Мұхтар Мағауин. Ақын, тарихшы, философ - 3
Бөлісу:
«Қалқаман мен Мамырдың дауы» неден шықты? Автордың баяндауынша, Қалқаман қыз айттырмаған, Мамырға ешкiм құда түспеген, екеуiнiң де (ең бастысы – Мамырдың) басы бос. Соған қарамастан, жiгiт қызды алып қашады. Бұл да кешiрiлмес айып емес. Араға ел ағасы Бабаң жүредi. Қалқаманның жақындары қалың малын да, айып малын да еселеп төлеуге әзiр. Бiрақ «Бiтiм болмай созылды сөз аяғы». Өйткенi «Жақыным қызымды алды», – дейдi Көкенай. «Қыз алған жоқ жақыннан тобықты әлi», – дейтiн осыдан бұрын Мамыр. «Азар болса, мал алар, адам алмас» – деген бұған орай Қалқаман. Ал Көкенай, жалғыз Көкенай емес, жарты Тобықты Қалқаманға қатал жаза қолданылуын талап етедi. Бiтiмсiз дау бiр ата, бiр ру көлемiнен шығып, жалпыхалықтық («Тобықты, Қанжығалы; Бәсентиiн, – Атығай, Қарауыл мен бәрi жиын...») талқыға түседi. Ел екiге жарылады. Сөз ыңғайына қарағанда, Қалқаманға болысушылар азшылықта қалады. Бабаңа тiлектес ара ағайынның өзi Қалқаманды құрбанға шалуға, сөйтiп, ұлыстың бiрлiгiн сақтап қалуға кеңес бередi. Қолдан келген қарекеттiң бәрi жасалады, бiрақ әуелгi үкiм – Көкенай шарты, қаншама жұрт талабы өзгермейдi: Мамыр өлдi, Қалқаман оққа байланады. «Тағысынан көрiңiз мұның түрiн», – дейтiн Шәкәрiм өткен заман туралы бiр сөзiнде. Поэманы бажайлап оқыған (тыңдаған) адамның бар кiлтипан «надандықта», «тағылықта» емес, қыз бен жiгiттiң аталас туыстығында жатқанына көз жеткiзуi оңай.
Ата таратуда осы шығарманың өзiне жүгiнейiк. Қалқаманның әкесi – Әйтек («Әйтектiң бәйбiшеден жалғыз Олжай, Тоқалынан – Байбөрi Қалқаман мен»). Бұл Әйтек – «Бабаңның бiр туысқан iнiсi». Екеуiнiң әкесiнiң аты – Кiшiк. Ал Мәмбетей – осы Кiшiктiң туған ағасы. Әзiрше бұлардың әкесiн Икс деп атайық. Сонымен, Қалқаман тарабы: Икс, одан Кiшiк, одан Әйтек, одан Қалқаман... Мамыр тарабы: Икс, одан Мәмбетей... арғы жағы таратылмайды. «Мәмбетей өсiп-өндi бара-бара, – Ол таптан бiр бай шықты жеке-дара», – дейдi ақын. Бұл атаусыз бай – Мамыр қыздың әкесi. Қалай бұлдыратсақ та екi ғашығымыз шөбере болып шығады. (Шежiре бойынша, шынында да, солай. Икс ақсақалдың аты – Сары. Мамырдың әкесiнiң аты – Байғазы, Мәмбетейден туады). Бұрынғы түгiлi қазiргi қазақ ұғымында Қалқаман өзiнiң қарындасын алған. «Шариғат қосады екен немеренi», – дейдi Қалқаманның өзi қызды аздырар алдында. «Басы Бабаң, аяғы шала молда, – Бәрiне анық оқыған Жәмиғатқа». Қалқаман мен Мамырды қорғағанда Бабаң сүйенетiн ең басты тiрек те осы – шариғат жолы немере бауырларды қосатыны. Бұған бiздiң ақынымыз да нық сенедi. «Нартайлақ – Айсұлуда» бақытсыз ғашықтар бiрге туған, ағайынды екi жiгiттiң ұлы мен қызы. Бар тартыс осы аяда өрбидi. Шәкәрiм шариғат қосып тұрған аға мен қарындасты айыру нағыз надандық белгiсi деп бiледi. Егер қарындасын қатын қылуға кеңшiлiк берiлсе, қазақта әйел теңдiгi мәселесi бiржола шешiлердей.
Рас, қазақ қыз алмайды жетi атадан,
Мұны айтқан дiнсiз кезде өткен адам.
Қосады немеренi шариғат та,
Ақтығы Нартайлақтың осы арадан!
Ал бар тiршiлiгi мал өсiрумен байланысты «надан қазақ» генетика жайын жақсы бiлген. Атасы, енесi жақын малдың будандасуы тұқымның азуына бастамақ. Адам жайы тiптi қиын. Моральдық жағын былай қойғанда, қаны жақын ағайындардың қыз алысуы нәтижесiнде ақыл-ойы тапшы, күш-қуаты кем, аурулы-сырқаулы балалар тумақ. Жақыннан қыз алу бiрер шаңырақ шегiнен шығып, қалыпты әдетке көшсе, бүкiл ұрпақ азбақ. Мұның айқын мысалы – Октябрь алдындағы төре тұқымының тағдыры. Неке мәселесiнде шариғаттың нақ осы тармағын берiк ұстану (алысқа бармай-ақ «Мың бiр түнге» қараңыз) бiр кезде жарты дүниенi жаулаған, әлемдiк мәдениет қорына соқталы үлес қосқан араб халқының генофондына өлшеусiз нұқсан келтiрдi. Мұндай қауiп қазiргi Орта Азия мен терiстiк Кавказдағы бауырлас ағайындардың да басында тұр.
Сонымен, Көкенай – сүйiп қосылған жастарды айырушы топас надан емес, ру рәсiмiн сақтаушы, адамгершiлiк мораль үшiн күресушi. Әрине, сенiмiн, ойын жүзеге асыруы (тек қан төгу арқылы ғана) өз заманының салт-санасы деңгейiнде. Ол кездегi ең көрнекi үгiт, жаңылмас тәрбие осы тұрғылас болатын. Яғни, Көкенайды да заман мен жағдай құрбаны, трагедиялық тұлға деп тануға тиiспiз:
«Қалқаман – Мамырдағы» тартыстың мiнездiк сипаты шамалы, ал әлеуметтiк астары жоққа тән. Күреске түсетiн басты күш – екi түрлi сана. Бiрi – шариғат жөнi, екiншiсi – ата-баба салты. Бүлiк қайдан шықты, Қалқаман мен Мамырдың трагедиясына кiм себепкер десеңiз, сөз ұшығы Әнет Бабаңа барып тiреледi. Бабаң «әрi би, әрi молла, ғұлама». Шәкәрiмнiң басқа бiр жазбасы бойынша, Бұқарада оқып, жетi пәндi тәмамдап келген адам. Яғни, ислам қағидаларын ел арасына таратушылардың бастыларының бiрi. Қалқаман да, Мамыр да өз заманының «көзi ашық», оқыған жастары. Әрине, бар оқу дiн жайы, шариғатпен шектелген. Ата қазақ салтымен еркiн жүрген, қалаған уақытында кездесiп, теңдес құрбыларымен ойын-сауық құрған Қалқаман мен Мамырға бабаларының бар рәсiмi надандық болып көрiнедi. Ескiрген, тозған негiзсiз заң ретiнде ғана қабылданады. Егер екi жас шариғат жолынан бейхабар болса, олардың арасындағы сезiм туыстық ықыластан арыға бармас едi. Ойға қозғау салып, көңiлге от берген – бөтен елдiң исламмен бiрге келген терiс салты. Алайда, Бабаңның өзi бастап ұстанған, қисынды, құдiреттi көрiнген дiн жолы шын өмiрмен бетпе-бет келгенде соншама дәрменсiз болып шығады. Исламшылдық қағидасынан ата салты басым түседi. Шариғатқа сенген, жаңсақ iске аяқ басқан жастар жазықсыз қазаға ұшырайды. Психоанализ тұрғысынан алып қарағанда, «Қалқаман – Мамырдың» ширыққан драматизмi осында жатыр. Алайда, қарапайым да шебер құрылған дастанды оқырман аса әсерлi ғашықтық шығарма, қайғылы хикая ретiнде ғана қабылдамақ.
«Жолсыз жазада» «Қалқаман – Мамырдағыдан» мүлде өзгеше ситуацияға ұшырасамыз. Әуелi қызды алып қашу, одан соңғы қатал жаза – тек сырттайғы ұқсастық. Драма да, оның шешiмi де мүлде басқа сипатта. Еңлiк пен Кебек ағайын туыс емес, бiрақ өзара жаулық жолындағы рулар өкiлi. Оның үстiне Еңлiктiң айттырған жерi бар. Қиын түйiндер. Бiрақ тек қана қазамен шешiлуi шарт емес едi.
