Дүкен Мәсімханұлы: М.Әуезов және Лу-шүн: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық
Бөлісу:
ХХ ғасыр басында ту көтерген жаңа заман, жаңа қоғамдық үрдіс қазақ қауымының алдына да, қытай жұртының алдына да зілмауыр, өрелі, ащы сұрақтарын арқалай келді. Өз елінде, өз жерінде отырып өзгелердің табанында тапталу, отаршылдық езгі мен феодалдық қорлық-зорлықтың құлақ кесті құлына айналу…
Осындай теңсіз, әділетсіз өмір барысындағы бай мен кедей, отаршылдар мен бодан ел арасындағы мүдделер қақтығысы – итырғылжың дау-жанжал, қызыл шеке қақтығыс, алды-жұтты атыс-шабыс т.б.-да майдан өртімен пара-пар аумалы-төкпелі жағдайлар әбден сансыратқан жұрт қайткенде азаттықтың айдынына, теңдіктің төріне шығады? Қайткенде ылғи шетқақпай, көзтүртті болмай, адамзаттың өзге баласымен қатар адымдасып, қолдасып алға баса алады? Қандай күні жалпыадамзаттың ортасынан орын алып, ешкімге жаттығы, ешкімнен кем-қорлығы жоқ ел санатына ілігеді? Ол үшін тек өзгелерден көрген қорлық-зорлығын тілге тиек ете бермей, ылғи басқалардан көрген қинау-қысастықтарын көлденең тарта бермей, өз басынан да мін табар, өз бойынан да кемшілік іздер уақыт болған жоқ па? Әрі сол мін мен кемшілікті түзететін ақыл-айла, білім-білік, жөн-жоба, жол табар кез келген жоқ па? Осынау ұлт тағдырына, ел ертеңіне қатысты сұрақтар төңірегінде ойлы азамат ойланбай, сауатты жұрт сараптамай қалай қарап отыра алсын?! Осы кезеңдегі қазақ жұрты мен қытай елінің алдына тосқан осындай ұлығаусар әлеуметтік, саяси, рухани проблемалар қолына қалам ұстаған қазақ пен қытай ұлт жанашырларының басты қам-қарекетіне, шығармаларының негізгі тақырып, басты ұранына айналды. Қазақ еліндегі Алашұранды әдебиеттің ең алғашқы кезеңіндегі қазақ қаламгерлері болсын, жаңа әдебиет төңкерісінің ту ұстаушылары – қытай қаламгерлері болсын, бастапқы қадамдарының өзінде-ақ, өздерінің публицистикалық немесе прозалық шығармалары арқылы әлгіндей ащы да зілмауыр шындықты қаз-қалпында жеткізіп, бұның бәріне кім кінәлі?- деген сауалды туған халқының алдына көлденең тосты. Оны тек қазақ даласындағы немесе қытай қыстақтары мен қалаларындағы көп тобырдың көр надандығынан ғана көріп қоймай, есесіне өз елдеріндегі болашақтан күдер үзгізер былық-шылық пен көр соқырлықтың бұдан әрі шыдап болмас жексұрын сипатын да жеріне жеткізе әшкереледі. Жергілікті халықтың ондай сорақылықтарына, іріп-шіріп бара жатқанына бөгесін болудың орнына, демесін болып отырған патша саясатының да құйтырқы есебін жазбай таныды. Бұндай сорақылық қазақ елінде, елдің өз ішіндегі надандыққа патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты қосылып, қос қабатталып жатқан болса, Қытайда елдің өз бойындағы надандығына патшаның озбыр-зорлықшыл саясаты мен шетелдердің отаршылдығы қосылып, неше қабатталып кетті. Осының салдарынан қазақ елінде сахара тірлігінің тынысы тарылып, Қытайда қоржалардың тірлігі қожырады. Сөйтіп екі елде қарпайым халықтың тіршілігі ерекше тұралап, жұрт ала-бөтен мешеулікке душар болды. Енді бұдан қайткенде тез арылып, жылдам ес жиюға болады? Қазақ еліндегі алашшыл қалам иелері де, Қытай еліндегі жаңа әдебиет төңкерісінің ту ұстаушы – жазушылары да қоғам мойнындағы, жұрт көкейіндегі осы мәселелерге жауап іздей бастады. Сөйтіп олар өз елдеріндегі күллі трагедиялық ахуалдарды нағыз хирургтерге тән дәлдік ћәм батылдықпен жіліктеп-жіктеп, талдап-саралай келе, күллі адамзаттық проблемаларға – гуманизм, халықтардың тарихи тағдырластығы, олардың көкейкесті мұраттары, азаттық, теңдік, демократия, адами ізгіліктің тамырластығы, үндестігі дейтін мәселелерге барар жол тапты. Мұндай рухани көзқарақтылық бір түрлі әлеуметтік үрдістен кете алмай, екінші бір әлеуметтік үрдіске жете алмай, екі ұдай хал кешіп жатқан – Қазақ, Қытай секілді т.б.-да қауымдарға өте қажет еді. Алайда социал-демократия бола ма, жоқ әлде буржуазиялық демократия бола ма, тіпті пролетариат-диктатурасы бола ма, тек езілген таптар мен топтар үшін ғана емес, бодандықтағы халықтар үшін де теңдікке ие болар жағдай туғызады, аңсаған азаттыққа жеткізеді деп сенушілер мен дәметушілер аз емес еді. Алайда аңсап- күткен қолайлы жағдай туған күннің өзінде де қалаған, мәңгі мұратыңа айналған сәт өз-өзінен орнай қалмасы тағы белгілі. Ондай диалектикалық процестер ойдағыдай өрбу үшін қоғамдық дамудың обьективті алғышарттары да, субьективті алғышарттары да терең жарастықты жағдайда қатар өрістеп, қатар пісіп-жетілуі қажет еді. Ал тарихи дамудың барша өткелегінің бәрінен түгел өтпей, кейбіреуінен іштей бұлтарып, кейбіреуінен айналып өтіп кеткен қазақ қауымында немесе қытай жұртында болсын, жаңағы айтылған екі алғышарттың (обьективтік және субьективтік) арасындағы алшақтық, өзге елдермен салыстырғанда тым-тым үлкен еді. Ендеше ұлттық болмыстың ондай ой-шұқыры мен қыр-сырын жетік білмей, білгеннің өзіне мән бермей, басқа-көзге қарамай төпей беруден еш нәтиже шықпаған болар еді. Ондай болмысты барша қыр-сырымен түгел шолып, сыпыра талдап шығу – сол тұстағы Қазақ қоғамының да, Қытай қоғамының да сорпа бетіне шығар зиялы қауым өкілдерінің, әсіресе қалам иелерінің алдында тұрған қарыз да, парыз да болатын. Онсыз үлкен тарихи процестерге тосыннан жұмылдырылған халықтың өз бойындағы рухани тегеурінді, творчестволық мүмкіндіктерді дер кезінде дұрыс бағытқа салып жіберу мүмкін емес еді. Ал бұл адамзат ортақ қолға алып жатқан тарихи процестерге енді талпынып, өзінің жасампаздық қауқарын енді таныта бастаған жұрттар үшін ауадай дәру рухани қажеттілік болатын. Бұл рухани қажеттілікті Қытай елінде Сунь-Ятсен, Ху-Шы, Чын-Душию, Лияң-Чичау, Ян-Фу, Лу-Шүн, Лию-Баннуң, Ли-Даджау, Джоу-Зуорын, Шын-Янбин, Биң-Шин, Гуо-Моруо, Юй-Дафу, Тянь-Хан, Джу-Зычиң т.б.-да қоғам және мәдениет қайраткерлері бастаған, Қазақ еліндегі Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Шоқай, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Ғ.Қарашев, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Дөнентаевтарды өзек еткен зиялы қауым алғашқы болып терең сезініп, бірінші болып іске кірісті. Атап айтқанда дәуір талабы мен халық қамын жұбын ажыратпай бірге пайымдап, бөле-жармай бірге қарастыратын салихалы суреткерлер ғана алдына осындай келелі мақсат қоятынын дәлелдеді. Осылайша осы қам-қарекеттің жетегімен, соқтасы сорғалаған тағдырдың ат-түйедей қалауымен М.Әуезов те, Лу-Шүн де өздеріне жаратқанның сыйлаған дарыны мен өнерін ұлтты ояту мен ағартушылық мақсаттарға бағыттап, бойларындағы күш-қуатын сол мақсат жолына сарқа жұмсады. Әрине, бұл сапарларында – ұлтты ояту мен ағартушылық бағытында төккен терлері далаға кеткен жоқ. Оның дәлелі ретінде, ХХ ғасыр басындағы қалың қытай жұртының да, қазақ қауымының да дүрк оянуымен бірге, өздерінің де артында ұшан-теңіз мұра қалғанын атап айтқан болар едік. «Мұра» болғанда қандай? Еш уақытта сыры да, сыны да кетпейтін, көркемдігі де, мән-мағнасы да ешкімді қайталамай өз биігін жасап кеткен кілең бір сөз жаућарлары. Ал біз бұл арада оқырманмен олардың шығармаларындағы ұлтты ояту мен ағартушылыққа қызмет еткен ой-пікірлері төңірегінде азды-көпті ой бөлісеміз.
«Ұлтты ояту мен ағартушылық» – ХХ ғасыр басында Қазақ елінде де, Аспанасты елінде де өте екпінді әрі жемісті болғанын тарихтан білеміз, алайда екі елдің «ұлтты оятуы мен ағартушылығы» мерзім жағынан қарайлас, жалпы ұраны жағынан сипаттас болғанымен, екі халықтың тарихы мен тағдырының, ділі мен дінінің, экономикалық, демографиялық әлеуеттерінің ұқсамауына байланысты, Қазақ пен Қытай елдеріндегі ұлттық ояну мен ағартушылықта белгілі өзгешеліктер болмай қалған жоқ. Алайда Қазақ елінде болсын, Қытай елінде болсын, ағартушылық бағыттағы әдебиеттің негізгі бағдарында үлкен үндестік, керемет сарындастық бар болатын. Ол көбінде мына жақтардан айқын көрінетін: біріншіден, ақын-жазушы санаткерлер қоғамының алдыңғы қатарлы өкілдері ретінде өздерін ұлт тағдырына жауаптымыз деп есептеді, екіншіден, қалам қайраткерлері мен зиялылар ұлттың дәстүрлі мәдениетін жаңарту, жаңғыртуды қуаттай отырып, бар қимыл әрекетімен дәстүр-салттың табиғи түрде заманға лайықталып дамуын көздеді, үшіншіден, ағартушылықтың басты шарты болып табылатын оқу-ағарту мен діни сенім мәселесі бойынша, Қазақ пен Қытай елдері ағартушылығында батыстан тәлім алу талабы күшті болғанымен, Шығыстық яғни өз топырақтарының төлтума білімі мен сенімін сақтауды параллель жүргізу де қуатталды. Осылайша, «өздерін ұлт тағдырына жауаптымыз» деп есептеген қаламгерлер өздерінің қолындағы қалам қуаты мен бойындағы парасат күшінің жеткен жеріне дейін, туған халқын оятуды басты мақсұт еткен ағартушылықтың ұлы көшін бастап, жүріп берді.
Бұл ретте сырбаз-сырлы көркем әдебиетпен салыстырғанда көлемі шағын, тілі өткір, дәлел-дәйегі нақты, пікірі ашық, семсердей өткір, жебедей ұшлқыр жанр – публицистиканың (қазақта «көсемсөз», қытайда «zawen») белсендірек рөл атқарғанын аңғару қиын емес. Бұл жанрда М.Әуезовтің де, Лу-Шүннің де артында қомақты мұра қалған болса, оның бір себебі осыдан. Әрине, олардың әдеби мұрасының ішіндегі көсемсөз тек санының ғана молдығымен емес, есесіне, сол замандағы ұлтты ояту мен ағартушылыққа да белсенді, шешуші қызмет еткендігімен құнды.
Бұған толық та анық көз жеткізу үшін М.Әуезов пен Лу-Шүннің алғашқы кездердегі көсемсөздеріне аз-кем үңілуге тура келеді.
Бодандықтың зілмауыр қайғы-қасіреті мен әділетсіз қараңғы қоғамның қорлық-зорлығы салдарынан жүдеп-жадаған, арып-ашқан, кетеуі кеткен дала тірлігінің бейшара халі жас ойшыл, балғын азамат – Мұхтар Әуезовтің қиялын қиянға сүйреп, оның жүрегін қанжылатып, санасын сарсаңға салды. Бірақ ол сары уайымға тізгін беріп, ел-жұртының, туған даласының ертеңінен күдер үзген жоқ. Керісінше тас қараңғы түннен кейін қалай болғанда да жарқырап таң атқанына, дүлей қарлы дауылдан кейін де жарқырап күн ашылатынына имандай сенді. Сенгені сол – аңсаған ақ таң атқанда, күткен күн жарқырап ашылғанда, туған халқының ұйқыда жатуынан алаңдады. Сол үшін де ХХ ғасыр басындағы қазақ қаламгерлерінің біреуі ұйқыдағы халықты «Маса» боп шақса (А.Байтұрсынов), біреуі «Оян, қазақ!» (М.Дулатов) деп аттандады. Ал М.Әуезов болса, 20 жасқа келер-келместе-ақ, өзінің «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласында: «Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!»[1-48]- дейді алты Алашқа жар салып. Бұл оның баспасөз бетінде ең алғаш жарияланған публицистикалық еңбектерінің бірі. Мақалада көтерілген соқталы ойлар мен ащы әлеуметтік ақиқатқа қарап отырып, жиырмадағы бала жігіт Мұхтардың ой-өрісінің кеңдігін білімінің сонылылығы мен молдығын, азаматтық позициясының қалыптаса бастағандығын аңғару қиын емес. Мақала арқауы «әйел теңдігі» болғанымен, автор ол тақырыпты жай ғана әйел төңірегінде қалдырмайды. Оны ұлтты оятудың, ұлтқа есе-теңдік алудың басты тетігі, ер азаматтарды есті, саналы етудің төте соқпағы ретінде қарастырады: «Қай уақытта, қай халықта болсын, білім жолында жұрт қатарына жетерлік халық болу жолында ең керекті шарт – ақ жүректі екпінді ерлер. Халықты ілгерілететін дөңгелек солар. Оларсыз мақсатқа жақындау мүмкін емес,»[1-48] – дейді ол. Алайда қандай парасатты, дарынды ер азамат болғанымен, ол анасынан кісілікке керек, адамдыққа қажет тәрбие, үлгі-өнеге алмаса, «бұдан кейін бұл бала қандай оқысын, қандай үлгісі мол ортада жүрсін, әуелгі анадан алған өрнек ішкі сырының арқауы болады. Бұл арқауының маңызы қара тастай болып, бір кездегі көрген, естіген, білгеннің бәрін басып жатып алады»[1-48]. Енді жас ойшылдың тағы мына бір пікіріне назар аударып көрелік: «Адамдардың ғұмыр кешірмек кәсібінің терең түбіріне қарасақ хайуанша күндік қоректі таспен атып, ағашпен ұрып аң аулап жеп немесе жеміс теріп жеп, қарны тойса аңша бір жерге жата кетіп жүрген. Ерлер жағы басқаға қарамай жүргенде, балаларын баулып, асырап, үйлік ұйымның басын құраған – әйел[1-46]. Бұл абзацтан автордың адамзаттың арғы-бергі тарихынан, Дарвиннің «Эволюциялық теориясынан» жақсы хабардар екендігі аңғарылады. Бұдан әрі қарай жас Мұхтар әйел-ананың адамзат қоғамындағы, ұлт тірлігіндегі алар орнын бағамдап, күретамыр ойларын жүйелейді. Тек қарын қамының өзін итшілеп іздеп, тышқаншылап тырбанып зорға табатын мешеу тағылықтан «аспанға құс болып ұшқан, суда балық боп жүзген, от арба, кеме жүргізген» заманға жеткенге дейінгі сан ықылым дәуірлер бойында өшпей, құрып-жығылмай келе жатқан кеселдің аты – әділетсіздік. Сандаған боздақты қыршынынан қиып, қанын судай сапырған отаршыл империялар әділетті неге ойламайды? Бір туған аға-бауырдың аңдыстырып, алыстырып қоятын не пәле? Тастай қараңғы көр соқырлықтан, бодандық бұғауынан құтылып, жұрт қатарлы өмір сүруге жеткізетін жол бар ма? т.с.с. қабырғалы соқталы, көкейкесті, зілмауыр сауалдарға жауап іздеп, санасын сан санға, ойын он санға бөледі. Сөйтіп ол сауалдардың жауабын тапқандай болады. Яғни жас Мұхтардың ойынша, негізгі тетік, төте соқпақ, бар үміт ұлтты азаттыққа, елді теңдікке жеткізу. Ол үшін әйел-ананы шын мәніндегі теңдікке, азаттыққа жеткізу керек деп есептейді. Осы арада ерекше атап өтуге тұрарлық жағдай, М.Әуезовтің азаматтық ойшылдығы, ол – қазақ қоғамындағы әйел теңсіздігін, әсте, тек қана малға сатудан, махаббат бостандығының жоқтығынан іздемейді. Есесіне әйел-ананың отбасындағы ролі, бала тәрбиесіндегі қызметі туралы ашына толғанады. «Өмірде әділет, махаббат, мархабат деген нәрсенің атын естімеген ананың жүректегі уәжі мен отбасынан, ғайбат өсектен аспаған анадан ақ жүрек, адал ниетті, елге қамқор ұрпақ тууы мүмкін бе?» -[1-47] дейді. Жас таланттың жан дүниесін жарып шыққан бұндай кемел ой, батыл байлам – жаңа заманның тың да саналы буынының аузынан шыққан жан айқайындай, ереуілге шыққан ұрандай естілді.
Жұмысы да , ойы да от басы, ошақ қасы. Естірі, айтары көрші-қолаңның өсек аяңы. Осындай көркеуде, киізбас – сорлы ана өзінен туған перзенттің – алғашқы ұстазы. Ол жас балаға нендей тәрбие беріп, қандай ақыл айтуы мүмкін? Әрі кеткенде күндес абысындарының баласынан озуды, ағайыннан артығырақ мал жинауды айтар. Осылайша қызғаншақ, өзімшіл, алдамкөс, пайдакүнем, екібеткей, ез т.б. толып жатқан пасық, жағымсыз мінездердің ұрпақ бойына қаршадайынан сіңірілуі оның әуелгі тәрбиешісі, алғашқы ұстазы – анасының әлгідей үлгісіз, надандығынан деп есептейді жас Әуезов. Бұл идеясын ол «Япония» атты келесі бір мақаласында одан сайын ұштай, ұшқырлай түседі. Озық, оянған елдің әйелдеріне жасап отырған жаңа саясатынан үлгі алуды меңзейді. Оқып көрелік:
«Енді Япония әйелінің халіне келейік. Бұрынғы уақытта Японияның әйелі елеусіз күйде болып, ескі ата-бабаның салтымен әйелге өсіп-өну көзімен ғана қарайтын. Бүгінгі жаңалық ағымы ол салтты қалдырып, әйелді де мемлекеттің құрметті мүшесінің бірі деп біліп, қатарға кіргізіп барады. Әйелдер үшін төменгі дәрежелі мектептер өз алдына, жоғары дәрежелі мектептер салына бастады. Японияда әйелдер оқитын мектептердің тәртібі бұл Еуропа әйелдерінің мектептерінен артық бір түр тапты. Әйел оқығанда бір жағынан үй ішінің шаруасын үйрену керек, бір беткей оқумен кететін Еуропа әйелдері үй шаруасына ыңғайы аз, еркек секілді сөлекет болады, өмірден алыстап кетеді деп, бар әйелдер мектебінде шаруа жағын құнттап тәрбие қылады. Япониядағы бір мектептегі оқушылар бір-ақ жерде тұрады. Мысалы, бір мектепте бес жүздей кісі болса, жиырма-жиырмадан топқа бөлініп ћәр топты басқаруға бір үлкен қатын қойылады. Бұл қатынды бір топтың ішіндегі қыздар шешесіндей көріп, өз араларында апалы-сіңлі кісідей жақын жүреді. Онан соң күндегі тамақ дайындау, кір жуу, үй тазалау, және тиісті басқа шаруа, есеп-қисап – бәрі ол қыздардың мойнында болады. Қыздар ћәрі ғылым үйреніп білімі артады, ћәрі шаруа жүзінде, өмірге керекті тәжірибе алады. Бұл – Японияның басқа халықтың қатесін көріп, тапқан өзгеше түрі»[1-87]. Осы жолдар арқылы автор өзге елдегі әйелге жасалып жатқан құрмет пен шарт жағдайды айта отырып, осындай өнегелі істен үлгі алуға шақырады. Қысқасы «Адамдық негізі – әйел» деу арқылы, «әйелдің басындағы сасық тұманды айықтыру» керек деу арқылы – прогресшілдік пен ағартушылық мінбесінен сөз ала отырып, ұлттың оянуына өзінше жол нұсқайды.
Тура осы тақырыпты қарайлас кезеңде Лу-Шүн де өз шығармасына арқау етіп, қытай әйелдерінің бейшара халін, сорлы жағдайын ашына әшкереледі.
Қытайдың сан ғасырларға созылып жатқан феодалдық қоғамының барысында әйел затын мүлде адам орнына санамайтын. Яғни әйелді тек өсіп-өну үшін қажетті, денсаулық үшін керекті құрал ретінде ғана қарап келді. Бұл жәй әншейінгі қоғамдық көзқарас қана емес, «Төсек өнері немесе әйелді басқару өнері» атты өзіндік «теориясы» бар дүниетаным ретінде жауласқан бектіктер дәуірінде (б.ж.с.б.475 – б.ж.с.б.221 ж.ж.) өмірге келіп, Хань-Уей бектіктері тұсында (б.ж.с.б.206- б.з.265ж.ж.) мықтап өркен жайып, патша ордасынан шет аймақтағы қоржаға дейін кеңінен жалпыласты. Бұл «өнердің» өзекті мақсаты – «төсек қатынасы арқылы денсаулықты жақсарту», «көп әйел алу арқылы ғұмырды ұзарту» болатын. Аталған ұғым санасына терең орнаған қытайлықтар әйел затын тек сол мақсатқа жетуге қажетті құрал ретінде ғана қарады. Осыдан туындаған тағы бір даосизмдік таным «Нәпсіге еріп періге айналу» еді. Бұл таным да негізінен «нәпсіге ерік берген еркек періге айналады, өлмейді» деген пәтуаны тұғыр етті. Бұған қарсы Лу-Шүн «Қытайдың қызық қиялы» деген мақала жазып, туған халқының дәстүріндегі ақылға сыймайтын «қызық қиялды» уытты ажуамен, аяусыз әшкереледі. Яғни даoсизмнің осы бір «қисынсыз» теорияның шығу тегіне шолу жасай келіп: «Ежелден бүгінгі күнге дейін бір еркектің көп қатын алатынын жұрттың бәрі біледі. Ал кейбір еркектер нәпсіқұмарлықтан өліп те кетті. Алайда бұрынғылардан қалған «әйелді билеу» арқылы періге айналу» дейтін қисынсыз қиял біздің санамыздан әлі өшпей келеді. Ондағы бар жүгінетін дәлеліміз Пың-Зудың көп қатын алып, бәленбай ғасыр өмір сүргендігі туралы аңыз. Бұл өз кезінде темір қорыту өнерінің тарағанындай-ақ жалпыласқан болатын, тіпті баяғы заманда бірнеше кітап та жазылыпты. Алайда шынтуайтына келгенде мүмкін емес нәрсе еді, қазір негізінен оған жұрт сенбейтін болды. Оған сеніп бақытсыздыққа ұшырап жүргендер тек «нәпсіқұмар батырлар» ғана» [2-189] – деп жазды. Бұдан басқа ол қытайдың дәстүрлі салтындағы күйеуі өлген әйелдің «қара жамылу» салтына байланысты да «Әйел азаттығы туралы», «әйелдер туралы», «қара жамылу туралы көзқарасым», «Жесіризм» қатарлы мақалалар жазып, қытайдың феодалдық салт-санасының әйелдерге көрсетіп отырған теңсіздігі мен қорлық-зорлығын барынша батыл әшкерелеп, «Біз осы саясаттың құрбаны болғандарды еске ала отырып, былай деп ұрандайық: Өзіміз де, өзгелер де таза ақылмен өрге ұмтылайық. Қоғамның жалған бет-пердесін сыпырып тастайық. Бұл дүниедегі өзіңді де, өзгені де сорлатып отырған соқыр сенім мен тағылықты аластатайық! Сондай-ақ біз тағы да адам баласы өзінің қалыпты бақытына кенелетін болсын! деп ұрандайық» – деді. Осылайша Лу-Шүн халықты оятудың басты бір жолы – оны ескі, дәстүрлі мәдениеттің танымдық шырмауынан босатып алу деп ұғынды. Бұл ретте ол да ең әуелгі кезекте әйелді азат етуді басты әрі алғашқы міндет ретінде қарастырды. Біздің бұл ойымызды белгілі Лу-Шүнтанушы қытай ғалымы, профессор Ли-Шиньюйдің: «4-мамыр жаңа әдебиет қозғалысы кезінде Лу-Шүн негізінен халықтың ескі, дәстүрлі мәдениетін бар күшімен сынаумен болды. Ондағы мақсаты адамның азаттығына қол жеткізу болатын» [3-67] – деген пікірі де одан сайын растай түспек. Осындағы «халықтың ескі, дәстүрлі мәдениетінің» ішіндегі алғашқы болып Лу-Шүн көзіне оғаш көрінгені де, жанын жегідей жегені де қытай әйелдерінің көріп отырған қорлық-зорлығы мен теңсіздігі болды. М.Әуезов пен Лу-Шүн екеуінің бұл тақырыпта мақалаларының сарындастығы мен үндестігі тіпті кейде бір-бірінің көшірмесіндей немесе аудармасындай әсер қалдырады. Түптеп келгенде бұдан елім деп еңіреп өткен, екі алып тұлғаның рухани үндестігінің, парасат, дүниетаным деңгейінің қарайластығын аңғаруға болады.
Тіпті одан өзге де публицистикалық, әдеби немесе аударма еңбектерін алайық, М.Әуезовтің де, Лу-Шүннің де ХХ ғасыр басындағы ұлтты ояту мен ағартушылық бағыттағы жанкешті еңбектері мен биік парасаттарын аңғарамыз.
«Жанкешті» дейтін себебіміз – бір халықтың мыңдаған тіпті миллиондаған жылдар бойы қолданып келе жатқан, қанына сіңіп, аснасына орнығып кеткен ұлттық дәстүріне қарсы шығу, оны баспасөз бетінде терістеу бейнелеп айтқанда жүрек жұтқандық еді. Себебі қарапайым халықтың ескі дәстүр шырмауымен топас, тобыр болып жүре бергені патшалық билікке, оның жергілікті өкілдеріне, тіпті бай-шонжарларға да қатты ұнайтын. Сондықтан олар үшін халықты оятпақ болғандардың әрқандай қам-қарекеті оларға көр қазғанмен пара-пар қылмыс болып есептелетін. Ол аз десеңіз, патша жандайшаптарына азды-көпті оқығандардың ішіндегі, діндарлар арасындағы әсіре дәстүршілдер қосылатын. Осылайша ұлттық дәстүрдің тозығын, ескі танымның мешеулерін тастау туралы, жаңа заманға лайық білім алып, оянып, ел қатарына қосылу туралы ой айтқандарды билік те, кейбір қараңғы тобыр да ұната бермейтін. Жәй «ұнатпай» қойса, бір сәрі, қылмыстық жазаға тартатын, абақтыға жауып, сан түрлі хайуандық қинау көрсететін. М.Әуезов те, Лу-Шүн де ондай жазадан, қудалаудан аман қалған жоқ. Алайда олар алған беттерінен еш қайтпастан, сан түрлі формамен, алуан-алуан тәсілмен өздерінің алға қойған мақсаттары – ұлтты ояту мен ағартушылық бағыттағы қарекеттерін жалғастыра берді.
Бағамдап, өзара салғастырып қарайтын болсақ, әсіресе М.Әуезов пен Лу-Шүннің ХХ ғасырдың 20-30- жылдардағы публицистикалық, прозалық және сахналық шығармаларына тұтастай шолып, салыстыра қарайтын болсақ, олардың сол тұстағы тіршіліктің қай саласына да батыл араласып, қай проблемасына да батыл пікір айтқанын байқаймыз. Өз буындарындағы санаулы ғана озық ойлы оқыған азаматтарды айтпағанда, тұтас елі шырт ұйқыда жатқан М.Әуезов пен Лу-Шүнге жаңа дәуір мен тың қоғамдық үрдіс алға тартып отырған әлеуметтік проблемалардың дұрыс шешімін бірден табу, әрине, оңайға түскен жоқ, бірақ ылғи рухани ізденіс үстінде, елім деп еңіреп, халқым деп қалжырап күн кешкен өрелі таланттар үшін замана талабы мен халық қамының арасында лайықты сәйкестік, тиісті жарастық болу керек екендігін дәл аңғарды. Сөйтіп өз туған халықтарының бойынан жаңа заман жүктеп отырған аса зор әрі төтенше көкейкесті міндетті ойдағыдай жүзеге асырып шыға аларлықтай рухани жігер, күрескерлік қуат іздеді. Өздері болса да сол өрелі мақсатты орындап шығу үшін қолайлы, нақты жол іздеді. Бір кездерде қазақ елінде болсын, қытай топырағында болсын, өз төңірегінің келеңсіздігі, патшалық биліктің сойылсоғарлары алдын қанша кес-кестеп, кеудесінен қанша итергенмен, өз дәуірінің озат ойы мен ізгі мақсаттарына батыл құлаш сермей білген, ол жолдағы барлық кедергілер мен тосқауылдардың баршасынан аттап өтуге батылы да, парасаты да жеткен тастүйін азаматтар қадау-қадау болған болса, енді сондай ерлікті бүкіл бір ұлт, бүкіл бір қауым тұтастай, жаппай қайталауы керек болды. Сөйткенде ғана мешеуліктен, бодандықтан тез құтылып, өркениетті азат елдің қатарына тез қосылатын еді. Қазіргі адамзаттың рухани ћәм материялдық сұранысы мен ұмтылысының басты стимулына, нысанасына айналып отырған бейбітшілік пен демократияға жету үшін, әрине, ең бірінші кезекте сол халықтың өзі, елі соған лайық, дайын болуы керек екенін М.Әуезов те, Лу-Шүн де жақсы сезінді. Сезініп қана қойған жоқ, жатпай-тұрмай әрекеттенді, ізденді. Сол әрекеттері мен ізденісінің басты мазмұны, негізгі формасы – қалам арқылы ағартушылыққа жету, әрі күрес жүргізу болып екі үлкен арнаға ойысты. Қалам деп отырғанымыз – олардың шығармашылығы болса, ағартушылық деп отырғанымыз халықты ояту, сана-сезіміне жарық түсіру, рухани серпілту. Ал күрес жүргізу деп отырғанымыз – олардың қаламгерлік-ағартушылық бағыт ұстану жолы әсте даңғырап жатқан, еш кедергісіз, еш қиындықсыз соқпақ болған жоқ. Яғни діттеген жеріне, ойға алған мақсаттарына күресе жүріп жетулеріне тура келеді.
Осы тұрғыдан келгенде М.Әуезов пен Лу-Шүннің қаламгерлік қуатының деңгейі тіптен ашыла түседі. Яғни олар өз оқырмандарына нені қалай айтуды, қашан айтуды өте жақсы білген. Сондықтан да олардың жазғаны – мейлі публицистикасы, мейлі прозасы, мейлі драматургиясы, қала берді көркем аудармасы да өз дәуірінің рухани сілкінісі мен рухани сұранысы үшін белсенді қызмет атқарды. Ал осы белсенді қызмет өз кезегінде олардың өмірлік мақсаттары, қажетті мұраттары – ұлтты оятуды көздеген ағартушылық қарекеттеріне желкен бітіргені белгілі.
Сөздің құнын, сөз өнерінің қасиетін жеріне жете түсініп, оның (сөз өнері) функциясын сарқа, тауыса пайдаланған М.Әуезов пен Лу-Шүннің әдебиеттің дерлік бар жанрында, ол аз десеңіз әдеби зерттеумен де кеңінен айналысқаны белгілі. Бұл ретте олардың алдына қойған мақсаттары үшін қай жағынан да қолайлысы публицистика болғаны жасырын емес. Сол үшін де олар өздері өмір сүріп отырған қоғамның барлық кемшіліктері мен қитұрқылығына қатысты ойларын, пікір-пайымдарын осы көсемсөзбен (zawen) жеткізді.
Атап айтқанда М.Әуезов сол кездегі әр түрлі мерзімдік басылымдарда «Қазақтың өзгеше мінездері», «Адамдық негізі – әйел», «Оқудағы құрбыларыма», «Мәдениетке қай кәсіп жуық», «Философия жайынан», «Қазақ әйелі», «Қазіргі қазақ күйі», «Қазақ жастарының міндеттері», «Оқуға ұмтылатын уақыт», «Мәдениет ћәм ұлт» «Қазақ оқығандарына ашық хат» т.б.-да толып жатқан көсемсөздік еңбектерін жариялап, сол тұстағы ел өміріндегі, қоғамдағы аса ділгір, көкейкесті ћәм ауқымды мәселелер төңірегінде өз пікірін дер уағында жариялап отырған болса, Лу-Шүн де өз кезеңінің ең бір күйіп тұрған мәселелері мен науқанды тұсында, сондай-ақ ұлтты оятуға қатысты ағартушылық мәні зор құбылыстардың бәріне үн қосып отырды. Қане, енді Лу-Шүннің көсемсөздерінің тақырыптарына көз жүгіртіп көрелік: «Біз қазір қандай әке болуымыз керек», «Әйел азаттығы туралы», «Қара жамылуға көзқарасым», «Кенет еске түскендер», «Жарық түбіндегі жазбалар», «Мен әлі де тоқтамақ емеспін», «¦мыту үшін еске алу», «Лию-Хыджын бикешті еске алу», «қытайдың екі-үш қылығы», «Адуын сөздің бүкпесі», «Жем түсіру», «Мансапқа жету әдісі туралы» т.б. лар. Қарап отырсақ, бірі орта Азиядағы қыр қазағының отбасында, көшпенді халықтың ортасында дүниеге келген де, тағы біреуі Азияның шығысындағы Қытайдың бір түкпіріндегі қыстағында, отырықшы, күйреген ақсүйек отбасында дүниеге келген. Сонысына қарамастан екі суреткердің ұлттың дәстүрлі мәдениеті туралы, өркениет туралы көзқарастары, ұлтты оятудың жолдары, ағартушылық бағыт туралы ойлары сарындас. Құдды бір елде, бір мезгілде дүниеге келгендей әсер етеді. Әрине, М.Әуезов те, Лу-Шүн де ұлтты оятуды мақсұт тұтқан ағартушылық қарекеттері тек көсемсөз көлемінде ғана қалдырып қойған жоқ. Есесіне бұл идеялық, рухани «күреске» өздерінің көркем туындылары арқылы белсене қатысып, көркем образдар арқылы өздерінің керекті ойларын білдіріп отырды.
Бұл ретте М.Әуезовтың тырнақ алды пьесасы «Еңлік-Кебек» туралы айтатын болсақ, оның мазмұнына М.Әуезовтың туған өлкесінде ХҮІІІ ғасырдың соңына таман өмірде болған қайғылы оқиға арқау болған. Ер жүрек, сері жігіт Кебек пен ару қыз Еңліктің бірін-бірі жүрек қалауымен ұнатып, сүйіп қосылғаны – бұрыннан бір-біріне қырғи қабақ екі рудың жуандары мен шонжар төрелерінің ашу-ызасына тамыздық болып, екі жақтың қызыл қырғын төбелесіне, айтыс-тартысына ұласады. Бір-біріне жеңістік бермей, ақыр соңында жан түршігерлік, масқара мәмілеге келеді де, қараңғы елдің жабайы заңын аттап өткен екі жасты тірідей ту биенің құйрығына байлап, сүйретіп өлтіреді. Еңлік пен Кебектің сәбилері иен таудың жалама шатқалында жападан-жалғыз шырылдап қала береді. Осы бір көнеден келе жатқан, тіпті аңызға айналып кеткен оқиғаны М.Әуезов халықтың қараңғылығын, даланың мешеу салт-дәстүрін әшкерелеу мақсатында «Еңлік-Кебек» трагедиясн жазып шыққан. Осылайша «Еңлік-Кебектің» мазмұны ескі аңыз болғанымен, М.Әуезов қаламы арқылы ұйқыдағы қазақ даласының ең алғашқы ұйқыашары болды. Пьесадағы өз кейпін, рухани бет-бейнесін көрген халық тұңғыш рет бетімен жер басты. Дүркіреп оянбаса да, ептеп ұйқысы бұзылды. Бұдан кейін жазушы «бәйбіше-тоқал» драмасын жазды. Бұл да ескілікті қазақ өмірін арқау еткен туынды. Тақырыпты көркем игерудегі жазушының сәтті табысы – пьесаның затын атына сәйкестендірем деп, тартысты күндес қатындар арасындағы күйкі әрекеттерге құрмай, ескі ауылдағы әйел теңсіздігінен, қалың мал қырсығынан туындаған әлеуметтік сипаттағы қайғылы халге құрғандығы. Сөйтіп, шығарма күндес екі әйелдің арасындағы ырың-жырың ғана емес, есесіне олардан туған балалардың арасындағы (Төлжан, Демеужан, Қуатжан) бақастық, бақталастық, іштарлық негізгі уақиға желісі болып шыққан. Әрине, бұл бір отбасында болып жатқан кикілжіңді өз есептеріне пайдаланған ауыл атқа мінерлерінің (Әбділда, Бейсенбі) аярлығы, алаяқтығы, бұлардың көкайыл тоқалға (Қайша) дем беріп, оның қолтығына су бүркіп, туған туыстар арасын алатайдай бүлдіруі, сөйтіп ақыр-аяғында бірін-бірі атып өлтірумен тынған жікшілдік, зұлымдық, бір ауыз сөзбен айтқанда надандық зардабы психологиялық дәлелдермен нанымды суреттелген. Осы арқылы жазушы күні өтіп бара жатқан ескілікті қазақ ауылындағы бірер адам басындағы қиын халді ғана емес, қазақ қоғамындағы қараңғылықты әшкерелейді, сол қараңғы, тағылыққа лағнет айтады.
Бұдан өзге жазушының «Қорғансыздың күні» атты әңгімесінде де қазақ аулындағы кедейлер өмірінің бір көрінісін терең-тамырынан қопарып әкеліп, бейшара қорғансыз жандардың тұрмыс-тіршілігіндегі жан түршігерлік азап пен ауыртпалықты аса шыншылдықпен әсерлі бейнелейді. Бұнда да автор қарапайым халықты, әсіресе қорғансыз жандарды отаршылдар бір қорласа, ел жуандары ебін тауып екі қорлайтынын, олардың көз жас, мұрын боғын көретін, сөзін, зарын тыңдайтын заң, үкімет, әділет дегеннің жоқ екендігін паш етеді. Осылайша бала қыз Ғазизаның өлімі арқылы сол тұстың тағылығына көзіңді жеткізе отырып, ел атқа мінерлерінің (Ақан болыс) халық қамын ойлауы былай тұрсын, есесіне хайуандай жыртқыш, жаудай қатыгез, топастығы қаныңды қайнатады.
Жалпы М.Әуезов өзі өмір сүрген кезеңнің ерекше сипатын дәл де анық аңғарғаны соншалық, тура осы кезде оянып, ел қатарына қосылуды туған халқына жатып та, тұрып та, жылап та, жырлап та айтты. Осы тұрғыда ол сол тұстағы қазақ аулындағы әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, озбырлық туралы, адамдар арасындағы надандық кесірінен туындап жататын қым-қиғаш қайшылық, қараңғы, тағы қоғамдағы әйел жағдайы, әйел-ана басындағы ауыр хал, олардағы бостандық, махаббат еркіндігінің жоқтығы, отаршылдардың зорлық-зомбылығы хақында жазушы сол жиырмасыншы жылдардың жемістері «Қорғансыздың күнінен» «Қараш-қараш оқиғасына» дейінгі екі аралықта, толып жатқан әңгімелер жазып, қазақ қоғамындағы, қараңғы қыр өміріндегі «шырт ұйқыны» бұзуды мақсұттады. Атап айтқанда «Оқыған азамат», «Қыр әңгімелері», «‡йлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Барымта», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Жуандық» т.б. әңгімелерінде өз елінде өгейлік көріп, өктем күштердің, әділетсіз заманның құрбаны болған қорғансыздар тағдыры аса шебер суреттеледі.
Қорыта айтқанда, М.Әуезовтің қай шығармасын алсаңыз да, отаршылдық езгі мен қараңғылық қыспағында отырған халықтың аянышты тағдыры мен күні өткен ұлттық салт-дәстүр тілге тиек етіледі. Сол арқылы туған халқын «ескілік көлеңкесінде» қалмай, оянуға, өркениетке ұмтылуға, азаттыққа шақырады: тозығы жеткен кертартпа әмеңгерлік салтқа лағнет айтып, өзін зорлап қоспақ болған кәрі шалдан қашып жүріп ақ түтек боранға тап болған Рабиға («Қыр суреттері»), сүйген жігіті Исламға қосыла алмай, Жақып болысқа әйел үстіне баруға көнбегені үшін соққыға жығылып, дертке ұшырап, құсадан өлген Ғазиза («Кім кінәлі»), өзі сүймеген кісіге тұрмысқа шығуға үлкендердің қинауымен амалсыз көніп, соның күйігінен көзі жасқа, көкірегі шерге толған Жәмилә («Сөніп-жану»), дүниеқоңыз, безбүйрек ағайынсымағы Иса мен оның ұрысқақ «долы қатыны Қадишаның» өгейлік тепкісіне төзе алмай жанжалдасып шығып, қараңғы түн ішінде ата-анасының зиратын іздеп келе жатып үрейі ұшып, жүрегі шығып өлген он жасар Қасым («Жетім»), жоғары да сөз болған Ғазиза («Қорғансыыздың күні»)… Осылардың бәрі де өзара тағдырлас – бәрі де отаршылдық кесірінен кетеуі кетіп, зұлымдық пенн жауыздық жайлаған қараңғы қазақ даласындағы «қорғансыз» жұрттың жетім-жесірлері – «қыр суреттері». Тақырыптары сарындас, сюжеттері желілес осы әңгімелердегі жағымды кейіпкерлерді бірыңғай бір жерге топтастырсақ, бәрі де қосылып «ескілік көлеңкесіндегі» «қорғансыздардың» аянышты да ауыр халін әр қырынан әсерлі танытып қана қоймайды, сол ескілік көлеңкесіндегі еңбек адамдарын еркінен айырып, қараңғы қапас түнекте ұстап отырған отаршылдықтың барып тұрған абақты екенін, одан құтылудың жолы біреу-ақ – ол тек қана азаттық үшін күрес екенін меңзейді.
Әрине, әдеби шығармалар арқылы, ондағы ұлттық бояуы қанық, замана иісі бұрқырап тұрған образдар арқылы ұлттық ағартушылықты тереңдету жағында қытай халқының ұлы суреткері, жазушысы Лу-Шүн де бір кісідей творчестволық күш-қуат жұмсаған қаламгер. Бұл тұрғыдан келгендете, Лу-Шүн де М.Әуезов секілді екі түрлі принцип ұстанды. Оның бірі – отаршылдықты, патшалық қанауды, қорлық-зорлықты әшкерелеу; тағы бірі – ұлттың өз бойындағы мешеу, қараңғылықты әшкерелеу. Осы «екі әшкерелеуді» басты мақсат еткен жазушы, барлық шығармаларындағы идеялық мазмұнды да, ұлттық қаны сорғалап тұрған образдарды да реалистік тұрғыда өте шебер суреттеп берді.
А.Толстой: «Орыс халқының ұлылығын түсіну үшін өткен өмірін – тарихының түбірлі кезеңдерін, орыс мінезі қалыптасқан трагикалық ћәм творчестволық дәуірлерді терең біліп алу керек» – депті[4-76]. Қолына қалам ұстаған адам үшін бұл табылған сөз, аксиома! Тек «орыс» деген сөздің орнына әр қаламгер өзінің туған халқын қойса жетіп жатыр. Осы реттен келгенде Лу-Шүн өзінің күллі әдеби шығармалары арқылы бүкіл дүниежүзіне, қала берді өз отандастарына, керек десеңіз тіпті – қытайлардың өзіне «қытай» (hanzu) дегеннің кім екенін танытты. Нақтырақ айтқанда, яғни А.Толстой сөзімен бейнелесек, Лу-Шүн қытай халқының ұлттық болмысын, оның өткен өмірін, өзі өмір сүрген кезеңдегі хал-ақуалын, тарихын, тарихының түбірлі кезеңдерін, қытай мінезі қалыптасқан трагикалық ћәм творчестволық дәуірлерді ғажайып көркемдік күшпен жарқыратып ашып, жан-жақты айқындап, терең түсіндіріп берді. Сондықтан да бүгінде Лев Толстойды оқымай орысты, Бальзакты оқымай французды, М.Әуезовті оқымай қазақты білдім деу қандай қиын болса, Лу-Шүнді оқымай қытайды білдім деу де сондай қиын.
Олай деуге негіз жеткілікті. Оның жоғары да азды-көпті қарастырылған публицистикалық шығармаларын айтпағанның өзінде, тек «Айғай» мен «Сергелдең» атты прозалық кітаптарына енген әңгіме-повестерінің өзі-ақ ХХ ғасыр басындағы қытай өмірінің көркем шежіресі деуге әбден лайық дүниелер. Оның бұл шығармаларында Синьхай төңкерісі, «4-мамыр» қозғалысы, Юань-Шикайдың төңкеріске опасыздық жасап, билікті қолына алуы, көп кешікпей өзін патша деп жариялауы, қытай зиялыларының рухани бет-бейнесі, қытай дихандарының қал-ахуалы, қытай әйелдерінің жағдайы, қараңғы қытай қоғамының «адам жейтін» қорқаулығы т.б толып жатқан оқиғалар мен құбылыстар көркем тіл кестесі, айшықты да қайталанбас образдар арқылы бейнеленген.
«Синьхай төңкерісін», «4-мамыр» қозғалысын бейнеледі дегенде, Лу-Шүн бұл оқиғалардың өз басынан арнайы шығарма жазған емес. Алайда ол сол төңкерістер мен қозғалыстар кезіндегі қытай зиялылары мен қытай диқандарының көңіл-күйін, іс-әрекетін жазу арқылы – зиялылардың шарасыздығы мен екібеткейлігін, диқандардың қараңғылығын бейнеледі. Осы тұрғыдан келгенде Лу-Шүн де М.Әуезовке қатысты айтқанымыздай, мәселеге екі түрлі позицция ұстады. Яғни, біріншіден, Манжур патшалығының феодалдық езіп-қанауын, зорлық-зомбылығын әшкерелеу, екіншіден, қытай халқының өз бойындағы қараңғылықты, берекесіздікті әшкерелеу. Сол арқылы ол қытай халқын ояту бағытындағы ағартушылық мақсатына желкен бітіруді ойлады. Әрине, жазушының бұл қадамы өте жемісті болды деуге әбден болады. Оған толығырақ көз жеткізу үшін жазушының ішінара әңгімелеріндегі ұлтты ояту мақсатындағы қадамдарына назар аударып көрейік.
Лу-Шүн өзін де, қытай халқын да әлемге танытқан өкілдік шығармасы, қытай көркем әдебиетінің классикалық үлгісі, қытай көркем прозасының шедеврі – «А-Кюдің толық өмірбаяны» атты хикаяты. Бұл шығарманы да кей зерттеушілер әңгіме, кей зерттеушілер повес деп жүр. Біз «повесть» дегендермен келісеміз. Себебі шығарманың көлемі ғана емес, көркемдік ой ауқымы, сюжеттік композициясы, қамтыған мерзімі, образдары жағынан қарағанда да хикаяттық ерекшеліктері басым.
«А-Кюдің толық өмірбаянында» автор – Синьхай төңкерісі тұсындағы сауатсыз, мешеу, қаңғыбас, жалдамалы қытай дихандарының образы арқылы сол тұстағы қытай дихандарының рухани бет-бейнесін – көрсоқыр надандығын, берекесіздігін асқан шеберлікпен бейнеледі. Шығарманың бас кейіпкері А-Кю сол тұстағы қытай диқандарының типтік образы. Тарихи-мерзімдік фон ретінде Синьхай төңкерісін таңдап алған жазушы, төңкеріс жеңіске жеткенімен, оның жеңісін қолдарынан шығарып алғанын қытай дихандарының а-кюлік сана-сезімінен көреді. Себебі қытайдың кедей диханы – А-Кю не баспанасы, не алақандай жері, не әйелі, бала-шағасы, не ата-анасы, не көк тиындық жеке мүлкі жоқ, жүрген бір қаңғыбас, жалшы. Әрине, ол бұл күніне разы емес. Төңкеріс жасағысы – өзінің жағдайын жақсартқысы келеді. Алайда ол кері айналып келеді де сол жүйені, сол дәстүрді жан сала қорғайды. «Төңкеріс» арқылы жаңа қоғамның, өзге өмірдің орнауын қаламайды. Сондықтан жазушы қытай дихандарының сана-сезімі а-кюлік деңгейде тұрғанда мың жерден көтеріліске шыққанмен, одан түк өнбейді деген ойды меңзейді. Сондықтан А-Кюге жаның да ашиды, жының да келеді. Күлкің де келеді, жылағың да келеді. Өстіп «не ол емес, не бұл емес» болып жүрген А-Кю ақыр-аяғында «төңкеріс дұспандарының» қолынан мерт болады.
Лу-Шүн міне осылайша А-Кюдің «төңкерісшілдігін», трагедиялық тағдырын суреттеу арқылы қытай дихандарының төңкеріске әлі де дайын емес еместігін, оларды әлі де оятуды ортаға қояды. Сондай-ақ ол қытай буржуазиясының қытайдың ұлт-азаттық төңкерісіне басшылық етуге ешқандай салауаты жоқ екендігін, зиялылардың патриоттық сезімінің қалыптаса қоймағандығын, ең бастысы қытай дихандарының субьектив шарт-жағдайының әлі пысып-жетілмегендігін көркем ой кестесі арқылы бейнелеп берді. Лу-Шүндегі ескі дәстүрге деген өшпенділіктен, Оның «кісі жегіш» жексұрындығын әшкерелеуден туған тағы бір шығармасы – «Тілеу» Мұнда автор «Шияң-Лин жеңгей» деп аталатын қытай әйелінің өміріндегі ауыр қасіреттері мен оның трагедиялық жағдайда дүниеден өтуін суреттеу арқылы, қытайдың ескі салт-дәстүрінің сұм-сұрқиялылығын, қытай әйелдерінің надан-қараңғылығын ашына суреттейді. Шияң-Лин жеңгей бір кедей диханның әйелі. Күйеуі өліп жесір қалады. Барған жері оны тағы біреуге әйелдікке сатып жібереді. Ол күйеуі де науқасқа шалдығып өледі. Бұл тағы жесір қалады. Сөйтіп жүргенде жалғыз ұлын қасқыр жеп қояды. Осылайша екі күйеуінен, баласынан айырылған бейбақты жұрт аяудың орнына, оны «жалмауыз», «ниеті жаман», «аяғы жаман» деп қастарына жолатпайды. Тіпті, кәдімгі малайлыққа да алмай қояды. Сонымен ол бойындағы «қырсықтан арылтуын» сұрап, бұтханаға барып, бар жиған-тергенін шашып келеді. Шияң-Лин жеңгей адам қатарына, теңдікке, тіпті азаттыққа сол арқылы жететіндігіне сенеді. Автор кейіпкер характеріндегі осындай мешеу түйіндерді басшылыққа ала отырып, оның рухани дүниесін жарқыратып ашып көрсетеді. Яғни оның азабын: бай-шонжар, билеуші тап өкілдерінің оның тағдырын тәлкекке салғанын, тіпті мерт қылғанын ашына жазады. Жазушы шеберлігі сонда – бір ғана Шияң-Лин жеңгейдің басына көне қытай қоғамындағы феодалдық қараңғы қоғам мен жыртқыш жүйенің іріп-шіріген жағдайы мен тағылығы барынша әшкереленеді.
Жоғарыда айтқанымыздай, ХХ ғасыр басындағы қытай қоғамының көркем шежіресі болып табылатын Лу-Шүн әңгімелеріне негізінен қытай дихандарының тағдыр-талайы, рухани хал-ақуалы арқау болады. Патшалық – феодалдық билік құламай, халықтың сана-сезімі, рухы азат болмай ел қатарына қосыла алмаймыз деген идеяны ағартушылық көзқараспен ту етіп көтерген – қытай әдебиет тарихындағы алғашқы жазушы Лу-Шүн болды. Сондықтан да ол өз шығармаларында, шетел шапқыншыларының, патшалық-феодалдық биліктің езгісі мен қанауы, қорлығы мен зорлығы салдарынан қытай қыстақтарының жаппай ойраны шығып, дихандар өмірінің күн санап күйзеліске түсіп бара жатқанын реалистікпен күйіне де ашына толғады. Елдің еңсесін ғасырлап басып келе жатқан феодалдық езгі салдарынан қытай дихандарының көрсоқыр-надандыққа тап болғанын, көрсоқыр-надандықтың салдарынан бірінің етін бірі жеп, «қояншық» халге түскенін әшкереледі.
«Қояншық» деп тегін айтып отырған жоқпыз. Жазушының «Қояншықтың қолжазбасы» деп аталатын әңгімесі бар. Шығармадағы «Қояншық» кейіпкер туралы әдебиетшілер арасында әр түрлі пікір бар. Біреулер оны – тағы, зұлым, жыртқыш, адам жегіш қоғамнан шошынып, есі ауысып, қояншық ауруына душар болған есуас адам десе, енді бір зерттеушілер, ол шын «қояншық» емес, өтірік ауру. Яғни ол сол қоғамдағы барлық сорақылықтарды әшкерелеу үшін, маңайын айғайлап ояту үшін, әдейі «қояншық» ауру кейпіне еніп алған дейді. Бізше бұны әр қалай да түсіне беруге болатын сияқты. Ең бастысы автордың бар ойын, бар мақсатын осындай «қояншық» адамның аузымен бере білген шеберлігінде жатыр деуге болады. Әңгімедегі «қояншық» қытайдағы Синьхай төңкерісінің алды-артындағы қара түнек қоғамға, көрсоқырлық жайлаған қыстақтар тірлігіне, соқыр сенім тұмшалаған, надандық жайлаған заманға қарсы аттандаған көтерілісші. Оның аузынан шығатын бір сөз – тек қоғамдағы , айналасындағы, тіпті қытай тарихындағы сорақылықты, жексұрындықты – адам жейтін жыртқыштықты әшкерелеу ғана. «Қолжазбасының» бір жерінде ол бүй дейді: «Зерттеп көрейін деп, тарихқа үңілсем, ондағы деректердің мерзімі жазылмапты, тек қана әр бетіне «қайырымдылық, сыпайылық, кісілік, ибалылық…» деген сөздерді айбақ-сайбақ қып жаза беріпті. Менен ұйқы қаша бастады, тарихи құжаттарға түн жарымына дейін шұқшидым. Оћ, міне, таптым! Кітаптағы әрбір сөздің тасасында «адам же!» деген жазу жасырынып тұр.»[5-80] Міне, осылайша ол патшалық билік пен бай-шонжарлар алаулатып-жалаулатып жүрген «қайырымдылық, сыпайылық, кісілік, ибалылық…» дегендердің әшейін бетперде ғана екенін, оның артында кісі жейтін жауыздық пиғылдары жасырынып тұрғанын әшкерелейді. Сондай-ақ ол патшалық-феодалдық биліктің симболы – Джау шонжардың «рақымсыз, алдамкөс, қорқақ» екендігіне көз жеткізеді. Сондықтан да ол көтеріліс туын биік көтеріп, шіріген ескі жүйеге, көне дәстүрге батылдықпен қарсы тұрады.
Ал «Кұң-Ижы» атты әңгімесінде жазушы ескі қоғамдағы қытай зиялыларының аянышты халін тілге тиек етеді. Қытай зиялыларының ескі қытай елінде ешқандай қоғамдық орны жоқ болатын. Сондықтан да олар патшалық-феодалдық биліктің құлы еді. Тіпті қала берді сол құлдықтың өзіне «кыжүй» (емтихан тапсырып, қызмет алу) дейтін жалған, шіріген жүйе арқылы зорға қол жеткізетін. Себебі – қанша білімің болғанымен, ұлықтарға пара бермесең, оның өзі де бұйыра бермейтін. Жазушы аталған шығармасы арқылы іріп-шіріген феодалдық-патшалық білім жүйесін және ол жүйенің де қоғамды кері тартып отырған мешеулігін айыптайды. Сондай-ақ осы жүйенің құрбанына айналып, қоғамның қозғаушы күші болудың орнына, надан, қараңғы ортаның сайқы-мазағы болып, ақырында жанын баға алмай қаңғып өлген Құң-Ижи[6-25] секілді жүздеген-мыңдаған оқыған азаматтардың тағдырына аяушылық білдіреді. Қысқасы «Кұң-Ижиде» білім иелерін осындай қайыршылық күйге түсіріп қойған қоғамның болашағының бұлыңғыр екенін әшкерелей отырып, жұрттың патшалық-феодалдық қараңғы қоғамға деген өшпенділігін қоздыра түседі. Қысқасы Лу-Шүннің аталған шығармасын қытайдағы сол кездегі патшалық-феодалдық жүйеге қарсы атылған оқ деуге болады.
Осындай-осынлай кілең бір іргелі ойлар арқалаған, бір өңкей келісті шығармалар берген Лу-Шүн – қытайдың ХХ ғасыр басындағы көркемдік танымы мен мәдениет жөніндегі көзқарасына түпкілікті өзгерістер мен бетбұрыс әкелген ұлы суреткер. Бұның бәрін де о баста ол ұлтты оятсам, елімді ағартсам деген бір ғана ұлы мақсат үшін жасағаны жасырын емес.
Діни нанымдар, салт дәстүрлер… Жалпы қашан, қандай жағдайда шыққаны белгісіз, қайдағы бір қасаң қағидаларға – ескі салт-дәстүрдің бәріне бас шұлғи бермеу, өмірдің өзекті дамуымен жанаспайтын догматикалық шарттылықтардың алдында кіріптар болмау, адам санасына тұсау, адам еркіне бөгесін болатын барша саяси және рухани кедергілердің, құрсаулардың бәріне мойын ұсынбау – Бұл Лу-Шүн шығармашылығының түп қазық принципі болумен бірге, Лу-Шүннің азаматтық басты пафосы.
«Дәрі». Бұл Лу-Шүннің бір ғана әңгімесінің емес, күллі шығармашылығының өзекті тақырыбы. Себебі жазушы сол тұстағы қытай қоғамының бойындағы дертке, қытай дихандарының бойындағы індетке «дәрі» іздеп шарқ ұрады. Сондағы тапқан дәрісі – әдеби шығармашылық – ағартушылық болды.
«Дәріде» шағын дәмхана қожайыны Хуа-Лаушуан тірнектеп жиған тиын-тебеніне адам қанына матырылған жың мома (буға піскен нан) сатып алып ұлының өкпе ауруын емдемек болады [7-30]. Бірақ онысынан түк шықпай баласы өледі. Ал жаңағы жың момадағы қан түрмеде қысастықпен өлтірілген жас төңкерісші Шиау-Юеыр болатын.
Жазушы бұл арқылы тек діни соқыр сенімді ғана айыптап отырған жоқ. Ең бастысы халықтың надандығын, олардың төңкеріс дегеннен хабарының жоқтығын, осының бәріне патшалық-феодалдық биліктің кінәлі екенін батыл түрде бейнелеп берді. Осы арқылы азаттыққа, теңдікке жету үшін ең бірінші кезекте халықты ояту керектігін жалпақ жұртқа жария етеді. Өйтпегенде надан халық өзі үшін құрбан болған шейіттің қанына нан турап жеп отыра береді деген ащы ақиқатты ашынып айтады.
Мінеки, М.Әуезов пен Лу-Шүн өздерінің әдеби шығармаларында ұлтты ояту мен ағартушылық бағытында қандай-қандай ойлар айтып, нендей идеялар ұсынғанын қысқаша салғастыра қарастырдық. Бұдан шығатын қорытынды: шын талант, нағыз патриот өз халқын жегідей жеп жатқан рухани ћәм саяси мерездерге ашынбай отыра алмайды. Халқым жаманатты болмасын деп, оның тарихи тағдыры мен ертеңгі болашағына кесапаты тиетін әлеуметтік һәм саяси, рухани кесел-індеттерді көрсе де көрмегенсу, көрген күнде де оған «дәрі» іздемей қарап жату – бұл бері болғанда туған халқы алдындағы рухани ћәм перзенттік сатқындық болуға тиіс.
Ал біз сөз етіп отырған қазақ пен қытай халықтарының классик жазушылары М.Әуезов пен Лу-Шүн бұл тұрғыдан келгенде өздерінің перзенттік те, азаматтық та борыштарын адалынан, артығымен өтеген ұлы тұлғалар деуге әбден лайық.
Әдеби жасампаздықтарынан өзге, М.Әуезов пен Лу-Шүн ұлтты ояту, ағартушылық бағытында оқу-ағарту, білім беру саласында ұстаздық қызметтер атқарды. Оқулықтар жазды, (М.Әуезов: «Әдебиет тарихы» т.б. Лу-Шүн «Қытай прозасының тарихы» т.б.) мерзімді баспасөз құралдарын шығарды. (М.Әуезов: «Еңбекшіл қазақ», «Абай», «Шолпан» т.б.; Лу-Шүн: «Жаңа жастар», «Жасыл алқап», «Атсыз» т.б.)
Әрине, олар мерзімді баспасөз құралдарын (газет, журнал) ұйымдастырушы, шығарушы ғана емес, өздері де оның ең белсенді авторы болып, жоғарыда қарастырылған әдеби және публицистикалық еңбектерін сол баспасөз құралдарының бетінде үзбей жариялап тұрды.
Екі ұлы суреткердің шығармашылығындағы үндестікті, сарындастықты бір ғана мақаланың ауқымына сыйғызу мүмкін емес. Тіпті олардың тағдырындағы ұқсастықтардың өзі таң қаларлық. Ал осындай ұқсастықтар мен сәйкестіктерді ашып көрсетудің өзі, әрине, бөлек, арнайы зерттеуге арқау боларлық дүние.
Бүгінде Қазақ елі де, Қытай елі де әлемдік қауымдастықта азат, тәуелсіз, өркениетті ел ретінде, өзгелермен бейбіт қатар өмір сүріп отырса, қазақ халқы да, қытай халқы да бақытты ғұмыр кешіп жатса, әрине, осы бақытты өмірді кешегі өткен М.Әуезовтер мен Лу-Шүндердің еңбегі, үлесі жоқ деп ешкім айта алмаса керек. Олай болса қазақ пен қытай халықтарының бүгінгі ұрпағы да олардың рухы алдында аз ба, көп пе қарыздар деген сөз. Ал ол қарыз үлт рухын асқақтатып, елдік туын биікте желбірете беру арқылы ғана өтелмек.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. І том. Алматы: Ғылым. 1997. 468 бет.
2. Zhen-Xingmiao. Lu-Xun yu zongjiao wenhua. Beijing. 2004. 4005 бет.
3. Li-Xinyu. Lu-Xun de xuanze.Zhenzhou. Renmin.2003. 245 бет.
4. Қабдолов З. Арна. Алматы: Жазушы
5. Лу-Шүннің екі әңгімесі. (Қытай тілінен тәржімалаған: Д.Мәсімханұлы) «Таңшолпан». Алматы. 2005. №4. 224 бет.
6. Lu-Xun. Xiao shuo heji. Shanghai. Baijia chubanshe.1998. 406 бет.
7. Lu-Xunji. Guangzhou. Huacheng. 2000. 626 бет.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ
Филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қытай тілі кафедрасының меңгерушісі.
Бөлісу: