Мұқағали Мақатаев: "Қайран жеңгем"

Бөлісу:

09.05.2015 12365



_BaLEDy2kmY.jpg




Қайран жеңгем



Су сұраса сүт берген, айран берген,

Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!

Қарғаның валетіндей едірейіп,

Қасыңа мына біреу қайдан келген?

 

Апырай, суық еді сұрқы неден?!

Адамға қарайды ғой сыртыменен.

Жол көрсеткіш сақшының таяғындай,

Қимылынды бағып тұр мұртыменен.

 

Женеше-ау, есіңде ме біздін ағай?

Сыйласып отырар ек біз құдадай.

Қанды балақ соғысты қарғыс атсын,

Қайран жеңгем, шырқынды бұзды қалай...

 

Күлкің қайда күмістей сыңғырлаған?

Жүзің неге ымырттай түнжыраған?

Бұғалыққа тұрмайтын асау едің,

Сені әкеліп теліген кім мынаған?

 

Өзің болсаң, тым ағат ойланғансың,

Бақыт емес, басыңа қайғы алғансың,

Жан едің ғой жанының талғамы бар,

Қара мұртқа қалайша байланғансың?!

 

Ел-жұртың қараушы еді мақтан етіп.

Киіп ап аяғыңа салтама етік,

Талайлардан кетуші ең аттап етіп,

Талайларды жүруші ең таптап етіп...

 

Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!

Қайғыға мойымаушы ең.

Қайдан келген?!

Сағынып жүрсің бе әлде, қадірлім-ай,

Баяғы жастығыңды майданда өлген?...


Мұқағали Мақатаев

Бөлісу:

Көп оқылғандар