Бағдат Мүбәрак: Ұят-ай, ертең ел не дейді?..

Бөлісу:

17.02.2017 11638


ПАТРИОТИЗМ 


Отаным деп, от кешкен,
Батырлар-ай, кеуделерін оқ тескен.
Ұят-ай, ертең ел не дейді, мен жайлы,
Олай-бұлай боп кетсем.


Қасқалдақтай қанымды,
Бір жапырақ жанымды,
Қажет десең, құрбан етем барымды...
Әзір менен сұрай көрме ештеңе,
Әрең тауып жүрген кезде нанымды.


Патша келіп отырған да таққа алғаш,
Ей, менің де жанарымнан аққан жас.
Отан үшін қылша мойным үзілсін,
Қайда қалмай жатқан бас!


Ауызы аққа,
Ауы атқа жарымай,
Мына ұлтқа не күн туды а, Құдай?
Қай бұрышта қалдырасың мүрдемді,
Қазағым деп, күйзелетін жаным-ай.


9bef25fdd57b0eb25fbfc09b34355e7d.jpg



АХАҢА 


Арқадан сая таппай ауған киік,
Мынау сенің көз жасың жауған құйып.
Сарыарқада Ақсораң - ең биік тау,
Жаңаарқада Ақселеу таудан биік! 



Көгермей Көкшетаумен Ақан сері,
Сейілмей «Сарыарқамен» Ахаң шері.
Ыңылдап жүрмін енді Ыбан құсап,
Үзіліп домбырамның қатар шегі. 



Жер мынау, сүйек артып түйе шөккен,
«Абылай аспас сары бел», киесі өткен.
Арыс өліп, намысқа жан біткен жоқ,
Құл есекпен күнелтіп, би есеппен. 



Құлдыраңдап құмда өстің, қида жатпай,
Қабырыңнің қадыры – Иманақтай.
Жоқтау жаза береміз жампоздарға,
Ұлтын сатқан тіріні иман атпай! 



Түспеген қолдан тәспіх, төрден құран,
«Дәурен-ай», Жәнібекке көнген бұл ән.
Қай құздан ажал құшты, Аллаға аян,
Қаралы көшпен бірге келген қыран. 



«Самғаған аспанында сары даланың,
Сағындым бозторғайдың салған әнін...»,
Қымызы Жаңаарқаның табылады-ау,
Қызығы Сарыарқаның барма, жаным?.. 


ТАҒДЫР


Қасымның әні, Қасымның жыры,

Арманда кеткен асылдың ұлы. 

Дауылдан кейін қоя ма деп ем, 

Дауасыз екен ғасырдың мұңы. 


Қарағайлы өңір, қарқара мекен, 

Қайғыңда ептеп тарқаған екен. 

Қарызы жоқ қой ақынның ұлтқа, 

Арызын қалай арқалап өтем?!

 

Өлеңнен мүсін соға алған жасын,
Өзегін өртеп сол армандасын.
Өлімге басын ел үшін тігіп,
Өмірге мәңгі оралған Қасым! 



Шағылып тауы, сағы сынбаған,
Бойдағы оқты ауырсынбаған.
Құрыштан құйған қарудан гөрі,
Қауыпты бізге қауырсын қалам. 



Дәруіштің күнін мен кешіп келем,
Дәуренім барда белдесіп көрем.
Талдысай менен Кеңсайдай шығар,
Талбесік пенен жербесік деген. 



Құрдымға кетіп құмға сіңбесе,
Қаңғыртқан қоғам тұлғасын кеше.
Қара өлең саған жан бітер еді,
Қара орман жақтан бір Қасым келсе. 



Құласаң, солай заңғардан құла,
Жетесің түбі армандарыңа.
Қасым да өтті-ау, ғасыр да өтті-ау,
Не дейсің енді жалғанға мына?! 


ЕСІЛ ӨМІР


(ақын бауырларыма)


Ауылдан алғаш келген құлыншақтар, 

Құлыншақтар, дәл мендей ұрыншақтар. 

Есіл өмір Ертістің ағысындай, 

Ертең жоқ қып жіберед! 

Бүгін сақтар. 



Жастық шақта жауқазын жыр көп еді,
Қазыр мазаламайды күнде мені.
Ақыл айтқан адамды кім жақтырсын,
Ақын айтса біледі ол бірдеңені.


Қаңғыдым,
Қалжырадым,
Қалғыдым да,
Вокзалда,
Бұқар жырау даңғылында.
Талай сығып алғанмын көз жасымды,
Арқаның аспан тұтас жаңбырында. 



Есерсоқ кездер түсіп есіме дүр,
Таусыла берген екем, несіне құр?
Сөйлегің-ақ келеді шешіле бір,
Сөйлесуге тұрмайды есіл өмір! 



Қалғаның қандай жақсы жұмбағым боп,
Жылы сөздер естіді жырлырым көп.
Менде биік боламын әттең, бірақ,
Біздің жұлдыз жанғанша,
Кім бар?
Кім жоқ? 



Сағымға айналған соң сәулемдей қыз,
Қатынның қабағына тәуменді үйміз.
Ақылдың бәрін ішіп тастасақ та,
Біз байғұс, сол бір кезді «дәурен» - дейміз. 



Тірлігің құрсын мынау шәрідегі,
Сандалып жүру екен әрі-бері.
Аузыңа өлдім десең су тамызбайд,
Көбісі сондай... (әлде, бәрі ме еді?). 



Құрдай жорғалауды да білмей барам,
Кейде осы тірлігіңді күндейді адам.
Тарыдай ойдан жасап таудай қайғы,
Зәредей мұңның өзі зілдей маған. 



Сеземін көп ішінде ит өлгенін,
Жалған сөзден жұқарды жүйкем менің.
Батпандай шер өлеңге сыймайды екен,
Дос жоқ қой...
Досым болса, бүйтер ме едім. 



P.S. Күз келді күлім қаққан жастар міне,
Махаббаттың маусымы басталды де.
Тек қана қыз-қырқынның орны бөлек,
Ол енді...
Басқа әңгіме... 


МҰҚАҒАЛИ БАСЫНДА


Жаның ашымасыншы Құдай үшін, 

Сенімен шайылмайды назым-жаңбыр. 

Қырық баспа табақтан шынайысың, 

Құлпытасқа қашалып жазылған жыр. 



Жападан жалғыз қалсам жанарымда –
Шықты да жасырмады-ау мөлдіреген.
Досқа күлкі, дұшпанға таба қылма,
Соңғы дем,
Соңғы сапар,
Соңғы өлең. 



Өмірден мен де үздім күдерімді,
Әділдіктің төркіні–сияқты әзіл.
Соған бола ауырған жүрегімді,
Біреуге сыйлайын десем ұят қазір. 



Ақ дидарлы Алатау, жағасы кір,
Көгендеп қозы қарын бұлттың бәрін.
Кеңсай менен кеңсенің бағасы бір,
Жұмаққа апарардай жұрттың жанын. 

  

АВТОПОРТРЕТ


Сыр ашпайтын соқыр жанға, 

Жан екенмін төзімді. 

Өлең жазып отырғанда, 

Жақсы көрем өзімді. 



Ішінде–мұң,
Ұшында–жыр,
Қарға бойлы қаламсап,
Жүрегімнің тұсында жүр,
Саусағымды әлі аңсап. 



Жырға арқау ғып болмағанды,
Түнде кірпік қақпаймын.
Төс қалтамнан сол қаламды,
Кейде сілкіп таппаймын. 



Уақыттың мінбесінде,
Түбінде бір сөз алам.
Не көрмедім жыр көшінде,
Өлеңі–адал,
Өзі–арам! 



Жан-Тәнімнің жақұты ұдай–
Кеудемдегі Ар-Намыс.
Бір өлеңнің бақытын-ай,
Бірнеше күн алданыш. 



Дәтім бармайд сұрауға да,
Қаламымды кім ұштар.
Сәбиге ұқсап жылау ғана
Мен бітірген жұмыстар. 


Мезгіл


Көкте-е-ем, мен сені сүймейтін болдым, 

Жаһанды жұмақ қылсаң да. 

Басымды имейтін болдым, 

Мың жерден ұнап тұрсаң да. 



Күз мен сені сүйдім, сары алтын кейпіңді.
Кезінде ызғары ұнамаған,
Даламда жанар тұр сүйкімді.
Дәл бұлай қызға құламағам. 



Ақшулан ақ қырау шалған,
сыңары жүрегім күздің.
Ұқсайды ұсқыным да әрі,
Құс жолынан күдерімді үздім,
Балқашта құс қырылғалы. 



Қаланың сайқал қызындай,
бұл көктем несін біледі.
Көңілі арудай аулайды немен?
Бәрібір күз жігіт шешіндіреді,
Айттым ғой аумайды менен. 



Бір көктемді сүйгенім бар-тын,
беріліп бекер сезімге.
Жақсы көруші едім,
Қойылды нүктесі неден?
Бірақ, ол кетер кезінде,
Қош, жаным, күтпеші деген. 



Көктемді сағына тосқан
түсірдің көпке беделімді.
Һәм бәлкім, ұнамады өлең,
Не үшін өкпелегенімді,
Сұрама менен! 


Көш 


Әжемнің көзбен көріп ертектерін, 

Ай көрдім,

Шолпан көрдім, 

Айман көрдім. 

«Тәтем-ау»–деп айтатын еркектерін, 

Әкем-ау, Алматыға қайдан келдім? 


Құзға біткен армандап еңілікті,
Қызғанышпен етекте қурадым ба.
Азығы халал болған тегі мықты,
Жазығы жылқы жылы туғаным ба? 


Сатқынмен табақтаспай,
Тамырласпай,
Ұлтшыл,
Кекшіл,
Ұрда-жық,
У тілді едім.
Шыр айналған ғұмырда бағымды ашпай,
Шыңғырып кермеде тұр рухым менің. 



Елемесе...
Егер де елесеңдер,
Ойламаңдар,
Тым ерке өскен ұл-ау.
Арқаның бөлтірігі демесеңдер,
Арқардың қатысы жоқ көшке мынау. 


Ұлттық рухты қойып, руға жақын,
Мақтамен бауыздаған майдан құрсын.
Ақпанда сәби болып туған ақын,
Қақпанға көп түсерін қайдан білсін. 


Сенде еді ғой Қызыларай, терек-шынар,
Мейірімге қайтейін тұл қаланы.
Сахарада сандалту керек шығар,
Сарыарқаға сыймаған бұл баланы. 


Көрмегенді көрсетіп жүрген аяқ,
Алматыда алақан жайған адам.
«Жас жүрегім саусағын күнде жаяд»
Ұнамай ма?
Кет,–десе
Қайда барам? 


ДҰҒА


Айналайын, Бостандық!
Үркерге ұқсап сен ауғанда басымнан,
Қаным –судай шашылған.
Бекзаттарым атылған һәм асылған,
Ғазиз жырмен дұға сұрап отырмын,
Мынау, ғазал ғасырдан!


Айналайын, Азаттық!
Бода-бода жаспен келген бұл арман,
Қырық құрау ұлттан құралған.
Боздап жүріп, әрең шықтық тұманнан,
Күлтегіннің ұрпағы ғой кәуірдің,
Күл-талқанын шығарған!


Айналайын, Еркіндік!
Кек сақтамай өткен күнді кешірдім!
Балақ бауым шешілдің.
Күн астында армансыз бір көсілдім,
Жаһан жұртын аузыма әлі қаратам,
Жағасында –Есілдің!


Тәуелсіздік –Тұмарым!
Тұраным сол, аман-есен қалдың ба,
Арда туған азаматтар бар мұнда,
Аяқтарын шалдырма, қанаттарын талдырма.
Алтын басы иілсін, қос тізесі бүгілсін,
Тек Алланың, алдында!


ЖАУАП


Мұңға араша бола алмайды төзім кіл,
Аңса, сағын,ойла сосын көзіңді іл.
Өңіңде елес, кейіпкермін түсіңде,
Өзің біл!


Ашу, ыза кек боп сеңді қозғасын,
Өлең деген... не көрмеген өз басым.
Менің тағдыр-таланыма түрткі емес,
Көз жасың!


Пешенеге жазылған соң көнерміз,
Қарғап-сілеп, қаһарға мін, көгер қыз!
Періштенің құлағына шалынса,
Көрерміз!