Кiмнiң көзi жетедi күнi ертеңге,
Теңiн тапқан сенi мен, жалғыз мен бе!
Ел шабысып кеттi ме соның бәрi,
Алып қашып алды ғой талай пенде.
Мал аямай, пейiлдi салсаң кеңге,
Жарастырар, табылар аға, жеңге...–
деген болатын Еңлiк.
Нысан Абыз болжаған тағдырға нық сенген, тәуекелге емес, өлiмге бел буған Кебек бұл сөздi мүлде ескерусiз қалдырады. Қыздың жұртына хабар салмайды, өз жұртынан пана сұрамайды. Әуелгi кезде болған iстен екi жақ та бейхабар – «Матай – қызды, Тобықты – Кебектi iздеп», бос сабылады. Еңлiктi Кебектiң алып қашқаны нақты белгiлi болғаннан соң да, iс аяғы бiрден насырға шаппайды. Әуелде Тобықтыға кiсi салған Матайлар мазаққа ұшырайды. Арада бiр айдай уақыт өткен соң, барымта басталады. «Қыз алды да, жөн жауап бермедi деп, – Матайлар бiр қос жылқы алып кеттi».
Барымтаның басты мәнi – қашан да талау, тонау емес, күшпен мал кепiл алып, айтқан талапқа көндiру. Бiр қос қана жылқы алған Матай Тобықтыны келiссөзге шақырып отыр (қандай талап қойылмақ – ол басқа әңгiме). Бiрақ Тобықты қарымтаға шығады. Сөз ыңғайына қарағанда, бұл шабысқа бар Тобықты емес, Кебектiң өз табы жуантаяқ қана қатысады. Бұдан соңғы жерде Кебектiң мүлде қорғаусыз қалғанын көремiз. Сонымен қатар қызды алып қашып үйлену – патриархалдық салт үстемдiгi арқасында ғана жүзеге асуы мүмкiн жағдай екен. Қалқаман мен Мамырды қорғай алмаған шариғат Еңлiк пен Кебектi қуғындайтын ең басты күшке айналады. «Шариғаттың әмiрiмен өлтiремiз, – Малға бiтiм қылмаймыз, оған сенсiн!» – дейдi Матайлар. Нәтижесiнде батырдың тағдыры Кеңгiрбай мен Көбейдiң жұмбақ-жауап сөздерi арқылы шешiледi.
Әлбетте, Кеңгiрбайдың ағайын алдында өзiн ақтар сылтауы көп. Оның бiразы, жоғарыда айтқанымыздай, негiзсiз де емес. Бiрақ Кебектi қорғауға тым құрса аз-маз талап жасамауы қалай? Романтикалық махаббат жайын ұмыта тұрып, басқа бiр тұрғыдан қарасақ, Кебек ең алдымен ел тыныштығын бұзушы, алысып, арпалысып, қан төгiсiп, ендi ғана бiтiмге келiп отырған екi ру арасына қайтадан от жағушы болып көрiнбек. «Қырылыспай бiтпеймiз, таусылғанша, – Не Найман, не Тобықты бiрi қалсын!» – дейдi Матайлар. Кеңгiрбай мәселеге осы тұрғыдан ғана қарайды. Кебектiң әрекетсiз қарсылығының бiр себебi де осында жатса керек. Еңлiк – Кебек трагедиясында ру тартысы – айқындаушы күш емес, шешушi де күш емес, орындаушы ғана. Бар кiлтипан – хандық құлаған, елдiк тозған, бiрлiк қашқан заманда. «Жолсыз жазадағы» драма адам мен тағдыр арасындағы тартысқа құрылған.
Атап айту керек, «Жолсыз жаза» мен «Қалқаман – Мамырдағы» тағдыр – мистикалық бұлдыр күш емес, заман мен жағдай жемiсi. Адам санасы мен мезгiл моралiнiң көрiнiсi. Түп негiзi әлеуметтiк жағдаяттарға барып тiреледi. Көкенай – рулық мораль жоқшысы, Бабаң – шариғат жақшысы, екеуi де өзiнше ақ жолда: келiспеген күйiнде соңындағы жұртымен қоса екi айрылуына болар едi, бiрақ заман – қысылтаяң, дәл iргеде ойрат тұр, ел бiрлiгi – ең басты ұран: ағайын араздығын тоқтату үшiн, Қалқаман оққа байлануға тиiс. Кебектi қорғауға болар едi, онда жан сақтар қонысқа жаңа жеткен, өзара қырқыстан ендi ғана тыныстап отырған аталас екi ру қайтадан қанға батыспақ, бiр батыр емес, талай батырдың басы кетпек: Кебек құрбанға шалынады. Шәкәрiм шығармаларындағы басты арқау, негiзгi тұғыр – қоғам өмiрi, әлеумет ахуалынан өрiстейтiнiн көремiз. Басты қайшылық мiнез бен мiнез арасынан емес, адам мен қоғам арасынан туындайды. Және тартыс мәнi, шешiм сыры сан-салалы... Мiне, осының бәрi Шәкәрiм поэмаларының реалистiк сипатын айқындаса керек.
«Оятқан менi ерте шығыс жыры», – деп, «Жасымнан жетiк бiлдiм түрiк тiлiн», – деп, өзiнiң төл әдебиеттен тысқарғы ең алғашқы өнеге мектебiн нақты атаған, классикалық тәжiк-парсы поэзиясын да, тамырлас, туыстас халықтарға тегiс тиесiлi орта ғасырлық түркi әдебиетiн де терең таныған ақынның айрықша қадiр тұтқан шайырлары Хожа Хафиз, Физули мен Науаи болатын. Шәкәрiмнiң Фердауси мен Сағдидi де, Хожа-Ахмет Яссауи мен Софы Аллаярды да жақсы бiлгенi күмәнсiз. Осы жұлдыздай жыпырлаған көп ақын iшiнде Шәкәрiм әсiресе Хафиздi жанына жақын тұтады. Германиядағы Гетенi де, Россиядағы Пушкиндi де баураған, жаңа дәуiрдегi Еуропа поэзиясына үлкен ықпал жасаған Хожа Хафиздi Шәкәрiм өзiнiң ең ұлағатты ұстаздарының бiрi санайды. Үнемi сырласып, мұңдасып отырады. Тiптi өмiрiнiң ең соңғы күндерiнде де Хожа Хафиздi аузына алады, оны түсiнде көргенiн айтып, бұл – дәм-тұздың таусылғаны, фәнилiк жарықтан бақилық даңққа өтудiң белгiсi деп бiледi.
Шәкәрiмнiң Хожа Хафиздан аударған өлең-жырларының саны бiршама. Бұлардың басым көпшiлiгi тәржiма болғанмен, бiразы Хафиз сарынындағы төлтумаға ұқсайды. Шәкәрiмнiң шығыс үлгiсiндегi мұрасы сол тұстағы қазақ поэзиясының iзденiс өрiсiн, игерген аймағы туралы нақты түсiнiк берсе керек. Шәкәрiмнiң шығыс жырлары көркемдiк ойдың жаңа бiр белесi болды. Мұндағы өрнектi, иiрiмдi жан толқынысы, үлгiлi тiл мәдениетi – ұлттық поэзиямыздың Абай жеткiзген ең биiк тұғырымен деңгейлес.
Шәкәрiмнiң шығыс тақырыбындағы ең көлемдi мұрасы – «Ләйлi – Мәжнүн» (әуелде, 1922-1923 жылдары «Таң» журналында жарияланған, 1935 жылы Сәен Сейфуллин қайыра бастырған). Түп негiзi Физулиге барып тiрелгенiмен, бұл еңбектi қазiргi ұғымдағы аударма деп айту қиын. Ләйлi мен Мәжнүннiң ғашықтық хикаясы Низамиге де, Науаиға да шабыт берген. Шығыстың сөз зергерлерiнiң жыр жарысы – нәзира дәстүрi бойынша, ақынның ең басты мұраты жаңа тақырып табу емес, жаңа жол табу, белгiлi сарынды өзгеше түрге бөлеу, өзiндiк бояумен бейнелеу десек, Шәкәрiм қалдырған «Ләйлi – Мәжнүн» дастаны мың жылдық тарихы бар ежелгi сюжеттiң ең соңғы көрiнiсi, шын мәнiсiндегi төлтума болып табылады.
Ұлы Абай: «Ғылымды iздеп, – Дүниенi көздеп, – Екi жаққа үңiлдiм», – дейтiн. Абай мектебiнен тағлым алған, Абай жолын жалғастырған Шәкәрiм де екi жаққа бiрдей назар салады, әлемдiк сөз өнерiн танып-бiлуге, оның бар жақсысын бойға сiңiруге, ел игiлiгiне айналдыруға күш салады. Тiптi әшығысым батыс болып кеттiә деген ақын аға iзiмен, өмiрiнiң екiншi жартысында Еуропа әдебиетiне, оның iшiнде әсiресе орыс әдебиетiне айрықша ден қояды. Тек көркемдiк танымда ғана емес, қоғамдық танымда да, өмiрдiң, тiршiлiктiң барлық саласында орыс бiлiмпаздарының жолын ұстанады. Қасиеттi синод Лев Толстойды дiнсiз деп жариялаған күндерде айтылған: «Танбаймын, шәкiртiмiн Толстойдың!» – деген сөз тек әдебиетке ғана қатысты емес. «Толстой кәпiр емес, кәпiр өзiң», «Ақиқат сырымды айтсам, Толстойдың, – Мың сопыны алмаймын тырнағына» – исламшыл дiндарларға ғана емес, кертартпа дiн атаулының өкiлдерiне арналған сөзi, дiн түнегiн ғана емес, аққа қарсы, әдiлетке, ерiктi ойға қарсы реакцияшыл көзқарасты, зорлық-зомбылық атаулыны айыптайтын азаматтық ұран. Толстой сияқты «нұр жарықты» перзенттер бар халыққа ортақ, бүкiл адамзат ұстазы деген пiкiр түйедi Шәкәрiм.
Лев Толстойдың Шәкәрiм болмысындағы өзгеше жарық сәулесi ақынның адамдық тұлғасы мен ағартушылық қызметiнен, ойшылдық кейпi мен қаламгерлiк қарымынан – бүкiл өмiр жолы, өнердегi мұратынан айқын танылады. Ақын фәни тiрлiктен аулақтаған, жапанда жалғыз жатқан күндерiнде – 1924 жылы Толстойдың iзгiлiктi, мейiрбандық, бауырмалдықты уағыздаған «Ассирия патшасы Асархадон», «Үш сауал», «Крез патша» әңгiмелерiн аударады. Бұл аудармалар кезiнде баспа көрмегенiмен, қолжазба түрiнде халық арасына кеңiнен тарайды.
Шәкәрiмнiң халық бiрден қабылдаған, жыр етiп айтып, көшiрiп оқыған, бiрақ кешеуiлдеп, кiтап бетiн 1924 жылы ғана көрген, оның есесiне ақын өлiмiнен соң, 1935 жылы қайыра жарияланған (баспаға шығарған – Бейсенбай Кенжебаев) ең елеулi еңбектерiнiң бiрi – «Дубровскийдiң» өлеңмен жасалған аудармасы. Повесть тәржiмасына өз тарапынан берiлген арнауда Шәкәрiм:
Өлшеусiз көп жасаған дүние кәрi,
Тағы талай жасамақ мұнан да әрi,
Иесiнен басқаға мәлiм емес,
Қанша тұрмақ, қаншама тұрғандары, –
деп бастап, қоғамның даму заңдылықтары, адам мен заман туралы толғанады. Ақыл-ой, өнердiң жемiсi зиянға шыққаны, қоғамдық қайшылықтар нәтижесiнде қан төгу, қанау құралына айналғаны турасында толғана келiп, ақын бүкiл дүниенi өзiне бағындырған, ой мен қырды, құрылық пен суды түгел жайлап, «аяғында шар мiнiп, аспанға ұшқан», бiрақ мейiрбандық, iзгiлiк, бауырмалдықтан айрыла бастаған, бетiн терiске бұрған адамзатты түзейтiн жалғыз-ақ жол бар, ол – тiл қаруы, сөз өнерi деп түйедi. (Аударма жасалған уақыт – XIX ғасырдың аяқ шенi тәрiздi, алғашқы аэроплан 1903 жылы ғана аспанға көтерiлген едi). Осындай, адам баласын тура жолға тартқан, «талықпай тас бұлақтың көзiн ашқан» даналардың бiрi – Пушкин деп таниды. Шәкәрiм «адамның түзелмегi» үшiн, «ғибрат үшiн» жазылған Пушкин хикаятын нақпа-нақ аударуды мұрат тұтпағанын, оның себебi – өз тұсындағы оқушы, тыңдаушы қауымның таным дәрежесiне байланысты екенiн ескертедi, сонымен қатар тәржiманың түпнұсқаны сақтайтынын, ауа жайылмайтынын да атап айтады.
Прозалық түпнұсқа мен өлең түрiндегi тәржiманы мұқият салыстырып қарағанда, Шәкәрiмнiң Пушкиндi ғана емес, жаңа үлгiдегi бүкiл орыс әдебиетiн жақсы бiлгенi, оның көркемдiк ерекшелiктерiн кәмiл танығаны байқалады. Қазақ ұғымына лайықталды дегенмен де, түсiп қалған эпизод, бедерленбей кеткен сурет жоқ. Повестiң қомпозициялық желiсiн берiк сақтаумен қатар, XIX ғасырдағы орыс әдебиетiнiң үлкен жетiстiгi, әлемдiк көркем танымға соны жаңалық, тың тыныс әкелген нәзiк психологизмге айрықша ден қойған. Кейiпкерлер тағдырының қоғамдық астары, олардың iс-әрекетiнiң мiнез-құлықтық негiздерi тура пайымдалған. Аудармашы сәл-пәл еркiн кеткен тұстардың өзi түпнұсқада негiзi салынған, шығарма болмысымен астас сипатта. Аударма өресiн, Шәкәрiм шеберлiгiн танытарлық бiр ғана үзiндi келтiрейiк:
Шал Антон бишiк бұлғап, божы қақты,
Зыр желдi күрмедегi ат, шеткi ат шапты.
Өткенiн қанша уақыт пайым етпей,
Владимир тым терең ой ойлапты.
Ат быр-быр, арба күр-күр, қоңырау шылдыр,
Тау, ағаш кейiн қалып қақты бұлдыр
Бұлардан Владимир түк сезбейдi,
Әкетпес әлдеқайда көңiл құрғыр.
Түпсiз ой, түпсiз қиял неше мыңдап,
Бiрi бүйт, бiрi сүйт деп тұрады ымдап,
Тұңғиық тұманданған алдыңғы өмiр,
Тұрғанын бiлiп болмас не дайындап...
Шәкәрiмнiң «Дубровскийi» Октябрь қарсаңындағы қазақ әдебиетiндегi жарқын құбылыстардың қатарына жатады. Жұртшылықтың Пушкин атына бiржола қанығуы, орыс мәдениетiнiң сәулесiн бойға сiңiруi, адам атаулының бауырластығын сезiне түсуi өз алдына, жаңа заманға аяқ басқан, жаңа тақырыптар игерiп, жаңа үлгiге көшкен, көркемдiк танымы жетiлiп, қаламгер шеберлiгi артып, тың тұғыр, соны өрiс iздеген қазақ әдебиетiнiң даму жолындағы елеулi белестердiң бiрi болды. Ұлт әдебиетiнде туған төл шығармадай бойға дарып, өнердi жаңа мұратқа нұсқаған үлгi қызметiн атқарды. Қазақ тiлiндегi «Дубровский» тек ұлттық әдебиет ауқымындағы ғана емес, бүкiл әлемдiк пушкинианадағы ең елеулi оқиғалардың бiрi ретiнде бағалануға лайық.
Шәкәрiмнiң қаламгерлiк қызметi тек ақындықпен, аудармашылықпен шектелмейдi. Ғұлама еңбегi сан салалы. Оның суреткер ретiндегi мұрасының бiр тармағы – проза болса (әйел бостандығы, ескi қазақ аулындағы саяси-әлеуметтiк жағдай туралы жазылған «Әдiл – Мәрия» повесi), автор мүлде басқа тұрғыдан көрiнетiн тағы бiр мол арна – тарих пен философия. Бiр мақалада, шәкәрiмтанудың алғашқы кезеңiнде бәрiн қамту, бәрiн айту мүмкiн емес. Десе де, атаусыз қалдыруға болмайтын кейбiр еңбектерiн еске салайық.
Шәкәрiм мұрасындағы өзгеше тұрпатты шығарманың бiрi – ел арасында «Шежiре» атанған «Түрiк, қырғыз, қазақ һәм хандар шежiресi» атты еңбек (Орынбор, 1911).
Шәкәрiм шежiресi – көшпендi халықтар мәдениетiндегi көне салтты – бағзыдағы Рәшид-әд-Дин, кейiнiректегi Қадырғали Жалайыр, Әбiлғазы-бахадүр-хан дәстүрiн жаңа заманда жаңаша жалғастырған құнды еңбек. Әрине, көне үлгiдегi композициялық құрылысы, жер бетiндегi барлық жұртты Адам-Ата – Хауа-Анадан, Нұх пайғамбар мен оның үш баласы Сам, Хам, Яфеттен тарататын, бұрынғы-соңғы елеулi оқиға, құбылыстардың барлығын жеке есiмдер тарихымен ғана бай- ланыста қарастыратын, аңыз бен шындықтың шегiн ажырата бермейтiн бiтiм-болмысы Шәкәрiм шығармасының тарихи зерттеу емес, шежiре екендiгiне айғақ. Бiрақ бұл – жаңа шежiре, бұрынғылардан басқаша кейiптегi шежiре.
Шәкәрiм орыс ғылымының екi ғасыр шегiндегi жетiстiктерiн кеңiнен пайдаланумен қатар, түрiк тарихшыларының зерттеулерiне де ықылас қояды. Тұма-намада XIII ғасырдағы «Моңғолдың құпия тарихынан» бастап, XVII ғасырда жазылған Әбiлғазы-бахадүр-хан шежiресiне дейiнгi бiраз мұраны мұқият қарастырады. Осының нәтижесiнде кезiнде жұртшылық арасына кең тараған, қазiр де танымдық мәнiн жоймаған өзгеше еңбек жазып шығады.
Шәкәрiм шежiресiнен орта ғасырлардағы түрiк, монғол тайпалары туралы бiршама мағлұмат аламыз. Қазақ халқының шығу тегi, оның негiзiн құраған рулар туралы мағлұматтар жаңа ғасыр басындағы ғылым деңгейiнде. Сонымен қатар, тарихи, ғылыми еңбектер ғана емес, ел аузындағы ескi хикая, көне аңыздар негiзiнде жазылған шежiреден қазақ халқының құралу кезеңiне, оның тарихындағы белгiлi бiр оқиғаларға байланысты әңгiмелердiң сұлбасы танылады. Әз-Жәнiбек, Қасым, Шығай, Тәуекел, Еңсегей бойлы Ер Есiм, Салқам Жәңгiр, Әз-Тәуке, Абылай атына байланысты мағлұматтар қазақтың ұлттық тарихы болғандығын, ата-бабалардың ел үшiн, жұрт үшiн, тәуелсiздiк үшiн аяусыз күрес жүргiзiп келгендiгiн, қоғам мұраты қашанда жеке адам мұратынан биiк тұратындығын көрсетедi. Жекелеген жаңсақ деректерiне, желiлi тарихи көзқарастың жоқтығына қарамастан, халық өткерген кешу жол дұрыс байыпталған. Автордың алға тартқаны – қазақ қаншама ықылымнан берi атамекен жерiнде өсiп, өркендеп келе жатқан, бағзы замандардың өзiнде iргелi ел болған жұрт дейтiн өзектi түйiн. Шәкәрiм шежiресiнiң қазақ қоғамдық ойының даму тарихындағы орны да осы тұрғыдан бағаланса керек.
Ғұлама қаламгердiң ұрпақ тарапынан әдiл бағасын алуға тиiс тағы бiр күрделi еңбегi – «Мұсылмандық кiтабы». Үстiрт қарағанда «иман, ғибадат, басқа һәм түрлi шариғат iстерiн» ұғындыру мақсатында жазылғандай көрiнгенмен, еңбектiң шын мәнiсiндегi маңыз-мағынасы тереңде. Автор кiтаптың алғысөзiнде қазақ арасында дүмше молдалар, арамза қоалар көп ұшырасатынын, олардың елдi құдай жолы – әдiлет жолына бұру орнына шатастырып, адастырып қоятынын, иман емес, мал табу жайын ғана ойлайтынын ескертедi. Бар қасiрет қараңғылықта. Ал қараңғылық себебi тiлi бөтен Құран сөздерiнен мүлде бейхабарлықта ғана емес, елдiң оқу-бiлiмнен мүлде кенде қалғандығынан деп бiледi.
Әлбетте, Шәкәрiм – атеист емес, дiндар. Бiрақ оның мұсылманшылығы да қалыпты түсiнiк аясына сыймайды. Мәселен, дiн табиғаты, ождан туралы айта келе Шәкәрiм: «Алла тағала пенделерiне тура жолды ұқтыру үшiн, бiр заманда пайғамбарлардың қайсыбiреулерiне кiтап жiберген. Оның үлкенi төртеу: бiрi – бiздiң пайғамбарымызға жiберген Құран, бiреуi – Мұса пайғамбарға жiберген Таурат, бiреуi – Дәуiд пайғамбарға жiберген Забұр, бiреуi – Ғайса пайғамбарға жiберген Iнжiл... Солардың бәрi де рас деп нану керек», – дейдi. «Көктен түскен төрт кiтап» – мұсылман теологиясында ежелден бар ұғым. Алайда, Шәкәрiмнiң бар деректi байыптауы басқаша: қасиеттi кiтаптардың озығы, қалығы жоқ, ал Құран «өзiнен бұрынғы дiни ұғымды жалғастырады, негiзгi ерекшелiгi – «кейiнгi заманына қарай». Мұсылмандық догма тұрғысынан қарағанда бұл – нағыз кәпiр сөзi. Шәкәрiм мұнымен шектелмейдi. Автор пiкiрiнше, тәңiрiнiң атауы әр түрлi, табиғаты бiреу-ақ; адам баласының жаратылысы, ой-өзегi ортақ, барлық адам – бауыр, ақиқат жолы жалғыз.
Еңбектегi таза дiни толғаныстар, мәселен, жаратушының барлығы, бiрлiгi туралы тараулар орта ғасырдағы Шығыстың жаңа тарих кезеңiндегi Еуропаның идеалистiк философиясының ауқымында. Ал көлемдi еңбектiң негiзгi бөлiмi – әдет-ғұрып қағидасы, моральдық-этикалық тұжырымдар деуге болады. Мәселен, жеке тараулар былай аталады: «Адам хақы мен хайуан хақы», «Әр түрлi залымдықтан һәм жамандықтан сақтанбақ»; «Әрбiр халал iстi iстеуге ұмтылмақ», «Пайда келтiрмек, зияннан құтылмақ», «Тәубе қылмақ, кiнәдан тыйылмақ», «Неке туралы», «Ата-ана хақы», «Аманат туралы», «Сауда туралы», «Аң ауламақ», т. т. Бiр сөзбен айтқанда, Шәкәрiм жаратылыс, адам жайын дiни көзқарас тұрғысынан ұғындыра отыра, адамгершiлiк моральдi алға тартады, әдiлет, шапқат жолын насихаттайды. Егер ислам дiнi айрықша ықпалды елдердiң бiрiнде жасаса, Шәкәрiм құдайдан безген дiнсiз деп танылып, баяғы Нәсими сияқты, табанынан таспа тiлiнетiн қатал өлiмге кесiлген болар едi.
Ғалам болмысы, замана тұрпаты, адам табиғаты туралы көп толғанған Шәкәрiм өмiрдiң мәнi, дүниенiң баянсыздығы жайында да көп жазған едi.
Қайғы емес қаза,
Болмаймын наза,
Ноқталы басқа бiр өлiм...–
деп, жас кезiнде-ақ өмiрдiң өтпелi кебiн мойындаған ақынның, алпысқа аяқ артқан шағында: «Қаласың қай сайда...» – деп, өз өмiрiнiң немен тынарын болжаған ақынның қайғылы қазаға ұшырауы да, отыз жыл бойы ойпаңда, құр құдық түбiнде жатуы да шын трагедия емес. «Туған жан өлмек, – Тағдырға көнбек», – деген Шәкәрiмнiң өзi. Ақын өмiрi, ақын тағдыры. Ең үлкен қайғы, шын трагедия – Шәкәрiм мұрасының елу жыл бойы жабулы жатуы. Қысастан өлген ақын жаны бiр сәт қана азап шексе, өзiнiң ең елеулi қайраткерлерiнiң бiрiн санатқа қоса алмаған рухани мәдениетiмiз жарты ғасыр бойы жапа көрiптi. Сол кемiстiң орны ендi ғана толып отыр.
«Өткенге салауат», – дейдi мұндайда қазақ. Амалсыздан айтылатын сөз. «Өлген – тiрiлдi, өшкен – жанды» дейдi тағы да. Үмiт пен тiлек көрiнiсi. Ендiгi мұрат – барымызды бағалап, асылымыздың қадiрiн тану. Бұл – бiрер күнде орнына келер оңай шаруа емес. Алда қаншама жұмыс бар. Қазiргiмiздiң бәрi соның бастамасы ғана.
Мұхтар Мағауин. Ақын, тарихшы, философ – 1 мына жерде
Мұхтар Мағауин. Ақын, тарихшы, философ – 2 мына жерде
Бөлісу: