Еркін тиді екен деп есіре беруге бола ма?

Бөлісу:

30.06.2017 6458

Сонда жауап бере алман мен бейшара,

Сіздерге еркін тиер, ойлап қара.

Абай.

Еркін тиді екен деп есіре беруге бола ма? Рас, біз ғасыр мен ғасырдың өліарасында, ұрпақ пен ұрпақтың тоғысуында тұрмыз. Сондықтан да аға ұрпақ пен бала ұрпақтың арасында келіспеушілік пен кереғарлық туып жатуы – заңды құбылыс. Келіспеушілік пен кереғарлық, көзқарастар қақтығысы әсіресе неден көрінеді? Құндылықтарға деген бағалаудан, ұстанымнан, талғамнан, мораль мен этикадан, адамгершілік пен гуманизмнен, әдебиет пен мәдениеттен. Тургенев «Әкелер мен балаларды» жазғанда әкесі мен баласының емес, екі ұрпақтың, екі ғасырдың, ескі мен жаңаның арасындағы осы келіспеушілікті – өмірдің болмай қоймас ұлы заңдылығын жазған.

Аға ұрпақ қаласын, қаламасын, оларға ұнасын, ұнамасын – жас ұрпақ жаңа дүние жасап жатыр. Өзіне ұнайтын, өз талғамына толатын, өзі құнды деп санайтын әлемін жасап жатыр. Әдебиетте де солай. Жаңа ғасыр өз авторын, өз оқырманын, өз кейіпкерін тудырып жатыр. Бетінен жарылқасын! Бірақ осының бәрі өткенді жоққа шығарумен, өткенді мәнсұқтаумен, күйе жағып, күл шашумен жүзеге асу керек пе? Сен керемет болуың үшін, алдымен өткен тарих пен өткен әдебиетті құртуың керек пе? Мына сөздерге қараңыз: («Қазақ әдебиетінен» алынды)

1. «Қашанда болсын әйтеу Абай көмекке келеді де тұрады» деп қынжылады.

Абайдан көп үзінді келтіргендерге, өз сөзін Абай даналығымен бекіткендерге, жалпы Абай аты жиі аталғанға жыны келген «жас пері». Тегінде ақын болса өз руын жырлаудан, батыр болса өз руын қорғаудан аса алмаса, ол ұлттық тұлға бола алмаса керек. Абайдың Абайлығы сонда – оның ақыл-ойы, кесек кемеңгерлік түйіндері, хакімдік толғаулары ұлт пен ұлыстан жоғары күллі адамзаттық деңгейде. Сократты білмей-ақ Сократ айтқан даналықты айтқан Абай емес пе ол. Абай – хакім. Қандай керемет ақының Хакім бола алмайды. Ал хакім ақын бола алады. Қандай керемет философ хакім бола алмайды, ал хакім философ бола алады. Абай, әне, сондай. Тымғұрыса Абайдың жағасына жармаспаңдаршы...

2. «Абайды Абай еткен Әуезов». Осы сөздің соңғы кезде жиі айтылатыны сондай – бала-шағаның аузындағы мәтелге айналыпты. Мысалы, осыдан біраз ғана бұрын (ұмытпасам, «Хабар») теле-арнада Қалдыбек Құрманәлімен сұхбат болды. Сонда жүргізуші қыз:

- «Абайды Абай еткен Әуезов» демекші, Шәмшіні... дей бергенде, (тегі Шәмшіні Шәмші еткен сіз дегісі келді-ау) сөз бетін аңдаған сұңғыла Қалдыбек аяғын айтқызбай:

- Жоқ, Шәмшіні насихаттаушы, танытушы жалғыз мен емеспін, - деп, өзінің мәдениеттілігі мен ізеттілігін көрсетті. Және эфирден орынсыз сөздің айтылуына мүмкіндік бермеді. Бірақ, елдің бәрі Қалдыбектей білікті болса, қанекей.

Ал, «Абайды Абай етуге» келсек, эпопеядағы кейіпкер Абайдың күллі іс-әрекеті мен мінез-құлқы оның өлеңдерінен алынып тұр емес пе, қала берді көзкөрген көнелер мен шәкірттерінің естелігінен. Эпопеяға дейін де Абай Абай ретінде танылып қойған. Оған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы бастаған зиялы қауым еңбегі куә.

Екіншіден, Абай ғұмыр кешкен заман, ол өскен орта – қазақтың қазақ ретіндегі қасиетінің қаймағы бұзылмаған, қадірі кетпеген, ақыны-ақын секілді, батыры-батыр секілді, шешені-шешен, көсемі-көсем, ұрысы-ұры, серісі-сері сияқты бір ғажап шағы еді. Әуезов өзі де бүкіл жан-тәнімен, табиғи болмысымен, сезім-түйсігімен, ділімен сол заманды құлай сүйген еді. Өзі де сол тектілігі мен тазалығы жоғалмаған дәуірдің асыл сынығы, бөлшегі еді. Сол кез, сол ғасыр, сол заман адамы Әуезовке барша қасиетімен де, қайшылығымен де жанына жақын, түсінікті, қимас, қымбат еді. Сол үшін де ол барша қаламгерлік қуатын, шабытын, білімі мен қабілетін, жанын, жүрегін, рухани болмысын осы туындыға сарқып берді. Сеніңіз, сенбеңіз – бір ұлылықты жаратқан Алла оның танытушысын да, егізін де өзі жаратады. Бірін-бірі тапсын, бірін-бірі ашсын, бірін-бірі көтерсін деп әкеледі. Мұхтар мен Абай да сондай. Кейбір құдіретті дарындардың ғұмырын алып жеген жалғыз ғана туындысы болады. Ол сол туындысының тұсында барынша шабыттанып, нұрланып, жан отын сарқып беріп, жарқырай жанады да, өзі де жанып кетеді. Сонан соң ешуақытта қайталанбайды. Бұл да бір тылсым, жұмбақ, құдайлық құбылыс. Әуезов пен Абай – осындай ажырамас егіз құбылыс. Болмаса Әуезов жазғанның бәрі Абай боп кетсе, басқа шығармасы неге осы дәрежеге жетпеді? (Мысалы, «Өскен өркен»). Әуезов 42 драма (8-і аударма) жазды. Соның «Еңлік-Кебек» пен «Қарагөзден», «Бәйбіше-тоқалдан» басқасынан біз өз Әуезовімізді тани аламыз ба? Неге? Себебі бұл заманды, бұл қоғамды, бұл кейіпкерлерді Әуезов жанымен, жүрегімен, табиғатымен қабылдай алмады. Қазақта бір көне ертегіде «Асыл жаны кетіп қалған екен, бұл жүрген тек сүлдесі екен» дегенді оқып едім. Маған да Әуезовтің асыл жаны Абай заманымен бірге кеткен секілді болады да тұрады. Сендер, жас қаламгерлер, «Абайды Абай еткен Әуезов пе әлде Әуезовті Әуезов еткен Абай ма» деп бастарыңды қатырмай, одан да Әуезов туралы «Абай жолындай» неге бір ұлы туынды жазбайсыңдар? «Ұлы туынды жазуға болар еді, ұлы кейіпкер жоқ» дейсіңдер тағы. Әуезов дара кейіпкер, ұлы тұлға болуға татымай ма?

3. «Қазір Кекілбаевті, Әуезовті ешкім оқымайды, мені оқиды» - деп жар салып жатыр бір жазушы бауырым. Неге? – деп сұрайықшы сол жазушыдан. Әлде сіздің қаламгерлік қабілетіңіз, жазушылық шеберлігіңіз олардан артып тұр ма? Өзіңізді қатар қойып салыстыруға басқа «тең» таппадыңыз ба? Үндемейсіз, ә? Онда себебін біз айтайық:

Біріншіден, қазіргі сіздің оқырманның өрісі, талғамы, қабілет-қарымы ондай сүбелі, құйқалы, кесек дүниелерді оқуға, сіңіруге, тұшынуға жетпейді. Сондықтан да жеңіл-желпі, жарқыл жарнамасы көп, ашық-шашығы, сыбыр-сылтыңы көп, бір сәттік қана әсер сыйлайтын дүниелерді оқиды. Ендеше олардың Әуезовті емес, сізді оқуы әбден мүмкін. Тіпті заңды да...

Екіншіден, қазір танымал болудың төте жолы – өзін-өзі жарнамалау. «Қолы ұзын» қаламгер өз кітабын (әлі өз елі оқымаған) не Түркиәда, не Ресейде бастырып әкеледі де, түрікпен түскен не «әй, мәләдес» деп арқасынан қаққан орыспен түскен суретін интернетке жібере салады. Әрине, жас оқырман «шетелге даңқы кеткен» жазушыны оқығысы келмей ме?

Сонда деймін-ау, төбе би болып төрелік айтатындай сол түріктер қазақ әдебиетінің көркемдік көкжиегін қаншалықты біледі екен? Егер әлем оқитын әдебиеттің сапасы үшін сәл қайғыратын түрік болса, «осы біз нені басып жатырмыз» деп сәл ойланар еді-ау... Оларға бәрібір ғой. «Ұялса өздері ұялсын» дейтін шығар. Болмаса мынандай өлеңді жазған автордың кітабын басар ма еді? «Ау, қазақтар-ау, басқа тәуірлеу дүниелерің жоқ па?» дер еді ғой. Қараңыз:

- Жақсылық жасалады шын пейілмен.

Кейбіреу оны жасар ішкі есебімен.

Жеткілікті болуға жақсы адам

Біреуге жамандық жасамасаң.

- Өтсе де уақыт, жетсе де бола талай жасқа.

Жалғасады байланыс сезімге негізделген.

Өмірде болар олар ерекше қарым-қатынаста

Тіршіліктегі тұрақты жүйемен ана-бала деген.

- Қаз да қаз, қараша да қаз.

Олардың айырмашылығы да аз.

Қарашаның бар артықшылығы –

Туа біткен сезімталдығы, - деп толғайды біздің «ақын». Түріктер оны басып шығарды. Бақсақ, түріктерге бәрібір. Диірменнің тасындай көмейіне не түссе де айналдыра берсе керек. Егер қаламгер өзіне сенімді болса, туындысы алдымен әдеби басылымдарда жарияланып, оқырман қауым оқып, азды-көпті бағасын берер еді. Сонан соң ғана өз елімізде кітап болып басылып шығып, зиялы қауым «Бәрекелді, мына дүниені шетелге ұялмай ұсынуға болады екен» дер еді.

Мағауиннің, Исабековтің, Оразалиннің, Нұрмағамбетовтің, Бексұлтан Нұржекенің, Дәутайұлының кітаптары аударылса, олар осындай заңды жолдан, сүзгілерден өткен дүниелер.

4. «20-ғасыр әдебиетін түгел қайта қарап, сүзгіден өткізіп, орындарын белгілеуіміз керек». ХХ ғасыр – қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Ондағы әрбір туынды замана сұранысынан туған. Қазақтың тарихын қазақтың әдебиеті жасап тұр. Әрбір туынды кетігін тауып қаланып тұр. Тіпті қайта реттеген күннің өзінде ол шығармалардың көркемдігіне ешкім мін таға алмайды. Ал көркем шығарманың басты өлшемі, кредосы-көркемдік.

Енді келіп «Ғабит - бірінші, Сәбит - екінші» деп сапқа тұрғызып, әруақты әурелеу қалды ма? Атамыздан қалған ескі шапанды да құрметтеп төрге ілеміз ғой. ХХ-ғасыр мұрасы солғұрлым болмай ма. Тиіспейік, құрметпен қарайық. Оларды қазіргі оқырман оқымаса, одан да трагедия жасамайық. Есесіне кезінде оларды оқымаған қазақ болған жоқ. Әр қаламгердің, әр туындының өз оқырманы болады. Егер әлденені реттеу тіпті қажет болып бара жатса, еліміз егемендік алғаннан бері де қаншама туындылар өмірге келді. Реттейік, талдайық, санайық, орын берейік. 25 жылдың ішінде қазақ «ақтабан-шұбырындыға» ұшырамаса да, талай психологиялық күйзелісті, өзгерісті бастан кешті. Жеткені қайсы, жоғалтқаны не? Жиырма бес жылдағы қазақтың басынан өткен өзгерісті түгел өз басынан өткеріп, көрсетіп бере алып тұрған кейіпкер-тип бар ма? Бейімбеттің кіп-кішкене әңгімесі «Қара шелекте» Айша – типтік кейіпкер. Себебі қазақ тарихындағы ең бір күрделі кезең – колхоздастыру кезеңіндегі күллі қазақ әйелінің ішкі жандүниесіндегі дүрбелеңін, қарсылығы мен қайшылығын, психологиялық күйзелісін, сергелдеңін, мінез-сипатын бір басына жинақтап тұр. Тура осылай 25 жылдағы өзгерістің қазақ әйелінің өміріне, тұрмысына, психологиясына әкелген өзгерісін бір басына сидырып тұрған егеменді елдің қазақ әйелінің бейнесі бар ма, жасалды ма? Бай дейміз, кәсіпкер дейміз. Солардың өзі оңай жолдан өтті ме? Жүз кәсіпкердің өткен жолын, кешкен тауқыметін бір кәсіпкердің бойына жиып қазақтың жаңа байының бейнесін жасаңыз-әне, тип деген сол. Тип жасау үшін міндетті түрде Абай, Шұға, Ақбілек жоқ деп жылаудың қажеті жоқ.

Ақ боранда адасқан жолаушы барып-барып бір кезде есін жиып, сара жолын табатын. Сол секілді кешегі күрт өзгерістер саясат пен экономикада ғана емес, рухани әлемде де сілкініс, дүрлігіс, тоқырау тудырды. Оқырманға да рухани дүниені ойлаудан гөрі, жанбағыс керек болды. Тіпті оқиын дегендерінің өзі кімді, нені оқу керек, нені көру керек, нені құрметтеп, нені қадірлеу керек – деп, есеңгіреп қалған жайы бар. Егер еліміз тыныш, жұртымыз аман, саясат пен экономика тұрақты болса, бірқалыпты тыныш, бейбіт, ауқатты елге айналар болсақ, нағыз классиканы оқитын, кино мен театрға, опера мен балетке баратын ұрпақ енді келеді өмірге. «Менің оқырманым ХХІ ғасырда» дегенді неге айтты Мұқаң (Мұқағали).

Қаламгер бауырлар, өткенге құрметпен қарай отырып, өз ғасырымыздың әдебиетін, кейіпкерін жасайық.

Әмина Құрманғалиқызы

Сыншы

Бөлісу:

Көп оқылғандар