Рух бостандығынан адалдыққа дейінгі ұлы жол
Бөлісу:
«Нағыз бақыт – еркін, азат болу,
ақиқатты айту, ештеңеден, ешкімнен қорықпау.
Тек осылай өмір сүру керек! Адам –осындай болғанда ғана адам!»
Қайым Мұхамедханов
Қазақ әдебиеті тарихындағы ерекше орны бар жаңа ұғымға негізделген ғылыми тұжырымдаманың авторы атанған ғалым Қайым Мұхамедхановтың зерттеулері сан қырлы. Ғалым өзінің бүкіл саналы ғұмырын ғылымға адал қызмет етуге арнады. Қаншама қыспақ-қысым көрсе де өз ісінің әділ, тура екеніне сенімді болды. Себебі оның алдында темірқазық іспетті алаш идеясы тұрды. Сол алаштық сана қалыптастырған әділдікке құштарлық Қайым Мұхамедхановты ғылымның биік белесіне шығарды.
Бүгін де Қайым Мұхамедхановтың көзін көріп, дәрісін тыңдаған, қызметтес болған жандар ғалымның шынайы, таза, адал еңбекті басты мақсат етіп қойғанын айтады. Адалдық пен тазалық адам жанының ең негізгі, әрі асқақтыққа бастайтын категориясы. Арнасын Абайдың толық адамы, Шәкәрімнің таза адамы мен Мұхтар Әуезовтің және барлық алаш қайраткерлерінің қазақтық ұлтжандылығынан алған Қайым Мұхамедханов еңбектері бүгінгі күні өзінің иесіне мәңгілік өмір сыйлап, болашаққа жол тартты.
Абай мектебінің туу, қалыптасу тарихы мен сол мектептің қазақтық дүниетанымға сай ерекшелігін басын қатерге тіге отырып ғылыми айналымға кіргізіп, әдебиеттану ғылымда жаңа бір парақты бастағанда ғалымның алдында қаншалықты қиын да, қатерге толы жол жатқанын кім білген? Әйтсе де ұстазы Мұхтар Әуезовтің өзегі мығым ойынан қуат алған ғалым өзінің қиыншылыққа толған өмірін бастап кеткен.
Қиыншылықтың үлкені – Қайым Мұхамедхановтың ғылыми диссертациясын қорғауында болған. Алайда ұстазы да, шәкірті де Ұлы Абайдың қазақ әдебиетіне сіңірген зор еңбегін жарыққа шығару арқылы әдебиет тарихына жаңа серпін әкелетіндерін біліп, саналы түрде таңдаған жол болатын. Ғалымның он томдық шығармалар жинағына кірген диссертация қорғауының стенограммасы өткен ғасырдағы кеңестік танымға сүйенген солақай саясаттың сойылын соққан жандардың талайының бет бейнесін ашты. Кейде сол атақты ағалардың әр қайсысы шындық пен әділдік үшін Қайымдай арпалысса сол кездің өзінде талай жетістіктерге жетер едік деген ой келеді. Кайымның өмірі мен шығармаларын, ғылыми ой-пікірлерін саралай отырып, шынымен батыр болған екен-ау дейсің. Тәуелсіздігімізді алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен мына бейбіт заманның өзінде кейбір пенделіктің шырмауына түсіп қарақан басының қамы үшін тірлік кешкен замандастарымызды көріп Қайымның қызыл империя саясаты тұсында да қаймықпаған өрлігіне бас иесің.
Қайым Мұхамедхановтың шәкірті Тұрсын Жұртбайдың «Болатөзек» мақаласындағы Қайымның өмірі туралы ащы ақиқат жүректі тебірентпей қоймайды. Ғалымның өмір бойғы қүресінің мәні біреу, ол – қазақ әдебиетіне, қазақ әдебиеті ғылымына адалдық болатын.
Қайым Мұхамедхановтың алғашқы еңбектері баспа бетіне 1925 жылдан жариялана бастады. Алғашқы зерттеулер театр сахнасына қойылған қазақ пьесаларының тұңғыш қойылымдары туралы әдеби-сын мақалалар түрінде болды. Атап өтсек, М.Әуезовтің «Шекарада», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Ш.Құсайыновтың «Боран», К.Сагирдің «Ер Тарғын» пьесалары мен қазақфильмнің тұңғыш киносы «Амангелді» туралы жазылған еді. Ғалым өз қолымен жазылған өмірбаянында М. Әуезовтің ақылымен 1940 жылдан бастап «Абайдың әдеби мектебі» деген тақырып төңірегінде Ақылбайдың «Зұлыс», «Дағыстан» поэмалары, Мағауияның «Еңлік-Қебегі» мен «Медғат-Қасымы» туралы, «Ақын Әубәкір Абаев», «Әріп Тәңірбергеновтің өмірі мен шығармашылығы» және басқа да Абай мектебіне қатысы бар деген ақындар туралы топтама мақалалары шыққанын жазады. Байқағанымыздай Абайдың ақындық мектебі туралы 1951 жылғы диссертациясына дейін он жылдан астам уақыт бар. Олай болса ғалым өзінің ғылыми еңбегі мен қазақ әдебиетіне алғаш рет кіргізіп отырған ғылыми концепциясын ұзақ жылдар қажымай зерттегеніне куә боламыз. Ғалым Абайдың ақындық мектебі туралы зерттеулерінде Абайдың танымал шәкірттерімен қатар бұрын жергілікті халық ішінде ғана белгілі болған біршама қаламгерлердің шығармашылығын қалың көпшілікке шығарды. Абай шығармашылығының жаң бір қырын ашуда ақын аудармаларының маңызы ерекше екені белгілі. Ғалымның осы бағытта жазған: «Абай және Пушкин», «Абай және Лермонтов», «Абай және Крылов» және т.б. мақалаларының құндылығы бүгінгі күнге дейін ерекше. Қазіргі ғылымның дамуында ғалым еңбегінен дәйексөз алынуы сол ғалымның еңбектерінің маңыздылығын айқындайды. Олай болса Абай туралы жазылған Абайдың ақын шәкірттері туралы жазылған ғылыми зерттеулерде Қайым Мұхамедханов ғылыми пікірлеріне тоқталмай өткен бүгінгінің ғалымы жоқ шығар. Бұл да Қайым зерттеулерінің теориялық тауаны мықты, әдіснамалық тұғыры берік идеяларға құрылғанын айқындайды.
Қайым Мұхамедханов зерттеулерінің үлкен бөлігі Абайға, Абай шығармаларының текстологиялық мәселелеріне және Абайдың ақындық мектебіне арналғаны белгілі. Алайда ғалымның қазақ әдебиетіне байланысты зерттеулерінің үлкен бір саласын әдебиет тарихы туралы зерттеулері құрайды. Қазақ әдебиеті тарихына қатысты жазылған алғашқы мақалалары «Қаракерей Қабанбай батыр», «Қанжығалы Бөгенбай батыр» жырларының тағдыры да қызық. Ғалым бұл мақалаларды 1943-1944 жылдары СССР ҒА Қазақ филиалындағы тіл-әдебиет институтының тапсыруымен зерттеп «Қазақ әдебиетінің тарихының » 1-томына енгізу үшін жазған болатын. Алайда сол заманның солақай саясаты қазақ батырларына арналған жырлардың халыққа қажеті жоқ деп тауып, жыр туралы зерттеу қолжазба қорында қалған. Бұл туралы ғалым: «... Содан үш жылдан кейін, 1948 жылы «Қазақ әдебиетінің тарихы » 1-том басылып шықты. «Қаракерей Қабанбай батыр», да «Қанжығалы Бөгенбай батыр» да әдебиет тарихы кітабына кіргізілмепті. ... Содан кейінгі қилы-қилы заманда «байтал түгіл бас қайғы» болды. 1948 жылы шыққан, редакциясын М. Әуезов басқарған «Қазақ әдебиетінің тарихы»-ның өзі де «зиянды кітап» болып таңбаланды...» – дейді. [1.5-6]. Ғалымның бұл зерттеулері содан кейін 1991 жылы ғана өз қолына қайта тиеді. Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдық мерейтойына байланысты ғалым зерттеуі баспадан шыққаны белгілі.
Енді ғылыми зерттеу мақаланың өзіне келсек, Қайым Мұхамедханов зерттеулеріне тән басты белгі деректілігі мен тарихи фактілердің барынша шынайы берілуі бұл мақалада да анық көрінеді. Ғалым жырдың бірнеше нұсқасын қатар алып бірінде айтылған деректің екіншісінде жоқ екеніне назар аудара отырып саралайды. «Бұл түскен жырлардың қай-қайсысы болсын, уақиғаға, мазмұн жағынан бір негіз, бір сарында. Қабанбай батырдың басына арналған халық жырының үш түрі бірін-бірі толықтыра отырып, түбі бір арнаға құяды.» [1.7]. - деп ғалым жырдың бірнеше нұсқасын салыстыра отырып бастапқы оқиғалары мен сюжет желісіне талдау жасайды.
Ғалымның бұдан басқа «Мухаммед-Хайдар Дулати» (1968 ж.), «Қадырғали Қосынұлы Жалайыри» (1968ж.), «Дулат жырау» (1977ж.), «Шөже ақын» (1978ж.), «Үш халыққа ортақ ақын (Ақмолланың туғанына 150жыл толуына)» (1981ж.), «Бұқар жырау» (1982ж.) , «Мол мұраның иесі Машһүр – Жүсіп Көпеевтің туғанына 125 жыл» (1983ж.), «Семсер жырға серек қарайық. (Махамбет өлеңдерінің басылымдары және тестологиясы жайында)» (1986ж.) мақалалары қазақ әдебиеті тарихына тың зерттеулер болып кірді.
Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында атқарылған ірі-ірі ғылыми зерттеулер мен абайтану саласындағы тың жаңалықтар да Қайым Мұхамедханов есімімен байланысты. 1995 жылы Абай шығармаларының екі томдық академиялық жинағы текстологиялық жағынан дұрысталған нұсқасымен шығуына да ғалым аға өз үлесін қосты. Осы жылы жарыққа шыққан «Абай» энциклопедиясының редакциялық алқасын басқарған Қайым Мұхамедханов бұл басылымның да мағыналы, мәнді болуы үшін көп тер төкті. Өмірінің соңына дейін абай мектебі мен абайтану мәселесіне байланысты талмай еңбектенген ғалым үшін энциклопедияның әр мақаласы маңызды болды.
Қазақ әдебиетінде өлкелік әдебиет тарихының қолға алынып, зерттеле бастауына М.Әуезов ұйытқы болса, Қ.Мұхамедханов өзінің ғылыми шығармашылық жолында үнемі осы бағытты назарда ұстаған ғалым. Оның тарихи шындықты бұрмаламай, деректерді нақтылы дәлелдермен берген мақалалары 400 ден астам. Мысалы, «Халық ақыны Сапарғали Әлімбетов шығармашылығы жайында», «Мақы Шыңғысұлы Уалиханов – алғашқы кәсіби қазақ суретшісі», «Қ.Еркебаев және С.Әлімбетов поэмаларындағы азамат соғысының батыр әйелдері Айқыз және Білісай бейнелері», «Тағы да Айқыз туралы», «І.Бораганский», «Қаракерей Қабанбай», «Бұқар жырау», «Шешен Сабыржан», «Сабыржан Ғаббасов» және тағы басқа мақалаларындағы тарихи тұлғалар ғалымның көркем шығармаларынан өз орнын алып жатты. Ал, «Абайдың бұрын жарияланбаған өлеңдері», «Түзелгені қайсы? Түсініктері қайсы?», «Қазақ әдебиетінің адал досы», «Саади Ширази», «Құдай деген сөзден құдай сақтасын» және т.б. мақалаларындағы әдеби-танымдық, тарихи ой-түйіндер көптеген ғалымдардың болашақ зерттеулерінің ғылыми діңгегіне айналды.
Қазақ әдебиеттану ғылымы, абайтану, өлкелік әдебиеттану, қазақ әдебиетіндегі текстология мәселесі туралы айтқанда Қ. Мұхамедханов еңбектерінсіз елестету мүмкін емес. Бұл туралы белгілі әуезовтанушы ғалым Т.Жұртбай өзінің «Қайсар ғалым» (1989, жұлдыз) деген мақаласында : «Қ.Мұхамедханов – Абай өлеңдерін жинаушы, Абай мұрасының жазылу, басылу тарихын зерттеген историограф, үш-төрт басылымына түсініктеме жазған библиограф, Абай шығармаларының дұрыс жазылуын жүйелеген текстолог, Абай және оның ақындық дәстүрі хақында монографиялық еңбек жазған теоретик, сол замандағы қоғамдық қарым-қатынастарды зерттеген тарихшы, сол дәуірдегі әдеби нұсқаларды, ел аузындағы өлең-жырды, әңгіме-аңызды қағазға түсірген фольклорист» - деп бағалайды. Ғалым ағаға берілген бұл бағадан шығармашылық еңбектерінің сан тарау, сан салалы екенін байқауға болады. Әсіресе Абай шығармаларының тарихы мен текстологиясы туралы сөз еткенде Қ.Мұхамедханов еңбектерін назарда ұстамау мүмкін емес. Абай өлеңдерінің текстологиялық зерттеулерінде де Қ.Мұхамедханов өзінің телегей білімі мен ғалымдық парасатын танытты. Ғалым Абайдың «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Сегіз аяқ», «Қансонарда», «Сап-сап көңілім» т. б. көптеген өлеңдерінің текстологиясы мен қатар кімге арналғаны, қайда шыққанының тарихын да нақтылы, тың тұжырымдар арқылы дәлелдейді. Абай өлеңдер жинағының академиялық басылымдарында Қ.Мұхамедханов дайындаған түсініктемелерде де нақтылық пен ғылыми талдаудың жаңа қағидаларын көреміз. Бұл зерттеулер болашақ әдебиет теориясы мен әдебиет тарихын зерттеушілерге дайын зерттеу нысандары деуге болады. Сондай-ақ, ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлының да шығармаларының текстологиялық жағынан дұрыс басылуына, өлеңдерінің хронологиялық дұрыс орналасуына арнап бірнеше мақала жазды. Сол мақалаларының өзі бүгінгі шәкәрімтану ғылымының жаңа белесінің тың парақтары болып ашылды.
Қ. Мұхамедхановтың қаламынан туған драмалық туындылары «Комиссар Ғаббасов», «Ер Білісай» және аударма пьесалары «Аршин мал алан», «Қажы Әпеді үйленді» көптеген жылдар бойы Абай атындағы облыстық драма теартының сахнасында қойылды. Аударма саласында Қ.Мұхамедханов өзінің аса шебер, дарынды, білгір екенін танытты. Карамзиннің «Сормаңдай Лиза» повесін қазақша поэма түрінде сөйлетіп, Тарас Щевченконың, Габдолла Тоқайдың 30 дан астам өлеңін қазақ тіліне аударды. Айта берсек, алаш алыптарының ізін басып өскен Қ.Мұхамедханов мұрасы сан тару екеніне қөз жетеді.
5-қаңтар Қайым Мұхамедхановтың туған күні. Ғалым, ұстаз, Абай шығырмашылығы мен оның айналасындағы ақын шәкірттері туралы ғылыми тұжырымды қалыптастырған тұлға, алғышқы гимн авторы, М.Әуезовтің сенімді шәкірті айта берсек, тізе берсек, ғылыми жағынан да адамгершілік жағынан да таза адами болмысы мен кіршіксіз ар-намысы асқақтап шыға келетін Ұстаз тұлғасы бүгін де көз алдымызда.
Алғаш рет Қайым ағаны 1988 жылы мектеп бітіріп педагогикалық институттың бірінші курсына түскенде көрдім. Қайым Мұхамедханов бізге «Халық ауыз әдебиеті» пәнінен, кейіннен «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәнінен дәріс оқыды. Қайым Мұхамедханов өз дәрістерін ауызша айтып, тыңдататын. Жазып алмайтын. Өзі де жазбаңдар дейтін. Дәрістері терең мағыналы ғылыми пайымдарға толы болатын. Есімде ол кісінің сабақтарынан семинар айтпайтынбыз. Арасында өзі сұрақ қойып, кейде жауабын алса да қанағаттанбай қалатын. Сондықтан болар ол кісінің барлық сабағы тек дәріс түрінде болатын. Арасында: «қандай кітапты оқып жатырсыңдар?» деп сұрайтын. Біз сол кездегі «Қазақ халық ауыз әдебиеті» пәніне қатысы бар деген оқулықтарды атаймыз. «Оқымаңдар оны тұнып тұрған өтірік» деуші еді. Кітаптағы сөздерді өтірік дегеніне таң қалатынбыз. «Оқулық кітаптың бәрі жалған, шындық жоқ, оқымаңдар, кейін өздерің дұрысын тауып оқып аласыңдар. Нақтылы ертегілер мен аңыздардың өзін, жырларды оқып өз ойларыңды қорытындылап үйреніңдер» дейтін. Ұстаздың қалың, кітап сияқты үлкен дәптері болатын. Оған көк сиямен жазылған дәрістері бізге бір тылсым дүниедей көрінетін. Арасында өзінің өмірдегі қиындықтарын, түрмедегі көрген азаптарын да айтып кететін. Дәптерге ештеңе жазғызбай тек әңгімелеп отыруы да оның сақтығы шығар деп ойлаймын. Келесі жолы ұстазымыз «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәнінен берді. Мұнда да ол кітаптарда жоқ, тың ойлар мен өзінің зерттеулерін айтып беріп отырды. Қолына қалың папка алып кіретін. Оның іші толған сарғайған қағаздар, газет қиындылары болатын. Ұстаз оның ашып қойғаны болмаса одан оқымайтын тек анда санда қарап, қолымен үстінен сипап отырып әңігімелей беретін. Солайша ұстазымыз бір Бұқар жырау туралы айдан астам уақыт айтқан екен.
Қайым Мұхамедханов өзінің ұстанымына берік, ғылыми пайымдарына адал болды. Соның арқасында бақытты еді. Себебі рухы еркін, азат болатын. «Нағыз бақыт – еркін, азат болу, ақиқатты айту, ештеңеден, ешкімнен қорықпау. Тек осылай өмір сүру керек! Адам –осындай болғанда ғана адам!»- деген сөздері өмірлік ұстанымы еді.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Қ. Мұхамедханов Көп томдық шығармалар жинағы. 1-том-Алматы, «Алаш» 2005. -352б.
- Қ. Мұхамедханов Көп томдық шығармалар жинағы. 2-том-Алматы, «Алаш» 2005. -344 б.
- Т.Жұртбай Болатөзек. Кітапта: Қ. Мұхамедханов Көп томдық шығармалар жинағы. 1-том-Алматы, «Алаш» 2005. -352б.
- Қ. Мұхамедханов Тарта көр Семейімнің топырағы. Өлеңдер, поэмалар, мақалалар, арнаулар. Семей: 2010.-144б.
Айман АҚТАНОВА,
Шәкәрім университеті,
Дулат Бабатайұлы атындағы ақындар мектебінің жетекшісі,
филология ғылымдарының кандидаты
Бөлісу: