"Ел қорғаған Ер Жәнібек" халықаралық ақындар айтысы өтеді

Бөлісу:

09.06.2014 5763

ER-JANIBEK1.pngМаусымның 17 жұлдызында «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының және айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Ер қорғаған ер Жәнібек» атты халықаралық айтыс өткізіледі. 

Аламан айтыстың басты мақсаты – ерлігімен танылған Жәнібек батырдың батырлық істерін жастар арасында насихаттау. Халықаралық сөз сайсына Қытай Халық Республикасының атынан Қанатбек Зәйтоллаұлы, Анаргүл Бәделханқызы, Монғолиядан Сәтжан Тілашқан секілді қандастарымыз өз өнерлерін ортаға салса, Мақсат Ақанов, Айбек Қалиев, Қарлығаш Әубәкірова, Еркебұлан Қайназар, Әсем Ережеқызы, Бауыржан Қалиолла, Иран-Ғайып Күзембаев, Ержеңіс Әбді, Ринат Зайытов, Жақсылық Орынбасар, Мейірбек Сұлтанқан сынды ақындар қазақ елінің атынан сөз сайыстырады. Айтысты көрнекті ақын, айтыс тізгінін 30 жыл ұстаған Жүрсін Ерман жүргізеді. 

10401886_681074788631167_8543050795261252989_n.jpg

Ер Жәнібек Бердәулетұлы 

Жәнібек Бердәулетұлы (туған жылы белгісіз – 1792) – батыр, шешен. Жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстарға белсене қатысқан. 1760 ж. Ж. абақ керейлерді Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіне қарасты байырғы мекеніне апарып орналастырған. Есімі абақ керейдің ұранына айналған. Жоңғар шапқыншыларына қарсы соғысқа аттанарда нағашы атасы Қаз дауысты Қазыбек биден бата алады. Бір шайқаста мінген тұлпары болдырып қалған Абылай ханға астындағы көк дөненін түсіп беріп, Абылайды құтқарып қалады, өзі жекпе-жекке шыққан екі қалмақ батырын жеңіп, жаудың бетін қайтарады. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, т.б. батырлармен тізе қоса отырып, жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстың аяғына дейін қатынасады. 1731 ж. Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей империясының бодандығын қабылдаған кезде Ер Жәнібек керей тайпасын бастап, Сыр бойынан үдере көшіп, Қалба тауына келіп қоныстанады. Осы арадан Алтайдың Ақтау төңірегіндегі бір асуынан жол салып асып барып, өр Алтайды шолып қайтады. Бұл асу кейін “Жәнібек асуы” деп аталып кеткен. 1760 ж. Жәнібек батыр абақ керей руын Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіне қарасты байырғы мекеніне апарып орналастырады. Сөз бастаған шешендігімен, ел бастаған көсемдігімен, жауға шапқан батырлығымен бүкіл абақ керейдің ұранына айналған "Ер Жәнібек" сексеннің үстіне шығып қайтыс болады. Батырдың Шіңгіл ауданда тұратын он бірінші ұрпағы Зардықанның үйінде сақталған қасиетті туын 1940 ж. Оспан батыр Қытай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі кезінде көтеріп шығады. Ер Жәнібек туралы қытайдың Алтай аймағының қазақтары «Жәнібек батыр» деген тарихи жанрдағы екі сериалды фильм шығарған. Қазір Алматы қаласының Алатау ауданында Ер Жәнібек атындағы қысқа көше бар. Батырдың зираты Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Ортабұлақ деген жерде. Зиратының басына ескерткіш орнатылған.


Бөлісу:

Көп оқылғандар