Ербол Тілешов: Қазақтың төл жазба әдебиетінің бастаулары

Бөлісу:

24.04.2016 12437

 

Ербол Тілешов.jpg

Қандай рухани құбылыстың болсын ұлт өміріндегі маңызы мен орны – сол халықтың баршасына таралуында, яғни көптің игілігіне айналып, оны мәдениет, өркениет сатысына көтеруінде. Осы орайдан келгенде, қазақ өмірінің ажырамас бөлігіне айналған, халқымыздың мәдени-рухани танымының ең басты көрінісі болған сөз өнерінің әлгіндей мәдениетті жол, өркениетті ізге түсуі, бұқараның арасына кең тарауы, алып даланың бір қиырында туған шығарманың келесі бір қиырға жетуі – әдебиеттің ауызшадан жазбашаға өтуімен тікелей байланысты. Жазба әдебиетінің тууы мен қалыптасуы ұлттық әдеби тілдің дамуына, жаңа жанрлық жүйенің жасалуына, соны көркем стильдердің түзілуіне жол ашатындығы жөніндегі ойларымызды кейінге қалдыра тұрып, бұл арада жазба әдебиеттің өмірге келуі – ұлттық әдеби дәстүрді қалыптастыратындығын, бір халықтың әр өңірде туған көркем ойының басын қосатындығын, сонысымен ортақ ұлттық санаға ұйтқы болатындығын айрықша бөліп айтқымыз келеді. Жазба әдебиетінің кенже қалуы – басқаларды былай қойғанда, ұлттық сөз өнерінің ең басты тұлғаларының өзін көпшілікке беймәлім етіп келді. Ахмет Байтұрсынұлының: «Абайдың сөзін көрмей тұрғанда, мақтағандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін мінезі болушы еді, мақтап отырған Абайды біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім. 1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең» - дегенінен /1,298 /, сол кездегі оқыған азаматтардың өздері де Абайдың сөзі жазбаша жеткеннен кейін ғана ұлы ақынның шығармаларын тани бастағандығын аңғарамыз. болатындығын 1909 жылы Абайдың алғашқы жинағыменен бір уақытта шыққан Ахмет Байтұрсынұлының «Маса», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» жинақтарының ХХ ғасыр басындағы қоғамдық санаға, әдеби үдеріске қаншалықты зор ықпал еткенінен де айқын аңғаруға болады. Жазбаша сөздің қуаты – ұлттық ой-санаға зор серпін берген «Қазақ» газетінің ұлт-азаттық қозғалыстың рухани қоңырауы болғанынан да бедерлене байқалады. Мәселен, ұлт-азаттық қозғалыстың үні болған «Қазақ» газетінің жазба әдебиеттің дамуына ерекше үлес қосқаны жөнінде Мұхтар Әуезов: «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – «Қазақ» газеті» - деп бағалаған /2, 84/. Жазбаша таралған сөздің, оның ішінде, көркем сөздің қуаты, содан өрістейтін ықпал, әдеби үдеріске әсер «Қазақ» газетінен ғана емес, «Айқап», «Абай» журналдарынан да, «Дала уәлаяты газетінен» де, «Түркістан уәлаяты газетінен» де, кейінірек жарық көрген «Шолпан», «Таң», «Темірқазық» журналдарынан да байқалған болатын. Сондықтан хатқа түскен жазбаша мәтіннің әсері әдеби үдеріске ерекше ықпал етіп, бірте-бірте жазба мәдениет басымдыққа ие бола бастады, шығармаларын жазып шығаратындар қатары көбейді. Ол өз кезегінде поэзия тілімен бірге жаңа жанрлардың қалыптасуына бастады. Бұдан шығатын қорытынды: әдеби шығарманың кітап, газет болып таралуы, көркем сөздің қуаты - ұлттың ой-санасына әсері, әдеби үдеріске ықпал етуі, жаңаша дәстүр қалыптастыруы – көркем туындылардың жазбашалық сипатына байланысты екендігінде.


 

Жазба әдебиетінің жалпы әдеби-тарихи үдеріске айрықша әрі қарқынды ықпалы мыналардан көрінеді. Біріншіден, жазба әдебиет өзімен бірге жаңа жанрларды қалыптастырды; Екіншіден, ауызша шығарылған шығармаға қарағанда жазба әдебиетінің туындысы әдеби тілдің нормаларына сай лексика-стилистикалық қабатты түзе бастады; Үшіншіден, жазба әдебиеттің қалыптаса бастаған алғашқы 40-50 жылында әдебиет халық өмірінің алуан жақтарын бейнелеп, үлкен жаңа белестерге көтерілді. Жазба әдебиет ауызша әдебиетке қарағанда қай жағынан болса да жедел дамуға түсті. Аз жылдың ішінде жазба әдебиеті таза әдеби-көркемдік жағынан болсын, тақырыптық-идеялық жағынан болсын қарқынды дамыды деуге болады; Төртіншіден, туындыларын ауызша шығарған авторларға қарағанда жазба әдебиет өкілдері мейлінше таза шығармашылық иелері бола бастады. Яғни, әдебиет ситуативті шығармашылықтан ұзап, мақсатты, кең өрісті көркем танымға айнала бастады. Осының аясында оның қоғамдық ой ретіндегі мазмұны күшейіп, көркемдік қабылдауы, яғни, эстетикалық мазмұны тереңдеді. Бесіншіден, жазба әдебиет жаңа типтегі шығармашылық иелерін тудырды. Олар өмір шындығын қамту және оны көркем бейнелеуге келгенде алдыңғы әдебиет өкілдерінен ілгері кетті. Олардың дарынды өкілдерінің дара шығармашылық әлемі қалыптасты. Яғни, дербес авторлық олардың идеялық мұраттарды қалай бейнелеуінен байқалып, жеке автордың стиль мәселесі орныға бастады. Абайдың біз білетін кемеңгерлік биікке көтерілуі – оның жазба әдебиетінің өкілі болуында. Алтыншыдан, жазба әдебиетінің қалыптасуы бұрындары қазақ жерінің әр өлкесінде «бірі ескілікті жақтап, бірі орыс ұлығын жамандап, бірі қазақты жамандап, түпкі дертті таба алмай» /2,82/ жүрген ақындар ендігі жерде бір-бірін біле бастады. Жетіншіден, әдебиет бұрын халықтық, бытыраңқылық сипатта болса, ендігі жерде жазба әдебиетінің аясында жалпыұлттық әдеби үдеріс қалыптаса бастады. Осы айтылғандар ұлттық сөз өнеріміздің ауызшадан жазбашаға өтуіне қажетті жағдай жасады. Жазба әдебиеттің қалыптасуы тек қана әдеби-көркем дерек қана емес, сонымен бірге кеңірек алғанда, жалпы ұлт мәдениетінің жаңа сапаға, соны деңгейге көтерілуі болатын. Әдеби-тарихи үдеріс ауқымында дүниеге келген жазба әдебиеті құбылысы бұдан соң болатын бірқатар ілгерінді мәдени-тарихи құбылыстарды алғышарттарын қалыптастырды. Атап айтсақ, жазба әдебиетінің тууы – оқу-білім ісінің жандануына, баспасөздің қалыптасуына, әдеби тіл тармақтарының жетілуіне алып келді. Сондай-ақ жазба әдебиет өкілдері қатарының көбеюі ұлттық зиялы қауымның қалыптасып қана қоймай, өзара қауымдасып, елдік мәселелерді үн қосып көтеруіне, тізе қосып атқаруына кең даңғыл ашты. Жазба әдебиетінің қалыптасуы дәуірі тудырған бір Абайдың өзі ұлт танымының кеңеюіне қаншама ұлы ықпал етсе, ХХ ғасыр басындағы жазба әдебиет өкілдерінің ел руханияты үшін қаншама істер атқарғандығы, бұл жұмыстардың жаңғырығы мен дәстүрі Алаш баласын өркениет өріне бастағандығы, сөйтіп Алаш зиялыларының ұлттық Жаңғыру дәуірін тудырғандығы, бұл ұғымның ішіне қоғамдық, әлеуметтік, мәдени, әдеби, ғылыми мәселелер сиятындығы белгілі. Сондықтан да жазба әдебиетінің туу һәм қалыптасу тарихын қарастырғанда, біз оны әдеби тұрғыдан да және тарихи-мәдени жағынан да зерделеп, осы құбылыстың туу, қалыптасу себептерімен бірге оның ұлт руханиятындағы, жалпы ұлт тарихындағы орны мен маңызын танып лайықты бағасын бергеніміз абзал.


 

Жазба әдебиетінің тууы, қалыптасуы, дамуы – ұлт руханиятындағы ұлы жаңалық, айрықша құбылыс. Сондықтан да осы үдерістің себеп-салдарларын саралау, оларға әдеби-тарихи һәм теориялық ғылыми баға беру басты әрі аса өзекті мәселе деп ойлаймыз. Біздің әдебиеттануымызда осы көкейкесті тақырыптың өзіндік өрісті боларлық ғылыми дәстүрлері баршылық.


 

Кез келген ұлт тарихи дамуының әйтеуір бір белесінде өзінің рухани өрістеу жолдарын шолады, бағалайды. Біздің халқымыз үшін осындай безбендеу кезеңі – ХХ ғасырдың алғашқы ширегі болды. Осы кезеңде қауым болып қалыптасқан ұлт зиялылары халқымыздың өткені мен бүгініне көз салып, болашақ қамын ойлай бастады. Бұл үдеріс жаңа ғасыр табалдырығында ең алдымен сөз өнерінен бедерлене байқалды. Рухани әлемімізде Ахмет Байтұрсынұлы бастаған білімді, білікті, өз тағдырларын ел тағдырымен берік байланыстырған ұлы шоғыр қазақтың ғылымын, оқу-білім жүйесін, қоғамдық ой-санасын, баспасөзін, саяси бағытын қалыптастыра бастады. Осы шоғырдың бел ортасында жүрген М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, Қ.Кемеңгерұлы, М.Әуезов, С.Сәдуақасұлы тағы да басқа қаламгерлер осыдан бір ғасырдай бұрын ғана алғашқы белгілері көріне бастаған, Абай заманында жаңа бағыт таңдаған жазба әдебиетті қай жағынан болса да толық қалыптастырып, оның даму бағытын айқындады. Сонымен бірге олардың көпшілігі қазақ әдебиеттану ғылымының тууы мен қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірді, оның әдеби сын, әдебиет тарихы, әдебиет теориясы сияқты салаларының аяқтануына зор үлес қосты. Жазба әдебиетінің бастаулары жөнінде де ең алғаш пікір айтқан Алаштың осы зиялы өкілдері еді. Сонымен бірге осы арада Алаш қаламгерлерінің жазба әдебиеттің қалыптасуына айрықша үлес қосқанын, жазба әдеби тілдің бірқатар тармақтарын қалыптастырғандығын да айта кеткеніміз абзал.


 

Қазақтың төл жазба әдебиетінің қашан және кімдерден басталатындығы жөніндегі әңгіме сонау 1920 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұхтар Әуезов тұсында басталып, 1930 жылдары Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқановтардан жалғасын тауып, одан кейінгі кезеңдерде Бейсенбай Кенжебаев, Қажым Жұмалиев, Әуелбек Қоңыратбаев, Мәлік Ғабдуллин тараптарынан 1940-50 жылдары біршама айтылғанымен, 1960-70 жылдары бұл мәселеге Ісмет Кеңесбаев, Құлмат Өмірәлиев, Рәбиға Сыздық сияқты тілші-ғалымдар үн қосқанымен, қазіргі кезде назардан тыс қалыңқырап жатқан жағдайы бар. Біз бұны уақытша жағдай ретінде ғана бағалаймыз. Себебі, әдебиет тарихының толымды әрі шынайы болуы үшін оның жазба мәдениетке аттаған шағы, жазба әдебиеттің ұлттық сөз өнерін дамытудағы зор ықпалы, жазба әдебиет шегінде туған жанрлар, көркемдік тәсілдер, стильдік ағымдар жөнінде арнайы ғылыми мақсатпен айтылмаса, онда әдебиет тарихының сипаты мүлдем толық ашылмады деген сөз. Сондықтан жазба әдебиетінің қашан және кімдерден басталатындығы, оның туу себептері, яғни генезисі, өрістеуі яғни эволюциясы жөнінде толымды ғылыми тұжырымдардың дүниеге келгені жөн. Мектеп, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының барлық әдебиет оқулықтарында жазба әдебиеті жөнінде мағлұмат беріледі. Бір қызығы – осылардың ешқайсысы ғылыми тұрғыдан дәйектелмеген. Болашақ маман дайындайтын институттарымыз бен университеттеріміздің әдебиет тарихына арналған оқулықтарындағы жазба әдебиетке қатысты жайлардың біразы ғылыми негізсіз, біразы үстіртін, кейбіреулерінде тіпті жазба әдебиеті дейтін ұғым бар мен жоқтың арасы. Әдебиеттің дамуында айрықша белес, ерекше асқар болған сонысымен әдебиетімізді жаңаша арнаға бұрған, жаңа жанрлар, соны дәстүрлер қалыптастырған жазба әдебиетіміздің жүрген жолы мен өткен соқпағы ғылыми сарапқа салынып, дәйектелуі міндет.


 

Жазба әдебиетіміздің тууы жөнінде айтылған ең алғашқы пікірлер өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарына келеді екен. Олар 1923 жылы «Шолпанда» жарияланған Мұхтар Әуезовтың «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» «әдеби-тарихи сынында, Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы жария көрген «Әдебиеттанытқышында», Халел Досмұхамедұлының 1928 жылы жарық көрген «Казахская народная литература. Краткий очерк» еңбегінде айтылған жазба әдебиеті туралы ойлар. Бұл ой-пікірлер қазақ әдебиетінің тарихын жасауға деген талпыныстардан туындағаны ақиқат. Жалпы, қазақ әдебиеті қандай күйде, бағыты қандай, болашағы қалай дамымақ деген мәселелер осы 1920 жылдары ерекше көтерілген болатын. Қазіргі кезде «Әдеби айтыс» аталынып жүрген, 1925-27 жылдары аралығында қарқынды байқалған бұл пікір жарыстыруларға көптеген ақын-жазушылар, сыншылар қатысқаны белгілі. Осы қызу тартысқа құрылған мақалалардан да жазба әдебиетіне қатысты ойларды аңғарып қаламыз.


 

Әдебиет тарихына қатысты келелі мәселелерді жүйелі түрде алғаш көтерген Мұхтар Әуезов болғаны белгілі. Оның бастапқы белгілері қаламгердің Абай жөнінде жазған алғашқы еңбектеріндегі ой-пікірлерінен байқала бастады. Осы еңбектерінің бірқатарында Мұхаң Абайдың жазба әдебиетіне қатысы жөнінде де ой қозғаған. Солардың бірі, біз үшін маңыздысы қазақтың жазба әдебиеті қашан және кімдерден басталатындығы жөніндегі мәселе. Ол: «Бұл күнге шейін қазақтың жазба әдебиеті жайынан сөз жазушылардың көбі біздің жазба әдебиетіміздің басы Абайдан басталады деп есептейді. Бұл пікір суретті художественная литература ретінен қарағанда дұрыс болса да, әдебиет тарихының ретімен қарасақ, үлкен адасқандық болады. Қазақта жазба әдебиет Абайдан көп бұрын басталған. Бұл есепке, көбінесе, дін мақсұтымен жазылған қиссаларды кіргізбесек те, айтыс өлеңдерді кіргізбеуге болмайды» - деп жазады жоғарыда аталған еңбегінде /2, 79/. Автордың бұл ойынан кем дегенде үш нәрсені аңғаруға болады. Біріншіден, жазба әдебиетіміз Абайдан бұрынғы дәуірде басталған; екіншіден, нағыз көркем әдебиет талабына жауап беретін туындылар ең алғаш Абай шығармашылығында көрінген; үшіншіден, «дін мақсұтымен жазылған қиссаларды кіргізбесек те» деп, бәлкім, саяси сақтық жасау арқылы да жазба әдебиеттің бастауларын нұсқап тұрғандай. Енді қаламгер-ғалымның осы пікірлерін дәйектейік. Мұхаң жазба әдебиеті Абайдан бұрын басталады дегенде, жазба әдебиеттің қоғамдағы қызметіне айрықша мән бергенін аңғарамыз. Оған осы еңбектегі: «Бірақ ол дәуірдің ақындары жазба әдебиеттің басы екендігі даусыз. Себебі, бұлардың өлеңінде ел тұрмысының бұрынғы айтылып жүрген жалғыз қызығы мен желігінен басқа, тұрмыстағы негізгі дерт, негізгі себептер айтыла бастаған. Ел күндегі өмірі, күндегі сезімі, күндегі ойыменен әдебиет шеңбері ішіне кіре бастады» - деген ойы дәлел /2, 82/. Яғни, автордың ойынша «жазба әдебиеті» деген ұғымға «елдің күндегі өмірінің» әдеби шығармаға арқау болуы («әдебиет шеңбері ішіне») енеді. Автордың осы ой жүйесі, жазба әдебиеті жөніндегі негізгі ұстанымы бұл еңбектің бірнеше жерінде айтылады. Мәселен, жоғардағы пікірлерін жалғастыра келіп: «...жазба әдебиеттің өз міндетін ұға бастап, қазақ тұрмысындағы кем-кетікті қолға ала бастағаны да Абайдан бұрын басталады» - дейді /2, 80/. Яғни, Әуезов ұғымынша әдебиеттің жазбалық сипатқа ие болуы тұрмысты мейлінше кең қамтуымен байланысты, сондықтан да ол жазба әдебиетінің бастауындағы тұлғалар жөнінде: «...Абайдың алдындағы адамдар деп Шортанбай, Алтынсарин, Мәшһүр-Жүсіп, әм Нарманбеттерді алу керек. Бұл адамдардың кейбірінің Абайдан жасы кем болғандығын есеп қылуға болмайды. Бәрінің жазған сөздеріндегі бетті, белгіні, сарынды еске алу керек» - дейді /2, 80/. Осы аталған ақындар шығармаларындағы ел жағдайы, халық тұрмысы суреттелген тұстарды айта келіп, олардың жазба әдебиетінің басы болатындығын дәлелдейді. М.Әуезов үшін халық өмірінің, ел тұрмысының жан жақты суреттелуі – жазба әдебиетін танытатын алғашқы белгі, бірінші себеп. Ал жазба әдебиетін жазумен байланыстыруды Мұхаң бірден-бір белгі ретінде танымағаны, оның «Зар заман ақындары» еңбегінен байқалады. Ол жөнінде өзі: «Тарихшылардың көбі жазба әдебиет деп жазу кірген соң шыққан әдебиетті айтады, әйтпесе жалғыз ақынның жазып шыққан өлеңін айтады. Елдің әдебиетін ауызша мен жазбаға айыру үшін қолданылатын ең оңай, ең сыртқы белгі осы» - дей келеді де, жазба әдебиеттің пайда болуын сөз өнерінің әлеуметшілдігімен байланыстырып: «...алғашқы рет тұтасқан ой құралып, әдебиет жүзінде елдің, әлеуметтің тіршілігі сөз бола бастаған соң, жазба әдебиет дәуірі туа бастады деп есептеу керек. Ауызша мен жазба әдебиеттің арасын бөлетін белес, кезең осы» - дейді /3,194-195/. Автордың өз шығармасын хатқа түсіруі жазба әдеби тілдің басты белгісі емес екендігін қазіргі ғалымдар да айтып жүр. Мәселен, бұл орайда Рәбиға Сыздық: «... жазу – жазба әдеби тілді сипаттайтын рөлі айрықша зор белгілердің бірі ғана, әдеби тілдің ең негізгі «жазбалық» қасиетін тереңіректен: тілдің әлеуметтік қызметінің өрісінен, әдебиет түрлерінің көбеюінен, тіл заңдылықтарын пайдалану принциптерінің өзгеруінен, тілдік тұлға-тәсілдердің реттеліп, нормалану жүйесінен т.б. іздеу керек болады» дегенін айта кеткеніміз жөн /4, 269/. Ғалымның бұл пікірінен Мұхтар Әуезов пікіріне үндестікті байқаймыз. Бірақ зерттеуші бұл арада «тілдің әлеуметтік қызметінің өрісімен» бірге жазба әдеби тілді сипаттайтын тағы да бірнеше ерекшеліктерді атап өтеді. Осы тұста толықтыра түсетін бір жайтты айта кеткеніміз жөн. Әуезовтың ілгерідегі: «Бұл есепке, көбінесе, дін мақсұтымен жазылған қиссаларды кіргізбесек те...» деген пікірінен оның жазба әдебиеттің тууы мен қалыптасуындағы діни әдебиеттің орнын мүлдем жоққа шығармайтындығын да байқаймыз. Оны Мұхаңның Шортанбайға байланысты айтқан пікірлерінен де аңғарамыз. Бұл жөнінде осы еңбектің қажетті жерінде айтатын боламыз. Бірақ, Мұхтар Әуезовтың жазба әдебиеттің басты критерий ретінде оның әлеуметтік мазмұнына айрықша басымдық беретіндігін тағы да бір атап өтпекпіз.


 

Жазба әдебиеттің тууы, жалпы, адам баласының жазуды қажетсінуі, оны ойлап табуы – белгілі бір сеніммен байланысты. Алдымен мифтік ойлау жүйесінде пайда болған қарапайым таңбалар – адам өмірі үшін қандай да бір шартты белгілер болса, кейінірек қалыптасқан әліпбилер ой мен ұғымды беретін сондай шартты белгілер болғаны белгілі. Әліпбидің пайда болуы – адам ойының, қандай да бір идеялардың көпшілікке таралуына, осы көпшілік тарапынан ұғынылуына кең мүмкіндіктер туғызып, хатқа түскен жазу – сол ой-идеялардың авторы мен көпшілік арасындағы рухани делдалға айналды.


 

Ең алғашқы жазба мәтіндер діни сипатта болды да қолданбалы мақсаттан туындады және сол үшін де пайдаланылды. Жазу дәстүрінің одан әрі дамуы оның қолданыс аясын кеңітіп, ендігі жерде ауызша дамыған мәдениет, қоғамдық пікір жазбаша түрге ауыса бастады. Оның ішінде ауызша дамыған көркем әдебиеттің жазбаша сипатқа ауысу үдерісі де болды. Бұл үдерісті тудырған да, жеделдеткен де қоғамдағы діни сананың тереңдеуі. Міне, осы үдерісті алғаш аңғарғандардың бірі, жазба әдебиеттің алғашқы дәуірін тікелей дінмен байланыстырған Ахмет Байтұрсынұлы, қазақтың жазба әдебиетінің туу себептерін шынайы көрсеткен ең алғашқы еңбек – Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегі. Ахаңның бұл еңбегі әдебиет тарихына емес, теориялық мәселелерге арналғандықтан, автор әдебиеттің даму, өрістеу жолдарына кеңірек тоқтала бермеген. Баршаға белгілі бұл еңбегінде ол әдебиеттің басты дәуірлерін атап, сол дәуірлердегі жанрлық жүйеге көбірек көңіл бөледі. Сондықтан да автор әдебиет тарихын өзінің негізгі теориялық мақсатының аясында ғана сөз еткені байқалады. Автордың әдеби жанрлар жөніндегі ғылыми көзқарастары оның әдебиет тарихы хақындағы ойларымен тікелей ұштасып жатыр дейміз. «Әдебиет танытқышта» жанрлық классификацияның үш түрін көруге болады. Біріншісі – ауыз әдебиетінің жанрлары, екіншісі діндар дәуір әдебиетінің жанрлары, үшіншісі сындар дәуір әдебиетінің жанрлары. Жанрларды былайша жеке-жеке топтап қарастыру Гегель мен В.Г. Белинский еңбектерінде мүлде ұшыраспайды. Бұл қазақ ғалымының дара тәжірибесі. «Қазаққа жазу дінмен бірге келген. Қазақ ішінде молдалық қылып, дін үйретушілер, бала оқытушы қожалар, ноғай молдалар болған себепті жазба сөзді шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған» - дейді А. Байтұрсынұлы. Жазба әдебиетін кеңестік кезеңде біресе Абайдан бастап, біресе Абай алдындағы дәуірден бастап, оны жазбаша таралған шығармалардан бастап келгенбіз, алайда Ахаң сияқты тап басып тану, себебін саралау жағы мүлде болмаған еді. Тіпті тілтанушы ғалымдар әдеби тіл тарихына байланысты көкейкесті мәселелер көтеріп, өз ойларын білдіріп жатқанда әдебиетшілер қазақтың жазба әдебиетінің туу, қалыптасу кезеңдерін әлі межелемегенін еске түсірсек, бұл мәселенің де дереу зерттеу нысанасына айналуы қажеттігі бәрімізді де мықтап ойландыруы тиіс. Діндар әдебиет қазақ әдебиетінде жүз жылдай уақытқа созылды. Ол зар заман, ағартушылық, сыншыл реализм әдебиеттерімен, ХХ ғасыр басындағы романтизм, символизм, сентементализм сынды әр түлі ағымдармен, бағыттармен қатар өмір сүрді. Діндар дәуір идеялық ағым болуымен бірге өзіндік поэтикасын түзген арналы ағым. Жанр, стиль, көркем тіл, бейнелеу тәсілі, образдар жүйесі сияқты басты әдеби категорияларын да қалыптастырды.


 

«Әдебиет танытқыштың» «Жазу әдебиеті» бөлімінде Ахаң: «Бастапқы жазба әдебиеттің бас мақсаты – дінді жаю, дінді күшейту болса, соңғы әдебиеттің бас мақсаты – тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту болады. Сөйтіп жазба әдебиеттің өзі екі дәуірге бөлінеді. 1. Діндар дәуір. 2. Ділмар дәуір. Діндар – діншіл деген мағынада, ділмар – тілшең деген мағынадағы сөздер» - дейді /1,262-263/. Бұдан байқайтынымыз: автор жазба әдебиетінің алғашқы кезеңін дінмен байланыстырып, оның «Діндар дәуір» деп атайды. Тұтас кезеңге Ахаңның осылайша атау беруі тегіннен тегін болмаса керек. Рухани құбылыс болсын, материалдық заттар болсын қай қайсысы да ең алдымен қажеттіліктен туатындығы белгілі. Жалпы көркемөнердің, оның ішінде, сөз өнерінің де белгілі бір өмірлік қажеттіліктен туғандығын ескерсек, онда жазба әдебиетінің де осындай қолданбалы сипаттан барып өрістегендігін аңғарамыз. Ол жөнінде ең алғаш пікір айтқан Ахаң болды. Ол: «Жазу әдебиет деп жазылған шығармаларды айтамыз. Жазылған шығармалар қазаққа жазу тарай бастағаннан бері қарай шыққан сөздер. Қазаққа жазу дінмен бірге келген» - деп жазады /1, 261/.


 

Ислам дінінің қазақ даласына келуі Аллаға деген сеніммен бірге, жазу мәдениетін де алып келді. Алланың ілімін халыққа түсіндіру, шариғат жолын көпшілікке ұғындыру – әлеуметтің сауаттылығын қажет етті. Сол себепті де діни сауатты болу қазақ сахарасында дәстүрге айнала бастады. Қазақ сахарасында бастапқыда қожа-молдалар ғана хат таныса, кейін олардан оқып шыққандар да осы санатқа қосылып, , оқып-жаза алатындардың саны жылдан-жылға көбейе түсті. Сөйтіп, қазақ даласында оқу-жазу мәселесі қажеттілікке айналды. Бұл дәстүр өз кезегінде көркем әдебиеттің жазбаша сипатқа ие болуына да игі ықпал етті. Сауатты адамдардың саны көбейген сайын жазба әдебиеті қажеттілікке айналып, бірте-бірте жазба әдебиет өкілдерінің де қатары толыға бастады. ХІХ ғасырдың І жартысында жазба әдебиет өкілдері саусақпен санарлық болса, Абай заманында еселене түсті, ал ХХ ғасырдың басында олардың саны тіпті көбейді. Жазба үлгідегі қазақ баспасөзінің тууы да осындай заманауи қажеттіліктен туған құбылыс еді. Жазба әдеби ортаның қалыптаса бастауы, – көркем шығарма стилінің жетілуіне, жаңа жанрлардың тууына ықпал етті. Ауызша дамыған әдебиет стилі, оның жанрлары жазба әдебиетінің бастапқы дәуірінде өзінің бұрынғы болмысын сақтай отырып көрінгенімен, яғни, алғашқыда ауызша мен жазбаша стильдің аражігі айқын ажыратылмағанымен жазба мәдениетінің одан сайын тереңдеуі – ендігі жерде жазба әдебиеттің өзіндік пішінін қалыптастыра бастады. Бұл көркем пішін шығарма композициясынан, стилінен және жанрынан көрінді де, жаңа жазба дәстүрдің қалыптасқандығын байқатты. Қазақ жазба әдебиетінің алғашқы кезеңі ХІХ ғасырдың І жартысы дейтін болсақ, онда осы кезеңде туған жазба әдебиет үлгілері ауызша әдебиет стилінің ауқымында туды. Жаңаның пайда болуы бұрынғы бардың қойнауында дүниеге келеді дейтін диалектиканың заңдылыған сүйенсек, онда жаңа жазбаша әдебиет нұсқаларының бұрыннан бар, дайын ауызша әдебиеттің стилінде, тіпті қалпында, яғни жанрында пайда болғандығын көреміз. Оның нағыз, шынайы жаңа болуы бірте-бірте болатын үдеріс. Бұл үдерістің жарқын көрінісі – Абай поэзиясы. Сондықтан да біз кейде Абайды жазба әдебиетінің басы деп қалатынымыз да бар. Өйткені жазба әдебиетінің көзге бірден шалынар кесек туындысы, жарқырап көз тартар алғашқы жауһары, көз тоқтар, ой мен сезімді бірден баурар биігі – Абай мұрасы. Ал, Абайдан кейінгі кезеңде жазба әдебиет стилі тарамдалып, жаңа түрлер пайда бола бастады. Көркем прозаның тууы мен қалыптасуы, драма жанрындағы алғашқы ізденістер жазба әдебиеттің өрісін кеңейтумен бірге оның мәдени деңгейін де арттырып, соны стиль, тың тілдік тәжірибелерді өмірге әкелді. Сөйтіп, толғау жанрының бесігінде туған, тұсауын поэзия кескен жазба әдебиет Алаш кезеңінде әдебиеттің басты үш тегінің де отауын тікті. Сонау жыраулар поэзиясынан бері жетекшілік орында келе жатқан поэзия, – бұдан былай өмірді қамту, бейнелеу мүмкіндігі мейлінше кең әрі әмбебеп прозаға орын бере бастады да, өз мүмкіндігіне орай баллада, поэма сияқты сюжетке құрылған лиро-эпикалық, эпикалық жанрларды өрістетті. Көркем прозада Ыбырай Алтынсарин әңгімелері, хикаяттық мазмұн мен пішіндегі Міржақып Дулатов, Спандияр Көбеев романдары, Бекмұхамед Серкебаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов драмалары қазақ жазба әдебиетінің қалыптаса бастағандығын, сонымен бірге даму сатысына дұрыс бағыт таңдағандығын аңғартты.


 

Қазақ арасына жазудың келуі дінмен байланысты екендігі, ислам дінінің ұлттық жазба әдебиетіміздің тууына ұйтқы болғандығы Ахаңның замандастары тарапынан да айтылған. Жазба әдебиетіміздің тууына діни әдебиеттің, жалпы ислам дінінің ықпал еткені жөнінде Сәкен Сейфуллин де айтады. Ол 1927 жылы «Жыл құсы» альманағында жарияланған «Қазақтың көркем әдебиеті туралы» атты мақаласында: «Қазаққа хат үйреткен – Мұқаммет діншілері, шеттен келген мұсылман сәудегерлер, ноғай молдалар, ишандар. Сондықтан қазақтың көркем жазба әдебиеті туғанда, нұсқасы сол үйретушілеріне таратушы молдалардан, ишандардан тараған «Сопы Алдияр», «Сыпатил ғаджизин», «Һікмат» тәрізді өлең, жыр кітаптар барлық қазақ ауылдарында әптиектен соң оқылатын «үлгі», «ғыбрат» кітаптары болды» - деп жазған болатын /5,201/. Жазба әдебиетіміздің дінмен байланысты туғандығы жөнінде Халел Досмұхамедұлы да айтады. Ол түпнұсқасы орыс тілінде 1928 жылы «Казахская народная литература. Краткий очерк» деген еңбегінде: «Қазақтың жазба әдебиетінің негізін мұсылманша оқыған, сауатты ақындар салғаны сөзсіз. Сондықтан да жазба әдебиеттің алғашқы үлгілерін халық поэзиясының діни және ғибраттық түрлерінен іздеу қажет»- деп жазады /6,33/. Халелдің осы пікірін негізге алып, жазба әдебиетіміздің бастау көздерін қарастырғанда олардың түрлеріне, яғни жанрларына мән беруіміз қажет. Өйткені, әрбір шығарма өзінің мақсатына және айтылуына қарай өзінше түр табатыны белгілі. Сондықтан бұл арада біз А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышындағы» жанрлық жіктелістерге назар аударамыз. Ахмет Байтұрсынұлы жазба әдебиеттің бастапқы кезеңін «Діндар дәуір» деп атай келе, оның жанрлық жүйесіне мейлінше жан жақты сипаттама береді. Автор: «Діндар жағының басымдылығымен айрылатын түрлері мынау: қисса, хикаят (мысал), насихат (үгіт), мінажат, мақтау, даттау, айтыс, толғау, терме» дейді де, осы айтылған әрбір жанрға сипаттама береді /1,263-264 /. Оларды тұжырымдап айтсақ, онда «қисса – өлеңмен жазылған көбінесе діндар әңгімелер». Ол мазмұнына қарай екіге бөлінеді. Хикаят – өнеге түрінде айтылатын әңгімелер, насихат – үгіт мазмұнындағы шығармалар, мінажат – Аллаға жалбарыну мазмұнындағы сөздер, мақтау – діни мазмұндағы біреуге мадақ айтылатын шығармалар, даттау – біреудің мінін айтқан көркем дүниелер, айтыс – діни айтыстар, толғау – діни мазмұндағы толғаулар, терме – діни мазмұндағы термелер. Аңғарып отырғанымыздай, автор діндар дәуірдің жанрлық жүйесін жасауда ауыз әдебиетінің терминологиясына сүйенгені байқалып тұр. Дегенмен, Ахаң жазба әдебиетіндегі діни ағымның, қазіргі терминология бойынша діни-ағартушылық ағымның басты жанрларын айқындап берген. Бұл оқымыстының өз кезеңі үшін үлкен жаңалық болуымен бірге жазба әдебиет, сөз өнеріміздің тарихындағы діни-ағартушылық ағым жөнінде, сондай-ақ, әдебиет теориясындағы жанрлар жөніндегі ілімде ескерілетін мәнді мәселе. Бұл тұста ХІХ ғасырдың І жартысына дейінгі әдеби жанрлар мен жазба әдебиеттің бастапқы кезеңіндегі жанрларды салғастыру қажеттілігі туады.


 

Әдебиетіміздегі діни-ағартушылық ағым бірқатар жанрларды қалыптастырумен бірге, жазба әдеби тілдің де өрістеуіне ықпал етті. Бүгіндері төл сөзіміздей болып кеткен араб, парсы сөздері сол кезеңде көркем әдебиет тілінен өзіндік орын ала бастады. Алғашқыда бұл сөздердің көбісі жалпы халыққа түсініксіз, тілімізді шұбарлағандай көрінгені рас. Алайда, уақыт өте келе көркем сөз иелерінің шеберлігі, ол сөздерді жиі қолдану арқасында, сонысымен көркем мәтінге еркін енуінің барысында бұл сөздер көркем әдебиет стилистикасына табиғи бітісіп кетті. Шортанбай, Мәделіқожа, Ақмолда, Майлықожа, Әбубәкір, Мәшһүр-Жүсіп, Бұдабай шығармаларында қолданылған мұндай сөздер кейінірек Абай, Шәңгерей, Шәкәрім, Нарманбет, Ғұмар одан бертінде Міржақып, Сұлтанмахмұт тағы да басқалардың шығармаларында кеңінен қолданылып, әдеби тілдің нормасына енді. Сөйтіп, қазіргі әдеби тіліміздің, оның ішінде, көркем әдебиет тілінің арналы қабатын құрап жүргендігі белгілі.


 

Жартасқа салынған алғашқы суреттер, белгілер сол тұстағы тайпалық қоғамның таным-түсінігінен һәм қажеттілігінен туғаны мәлім. Классикалық, дәстүрлі діндердің пайда болуы адамзат қоғамында жазу ісінің жандануына алып келді. Қазақ даласына мұсылман дінінің таралуы бастапқыда араб елдерінен діни кітаптардың келуіне жол ашса, сол кітаптарды түсіну үшін оқу, жазу жұмыстары тарала бастағандығын жақсы білеміз. Әсіресе, ХІХ ғасырдың І жартысында қазақ арасына араб жазуы тарала бастағаны да белгілі. Осы кезең жөнінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақ ішінде молдалық қылып, дін үйретушілер, бала оқытушы қожалар, ноғай молдалар болған себепті жазба сөз шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған. Қазақ ішінде олар көп тұрып, қазақтың тілін, мінезін жақсы білген. Қазақтың өлеңді, сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған» - деп жазады /1, 261/. Халықтың сауаттануы, оның ішінен шыққан бірқатар ақындардың жазуды меңгеруі – ХІХ ғасырдың І жартысында шығармаларын жазу арқылы шығаратын алғашқы ақындардың пайда болуына алып келді. Сондай-ақ, жазба әдебиетінің тууына осы кезеңнен бастап қазақ даласына таза діни кітаптармен бірге қиссалардың кітап күйінде таралуы да ықпал етті деп ойлаймыз. Қазан гимназиясының баспаханасынан 1807 жылы жарық көрген қазақ тіліндегі тұңғыш кітап – «Сейфүлмәліктің» де діни сипаттағы шығарма болуы, әлбетте, кездейсоқ емес, заңды. Әрине, бұл кітаптардың тілінде араб, парсы тілінің сөздері көп болды, осы тілдердің лексика-грамматикалық заңдылықтары көбірек сақталды. Дегенмен, ең бастысы - «Сейфүлмәлік», одан кейін шыққан «Иғлан наме», «Қисса-и Шәкір-Шәкірат падишаһ һашим балалары», «Атымтай Жомарт», «Мансур-ул-хәллаж» кітаптары – араб графикасындағы қазақ тіліндегі алғашқы кітаптар болатын. Сондай-ақ, осы кезеңде туған қазақ тіліндегі ресми құжаттар да ел арасына жазудың таралуына игі ықпал етті. Араб графикасындағы әліпбидің жазба әдебиетіміздің тууы мен қалыптасуына зор үлес қосқанын айрықша атаймыз. Араб графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінің басты тарихи маңызы -ұлттық жазба мәдениетімізді жасаған әрі сақтаған әліпби болуында. Сол себепті де Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары латын әліпбиіне бірден қарсы болды. Жалпы әліпбидің саясат құралы екендігі империялық отарлаушы елдердің өз әліпбилерін өзге халықтарға зорлап енгізуінен айқын аңғарылады. 1860-70 жылдары Ыбырай Алтынсаринның орыс кириллицасы негізіндегі әліпбиінің қолдау таппауы, дәстүрге айналмауы да араб таңбасы негізіндегі әліпбидің қазақ арасына кең тарауымен, үлкен дәстүрге айналуымен байланысты болса бір жағынан, екінші жағынан, оның миссионерлік әліпби болуынан.


 

Ұлттық жазба әдебиетіміздің тууы дінмен байланысты болған десек, онда оның алғашқы кезеңіндегі өкілдері діни сауатты, сонымен бірге шығармаларына діни мазмұн арқау болған ақындар болуы тиіс еді. Осы қисынды тұжырыммен келгенде, шындығында да, жазба әдебиетіміздің ізашар шығармашылық иелері діни бағыттағы, нақтырақ айтсақ, діни-ағартушылық бағыттағы ақындар болғанын аңғарамыз. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында шығармаларын ауызша да, жазбаша да шығарған ақындар қатарында Шортанбай Қанайұлын, Дулат Бабатайұлын, Мәделі Жүсіпқожаұлын, Ақмолла Мұхамедиярұлын атаймыз. Бұл ақындардың өз шығармаларын жазып шығарғаны жөнінде мәліметтер баршылық. Айталық, Дулат Бабатайұлы жөнінде: «Дулат қаламды қолға алып, сөзін жазып шығарып, өлең сөздегі осы формашылдық дәуірді бастады» делінсе /4, 390/, 

Ақмолланың өзі:

Қазаққа өлең жаздым ашық қылып,

Қасиеттердің жүрегін ашыттырып...

Айтамын үгіт қылып қазақ халқын,

Көңіліңіз дін жағына сонша салқын.

Қаншама ғұламалар айтсадағы,

Бұрынғы қия алмайсыз ата салтын, –

деп жырлаған.

Жалпы Абайдың алдындағы осы діни-ағартушылық ағымды ұлттық жазба әдебиетіміздің басы дей келе, оны кейбір еңбектерде қарастырылған очерктік сипатта емес, оның өкілдерінің мұрасын сабақтастыра, жазба дәстүрдің барлық белгілерімен тұтас алып зерделеудің кезегі өз зерттеушілерін күтуде.


 

Жазба әдебиеті жөнінде айтқанда осы аталған ақындардың алдындағы әдеби кезеңде де шығармалардың жазылып шығарылғанын да ұшыратамыз. Бұл жөнінде ақын-жыраулар мұрасының білгірі Мұхтар Мағауин: «... қазақтың ескі жырларын, мәселен, Шалкиіздің шығармаларын тексеріп қарағанда, кейде олардың біздің заманымызға тек ауыздан-ауызға өту арқылы ғана туғандығына күмән туады» - дей келіп, тарихшы Рузбеханның: «Қазақтардың ханы да, қарасы да өздерін мұсылман санайды, құран оқиды, құдайға құлшылық етіп, ораза-намаз ұстайды, балаларын мектепке береді» - деп жазғанын келтіреді де, «шығармалардың сол кездің өзінде-ақ қағаз бетіне түсірілгендігіне күмән жоқ» - дейді /7, 181/.Мұнда біз жазба әдебиетінің тарихын дәл Шалкиіз жыраудан немесе ол шығармашылық еткен ХҮІІІ ғасырдан немесе одан арғы ғасырлардан басталады деп отырғанымыз жоқ, мәселе ол ғасырларда жазылып дүниеге келген көркем туындылардың болу мүмкіндігін айту ғана.


 

Ұлттық жазба әдебиетіміздің тарихын «қазақ» деген халықтың ел болып ұйысуынан, дербес жұрт ретінде тарих сахнасына шығуынан бұрын қарастыратын пікірлер де бар. Мұндай қисындарда жазба әдебиетіміздің түп төркіні ретінде, көне түркі ескерткіштері аталады. Бұл пікірді, әсіресе, Бейсенбай Кенжебаев көбірек айтқан болатын. Ғалымның зерттеулерінде, 1959 жылғы әдеби мұраға арналған конференциядағы баяндамасында айтылған тұжырымдарда жазба әдебиетімізді көне дәуірлерден бастау қажеттілігі ұсынылады. Сол конференциядағы сөзінде ол: «Қазақ халқы жазба әдебиетінің тарихын ҮІІІ-ІХ ғасырдан бастау керек, содан бергі қазақ жерінде жасалған, қазаққа ортақ, бір кезде түсінікті болған жазу-сызуларды, жазба әдебиет нұсқаларын зерттеу қажет деп білем» - дейді /8, 295/. Ғалымның бұл пікірі оның кейінгі еңбектерінен де көрініс тапқаны белгілі. Б.Кенжебаевтың әдебиет тарихын дәуірлеу жөніндегі жалпы ұстанымына қарсы болғанымен, Қ.Жұмалиев жазба әдебиеттің түп төркінін дінмен байланыстыратыны бар. Ол жоғары оқу орындарына арналған оқулығында: «Ислам дінінің Орта Азияға таралуы ХІ-ХІІ ғасырлардан басталады. Ислам дінімен байланысты жазу дәстүрі Орта Азияға, оның ішінде қазақ даласына да тарай бастады» - дейді /9, 16-17/. Бірақ ол осы «ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» оқулығында әлгі ойын жалғастырмай жазба әдебиетінің қалыптасуын тағы да Абай кезеңіне апарады.


 

Бұл қазақ этносын жалпытүркілік бәйтеректің бір бұтағы ретінде қарағанда, сонау Орхон-Енисей ескерткіштерінен бері Алтын Орда дәуіріне дейінгі жазба мәдениетіміздің нұсқаларына біздің де толыққанды мұрагер екендігімізді айту үшін қажет. Күлтегін ескерткішіндегі ойма жазулар, «Қорқыт ата кітабы», Баласағұн, Қашқари, Рабғузи шығармалары бұдан өзге де ҮІІ-ХІҮ ғасыр арасында Шығысы – бүгінгі Монғолия мен Қытайдың жерінен, Батысы – сонау Қара теңіз бен Азов теңіздеріне дейін созылып жатқан алып аймақта туған жазба мұралар – қазақ халқына да ортақ тарихи қымбат жәдігерлер. Сонымен бірге бұл мұралар өзбекке де, әзірбайжанға да, түркіменге де басқа да түркі халықтарына ортақ мұралар. Сондықтан бұл мұраларды біз ұлттық дербес, яғни қазақ ұлтының төлтумасы ретінде қарай алмаймыз, оларды тарихи-мәдени құндылықтар ретінде қастерлеп, ұлтымыздың ілкі тарихы болғаны сияқты, рухани қазыналарымыздың да көне көздері бар деп қабылдаймыз. Осы тұста академик Р.Сыздықтың: «Халықтың ұлт ретінде ұйымдасуына ұйтқы болатын фактордың бірі жазба әдеби тілі болуға тиіс. Абай мұндай ұйтқылық қасиетті шағатай тіліне негізделген ескі жазба дәстүрден көре алмады, ондай күшті Абай сан ғасырдан қазақ поэзиясына қызмет кетіп келе жатқан ауызша тараған төл әдеби тіл мен халықтың сөйлеу тілінен көріп тапты» - деген ойының алғашқы сөйлемінде үлкен көрегендік жатыр /4, 278/. Олай дейтініміз – жалпы тілдің өзі бір ұлтты ұйыстырушы қуатты рухани құбылыс. Ал, жазба тілдің болуы тілдің осы қызметін одан сайын еселей түседі. Жазба әдеби тілімізді таза қазақ ұлтына қатыстырып айтатын болсақ, онда, әлбетте, оның басталуын сол қазақ ұлтының дербес ұлт ретінде тарих сахнасына шыққан дәуірлерден іздегеніміз шындыққа әлдеқайда жақын болмақ. Ал, ғалымның Абайға қатысты айтып, кемеңгер суреткердің тіл таңдауы жөніндегі сөзіне қосылу қиын. Абайдың алдында ескі жазба дәстүрінің болғаны рас, бірақ ол сол тілде шығарма жазылады деген сөз емес. Әлбетте, Абай өзінің күнде сөйлеп, ойлап жүрген тілінде жазатыны табиғи құбылыс қой.


 

Қазақтың жазба әдеби тілі халқымыздың өзі тұтынып жүрген тілінде ғана жасалмақ. Өйткені, біздің жеке ұлт ретінде қалыптасуымыз діліміздің де, тіліміздің де дербес болуына тарихи да, табиғи да мүмкіндіктер туғызды. Бұрын бір мемлекеттік бірлестік болғанымызбен, кейін жеке ұлт болып ірге ажыратқан бауырлас халықтарға ортақ болған тілді қалай десек те, біздің әдеби тіліміздің ертедегі түп-төркіні болғанымен, қазіргі жазба әдебиетіміздің бірден-бір қайнары, дәл бастауы ретінде көрсету, жазба әдеби тілдің дәстүрлі арнасы ретінде қарау жалпы әдеби тілдің, оның ішінде, көркем әдебиет тілінің табиғи өрістеуіне, эволюциялық дамуына аса үйлесе қоймайды. Оны көне ескерткіштердің жанры, стилі мен қазақ хандығы тұсында туған жыраулар поэзиясының жанры, стилі арасындағы айырмашылықтан байқаймыз. Қазақ жырауларының өлең-толғаулары алдыңғы әдебиеттің дәстүрін берік ұстанды деп толық әрі сенімді түрде айта алмасымыз да хақ. Қазіргі кезде жазылған кейбір еңбектер осы екі кезеңнің шығармаларын ұқсатпақ ниетпен әр қилы пікірлер айтуда. Дегенмен, олардың бұл пікірлерінде тарихи-әдеби шындықтан да «осылай болса екен» деген ниет басым екендігін айта кетпекпіз. Сонымен бірге ежелгі дәуірде туған еңбектердің барлығы көркем әдебиет мағынасындағы шығармалар емес екендігін де айта кеткеніміз абзал. Олар, негізінен алғанда, бүгінгі күн мінберінен көз салғанда, таза сөз өнері туындысына қарағанда, тарихи-мәдени құндылығы айрықша жәдігерлер. Біз олардан ең алдымен көркем әдебиет тілінің, сөз өнері стилінің ерекшеліктерін емес, тарихымыздың таңбаларын, халқымыздың байырғы танымының белгілерін іздейміз. Сондықтан оларды бүгінгі жазба әдебиетіміздің, тіпті, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ауызша әдебиетіміздің немесе ХІХ ғасырдың І жартысында аңғарыла бастаған жазба әдебиетіміздің дәстүрлі бастауы деп қарай алмаймыз. Олардың арасындағы байланысқа келетін болсақ, онда ұқсастықтан гөрі өзіндік ерекшеліктердің мол екендігін айқын аңғарар едік.


 

Қазақтың жеке ел, дербес жұрт болғандағы ХҮ жүзжылдықтан бергі дәуірдегі сан ғасырлық сөз өнерінде жазба әдебиеті қашан туған, қалай туған, оның басында тұрған кімдер еді деген сауалға келгенде, оған қанағаттанарлық жауап табу үшін әдеби үдерістің өрістеу жолдарына да, бізден бұрын айтылған ой-қисындарға да жүгінуіміз қажет. Яғни бұл өзі ғылыми проблематикалық сауал болғанымен, оның шешімді жолына жету үшін бұл ғылыми тақырып турасындағы ой-пікірлерді мейлінше толық қамтып алған жөн сияқты.


 

ХІХ ғасырдың І жартысында дүниеге келген жазба әдебиет үлгілері өзінің стилі жағынан әлі де ауызша әдебиетке жақын болатын. Бұл ескі мен жаңаның арасында бола беретін дәстүр мен жаңашылдықтың ортасындағы табиғи құбылыс. Сондықтан біз жазба әдебиетінің бастапқы дәуірінде туған шығармаларға бүгінгі көркем әдебиетке тән жоғары талаптарымызды қоя алмаймыз. Жаңаның өзі бұрынғы бардың бауырынан жаратылып, бірте-бірте уақыт өте келе өзіндік болмысын қалыптастыратындығын, содан кейін ғана барып жаңашыл дәстүр жасалатындығын, тарихи-әдеби үдерісте эволюциялық жолмен ғана жетекшілік орынға ие болып, соған орай, өзіндік әдеби дәуір қалыптасатындығын қаперде ұстағанымыз абзал.


 

Жоғарыда аталған ақындардан басқа тағы да бірқатар ақындар өз шығармаларын жазбаша түрде тудыруы әбден мүмкін. Біз бұл арада ондай мүмкіндікке де орын беруге тиісті сияқтымыз. Өйткені, олардың айтып немесе жазып қалдырғаны туралы нақты деректер тұрмақ, көрнекті ақын-жыраулардың бізге жеткен, қазіргі жинақтарға еніп жүрген шығармалары сол шығармашылық иелерінің толық дүниелері емес екені белгілі. Сондықтан біз ХІХ ғасырдың І жартысында, тіпті, оның алдындағы кезеңдерде өз туындыларын жазып шығаратын ақын-жыраулардың біз білетіннен едәуір көп болатындығына шүбә келтірмегеніміз абзал. Осы кезеңдегі сөз өнері иелерінің саны жөнінде Ә.Дербісәлин: «Біздің қазір осы кезең бойына білетін ақындарымыздың саны әрі кеткенде 60-70-тен аспайды. Бұл – бізге ең көп жеткен, әдебиетіміздің ең дамыған тұсы деп жүрген ХІХ ғасыр поэзиясының өзі бастапқы мол қалпында толық сақталған жоқ, ал бізге жеткені бір кездегі үлкен поэзияның белгілі бір бөлігі деген сөз» - деп жазады /10,4/. Аталған кезеңнен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарға, хрестоматияларға, әртүрлі жинақтарға еніп жүргені 40-50 ақынның мұралары ғана. Сондықтан біз жазба әдебиетінің қалыптасу кезеңінде шығармашылық еткен аз ба, көп пе аталып жүрген ақындардан өзге де шығармашылық иелерінің болғандығын сеніммен айта аламыз. Тіпті, сол оқулықтар мен хрестоматияларға мұралары еніп жүрген ақын-жыраулардың шығармалары да бізге толық жетпегені белгілі. Айталық, ХҮІІ ғасырдағы ең белгілі деген Жиембет жыраудың біздің заманымызға дейін 4-5 толғауы ғана жетсе, Марғасқа жыраудың бір толғауының жұрнағы ғана бүгінге жетіп отыр. Ал, Ақтамберді сияқты ұлы жыраудың біздің заманымызға жеткені – 8-9 толғау ғана, олардың өзінің толық мәтіні сақталмаған, тіпті, өмірі мен шығармашылығы басқа жырауларға қарағанда, ең көп зерттелген, бір кездегі оқулықтарымызда төл әдебиетіміздің басы болып келген ең ұлы жырау, ғасырға жуық өмір сүрген абыз Бұқар жырау Қалқаманұлының бізге жеткен барлық толғауларының өзі жұқа кітапшаға ғана сиып кететін дүниелерді құрайтыны белгілі. Ал, қазақтың ақын-жырауларының көл-көсір мұра тудырғаны жөнінде мәліметтер жеткілікті. Бұған қоса, соңғы жылдары табылып, жарияланып жатқан көркем дүниелер бұған куәлік етеді. Әлі де талай мұраның табылуы, сөйтіп жарыққа шығуы әбден мүмкін. Мәселен, Ә.Дербісалин «Ноғайбай, Үлкенбай, Наурызбай сияқты өз кезінің белгілі сөз шеберлерінің бірде бір ауыз өлеңінің сақталмағандығын» осыдан ширек ғасыр бұрын жазған болатын. Десек те, ХХІ ғасырдың басында Ноғайбай Сүлейменұлының өлең-толғаулары, айтыстары, тіпті, дастандары табылды. Ол жеке жинақ болып белгілі қаламгер-ғалым, профессор Тұрсын Жұртбайдың алғысөзімен «Алаш мұрасы» жүлгесімен жарыққа шығып, көпшілікке жол тартты. Сондай-ақ, қазіргі кезде Шалкиіз жыраудың, Үмбетей жыраудың, Бұқар жыраудың, Шал ақынның, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тағы басқа ақын-жыраулардың шығармалары табылып, бірқатарының жеке жинақтары жарыққа шығуда. Осының бәрі біздің әдебиет тарихы жөніндегі ғылыми ой-пікірлеріміздің кеңеюіне, кейбір көзқарастарымыздың толығуына, тіпті, өзгеруіне де алып келуі мүмкін. Бұл бүгінгі әдебиеттануымызда қалыптасқан әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесіне жаңаша қарауды, оның шынайы кестесін жасауды қажет ететіні түсінікті. Осы әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесінің шегінде шешілетін басты мәселелердің көкейкестісі әрі маңыздысы – жазба әдебиетінің туу, қалыптасу, даму кезеңдеріне қатысты ғылыми мәселе.


 

Жазба әдебиеті жөнінде бұрын-соңды айтылған пікірлерді саралай келгенде, бұл әдебиеттің тууы мен қалыптасуы турасында, негізінен алғанда, үш түрлі пікірдің қалыптасқандығын байқаймыз. Бірқатар ой-пікірлерде жазба әдебиетінің тууы шығарманың тікелей хатқа түсуімен, яғни автордың өз шығармасын жазып шығаруымен байланыстырылады. Бұл пікірді қуаттаушылар жазба әдебиеттің өмірге келуін дінмен байланыстырады. Осындай пікір айтушы топқа А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Жұмалиевтер енеді. Ал, жазба әдебиетінің тууын ондағы әлеуметтік мазмұнның тереңдеуімен түсіндіретін топқа М.Әуезовтен бастап, С.Қирабаев пен Н.Келімбетовтың, ішінара Р.Сыздықтың пікірлері енеді. Ал, жазба әдебиеттің тууын жазба стильдің қалыптасуымен байланыстыратын ғалым Қ.Өмірәлиев. Осы үш түрлі пікірді жақтайтын ғалымдардың ғылыми тұжырымдарының баршасында негіз бар болғандықтан, бұл тұста оң-теріс деп біржақты баға беру дұрыстыққа шықпайды. Біз бұлардың осы ұстанымдарын жазба әдебиеттің тууындағы критерилер ретінде алғанымыз абзал. Сөйтіп, қазіргі кезде осы критерилердің және басқа да ықпал етуші факторлардың ғылыми негіздемелерін даярлап, оларды әдебиеттің тарихы тұрғысынан әрі теориялық тұрғыдан тиянақтап алғанымыз жөн. Бұл арада ғылыми өлшем әдебиеттің өзімен берік байланыста жүзеге асырылғаны жөн. Осылай еткенімізде ғана әдебиет тарихын зерттеуге қатысты әдіснама қалыптасып, мұндай ғылыми-теориялық тұжырымдар әдебиет тарихы саласындағы зерттеулерімізге негіз болары сөзсіз. Осындай шынайы, әдебиеттің өзіндік эволюциясынан туған ғылыми әдіснама жасалса, әдебиеттанудағы жаңсақ ойлар, үстіртін пікірлер жөнделетін болады. Бұл ғылымның дамуына іргелі үлес қоспақ.


 

Ендігі мәселе – жазба әдебиетінің кімнен немесе кімдерден басталатындығы жөніндегі маңызды мәселе болып табылады. Бұл орайда да әр кезде айтылған ғылыми пікірлер баршылық. Мәселен, Мұхтар Әуезов «Бектік құлауға айналып, өндіріс капиталы дәуірлей бастаған кездің әдебиеті» еңбегінде: «Қазақ әдебиетінде дін сарынын алғаш бастайтын ақын осы Шортанбай болса, бұл өзі мұсылманшылықты исламның дін кітаптарынан алған адам болады. Ең алғаш жазып жырлаған, оқыған ақын да осы болуға ылайық» деп жазады /11,318/. Осыған жуық пікірді 1959 жылғы конференцияда Шортанбай жөнінде баяндама жасаған С.Талжанов та айтады. Ол: «Біздің ойымызша, Шортанбай ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің арасында жатқан көпір...Қазақ өлеңін бұрынғы көлденең сөздерден адалап, ауыз әдебиетін жазба әдебиетке жеткізген ақын» - деу арқылы Шортанбайды жазба әдебиетінің алғашқы ақындарының бірі ретінде бағалаған /12,192-193/. Шортанбай Қанайұлын жазба әдебиетінің басы ретінде бағалаудың жөні де, реті де бар. Төл әдебиетіміздің тарихындағы ең үлкен ағымның басы болған Шортанбай сияқты ірі шығармашылық иесін жазба әдебиетінің алғашқы ақыны десек, онда біз жазба әдебиетіміздің негізі – діни әдебиетте екендігіне илана келе, осы тұста сөз өнерінің әлеуметтік мазмұнына басымдық беретін Мұхтар Әуезовтың де жазба әдебиеті жөніндегі пікірінің діни әдебиеттен алшақ еместігін аңғартамыз.


 

Шортанбайдан жас үлкендігі болмаса, оған замандас ақын, ХІХ ғасырдың І жартысындағы әдебиетіміздің ең ірі өкілдерінің бірі Дулат Бабатайұлының шығармашылығын жазба әдебиетіміздің алғашқы туындылары ретінде бағалайтындар да бар. Олар тілтанушы ғалымдар Қ.Өмірәлиев пен Р.Сыздық. Айталық, Құлмат Өмірәлиев: «Дулат қаламды қолға алып, сөзін жазып шығарып, өлең сөздегі осы формашылдық дәуірді бастады» деп жазса,/13,44/ Рәбиға Сыздық: «Қазақтың жазба поэзиясының алғашқы нышандары Дулат өлеңдерінен көрінеді» - дейді /4,208/.


 

Әдебиет тарихын зерттеушілердің біразы жазба әдебиетіміздің бастауын Абай шығармашылығымен байланыстырады. Бұл ретте Ә.Қоңыратбаевтың: ««Абай поэзиясы шын мәнінде қазақтың ұлттық тілі мен жаңа жазба әдебиетінің туғандығының айғағы болған еді» деген пікірін /14,192/, З.Ахметовтың: «Абай – қазақтың жаңа реалистік жазбаша поэзиясының, әдебиетінің негізін салды» - дегенін /15,236/, Ө.Әбдиманұлының: «Абай негізін қалаған жазба әдебиеттің ең бір шырқау биікке көтерілген тұсы – ХХ ғасырдың бас кезі»- деп жазғанын келтіреміз /16,82/.


 

Абайды жазба әдебиетінің басы деп бағалау үрдіске айналған. Мектеп, орта және жоғары оқу орындарының оқулықтары мен оқу құралдарында, кемеңгер ақын шығармашылығына арналған көптеген мақалаларда, кітаптарда осы ой жиі қайталанады. Ондай ой айтушылардың көпшілігі өздерінің бұл тұжырымдары жөнінде бәлендей ғылыми уәж, ғылыми дәлел айта бермейді. Сондықтан мұндай пікірлер дәлелденген ғылыми тұжырымдардан да дайын ойды қайталау болып көрінеді. Сол себепті де оны кеңінен түсіндіру қажет.


 

Әдебиет тарихындағы Абайдың айрықша орны, кемеңгер тұлғаға деген бүкілхалықтық құрмет, әсіресе, әдебиетші қауымның данышпан суреткер шығармашылығына деген айрықша сүйіспеншілігі мен махаббаты оны жазба әдебиетінің басы, негізін салушы деген тұжырымға әкелген сияқты. Бұл әрі түсінікті, әрі табиғи құбылыс. Әлбетте, Абай орасан тұлға, әдебиет тарихындағы, жалпы ұлттық руханият тарихындағы аса зор адам. Дегенмен, біз үшін де, «Өңкей жалған мақтанмен, Шынның жүзін бояйды...» деген Абай үшін де шындық қымбат! Абайды бір кісідей, жай бір кісідей емес, зор кісідей зерттеген Әуезовтың өзі: «Қазақта жазба әдебиет Абайдан көп бұрын басталған» - деген/2,79/. Сондықтан біз жазба әдебиетінің тарихындағы Абайдың орнын оның өмір сүрген кезеңіне, шығармаларына лайық айқындауымыз қажет. Біздің ойымызша, қазақтың жазба әдебиеті Абайдың ақындықты бастаған жылдарынан кем дегенде отыз жылдай бұрын, бәлкім одан көбірек бұрындары туған. Ал, Абайды жазба әдебиеттің басы деп жүргендер – оның шығармашылығының басқа басты қасиетін мегзейтіндері байқалады. Ол Абайдың қазақ әдебиетіндегі сыншыл реализмнің негізін салып, осы әдеби бағытты, оның негізіндегі реалистік бейнелеу тәсілінің озық, үздік үлгілерін ұлттық сөз өнеріміздің бойына дарытқаны жөніндегі мәселе. Жазба әдебиеттің негізін салу мен жаңа әдеби бағыттың негізін салу, әрине, бірдей құбылыс емес. Александр Пушкиннің орыс әдебиеті үшін бағасы қаншалықты жоғары болғанымен, оны ешбір ғалым, жалпы орыс әдебиеттануы жазба әдебиеттің негізін салды деп айта қоймайды. Ағылшынның Шекспирі, испанның Сервантесі, немістің Гетесі, өзбектің Науаиы жөнінде де мәселе осындай. Сол себепті біз Абайды жазба әдебиетінің емес, қазақ әдебиеті үшін бұрыннан бар бірақ идеялық-көркемдік жүйесі қалыптаса қоймаған бағыттың – сыншыл реализм әдеби бағытының негізін салушы дейміз. Оны алғаш аңғарған Ахаң ол жөнінде аса білгірлікпен: «Қазақ әдебиетінің асылдануына, әсіресе әсері күшті болған Абай сөздері. Абаймен қатар басқалар да шыққанмен олар асыл сөздің жаңа сипатын Абайдан айқын көзге түсерлік етіп көрсете алған жоқ. Сондықтан қазақ әдебиетінің сындар дәуірі Абай сөздерінен басталады» деп жазған болатын /1,278/.


 

Жазба әдебиетінің кімдерден басталатындығы жөніндегі келесі бір пікірлерде Ыбырай Алтынсарин, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының есімдері аталады. Ыбырайдың есімі Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» еңбегінде Шортанбай, Мәшһүр Жүсіп, Нарманбет есімдерімен бірге аталса, ал, М.Ғабдулин, І.Кеңесбаев еңбектерінде Абаймен қосақтала айтылады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын жазба әдебиетінің басы ретінде көрсету Смағұл Сәдуақасұлы еңбегіне тән. Оның орыс тілінде жарық көрген «Киргизская литература» еңбегінде: «Основоположниками письменной литературы были Ж.Копеев, по прозванию «знаменитый» и несколько позднее его Абай Кунанбаев, о котором речь будет идти впереди. Ж.Копеев первый от принятого в то время акынами обычная – хвалить свой род и самого себя, переходит к песне, воспевающей народное горе. Впервые его стихи вышли в письменном виде, дав сильный толчок новому навравлению, которое можно назвать в истории киргизской литературы именем народничества» - делінеді/17,68/. Бұл арада Смағұл Мәшекеңнің жазба әдебиетінің басы болатындығын оның шығармалары Абайдан бұрын жарияланғандығымен байланыстырған деуге боларлық. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының бірқатар шығармалары «Дала уәлаятының газетінде» жарияланғаны, сондай-ақ, «Хал-ахуал», «Сарыарқа кімдікі?», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» кітаптарының Абай жинағынан бұрын жарық көргенін қаперіне алып отырса керек.


 

Жазба әдебиетінің туу кезеңі болған шамамен 1830-40 жылдардағы алғашқы үлгілерде жазба әдебиеті өзінің барлық қырынан жазбалық формадағы шығарманың нағыз үлгісін көрсете алмайтыны түсінікті. Бұл таза эволюциялық жағдай. Себебі, қандай құбылыс болсын, оның ішінде, әсіресе, рухани құбылыстардағы жаңа бастамалар бірден ерекшеленіп, бұрынғы байырғы дәстүрлерден оқшауланып тұра қалмайды. Кез келген жаңа дүние бұрыннан бардың бояуымен көрінеді десек, жазба әдебиетінің алғашқы нұсқаларына қатысты да осы ойды тағы бір мәрте қайталауға тура келеді. Жазу, шығарманы жазып жариялау үдерісі басталған шақта сол шығарманың жанры, композициясы, тілі, әсіресе, стилі бұрынғыша көрініс береді. Сөйтіп, бірте-бірте ұштала келе, қалыптаса келе, жаңа түрге ие болады. Бұл жөнінде жалпы қазақ ғылымынан лайықты орнын ала алмай келе жатқан, академиялық білімнің иесі Құлмат Өмірәлиев аса терең, өміршең ой білдірген болатын. Аса дарынды ғалым «Қазақ поэзиясының жанры және стилі» атты еңбегінде: «Бірақ жазу өлең сөздің жаңа түрін, формасын бірден жасаған жоқ. Көпке дейін ЖАЗУ атты тәсіл-құрал көне үлгіде, бұрыннан бар өлең түрінде сөз жаратып келді. Форма, модель-үлгі біреу болды да, құрал әр түрлі болды. Сөйтіп ауызша туған сөз үлгісі мен жазбаша туған сөз үлгісінің ара-жігі айқын көрінбейді. Ол ғана ма, байырғы кезде ауызша поэзия жасалған түрде өлеңді жазып шығару келе-келе дәстүрге айналды да, ол енді келіп, керісінше, өзіне дейінгі ауызша поэзия үлгілеріне «жазба» сипат берді» - деп жазған болатын /13,86/. Шынында да, шығарманың жазып шығарылуы жазба стильді бірден қалыптастырып кете алмады. Өйткені, көркемдік сана әлі де шығарманы жазып шығарудың жаңа жағдайына сай бейімделмеген болатын, дұрысы – жазба әдеби шығармашылыққа лайық көркемдік сана қалыптасудың алғашқы фазасында еді. Сондықтан алғашқы жазба әдебиет үлгілерін стилі жағынан ауызша әдебиеттің нұсқаларынан ажырату мүмкін еместей күйде болатын. Сол себепті де ғалымның айтқанындай, форма, модель (шығарма) түрі біреу, ұқсас болды да шығарманы тудыру құралдары (ауызша шығару, қаламмен хатқа түсіру) әртүрлі болды. Мұндай шығармашылық үдерістің өзгеруі түптің түбінде шығарманың композициясына оны қалыптастыратын тілдік-стильдік өңіне де өзгеріс енгізбек. Алайда, міне, осы өзгеріс эволюциялық жолмен жедел де емес, аса баяу да емес өзінің уақытымен болатын үдеріс. Бұл үдерістің астарында көркемдік сананың жаңа типке бейімделуі, шығармашылық актінің жаңа жағдаяттары жатады да, олар да эволюциялық жолмен өрістейді. Сондықтан ауызша әдебиет үлгілері мен жазба әдебиеттің алғашқы үлгілерінің арасында айтарлықтай қолмен ұстап, көзбен көрерліктей ерекшелік болмағандықтан, біз жазба әдебиеттің туған кезеңін нақты көрсете алмай жүрміз. Жазба әдебиеттің басталуын сөз еткенде, Абайға жүгіне беруіміз - өйткені ұлы суреткер поэзиясында жазба әдебиетінің бастапқы кезеңі емес, қалыптасқан шағының әлгіндей қолмен ұстап, көзбен көрерліктей бедерлі нұсқасының менмұндалап тұруында. Бірақ Абайдың саф алтындай өлең-сөздерінің осындай кемелдікке жетуі үшін, хас суреткердің ол биікті бағындыруы үшін, диалектика жолымен алғанда, оның алдында кең даңғыл болмаса да бірер соқпақтың болуы тиіс еді. Абай жазба әдебиетінің басы емес, өзінің алдындағы бірнеше ондаған жылдар бұрын тұқымын шашып, бүршігін атқан жазба дәстүрдің есейген бәйтерегі, мәуелі бақшасы. Сондықтан жазба әдебиетінің бастауын дария Абайдан емес, оғанға дейінгі бұлақтардан іздегеніміз абзал.


 

Қазақ өміріне, тұрмысына жазу элементінің келуі, – ілгеріде айтқанымыздай діни әдебиеттің қалыптасуымен байланысты. Ислам дінін қазақ сахарасына жеткізген араб жазуы бірте-бірте жазу дәстүрі дінмен бірге қоғамның басқа қажеттіліктері үшін де жұмсала бастады. Ендігі жерде бұл жазуды қазақ қоғамының ең «сөзшіл», «тіл жұмсайтын» әлеуметтік тобы – ақындар қолдана бастады. Өлең шығару кәсіпке айнала бастаған шақта жазу ақындар үшін қажетті құрал бола бастады. Әрине, жазу барлық ақынның құралына емес, алдымен үркердей топтың ғана қажеттілігіне айналды. Осы топ жазба әдебиетіміздің алғашқы өкілдері болуымен бірге «жазу» атты құралдың таратушылары да, қажет десеңіздер көрнекі насихатшылары да болды. Жаза білу, сауаттылық шығармашылық тұлғаның ерекшелігі ғана емес, өз замандастарынан белгілі бір дәрежеде артықшылығы да болды.


 

Жазба әдебиеттің тууы мен қалыптасуында, дүниедегі басқа құбылыстар сияқты сұраныс пен қажеттіліктің орны ерекше. Бұл жөнінде кезінде Құлмат Өмірәлиев: «Әрине, жазуды білу, жаза білу – кәсіптің жаңа түрін туғызды. Бірақ ел ішінде мұның қызметін керексінудің қоймауы жазудың дамуына қандай кедергі жасаса, жазу негізінде жаңадан жасалған сөз үлгісінің туып, дамуына да сондай кедергі жасаса, жазу негізінде жаңадан жасалған сөз үлгісінің туып, дамуына да сондай кедергі жасады. Яғни жазу өнерінің жеке бір индивидтің тіршілік құралына, өнер құралына айналу үшін де ол құралдың қызметіне және жемісіне қажетсінетін ортаның, тұтынушы ортаның болуы сөзсіз керек» деп жазған болатын /13,202/. Мұндай «тұтынушы ортаның болуы» ХІХ ғасырдың ІІ жартысына және ХХ ғасырдың басына келгені белгілі. Сондықтан да аталған кезеңдерде жазба әдебиеті өзінің тууы шағынан есейіп қалыптасу кезеңіне аяқ басқан болатын. Қазақ кітаптарының шыға бастауы, қазақ баспасөзінің пайда болуы «тұтынушы ортаның» осындай қалыптасуынан өрістеп жатқаны белгілі. Қоғамның білім-ғылымға бұрылуы, сауатты адамдардың көбеюі жазба әдебиетіміздің қарқынды өсуіне бастады. Сондықтан да, әсіресе, шамамен алғанда, ХХ ғасырдың екінші, үшінші онжылдықтарында жазба әдебиетіміз өзінің қалыптасу кезеңінің даму шегіне қарай өркендеді.


 

 

 

Әдебиеттер


 

1. Байтұрсынов Б. Шығармалары. Алматы: Жазушы, 1989.

2. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 2 том. Алматы: Ғылым, 1998.

3. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 3 том. Алматы: Ғылым, 199 .

4. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХҮ-ХІХ ғасырлар). Алматы: Ана тілі, 1993.

5. Сейфуллин С. Шығармалар жинағы. 5 том. Алматы,1966.

6. Досмұхамедұлы Х. Аламан. Алматы, 2004.

7. Мағауин М. Қобыз сарыны. Он үш томдық шығармалар жинағы. 8 том. Алматы: Қағанат, 2002

8. Әдеби мұра және оны зерттеу. Алматы, 1961.

9. Жұмалиев Қ. ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті. Алматы: Мектеп, 1967.

10. Дербісәлин Ә. Дәстүр және жалғастық. Алматы, 1976.

11. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 7 том. Алматы: Ғылым, 2002.

12. Талжанов С. Шортанбай Қанайұлы// Әдеби мұра және оны зерттеу. Алматы, 1961

13. Өмірәлиев Қ. ХҮ-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. Алматы: Ғылым, 1976.

14. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы: Санат, 1995.

15. Ахметов З. Кемел ақын, кемеңгер ойшыл //Абай. Шығармаларының екі томдық жинағы. Бірінші том. Алматы: Жазушы, 2003.

16. Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті. Алматы, 2002.

17. Сәдуақасұлы С. Танымдық зерттеулер, мақалалар. 1 том. Алматы: Алаш, 2003.

Бөлісу:

Көп оқылғандар