тоба, алдымда қасқайып тұрған - өзіміздің Тек-түк!         

–Қайдан жүрсің? – дедім аман-саулық сұрамастан. 

–Сені құтқаруға келдім, – деді Тек-түк ентігін баса алмай. 

–Қалайша? Мен саған үйде қал демедім бе? 

–Дедің, бірақ осындай бір бәлеге ұшырайтыныңды ішім сезген. Оның үстіне, сен кеткен соң ата-анаң келді. Олар сені менен сұрай ма деп қорықтым да сені іздеп шықтым. Құрт-құмырсқа, инелік,  шіркейлерден сұрастырдым, бәрі «көрмедік» дейді. Тек бір шыбын ғана сені осы үйден көргенін, ашулы әйелден құтылып кетуіне көмектескеніңді айтты. Жарты жолға шейін серік болды маған. Құдайға тәуба! Жолда кездескен түрлі кедергілерден аман-сау шығып, өзіңе де жеттім-ау. 

–Ата-анам аман дедің бе, Тек-түк? – дедім құтының әйнегіне аяқ-қолыммен жабысып. – Мені бұлай ешкім қуантпаған шығар. Сүйіншіңе қалағаныңды сұра!

–Геометрия пәнінен емтихан тапсыруға көмектессең  болғаны!

–Қаласаң барлық пәннен көмектесейін, – дедім қуанышымда шек жоқ. – Танысып қой, Оқ-поқ! Мынау менің сыныптасым – Тек-түк, – дедім. Екеуі бас изесті. 

–Ұрыста тұрыс жоқ! Мына қапастан шығуға көмектес бізге, – деді Оқ-поқ Тек-түкке. Үшеуміз үш жерден ұстап құтының аузын көтергеніміз сол екен, құтының бір шеті біз сиярлықтай биікке көтерілді. Оқ-поққа қарап:

–Тез өтіп кет, – дедім, – біз көтеріп тұрғанда. 

Жүрегіміз өрекпіп, кеудемізге сыймайды. Адамдар көріп қоймасын деп дегбірсізденіп тұрмыз. Көбелектер мен инеліктер қанаттарын қағып, құтының ішінде шыр айналып ұшып жүр. Бізге болысып, тақым қысқан түрлері. Оқ-поқ құтыдан шығып үлгерді. Шыға салысымен ол да құтының аузын ұстай қалды. Тек-түк қызарып-бозарып:

–Тез-тез болмасаңдар, қолымнан сырғып барады, – деді. Мен құтының аузын жіберіп едім, екеуіне күш еселене түссе керек, еңкейіп барып қайта түзелді. Құдайға шүкір, сыртқа шығып үлгердік. Құтыны тастай салдық та үшеуіміз алақайлап, арқа-жарқа болыстық.

–Адамдар келіп қалмай тұрғанда басқа жәндіктерді де құтқарайық, – дедім. Екеуі бірден қолдай кетті. Осылай үшеуміз қалған құтыларды да көтеріп, жәндіктерді босаттық. Көбелектер мен инеліктер төбемізді айнала ұшып, алғыстарын жаудырып жатыр. Жұлдызқұрттар да асықпай, аяңдай басып бастарын изеп қояды. 

–Сендер кішкентай болғандарыңа қарамастан, ержүрек екенсіңдер! Денелерің кішкентай болғанымен, жүректі екенсіңдер! – деді. Бәріміз жамырай, жылжып отырып терезе жақтауына да жеттік-ау. Кезек-кезекпен терезенің ашық қуысынан далаға шығып жатырмыз. Біз – үш құмырсқа басқаларын бұрын өткізіп, ең соңынан бір-ақ шықпақпыз. Бірі болмаса бірі қалып қоя ма деген уайым. Не керек соңғы көбелек те ұшып өтті-ау дей бергенде бөлмеге сары баланың кіріп келгені. Қолында гамбургер. Ойында ештеңе жоқ. Кішкене тілімін алып құтыны көтерді де ішіне тастай салды. Көзіміз шарасынан шығып кете жаздады. Бір-бірімізді итермелеп «болыңдар-болыңдар» деп жатырмыз. Ал әлгі сары бала бургердің тілімін келесі құтыларға да тастап шықты.

–Бүгін кезек көбелектерде. Сендерді төбелестірем! – деді аузындағы тамағын шайнаңдап, өзі терезеге жақындап қалыпты. Оқ-поқ пен Тек-түк қуыстан енді өте бергенде әлгі бала байқап қойды. Көзі бақырайып, бізге бір көз тастады да артындағы сөреде тұрған құтыға жалт қарады. Бәрінің іші бос. Ашудан түтігіп кетті. 

–Аһ, бәлем, менен қашып құтылмақсыңдар ма?! – деді де бұрышта тұрған ескі газеттің бірін алып, үстімізден ұрып қалды. Шаң бұрқ етті. Бізді өлді деп ойласа керек, айызы қанып, көзі жанып мүрдемізді іздей бастады. Біз жалтарып, қуыстың ішіне еніп үлгердік. Саудырап келе жатқан сар жапырақты дәл терезе тұсынан көріп қалдық. Сары бала тісін шықырлатып, жүзі түтігіп, терезені айқара ашты да үстімізден төмпештей бергенде нар тәуекел етіп, жапырақтың үстіне секіріп түстік. Үшеуміз де дөп түсіппіз. Артымызда шаң бөгіп қалды. Әлгі бала айқайлап, ашулана бастады. 

–Менен құтылам деп ойламаңдар! Қолыма әлі-ақ түсерсіңдер! – дейді. Ар жағынан анасы келіп қалды, ол да ашу шақырып жұдырығын түйіп бізге сес көрсетті. Жапырақ үстінде самал желмен қалықтап келе жатып, нақ еркіндікке жеткенімізге шын қуандым. «Тәуелсіздік – саған жетер теңдесіз ләззат жоқ шығар» деймін іштей маңдайымды күнге тосып. 

–Адамдар неткен қатыгез еді, – деді Тектүк басын шайқап. 

–О, олардан айла артылған ба! Біздер, құмырсқалар, адамдардан алыс илеуде өмір сүретініміз бекер емес. Бұлардың зұлымдықтарында шек жоқ, – деп қостады Оқ-поқ. Жапырақ қалықтап кеп бақшадағы сәкінің үстіне қонды. Ұшақтан түскендей бір-бірімізге «жерге қондық па» дегендей қарап қалыппыз.

–Ал ендігі бағытымыз қалай? – дедім сасқалақатап. – Адасып кеткен жоқпыз ба? 

–Қорықпа, – деді Тектүк қалтасынан телефонын шығарып. – Қазір навигаторды қосам, үйге өзі-ақ алып барады. 

Оқ-поқ екеуміз қуанып кеттік. 

–Ата-анаң телефон ұстауға рұқсат бере ме? – деп сұрады Оқ-поқ оның телефонына қызыға қарап. 

–Жоқ-ә, ағамдікі ғой. Уақытша керек болар деп алғам. Үйге жеткен соң қайтарып беремін. 

–Қалай қолдануды білесің бе? – дедім оның телефонды сонша ұзақ шұқылағанына мазасызданып. 

–Білмегенде ше, тек мына құрғыр... – деді телефонға телміріп, қабағы түйіліп кетіпті. – Интернет ұстамайды екен мұнда. 

–Мүмкін анау баққа қарай барармыз. Біздің илеулер сондай жерлерде орналасады ғой әдетте. Интернет сонда жақсы ұстайтын болар, – деді ойында ештеңе жоқ Оқ-поқ. 

–Кеттік, – деп үшеуіміз жүре бергеніміз мұң екен, бір адам келіп үстімізге отырып жатты. Шошып кетіп, тұра жүгірдік. Басып қала жаздады. Байқамаса керек, әзер құтылып, жолымызды жалғастырдық. Сәкіден сырғып, қалың жыныс ішіне қарай жол тартып барамыз. Біз шақырымдап жүрген жолға адамдар демде-ақ жетіп алады. Велосипед, скутер, самокатқа мінгескен балалар бізді таптап кетердей, олай да, бұлай да өтіп жатыр. Біз байқұс құмырсқаларға адамзат әлемінде жол ережесі жоқ. Бізді көздеріне ілмейді. Біздің де өтіп бара жатқанымызда ешкімнің шаруасы жоқ. Осылай ойланып келе жатқанмын, мұңыма тұздық болсын деді ме, бір адамның аяғы төбемізге төніп қалыпты. Сондай жылдам, қашып үлгере алмаспыз. Құрыдық деп ойладым. 

–Абайла, құмырсқалар! – деген қыз баланың дауысы естілді. Бізді таптап өтуге бір елі қалған аяқ кері шегінді. 

–Шынында құмырсқалар екен, – деді әлгі аяқтың иесі. Ұл бала екен, қасындағы қыз балаға таңырқай қарайды. – Сен айтпағанда басып кеткендей-ақ екенмін. Қырағы екенсің.

–Атам айтпақшы: «Тірі жандының обалына қалма. Мейлі, жан-жануар, өсімдік, тіпті, жәндік болсын». Сол үшін біреуін болмаса біреуін басып кетпейін деп ылғи аяқ астыма қарап жүрем.

–Не деген кішкентай, – деп екеуі бізден көз аудармай қарап тұр. 

–Сау бол, Сәлім, – деді қыз балконнан қол бұлғаған анасын көріп, сосын үйіне қарай жүгіре жөнелді.       

–Сау бол, – деді ұл бала бізден көзін аудармай. Осы кезде мен іштей қыз бала кетпесе екен деп тіледім. Өйткені, мына ұл әлгі сары бала құсап бізді құтыға сап, қапаста ұстай ма деп қорықтым. Бірінен әзер құтылғанда екіншісіне тап болғанымыз өкінішті. Сөйтіп ұнжырғам түсіп тұрған, ұл бала бізді алақанына салып көтеріп алды. 

–Саудамыз бітті, – деді Оқ-поқ әлденені сезгендей. Бізді уысынан шығармай ұстаған бала жүріп келеді, жүріп келеді. Саусақтарының арасындағы қуыстан қарасам, күндік жолды жүріп тастағандай болдық. Кенет бізді жерге қайта түсіріп, бір төмпешіктің үстіне қойды. Айналамызға зер салсақ – құмырсқаның илеуі. Оқ-поқ қуанып кетті. 

–Мынау менің елім, менің Отаным! – деді алақайлап. – Мына бала жақсы адам екен. Ол бізге қамқорлық танытты. 

Осы сәтте менің адамдар туралы ойым тас-талқан болды. Олардың да арасында жақсылар, ізгілер бар екенін білмеппін. Іштей қуанып тұрмын. Оқ-поқтың шаттығына ортақтастық. Алайда біздің үй қай маңда екені белгісіз. Ата-анам уайымдап қалатын болды-ау деп жабырқадым. 

–Жүріңдер үйге, шәй ішіңдер, – деді Оқ-поқ қонақжайлық көрсетпек болып. 

–Біз үйге қайтуымыз керек! Құшағымыз өзіңе дәйім ашық деп білгейсің, – дедік жаңа дос тапқанымызды аңғартып. Әлгі бала орнынан тұра беріп еді, кетіп қала ма деп жанұшырдық. Тектүк қолымен «Оқ-поқ осында, біз басқа жақта тұрамыз» дегендей ымдап, ишаралап жатыр. Кекілін жел тербеген қара торы бала «солай ма» дегендей алақанын ашты. Біз қайта міндік. Илеу қақпасында шекарашыларға құжат көрсетіп жатқан Оқ-поққа қол бұлғадық. 

–Құмырсқалар, сендердің үйлерің қайда? – деді бала жанашырлық танытып. –Анау маңда тағы бір илеу бар, мүмкін сол жерде шығар. Тек-түк телефонымен әлек. 

–Интернет неге ұстамайды?! Біздің ел әлі де дами түсуі керек. Не сұмдық мынау! – деп шамданып жатыр. 

–Енді біз өз елімізден алыстамыз ғой, – дедім адамзат әлеміне зер салып. 

–Сонда да ғылым қарыштап дамып жатыр, реттейтін уақыт болды ғой! 

Адам біздің өзара сөйлесуімізді қызық көргендей, қайта-қайта назар аударып қояды. Әттең бір-біріміздің тілімізді жөнді түсінбейміз. Әйтпесе тілдесетін қаншама дүние бар. 

–Әп, бәрекелді! Интернет іске қосылды! – деді Тек-түк қуаныштан қанаттанып. – Енді навигатордан үйіміз қайда екен біле аламыз. Міне, мына бағытта!  – деді қолымен алдымыздағы ғимараттың оң қапталын нұсқап. Мен де оған қосыла кетіп адамға сөйлесек жауап қатпағаны былай тұрсын, қарамайды. Өз ойымен өзі әлек боп кетіп барады. Біздің айқайлап тамағымыз қарлығып, қолымызды бұлғай-бұлғай бұнымыздан түк шықпасына көзіміз жетті. Енді не істеу керек? Ойлана келе адамның алақанын тістеп алу керек деген шешімге келдім. Сонда, амал жоқ, қарайтын шығар?

–Ал, қарамаса ше? – деді Тектүк қобалжып. 

–Онда қайта-қайта тістейміз, – дедім де алақанын бас салдым. Мұнымды шыбын шаққан құрлы көрмеген ол жәй ғана «алақаным қышып кетті ғой» дегендей бізге назар аударды. Ойымыздың іске асқанына көңіліміз көтеріліп қалды. «Былай қарай» деп үйіміздің бағытын нұсқап жатырмыз. Ақылды бала екен, біздің ымымызды бірден түсінді де бағытын өзгертті. Жүріп келеміз. Картаның нұсқауымен солға бұрылдық. Сосын тағы оңға. Осылай бірер минут жүрдік. Біршама ұзап кетіппіз. 

–Келдік, – деді оқыстан Тек-түк, даусы жарқын естіледі. Естігенім «шын ба, өтірік пе?» дегендей біршама тосылып қалдым. Қуанышымда шек жоқ. Бірақ бала төменге қараған күйі қақшиып тұрды да қойды. Жерге түсіретін емес. Ал біздің үйге қайтқымыз келеді. Оның жүзінен ашудың табы әнтек қана білінді. Бізді әдейі түсірмей тұр ма, әлде жерде бірдеңе боп қалды ма деп қарайын десек, алақанын қысып алғаны сонша, ештеңе көрінбейді. Бір кездеалақаны гүлдің ашылған қауызындай жәйімен ашылып келе жатты. Гүлдей ашылған Күн де «үйлеріңе қош келдіңдер» деп құттықтап тұрғандай. Көзімізбен бірден үйімізді іздей бастадық. Сол мекен, сол аймақ. Бірақ үйіміз жоқ. Жан-жағында адамдардың бірнеше баласы қаламызды ойыншыққа айналдырып әлек. Жермен-жексен болған қаламыз қопарылып жатыр. Бір шетін су басқан. Қала тұрғындары жанұшырып жан-жақа бет алды қашып барады. Белі бүкшеңдеп, балдақ таянған қария құмырсқалар да жүр. Ал әлгі бұзық балалар құмырсқаларды тірі жан деп жатқан жоқ. Шықпыртып қуып, таптап баспақшы. Азан-қазан болған мемлекетімді ойлап жанарымнан ыстық тамшы ытқып кетті. Мына Сәлім деген бала неге алақанын ашпай тағы біраз тұрғанда мына сұмдықты көрмес едік деп ойладым. Бойымды намыс кернеп, Отаныма деген махаббаттан ба, шамама қарамай әлгі адам балаларына қарсы шықпақ болдым. Осы оймен Сәлімнің алақанынан сырғып отырып, киімімен ылдилап төмен түстім. Әлгі бұзық балаларға бара жатып жан-жағымда қашып бара жатқан құмырсқаларға мән бермеппін. Кіп-кішкентай қалпыммен адамдардың алып балаларымен шайқаспақпын. Аяқ астынан таныс дауыс естілмегенде, кім біледі, осы қалпымда тапталып қалар ма едім.

–Бек-пек, құлыным! – деген дауыс оқыстан естілді. Қарасам шұңқырға түсіп кеткен әлдекімнің жаулығы қараңдайды. Кім де болса көмек қолымды созайын деп жақындап барсам – әжем. Дереу әжім басқан қолынан ұстап жоғары көтеріп алдым. 

–Балам-ау, аманбысың? Іздемеген жеріміз қалмады ғой, ботам! – деп жыламсырап бет-ауызымнан шөпілдетіп сүйіп жатыр. 

–Әже, мен үлкен жігіт болдым ғой, – дедім енді мені уайымдаудың да, соншама сүйгіштеудің де қажеті жоқтығын аңғартып. – Мен келдім, бәрі жақсы болады, – дедім өзімді ересектерше ұстап. – Арқама отырыңыз!

–Айналып кетейін, ер жетті деген осы! – деп әжем сүйегі сықырлап, арқама әзер отырды. Әжемді арқалаған күйі жүгіріп отырып, қарағай діңгегіндегі қауіпсіз орынға апардым. 

–Әже, әке-шешем қайда? 

–Жаңа осында жүрген! О, құдай, аман болса екен!

–Уайымдамаңыз мен қазір тауып келемін, – дедім де айналаны тінтіп, әрбір қуысты қарап, ата-анамды іздей бастадым. Қас қарайып, ымырт үйіріліп келеді. Қарасам дәл алдымда Тек-түк сәби құмырсқаларды көтеріп алып, шетке қарай әкетіп барады. Маған қарап көзін қысты. 

–Сәлім қазір әлгі сотқарлардың сазайын береді, қара да тұр! 

 Шынында Сәлім әлгі бұзақылардың қасына барып, оларға өктем сөйлеп тұр. Адамдардың даусы микрофон жұтып қойғандай жаңғырығып естіледі.

–Әй, сендер! Мына илеуде нелерің бар?! Осыншама қатігез болғандарың қалай?! – деді зілді дауыспен. 

–Не шаруаң бар бізде, мұрынбоқ?! – деп арасынан біреуі орнынан атып тұрды. 

–Біле білсеңдер, құмырсқалар да біз секілді жанды тіршілік иесі. Үй-жайы, қам-қарекеті бар. Олардың обалына қалатындай не көрінді?! Илеуіне су төгіп, қазып-қопарып тастапсыңдар! Қаншама бейбіт құмырсқалар далада жамырап жүр, әне! Ал сендер одан бетер оларды қинап, таптамақсыңдар. Бұл дұрыс емес! – деді Сәлім ызбарланып. Ал әлгі бұзақы балалар болса, бір-біріне ыржиып-қылжақтап қарап тұр. 

–Өзіміз білеміз! Жөніңе жүр! – деп біреуі Сәлімнің кеудесінен итеріп қалды. Анау итердім дегенде Сәлім оны оң жамбасқа салып мұрттай ұшырды. Екінші бала шамданып кетті де:

–Әй, мен таэквондоға барып жүрмін. Қара белбеудің иесімін. Кет деген соң кет! – деді ескерткен сыңаймен аяғын талтайтып, шайқас тұрысына икемдеп. 

–Ал мен бала күнімнен күреске қатысам, – деді Сәлім алақанын жұмып-ашып. Әлгі сотқар аяғын көтере бергенде Сәлім оны да күрестің тәсілімен қалпақтай ұшырып, астына басып алды. 

–Құмырсқаларға тиісесің бе енді?! – деді ол әдеттегі «жеңілдің бе» дегеннің орнына.

–Жо-жоқ, енді қолымның ұшын да тигізбеспін, – деді әлгі бұзақы қалбалақтап. Үшінші бұзақы бала екі жолдасының жатысын көріп, қаша жөнелді. 

–Бері кел! – деді алғашқы құлаған бала оның соңынан айқайлап. – Сатқын екенсің!

 Сәлім түрегеліп, үстін қақты да қазір ғана құлатқан баланы қолынан ұстап тұрғызды. 

–Ал, қалай, енді жәндіктерге тиісесіңдер ме?! – деді. Әлгі екеуі «иә» дейін десе тағы таяқ жеп қаламыз ба деп, «жоқ» десек абыройымызға сын бола ма деп екіойлы болып тұрып қалды. Дегенмен Сәлімнің мысы басты ма, әлде айналада шұбырып жүрген құмырсқаларға жаны ашыды ма екен:

–Қойдық, – деді де кері бұрылып жөндеріне кетті. 

Жердегі құмырсқалардың барлығы қол шапалақтап, қуаныштан қалпақтарын аспанға атты. 

–Қақаған қыстың келуіне таяу қалғанда, еліміз зобалаңға тап болып, ендігі күніміз не болады деп уайымдап едік. Өзіңді бізге Құдай жіберген екен, – деді Сәлімге қарап тұрған қарт құмырсқа. Ал Сәлім соншама құмырсқаның арасынан екі кішкене досы – бізді көзімен іздеп тұр. Ақыры дәл аяғының қасында тұрған бізді таныды. Алақанына қайтадан көтеріп,  Тек-түк екеуімізді бүкіл құмырсқалар тайпасына көрсетті:

–Құмырсқалардың еңбекқор ғана емес, ержүрек болатынына мына екеуі арқылы көзім жетті. Мына жайрап жатқан үйлеріңізді қайта тұрғызуға қолымнан келгенше көмек қолын созам, – деді Сәлім. Мен іштей оған дән риза болдым. Жоқ, адамдардан күдер үзуге болмайды екен. Жақсы да, жаман да, ала да, құла да алмасқан дүние екен. Сондықтан жақсылық пен ізгілік үшін қашан да күресу керектігін түсіндім. Әйтпесе, жаңағыдай бұзақылар болмаса Сәлімдей жанашырдың барын білмес те едік. 

Адасқандар табылып, туыс-тумалар қайта қауыштық. Іздеген жерімнен ата-анамды таппай ұнжырғам түсіп, әжемнің қасына қайтып келгенмін. Сөйтсем олар әжемнің қасында аспай-саспай шәй ішіп отыр. Қуанышым қойныма сыймай, құшақтарына кіріп кеттім. Қатты сағынып қалыппын. «Болды, қой, енді» десе де құшағымды жаза алмай тұра беріппін. Оларды қайтадан жоғалтып алудан қорқатындаймын. 

–Балам-ау, қайда адасып кеттің? Сені іздеп шарламаған жеріміз жоқ, – деді әкем арқамнан қағып тұрып. 

–Сіздерді іздеп адамзат әлеміне кеткем, – дедім ол жақта тап болған қиындықтарды жасырып. Өйткені олар уайымдамасын, көңіл-күйлері түспесін дедім. 

–Екінші ондай қауіп-қатерге барушы болма! – деді анам зілсіз ашуланып. 

–Жарайды! 

–Қошақаным, – деді анам қайтадан құшағына қысып. 

–Мені кешіріңіздерші... – дедім жыламсырап. 

–Бұдан былай ондай қатерге барушы болма! – деді әкем сөзімді бөліп. 

–Оны айтпаймын... – дауысым дірілдеп тұр, – сыныптастарым мені «шаруаның баласы» деп мазақтаған сайын олардың көзінше сіздердің азық іздеп адамзат әлеміне шығып бара жатқандарыңызға қарап намыстанатынмын. Сіздер үшін ұялатынмын... Біздің қалада сіздерге жұмыс құрып қап па деп ашуланушы едім. Мұным бекер болған екен. Сіздер мені оқысын, тоқысын, өсіп-өнсін деп осындай қатерге барған екенсіздер. Кеш білдім... Ал сондағы «ата-анаң жер үстіне кетті» деп мені мазақ қып, сіздерді қор көрген балалар мен олардың менменсіген әке-шешелері, міне, бәрі де жердің үстіне шықты. Сіздер секілді шаруалардың еңбектері ерен екеніне көздері жетті. Мен сіздерді мақтан тұтам... Кешіріңіздер мені...

Анам мен әжемнің жанары суланып, орамалмен сүртіп қояды. Әкем арқамнан қағып «ақылыңнан айналайын» деді. 

–Біз де сені мақтан тұтамыз, балам, – деді анам.     

Бұл түнді бүкіл қала тұрғындары адамзат әлемінде, ағаш діңгектері мен қуыстардың арасында өткізді. Шынында көз шырымын ала алмадық. Ойламаған жерден бұзық балалар диюдай шап беретіндей болады да тұрады. Бақшада қараңдаған ағаш жапырақтары да үрейімізді ұшырып тұр. Не керек, үйдің, атамекеннің қадірін түсінгендей болдық.  Ал таң атар-атпастан қаланы қалпына келтіру жұмыстарына қызу кірісіп кеттік. Құлаған тамдарды көтеріп, көше-жолдарды жөндеп, бұзылған нысандарды күрделі жөндеуден өткізіп, қайтадан тұрғыздық. Жас демей, кәрі демей, бәріміз жұмыла кірістік. Бір кезде алыстан қараңдап, бір тайпа қол келе жатты. Көшті бастап келген баяғы досым Оқ-поқ. Жақындай бере құшағын айқара ашты.

–Амансыздар ма? Жаңалықтан көріп, жетіп келдік. Ас-суымыз, киім-кешегімізді әкелдік. Қала көп ұзамай бұрынғы көркін қайтадан табар, – деді шабытымызды қоздырып. 

Ал жақсы адам – Сәлім болса, сыртқы жұмыстарға көп көмегін тигізді. Қолынан келгенше илеудің кіре берісін биіктетіп берді. «Өзім де ешкімнің зияны тимесін деп жиі қарап тұрам» деді. Осылай бәріміз жұдырық боп жұмылып, қаланы қайта тұрғызу жұмысын бірер күнде тамамдадық. Қаламыз бәз-баяғыша жарқырап-жайнап шыға келді. 

Бір күні ата-анам адамзат әлеміне кезекті қатерлі жұмысына бара жатты. Әдеттегідей ұзын-сонар шекара күзетінде тұр. Арқама сөмкемді асынып алып, оларға қол бұлғадым.

–Сәлімді көріп жатсаңыздар, сәлем айтыңыздар, – дедім көзім мөлдіреп, менің де адамзат әлеміне барғым келді. 

–Айтқандай, ол саған кеше сәлем жолдаған, – деді әкем. Құлағым елең ете қалды.

–Не деді?

–«Бек-пектің өзі кішкентай болса да жүрегі кең екен» деген, – деді әкем бойын мақтаныш кернеп. Мен де көтеріліп қалдым. 

Мен мұндалап тұрған илеудегі шыға беріске қарап: «Әуелі сабағымды жақсы оқуым керек» дедім иығымнан сырғып бара жатқан ауыр сөмкемді түзеп. 

 

Тектүктің арманы

 

Оқушы құмырсқалар Бек-пек пен Тектүк төртінші сыныпқа көшкен. Бек-пек былтырғы оқиғадан сабақ алып, ата-анасының рұқсатынсыз ешқайда кетпейтін болған. Ал Тектүк болса керісінше бір рет адамзат әлемінің дәмін татқан соң ба, қайта-қайта шекара қақпасына үздігіп қарай береді. Мектептен қайтқан екеуі автобустан түскен бойда Тектүк Бек-пекке: 

–Сау бол, ертең «шекем-тас» ойынын жалғастырайық. Сенен қалайда есемді қайтаруым керек! – деді. Бекпек басын шайқады:

–Саған дауа жоқ екен. Апай жаңа сабақтан қайтып келе жатқанда не деп еді? 

–Бәсе, не деді? 

Тектүк шынымен білмейтінін аңғартып, басын қасыды.

–Ертең тоқсандық бақылау деген жоқ па?

–Болса қайтеді екен?

–Дайындалмайсың ба! Одан тағы екі алсаң анаң шықпыртып сабап жүрмесін!

–Онда бақылау сабағынан соң ойнайық, – деді Тектүк әлі де ой-санасы түгел ойынға ауып. 

–Көрерміз! – деді де Бекпек бұрылып кете барды. 

–Айтқандай, – деді Тектүк соңынан дауыстап. – Көшіруге бересің ғой...

Ол үйіне келгенде анасы есік алдындағы жіпке кір жайып жатқан. Баласын көре сала дүрсе қойды. 

–Жүгермек, мына ақ жейдеңнің қолтығын қашан жыртып жүрсің?

–Ой, алдында, ана бір... сыныптағы сотқар Шақ-тақ сыныптағы ең сұлу Ақ-паққа тиісіп, ол аздай кітабын тартып алған. Ақ-пақты қорғаштап, әлгі бұзақының сазайын бергенмін, бәлкім жейдем сонда жыртылған болар.

–Айналайын-ау, «бәлкім» дейсің, басқа кезде де жыртылуы мүмкін бе еді?

–Қарсы сыныпта оқитын бір құмырсқамен сөзге келіп қалғанбыз. Ол әккі, ойынды әділ ойнамайды, сондай арам. Анашым, біздің мектепте бала құмырсқалардың арасында бірін-бірі аяқтан шалып, апайға ұстап беріп, сатып кететін, ақыңды жеп, затыңды ұрлап алатын неше түрлі құмырсқа бар. Соның бәріне қалай көз жұмып қарап отырам? «Әділетсіздікпен күресу керек» деп марқұм атам айтқан жоқ па еді!

–Ой, сенің мектебің түгілі мына қалашықта, қалашықтан бұрын мына адамзат әлемінде де сондай әділетсіздіктер орын алады екен. Сондықтан тыныш жүр. Жағаласпа, балам, араласпа. Атаңның айтқаны рас, бірақ шамамызға қарайық. Өзің ойлашы – әлем қандай үлкен, сансыз әділетсіздіктер орын алып жатыр. Сендей күрескер құмырсқалар соның бәрін өзгерте ала ма? Жоқ! Өйткені, біз сондай кішкентай, әлжуазбыз. Тіптен біздің бар-жоғымызды өзімізден басқа ешкім білмейді. 

–Жоқ, – деді Тектүк жыламсырап. – Мен ондай қиянатқа көзімді жұмып қарап тұра алмаймын. Мен әлемді өзгертем, қолымнан келеді! 

–Әй, пәтшағар, әлемді өзгертпей-ақ, әуелі мына жейдеңді жыртпай, киіміңді таза ұстап үйренші. Әлем сенің не теңің?! – деді шешесі ызбарланып. – Одан да сабағыңды дұрыстап оқы! 

Тектүк анасының сөзіне ренжісе де сәлден соң ұмытып кетті. Бөлмесіне кіре сап өзінің «Әлемді өзгерту» күнделігіндегі операциясына кірісті.  Күнделігіндегі айдақ-сайдақ қаріптерді ежіктеп оқып отыр.

–7. Құмырсқаларға пайдамды тигізу, жақсылық жасау. 

8. Кемел құмырсқа атану. 

9. Мына әлемге үлкен ықпал ету. 

10. М-м-м... Онға не жазсам болады? – деді қаламсабымен басын қасып отырып. 

– Ә, таптым! Анам мен туған-туыстарым мені қанша жерден: «Құмырсқа болмайсың! Қолыңнан келмейді. Сен ешкім емессің! Біз кішкентаймыз, әлсізбіз», - десе де олардың сөздеріне мән бермеу, – деп қосты. Күнделігіне жапсырған суретте адамзат әлемі, көл мен түпсіз көкжиек, асқар тау суреттелген. Соған қарап тұрып, жүрегі елжіреп кетті.

– Міне, менің арманым. Осындай көл адамзат әлемінде бар деседі. Қалайда осы жерге барсам, көлде жүзіп, қайыққа мініп, капитан болсам. Қандай ғажап! – Көзіне шағылысқан суреттегі бейне оны еліктіре түсті. Кенет терезенің ар жағынан шешесінің даусы естілді. 

–Әй, шәйіңді ішпейсің бе, суып қалатын болды ғой! 

Тектүк күнделігін жауып, құшағына басты да жастығының астына жасырды. Сыртқа шыққан соң күн сайын біле тұра қайта сұрайтын әдетімен:

–Әкем қашан келеді? – деді. 

–Қашан келуші еді, кешке келеді де! 

Әкесі жуас та, байсалды жан. Офисте күні бойы отырып қас қарайғанда үйге оралады. Көп сөйлемейді. Шешесі не айтса да басын изеп қояды. Кейде ғана баласының сабағын сұрап, есебін шығаруға септеседі. Ал анасы керісінше – мінезі қатты, қатал. Кейде күнұзақ Тектүкті аула ішінді шыбық ұстап ап, қуалайды да жүреді. Тектүк болса, ашынып кетіп жыламсырап анасына:

–Мектепте мұғалім, үйде сіз ұрсасыз, – дейді қашып жүріп. Анасы ондайда жүрегі елжіреп кетіп, баласын арқасынан қағып, құшақтай қояды. Бірақ, бұл елжіреу көпке созылмайды. Сәлден соң Тектүк басқа бір нәрсе бүлдіріп, қайтадан шешесін ашуландырып алады. Сондайда анасы терезеден басын шығарып тұрып, жұдырығын түйіп: 

–Осыдан қолыма түс, оңдырмаймын, - дейді сорап жолдың шаңын шығарып жүгіріп бара жатқан Тектүкке. Ол жүгірген бойы тоқтамай Бек-пекке келді. Ол болса әдеттегідей кітаптан бас алмай оқып отыр екен. Әжесі төр көрпе тігуде. 

–Амансыз ба, әже? – деді Тектүк кейуанаға қарап.

–Аман ба, шырақ? Кел, төрлет, шәй іш! – деді әжей. 

–Жоқ, рақмет! Көлге шомылуға бара жатқан бетім, Бек-пек шыға ма, соны білейін деп едім? 

Бекпек кітабына бір, оған бір қарады да қайсысын таңдарын білмей басы қатты. 

–Кітаптан бас алмайсың, ол аздай теледидар көруден де жалықпайсың. Бала боп, мына Тектүк құсап далаға шықсаң етті. Үйде омалып отыра бермей! – деді әжесі Бек-пекті сыртқа шығара алмай жүргеніне шамданып. Ақыры ол  кітабымен қимай-қимай қоштасты да Тектүкке ілесті. Екеуі шаңдатып көлге қарай жүгіріп келеді. 

–Тезірек! – дейді Тектүк. – Мына шіліңгір ыстықта ертерек суға түсейік! 

–Кітаптың қызық жеріне келіп едім. 

–Оны оқып үлгересің. Одан да суға шомылайық. 

Көл жағасына келгенде жағалау қараң-құраң халыққа толы екен. Құтқарушылар ысқырып бала құмырсқаларға белгілі сызықтан асып кетпеңдер деп ескертіп жатыр. Оларды тыңдап жатқан бала құмырсқалар бар ма, түрлі шөп-шалаңды қайық қып, вейкборд қып жүзіп, ойнайды. Әбден ойындары қанып, сергіп те қалған. Жағалауда отырған екеуі көлдің арғы шетіне көз тастады.

–Шіркін, – деді Тектүк, – адамзат әлемінде шетсіз, шексіз көлдер бар екен, шыңы көкпен таласқан таулар және бар. Соларды көрер ме еді, барар ма едік, ә! Тура былтырғыдай. 

–О, ол жаққа жету мүмкін емес. Алыс қой. Оған жетер шама-шарқымыз қайда-а-а! 

–Неге мүмкін болмасын?! Көрдің ғой, былтыр қандай тәуекелге барғанымызды. Қала мэрінің өзі алғыс білдіріп, біздің әрекетімізді ерлікке балады. 

–Сосын, – деді Бекпек, – екінші кәмелеттік жасқа толғанша адамзат әлеміне бір елі аттап баспайсыңдар деп тыйым салған жоқ па. 

–Біз әсілі үлкен істер үшін жаралғанбыз. Қарашы өзің, өзімізден он есе үлкен затты көтере аламыз. Қай тіршілік иесі солай істей алады, айтшы? Ол аздай еңбекқорлығымыздың өзі бір төбе. 

–Сонда бізге не істеу керек? – деді Бек-пек түсінбей тұрғанын білдіріп. 

–Мен де нақты білмеймін. Бірақ, біз үлкен армандар үшін, биік белестер үшін, асқақтық үшін жаралғанбыз. Айдағанның айтағына еріп қашанғы жүрмекпіз? Алдымызда даңғыл жол күтіп тұр бізді, – деді Тектүк осы сөздерінен өзі де әсерленіп. 

–Сабақты беске оқығаныңда бәлкім бұл сөздеріңе иланатын ба едім, кім білсін! Бірақ не айтып тұрғаныңды өзің де білмейсің ғой! 

–Қысқасы, адамзат әлеміне тағы да аттанайық. Жаңа сапар, жаңа мүмкіндіктер! 

–Бұл мүмкін емес. Көрдің ғой өзің, алып адамдар мен жануарлар таптап кете жаздаған жоқ па! 

–Мектепте мұғалімдер, үйде анам, көшедегі халық - юәрінің айтатыны бір сөз: біз сондай кішкентай, әлсіз, әлжуазбыз. Биікке ұмтылудың қажеті жоқ. Шамамызды біліп, диірменнің тасындай айналып жатқан өмірді, ересектер қалай өмір сүрген болса сол күйі айнытпай қайталауымыз керек, – деді жабырқаған Тектүк.  – Олардың істеген жұмысын, жүріс-тұрысын түгел қайталаймыз. Әрқайсысымызда өзіндік жол жоқ. Мен ұмтылып жүрген асқақтық - жай ғана сағым мен құр қиял, - деді де Тектүк еңсесі түскен қалпы үйіне қарай тұра жөнелді. Бек-пек оның соңынан қарап тұрып әлдене деп айтуға оқтала берді де тоқтап қалды. Өз-өзіне сыбырлап: «Біз осы қалпымызда да қоғамға пайдамызды тигізе аламыз» деді үйіне қарай аяңдады. 

Тектүк кешкі асын ішіп алған соң тар бөлмеде аспашамды жағып, теңіз бен көкжиек суреттелген адамзат әлеміне тән суретке тесіле қарап ұзақ жатты. Ар жақтан анасының даусы естілді. 

–Әй, бала, жарықты өшір, ертең ерте сабаққа барасың. Ұйықта!

Айтқанын тыңдап, жарықты өшірді де көрпенің астына еніп, қол фонарімен әлгі суретке қайтадан қарап, түрлі қиялға ерік берді. «Мына біздің илеудегі мемлекеттен тыс әлемде Күн мен Ай, жұлдыздар бар. Адамдар нендей бақытты: маңдайын желге сипатып, жұлдыздармен сырласып жатып ұйықтайды. Адамдардың қадірі неткен жоғары: бүткіл жаратылысты өздеріне мойынсұндырып, соларға қызмет қылдырып қойған. Мен де адамдардың арасына тап болсам ғой, шіркін», - деп қиялға шомды. Бірде – капитан боп кеме басқарса, тағы бірде – басқаларды құтқарған қаһарман болып шығады, енді бірде – әлем чемпионы атанады. Осындай тәтті ойларға елтіп жатып, талықсып ұйықтап кетеді. Түсінде де қиялының жалғасын көріп, қандай да бір ерлік жасап, өзіне ду қол шапалақ соғылып жатады. Өстіп жатып, таң қылаң бере әке-шешесінің гөй-гөй әңгімесінен оянады. 

–Балаңды оятсаңшы, - дейді әкей, – шәй ішсін!

–Бүгін демалыс қой, ұйықтасын, ұйқысы қанбай жүр өзінің! 

–Мейлің, бірақ, біздің бала күнімізде қалай еді, есіңде ме? – дейді әкесі аяқ-қолдарын құры қоймай. Бір қолымен шәйін сораптап, екінші бір қолымен, пульт ұстап, үшінші бір қолымен арқасын қасып отырып. – Әке-шешеміз елең-алаңнан оятып алып жұмысқа салушы еді. Ол кезде мына жастар сияқты жағдайымыз жоқ. Қазір ғой, техника-ғылым дамып кеткен. Біз қауіп пен қатерде ғұмыр кештік. Күн сайын адамзат әлеміне барып, дән-дәнек тасып әкелетінбіз. Жан-жағымыз – анталаған жау. Ал қазіргі жастарға рақат, сабағына барып келеді, болды, – деді әкесі шәйін сіміріп. Осыны естіген Тектүк: «Шіркін, әкемнің орнында болар ма едім, күнде адамзат әлемін көру, күн нұрын, жапырақтарды, алып ғимараттарды көріп-сезу, самал-леппен тыныстау қандай ғажап!» деп ойлады. 

–Қазір де қауіп-қатер аз емес, - деді шешесі қарсы уәж айтып, – көріп жүрсің, шегірткелер бір жақтан салықты көбейтсе, термиттер екінші жақтан қыспаққа алып жатыр. 

–Әсіресе, мына термиттерге дауа жоқ. Өздерінің тілі мен мәдениетін бізге сіңіргені сонша, қазір жастарымыз солар құсап ойланып, солар құсап киінетін болды. Қаншама жыл бойы бізді қанап, тонап келді. Соғыстан көз ашпадық. Енді келіп бізге жанашыр бола қалыпты! – деді әкесі ашынып. Иә, Тектүк өзінің мектебінде оқитын термит тұқымдас оқушыларды біледі. Олар сарғыш жүзді, ірі денелі, етжеңді, күшті әрі тәкәппар келеді. Олардан мектеп оқушылары қаймығып, көрген жерде бойын аулақ ұстауға тырысады. Ал әлгі сотқарлар өздері кеп соқтығысып, көрінген іске килігеді. Тектүк те бірнеше мәрте ұстасып қап, балалар боп әзер ажыратқан. Бүгінде Мономориум халқы көбіне осы термиттердің тілінде сөйлесуді сән көреді. Ісқағаздар мен мемлекеттік мекемелердің өзінде термиттердің тілі ресми тіл боп саналады. Тектүктің әкесі сол үшін ашынып, қайта-қайта пульттің тетігін басқа арналарға ауыстырумен болды. 

–Мына шегірткелер мен термиттер бізді құл қылғысы келеді. Бірақ, шамалары жетпейді, екінші жағынан, туыстас халық Динопонералардан қаймығады. Аталас ел бізді қандай да бір қиындықта жалғыз қалдырып кетпейді. Өзің көрдің ғой Бүкбүк ғалымның кітабы шыққан жылы адамдардың қолымен жасалған сілкіністен қаламыз қирап қалғанын. Сонда бізге ең бірінші боп кім қолын созып еді? – деді әкесі көтеріліп. 

–   Динопонера тайпасы, – деді анасы әкесіне келіскенін білдіртіп. 

–Нысандарды қайта тұрғызып, жол салып, бар көмегін аямады. Ал сонда термит тайпасы қайтті? Бір жанашырлық белгісі болсашы. Жо-оқ, керісінше бет-аузын таңған қылмыскерлері келіп, онсызда қайғыдан қан жұтып жатқан халықтың бар ас-ауқатын, жаз бойы жиған-тергенін сақтап отырған қоймаларын тонап, қашып кетті. Міне, сондай қиын жағдай бізге кімнің дос, кімнің дұшпан екенін көрсетіп берді, – деді әкесі. Сосын дастарханға бата жасап, орнынан тұрды. – Қой, жұмысқа барайын, айта берсең әңгіме көп...

Осының бәрін естіп отырған Тектүк, бала жүрегімен өз еліне шындап жаны ашыды. Бүгінде тілі шұбарланып кеткен бала құмырсқалар өте көп. Бұл да кейде басқа балаларға еліктеп термиттердің тілінде сөйлейтін. Сондағы сәні кербез болған түрі. Сондайда әкесі «тәйт, өз ана тіліңде сөйле» деп тыйып тастайтын. Әкесінің бұған неге сонша ескерте беретінін енді ұққандай.

Кезекті мектепке барған күннің бірінде сыныптағы бала құмырсқалар бір-бірін түртпектеп, мазақтап, у-шу болды да кетті. Әншейінде мұғалім отырған кезде үні шықпайтын сыныптың опай-топай болғаны қалай? Сөйтсе, мұғалім апайы үстеліндегі қағаздан бас алмай әлденеге абыржып отыр. Кенет директор сыныпқа кіріп келгенде әлгі шу сап тыйылды. Оқушы құмырсқалар сарбаздай тік тұрып, директормен амандасты. 

–Не шу мұнда, апайларыңды неге тыңдамайсыңдар?! – деп дүрсе қоя берді директор. Сосын мұғалімнен есептемелерді алып, қайтадан оқушыларға бұрылды. – Қазір қоңырау соғылғанда тапжылмай осында отыратын болыңдар. Үйге қайтпайсыңдар. Апайы, сіз бас-көз болыңыз, – дегенде бәрінің еңсесі түсіп, қапа болған дауыстар естілді. 

–Тыныш, тыныш! – деген директор сыныптан шығып кетті. Енді сынып түгел ұстаздарына сұраулы көзбен қарап отыр. Абыржыған мұғалім қайта-қайта көзілдірігін түзеп, әзер сөзін бастады. 

–Балалар, біздің қалашыққа шегірткелер келіпті, – дегенде олардың неден үрейленгені енді мағлұм болды. Сыныпты үнсіздік билеп алды. – Қалада жүріп-тұру қазір қауіпті. Сондықтан мектепте отырғандарың абзал! – дегенде бағанадан бері арқа-жарқа болып жүрген құмырсқалардың көңілі құлазып сала берді. Кенет бір құмырсқа қолын көтерді. 

–Айта ғой?

–Олар жазда келетін еді ғой, неге биыл ерте келген?

–Бәрімізді осы сұрақ толғандырып тұр. Неге биыл ерте келді? Егінжайды әлі орып болған жоқпыз, адамзат әлемінен керекті дән-дәнектерді де тасып үлгермедік. Олар түгіл өзімізге де жетпейді... 

–Олар ас-ауқатымызды талап ала берсе біз не жейміз? – деді тағы бірі шамданып. 

–Рас, қысқа қамданғанымыз жоқ! – деді мұғалім шарасыз халде.  Мұны естіген Тектүк намысы қайнап орнында отыра алмады. Үйін, ата-анасын уайымдап тұр. Мұғалімнен сұранса, жібере қоймас. Не істерін білмей дал болды. Ақыры, қайтсін, тып-тыныш отырып, кешке бәрі тынышталған соң басқа оқушылармен бірге қайтты. Қалада көшкін жүріп өткен бе дерсің. Көше тып-типыл. Қорқыныштың елесі кезіп жүргендей. Үйлердің есіктері аңырайып ашылып қалған. Соққан желдің екпінімен сарт-сұрт етіп, шиқылдап-қиқылдап, ашылып-жабылып есіңді шығарады. Зәресі ұшқан қала тұрғындары терезелерден бастарын қылтитып, сыртқа әзер қарайды. Қоймалар мен дүкен-маркеттердің есік-терезелері сынып, қираған. Тектүк үйіне қарай асықты. Ауласына кіреберісте әкесі сәкі үстінде шалқасынан жатыр, басы жарылған. Анасы оның басын таңғышпен орамақ болады. Баласын көре сала анасы зыр жүгіріп:

–Аманбысың, құлыным? – деді құшақтап. 

–Әкеме не болған? 

–Әлгі оңбағандар қоймамызды тонап, әкең қарсы бола бергенде ұрып кетті. 

–Әке! – деді әкесін құшақтап, тісін қайрап. – Көрсетем мен оларға. 

–Қой, балам, – деді әкесі әдеттегідей баласын тізгіндеп отыратын әдетпен. Бұл жолы жұмсақтау сөйледі. – Шамамызға қарайық.     

Үйдің қирандысына көз тастады. Өз бөлмесінің де әйнегі сыныпты. Үйге кіріп еді, бөлмесі шашылып жатыр. Заттарды қалай болса солай лақтыра берген. «Алтын іздегендей бұларға сонша не көрінді!», - деп ойлады Тектүк қапа болып. Жазу үстеліндегі алтыннан да қымбат «Арман» күнделігі ғайып болыпты. Ішіндегі көл мен көкжиек бейнеленген сурет, қаншама сырлары мен мұраттары таңбаланған жазбаларды алып кетіпті. Қатты ашынды. Сыртқа шығып анасынан оқиғаның қалай болғанын сұрады. Анасы ұлын қасына отырғызып, уақиғаның қалай өрбігенін бүкпесіз баян етті.

Илеудің қақпасын бұзып-жарып кіріп келген шегірткелер демде-ақ құмырсқалар қалашығында қаптап кеткен. Қала мэрі орталық алаңға шығып, шегірткенің қолбасшысына өтініш білдіріп, жылдағыдай жаз аяғына шейін азық жинауға мұрсат берулерін сұрады. 

–Қыс болса таяқ тастам жерде. Ал біздің халық сіздер түгілі өздеріне азық жинап болған жоқ. Кемінде бір ай уақыт беріңіздер, – деп жалынғанымен түк те шықпады. Қолбасшы шегіртке галстук таққан қала мэрін желкесінен көтеріп алды. 

–Келістік, бір аптадан соң қайтадан келеміз. Ал қазір болса бүгінге дейін жинаған астықтарыңды әкетеміз. Онсыз да әлемде дағдарыс. Тіпті адамзат әлемінде де. Сондықтан тәртіп өзгерді. Енді сендерден жылына екі рет азық-түлік алып тұрамыз, – дегенде қала халқы қапа болып, дүрлігіп кетті. 

–Қарыстырыңдар жақтарыңды. Өлмесеңдер өрем қабыңдар! – деді қолбасшы ызбарланып. Бір жағы ашынған, бір жағы шарасыз құмырсқалар қол қусырып тұра берді. Шегірткелер үйді-үйлерге кіріп, бәрін талап, алатындарын алып дорбаларына, арбаларына тиеп тайып тұрды. Оларға қой дейтін біреу табылсашы. Сонда Тектүктің әкесі намыстан күйіп кетіп:

–Оу, бұларың барып тұрған әділетсіздік қой! – демесі бар ма. Әлгі қолбасшының қасында бір-екі жасауылы оған қарай төне түсті. Қолбасшының қасында мықынынан келетін баласы бар. Ол да әкесінен қалысар емес. Тісін ақситып ызбарланып келеді. 

–Не дейсің? Маған сөйлеуге шамасы жеткен сенбісің?! Көзіме тік қарайды өзі! Мынаны қара, бәлем!

–Сендер бәрін тонап кетсеңдер бала-шағамыз не жеп, не ішеді? Ең болмаса жартысын алсаңдаршы, – дегені мұң екен, шегіртке жасақтарына көз қысты. Олар да басшысының ымын бірден ұғатын болса керек, бірі үйге қарай, тағы бірі қоймаға қарай бет алды. Қопарып, ақтарып жатып тапқан азық, бағалы заттың бәрін аулаға қарай лақтырып, жинап жатыр. 

–Үйде жарты құрыш, тілім нан да қалдырмаңдар! – деді қарқылдап күліп. Әкесін қайталай бала шегіртке де қарқылдай күлді. Кенет Тектүктің бөлмесін ақтарып жатқан жасауыл қолбасшыға жағымпазданып, бір-екі ойыншықты баласына терезеден ұсынды. 

–О, зымыран көліктер. Маған ұнайды!

–Мына кітап ше? – деді әлгі жасақ «арман» күнделігін көрсетіп. 

–О, ол да керек! – деді бала-шегіртке өзіне қарай лақтырған кітапты тосып алып. – Әке, мынаны қара, мына сурет біздің ауылға ұқсайды екен. Кітап сөреме қоямын!

–Ал, қалағаныңды ал, – деді әкесі салқын ғана. 

Кенет Тектүктің әкесі ашынғаны сонша, дәндердің алдына тұра қап, «бермеймін» деп айқайлады.

Қолбасшы шегіртке тағы да қарқылдап күлді.

–Хахаха, маған қарсы тұратын мына сен бе?! Әй, құмырсқалар-ай, шамаларыңа қарамайсыңдар-ау! – деп бір ұрып еді, Тектүктің әкесі мұрттай ұшты. Соққы қатты тисе керек, маңдайы шодырайып ісіп кетті. Анасы жүгіріп барып ерін жерден көтеріп алды. Әлгі қолбасшы тағы да қарқылдап күліп:

–«Құмырсқа, жолыңды біл!» Бір айдан соң тағы келеміз, қазірден қамданыңдар! – деді де жасақтарына ым қағып еді, олар барлық тонаған дәндерін дорбаға жинап, тиеп алып кетті. Қалашық құйын айналып өткендей шаңға бөгіп қалды. 

–Міне, осылай! – деді анасы Тектүк жоқта болған жәйтті баяндап. 

–Бұл осылай жалғаса бере ме, апа?! Бір амалын табу керек қой! – деді баласы. 

–Сен де әкең құсаған батылсың, балам. Бірақ, шегірткелердің қолбасшысы айтқандай, біз жәй ғана құмырсқамыз, – деді салы суға кетіп. 

Тектүк болса «бұлай болмайды, бір амалы болу керек», - дей берді ішінен.          

                                               

                    ***

 

 «Таптым» деді түн баласы сұқ саусағын шошайтып, орнынан атып тұрған Тектүк. Қасында біреу-міреу жатса шошып оянар ма еді, кім білсін. Түнімен көз шырымын алмастан бала жүрегімен тайпасының, қалашығының ауыр халін ойлап шықты. Қою түнде өз-өзіне сыбырлап, қайталай береді: «Адамзат әлеміне барып, Сәлімді табу керек. Ол былтыр біздің қалашықты тұрғызуға көмектесіп, жаман балалардан қорғағаны секілді шегірткелердің әлімжеттігінен құтқарып қалар»!.. Осы оймен көзі ілінбеді. Тек таңға жуық талықсып, ұйықтап кетті. Көп жатқан жоқ, бірер сағаттан соң орнынан атып тұрып, керек-жарағын: телефон, фонар, ас-ауқатын алды да ешкімге тіс жармастан адамзат әлеміне аттанды. Аяғы жерге тимей, ұшып келе жатқандай. Өте көңілді. Мүмкін адамзат әлеміне барамын деген ойдан қанаттанып, шегірткелерден елімді қорғаймын деген сенім шабыттандырған болар. Қайғыдан қан жұтқан құмырсқалардың еңсесі езілгенін көріп, өзінің бұл жүрісі ерсі екенін байқады. Қираған нысандардың арасында әлі де құмырсқалар жүр, көпшілігі заттарын жинап, үйлерін жөндеумен әуре. Шекара күзеті кешегі оқиғадан соң бекітіле қоймапты, жоғарғы жер-шатырында көптеген жарықтар пайда болған.  Оның бәрін тесіп, бұзып кірген де әлгі шегірткелер. Жарықшақтардың көптігі сонша, күзет әскерлері әрқайсысына бір-бірден тұрғанымен күзетші саны толық жетпеген. Жетсе де кейбір тесіктерге әлі келіп үлгермеген. Тектүк орманды кезіп жүріп кенет сүзіліп тараған нәзік сәуледен де кішкене әрі көрінбейтін жарықшақ барын аңдады. Соған қарай бағыт алып, жоғарыға өрледі. Құдай оңдап, ешкім байқаған жоқ. Жарықшақтан түскен шұғыла көзін қарықтырып, түк көрсетер емес. Не керек, тырбанып жүріп тесіктен жоғары ұмтылды да сыртқа, адамзат әлеміне шықты. Аппақ сәуле көзін қарықтырып, басын айналдырып жіберді. Айналасында не болып, не қойып жатқанын ұға алар емес. Құдды бір түсі сияқты. Жүрегі айнып, сәл тұрған соң көзі де үйрене бастады. Сөйтсе, нағыз кереметтер көз алдына көлбеңдей қалды. Көкке қол созған алып ағаштар мен биік шөптер, алпамса адамзаттың тау құсаған үйлері, шексіз аспан, қайықтай жапырақтар, бәрі де назарын аударып, қызықтырып әкетіп барады. «Сағынып қалыппын. Қандай ғажап, осындай сұлулықтың арасында өмір сүріп жүрген адамдарда арман бар ма, сірә» деп басын шайқады. Шөліркеп қапты. Арқа сөмкесінен бөтелкесін алып, екі-үш жұтым су ішті. Сөйтті де ысқырып қойып, музей қарағандай жан-жағына тамсанып келеді. Өзінің жер үстіне неге тап болғанын да ұмытып кеткен сияқты. Бір кезде қасынан зымырап өткен үлкен тіршілік иесін көрген кезде қорыққаннан қайда, не үшін келгені есіне түсе қалды. «Сәлім» деді, ендігі бағыт қайда дегендей жан-жағына қарағыштап. Ал әлгі қасынан жүгіріп өткен тиін екен. Қолына жаңғақ ұстап алып тал үстіне тырбанып барады. Бұған нәркес жанарын менсінбегендей қадайды. Манадан бері сұлулыққа қараймын деп басқа жандыларды байқамаса керек, алдын кес-кестеп қоңыздар мен түрлі жәндіктер өтіп барады. Тіпті бір құртты басып кете жаздап, соғылып қалды. Сөйтсе ол газет оқып отыр екен. Бұған бақырайып қарады да: «Көзіңе қарамайсың ба! Жолмен жүр» деп дүрсе қойды. Жер беті азан-қазан қайнап жатқан тіршілік. Төбеде ұшып бара жатқан көбелектің бірі гүлге қонып кірпігін көтеріп-түсірген арудай, қанатын жайып-ашады.

–Балақай, қайдан жүрсің? Адасып кетпедің бе? – деді жұпар гүлге масайып тұрып.                                           

–Сәлімді көрген жоқсыздар ма? 

–Ол кім тағы?

–Адам ғой...

–Ойбай, атама! Олардың торына түстің екен, оңай құтылмайсың!

–Жоқ, ол былтыр менің досым Бек-пек екеумізге үйімізді табуға көмектесіп, тентек балалардан елімізді аман алып қалған.

Ертегі айтып тұрғаннан сау ма дегендей көбелек бұған дүдәмалдана көз тастады да «көргенім жоқ» деп ұшып кетті. Айнала қыз-қыз қайнап жатқан тіршілік: инеліктер тікұшақ құсап ұшып жүрсе, ханқыздары ұшақтың өзіндей анда-мұнда самғайды кеп. Ал жүгіріп жүрген жылтыр қоңыздың бірі жүк тасығыш көліктен аумайды. Бақбаққа қонған ханқызының бірі ызыңдап біраз тұрды да қанатын түсіріп, қабына тықты. Сонда да қара қанатының ұшы арқасының сыртына сәл шығып қалыпты. 

– Кешіріңіз, ханым! – деді Тектүк сыпайы ғана, ханқызына ілтипат білдіріп. – Сәлім деген адамды көрген жоқсыз ба?

–Танымайды екенмін! Бірақ анау аулада бір топ адам баласы ойнап жатқан. Сонда барып көрерсің мүмкін. 

–Рақмет сізге! – деп басын иді де ханқызы көрсеткен батысқа қарай тұра жөнелді. Алайда алдынан қыз-қыз қайнап шыға берген жәндіктердің тіршілігі еліктіріп әкетті. Бірі әрқалай киім сатып тұрса, тағы бірі көкөніс, жеміс-жидек саудалап тұр. Бала-шағасын ерткен жәндіктер парк аралап, түрлі шөптерден, ағаштардан жасалған атракциондарға мініп жатыр. Арасынан өзінің ересек жерлестері – құмырсқалар мен термит тұқымдастарды да  көзі шалып қалды. Олардың көзіне түсіп қалмайын дегендей базардан жүзін қалқалайтын бір кепке мен көзілдірік сатып алды. Кенет асқазаны шұрылдап қоя берген. Жол жиегіндегі кафеге бас сұқты. Ас мәзіріне көз тастады да даяшы-жылтыр қоңызға:

–Маған бір түйір дән мен шырын бере салыңыз, – деді. Жылтырақ қоңыз кішкене жапыраққа түртіп алып, бірер секундтан соң сұраған тағамын әкелді. Асқа тыңқиып тойып алған соң негізгі миссиясын ұмытты ма, мына мекеннің тұрғындары құсап көңіл көтергісі, серуендегісі келді. Түрлі ойындарға қатысып, бағын сынап көрді. Тирге қатысып мүлт кетсе, садақ атып нысанаға дөп тигізді. Доп лақтырып еді, қақпаның шетіне тиіп, секіріп кетті. Бір кезде қасына әлгі ханқызы келді. 

–Сен әлі мұнда ма едің, жолаушы жолдас? – деді Тектүктің бағана Сәлімді іздеп жүргенін есіне түсіргендей. Ханқызын көргенде қызара-бөртіп ұялып қалды. Іштей өзінің жеңілтектігін жазғырғандай. 

–Енді аттанбақшымын, ханым! Жолдан келген соң бойымды сергітіп алайын дегем, – деді кетуге ыңғайланып. – Есен-саулықта жолыққанша. Міне, қайтадан жолға шықтым, – деді де қараң-құраңдаған көпшіліктен аулақтап Ханқызының алғаш нұсқаған жолына түсті. Қанша уақыт жүргені белгісіз, әйтеуір, тоқтайтын емес. Орман ішіндегі әр ағаш көлеңкесі аяқ-асты тап беретін диюдай қараңдайды. Құдды бір елес кезіп жүргендей. Шақырайған күннің көзін тал бұтақтары көлегейлеп тұр. Ала-көлеңке. Бусанған жерді тұман кезіп жүр. Тектүк жолымнан адасып қалмадым ба дегендей жан-жағын барлай түсті. Алыстан тоқылдақтың тоқ-тоқ етіп тұмсығымен ағашты ұрғылағаны естіледі. Ызыңдаған ара-шыбынның, баяу қимылдаған басқа да жәндіктердің қозғалысы соңынан аңдып келе жатқандай. Әлден уақытта біреу көтеріп алғандай әлденеге жабысты да қалды. Қол-аяғы матасып, босана алар емес. Қорқынышы шындыққа айналды. Біткен жерім осы деп ойлап, тырбанып жатыр. 

–Кім бар? Көмектесіңдер! Қақпанға түстім, құтқарыңдар! – деп жан дауысын соза айқайлайды. Жауап жоқ. Қапа болды. Қарлыққан тамағын қырнап, қайтадан айқайламақ болып еді, қарауытқан шөптің арасынан шыға келген қап-қара өрмекші нәзік адымдап, жақындай түсті. Қан толған көзімен тесірейе қарайды. 

–Айқайла, балақай, айқайла! Сені мұнда менен басқа ешкім естімейді. Бағана ғана түскі асқа не жеймін деп уайым қылып едім, өрмегіме өзің кеп түсе қалғаның. 

–Өтінемін, өрмекші, айналайын, мені босата салшы! Ақша берейін, қаласаң мына сөмкемді түгел ал.

Өрмекші бұған жақындап келді де өне бойын тінтіп шықты. 

–Жоқ, сен тым кішкентайсың. Саған тоймаймын, сол үшін тағы біреуін күтейін. Асықпайын, – деді де қарауытқан шөптің ішіне еніп ғайып болды. Тектүк қайтадан көмек сұрап бақыра бастады. Үмітім үзілді деп еңсесі түсе бергенде үстінен қараңдап ұшып келген біреуді байқады. Анықтап қараса, орталық парктегі таныс бикеш – ханқызы. Ой, бұлай қуанбағалы көп болған шығар. Ысқырып, барынша дауыстап шақырып жатыр. Ол да әдейі бұны көріп қалып аялдаса керек. Аяғына қыстырған шыбықты Тектүктің аузына түсіргені сол, бас салып тістеп алды да өрмекшінің торын үзіп, қашып кетті. Өрмекші опынып, санын соғып қала берді. 

– Әлі-ақ торыма түсерсіңдер, бәлем!

Құмырсқа ханқызына дән риза. Әрі оның қызыл қанатына қызықты. «Шіркін, менің де қанатым болар ма еді!» 

Тоғай арасынан аулақ кеткен соң адам баласы жүретін аулаға да тақады. Ханқызы қауіпсіздеу-ау деген бір алаңқайға барып қонды. 

–Сенің алдыңда қарыздармын, ханым. Төніп тұрған ажалдан арашалап қалдың. Бұл жақсылығыңды немен қайтарсам екен? – деді Тектүк. 

–Адам баласын неге іздеп жүрсің, соны айтшы?

Тектүк оған бүкпесіз бәрін бастан-аяқ баяндап берді. 

–Құдайым сақтай гөр! Ел-жұртың аман болғанға не жетсін! Олай болса жолың ашық болсын! Мен де жолыма қайта түсейін, атқаратын қызметім шаш етектен, – деді де ханқызы қанатын қомдап, ұша жөнелді. Тектүк оны көзімен біраз жерге дейін шығарып салды. Ендігі кезек Сәлімді табу. Бірақ мынау қараңдаған көпшіліктің арасынан қайсысы Сәлім екенін ұғып болмайсың. Сөмкесінен телефонын алып, ашып қараса хабарламалар мен қоңырауларға экраны лықа толы. Анасы мен әкесіне уайымдамаңдар, қауіпсіз бір орындамын, үйім мен еліме пайдамды тигізбекпін деген сыңайда ұзын-сонар хат жазып жіберді. Ал бұның қандай жағдайда екенін сұраған Бек-пекке мән-жайды түсіндірген соң былтырғы Сәлімнің фотороботын салып жіберуін өтінді. 

«Менің де есімнен шығып кетіпті. Мұрнының үстінде меңі бар болатын. Қазір суретін жіберейін», - деген Бекпек, сәлден соң уатсаппен оған Сәлімнің фотороботын жолдады. Ашып қарап еді, шынында ұқсап тұр. Енді оның келбеті Тектүктің есіне де түсе бастады. Қысқа, қайратты қара шашты, көзі бадырақ, төртбақ, қыр мұрын, мұрнының үстінде меңі бар, күлімкөз оқушыны ауладан ұзақ іздеді. Алайда суретке ұқсайтындай ешкім ұшырай қойған жоқ. Екінді таяп қалған. Оқушылар әлден уақытта сабақтарынан орала бастады. Бәлкім үйінде түстеніп жатқан болар деп ойлаған Тектүк тынымсыз ары-бері жүре берді. Ойламаған жерден бұған алып көлеңке төніп келе жатқанын сезе қойды. Әлде күн бетін бұлт жапты ма? Басын көтере берген, сол мезет адамның саусағы әнтек итеріп қалып, кішкентай пластик құтының ішіне түсіріп жіберді. Ауасы тар демесең айналасы анық көрініп тұр. Тұтқындаған оқушы бала екен, құрт түскен күрек тісін көрсетіп ыржия күледі. Танауын таңқитып, қасындағы балаларға қарап тәкәппар пішінде:

–Міне, жауынгер құмырсқаның тағы бірін таптым. Бұл байғұс жаны үшін соғыспағанда қайтпек! Мықты болса аман қалар, – деп күліп еді, қасындағы достары да қарқылдай күлісіп іліп әкетті. 

– Жаужүрек құмырсқаларыңды қашан төбелестірмексің? Әнеугүні көрсеттің ғой, қызық екен, тағы да тамашалағымыз келеді. 

–Өй, одан бері талай төбелестіргем. Инстаграмдағы парақшамнан қараңдар. Болмаса бүгін-ертең соғып кетіңдер үйге. Бірақ анам ұрлығымыздың үстінен түспесін. Сол үшін ешкімге білдіртпей, құрт-құмырсқа сақтайтын қоймама ауланың артымен келіңдер, – деді ол. Жолдастары бастарын изеп, қош айтысты. Талпақ танау «айналаңа қарап отыр» дегендей пластик құтысын велосипедінің алдыңғы қалтасына салып, айдай жөнелді. Әлсін-әлсін көз қырын салып қояды. Велосипед зуылдап мамырдың мамық ауасын тілгілеп келеді. Айналадағы жап-жасыл жапырақтар желмен тербеліп, әне-міне ұшқалы тұрған құстың қанатындай желпілдеп тұр. Талпақ танау сарғыш бала велосипедімен зымырап келіп, көлдің тұсынан өте берді. Міне, осы сәтте Тектүк тұтқынға түскені үшін өкінудің орнына алғаш рет қуанғандай болды. Әлгі арман күнделігіндегі көл мен тау бейнеленген сұлу көрініс нақ осы болса керек. Жан сарайы кеңіп сала берді. Қайран қалып, осыны көрсеткен мына сары баланы құшақтап алғысы келді. Айналасында жүзіп жүрген қайықтар бұлармен жарыса зымырап бара жатқандай. Күнге шағылысқан көл бетіндегі айнадай тамшылар көз қарықтырады. Қолын созса болды, тылсым әлемге тап болардай ғажайып көрініс. Ал бұндай сұлулыққа мән берместен сағызын шайнаңдап, құлағына құлаққап тағып алып, өзімен-өзі болып бара жатқан мына балаға қайран. Мүмкін қарай-қарай көзі үйреніп қалған шығар. Әлде зұлымдыққа құштар жауыздар сұлулықты байқамай ма? Арман орындалады екен-ау деп ойлады Тектүк. Бірақ осы көргенің де жетер дегендей көп ұзамай көл біртіндеп ығысып, артта қала берді. Алдағы көшеден оңға бұрылып, жер үйге келіп тоқтаған бала велосипедін шарбаққа сүйей салып, құтысын алды да қоймаға кірді. Ішінде қысқы маусымға алдын-ала қамданғанудың белгісі секілді болып тосап, салаттар тұр, одан бөлек, басы артық құрал саймандар мен киім-кешектер де жеткілікті. Бала бір бұрышқа қойылған сандықтың құлпын жоғарғы сөреде ілулі тұрған кілтпен ашты. Сандықтың ішіндегі үлкен бір құтыда Тектүкпен қандас құмырсқалар өріп жүр. Орталарына нанның үгіндісі мен дәнектер тасталған. Таласып-тармасып жеп жатыр. Тектүкті сілкіп қалып еді, сөмкесі мен басы артық заттары ысырылып жерге түсті. 

–Сендерге тағы бір баһадүр әкелдім. Кім мықты, сол ғана қалады. Ал аман қалған соңғы құмырсқаны бостандыққа жөнелтем. Айтқаным – айтқан, – деді әлгі бала түкірігін шашырата сөйлеп. Көп құмырсқаның ортасына Тектүкті тастап кеп жіберді. Кілең қажыған, шаршаған, ашыққан құмырсқалар бұған мүсіркей көз тастады. «Бәріміздің саудамыз біткен» деп тұрғандай көзқарастары. Ал кейбірлері болса тірі қалам, төбелесіп аман шығам дегендей көзі жанып, жанталасып тұр. 

–Мен кәдуілгі кәсіпкер болам. Сыныптағы балалар сендердің жеңістеріңе бәс тігеді, ақшаларын сыпырып алам! Мә, жеңдер! Ертең қанды шайқас, сарбаздар! – деп нанның қоқымын шашып жатыр. Бір құтыға су құйды. Құмырсқалар жапа-тармағай таласып жей бастап еді, арасынан бірі тамағын қырнады, бәрі тына қалды. Баланың даусы естілді. 

– Мен кеттім, ертеңге шейін қырылып қалмаңдар! 

Сандықтың есігі жабылды. Көлемді пластик құтының ішін қараңғылық басты. Тек сандықтың ашылар жеріндегі саңылаудан жарық түсіп тұр демесең, таяқ тастам жерді әрең көресің. Ауа да қапырық әрі тар. Дүрліккен құмырсқалар тас түйін боп қатты да қалды. Дыбыс аңдып отыр. Кенет араларында басшы болып үлгерген біреуі ме екен, жуан дауыспен гүр етті. 

–Балақай, мына пәтшағардың қолына қалай тап болдың? 

Жақындай келе оның қоңыр түсті әскери құмырсқа екенін аңдады. Оған қарсы келе қояр құмырсқа жоқ шығар деп ойлады. Бір аяғынан жаралы, сылтып басады екен. 

Тектүк басынан өткен оқиғаны түгел баяндап берді. Ол сөйлеп жатқанда көпшілік арасынан «қап-ай, ә», «пәлі», «әттең-ай» деп өкініш, жанашырлық танытқан, аһ ұрған күрсіністер естіліп тұрды. Сөзін бөлмейік деді ме, түгел айтып болғанда ғана барып әлгі қоңыр әскер:

–Қиын болған екен. Менің балалық шағым мономориум тайпасымен бірге өтті. Сонау ыстық та тәтті балалық шақты қалай ұмытайын. Халқы қарапайым, еңбеккүйгіш, мейірімді болатын. Ал мына қастандықтан басқаны білмейтін қатігез шегірткелердің қай-қайсымызға болмасын тісі батқаны рас. 

–Құдайға шүкір, біздің елге шегірткелер келуін қойғалы ширек ғасыр. Өйткені, біздің елде бірлік күшті, – деді қартаңдау құмырсқа қарлыққан дауыспен. 

–Ия, көке, ал бұларда билікке термиттер араласып, өздерінің дәстүрі мен мәдениетін сіңірген жоқ па. Халқы талан-таражға түсіп, іштен іріп жатқан соң шегірткелерге басып алу оп-оңай. Мен бірер жыл бұрын сауда-саттықпен барғанда осыған көзім жеткен. 

–Тектүк, айналайын, сен тұратын жер – қайырымды ел. Ол жақтың қонақжайлығы мен адамгершілігіне сөз жоқ. Сол себепті жанымыз ашып, сен үшін қайғырып отырмыз. Ол шегірткелердің қысастығын кеш білдік қой. Әйтпесе, көздеріне көк шыбын үймелетер ек. 

–Иә, – деді қоңыр әскер оның сөзін жалғастырып, – біз әрқайсысымыз әр тайпаның өкілдеріміз. Елімізге айтып, бәріміз тізе қосып мына Тектүктің қаласына аттансақ шегірткелерге төтеп бере аламыз. Бұлардың басына түскен жай, ертең біздің басқа түспесіне кім кепіл?   

–Әрине, сөзіңнің жаны бар, – деді егделеуі оны қостап, – әттең, бірақ мына тас бұғау аяқ-қолымызды матап тұрған жоқ па! Не интернет ұстамайтын, не желіге қосыла алмайтын белгісіз қу медиен. Соған қарағанда үй-жайымыз тым алыста болар. 

–Бұл жерден шығудың ешқандай амалы жоқ па? – деп сұрады Тектүк әлдебір қуыс табылып қалар ма дегендей жан-жағына қарап. 

–Ол жағын біз де ойластырғанбыз. Бір саңылау болсашы. Ауа жұтып отырғанымызға шүкір, – деді алакөлеңкеден бөтен дауыс.

–Ол шынында екеуміздің біріміз мерт болғанша төбелестіре ме? 

–Сөйтеді. Бірақ біздің бауырмал, бір-бірімізге жанашыр екенімізді білмейді. Жұдырықтасқанда қатты ауыртпай, өтірік соққан боламыз. Айызы қанып, іші пысқан соң өзі-ақ қоя салады. 

Тектүктің көз алдына былтырғы Бек-пек пен Оқ-поқтың оқиғасы елестеді. Қаһарман, тәуекелшіл Оқ-поқ қайда жүр екен деген сағынышы оянғандай болды. 

–Ал мысалға құмырсқаның бірі өліп қалса, ол не істейді?

–Не дейді-ей?

–Қалай ғана дәтің барды?!

–Құдай сақтасын!

–Атама! 

–Өй, жағың қарыссын! - деп тұтқын құмырсқалар дүрлігіп кетті. 

–Мен мысалға деп тұрмын, ағалар! – деді Тектүк ақталып, – Әлбетте тфә-тфә, беті аулақ!

–Мына адамның айтқанын естіп қалғанмын, егер құмырсқа мүрдем қатса сыртқа лақтырып тастайды екен, – деді әлгі қоңыр құмырсқа. 

–Мін-е! - деді Тектүк көзі оттай жанып, – Ертең бізді төбелестіргенде біріміз өтірік өлген болайық. Өтірік өлгенімізді қайдан білсін. Сыртқа лақтырып тастаса қайтадан тұрамыз да жақын маңнан көмек қолын шақырамыз.

–Расында табылған ақыл!

–Бәрекелді! Бірақ өте қауіпті. Ол ақыры өлік екен деп таптап, көміп тастамасын кім біледі?

–Бірақ бұдан басқа шығар жол жоқ, – деді қараңғыдан естілген бөтен дауыс. 

–Жарайды, ал кім өтірік өлуге келіседі? – деді қоңыр дауысты егде кісі. Бәрі жым-жырт тына қалды. Тек әлсін-әлсін тыныс алғандары ғана естіледі. 

–Ешкімнің дәті шыдамай тұр, – деді қоңыр әскер де салы суға кеткендей. - Мен қорықпаймын, бірақ ондай тәуекелге бара алмаймын. Отбасым күтіп тұр. 

–Ал мен оқуымды әлі аяқтамап едім.

–Ауылға керекпін. 

–Жұмысқа баруым керек!

–Әлі жаспын! – деген сыңайда ақталған, сылтау айтқан үндер жан-жақтан күбір-күбір естіліп жатыр. 

–Мен барамын!

Бәрі «мынау қай ақымақ» дегендей жалт қарады. Тектүк ортада үнсіз ғана, көзін жыпылықтатып тұр.

–Балам-ау, сен әлі жассың ғой. Бар өмірің алдыңда. Осы қадамға бармай-ақ қойсаң қайтеді? – деді жаны ашыған егде құмырсқа жік-жапар болып.

–Дұрыс айтасыз, көке! Бірақ аман құтылсам сіздерді де, елімді де құтқаруға мүмкіндігім болмақ. Мен мұнда қол қусырып қамалып отырғанда ар жақтағы елім шегірткелер әні-міні келіп қалады деп дән жинап әлектеніп жүр. 

Үнсіздік қараңғы қапасты қайта басты. 

Келесі күні таң атып, күн шыққанда сандық үстін ұрған әлгі баланың дауысы естілді. «Жауынгерлер, дайындалыңдар! Паппарация болмақ. Достарым да келеді. Инстаграмда хит боласыңдар». Таң атты демесең, мұнда ылғи түнек. Тек алдамшы саңылаудан түскен жарық қана үміт отындай жылт ете қалады. Сонда басталған үрей түс әлетіне шейін жалғасты. Кенет сандықтың құлпы ашылғанда ішке мол түскен жарықтан құмырсқалар көздерін қалқалап, біраз мең-зең күйге түсті. Қараң-құраңдаған адам-балалар таңданыспен бір-бірімен әңгімелесіп жатыр. 

–Мына бір құмырсқа менікі!

–Ал ана ірі қара - менікі!

–Мен анаған дауыс беремін!

–Тұра тұрыңдар, – деді үй егесі, – құр қолға бата жүрмейді. Кәне, бәс тігіңдер! 

–Мә, менен елу теңге, мына біреуіне!

–Менен 100 теңге, анаған!

–Сен ше, Бағдат? – деді үй иесі!

–Ойланып тұрмын. Ммм, мен мына бір қоңырын таңдадым. 

Осы кезде Тектүк көзге түсейін деді ме, ары-бері жүгіре бастады. Соны байқаған қара торы бала: 

–Мына біреу кішкентай болса да пысық екен. Осыны көрейінші. Денесіне қарай бәсім – 30 теңге. 

–Келістік! – деді үйдің егесі. Шайқас басталып кетті. Сөйтіп адамдардың көзін бояп, өтірік шайқасып жатқан құмырсқаларға әлгі балалар айыздары қана жанұшыра айқайлап жатыр. 

–Алға!

–Давай!

–Міне, жауынгер!

–Ой, бұныңды білгенде сені таңдамас едім, – деген сыңайда жан-жақтан балалардың дауысы жаңғырып жатты. Өтірік жеңілгендер ақырын ысырылып, шетке шыға бастады. Қарт құмырсқа адамның балаларына қапа болып, аһылап-үһілейді. Оның бұл наласынан: «әй, балалар-ай, ешбір жандыға зиян тигізбеңдер, біз де сендер сияқты жаратылыспыз. «Ойын» екен деп табиғатқа зұлымдық қылмаңдар! Бұларың қалай, біздің де сендердей балаларымыз бар, сендердікі сияқты бізде де отбасы бар» деген жазбаны оқығандай боласың. 

 Ал Тектүк пен ірі денелі қара құмырсқаның шайқасы басқаларға қарағанда әрі қызықты, әрі шиеленісті болды. Не керек сол сәтте олардың келіскеніндей ақырын соққан бір соққыдан Тектүк өтірік омақаса құлады. Көз бояушылықпен өлген құмырсқаның кейпін жасап, тапжылмай жата берді. Әлгі қара құмырсқа қолын көтеріп, басқа құмырсқалар да оны көтермелеп, өтірік мақтаған болып жатыр. Адам балалары таңдай қағысып, бір-бірімен шайқастың қызық болғаны жайлы пікір таластырып кетті. 

–Мәссаған, қандай соққы! Тура құлақ-шекеге дөп тиді!

–Көрдің бе, мына кішкентай құмырсқа нокаут алды. Мүрдем кетсе керек!

Үй егесі қара торы балаға назар аударып:

–Қап-ай, ә! Отыз теңгеңнен айрылдың! – деді.

–Ештеме етпес! Пысық болғанына қарап, бұдан бірдеме шыға ма деп ем, қателескен екем. Оның үстіне білгендей отыз-ақ теңге беріппін, – деп ыржиып қойды. 

–Өзің бәс тіктің, өзің жеңілдің. Мә, мына құмырсқаңды алып кет! – деді үй егесі Тектүкті оның алақанына салып жатып. Тектүк осы сәтте қатты қобалжығаннан қозғалып қоя жаздап іштей пыссымыласын айтып жатыр. Қара торы бала мырс етті де:

–Не істеймін мұны, қуырып же дейсің бе! Керек еді маған! – деп лақтырып жіберді. Ұшып барып жинаулы тұрған қапшықтардың үстіне түскен Тектүк «саудам бітті-ау» деп ойлап үлгерді. Тынысы тарылып, көзін ашуға қорқып тұр. Ақырын көзінің құйрығымен байқаса ешқандай да қауіптің белгісі жоқ. Керісінше нағыз қауіп-қатерден ұзап кетіпті. Орнынан атып тұрды да есіктің астындағы саңылаудан сыртқа қарай қаша жөнелді. Соңында адамдардың күбір-күбір дауыстары бұны қуалап келе жатқандай. 

–Анау, жеңілген құмырсқаны қайда тастадың? – деді көп қараның арасынан бір бала. 

–Ана бір жерге.

–Қане? Жоқ қой.

–Жаңа ғана жатқан сияқты еді...

–Ақымақ, мен оны жәндіктер туралы коллекцияма қосып, жабыстырып қоятын едім, – деді әлгі бала ашынып. «Дер кезінде қашып үлгердім-ау» деп ойлады Тектүк. 

Сонда егде құмырсқа қоңыр құмырсқаға қарап тұрып:

–Ендігі қайран – Тектүкте, – деді. – Ол біз үшін мына саңылаудан түскен жарық сияқты, бар үмітіміз сонда. 

–Әй, қайдам, шыға сала өз жанын күйттеп, бізді ұмытып кететін шығар, – деді көптің арасында көлеңкеде тасаланып отырған бірі. 

–Не де болса көреміз! Ол бала бір бәлеге ұшырап қалмаса көмек қолын созуға даяр, – деді қоңыр жауынгер.                 

Тектүк алды-артына қарамай өкпесін қолына ұстап жүгіріп келеді. Ентігін басқысы келеді, бірақ тоқтауға болмайды. Соңынан әлгі балалар жүгіріп келе жатқандай. Артына бұрылса шап беріп ұстап алатындай болады да тұрады. Шөп-шалаң ішінде кетіп бара жатып бақбақтың арасына бой тасалай бергені сол еді, алдынан шыққан әлдебіреуге соқтығысып құлап түсті. Басы ауырып қалыпты, ұсталдым-ау деген үреймен жан-жағына қарамай тұра жүгірген, әлдебір таныс дауыс естілді. 

–Тоқта, бауырым! Саған тигізер зияным жоқ. 

Тектүк тосын дауысқа жалт бұрылған, қарсы алдында бұрынғы досы Оқ-поқ тұр. 

–Әй, қайдан жүрсің? – деп екеуі құшақтарын айқара ашып,  мәз-мейрам болысты. 

–Әкемді іздеп жүрмін, – деді Оқ-поқ күрсініп. Жанарында сарыла күткен сағыныштың таңбасы бар. 

–Әкең қайда кетіп еді?

–Бір аптаға жуықтады, жұмысқа кеткеннен оралған жоқ. Әсілі, жалғыз мен ғана емес күтіп жүрген. Көршілес ру-тайпалардың бір-бір тұрғыны үшті-күйлі жоғалған, – дегені мұң екен, ар жағындағы ормандай самалға тербелген шөптер арасынан «Оқ-поқ, қай бағыттасың?» деген дауыстар естілді. Жақындап қалса керек. Қолдарына таяқ ұстап, бастарына қалпақ киген бір топ құмырсқа шөптің арасынан шыға келді. 

–Ә-ә, мұнда жүр екенсің ғой. Мына бала кім?

–Досым Тектүк! Былтыр Бек-пек екеумізді адамзаттан құтқарып қалған осы батыр болатын. 

–Әп, бәрекелді! Сен туралы жаңалықтардан, газеттерден көп естіп едік. 

–Бұл жолы да сіздерге көмектесе алатын сияқтымын, – деді Тектүк қатуланып. Көп қараның құлағы елең ете қалды. Тектүк оларға мән-жайды айтып бергенде дүрлігіс басталып кетті. 

–Не тұрыс, жарандар! Барайық та құтқарайық! 

–Тоқтаңыздар! Олар қабат-қабат қапаста! Тұшымды бір жоспар керек. Оның үстіне әлгі ұры бала қай жерден тап болып, қашан келіп қалатынын білмейсің. Құтқарамыз деп жүріп, тұтқынына түсіп қалмайық. 

–Енді не істе дейсің? – деді арасындағы біреуі дегбірсізденіп, – Ағам тар қапаста тұншығып жата берсін бе? Жоқ, дереу бару керек! Жол баста!

Ірілеу біреуі оның сөзін кесіп жіберді. 

–Не деген құмырсқасың-ей! Тыңдайық та алдымен, не дер екен!

Тектүк жерден бір шыбықты алды да топыраққа қапастың сызбасын сызып, іші-сыртын жобалап көрсетті. 

–...Мына жерден ғана сүзіліп жарық түседі. Жіңішке бір саңылау бар. Жалпы осы шамалас. Енді ақыл қосыңыздар!

–Меніңше, – деді бірі, – мына саңылау тым кішкентей, біз сыймаймыз. Одан да құлыптың тесігінен кіріп, амалын тауып есігін ашайық. Жартымыз жабылып есікті көтеріп тұрсақ, қалған жартымыз оларды құтқарып аламыз.

–Есік тым ауыр. Оны көтеріп тұрам деп астында езіліп қаларсыздар!

–Онда былай істейік, – деді тағы бірі маңдайына қолын басып ойланған пішінде, – Бәріміздің үйден балта табылады. Жұмысты қиындатқанша, әлгі саңылауды пайдаланайық. Жан-жақтан балталап, бір құмырсқа сыятындай етіп кеңейтеміз. Сосын ішіне кіріп, пластиктің бір шетін ең іріміз сыярдай балталап үлкейтеміз. Одан соң біртіндеп, кезекпен тізіліп сыртқа шығамыз. У-шусыз.

–Табылған ақыл, – деп барлығы жан-жақтан қолдай кетті. 

Тектүк оларға жол бастап келеді. Қасында аяңдап келе жатқан Оқ-поққа:

–Сәлімді көрмедің бе? Соны іздеймін деп келгенмін, тағы да тұтқынға түсіп қалдым. 

–Одан хабарым жоқ. Осыдан бірер ай бұрын басқа жаққа көшіп бара жатқанын байқап қалғам. Ұзын құлақтан естуімше, оқуға кеткен көрінеді. 

Тектүктің ұнжырғасы түсіп кетті. Қалашығын енді қайтіп құтқармақ, кім қолын созбақ деген тұманды ойлар қаумалап алды. Оқ-поқ оны үнсіз түсініп, іштей жанашырлық танытып келеді. Қалаған межеге жеткенде бәрі жоспардағыдай орындалды. Түгел пластикті балталап ашып, ішке енгенде таныс-туыстар бір-бірімен көрісіп, арқа-жарқа болып қалды. Тіпті кейбірі көз жасына ерік берді. Әсіресе, Оқ-поқ жәутеңдей:

–Әке, сені анам мен бауырларым күтіп қалды, – деді. 

–Аман-сау бірге барамыз, балам, – деді баяғыдан бері көлеңке тұста отыратын бейтаныс. Оның жүз-әлпеті енді ғана көрінді. Оқ-поқ әкесіне тартқан етжеңді екен. Тұтқындар ескі достары Тектүкті қаумалап, «әй, азамат», - деп арқасынан қағып қойды. 

Шығуға асығып, бәрі түгел сыртқа лап қойды. Бірақ сыймайды ғой, сондықтан біреуді кезекті бақылаушы етіп белгіледі. Ол да қоңыр жауынгер болатын. Түгел шықтық-ау дей бергенде қойманың есігі ашылып-жабылғаны естілді. «Келді» деді егде құмырсқа бүкшеңдей басып. «Тездетейік, үлгерейік» деп бәрі тұра жүгірді. Бірер минуттың ішінде айнала азан-қазан болып кетті. Кезек бұзылып, қоңыр әскердің «тәртіп» дегеніне ешкім құлақ асатын емес. Дегенмен құдай сақтап қойманың бір бұрышында сыртқа шығатын қуыс бар боп шықты. Бәрі солай қарай ұмтылды. Бұзық баланың ойында ештеңе жоқ, әдеттегідей жоғарғы сөреден кілтті алып, сандықты ашты. Ішінде ешкім жоқ. Өз көзіне өзі сенбей сандықтың сыртын қараған, қабырғаның қуысынан қашып бара жатқан соңғы қашқындар – қоңыр жауынгер мен Тектүкті байқап қалды. 

–Қап, бәлем! – деп аяғындағы шәркейін шешіп, лақтырып қалды. Шаң көтеріліп, түшкіріп салды. Дөп ұрдым деп ойлады ма, көзі жайнап аңдаса – түк те жоқ. Тұра ұмтылып сыртқа шығып, қойманың артына барды. Құмырсқалар бұл кезде саңылаудан шыққан бойда бірден тап келетін кішкене жылғаға өзенге түскендей сүңгіп жатты. Біреулері жағаға қарай ұмтылады. Тектүк пен Қоңыр жауынгер әлдеқайдан ағып  келген қағаз қайыққа тап болды. Үстіне секіріп үлгерді. Суға батып жатқандардың денін қайыққа мінгестірді. Ал жағаға шыққандар бұларға қол бұлғай бергенде әлгі адам баласының ауыр адымы жерді қайыстырып келе жатқанын көрді. Бірі жерде жатқан шөп жапырағын, бірі кішкене бұтаны, тағы бірі бақбақты суға тастай сап, мінгесе қашты. Жылға демде-ақ бір топ құмырсқаны аулаққа әкетті. Кенет жылға барған сайын кеңейіп, ағыны күшейе түсті. Ойламаған жерден алыстан ұшы-қиыры жоқ көк айдын көрінді. Ағын қатты. Алдыңғы жақтағылар айқайлап жатыр. Дауыстарын соққан жел жұтып қойды. Біреулері мінгескен заттарының бағытын бұрмақ болса, енді біреулері суға секіріп жатыр. Қағаз қайықтағылар таңырқап қарап тұр. Қоңыр жауынгер капитан құсап қағаз қайықтың дәл алдында алысқа көз тастады. 

–Мыналардың бағыттарын бұрып жатқаны бекер емес, біз де қайықты жағаға бұруымыз керек, – деді. Әмірін екі етпей, бәрі жан-жақтан қолдарында нендей таяқ бар, соны ескек қып есе жөнелді. Бірақ ағыс қатты ма, әлде қағаз қайық жеңіл ме, түк шығатын емес. Бәрі суға сүңгіп, қашып үлгерді. Тек қайықтағылар ғана қалды. Расында да қашатындай бар екен. Алды жар. Мына ағыс – сарқырамаға барып тіреледі. Көзі шарасынан шыға жаздаған Қоңыр жауынгер:

–Түгел қайықты тастаңдар! Жағаға жетуге ұмытылыңдар! – деп еді, бәрі бірінен соң бірі суға секірді. Өмір бақи өзен-көлге құштар боп өскен Тектүк жүзу білмейтін. Суға секіруден жүрексініп аз-кем бөгелді. Секіргендер жағаға шығып та үлгерді. Енді секірейін десе аяғын біреу ұстап тұрғандай, жүрегі дүрсілдеп кетеді. Оқ-поқ қолын бұлғап «секір» деп жатыр. Бәрі де «бол, тезірек» деп айқайлайды жан-жақтан. Бақса қайықта өзінен басқа ешкім жоқ. Не керек, шарасыз санын соқты. Батылы жетпеді... Құмырсқалар қос жағада жамырап, аһылап қалды да қойды. 

Сарқырамадан құлаған қайық суға бір күмп етті де қайта шықты. «Саудам бітті» деп ойлаған Тектүк көзін ашса шарықтан шақырайып күн түсіп тұр. Қайық баяу көл бетінде тербеліп келеді. Айналасы көз жетпес сұлу көрініс – көл мен шағалалар, ақша бұлттар. Анау маңда менмұндалап тұрған қарт Алатау. Шың басындағы ақ қар – Аяз атаның қаба сақалындай. Алатау мына әлемге ойлана көз тастап тұрғандай.  Тура өзінің күнделігінде сақтап қойған ғажап көрініс. Жан сарайы ашылып, кеңіп сала берді. Бірақ бағанадан бері басынан өткен оқиға сұлу көріністі тамашалауға мұрсат бермеді. Мына әдемілікті тұмшалап, перделеп тұрған – артында қалған туған қаласының хал-күйі, түк бітірмей үйіне шарасыз түрде қайтып бара жатқаны. 

– Сәлімді де таппадым, құр қол қайтып барам? – деді қайықтың бір шетінде бүрісіп отырып.

–Жаным қалаған сұлулықты көрдім. Аңсар-арманыма жеттім. Дүниенің кеңдігін байқадым. Сонда да қуықтай ғана үйімді, илеудегі өмірімді сағына беретінім қалай? Сол әке-шешем бар шағын ғана мекен неге маған әлемдей кең де, ешкімім жоқ мына шетсіз әлем неге сондай тар?! Күнделігімдегі арманым орындалды, бірақ, еліме пайдам тигенде ғой... 

Түрлі ойлар мен мұң иектеп, жағаға да жетті-ау. Ар жақтан менмұндалап тұрған биік нысанға қарап: «Әне, таныс ғимарат. Үйім соғның қарсы алдында», - деді қағаз қайықты кері итеріп жіберіп. Жаяу адымдап, ұзақ жүрді. Әрине, алдынан түрлі қауіп-қатер тап келер деген қорқынышы да жоқ емес. Бірақ ол үшін енді бәрібір. Салы суға кетіп, еңсесі түсіп келеді. «Әкем айтпай кеткенім үшін ұрсатын болды, ал мектепте мұғалім сөгіс береді» деп ойлады жабырқап. Оны алаңдатып тұрғаны – ойға алған дүниесінің орындалмағаны.      Бірер сағатта қалашығына да жетті. Илеуіне негізгі қақпадан енсе шу шығарып, сөзді көбейтіп аламын ба деп өзі шыққан жерге оралды. Жолай көптеген жарықшақтарды бітеп үлгерген екен. Ал өзі шыққан жер әлі бітелмей тұр. Кішкене болған соң байқамады ма, әлде кезекпен жасап келе ме, ол жағы беймәлім. Төменге түсіп, қалашығын алыстан барлады. «Туған жер деген бәрібір ыстық болады екен. Әрбір тас, талын сүйіп алғысы келді. Кіндік қаның тамған жердің қадірі бөлек. Отанға деген махаббат қана мына құмырсқаларды ұшпаққа шығармақ. Елге деген патриоттық сезім өркендеуге, дамуға баспалдақ болады. Сөйткен қаламды дұшпандар талан-таражға салып, білгенін істемек. Бірі жаулап алуды күйттесе, енді бірі мүлдем жойып жіберуді қалайды. Қайтсек екен?», – деген ауыр ойлар кішкене құмырсқаның иінін басып, езіп жіберді. Осындай ойларын арқалап үйіне де жетті-ау. Терезеден баласын көрген шешесы жаулығы желбіреп сыртқа жүгіріп шықты.

–Балам-ау, оралдың ба? Сені іздемеген жеріміз жоқ, құлыным, – деп құшақтай алды. – Қайда кеттің, неге түсіндіріп айтпадың?

–Кешіріңіз, анашым, – деді Тектүк алғаш рет өзін шарасыз сезініп, көз жасына ерік беріп, – Қалашығымызды құтқара алмадым. Қолымнан келмеді. Сәлімді де таппадым, – деді де өксіп жылап жіберді. 

–Балам-ау, оны қайдан шығарып жүрсің? Кім саған қалашықты құтқар деген? Шегірткелердің оспадарлығы болса, қайтеміз енді, көнеміз де. Пешенемізге жазғаны осы шығар. Сен бас қатыратын дүние емес бұл. Қаланың мэрі, әкім-қарасы, әскері бар. Сен әлі кішкентайсың. Оқуың керек. Табанды білім алып, өзің қызыққан бір саланы ұстап, соны дамытсаң – міне сонда еліңе пайдаң тигені. Бір саланы дамыту арқылы дұшпаннан да қорғай аласың. Дұшпандар ақсап жатқан саланы іздеп, сол жерден шабуыл жасайды. Сондықтан сенің оқығаның маңызды. 

–Мен енді сабақ оқимын, апа! – деді Тектүк анасының айтқан жұбаныш сөзіне жігерленіп. 

Тарс-тұрс еткен дауыстардан құлақ тұнғандай. Бақырып, ақырған әдепсіз күлкілер еміс-еміс естіле бастады. 

–Мынау не, тағы? – деді анасы баласын құшағына басып. 

–Әне-міне дегенше бір апта да өтті. Қане, жиған терген азықтарыңды ортаға салыңдар! – деді шегірткелердің қолбасшысы тісін ақситып ақыра сөйлеп. 

Қала мэрі жұмыс орнынан атып шықты.

–Ойбай-ау, бұл қайткеніңіз, бір апта емес, екі күн ғана өтті ғой? 

–Солай ма? – деді шегіртке қасындағы жасақтарына көз тастап. Олар иықтарын қомдап, бастарын кекжитіп қояды. Күшіне сенген Қолбасшы сөзден ұтылып көрген емес. 

–Ал біз үшін бір апта өтті. Әйтпесе, мына қалаларыңды қирандыға айналдырып, өртке орандырып, өздеріңді итжеккенге айдатамын. Шығарыңдар, түгел! – деп әмір берді. 

Шарасыз құмырсқа халқы үйінде барын сыртқа шығарып, орталыққа әкеліп қойып жатты. Бұның өзі бірер сағат уақыт алды. Бұл аралықта олар қала мэрі ұйымдастырған түскі асқа қарындарын қампита тойып алған. Сосын қолбасшы түрегеліп: 

–Бітті ме, осы-ақ па? – деді қала мэріне ала көзін бадырайта. 

–Енді барымыз ғой... 

Қолбасшы жендеттеріне көз тастады. 

–Бүткіл үйді аралап, ақтарып, барын алып шығыңдар. Жасырып, астына басып қалған үйлерді жермен-жексен етіңдер. Жылда беретін өнімдеріндей болмаса көздерін түгел жойыңдар! – деп әмір берді. 

Шегіртке-жендеттер басшысының әмірін екі етпей орындауға кірісті. Жүрген жерін жалмап келеді. Тектүкке анасы «орманға қаш» деді. Тектүк қасарысып тұрып алды. 

–Балам-ау, саған бірдеме болып қалса қайтеміз? – деп анасы көз жасына ерік берді. Шегірткелер құмырсқа тұрғындарды шықпырта қуып, сабап жүр.  Кенет жер қайысқан қол келе жатқандай аяқ асты дірілдеп сала берді. Ешкім түсініп болар емес. Мына тосын дыбыс қай жақтан шығып жатыр деп бәрі алаң. Шегірткелер де аң-таң. 

–Бізден басқа біреуге де салық төлейтін бе едіңдер?

–Жоқ, басқа ешкімге...

–Онда мына келе жатқан кім? – деді Қолбасшы көзін көлегейлеп, илеудің қақпасына көз тастап. 

–Шын айтамыз, еш хабарымыз жоқ, – деп жатыр қалашықтың атқамінерлері шегірткелердің алдында құрдай жорғалап, – Өтінеміз, бізге тағы да уақыт беріңіздер!

–Шыдамның да шегі бар, құмырсқа мырза! – деді шегіртке. 

Әлгі қалың қол жақындай бергенде ғана олардың кім екенін аңдағандай болды. Илеуге кіріп жатқан шегі мен шеті жоқ халық – әскер-құмырсқалар екен. Қолдарында қару-жарақ. Қабақтары қатулы. Тектүк шырамытып тұрғандай. Қалың қолды бастап келе жатқан Қоңыр жауынгер, Оқ-поқ пен оның әкесі және тұтқында бірге болған достары екен. Қуанып кетті. 

–Анашым, мына келгендер менің достарым ғой!

–Қалай, қандай достарың? – деп ана байғұс қуанғаны ма, таңырқағаны ма, түсінбей жатыр. 

–Кейін айтам, – деді Тектүк шарбақтың үстіне шығып жатып. – Оқпоқ, Қоңыр жауынгер! – деп қолын бұлғады сосын. 

Мұны таныған достары да қолдарын бұлғады. «Көп қорқытады, терең батырады» дегендей-ақ шегірткелер қаймығып қалды. Мынаның бәрі жабылса сау-тамтықтары қалмасын өздері де біледі. Қолбасшы жұтынып, шеткері тұра қалды. Сонда да тәкәппарлығы мен өктемдігі басылар емес. 

–Сендер тағы кімсіңдер?

–Біз құмырсқа деген халықтың бір-бір тайпасымыз, – деді Қоңыр әскер. – Біріміздің басымызға күн туса, бәріміз қол ұшын созамыз. Мономориум тайпасы мынандай қиын жағдайға тап болған екен, қасық қанымыз қалғанша соғысамыз деп келдік. Бауырларымыздың халі мүшкіл кезде күліп-ойнап жүргеніміз айып болар! 

–Сендер бізге - шегірткелерге шамаларың келеді деп ойлайсыңдар ма? 

–Бірлік – кез келген кедергіні жеңетін ұлы күш. Сенбесең - көр! – деді Қоңыр жауынгер қолын көтеріп. Сосын зор дауыспен ақыра бұйрық берді. 

– Әскер, дайындалыңдар! – дегені сол екен, қалың қол қару-сайманын сайлап, шабуылға әзірленіп тұра қалды. Шегірткелер қипақтап, не істерін білмей тұр. 

–Менің қояр шартым бар, – деді кенет қолбасшы айла-шарғыға көшіп. – Біз бір айдан соң келейік. Соған дейін азықтарыңды жинап қоярсыңдар! Ал қазір кеттік, жарайды! – деді жендеттеріне қайттық дегендей ым жасап. Олар да ілесе бастаған, кенет бір құмырсқа жебесін аяғының астына атып, саптан суырылып шықты. Оқ-поқтың әкесі екен. 

–Келісімшартқа келмек болсаңдар ешқашан әлімжеттік жасамаймыз, кісі ақысын жемейміз деп уәде етіңдер! Біздің елдің бір бейбіт тұрғынына қолдарыңның ұшын тигізсеңдер, жермен-жексен етеміз!  – деді ол тісін қайрап. – Біз талай соғысты көрген халықпыз. Кері қайту біз үшін өліммен тең! 

Қолбасшы шынында сасайын деді. Келіспейін десе – олар көп, келісейін десе – менмендігіне ауыр тиіп тұр. Жан биліктен де қымбат екен, ақыры көнді. Бастарын салбыратып, үйлеріне құрқол қайтып бара жатыр еді, Қоңыр әскер тағы бір талап қойды.

–Осы күнге шейін алғандарыңды кері қайтарасыңдар! 

Амалсыздан оны да мақұлдады. 

Ел-жұрт болып шаттанған, бөркін аспанға атқан мұқым жұрт жауынгерлерге алғысын жаудырып жатыр. Оқ-поқ Тектүктің қасына келіп:

–Сен сарқырамаға құлап кеткен соң халіңді білейік деп соңыңнан аттанбақ болғанбыз. Сонсоң аман-сау үйіңе бара жатқаныңды көріп, ел болып ақылдастық та өзің айтқандай қол жинадық. Көрдің ғой, адамның көмегінсіз-ақ өз күшіміз де жетеді екен. 

–Иә, біріксек біздің күшке ештеңе тең келмес!

–Мен қандай қызықтан қалып қойдым? – деп Бек-пек екі досының иығына асыла кетті. Осы кезде Қоңыр әскер жұртшылыққа қарап сөз сөйледі. 

–Біздің келген себебіміз - мына бір кішкене құмырсқаның арқасы, – деді Тектүкті көрсетіп. – Ол қалашығымды қайтсем құтқарам деп жолға шығыпты. Ақыры тұтқынға түсіп, одан сытылып шығып, сосын бізді құтқарды. Міне, осындай ержүрек балаларды тәрбиелеген сіздер бақытты елсіздер!   

–Тектүк, шынымен жаужүрек екенсің! – деді Бек-пек оған дән риза болып, – Айтқандай, анау шегірткелер сенің арман күнделігіңді де қайтаратын шығар?

–Оның енді қажеті жоқ. Күнделіктегі арманым онсыз да орындалды. Енді басқа армандарым бар, кейін айтамын...

 Ал ата-анасының кеудесін мақтаныш кернеді. 

 

***

 

Бірнеше күн өткен соң Тектүк автобус аялдамасына қарай жүгіріп келе жатқан. Сондағысы – автобусқа үлгерейін дегені. Бек-пек терезеден досын байқап қалып, шопырдан тоқтай тұруын өтінді. Ырсылдап, ентігіп әйтеуір автобусқа мінді-ау. 

–Үй тапсырмасын орындадың ба? – деді Тектүк Бекпекке. 

–Әлбетте! Қорықпа, көшіруге беремін.

–Жоқ, керек емес, мен өзім орындап шықтым!

–Рас па? – деді Бекпек оның аузынан мына сөзді шынымен естідім бе, әлде ойнап айтып тұр ма дегендей таңданып. 

–Қате жерін түзеп берсең дегенім ғой...

–Мұның ерлік екен...

–Мен енді сабақ оқитын болам, – деді Тектүк күлімсіреп... 

– Ендігі арманым – білімді азамат болу! 

                       


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар