Жастарға role model – үлгі алатын адамдар керек
Бөлісу:
Үміткерлер ІІ кезеңіне ниет етіп, El.kz порталына өтінім беріп жатқан «100 жаңа есім» жобасы жайлы танымал блогер Өркен Кенжебектің пікірін ұсынамыз.
Ел болған соң, ер тумай қоймайды ғой. Тек оның сүрген дәуреніне сай сәні де кетіп отыра ма деймін. Алпамыс десеңіз, аңыз дейді қазір. Алтын жұлдыздары жарқыраған Кеңес батырларын келтірсең, шабыттандырмайды дейді енді. Мысалы, кезінде авар деген ұлттың атынан интеллигент – ақын Расул Ғамзатов сөйлеген еді, сол ұлттың бар потенциалын паш етіп. Қазір авар деген халықты қара күш иесі – спортшы хабиб Нұрмағамбетов танытып жүр дегендей, қоғамның талабы басқа, адамдардың санаты да басқа. Содан жаңа заманның, бейбіт күннің қаһармандарын табайық деп бізде «100 есім» деген жобаны тапқан, былтыр. 100 есім де пайда бола кетті, білесіз. Елдің көзіне шыққан сүйелдей болған әнші-бишілер емес, шенді-шенеуніктер емес, расымен, жұрт таңдаған, ел мақтаған кәсібилер мен дарындылар іріктелді.
Қарасаңыз, Кеңестер Одағында еңбек адамдарын барынша жарнамалады. «Мәдениет және тұрмыс» журналы үйімізге келгенде, алғашқы бетінде комбайнның фонында жарқырап Кәмшат Дөнентаева әпкеміз тұратын. Қазір де ауыл-ауылды көтеріп жатқан еңбек адамдары баршылық. Мысалы, Павлодар облысында қаңырап қалған ауылды ұстап қалып, 3 үйден 150 үйге дейін өсірген Амантай Мусин деген азаматтың өзі қандай керемет мысал! Айтайын дегенім, биыл «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» жалғасы, соған еңбек адамдарын жақсылап таңдап берсек, жақсы болар еді. Себебі, қазіргі біздің жастарға role model – үлгі алатын адамдар керек.
Өркен Кенжебек
Бөлісу: