«Шабыттың» бас жүлдесіне кім лайықты?

Бөлісу:

02.11.2016 3674


Шабыт.jpg


Жас ақындардың шеберлігін шыңдап, бағын ашатын «Шабыт» фестивалінің басталуына санаулы сағаттар қалды. Мұқағали ақын секілді айтсақ, «шабыт деген тумайды жайшылықта, шабыт деген тулайды қайшылыққа». Сол сияқты бұл сайыста кімнің шабыты тулап, кімнің тасы өрге домалайды екен?


Жыл сайын қаумалаған жас ақындар қатарға қосылып жатыр. Өлеңнің өміршең қағидасы өткірленіп келеді. Саннан сапа, санадан саф ойлар туары шын ғой.


Бұл ұлы көштің қатары қатаң електен өтіп, көбейіп жатса қуанамыз. Ақындардың жаны нәзік келеді. Сәл оқыс пікір айтып, сағын сындыруға да болады. «Шабыт» фестивалі үлкен сын ордасына айналып, жақсы ақындарға болашақта сапалы өлең жазу үшін тың серпіліс сыйлауы керек.


Дәл қазір қатысушылар қобалжып, толқу үстінде отырған шығар. Шығармашылық адамына қолдан ұйымдастырылған сайыс өлшем болмайды, бірақ еліміздің түкпір-түкпірінен жиналатын жастардың бір-бірімен етене араласып, пікірлесіп қалуының өзі бір ғанибет.


Біздің болжам бойынша, биылғы «Шабыттың» жүлделі орындарынан басты үміткерлер: Асылбек Жаңбырбай, Ұмтыл Зарыққан, Әділет Шопен, Ербол Алшынбай, Шерхан Талап, Қайсар Қауымбек.


Маңғыстаулық ақын Асылбек Жаңбырбайдың өлеңдерінде батыстың ақындарына тән ірілік бар. Тегінде «адам топырағына тартып туады» деген тәмсіл рас болса керек. Өлеңдерін оқығанда дауысыңды көтеріп, еңсені тік ұстап, екпіндей жөнелесің. Өлеңде қозғалыс бар, ішкі динамикасы орнықты.


Жат емес маған жарылыс деген,

Жүректе – күнде дүрбелең.

Жаралдым бірге сағынышпенен,

Жаралдым бірге мұңменен.


Мұң мен сағыныштың бағасын осыдан асырып қалай беруге болады? Ақынның жүрегінде күнде жарылыс болып жатқанына біз сендік. Әйтпесе, осыған өзектес отты өлеңдерін жаза алмас еді. Бізде жалпы, өлеңді біржақты, өзінің атынан ғана баяндайтын осал ақындар жетіп артылады. Ақын өлең жазғанда оқырман психолгиясымен ойнап, үлкен мұхитта кеменің құлағын жалғыз өзі ұстап, басқарып келе жатқандай еркін көсілуі қажет.


Жәудіреп кейде көзімде жасым,

Жараттым жырды толғанып.

Жүрегін атты-ау кезінде Қасым,

Жолына жаудың бомба ғып.


Бұл Қасымның ғана емес, сол кезедегі ойлы интелегенцияның трагедиясы ғой. Олар құрсаулы жүйеге жүрекпен қарсы тұрды. Сол себепті, Асқар Сүлейменов сияқты генийлер өзінің мүмкіндігін қағазға түсіріп, көркем шығармаға айналдыра алмай кетті. Жүрекпен арпалысып, уақытын зая кетірді. Асылбектің өлеңдеріне ұзын-сонар талдау жасауға болады. Тек ентігіп қалмаса болды. «Шабытты» осы жігіт алмағанда, кім алады?


Қатарластарынан оқ бойы озық шығып, өрелі өлең жазып жүрген астаналық ақындардың бірі Ұмтыл Зарыққан. Ақынның сыршыл лирикасы жүрекке жылылық нұрын төгіп тұрады. Қарапайым ғана дыбысталып, қиынды ұқтыратын шеберлік Ұмтылда басымырақ. Оның басқа жырларын айтпай-ақ, Жәркен ақынға арнаған өлеңін мысалға алсақ та жеткілікті.


Жәйір таудан ескен жел,

Жәркен тауды баураған.

Қайран, қайсар, таулар-ай

Бір-бірінен аумаған.


Ақын неғұрлым өз объектісін зерттеп, ми қыртысында қайнатып, оқырманға ұсынса сапалы дүние тудырады. Өлеңнің қиындығы, ойдың шашауын шығармай, төрт жолға сыйғызу. Жәркен Бөдешті туған топырағына теңеп, тау арқылы характерін әдемі ашқан. Жәркен ақынның өлеңіне қанық оқырманның бұл теңеуге сенбеске амалы жоқ.


Желкілдесе інгендей,

Жәйір таудың шудасы.

Жырға толып кетердей,

Жәркен таудың шудасы.


Кейбір өлеңдерде өзара құмбылдасу, бір-бірімен ассосацияға түсу кемшін тартып жатады. Ұйқас қуып әр ойдың басын бір шалатын шала ақындарды көріп жүрміз. Осы өлеңде Тау мен Адам бір анадан туғандай егіз бейнеленген. Тіпті бір-бірін түсінеді, өзара комбинация жасайды. Бұл енді таза өлеңнің шексіз мүмкіндіктерінің бірі ғана. Ұмтыл Зарыққан «Шабытта» жүлделі болып жатса несі айып?


Келесі жүлдегі үмітті ақындардың бірі – Ербол Алшынбай. Бұл ақынға кезінде атақты Таласбек Әсемқұловтың өзі батасын беріп, екпін түсіріп, өлеңіне талдау жасаған.


Ербол жыраулар поэзиясының нәрін түгелдей сіміріп, бойына сіңірген ақын. Өлеңдерінде оның ұшқындары анық байқалады. Ол өлеңге философиялық тұрғыда қарайды. Эпикалық тынысын сарқып жазады. Жанын жегіп жазады. Бұл біріншіден ақынның өзіне психологиялық қысым алып келеді. Келесі бір өлеңін жазуға кедергі келтіреді. Бізде кемшін тартып қалған поэма жанрын жандандыруға Ерболдың ақылы мен батылы жеткілікті. Мәселен, «Іле» деген өлеңінде ақын былай жырлайды:


Жеттім аппақ сәулеге, жүрегімді нұр өбіп,

Түндей терең арналым, түнде қалдың түнеріп.

Түнге қарап толқимын, сені ойлаймын кей күні,

Үндемейсің сен неге, ей, «түркінің Жейхұны»!?


Жыраулардан қалған пафос ақынның басты қаруы болып табылады. Таласбектің төл шәкірті мәре сызығын бірінші болып кессе асылық емес.


Модернизм бағытының тағы бірі өкілі Әділет Шопеннің отты жырлары да осал емес. Оқыс ойларға құмар. Ойды түрлендіріп берудің шебері. Маяковский қазақша сөйлеп кеткендей әсерде қаласың.


..Бұл немене өмірдің соңы ма еді?!.

Тұла бойымнан тылсым-нұр төгіледі..

Қарсы келген қайғының бет-әлпеті,

Сондай әсем көрінеді!.. Неге ендеше жанымыз налымақшы?!

Өкінумен не ұтып, жарымақсың?!

Көрген қайғың, шеккен мұң, сатқындықта, –

Бәріде бәрі жақсы!..


Жалпы, қазақ поэзиясы екі буынды есейткені үшін Тыныштықбек Әбдікәкімұлына алғыс білдіруі керек. Әділет әділ бағасын алып, топ алдынан көрініп жатса таңқалмаймыз.


Шерхан Талап пен Қайсар Қауымбектің өлеңдері де осал емес. Осы ақындардың барлығы қазақ өлеңіне өзіндік үлес қосады деп ойлаймыз.


Өзге де қатысушыларға сәттілік тілейміз! Қанша дегенмен, бұл фестивалде барлығына бірдей мүмкіндік берілген.



Бағлан Оразалы

Бөлісу:

Көп оқылғандар