Бақыт құсы қонар саған қалайда,
Ұшуы оңай сондықтанда абайла.
Мен туралы көп әңгіме айтпа тек,
Жарай ма!


Өмір алда, дертке дауа қолайлы ой,
Алдамшыға алдырмассың оңай бой.
Енді ешкімді өліп-өшіп сүймеспіз,
Солай ғой!


Муза


Үзіліп түскен үлбір ме дедім,
Қарақат – меңді, бүлдірген – ерін.
Сезбейсің рахат жүзіңді көріп,
Дуалы ауызда тіл күрмелгенін.


Балқытты бойды саусағың сырғып,
Қараптан-қарап, қаусадым сұмдық.
Көзіңнен тұнық-өзімді көрдім,
Мөлдірдің жүрген кәусарын сүңгіп.


Сымбатты жансыз ер оңа ме екен?
Сеңсеңім болса сені орап өтем.
Қаңтарда бұлай құласам саған,
Маусымда Құдай не болады екем.


Аңсарым ауған-гүл көрмей далмын,
Сол кешке сәулем білгендей бардым.
Үмітке бола бір жұлдыз ақты,
Арманымды айтып үлгермей қалдым.


Хафиздің саған бергісіз жыры,
Әспеттеу деме енді Сіз мұны.
Шаһарға бір мең татитын болса,
Менде де мең бар – белгісіз құны.


Жалыны іспеттес жанары оттардың,
Шарпыған өртке қарап оқталдым.
Жігері мықты жігітпін деуші ем,
Жүрегі жасық бала боп қалдым.



АҢҒАЛ


Дәурен Берікқажыға


Қыршылмаған бармағымыз жоқ еді,
Қыршын кеткен арманымыз көп еді.
От шығарған жүректе өлең сөнеді,
Боқ шығарған күрекпенен көмеді.
Дәурен, сенің кездерің көп тірі өлген
Білгеннен соң айтамын ғой, – білем мен.
Сендей мөлдір, ғазиз жанды апыр-ай,
Боқ дүниеге не істесін деп жіберген?
Не іздедің?
Не жоғалттың бұ жақтан?
Жан шығарсың хор қыздары ұнатқан.
Тыныш жүрмей бірдеңені бүлдіріп,
Қашып шыққан Адамдайсың жұмақтан.
Шел басқан соң шайырлардың жанарын,
«Гүл мен қылыш» шерін жазды қаламың.
Ажалынан қаймықпайсың Алланың,
Ар алдында жүзі жарқын – Адалым!
Бақытыңды он орайтын сорың бар,
(Құлыншақтар, сендер аман болыңдар.)
Атағынан ат үркетін ақынды,
Қатарынан биік қойған тобырлар
Атан белін қайыстырар – Ар жүгін,
Арқалаған аянышты тағдырың.
Қияметте кешіре алар ма екенсің,
Қиянатқа қиғандардың барлығын...
Мендік жүрек тілдеседі көкпенен
Жердегінің көбісіне өкпелі ем.
Өмірді де ұнатқаным шамалы,
Өлеңді де – жек көрем!


Қиялдағы ару


Секілді екенбіз көктем, күз,
Бір жылып, бір суып кеткенбіз.
Сені іздеп сабылып жүмін ғой,
Мен үшін нақақ жас төккен қыз.
Әйтеуір жоқ емес бармыз біз,
Тоғыса алмаған тағдырмыз.
Қосылсақ аққудай сыңармыз,
Немесе мәңгілік жалғызбыз.
Өмірге өлердей құмармыз,
Егіліп емендей сынармыз.
Мүмкін біз бір жерде кездесіп,
Таныса алмаған шығармыз.
Жібектей мінезің ұяңдау,
Қиялдау, өзіңді жиі алдау,
Жарыққа шыққаны өлең боп,
Қалыпқа сені ойлап сыйа алмау.
Сағымға айналып сәттерім,
Дерексіз жырға мол дәптерім,
Айтпайын деп едім айтқыздың,
Қыпша бел, күлім көз, тәтті ерін.

Бөлісу:

Көп оқылғандар