Төрегелді Тұяқбайдың «Сөзбилерінің» рецепциясы
Бөлісу:
Қазіргі әдеби үдеріс ұшқыр уақытпен үндестік тауып, үздіксіз дамып келеді. Поэзияның қашаннан мойны озықтығы белгілі. Дегенмен, бүгінгі көркемдік кеңістікте проза мен поэзия өнерінің параллель сызықтардай теңдесуі жарасымды жаңғырудың айғағы болса керек.
Бұл поэзияның дамуы бәсеңсіп қалды деген сөз емес, керісінше, поэзиядан басқа да қазақ сөз өнерінің түрлері тәуелсіздіктен кейін жедел қарқынмен дами бастағанын ұқтырса керек. Cондықтан, өлең өнері қашанда өз биігінде дамып келе жатқаны көпшілік оқырмандар көзқарасынан, әсіресе нақты рецепиенттердің (сыншылар, эстеттер) талқылауынан, талдауларынан танылады. Өлең сөздің теоретигі З.Ахметов: «Бүгінгі поэзиямызда өлең жүйесінің байып-толысуы – өзекті мәселелердің бірі», - дей келіп, поэзияға енгізілген қандай да бір тың үлгі-өрнек, өлшемнің орныққан түрлерімен құрылысы жағынан негіздес болатынын, ұлттық өлең жүйесіне сәйкес жасалатынын, ал әдебиетке бір тың үлгі-өрнек енгізу үшін, әбден сыннан өткен, кең таралған басқа өлшем-өрнектерді құрбан етудің еш қажеттігі жоқ екенін пайымдайды («Поэзия – даналық шыңы», 186-бет). Көрнекті әдебиет теоретигі, сыншы Б.Қ.Майтанов қазіргі қазақ поэзиясының жаңашылдық сипаттарын әдіс, бағыт тұрғысынан жекелеген ақындардың (Т.Медетбек, Ә.Қайран, Ұ.Есдәулет, Е.Раушанов, Т.Әбдікәкімұлы, Б.Қарағызұлы, Б.Сарыбай т.б.) шығармашылығы негізінде терең зерделей келіп: «Ешбір көркемдік әдіс, ағым, бағыт туралы әлем әдебиетіндегі басым қағидаларға байланып қалудың жөнін көре алмаймыз» [1:305], - деп жазады. Сондықтан, зерттеуші қазіргі қазақ поэзиясынан «жан әлемін терең мұңды, нәзік суреттеуді» де, «модернизмнің импрессионистік тармағына хас эстетикаға сай суреттеуді» де, «дүние сырын қабылдаудағы оқшау көзқарасты» да, «таза реализм не оның романтизммен аралас құйылымын» да аңғаруға болатынын пайымдайды («Тәуелсіздік – күрес мұраты», 305-бет).
Масатшы ақын, аудармашы, философия докторы (PhD), Абай ҒЗИ профессоры Төрегелді Тұяқбайдың (Төре Рахман – әдеби бүркеншік есімі) «Ойтұмар» жинағына (Нұр-Сұлтан: «Центр Элит НС» ЖШС, 2021.) 1001 сөзбиінен тұратын «Сөзбиі» тетралогиясынан алынған масат жырлары енгізілген. Автордың өзі «сөзбиі», «масат» деп атаған ақын жырларын рецепиенттер (әдебиеттанушылар, зерттеушілер, сыншылар) осыдан оншақты жыл бұрын да жылы қабылдағаны белгілі. Десек те, қалта кітапша пішініндегі бойтұмардай «Ойтұмар» жинағына біз де бұл туындыны қабылдаушы (рецептор) оқырман сипатында әлемдік әдебиеттануда негізі қалыптасқан рецептивтік эстетика (оқырман эстетикасы) ілімі бағдарында қарастыруды жөн көрдік. Ұлттық әдебиеттануда Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзел» деп оқырманына қайрылуынан, Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» деп шәкірттерін ынталандыруынан көзге түсетін автор – шығарма – оқырман қарым-қатынасы бастауларын қаперден шығаруға болмас. Тіпті, «қазақтың бас әдебиеттанушысы» атанған А.Байтұрсыновтың ұлы Абайдың «Қара сөздерін» ұғудың қиындығы туралы айтқан пікірінің рецептивтік эстетика ілімініне тікелей қатысты екенін пайымдауға болады. Көрнекті тұлға А.Байтұрсынов: «1903-жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес, олардың сөздерінен басқалығы сонша әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосырқап отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың қайыра оқыса да түсіне алмайды. ...Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағандығынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайын жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын, сынақ болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды да сынайды, Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен оқшау, олардың сөзінен үздік, артық. Ол оқшаулық, артықтық басқа ақындардан Абайдың жалғыз сөзінде ғана емес, өзінде де болған», - деп тұжырады («Ақ жол». Құраст. Р.Нұрғалиев. «Жалын», 1991. 217-бет.). Демек, қазақ әдебиеттануында оқырман эстетикасы ілімі А.Байтұрсыновтың аталған тұжырымынан бастау алып, З.Ахметов, Р.Нұрғали, Б.Майтанов, Ж.Дәдебаев, Ш.Ыбыраев, Т.Есембеков, Қ.Әбдезұлы сынды ғалымдардың және орыс, шетел ғалымдарының еңбектерінде зерделенеді. Орыстың көрнекті әдебиет теоретигі В.Е.Хализев көркем туындыға оқырманның қатысатынын, автордың өз оқырманы туралы әрдайым толғанатынын, сондықтан шығармада оқырман образының болуы көркемдіктің бір қыры екенін пайымдайды (В.Е.Хализев. «Теория литературы». С.136). Жалпы, әдебиет теоретигі В.Е.Хализев рецептивтік эстетика ілімін 1970-жылдары осы бағыттың жетекші өкілдері неміс ғалымдары Ханс-Роберт Яусс пен Вольфганг Изер қалыптастырғанын пайымдайды. Х.-Р.Яусс пен В.Изер оқырманның қабылдауы (рецепциясы), шығармаға берген шынайы бағасы авторды ынталандыратынын алға тартады. Алайда, рецепиенттің шығармаға автор енгізген мән мен мағынаны өзгертпеуге тиіс екенін қадап айтады. Әрине, белгілі бір шығарманы әртүрлі оқырман өзінің білім, тәжірибе деңгейіне қарай әртүрлі қабылдайды. Бұл толғамға байланысты Х.-Р.Яусс пен В.Изер қызғылықты мысал келтіреді. «Аспандағы жұлдызға» қарап тұрған екі адамның біреуі жұлдыздан балғаны көрсе, екіншісі шөмішті көретінін болжалдайды. Әрине, зерттеушілердің айтуынша, көркем шығарма мәтінінде оқырман күтпеген бұрылыстар, «күту көкжиегі» («горизонты ожидания») болатыны рас. Осындай жағдайда, рецепиент шығарма мәтініндегі бос орындарды (пробелы) өзінің талқысымен, шығарманың түпкі мәнін ашу барысындағы интерпретациясымен толтырады. Демек, оқырман шығарма мәтіні ішінде ой кешеді («мәтінге имманентті»), шығармамен, автормен пікірталасқа түседі. Оқырманнан өз кезеңінде бағасын алмаған шығармалар, кейінгі заманда бағалануы әбден мүмкін. Тарихи-контекстуалды зерттеуде оған мысалдар жеткілікті екенін пайымдауымызға болады. Ең бастысы, қарапайым оқырман да, саналы оқырман (рецепиент) да көркем шығарманың жетістіктері мен кемшіліктерін әділ бағалауға тиіс. Сонда ғана шығармашылық тұлғаның ізденісі артып, дарынына қуат береді. Жалпы, әлемдік рецептивтік эстетика ілімі (оқырман эстеикасы) қандай да бір көркем шығарманың құндылықтарын бағалауда абсолюттендіруді, яғни асыра мақтауды да, асыра даттауды да құптамайды. Шын мәніндегі эстетикалық сынды қолайлы көреді.
Сонымен, біз Төрегелді Тұяқбайдың «Ойтұмар» атты жыр жинағын сөз етпес бұрын ілгерідегі рецепиенттердің ой-толғамдары мен жылы лебіз, пікірлерін ойға түйдік. Мәселен, көрнекті сыншы Қ. Ергөбек ертеректе «Жалын» баспасынан жарық көрген «Бастау» жинағына енген жас ақындардың ішінен санаулы ғана таланттыларын сөз етеді. Солардың бірі де «назды, мұңшыл, сыршыл» жырларымен, «зайыр ақындығымен» «Бастауға» дейін де «мерзімді баспасөз бетінде поэтикалық туындыларымен көрінген» жас ақын Төрегелді Тұяқбай екен (Масатшы ақын, аудармашы, философия докторы (PhD), Абай ҒЗИ профессоры Төрегелді Тұяқбайдың 70 жасқа толуына арналған «XXI ғасыр поэзиясы және жаңашылдық» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. Алматы: Абай ҒЗИ, 2025. 78-бет). Ал, көрнекті ақын Ө.Оралбаев «Шеңберден шыққан шайыр» («Қазақ әдебиеті», наурыз, 2025) атты мақаласында «қалыптасқан қағидалы мектептен өткен» (әйгілі неміс ақыны Гетенің «Батыс-Шығыс жинағын» түпнұсқадан аудару шеберлігі, Алман елінде болып, дәріс оқуы, Гетені Абаймен салғастыра зерттеген ғалымдығы туралы) Төрегелді ақынның «сөзбилері» туралы ой толғайды: «Жаңа ғасырдың жарқын лебі ме, мыңжылдықтың мәртебесі ме, өзі айтқандай шеңберден шығудың бұлқынысы ма, бұдан жиырма жыл бұрын бір жаңа ізге, жаңа бұрылысқа түсті де кетті»,-дей келіп, ақынның «масаттарын» (жырларын) «мақсатты шешендік сөз», «би сөзі», «сөздің биі» деп те қабылдап: «Не де болса Төрегелдінің бұл тосын бұрылысы қызық әрі қиын тәсіл», - деп пайымдайды. Тіпті, ақынның масаттарының құрылымын Құрманғазының «Терісқақпай» күйінің пернелік түзілімімен салыстырады. Бұндай ерекшелік ұлы ақын Жұмекенде бар екенін ойға түйеді.
Шынында, масатшы ақын атанған Төре Рахманның таңдаулы сөзбилерінен тұратын «Ойтұмар» жинағын қолына алған оқырман ең алдымен, «масат», «масатшы ақын», «сөзбиі» деген термин сипатында әлі қалыптаспаған ұғымдарды, тіпті ақын өлеңдерінің өзегінде кездесетін түрлі архаизмдер мен «геометр», «түйдекті теңдеулер», «төңкеріліп түскен түйдектер», «шексіздіктер белгісі» т.б. тар салалық ілімдердің талқысын қажет ететін сөздерді бірден түсіне алмауы, тосырқай қабылдауы мүмкін екені рас. Осыны ескерген автор жинақтағы осындай кейбір ұғымдардың мән-мағынасына «Сөзалды» атаған кіріспесінде түсінік береді. Ақын кітабының «Сөзалдында» масатшы ақын болудағы мақсатын, бес әріптен құралған «МАСАТ» ұғымының мағынасы мен мәнін де ажыратып түсіндіреді. Ақынның «Масат» сөзіндегі әрбір дыбыс әріпінің таңбалық мағынасын:
«М әтін;
А дым;
С аз-күйі;
А йта білу;
Т ыңдай білу және де өзіңді-өзің!»,- деп ажыратып алып, оның әр қайсысына шумақ өлеңмен түсініктеме береді. Оқырманға түсінікті болу үшін, ақынның осы ұғымдарды өлеңмен тарқатып түсіндіруін нақты келтірейік:
«Мәтін деген - меніңше сөзбиі ғой!
Сөз патшасы емес, ол – өлең болар!
Сөз биіндей тұрайық сертімізде!
Әрі қарай тарату еркіңізде!
Адым деген – аяңдау тактіменен;
кеңістікті уақытқа бағындыру;
ал, немесе уақытты Сөзбен өлшеп,
миятыңа мәңгілік табындыру!
Саз-күйі ме алдымен сөзбиі ме?
Оның жайын ешкімнен сұрамадым;
екеуі де – перзенті бір ананның!
Бір-бірінен екеуін бөле көрме;
Саз-күйінсіз сөз құнын төлетер ме!?
Айта білу – адами арман еді;
қалғаныңның бәрі де жалған еді!
Айтсын! - дейтін қазақта сөз биі бар;
жүрегіңе датымды тез құйып ал!
Тыңдай білу – өнердің төресі ғой!
Тыңдай білген түседі трансқа:
жүрегімен от тасып тым алысқа,
масатшыға айналар өзі-дағы;
ие болар тыңдарман сұранысқа!
Сөзбиінде дес бермей күшті ағысқа,
Кертолғаулы қайыру – қысқа-нұсқа!
Сөзбиінде және де баға болмас;
Етегінен алғаның жаға болмас;
масатшыға болғанмен іні – қолдас,
Сіз не дейсіз, ақиқат – аға жолдас?! («Ойтұмар», 4-6-беттер), -
дегенде ақынның «Масат» деген ұғымының өзі жоғарыдағы метапоэзия (өлең туралы өлең) шумақтарының басқы сөздерінен қысқартылып алынған аббревиатура екенін түсінеміз. Әрі, ақын осы масатында өзінің ақындық кредосын да, шынайы өнерге, шығармашылыққа көзқарасын да айқындайды. Әрине, ақын бұл тұста «мәтін» деп кез келген мәтінді емес, мәтінтану ілімінің көрнекті өкілі Ю.М.Лотман айтқандай, поэтикалық құндылыққа ие көркем мәтінді айтып отырған сыңайлы. Біздіңше, Төре Рахман сол көркемдікке ие мәтінді «сөз патшасы» да, «сөз әміршісі» де емес, «сөзбиі» - өлең екенін нақты түсіндіреді. Поэзия ғана емес, прозада да ырғақ, ұйқас болатынын ескерсек, өлең сөздің өзі әнге сұранып, ән биге ұласқанда СӨЗ билемей ме?! Иә, билейді. «Дүниені сөз билейді» деген де сөз бар емес пе?
«Ойтұмар» кітабына «Сөзбиі» феномені» атты әдеби-ғылыми комментарий жазған филология ғылымдарының докторы, профессор С.Негимов осыған дейін қазақ поэзиясында «сөзбиі» деп аталатын өлең түрі болмағанын, әдебиеттану ғылымында «масат», «масатшы ақын», «түйдекті теңдеулер», «тең түйдектер» т.б. терминдер мен термин-атауы жоқ саналуан ұйқас түрлері тәрізді поэтикалық құбылыстардың бұрын болмағанын кесіп айтып, ақын «сөзбилерін» өлең теориясына сүйеніп, талдайды. Мақала авторы ақынның «сөзбилерін» феномен сипатында қабылдап, сөзбилеріне тән ерекшеліктерін зерделеу барысында жеті жаңалығын анықтайды: біріншісі, көнерген сөздерді жаңғыртуы, сөзтануға қосқан үлесі; екіншісі, Төре Рахманның ұйқасқа қатысты ең басты жаңалықтары; үшіншісі, ақынның сөзбилеріндегі саз-күйдің (екпін – ырғақ – саз – әуез – әуен) «билей жөнелгендей» әсері, ал төртінші жаңалық - ақынның сөзбилерінің силлабикалық-тоникалық поэзияға тән қасиеті екенін айқындайды. Бесіншісі, масатшы ақынның жырсүйер қауымды өлең тыңдауға шақыруы екенін, ал алтыншысы, сөзбилеріндегі «түйдекті теңдеулерге» қатысты математикалық дәлдік, жетінші жаңалығы - саз-күйі, автордың жазуынша, әрбір сөзбиінің белгілі бір ырғақпен, әуезбен, мақаммен, әуенмен, әнмен айтылуы екенін топшылайды. Алайда, зерттеуші С.Негимовтің төртінші жаңалық ретінде Төре Рахман «сөзбилерінің силлабикалық-тоникалық поэзияға тән қасиетін айқындауымен» келісу қиын. Зерттеушінің: «Алайда, кез-келген сөзбиінің шүу дегеннен екпінмен басталып, әрі қарай ырғақ – саз – әуез – әуен – мақам деп өрлей түсетіні тағы бар», - дейтін дәйегі толымды емес («Ойтұмар», 140-бет) . Себебі, өлең сөздің теоретигі Зәки Ахметов пайымына жүгінер болсақ, ғалым: «Қазақ тіліндегі екпін мен орыс тіліндегі екпіннің сипаты, сапасы бірдей емес... Ал, қазақ өлеңінде екпінді буындар, орыс тіліндегідей, екпінсіз буындардан әлдеқайда күшті болған күнде де, силлабикалық-тоникалық өлшемдер қолдану лайық келмес еді»,-деп өлең жүйесінің тілдің табиғатымен, құрылысымен тығыз байланысты екеніне, басқа жүйеге оп-оңай ауыса беруге болмайтынына көптеген ғылыми негіздегі дәлелдер мен дәйектер келтіреді, кейбір әдебиетшілерді сынға алады («Поэзия шыңы – даналық». 127-128-беттер).
Зерттеуші С.Негимов сөзбиінің синкретті өнер екенін, сондықтан масатшылық өнердің құбылыстарын зерттеу үшін математикалық лингвистика, музыка, мифология секілді өзге сала мамандарының көмегіне жүгінудің қажеттілігін де ескертеді (144-бет). Зерттеуші ең алдымен, сөзбилеріндегі ұйқас түрлерін талдауға алады. «Дәстүрлі қазақ поэзиясында ұйқас ұғымы негізінен өлеңнің аяққы жағына (клаузулаға) қатысты айтылса, сөзбиінде ол түйдектің бастапқы тармағына да (сөзіне де немесе бунағына да) қатысты болмақ. Ал, ұйқастардың буын санына келетін болсақ, сөзбиі түйдектерінен оның саналуан пішінін кездестіреміз: жыр жолдарында қазақ өлеңіне тән 3-4 буынды ұйқастан бастап 5-6, 7-8, 10-11 буынды ұйқастарға дейін молынан ұшырасады» («Ойтұмар», 730-сөзбиі. 130-бет). Зерттеуші ақынның 730-сөзбиіндегі, елу тармақтан тұратын 170-сөзбиіндегі қазақ өлеңіндегі бұрынғы дәстүрді жаңғыртқан ұйқас түрлерін «тармақ ұйқас», «жармақ ұйқас», «ілмек ұйқас» немесе «түрмек ұйқас» («рефрен ұйқас») деп атауды ұсынады. Рефрен ұйқастың түйдек пен түйдекті жалғастырушы ұйқас ретінде тұрақты түрде кездесіп отыратынына 170-сөзбиінен мынадай мысал келтіреді: «не дейін? – Не дейін, жаңғырық! – Жаңғырық, бір мезет! – Бір мезет, иіп тұр! – Иіп тұр, т.б» (132-бет). Қарапайым тілмен айтқанда, зерттеуші бұл тұста сөзбиіндегі түйдектің аяғынан басына тұрақты көшіп отыратын рефрен ұйқасты қарастырады. Қайталап айтайық, зерттеуші «рефрен ұйқасты» ғана қарастырып отыр. Ал, біз ақынның алдыңғы түйдекті неліктен «төңкеріп» қайталағанына, «төңкеріліп түскен тең түйдек» алдыңғы түйдектің мән-мағынасын өзгертпейтініне, масат жырдың екі түйдектен тұратынына, үшінші түйдектің жоқ екеніне, олай болса, «төңкеріліп түскен тең түйдектің» эпостық жырдағыдай түйдектерді байланыстырушылық қызметі жоқ екеніне, тек қайталау мәнінде қолданылғанына назар аударуға болады.
Әдебиеттанушы ғалым С. Негимов ақынның сөзбилеріндегі «түйдекті теңдеулер», «теңтүйдектер» деген ұғымдарын сөзбилерінің буын, бунақ, ұйқас ерекшеліктерін нақты мысалдар арқылы (мәселен, «484-сөзбиі) талдап, түйдектердегі ұйқас тұтастығын: (а+б) – с - (а+б) – (а+б) түрінде, он бір буынды күрделі ұйқастарды (4+7) - 11 – (4+7) – (4+7) түрінде белгілеп, он бір буыннан тұратын тармақты «тақ тармақ», ал басқаларын «жұп жолдар» деп атайды:
«1) Қырандарың 4 а
2) түлеткен құр далбаса 7 б
3) Ұландарың тілекпен ұл болмаса! 11 с
4) Ұрандарың 4 а
5) жыр еткен жыр болмаса! 7 б
6) Құрандарың 4 а
7) жүрекпен тыңдалмаса! 7 б
* * *
1) Тыңдалмаса 4 а
2) жүрекпен құрандарың, 7 б
3) Жыр болмаса жыр еткен ұрандарың, 11 с
4) Ұл болмаса 4 а
5) тілекпен ұландарың: 7 б
6) Құр далбаса 4 а
7) түлеткен қырандарың!» (484 -сөзбиінен) 7 б
Мақала авторы С. Негимов ақынның «теңтүйдектер», «төңкеріліп түскен түйдектер», «түйдекті теңдеулер» деп атаған ұғымдарындағы «түйдек» деген әдеби терминнің мәніне тоқталмайды. Шынында, ақынның «масат» немесе «сөзбиі» атаған жырларындағы өлең жолдарының топтасу жүйесін түйдек немесе шумақ деп атаған дұрыс па деген ой туады? Олай болса, поэзиядағы түйдек пен шумақтың айырмашылығы туралы тағы да академик З. Ахметовтің тұжырымдарына ой жүгіртсек артық болмас. Зерттеуші: «...Түйдектеліп келетін жырды ешбір тиянағы жоқ сырғанай беретін өлең түрі деуге болмайды...(қысқартып алған-біз). Түйдек өлең жолдарын топтаудың байырғы түрі екені, эпостық поэзияда оның шумақтан бұрын орныққаны рас. Бірақ эпостық жырларда, сонымен қатар толғау, терме, жоқтау секілді өлең шығармаларда түйдек үнемі сақталып келгендіктен, ол алғашқы қалпында қалып қоймай, мейлінше толысып дамыған... (қысқартып алған - біз). Түйдекті жырдың қысқа қайрылатын шумақты өлеңдермен салыстырғанда сөйлем құру жағынан өз мүмкіншіліктері бар екенін көрмеуге болмайды («Поэзия – шыңы даналық», 155-156 беттер), - деп жазады. Ал, шумақ туралы: «Шумақ деп өлеңде бірнеше қатар тармақтардың белгілі мөлшерде топтасуын айтатыны белгілі... (қысқартып алған - біз). Шумақтың тұтастық-бірлігін күшейтіп, жекеленіп-бөлінуіне себін тигізетіндер – айтылатын ойдың белгілі бір дәрежеде тиянақталуы, сөйлемдер синтаксистік құрылысы жағынан алғанда толық аяқталып, дауыс толқынының (интонация) тынуы. Сонымен бірге, шумақты туғызатын елеулі шарттың бірі - ондағы тармақ санының тұрақтылығы. Басқаша айтқанда, өлеңде шумақ болу үшін, тармақтардың белгілі мөлшерде топтасу тәртібі сақталуы, үнемі қайталанып отыруы қажет. Шумақты құрайтын тармақтардың ұйқасында белгілі тәртіп болады. Ұйқас та шумақтың өрнегін белгілеуге, жекеленіп бөлінуіне күшті әсер етеді (141-142 беттер), - деп тұжырымдайды. Сондықтан, ақынның масат жырларынан «544-сөзбиін» алып қарайық:
«Сен туралы түс көрдім-ау: 8 а
Ұйпа-тұйпа, ұйқы-тұйқы! 8 б
Әңгел-шәңгел көздеріме 8 в
Әл-дәрменсіз түн қарайды! 8 б
Түннің арық саусақтары 8 а
Ақ шашымды салалайды! 8 б
Ұйқым қашты неге менің? 8 в
Түн жарымда қарным ашты! 8 б
= * * * =
Осы жоғарыдағы жұлдызшалар мен теңдеу белгілерден кейін «төңкеріліп түскен түйдектер» келеді:
544-сөзбиі
Қарным ашты түн жарымда! 8 а
Неге менің ұйқым қашты? 8 б
Салалайды ақ шашымды 8 б
Саусақтары түннің арық! 8 в
Түн қарайды әл-дәрменсіз 8 а
Көздеріме әңгел-шәңгел! 8 б
Ұйқы-тұйқы, ұйпа-тұйпа: 8 в Түс көрдім-ау сен туралы! 8 г
∞ * ∞
(«Ойтұмар», 72-бет). Бұл масат жырының шумақтарындағы тармақтар мен буын саны теңдес болғанымен, егіз ұйқас пен ерікті ұйқастар аралас келеді. Ұйқастардың аралас үлгіде болуы «төңкеріліп түскен түйдектегі» сөздердің эмоция ырқымен орын тәртібінің бұзылуы – эмфатикалық инверсия. Бұл негізінен, лирикаға тән сипат екені белгілі. Анығында, бұл масат жыры түйдектен гөрі шумаққа ұқсайды. Себебі, егер әр шумақтағы тармақтарды қарапайым сөйлемдерге біріктірсек: «Сен туралы түс көрдім-ау: ұйпа-тұйпа, ұйқы-тұйқы! Әңгел-шәңгел көздеріме әл-дәрменсіз түн қарайды!». Шумақтарда «ой аяқталғанын, дауыс толқыны тынғанын, тармақтар санының тұрақтылығын» (4 жолдағы) байыптаймыз. Алайда, ақынның масат жырларының баршасын «түйдек» деп атаудың я атамаудың шарттарын шығарма авторының үлесіне қалдыруды жөн көреміз. Өйткені, әдебиет теоретиктері қандай да бір қалыптасқан теориялық қағидалардың жарты ғасырға жуық уақыт шеңберінде жаңғыру мүмкіндігін жоққа шығармағанмен, оның шектеулі уақытта өзгеруін құптамайды.
Зерттеуші С.Негимов ақын Төре Рахманның «түйдекті теңдеулердегі» алдыңғы түйдектің «математикалық дәлдікпен» қайталануының мәніне келгенде: «Бұл автордың өзін-өзі қайталауы емес пе? Неліктен автор өлең сөзді мұндай пішінге салып отыр?» дейтін сауалдардан бұрын масатшы ақынның сөзбиі мәтіндерін шұқшия қарап шығып, талдап-тексеріп көргеніміз жөн болар деген тоқтамға келдік», - дейді де оны автордың алдына қойған мақсатынан, «сөз сиқырынан» іздеуді жөн көреді («Ойтұмар», 134-бет). Десе де, алдыңғы түйдектің төңкеріліп түсіп «математикалық дәлдікпен» қайталануының сыры қандай?
Анығында, ақынның «сөзбилерінің» сырына үңілсек, ой мен сезім, мағына мен мән, екпін мен ырғақ, әуез бен әуен үндестігі «тас бұлақтың суындай сылдырап өңкей келісім» түзебесіне кім кепіл?! Ал, алдыңғы түйдекті дәлме-дәл төңкеріп қайталау арқылы масат жырындағы ой мен сезімнің мәні мен мағынасын үстемелеп, әуені мен әуезін, сыңғырын күшейтіп, ақынша айтсақ, «өлеңге оқырманды шақырып», тыңдаушыға экспрессивті-эмоционалды әсер туғыза ма? Біз де осы тұрғыда жалпы көркемсөз өнеріндегі қайталаудың көркемдік қызметін бағамдайтын болсақ, осы бағдарда рецепиенттердің ой-пайымдарын зерделеуді және өз уәжімізді білдіруді жөн көреміз.
Осы тұста, А.Байтұрсыновтың поэзия өнеріндегі айшықтаудың бір түрі саналатын «қайталақтау» (қайталау) туралы айтқан толғамдары да ойға оралады. А.Байтұрсынов «шығарма сөздердегі» қайталаудың түрлерін, көркемдік қызметін ажырата келіп, еспе қайталауға ерекше тоқталады: «Қайталақтаудың бір түрі еспелеу келеді. Арқан я тарамыс ескен сияқты, алдыңғы пікірдің аяғын соңғы пікірге қатыстырып қайта айтатын қазақта ақындар бар. Бір сөзді көп, қайтара айтып қайталақтағанда, сөздің әсері мылжыңдықтың әсеріне айналып кетеді; бір сөзді екі-үш қайтара айтқанда, сөз пысықталған, нығыздалған, ширатылған іспетті болады. Сондықтан, еспелеп қайталақтауды шамалы қолданбаса, маңыздаудың орнына, мылжыңдау болып кетуі оңай» ( «Ақ жол», 336-367 беттер). Ал, өлең өнерінің білгірі Зәки Ахметов қайталауды ежелгі жыр, толғау, суырып салма өнердегі ұйқасқа қатысты қарастырып, мағынаны, ойды тұтастыруға мүмкіндік туғызатынын пайымдайды: жеке өлең жолдарының қайталануы, ұйқаста бір сөздің қайталанып отыруы, синтаксистік параллелизм, сөздердің және ұйқастың неше дүркін қайталануы, дыбыс үндестігі («Поэзия шыңы - даналық». 155-156 бет). Көрнекті әдебиеттанушы З.Қабдолов «Сөз өнері» еңбегінде қайталауды айшықтаудың бір түрі сипатында толымды талдаулармен теориялық тұрғыда пайымдайды. Осыған қарағанда, Төре Рахман сөзбилеріндегі «төңкеріліп түскен түйдектердің» көркемсөз өнеріндегі қайталау қызметін атқаратынын жоққа шығаруға болмайды. Ақын Ө.Оралбайұлы айтқандай, ақын «қазақтың сымдай сызылған, талдай таранған сөзін төңкере тербетіп, санадағы сөзін сіңірте түседі» деп пайымдайды. Сөзбилерін бәйіт түріне ұқсатады. Біздіңше, «төңкеріліп түскен түйдекте» алдыңғы түйдектегі мағыналық-құрылымдық тұтастық өзгермейді. Ал, егер «төңкеріліп түскен түйдекті» қайталау дейтін болсақ, көрнекті орыс ғалымы А.Н.Веселовскийдің «рефрен» ( француз сөзі – қайталау) деген терминіне де ой жүгіртсек артық болмас. А.Н.Веселовский ежелгі эпостарда, ән-өлеңдерде бір өлеңнің аяғындағы сөздің сөзбе-сөз келесі өлеңдердің басына түгелдей көшіп отыруын, бір өлеңнің (шумақтың) ән бойында қайталанып отыруын «рефрен» – «тұрақты формулалар» деп атаған. А.Н.Веселовский ежелгі халық ән-жырларындағы өзгеше қайталаулар дамушы эпизодтардың алмасу кезеңінде негізгі іс-әрекеттің ұзақтығын бейнелеп, тыңдаушыға эстетикалық әсер ететінін пайымдайды (https://biblio.imli.ru/images/abook/teoriya/Veselovskij_A.N.Istoricheskaya_poetika._1989.pdf) Басқа да зерттеушілердің интерпретациясы бойынша, рефрен (қайталау) поэтикалық пішіннің маңызды элементі, оның көркемдік қызметтері бар: рефрен негізгі ойды нақтылай түседі; ырғақ және әуен туғызады; эмоциональды әсерді күшейтеді; шығарма бөліктерін байланыстырады; шығарманың ажарын ашатын көңіл-күй туғызады. Жалпы, А.Н.Веселовскийше, рефрен ақынның мақсатына сай шығарманың ажарын ашуға, есте сақталуына және эмоциональды толымдылығына негізделген көркемдікпен суреттеудің маңызды құралы болып табылады (https://ru.wikisource.org/wiki). Демек, ақын Төре Рахманның масаттарында (170-сөзбиінде) сөздің аяғынан басына көшіп отыратын тіркестер бар. Аталған сөзбиінде С.Негимов ұсынған «түрмек ұйқас» («рефрен ұйқас») жыр шумақтарының арасын жалғастырып тұрғаны рас. Бірақ, масат жырларының бәрінің құрылымы бірдей емес. Мысалы, масат жырларының көпшілігінде «төңкеріліп түскен түйдектер» бар. Бұндай жырлар екі түйдектен тұрады. Екінші түйдек - «төңкеріліп түскен түйдек», ақын бұндай масаттарды «тең түйдектер» деп атайды. Расында, осы «төңкеріліп түскен түйдек» А.Н.Веселовский зерттеген ортағасырлық ән-өлеңдердегі қайырмаға, эпостардағы жағдайларды (ситуация), эпизодтарды байланыстырушы рефренге де, тіпті қазақ эпостарындағы қайталауларға да ұқсамайды. Себебі, «төңкеріліп түскен түйдектен» кейін түйдек те, шумақ та жоқ, тек алдыңғы түйдекті кері қайталау бар екенін көзі қарақты оқырман аңғарады.
Көрнекті фольклорист Ш.Ыбыраев «Эпос әлемі» атты еңбегінде эпос композициясында ерекше орын алатын тұрақты эпизодтар, мотивтер болатынын, олардың ұқсас жерлер, қайталаулар, эпикалық формулалар деп аталатынын, бұндай мотивтер типтік сюжеттік ситуацияда жиі-жиі қолданылу нәтижесінде эпикалық формулаға айналғанын байыптайды. Қазақ эпостарындағы «Сонда тұрып Домбауыл Қорамсаққа қол салды, Суырып алған қу жебе Көп оғына жол салды» («Тарғын), «Қорамсаққа қол салды, Бір салғанда-ақ мол салды» («Тарғын) немесе «Қорамсаққа қол салды, Бір салғанда мол салды, Көп оғының ішінен «Сұр жебе» деген оқ алды» («Қобыланды») тектес қайталаудың, мотивтің нақтылы композициялық өрілімі, көркемдік бейнелеудің эпос жанрында өрілімі өзгеше екенін, оның себебі мотивтердің (мотив-әрекеттердің немесе эпикалық формулалардың - біз) ерекшеліктері эпостың сюжеттік, композициялық құрылымынан, идеялық мазмұнынан, көздеген нысанасынан, тақырыптың объектісінен туындап жататынын тұжырымдайды (https://kazneb.kz/kk/bookView/view?brId=1009164 270-271беттер). Ал, Төре Рахман масаттарында қайталауларға «төңкеріліп түскен түйдектер» деп соны атау береді. А.Н.Веселовскийше, «поэзияда эпостың ізі бар» дегенімізбен, бұл қайталаудың мәні де, сапасы да, құрылымы, қызметі де басқаша екенін тұжырымдауға болады. С. Негимов айтқандай, өте бір жұмбақ құбылыс болмаса керек. Ақын бұндай тосын қайталауды - «төңкеріліп түскен түйдектерді» масат жырында белгілі бір мақсатпен қолданатынын байыптауға болады. Ақынның мақсаты масат жырларындағы күрделі философиялық-әлеуметтік, символикалық т.б. астарға, мәнге құрылған ой-танымдарды, дерексіз жан-сезім құбылыстарын өткірлей түсу, санаға сіңіру, оқырманның жадын шынықтыру, сананы серпілту, идеяны нығарлай түсу, ырғақ пен әуен, саз-күйі үндестігін тыңдаушы санасына қайта дарытып, эстетикалық әсерге бөлеу десек те, «төңкеріліп түскен түйдекте» тармақтағы сөздердің кері орын ауыстыруы оқырман қабылдауына салмақ түсіретін басқатырғыш ойын құралына ұқсап кетеді. Алайда, бұл ойын құралы зат емес, өлең сөздегі – қайталау. Төре Рахманның масат жырларындағы қайталаудың бұл өзгеше, тосын түрі – шын мәнінде, көркем әдебиеттегі оқырманмен ойнау тәсілі, соның шығармашыл тұлға туғызған өзіндік қолтаңбасы дер едік. Жалпы, ақынның сөзбилерінің бітім-болмысын қазіргі поэзиядағы жаңашылдық сипатында діттеуге болады. Жалпы, академик З.Ахметов Ф.Оңғарсынова өлеңдерінде оқырман қабылдауына ауыр 18 буыннан тұратын өлең тармақтары кездесетінін және сақиналы композициялы өлеңде қайталаудың (Т.Есімжанов өлеңінде) өлеңді интонациялық-синтаксистік құрылысы жағынан түрлендіріп, мазмұнын терең, әсерлі ететінін тұжырымдайды (167, 174-беттер). Тіпті, мәдениеттанушы Оразхан Қодар рефрен тәсілінің жас потмодернист жазушы Мерей Қосынның «Буве нүктесі» аталған шағын әңгімесінде символизация сипатында қолданылатынын айқындайды.
Жалпы, ақын, ғалым, әлеуметтанушы, аудармашы Төре Рахманның дәстүрге бай қазақ әдебиетінен ғана емес, жаһандану дәуіріндегі әлемдік әдебиет пен мәдениеттен хабары молдығын ескерер болсақ, оның жаңашылдыққа ұмтылуының заңдылықтарын болжауға болады. Сондықтан да, зерттеуші ғалымдардың Төре Рахман масаттарын гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдары ғана емес, өнертану ғылымдары тарапынан да пәнаралық кешенді зерттеу жүргізу қажет деген көзқарастары да негізді болса керек.
Масатшы ақын Төре Рахман «МАСАТ» ұғымын түсіндіруде ең алдымен, мәтінге (М-мәтін) мән береді. Сөз субъектісінің оқырманның «тыңдай білу өнерін» (Т-тыңдай білу) ерекше бағалауы, оқырманның «трансқа түсуі», «жүрегімен алысқа от тасуы», «тыңдаушының өзі де масатшыға айналуы» біріншіден, Абайдың әйгілі тыңдаушысына қайрылған сөз орамын тарата жырлауының интермәтіндік сипатқа ие екенін көреміз. Екіншіден, өлеңді тыңдай білу өнерін мадақтауы оқырман эстетикасымен де, М.М.Бахтиннің диалог теориясының қағидаларымен ұштасып жатуы Т.Рахман шығармашылығындағы метапоэзияны тағы да еске салады. Алайда, масатшы ақынның оқырман жайлы толғамы өнер теорияларымен үндесіп жатқанымен, қатқыл қағида емес, көркем мазмұнға құрылып, айшықты масат үлгісіне айналған. Тыңдарманның өлеңге көңіл қойғанда, эстетикалық әсерге бөленіп, бір сәт өлең әуеніне елтіп, өзін-өзі ұмыту сәтін суреттеуде осы күні көпке таныс «транс» сөзін әдейі қолдануы да классикалық үлгіден алшақтаудың көрінісі болып табылады. Ал, лирикалық субъектінің «Тым алысқа жүрегімен от тасуы» оқырманды айрықша әсерге бөлейтін метафоралық қолданыс екені даусыз. Ал, «Сөзбиінде дес бермей күшті ағысқа, Кертолғаулы қайыру-қысқа-нұсқа!» деген жолдарын тарқатар болсақ, «Сөзбиінде дес бермей күшті ағысқа» деп келетін эмфатиялық инверсиядан Абайдың «қазақта қара сөзге дес бермедім» деген жолдарымен интертекстуалдық байланыс бар екені айқындалады. Автор сөзбилерінің қадір-қасиетін «Кертолғаулы қайыру-қысқа-нұсқа!» деп шешендік дәстүрімізбен қанаттастырады. Ал, екінші түйдектегі «Сөзбиінде және де баға болмас; Етегінен алғаның жаға болмас;» дейтін синтаксистік паралелльдер үтір нүктелі тыныс белгілерімен тұйықталғанмен, «ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деген халықтық мәтел пішіндес интермәтін екені айқындалады.
Төре Рахман «сөзбилеріне» аталым бермейді, тек нөмірлеп көрсетеді және лирикалық субъект персонаждарға да есім бермейді. Әдетте, автордың бұл тектес дүниесезінуі постмодерндік дүниетаным сипаттары екенін аңғаруға болады. Ақынның «1-сөзбиінде» мынадай жолдар бар:
«Аналар кім
сүйенген мылтығына?
Мыналар кім қараубет сұрқы мына?
Заман артын
беріп тұр мың құбыла,
Жамалар кім
жамау боп жыртығыма?
= * * *=
Жыртығыма
жамау боп жамалар кім?
Мың құбыла беріп тұр заман артын!
Сұрқы мына
қараубет мыналар кім?
Мылтығына
сүйенген аналар кім?» (8-бет). .
∞ * * * ∞ ( ∞-шексіздік белгісі)
Ақын персонаждарды жалқы атаумен атамай, сүйкімсіздерді Оралханша «аналар» деп атайды. «Мылтығына сүйенген «Аналардың» бейнесін «қараубет» деген бір ғана айқындауыштан тұратын этнопсихологиялық портретпен береді. Трагизм фонында ∞алынған лирикалық қаһарман «заманды мың құбылтқан қараубеттерге», «мылтығына сүйенгендерге» наза кейіпте зар заман ақындарынша толғанып, риторикалық сауал тастайды. Автор заман қайшылықтарын ұлттық танымдағы «заман артын беруі», «жыртығына жамау болу» сияқты фразалық тіркестермен ғана кестелеп қоймай, қаруына, күшіне сенген, тірліктің шырқын бұзған «аналарды» «мылтығына сүйенген» деген бейнелі эпитетпен суреттейді. Риторикалық сауалға құрылған лирикалық қаһарманның сөз саптауы оның жан әлеміндегі драматизмді айшықтайды. Осы «1-сөзбиіндегі» «төңкеріліп түскен теңдеулер» алдыңғы түйдекпен буын өлшемі, ұйқасы жағынан тең және алдыңғы түйдек қайталанады, алдыңғы түйдектен өзгешелігі эмфатиялық инверсия үлгісінде қайталанады. Бұл – сөзбиі құрылымындағы тағы бір өзгешелік.
Ақынның «22-сөзбиі», «195-сөзбиі» махаббат тақырыбында арналады. Бұл сөзбилерінің де екінші түйдектерінен төңкеріліп түскен «теңдеулер» көзге түседі. Мәселен, «22-сөзбиін» алайық:
«Мәжнүнталдай
егілген көңіліңде
Махаббат жоқ: ұмыттың мені мүлде!
Жаздым талмай мен-дағы махаббатсыз,
Мазмұн қалмай
Бара ма өмірімде?!
= * * *=
Өмірімде
бара ма мазмұн қалмай,
Махаббатсыз мен-дағы жаздым талмай?!
Мені мүлде ұмыттың: махаббат жоқ
Көңіліңде
егілген мәжнүнталдай!
∞ * ∞ » (9-бет).
Тағы да айта кетейік, екінші түйдектегі қайталау эмфатиялық инверсия үлгісіндегі қайталау болғанмен, бұл қайталау әуені лирикалық кейіпкердің махаббатсыз өмірінің мәнсіздігін, махаббатына деген «мәжнүнталдай егілген көңілінің» сағынышын үстемелеп, градациялық сипат алатынын тануға болады. Махаббатына зар күйіндегі лирикалық кейіпкердің «егілген көңілі мәжнүнталдай», дерексіз ұғым «көңіл» деректі затқа мәжнүнталға теңеліп, дерексіз құбылыстың мәні ашыла түседі. Мәжнүнтал бейнесінен мифопоэтикалық дүниетаным сипаттары аңғарылады. «195-сөзбиінде» лирикалық қаһарман махаббатты күрделі гиперболалық теңеулер арқылы асқақтата суреттейді. Шешендік өнер дәстүрінде бар күрделі теңеулер үлгісі сөзбиінің өрнек-өлшемінде жаңғырып, өзгеше түр иеленеді:
«Махаббатың-
жұмақтың жарымындай!
Ай көктегі-сағыныш сары мұңдай!
Апаратын
Мәңгілік мекеніңе
Шапағатың
Шырақтың жарығындай!
= * * *=
Жарығындай
Шырақтың шапағатың
Мекеніңе мәңгілік апаратын!
Сары мұңдай
cағыныш-ай көктегі!
Жарымындай
жұмақтың - махаббатың!
∞ * ∞ » («Ойтұмар», 29-бет).
Қазақ қоғамының да әлемдік деңгейдегі жаһанданудың алпауыт құшағына енуі, ұлт өміріне ауыртпалықтар туғызған нарықтық қатынастардың орнығуы, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы ұзаққа созылған қоғамдық-саяси, экономикалық дағдарыстар мен қайшылықтар ел тұрмысын ғана күйзелтіп қоймай, шығармашылық тұлға санасында жарылыстар туғызып, көркемдік кеңістікте постмодернистік дүниетаным бағыты өріс алғаны белгілі. Сондықтан Төре Рахман поэзиясында да постмодернистік дүниесезіну сипаттары бар екеніне көз жеткізуге болады. Жоғарыда сөз болған «544-сөзбиінің» идеялық құрылымын қарастырар болсақ, «мен» деп тіл қататын лирикалық субъектінің мезгілсіз уақытта «қарны ашады», «ұйқысы қашады», жасына жетпей «шашы ағарған», сол «ақ шашын салалаған түннің де саусақтары арық», түн де «әл-дәрменсіз», көрген түсі де «ұйқы-тұйқы». Суреттелетін іс-әрекет иесінің есімі де аталмайды. Осы тұрғыдан қарастырар болсақ, Төре Рахманның сөзбилерінің поэтикалық пішіні ғана емес, автордың дүниесезіну ерекшелігі де осы күнгі постмодерндік сипаттан ада еместігін аңғаруға болады. Түннің өзі де аянышты халде ( «әл-дәрменсіз», «саусақтары арық») болса да, лирикалық кейіпкердің «ақ шашын салалап» жұбатқандай болады. Лирикалық кейіпкер өзі өмір сүріп отырған ортадан «сая таппаған» жан, «әл-дәрменсіз» түн онымен мұңдас кейіпте суреттеледі. «Түннің арық саусақтары» деген пейзаждық детальдің таңбалық мәні эмоционалды сипатқа ие. Лирикалық кейіпкердің «қарны ашып, ұйқысы қашуына» кім кінәлі? Кінәні қоғамнан іздейтіндей. Кейіпкердің бейнелеуіш қос сөздермен берілген («әңгел-шәңгел», «ұйпа-тұйпа») бейнесі де – бері ирония (самоирония). Осындай күйрек халдегі оның жаны таза іспетті, әлдекімді түсінде көреді, сағынады, сол сағынышын да дәтке қуат еткендей, алайда оның сағынышынан да қайыр жоқ, арманы да сол түнмен бірге жоғалып ғайып болатындай. «Постмодернизмдегі ең үлкен дүниетанымдық ерекшелік - керітартпа романтиктердегі сияқты өзіне таныс өмір сиқынан түңілушілік. Олар айналаны өзгертуге тырыспайды. Бәрін шарасы таусылған көзбен, тіпті бейтараптықпен, қажыры кетілген, көбінесе өзіне қаратылған ащы мысқылмен (самоирония, тіпті самопародия) топшылайды. Үкім айтуға ұмтылмайды. Сырт қарап қана ілбіп отыратындай. Шын мәнінде бұл сияқты бет перденің (маска) ішінде керемет қарсылық тулап жатады» - деп жазады Б. Қ. Майтанов («Тәуелсіздік - күрес мұраты», 303-бет).
Төре Рахманның өзінің өмірлік тәжірибесінен түйіндеп, адамның жағымсыз мінез-құлқын сынға алған масаттары халық даналығымен де, ұлы Абай үрдісіндегі сыншылдық пафоспен үндесетіндігі де танылады. Мәселен, «524-сөзбиінде»:
«Ақымақты бір іске жұмсағанша,
Үнсіз ғана он істі тындыр өзің!
Сөзің өтпес
Біреуге қолың жетпес,
Тілі-қысқа,
Қолы – ұзын ақымақтың!
= * * * =
Ақымақтың
қолы – ұзын, тілі-қысқа,
Қолың жетпес, біреуге сөзің өтпес!
Тындыр өзің
он істі үнсіз ғана,
Жұмсағанша
бір іске ақымақты!
∞ * ∞ » (70-бет).
Осы масат жырындағы синтактикалық қатынасқа, кереғарлыққа құрылған «Тілі - қысқа, Қолы – ұзын ақымақтың!» дейтін жолдардағы кереғар мағыналардың молдығын (семиозис) байыптаймыз. Шынында да, «тілі қысқа» тасырдың «көзінен басқа ойы жоқ», бірақ «қолы ұзын» – пысықайлар жең ұшынан жалғасып жатпай ма ?!
Ақынның масат жырларында жалғыздық архетипі де Абай экзистенциалистік философемасымен үндестікте, әрі интертекстуалдық байланысқа құрылғанын байыптауға болады:
«Жалғыз қалған
бақсының бейітіндей
Кейі күндей көңілдің кейі түндей!
Жалбыз-жалған
дүние жұпар аңқып,
Андыздалған*
қалды арман көйітілмей**!
= * * * = » (61-бет).
Осы тұста айта кетуге тиіспіз: ақынның масаттарында теңдеу белгілері, көбіне тармақтардың соңына түсіп отыратын екпін, леп белгілері түсінікті болғанмен, біз де өзге зерттеушілер айтқандай, түйдектер аралығына, тіпті жыр соңына қойылатын шексіздік пен жұлдызшалардың қандай мақсатпен қойылатынын зерттеуді жаратылыстану ғылымының үлесіне қалдыруды жөн көреміз. Ал, автордың өзі өлең мәтінінде бір немесе қос жұлдызша арқылы белгілеп отыратын гипермәтіндер – масат жырларында молынан ұшырасатын архаизмдердің мәнін ашады: осы жыр мәтініндегі «андыздалған» деген архаизм – қаптаған, қаумалаған» деген ұғымдарды берсе, «көйіту» - көп сөйлеу, сапыру, мылжыңдау дегенді білдіретінін көрсетеді. Ақынның масат жырларында кейбір тіл білімін зерттеушілердің өзі де біле бермейтін мүлде ескірген, қолданудан шығып қалған көне сөздерді тірілтеді. Мысалы: «томаша» - құп-құйттай, шымшық тектес құс; «қыжалат» - тапшылық, жоқшылық; қажеттілік; «мәнбір» - тіршілік-тылсым; мәнейі мән, салдарлы себеп» т.б. архаизмдер мен неологизмдер, шет тіліндегі сөздерге сілтеме беріліп отырады. Осыдан-ақ, автордың тілтану іліміне қосқан үлесі де қомақты, ізденістері де табанды екені танылады. Сондай-ақ, ақын сөзбилерінде өмір мен өлім, ажалдың хақтығы жайлы философиялық түйіндерді де ерекше суреткерлікпен түйеді:
«Мен өлмеймін,
Өлуге тиісті емен:
Арманым көп, ботам аз иіскеген!
Теңелмеймін
Баянсыз байшікешке,
Кеней көңлім –
Бір сұлу сүйіспеген!»
= * * * =
Сүйіспеген
бір сұлу - кеней көңлім,
Байшікешке баянсыз теңелмеймін!
Иіскеген
Ботам аз, арманым көп:
Тиісті емен
Өлуге, мен өлмеймін!
∞ * ∞ » (58-бет).
Осы тұста ескерте кетейік, ақынның масат жырларындағы теңдеу белгісі түсінікті болғанмен, «геометр», «неометр» секілді терминдердің, жұлдызшалар санының өзгеріп отыруының немесе шексіздік (8) белгілерінің мәнін ашуды өзге сала мамандарының үлесіне қалдыруды жөн көреміз.
Шынында, масат жыр я сөзбиі десек те, кейбір жоғарыда сөз болған өзгешеліктері болмаса, өлшем-өрнегі, идеялық құрылымы жағынан да классикалық, модернистік, постмодернистік лирикамен туыстас екенін жасыра алмаймыз. Бір сөзден тұратын тармақтар да (Теңелмеймін, Иіскеген) кездеседі.Лирикалық тұлға ұрпақ сүйгісі, сұлу құшқысы келеді, өлімге алдыртқысы келмей, қарсылық танытады. Ақын осы драматизмді, тегеуірінділікті, өршіл рухты «белгісіз меннің» монодиалогы арқылы нанымды суреттейді. Ал, мына жырда ойшылдық та, афоризм де айшықталады:
«Азап болып
келсе де, ажал-ақтық,
Аңдамастан айтылған сөз-ағаттық!
Қазақ көрік
берген соң дүниеге,
Қазақ болып
өту де - азаматтық...» (59-бет. Қысқартылып алынды).
Ақын сөзбилері мақал-мәтел үлгісінде де беріледі:
«Балық туласа, Көлде түп қалар!
Ғаріп шуласа, Елде жұт болар!
Алып тумаса, Жерде жүк қалар!
Халық қунаса, Ерге құт қонар».
Масатшының өмір құбылыстарын жинақтай түйген байламында философиялық тереңдік, халық даналығымен ұштастық интермәтіндік сипат алады.
Т. Тұяқбай өзінің сөзбилерінде діл мен тіл жайында ой қозғап, қоғамдағы келеңсіздіктер мен кеселдерді сынға алып, тыңдаушысын ұлттың келбеті мен дәстүрін сақтай білуге, адамгершілік қасиеттерді қадір тұтуға баулиды. Мысалы, «954-сөзбиінде» масатшы ақын: «Діліңді сақтап қаламын десең, Әуелім, қазақ дініңді сақта! Дініңді сақтап қаламын десең, Әуелім, қазақ, тіліңді сақта! Тіліңді сақта, ізіңді сақта: Кенішің - қойма, кеше білмесең! Ұлыңды сақта, қызыңды сатпа, Өрісіңді ойла, өсемін десең!» (117-бет. Қысқартып алынды). Қоғамдағы келеңсіздіктер келбеті де қысқа да нұсқа кейіптеледі:
«Елден пысық шықса бір ол-пұлменен,
Көңіліңді қайтейін көлкілдеген!?
Шөлден қысып баратса, шыдап баққан,
Ерден түсіп қалғанға еңкілдеген!
= * * * =» (107-бет).
Автор қоғамдағы типтік құбылыстарды «ерден түсіп еңкілдеген мансапқордың» жекелік іс-әрекеттері арқылы сатиралық образ тудырады. Ақынның стильдік шеберлігі екені даусыз.
Ақын қоғамдағы «бұйрық», «билік» деген ұғымдардың мағынасын ашу арқылы да адам тағдырына қоғамның ықпалын, шектен асқан биліктің кепиетсіз содырлығын тұрмыстағы таныс құбылыстармен шендестіре суреттейді:
«Бұйрық деген –
айнадай паркетті жер:
Табансыздың көз отын жарқ еткізер!
Билік деген –
тырнауыш басып қалсаң,
Илікпеген
басыңа сарт еткізер!» (92-бет).
Өлеңнің астары қалың, меңзеу, тұспалдау да терең мағыналы. Әрине, ақын бұлардан басқа да көптеген сөзбилерінде (792, 827-сөзбилері т.б.) өмірдегі әділетсіздікті, жауыздықты әшкерелейді.
Сондай масаттарының бірінде:
«Сүттен аппақ» сүрейдің жынын қаққан
Аспан анау жауһарын жымыңдатқан!
Бұқпалақтап қашады көлеңкелер,
Шық қонақтап көздерің қымың қаққан!», -
дейтін (104-бет) масатында автор қаскөйдің сазайынын тәңір тартқызған сәттегі оның пұшайман болған кейпін «көлеңке» концепті арқылы шебер бейнелейді.
Төре Рахманның сөзбилерінің үлкен бір саласы көңіл-күй лирикасы деуге болады. Махаббат, достық жайын, сағыныш сырларын масатшы ыстық леппен, интуитивті экспрессиямен баяндайды: «Алтының боп, түнектен жарқылдайын: Әр сөзбиім-бір мысқал алтындайын! Жарқыным боп сен-дағы жүре берші, Жан күлімдеп жүзіңде жалқындайын! (екінші түйдегі қысқартылды- біз) немесе «Күміс үнің су шашып, сақ-сақ күліп, Зеңгір көкке шолп етіп кетті батып! Су перісі секілді сиқырыңмен Тұңғиыққа жөнелдің мені тарта!» (69-бет). Махаббат құдіретіне ессіз берілген лирикалық кейіпкер ғашығын су перісіне балайды. Масат жырында махаббат сезімі романтикалық әрі мифопоэтикалық сипатта өріледі.
Масатшы ақынның «сөзбилерін» оқырман санатында талғам таразымызға салуға талпындық. Әртүрлі оқырмандар шығармадан әртүрлі әсер алады және мәтінді мүмкіндігіне қарай әрқилы талқылайтыны белгілі. Ресей сөз өнерінің академигі Г.Пряхин Төре Рахманның сөзбилері туралы «Мастер паузы» атты мақаласында: «Торе Рахман - очень выразительный и вместе с тем нехрестоматийный, не классически «ориентальный» стихотворец. В его поэзии действительно присутствует очень современный, скорее даже европеизированный, трагический философский подтекст. Не исключаю, что этот подтекст во многом и обусловлен именно паузами, некими смысловыми лакунами, присутствующими в его работах и дающими волю, простор нашему читателскому воображению и соразмышлению», -деп жазады. «Жалын» журналы, «Жалын» баспасы қызметтерінде мол тәжірибе жинақтаған жас ақын Төрегелді Тұяқбай кейінірек Сыртқы істер министрлігінде екінші хатшы, бірінші хатшы, кеңесші, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тілдерді дамыту департаментінде бөлім бастығы, Премьер-министр кеңсесінің бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінде кеңесші, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, Президент Әкімшілігінің Баспасөз қызметінде аға сарапшы лауазымды қызметтерінде жүргенде де өлеңге берген сертінен айнымайды. Масатшы ақын Төрегелді Тұяқбайдың сөзбилеріндегі жаңашылдық әдеби сабақтастықтан тамыр тартқанымен, шығармашылық өрісінде өзіндік дара қолтаңбасын қалыптастыруы ақынның табиғи дарынын қашанда көнтері төзім, жанкешті еңбекпен шыңдағанына куә болғандаймыз. Поэзия әлемінде жастайынан танылып, бүгінде жаңашыл үрдісте өзгеше жыр өріп, масатшы ақын атанған Төрегелді Тұяқбай сөзбилерінің көп қырлы, көп сырлы әсемдік әлемі поэтикалық зерттеулер нысаны болатынына шек келтіре алмаймыз.
Қорыта айтқанда, масатшы ақын Төрегелді Тұяқбайдың «Ойтұмар» жинағына енген сөзбилерінде қазіргі уақыт тынысын, заман қайшылықтарын, адам өмірі мен тағдырын, оның ұлтжандылығын, мұқалмас жігері, өршіл рухымен қатар адами жан қалтарыстарын, тағдыр тезіне түскен сәттегі түңілісін суреткерлікпен бейнелейді. Адамгершіл рухты өлеңіне өзек етеді, ұлттық келбетіміз бен дәстүрлерімізді сақтай білуге, ана тіліміздің қасиетін ұғынуға үндейді. Жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, махаббат пен қатігездік, ақ пен қара қайшыластығы хақында философиялық ой түйіп, афористік ой тұжырымдайды. Масатшы ақын Төрегелді Тұяқбайдың масатшылық өнері әралуан жаңашылдыққа толы өзгеше өлең түрі сипатында пәнаралық зерттеулер нысанына айналатынына біз де шек келтіре алмаймыз. Себебі, біз масатшы ақынның сөзбилерінен ой мен сезімнің тұтастығын, коннотативті ой қабаттарының тереңдігін, ақынның әсемдік әлемінің байлығын, дүниесезіну ерекшеліктерін, өзіндік қолтаңбасын танимыз. Ақын сөзбилерінің өрнек-өлшемдеріндегі, сөз кестелеріндегі, жалпы идеялық-көркемдік құрылымдарындағы жаңашылдықтардың фольклорлық, шығыс шайырлары дәстүрінен, авторлы ауызша әдебиет пен жазба әдебиет дәстүрінен нәр алып, ақынның табиғи дарыны мен табанды шығармашылық ізденістерінің негізінде қалыптасқан стильдік шеберліктерінің көрсеткіштері екеніне көз жеткізуге болады. Масатшы ақын Төрегелді Тұяқбайдың сөзбилеріндегі авторлық қуат оқырманды бейжай қалдырмайтыны анық.
Раушан Әбдіқұлова,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Бөлісу: