Ақын, бард, Табылдыға арналған әндерден "Сәйгүлік" атты фестиваль өтті
Бөлісу:
05.06.2014
3375

Марқұм Табылдымен көзінің тірісінде жақсы араласып, талай кештерде сахнаға бірге шығып едік. Гитара ойнау мәнерімізде, гитарамен ән салуда, гитараны қазақиландыруда көзқарасымыз сәйкес келе бермейтін-ді... Сөйте тұра қатты сыйластық. Оралға гастрольге шақырдым, жете алмады. Атырауға, туған ауылы Дендерге ол шақырды, мен жете алмадым. Ақыры бардым... Жүздесуге, сырласуға емес... Отбасына көңіл айтуға бардым. Әкесі қимай ұзақ қоштасып еді... Қыста Республикалық Т.Досымов атындағы қордың ұйымдастыруымен арнайы Дендерге барып, Табылдың рухына арнап концерт бердім. Әкесі де өтіп кетіпті өмірден...
Мынадай сайқал саясаттың заманында, пенделердің пиғылы өзгерген кезде осындай ауқымды кеш өткізу әркімнің қолынан келе бермейді. Өз басымнан өткен, білем... Фестивальдің ойдағыдай сәтті шығуы жоғарыдағы айтылған қордың директоры, ақын Бижан Қалмағанбетовтің еңбегі дер едім. Табылдың өлеңдерін, әндерін республика көлемінде ғана насихаттап қоймай, шет ел қазақтарына (Қытай, Монғолия) дәріптеуде қосқан үлесі орасан зор. Таланттарды өлгесін мақтауды қатырамыз, жер басып жүргенінде бағалайық... (қолымыздан келсе, әрине... )
Актер, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері Қадырғали Көбентай
Бөлісу: