Еділбек Дүйсен. Алтын шуақ
Бөлісу:
(Ә. Кекілбаев шығармашылығы турасында бірер сөз)
Әлем кітапқа ену үшін жаратылған
Стефан Малларме
Өткен алтыншы желтоқсан- абыз Әбіш Кекілбайұлының туған күні. Туғанына 79, дүниеден озғанына 3 жыл. Ал, дәл қазір қолымда- осыдан тура 40 жыл бұрын аты дүркіреп тұрған «Жазушыдан» шыққан «Құсқанаты» кітабы. Ой үстінде, тамырын тереңге тартқан әжім-әжім емен ағашы бейнеленген қара-сұр кітапты қолымда ұстап біршама уақыт отырып қалыппын. «Иә, сәт!» дедім. Жазу керек! Бізде басқа мұрат болар ма!
Адам тағдыры- алақандағы сансыз сызықтар сынды тарам-тарам жол, шиеленіскен шимайлар ғой... Көрер көзге қаншалықты қысқа көрінсе де, сүрер ғұмырға соншалықты ұзақ. Әр тағдырдың өзіне тән ырғағы, музыкасы бар. Мұңы мен қайғысы, қуанышы мен сүйініші де жетерлік. «Каждый человек обязан сказать: ради меня создан мир» (Талмуд, Сангердин, ІҮ, 5). Еврейлердің схоластикалық көп томдық жинағында осындай мәтін бар. Әр адамның бүтін ғұмыры түгілі, қауқарсыздықпен жұтқан бір жұтым демінің өзі бір кітапқа жүк. Ғасырлар бойғы ұлы әдебиет ғылымының басты негізі де, жалғыз «пациенті» де- адам. Оның жұдырықтай етінің ықпыл-жықпылы, қалтарыс-бұлтарысы әдебиетке ғұмырлық азық болып келеді. Оның артында қалдырып келе жатқаны- адамдар галереясы: Дон Кихот...Гамлет...Бовари ханым...Князь Мышкин...Анна Каренина...Томпыш...Еңсеп...
Көне романдар туралы әдебиеттанушылар арасында пікірталастар көп. Бірі романдардың бастауын Ахил Татийден, бірі Петронийдің «Сатириконынан», енді бірі латынамерикалық «Рақымды билеуші» романынан бастайды. Тұтас мифологияға негізделген осынау шығармалардың келе-келе роман жанрын түзіп, одан соқтықпалы-соқпақты жолды өтіп, одан қазақ әдебиетіне келгелі көп бола қойған жоқ. Дұрысы, қазақ әдебиетінің бұл жанрға барғанына. Ең алғашқы қазақ романы 1910 жылы жазылды десек, демек, біздің роман жазудағы тәжірибеміз әлі 100 жылдың ғана айналасы. Кәрі әдебиет үшін бұл тым аз ғана уақыт. Алайда, қазақ әдебиетіндегі апалаң-топалаңға толы дәуірлер әр кезеңде үздік романдар мен оның авторларын жіберіп отырды. «Бақытсыз Жамалдан» басталған көш «Ақбілекке», «Ұлпанға», «Абай жолына» жалғасып, бұл тізбекке іркес-тіркес «Өлгендер қайтып келмейді», «Көшпенділер», «Қан мен тер», «Қызыл жебе» жалғанды, көш соңында «Қаһарлы Алтай», «Аласапыран», «Өмірзая», «Талтүс», «Қылмыс», «Аңыздың ақыры», «Гүлдер мен кітаптар» келеді. Әлбетте, қасиетті қазақ сөзі тіріде бұл салқар айдынның суалуы, ұлы көштің үзілмегі әсте мүмкін емес.
Бірде Роллан Сейсенбаевтың қайбір мақаласынан: «Қол жетпес асқақ олжаны Тәңірі ғана ұсынады. Қазақта алып суреткерлік кескін-келбет, ойлы ақыл берген екеу бар. Оның бірі- Мұхтар Әуезов. Екіншісі- Әбіш Кекілбаев» деген жолдарды оқыдым. Осы сөздер менің миымнан шықпай қойған. Сана-илеуге кіріп-шығып жүрген құжынаған жырынды ой-құмырсқалардың бірі де миымда мұнша ұзақ тұрақтамаған шығар. Кейбірінің жауабы табылып, ендібірі ұмытылып кетіп жатады ғой.
Мен Әбіш Кекілбаевтың «Күй», «Шыңырау», «Аңыздың ақыры» шығармаларын үлкен ізетпен, құрметпен оқимын. Кейде, тіпті қынжылыспен. Әруақ алдында ұятты секілдімін. Осындай ұланғайыр мұраларды бүкіл адам ұлынан жасырып, күрке ішінде, аз ғана халық түсінетін күрделі бір тілде оқып отырамын. Асыл қазынаны астыма басып отырғандай боламын. «Аңыздың ақыры»- қазақ түгілі, бүкіләлемдік әдебиетте өзіндік орнын алуы тиіс шығарма екендігі даусыз. Кезінде неміс тіліне тәржімаланған бұл туындыны неміс оқырман қауымы мен әдебиеттанушы ғалымдары тым жоғары бағалаған еді. Бай әрі жұмбақ мифология мен терең психологияға көмкерілген, Мопассандық стильдің дағы жұққан, Әуезов тынысы бар аталмыш шығарма кім-кімнің де болса ойын қозғап, санасын оятары анық. Әр суреткердің өзіне тән қолтаңбасы мен жазу мәнері, ойлауы болатындығын айтудың өзі артық. Әбіште де солай. Алайда, мұндағы айтпағымыз «қалыптасып қалған жазушы» деген сөз тіркесі емес. Олай дейтініміз, осынау біздің тілге кейін келіп кіріккен «қалыптасқан» тіркесі, әсте де жазушының не ақынның, яки сөз болып отырған адамның ұлылығын, мызғымастығын білдірмейді. Керісінше, бір деңгейде қалып қойғандығын, одан артық жаза алмайтындығын, былайша айтқанда, өзі жасап алған қалыбынан аса алмайтындығына меңзейді. Бұл сөзді қарата қолданбауды жөн көріп отырған Әбіш шығармашылығы оқырманды өзімен бірге интеллектуалды ойлауға ілестіріп, ертіп отыратын, жоғарылаған үстіне жоғарылай, тереңдеген үстіне тереңдей беретін кең шығармашылық. Әбіш әлемі сізді қиян түкпірдегі Маңғыстау аңыздарымен, қазақ дүниетанымымен, адам психологиясымен, ежелгі мифологиямен, нәрлі сөзбен, кемел философиямен қарсы алады. Оның шығармаларындағы кейіпкерлердің негізгі прототипі өзің секілді, өзімізге аян адамдар. Автор қаламынан Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Абылай хан, Әбілқайыр хан секілді ұлы тарихи тұлғалар жазылса да, оларды ұлы «баһадүр» не ұлы «қанішер» тұлғасында қарамайды. Адам кейпінде ғана сөз қылады.
Ақтау қаласының теріскей шығысында орналасқан Қараман ата жер асты храмы салынар тұста Қараманды артынан Қорқыт ата қуып барыпты деседі. Екеуі кие таластырған. Қараман Атырауды қақ жарып өтіп, Қап тауы асып кететіндей қып, түбектің ұшын одан әрі созбақшы болады. Ал Қорқыт киік сойып, етін жеп, сүйегін терісіне орап, қайта тірілтіп жіберген. Есіңізге түсті ме?! Иә, бұл Әбіштің «Күй» кітабындағы эпизодтар. Бастан-аяқ күй сарынында жазылып шыққандай көрінетін шығарманың арқауы дәл осы аңыздың Маңғыстау жерінде айтылатын сәл өзгеріске ұшыраған нұсқасы. Маңғыстауда бұл аңыз Темір баба мен Шопан атаға телінеді. Агиология ғылымында (әруаққа, кие, әулиеге сенуді қарасытратын ғылым жүйесінде) «қасиетті күрес» деп аталатын термин бар. Грек әулиесі Карамболис пен Мұхаммед пайғамбардың сайысы, Будда үмбеттері Махадео мен Ламаның әруақ салыстыруы. Әріге бармай-ақ сөз етіп отырған Ә. Кекілбаевтың аталмыш «Күй» кітабындағы түрікменнің Темір бабасы мен түркінің Шопан атасы арасындағы сайыс. Мұнда да Кекілбаев тарихқа не аңызға қиянат жасамайды, қиянат болып көрінер деп айналып та өтпейді. Шопан ата да қазаққа, я түркі баласына қанша қасиетті тұлға болса да, тарих желісінен ауытқымайды. Түрікмен әулиесінің алдында жеңіліске ұшыратады. Немесе, сөзді «Ханша-дария хикаясына» бұрсақ. Мұнда да кезінде аяғының астында жаншылған әлем кейін өз төбесіне көтерген Шыңғыс ханды аңыз желісі арқылы, қыздың қолымен ажал құштырады. Әбіш шығармашылығының көп бөлігін аңызға арқау етті, кейіпкерлерін қазақтың тарихи тұлғаларынан таңдап алды дедік. Десек те, автор полотносында кішкентай адамдар өмірі үлкен проблемаларды көтерді, басты сахнаға шықты.
Біздің әдеби ортада айтылатын ыңғайсыздау сөздердің қағаз бетіне көшіп кетіп жататыны бар. Сол «ыңғайсыз» сөздердің бірі тұлғаны өз атымен атамауына қатысты. Ылғи да біреуге теңестіріліп, қосақталып жүргені. «Бір ақынды екінші бір ақынның шамасымен өлшегендіктен артық ешбір қиянат жоқ» депті Белинский. Сол сықылды екінші бір ақынның атымен атағаннан да. Біздегі бұған қарама-қарсылық Әбішке де қатысты қолданылыпты. «Екінші Әуезов». Әуезовке айтылатын «Қазақтың Шолоховы» Әбішке де қаратып айтылыпты. Асқар Сүлейменовтің Фариза Оңғарсыноваға қарата айтты делінетін «Фариза- это Махамбет в юбке» дегені осы сөзіміздің дәлелі. Жоғарыда сөздердің ең биік үлгісі. Әлбетте, бұл жақсы көргендіктен, талантын мойындағандықтан еріксіз айтылған сөз болар. Алайда, тура қарасақ сөлекеттігі көзге тайға басқан таңбадай көрініп тұр.
Хош. Біздің азды-көпті осында сөз шығарғандағы мақсатымыз Әбіш шығармашылығын тіптен де «бұтарлап» талдап беру емес (әзірге бұл мүмкін де емес секілді). Тек, классик жазушы, туған жердің төл перзенті, әдебиеттегі бағдар алдындағы, әруақ алдындағы парызымыз деп есептегендіктен жазып отырмыз. Әбіш қазасы- саналы қазақ оқырманына үлкен үнсіздік сыйлады. «Жамсыб үшін біз-дағы көп жыладық, Жылағанмен тірілтіп ала алмадық» дейді «Шаһ-маран» жырында. Біз де осындай хәл шештік...
"Ақкетік арайы" газеті, №63 сан
Бөлісу: