Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұхтар Мағауин. Ақын, тарихшы, философ - 2...

23.02.2019 6726

Мұхтар Мағауин. Ақын, тарихшы, философ - 2

Мұхтар Мағауин. Ақын, тарихшы, философ - 2 - adebiportal.kz

Шәкәрiмнiң ескiлiк тақырыбына арналған үшiншi поэмасы «Нартайлақ пен Айсұлу» – бұл топта бiршама оқшау тұрған шығарма. Сырттай қарағанда поэмаға ескi ел аңызы, бағзы бiр кездердегi Айсұлу, Нартайлақ дейтiн бақытсыз ғашықтар тағдыры өзек болған тәрiздi көрiнедi. Алайда, шығарма сюжетi бастан-аяқ ақын қиялының ғана жемiсi екенi байқалады.

«Атақты Әмiр-Темiр заманында» өтiптi-мыс оқиғаның мекенi – Бақанас, Байқошқар, Балқыбек, Құр, Балға өзендерiнiң бойы, қазiргi әкiмшiлiк-территориялық бөлiс бойынша Семей облысы, Шұбартау ауданының «Горный», «Алғабас» аталатын совхоздарына тиесiлi, iшiнара Абай ауданының «Бiрлiк»совхозымен шектесiп, кiрiгетiн жерлер. Сонымен қатар поэмада Үшқызыл, Қаранай, Тазқызыл, Тектұрмас, Балғашоқы, Сапанай, Үйтас, Томан, Бiрбет, Самсы, Ақтас, Шолақ өзек, Нартайлақ, т. б. тау қоныс аттары ұшырасады. Бұлардың бәрi де қазiргi Шұбартау ауданына қарасты, революциядан бұрынғы кезеңде Тобықтымен көршiлес Керей руына тиесiлi мекендер. Шәкәрiм осы өзен-су, жайлау-қыстау жерлердiң барлығының да атауларын Нартайлақ – Айсұлу хикаясымен байланыстырады; өзендердiң бәрi – осы оқиғаға тiкелей, немесе жанама қатысы бар кiсiлердiң есiмiне қойылған, ал тау мен сай, жайлау, қыстаулардың дәл солай аталуы – сондай да сондай себептен.

Жергiлiктi жұрттың ұғымында жоғарыда келтiрiлген атаулардың ешқайсысы да әлдебiр ғашықтардың тарихымен, баяғыда болыпты-мыс адамдар атымен байланыстырылмайды, керек десеңiз, бұл өңiр Айсұлу, Нартайлақ әңгiмесiнен мүлде бейхабар. Ал поэмада сөз болатын нақты белгiлер – Томанның, Сапанайдың күмбездерiне, Нартайлақ бейiтiне келсек, бұлардың бәрi де XVIII ғасырдың екiншi жартысынан қалған, сол төңiректегi жұртқа белгiлi адамдардың басына қойылған ескерткiштер.

Томан, поэмадағыдай «күң кемпiр» емес, Керей руын билеген атақты би, Тобықты Кеңгiрбайдың жасы кiшi замандасы. Өз тұсында ру арасындағы дау, егеске көп түскен, шешендiгiмен, ұтқырлығымен топтан озған адам: дәулет қумайтынын дәлелдеу үшiн ғұмыр бойы қара күркеде тұрған. Өлген соң өз өсиетi бойынша, егестi жердiң шегiне, Тобықты, Найман, Керей үшеуi бiрдей тоқайласатын шекараға қойылыпты, саз кесектен өрiлген күмбезi күнi бүгiнге дейiн бар, Шәкәрiм айтқандай, «Балқыбектiң басында» қазiр Томан аталатын жерде тұр, ешкiм де күңнiң зираты демейдi, бидiң зираты дейдi, ұрпақтары қасиеттi санап, ақтық байласады.

Сапанай да «Әмiр-Темiр заманының» ұшығын көрмеген жан. Ел әңгiмелерiнiң айтуынша, Найманның батыры екен, Кеңгiрбай Шыңғысқа таласқанда жеңiлiп, ығысқан Матайдың бiр тобын бастап, Керей үстiне келедi, екi арада тағы да қақтығыс туып, қазаға ұшыраған Сапанай, келiсiмнен соң, сол заманның салты бойынша, қаны тамған жерге көмiледi. Сапанайдың төбесi түскен күмбезi Шәкәрiм айтқандай, «Үшқызылдың тұмсығында», Бақанас пен Байқошқардың құйғанында тұр.

Ал, Нартайлақ – Керейдiң Қосай руынан шыққан; мiнезi қатты, тентек адам екен: ел аузындағы әңгiмелерге қарағанда, тоқалымен көңiлдес болып қойған әлдебiр туысын, бiр бетiн кесiп алып, өмiр бойы бетсiз, қарабет боп жүрер өзгеше жазаға ұшыратады. (Бұл әңгiменiң ұшығы Шәкәрiм поэмасынан да көрiнiс тапқан). Нартайлақтың шикi кiрпiштен қаланған, мүжiлiп тозған төрт құлақты зираты, шынында да, Құрдың бойында тұр, бiрақ орта ғасыр емес, кейiнгi кез белгiсi екенi айқын танылады. Қайткенде де, поэмадағыдай, тоқал арғын ұрпағын осы Нартайлақтан тарату ешбiр қисынға келмейдi.

«Нартайлақ пен Айсұлу әңгiмесi» ел аңызы, немесе тарихи деректер негiзiнде тумаған. Бұл поэмадан тiптi «Қалқаман – Мамыр», «Еңлiк – Кебекке» тән көне заман көрiнiстерiн де ұшырата алмаймыз. Оқиға «Әмiр-Темiр заманы» емес, Құнанбай заманында болып Жатса, ештеңе өзгере қоймас едi. Автор «жаңа өскен жасыл гүлдей жас ұландарды» абзал мiнез, озық салтқа үндеп, өткен, көлеңкелi күннен ғибрат әңгiме айтуды ғана мұрат тұтқан. Бұл ниет қаншалық дәрежеде жүзеге асты дегенге келсек, «Нартайлақ – Айсұлу» – Шәкәрiм атын ақтай алмайтын шығарма екенi талас туғызбаса керек.
Ал сырттай қарағанда, махаббат тақырыбына арналған «Еңлiк – Кебек», «Қалқаман – Мамыр» – күйкi мелодрама емес, кең тынысты туындылар, осы сөздiң толық мәнiсiндегi драмалық дастан, әдебиетiмiздiң тұтас бiр дәуiрiнiң үздiк үлгiлерi болып табылады.

Екi поэмада да жеке бас трагедиясы халық трагедиясының бiр бөлшегi ретiнде көрiнедi. Қиын хал, қат-қабат драма нақты бiр кейiпкердiң зұлымдығынан туындамайды. Сол сияқты, жақсылық тiлеген, жәрдем жасамақ болған адамның әрекетiнен де ештеңе өнбейдi. Бабаң – ел қамқоры, ағайын панасы. Алайда, әдет-ғұрып заңына тоқтау сала алмай, Қалқаманды оққа байлап бередi. Кеңгiрбай – ұнамды кейiпкер, бiр өзiнiң емес, бүкiл Тобықтының қамын жейдi. Бiрақ жағдай құрбаны, заманадан жапа шегушi: Кебектi амалсыздан өлiмге қияды. Тiптi Мамырды атып өлтiрген, Қалқаманды өлiм азасына кесудi талап еткен Көкенайдың өзi қалыпты ұғымдағы «ұнамсыз қейiпкер» емес. «Өзi батыр, мiнезi қатты кiсi» деп сипаттайды Шәкәрiм. Қаныпезер едi, қара жүрек едi демейдi. Өйткенi ол – ата салтының, патриархалдық ғұрыптың сақшысы, о да заман мен жағдай құрбаны. Поэмалардың бас кейiпкерлерi де өз дәуiрiне сай сыр-сыпатта. Бiрақ өз ортасының әдет-салтын аттап өтiп, махаббат бостандығына ұмтылады. Бұлар да құрбан – асықтық құрбаны. Әсiресе, тағдырының немен аяқталарын бiле тұра басқа жол таңдамаған, махаббатынан айнымау арқылы ажалға қарай қадам басқан Кебек мiнезi айрықша кесек. Қандай сыпат, қандай тұрпатта көрiнсе де, Шәкәрiм бейнелеген кейiпкерлер толыққанды реализм жемiсi болып табылады. Бұл реттегi айрықша атап айтарлық бiр жетiстiк – Шәкәрiмнiң психологиялық талдау шеберлiгi.

Айшықты сөздiң қас зергерi Шәкәрiм екi поэмасында да кәдiмгi қара өлең үлгiсiне жүгiнедi. Бұл – мазмұнға сай тыңдалған, трагедиялық халдi, өзгеше сезiм толқынысын алып ұшпасыз, әсiресiз, қарапайым да нақты жеткiзер ең ұтымды түр екенiне көзiңiз жетедi. Поэмалардың баяндау сарыны, көркемдеу жүйесi – бүкiл болмыс-бiтiсiнен кәнiгi шеберге ғана тән салқын сабыр, сөз нарқы нақты байыпталған суреткерлiк, өткен тарихты, көне тұрмысты, қазiргi ахуалды терең таныған бiлгiрлiк көрiнедi. Оқиғаға бай, драмаға толы, жанды тұлғалары нақты дараланған, қаламгерлiк мұрат айқын таңбаланған екi поэманың да көлемi таң қаларлықтай шағын – «Еңлiк – Кебек» не бары 652 жол, ал «Қалқаман – Мамыр» бұдан екi еседей кем – 372 жол. Бiрақ осы шағын көлемге романдық материал сыйған.

Әлбетте, көркем әдебиет атаулының ең басты нысанасы – жанды кейiпкер тұлғалау десек, Шәкәрiмнiң бұл саладағы мүддесi мен мұраты, соны ой, жаңашыл қолтаңбасы осы поэмалардан мейлiнше айқын көрiнiс тапқан. Және Шәкәрiмнiң бұл тараптағы өзгеше жемiстi қызметi тек Абай мектебiнiң ғана емес, екi ғасыр шегiндегi бүкiл әдебиетiмiздiң даму, түрлену процестерiн, жаңа сапаға көшу жолын толық байыптауға мүмкiндiк бередi, қазақ әдебиетi көркемдiк iзденiстiң жаңа бiр биiгiне шыққанын айғақтайды.

Кейiпкердiң сыртқы сұлбасы – портреттен басталық. Персонаж болмысына тiкелей байланыста болғанымен, портрет көркем шығарманың заттық құрылымының бiр бөлiгi, яғни, көрнекiлiк сипаты бар белгi, сондықтан да дәл осы ретте көне мен жаңаның айырымы бедерлi танылмақ.

Халық ұғымындағы дәстүрлi сұлулық белгiсi: қыздың бойы бұралған тал шыбықтай, тұлғасы толып пiскен, сабағынан үзiлмеген алмадай, екi бетi албыраған қан қызыл, қиғаш қас, торғын тамақ, сүйрiк саусақ...

Ал қазiргi оқырманға осының бәрiнен де әбиiк қабақ сұрлау қызә дейтiн жалғыз-ақ штрих нақты портреттiк кейiп болып көрiнбек. Бұл – Шәкәрiмнiң Еңлiгi. Авторлық көзқарас тұрғысынан емес, Нысан абыздың болжауы арқылы айтылған жалғыз ауыз сөз мекен-тұрағы беймәлiм құпия қыздың тәкаппар, шешiмтал мiнезiн айқын танытқандай. Ендi Кебек портретiн iздейiк. «Көзi өткiр, қара торы жiгiт екен, – Орта бойлы, тапалдау, қең иықты». Дара кейiп деп айту қиын. Бiрақ дерексiз де емес. Ең бастысы – гиперболадан ада. Батырымыз – орта бойлыдан төмен, қарапайым ғана жiгiт. Алайда, көптiң бiрi емес; қайраты кең иығынан аңғарылса, мiнезi – өткiр қара көзiнен танылғандай.

Ал «Қалқаман – Мамырда» ақын кейiпкерiнiң жасы нешеде екенiн хабарлаумен шектеледi: «Ол байдың он бес жасар қызы Мамыр», «Әнет Бабаң Арғынның ел ағасы... Сол кезде тоқсан беске келген жасы». «Он бес жасқа» қосымша дерек – «әрi сұлу... еркек-шора», «тоқсан беске» үстеме – «әрi би, әрi молла». Бiр сөзбен айтқанда, еркекше киiнген (әрине, ескiлiк киiмi деп есептеймiз) сұлу қыз бен ғұлама қария – дерексiз сұлу, шартты ақсақал. Екiншi қатардағы персонаждар кейпi туралы мұндай болмашы деректiң өзi жоқ. «Қалқаман – Мамырдағы» Көкенай, «Еңлiк – Кебектегi» Нысан абыз бен Кеңгiрбай би жас мөлшерi оймен ғана танылар, түр-тұлғасы мүлде күңгiрт кiсiлер. (Қаншалық жанды бейне – бұл басқа әңгiме).

Кейiпкер тұлғалауда Шәкәрiмнiң еркiн әрi кеңiнен қолданған тәсiлi – авторлық мiнездеу. Ақын өз поэмаларының алғашқы, кiрiспе бөлiмiнде бас кейiпкерге арнайы мiнездеме бере кетудi шарт санайды. Әдетте жай ғана таныстыру емес, сыр-сипатын ашар, түр-тұлғасын айқындар, өткенiнен, қауым жұрт iшiндегi орнынан ақпар берер мағлұматтар.

«Жолсыз Жазада», «атты, жаяу бәрiне бiрдей мықты» Кебектiң батыр атағы он бес жасында-ақ елге жайылады. Автордың мiнездеуiнше Кебек қатардағы көп батырдың бiрi емес, өзгеше бiтiмдi, абзалы:

Ел қамы үшiн өлуге жанын сайлап,
Соғыс десе тұрмайды қойса байлап.
Жауға батым, жақынға және әдептi,
Кiшiнi – iнi, үлкендi ағатайлап.

Ақын Кебектiң батырлық кейпiнен гөрi адамшылық тұлғасына көбiрек мән берген. Сөз ыңғайы солай болмас жөнi де жоқ: «Жолсыз жаза» – қаһармандық жыр емес, ғашықтық дастан.

Шәкәрiм авторлық мiнездеумен қатар, сөз тұлға мiнездеудi де кеңiнен қолданады. Осы орайда, «Қалқаман – Мамырда» да, «Еңлiк – Кебекте» де монолог пен диалог кейiпкердiң мiнез ерекшелiгiн ғана емес, iшкi әлемiн, ой өресiн, бүкiл бiтiс-болмысын ашуға қызмет етедi.

«Жақыным қызымды алды, ұнамаймын,
Қорлыққа тартып алған шыдамаймын
Егер де Қалқаманды тiрi қойса,
Ел болып Кiшiкпен бас құрамаймын.
Уа, алла! Бiз кетемiз қазiр ауып,
Менен басқа туысқан алсын тауып!»

Көкенай айтқан бұл сәлемнен оның шешiмтал, бiр мойын, қатал мiнезi, өз заманының моралiне берiк дәтi айқын көрiнедi. Еңлiк кеткен соң, Матайлар Тобықтыға қоятын талап бұдан да қатаң. Бас асау мiнез, қайнаған кек, ашу-ыза танылады.

«Тентегiнiң жазасын мойынға алсын,
Егер оған көнбесе дайындалсын!
Қырылыспай бiтпеймiз таусылғанша,
Не Найман, не Тобықты бiрi қалсын!»

Бабаң лепесiнен кiсiлiк, кеңдiк танылса, Кеңгiрбайдың жұмбақ, тұспалға толы сөздерiнен бидiң iшкi есебi, құрбандықтан да, қазадан да шошынбас қаталдық байқалады. Салыстыралық. Бабаң: «алыс жерге... кете алмас бiр жас бала... болған iс болған шығар, малды аяма», «Бiр алла, өзiңе аян жүрегiм деп...». Кеңгiрбай: «Әнет Бабам емес пе менiң атам... Көрсетемiн қайтемiн, тыныш жатам». Екi сөздiң шешiмi бiреу-ақ: Қалқаман да, Кебек те өлiмге байланады; ал себебi қарама-қайшы: Бабаң, ақырына дейiн тартысты, бар шарасы таусылғанда ғана илiктi, Кеңгiрбай толқыныс, толғақсыз келiстi; екiншi бiр ерекшелiк - Қалқаманның тiрi қалуға мүмкiндiгi болса, Кебекте азапты өлiмнен басқа жол жоқ. Шынында да, Бабаңның жарлығымен топ алдынан шауып өткен Қалқаман ажал жебесiнен аман құтылады, ал Кеңгiрбайдың оң көзi Көбей үстiнен түсiрген Кебек қорлықпен қаза табады.

Шәкәрiм диалогқа да көп салмақ салған.

Қалқаман мен Мамыр жылқыда кездеседi. Қызға iштен ғашық жiгiт көңiл сырын ишара мысал арқылы айтады. Бұл баяғы Адам-Ата мен Хауа-Ана туралы аңыз жайы. Тәңiрi бұларды неге жұп етiп жаратқан, осы арасына ақылым жетпейдi деген сауалға Мамыр жалғыздық құдайға ғана лайық, адамзаттың өмiрi жолдаспен, махаббатпен ғана мәңгi деген тұрғыда жауап бередi. Пайым ғана емес, сенiм: «Жоқ болса махаббатлы бiр сүйгенiң, ойлашы, керегi не дүниенiң!?». Әрине, Қалқаман сөз ыңғайымен өзiнiң «махаббатлы жары жоғын», сондықтан дәл қазiргi тiршiлiгiнiң мағынасызын айтып шағынады. Көңiлi көлеңкесiз қыз сонда ғана жiгiт бастаған әңгiменiң астарын ұғады. Перде ашылды, ендi түйсiнiсу де алыс емес.

Қалқаман мен Мамыр диалогы арқылы автор бiраз жайды аңғартқан. Мұның әуелгiсi – жiгiттiң әдептiлiгi: көңiлдегi ойын тұспал арқылы, онда да шым-шымдап, еппен жеткiзедi. Әдеп қана емес, сақтық болуы да мүмкiн, қан араласпас жақын ата, қыз қабыл көрмеген жағдайда тайқып кету оңай. Қайткенде де, жiгiтiмiз ақылды, қызымыз сезiмтал болып шыққан. Екiншi мәселе – жастардың көзi ашықтығы. Ол заманның бiлiмi – шариғат жайы, дiни мифология; қыз да, жiгiт те бұл жағынан жақсы хабардар, жай ғана хабардар емес, өзiндiк таным-түсiнiгi бар. Осының нәтижесiнде феодалдық ортаның моралiне қайшы iске бел буады. Үшiншi және ең басты сипат – осы шағын диалогта кейiпкерлерiмiздiң жан толқынысы дәл берiлген. Сөз арасындағы авторлық ремаркалар жiгiт сезiмiн, қыз пейiлiн айқындай, аша түседi. Мамыр жөнiнде айтылған: «Жылы жүрек өзiне жар тапқандай, – Тыншымады, тулады, жүз құбылды», – деген сөздерге – қыздың нәзiк тазалығына кәмiл сенемiз.

Кебек пен Еңлiктiң түсiнiсу көрiнiсi бұдан өзгешерек. Жұмбақ та, тұспал да жоқ. Және сөз бастаушы – жiгiт емес, қыз.

Еңлiк сөзi оның өр мiнезiн, өзгеше бiтiс-болмысын аңғартумен қатар поэманың сюжет желiсiне тiкелей қатысты бiрталай ақпар арқалаған. Қыз әуелi өзiнiң шетiн қылығына кешiрiм сұрағандай ыңғай бiлдiредi («Көрiнгенге көз сүзген көрсеқызар, – Әдепсiз қыз дейсiң-ау әлдеқандай»), басқаша шарасы болмағанын айтады. Байдың жалғыз қызы. Атастырған жерi бар. Бiрақ өткен жазда ғана ұрын келген күйеуi өзiне тең емес. Еңлiк сөзi арқылы күйеуге де мiнездеме берiледi:

Нышан жоқ бет аузында сақал-мұрттан,
Бұрын да естушi едiм жайын сырттан.
Түн болса ұйқыдан бас көтермейдi,
Күндiз асық iздейдi ескi жұрттан.

Бетiне тумай тұрып түскен әжiм,
Күңге де есiктегi қылды тәжiм.
Кер кеткен кеселдiге душар болдым,
Осыдан құтыларлық бар ма лажым?!

Жай ғана ынжық емес, ақыл-есi кемiс күйеуден шошыған Еңлiк намысын аяққа басқызбауға, арын таза сақтауға тырысады. «Қасына жатпақ түгiл барғамын жоқ», – дейдi Кебекке. Сонымен қатар, рухани және табиғи кемiстiк – мәселенiң бiр ғана жағы. Еңлiк көңiлi тым биiкте. Сөз салушы жiгiт көп, қыз ұнатса, басын қатерге байлап, алып қашуды ойлайтындар да бар сияқты. «Солардың бiреуiмен кетер едiм, – Байқаймын, бәрi менiң теңiм емес!». Еңлiк, көңiлi қалап отырған Кебектiң өзiнiң қасақана айтқан: «Аз күн қызық көрелiк... бұл дәурен бiр қалыпта тұрмайды» деген сөздерiн де қабылдамайды. Қыздың iздегенi аз күндiк алданыш емес, бiржола қосылар адал жар. Және басқа емес, Кебектi ғана қалаған, соны ғана құлай сүйген. «Қайда барсаң обалым жiбермейдi!..» деген сөз жан ышқынысы ғана емес, өз тағдырының сырттай болса да Кебекпен бiржола қосақталғанын аңғарту. Еңлiктiң бетiнен қайтпас батылдығы оның өлiм алдындағы көпке арнай айтқан сөзiнен де айқын танылады. Сұрағаны – кеңшiлiк, кешiрiм емес, Кебекпен арыздасып өлу және бiр молаға қойылу жайы. Көкенайдың оғына ұшқан Мамыр да өзiнiң кере сөзiн айтып өлетiн, – мен өз қанымды кештiм, ендi Қалқаманды да қыршынынан қима, «екi қан ауыр болар бiр өзiңеә дейтiн. Сырттай ұқсас көрiнгенiмен, басқа мiнез, басқа шешiм. Өкiнiштен ада Еңлiк сөзiнде ашынған ыза бар. Кебек екеуiнiң кiрiптар тұтқынға түскен сәтi – трагедия түйiнi бiржола шешiлер көрiнiс, ал Мамыр өлiмi ғашықтар басындағы қайғының бiр тармағы ғана, ендi Қалқаманның басы саудаға салынбақ; сонымен қатар, елден жырақ, жапанда жатқан, ағайын-туған арашаға жарамаған Еңлiк пен Кебек халi үмiтсiз болса, Бабаң сияқты күштi қорғанышы бар Мамыр мен Қалқаман тағдыры басқаша шешiлуi де ықтимал едi, сондықтан Мамыр сөздерiнде өмiрден ең ақырғы сәтте ғана баз кешкен өксiк бар:

«Қалқаман, аман бол!..» – деп көзiн ашты,
«Алла!..» – деп алақанмен бетiн басты...

Осының алдында, Көкенай атқан ажал жебесi тиген сәттегi кейпi де сөз бен қимылдың шебер астасуы арқылы берiлетiн:

Бүкшиiп, иман айтып, қаны қашып,
Қолтығын қолыменен тұрды басып...

Мамырдың оқ тиген сәтте ажалға мойын ұсынып иман айтуы да, ең соңғы демiмен Қалқаманға саулық тiлеп, алладан кеңшiлiк сұрауы да табиғи әрi шынайы. Көне күндер көлеңкесiн танытумен ғана шектелмейдi, қай заман адамына болсын әсер етер мұң шертедi.

Әрине, кейiпкер тұлғасын айқындайтын ең басты сипат – әрекет және негiзсiз, жосықсыз әрекет емес заманға сай, ортаға лайық, мiнезге сыйымды, психологиялық дәйектi әрекет. Шәкәрiмнiң жаңашылдығы мен суреткерлiгi дәл осы тұрғыда кең өрiс тапқан.

Бiрден көзге ұратын ерекшелiк – әйел бейнелерiне байланысты. Бұлардың бәрiне ортақ Жаңа сипат – күрескерлiк. Әзiр күрес мұраты – жеке бас бақыты, махаббат бостандығына ұмтылу. Көп емес. Аз да емес. Екi ғасыр шегiндегi ағартушылық әдебиетте қазақ әйелi арқалаған бар жүк осы-ақ болатын. Елге ана, жұртқа қамқор әйел – ескi эпос өнегесi және дамудың жоғарғы сатысына жеткен әдебиеттiң үлесi. Көнеден кеткен, жаңаға жетпеген өлiараның өз ерекшелiктерi бар. Шегiнiсi мол, жоғалтқаны көп, аларының бәрi – болашақ есебiнде. Осы тұрғыдан қарасақ, аталмыш поэмалардағы әйелдердiң қай-қайсысы да өз бойына шақ жүк көтерген.

Еңлiк – өр, шешiмтал да батыл болса, тәуекелге бел буып, күрес жолын таңдаса, Мамыр – тым ұяң, Қалқаманды iштей ұнатқанымен, тартыншақтай бередi. Тiптi, оңаша жолығысуға келгенде де бiрден илiкпейдi. Қалқаман өздерiнiң махаббаты шариғаттан тыс емесiне, «басы Бабаң, аяғы шала молда», барлық көзi ашық қауым бұл iстi айыптамасына иландырған соң ғана сөзге көнедi. Мiне, дәл осы сәтте Мамырдың әу бастан-ақ Қалқаманмен тағдырын қосуға бел байлағанын бiлемiз: егер жiгiт қатерлi махаббат жолына шын бекiнсе, қол ұстасып бiрге кетпекке ат әзiрлеп қойыпты. Яғни, ықылас та, арман да бар, тек iс тетiгiн шешудi жiгiт үлесiне қалдырған. Бұл да замана мiнезi, дәуiр шындығы.

Абай өлеңiндегi «бiр сұлу қыз» «етiмдi шал сипаған құрт жесiн деп», биiк жартастан терең суға құлайтын. Жай өлiм емес, қарсылық, күрестiң бiр түрi. Шәкәрiм тұлғалаған Еңлiк те, Мамыр да қаза тапты. Бiрақ бұл – басқа қаза. Абай қызы өлiм – қорлықтан құтылудың бiрден бiр жолы деп бiлсе, Шәкәрiмнiң қыздары қатерге бас тiге отырып, жер бетiнен, жарық күннен бақыт табуға ұмтылады. Қарсылығы белсендi, ал әрекетi баянсыз болса да нәтижесiз емес.

Аталмыш поэмалардағы ғашық жiгiттер тұлғасы бiрiне бiрi ұқсамас дара кейiпте. Шәкәрiмнiң Қалқаманы әуелде Мамырды сүйетiн және сүйгенiне қосылудан басқа мұраты жоқ, албырт та аңғал жас ретiнде ғана көрiнедi. Шариғат жайынан, мұсылман мифологиясынан бiршама хабардар. Сауаттылық нәтижесi ме, әлде өзiнiң жақын туысы Әнет Баба сияқты ғұламадан естiп түйгенi ме – автор бұл жағын ашып айтпайды. Бiрақ Қалқаманның дiн, шариғат мәселелерiнен жақсы хабардар екенi оның артықшылығы ретiнде бейнеленген. Әйтсе де бүгiнгi оқырманға, тiптi ескi жұрттағы елге де Қалқаман шариғатшылдығымен емес, кiрсiз көңiл, адал мiнезiмен ұнаса керек. Әлбетте, Қалқаман батырлықтан ада. Бiрақ батылдықтан махрұм емес. Ең бастысы – намысқор, кiсiлiгi күштi азамат. Бұған Мамыр өлiмiнен соңғы iс-әрекетi, дәлiрек айтсақ, мiнезi мен шешiмi айғақ. Феодалдық ортаның моралiн бұзғаны үшiн оққа байланған Қалқаманның көңiлiнде толқу болғанымен, үрей жоқ, ренiш, күйiк болғанымен, өкiнiш жоқ. Iсi ақтығына, көңiлiнiң тазалығына сенiмi өз алдына, оққа ұшқан жағдайда, өзiнен бұрын кеткен Мамырмен о дүниеде табысарына нанады. Төбе басында тұрған Көкенай садақ тартсын. Жүйрiк атпен шауып бара жатқан Қалқаман «әйтеуiр, ұлы дене аман қалып», оң жақтағы қара санынан жараланады.

Атының жалын құшып жүрiп кеттi,
Басына бiр төбенiң барып жеттi.
Бiр жеңiн көйлегiнiң жыртып алып,
Аузына жарасының таңу еттi.

Қалқаманның жараланып, аман қалған жерiнде тоқтамай, әлдеқайдағы бiр төбенiң басына барып қана аялдауы, артынан «а, құдайлап ат қойған», яғни iзiн баса жеткен жiгiттердiң жәрдемiнсiз, жара аузын көйлегiнiң жеңiмен өзi таңуы – жақын ағайын, жекжат-жұрағаттан ғана емес, бүкiл рудан оқшауланудың алғашқы белгiсi екен. Құрбанға айтар мал орнына оққа байлаған соң, тiрi қалса да көкейдегi зары кетпек емес.

«...Ел қылып Тобықтыны тұра алмаймын,
Ешкiммен ойнап-күлiп жүре алмаймын,
Өлерде аямады, қайда аяйды,
Сендерге ендi мойын бұра алмаймын», –

дейдi, қуаныштан мәре-сәре, той қылып, ат шаптырып ойнаймыз, үйге жүр деп жапырлаған құрбы-құрдастарына. Бұл – Қалқаманның қатқан көңiлi мен тапталған намысынан ғана туындаған сөз емес. Ескi қазақ қоғамында рудан тыс кiсi болмаған. Ру өзiнiң кез келген мүшесiн жаладан, жападан, қазадан қорғауға мiндеттi. Ал Тобықты Қалқаманды кiнәлi тауып, өздерi оққа байлайды. Сондықтан рулық мораль тұрғысынан алғанның өзiнде Қалқаман шешiмi орынды әрi заңды. Бiр рудан шыққан адам әлдебiр ағайындастық қисынымен басқа ру құрамына кiре алады. Қалқаманның да барар жерi жоқ емес. «Ұлы жүз Елiбайда нағашысы». Өз руынан бiржола жерiген, астындағы жүйрiк атына сенген жiгiт, соңынан қуған қаншама жұртқа жеткiзбестен, сол нағашы жұртына асып кетедi. Егер ел тыныш болса, келер жылы артынан iздеушiлер барса, Қалқаман қайтар ма едi? Образ логикасына қарағанда, қайтпауға тиiс. Өйткенi Қалқаман жерден ғана безген жоқ, елден де бездi. Қайткенде де нағашылар пана сұрап келген жиендi бермеуге тиiс. Поэма соңындағы Қалқаманнан ұрпақ қалғаны, олардың өздерiн ұлы жүз iшiнде Елiбай санайтыны туралы ақпар бiздiң кейiпкерiмiздiң жат жерде бақыт тапқандығын әйгiлеумен қатар, ата руын талақ еткен жанның ана руына енгендiгiн көрсетпек. Ақын обúективтi түрде, көне дәуiрде аса жиi ұшырасқан жағдаяттардың бiрiнен хабар берiп отыр. Феодалдық iшкi қайшылықтар, өзара тартыс, қырқыс кезiнде жеке адам, жеке топ емес, тұтас тайпалар елiнен, жұртынан ауып, кейде тiптi аумай, шайқалмай-ақ, өзге ру құрамына енетiн мысалдар тарихта көп болған. «Ноқта ағасы», «Қыздан туған жиен» дей келетiн рулардың бәрi әуелде басқа бiр тайпалық одақтан ауысқан ағайындар... Сонымен, Қалқаман өзiне хас мiнезi бар жанды бейне ғана емес, замана перзентi екенi көрiнедi.

Кебек кейпi бұдан өзгешерек. Батыр аталғанымен, Кебектiң соғыстары, өзгеше қайраты көрiнбейдi. Ең соңғы, Матайлар қамалап алатын көрiнiсте де Кебек қарсылығы тәптiштеп суреттелмейдi. Батырдың «ары-берi соғыс салғаны», жаудың «бiрталайын жаралы қылсадағы», көпке топырақ шаша алмай, қолға түскенi сараң сөзбен ғана хабарланады. Бұл – поэманың реалистiк сипатынан туындайтын көрiнiс. Сонымен қатар ақынның басты назары кейiпкердiң қол батырлығында емес, рухани ерлiгiнде. Кебек алған бетiнен қайтпайтын дiнi қатты, керек десеңiз, жазмышын бiле тұра қатерге бас тiккен қайсар жан ретiнде көрiнедi. Бұл ретте кейiпкердiң әрекетi мен iшкi әлемi нанымды жарастық тапқан.

Кебектi алғаш iс үстiнде көруiмiз – Нысан абызға бал аштыруы. Батыр өзiнiң болашағын бiлгiсi келедi. Бұл – өмiр сырын тануға ұмтылыс қана емес, өрiсi бойына тар, екi ру арасындағы қырқыстан қажыған (поэмада Кебектiң жорық үстiнде емес, аңшылық үстiнде көрiнуi осыған меңзейдi) батырдың әрекетсiз, мимырт тiрлiктен жеруiнiң де белгiсi. «Балыңа не түссе де жасырмай айт, – жалғыз-ақ сол арасын қыламын шарт!». Шешiмтал қайрат бар.

«Ажалың биiк қабақ сұрлау қыздан», – деп болжады Нысан Абыз. Қалай, қайда кездесетiнi де айқын. «Түбiнде қара жартас кез келедi...». Бiрақ бұл – мойын бұрғызбас жазмыш емес. «Батырым, ондай қызға көңiл бөлме», «шырағым, сондай қыздан сақтанып жүр». Батыр сақтанбаса ғана басын жоймақ: «Сақтанбасаң...». Қыз жайы да, сақтық жайы да үш мәрте қайталануы – көркемдiк тәсiл ғана емес, психологиялық та тәсiл.

Кебектiң Нысан Абызға бал аштыруы – жазда. «Салқын түсiп, қар жауа», алғашқы құс салып шықты. Боранда адасып, бейтаныс Матайдың үйiне түстi. Еңлiкпен танысып, түсiнiсiп, көңiлi жарасты. Таң атқан соң, Кебек өзiнiң келген үйi – қара жартас түбiнде тұрғанын көредi.

Ат арқандап болды да Кебек өзi...
Еңлiкке бiр, тасқа бiр қарады да,
Сонда түстi ойына балгер сөзi.

Әрине, әуелгi әсер – қатты толқыныс:

«Япыр-ай! Әлде сайтан, әлде жын ба,
Кiм бастап алып келдi менi мұнда?!
Осы көрген түсiм бе, иә өңiм бе,
Қалжыраған бақсының сөзi шын ба?..».


Түсi емес, өңi. Балгер сөзi де ақиқат шын. Бiрақ батыр тағдыры басқаша аяқталар амал бар. Тайқып шыға берсе, бiр күндiк қызығын бойына сiңiрiп, ат басын мүлде аулаққа бұрса болғаны. Бұл – батыр алдындағы екi тарау жол ғана емес. Балгер сөзiне өзi де нық сенiп отырған ақынның фатальдық тағдырға күмәнi, бiр ғана пiшiмдi жазмыш жоқ деген ойының көрiнiсi.
Кебек толқығанмен, тайқымайды. Қатал тағдырына қарсы батыл қадам басады.

«Бiржолата кiм тұрар бұл дүниеде,
Өлiм көрмей тұра ма туған пенде,
Қарап жүрiп қаңғырып босқа өлгенше,
Еңлiк үшiн өлгеннiң қапысы не!..».

Асықтық нәтижесi, әрi мiнез көрiнiсi. Ең соңғы сәтте, Қозыкүрең атымен қашып құтылуға мүмкiндiгi бола тұра, өлсем бiрге өлем деп Еңлiкке қайта оралуы да, осы сезiмнiң – тұрақтылығы, мiнездiң қаттылығы. Адамдық қасиет, ерлiк сырбаздық. Сонымен қатар... тағдырға мойынсұну. Шынында да, Кебектiң ең үлкен әрекетi – әрекетсiздiк. Еңлiкпен көңiлi қосылған күнi таңертең қара жартасқа көзi түскен сәтте-ақ, болашақ қатал тағдырды қайыспай қабыл алады. Басқаша тiршiлiк жасаудан, басқаша өмiр кебiнен бiржола бас тартады. Тiптi Еңлiктi алып қашқаннан соң да тiршiлiк қамын ойламайды, не өз жұртына, не Еңлiктiң жұртына сөз салмайды. Ал қыз алып қашу шетiн жайт емес екен, мұндайда азды-көптi дау шығып, iс аяғы көбiне бiтiммен, келiспен тынып жатады екен. «Теңiн тапқан сенi мен жалғыз мен бе!» – дейдi ғой, алғашқы сұқбатта Еңлiк. Бiрақ Кебек бiтiмге ден қою орнына, елден жырақ жапанға барып жатып алады. Бұл iстен әуелде ағайындарының өзi бейхабар қалады. Ал жесiрiн даулап келген Матай «қыз дегенiң немене, бiлмеймiз» деген мазаққа ұшырайды. Ақыры, дау асқынып, iс түйiнi тек қазамен ғана шешiлер кепке жетедi. Кебек әуелден-ақ нық сенген қатал үкiм орындалады... Бiз Кебек әрекетi – тағдырға мойынсұну дедiк. Тағдырға қарсылық деп айтуға да болар едi. Дәл осы арада бұл екi ұғым өзара туыстас. Кебек бейнесiн көтеретiн биiк тұғыр – осы қарама-қайшылықтың жарасым-бiрлiгiнде жатыр.

Шәкәрiм мүсiндеген Нысан Абыз бен Әнет Бабаң да, эпизодтық қана орны болғанымен, поэма фабуласында елеулi қызмет атқаратын жаңа кейiптi тың тұлғалар.

Нысан Абыз – мәжусилiк заман сарқыншағы. Әрi бақсы, қобызшы, әрi сәуегей ақылшы. Әлбетте, көне қазақ абыз атағын тек осындай адамдарға ғана беретiн болған. Нысан әуелi автор сөзi арқылы таныстырылады: «шын дәулескер бақсы», «айтқаны келедi деп қылады аңыз». Кебекпен беттескен сәтiнде Нысан Абыз көптi көрген, мейiрбан адам – ретiнде танылады. Балгерлiгi – кәсiп емес, өнер. Сонымен қатар Нысан жай ғана өнер иесi емес, тылсымды күш иесi, тағдыр сызығын тартушы емес, айқындаушы ғана: «Жаман айтсам, жабығып қала көрме, – Жынның сөзiн жасырып қала алмаймын», – дейдi.

Абыздың батырға бал ашатын көрiнiсi – «Жолсыз жазаның» ең әсерлi тұстарының бiрi.

Соны айтып қобыз алды Кебекке арнап,
Шақырды жындарының атын зарлап,
«Қара қалмақ», «Қорқыттың» күйiн тартып,
Қобызына ән қосып кеттi сарнап.

Темiр масақ жабырлап тұр сылдырлап,
Екi көзi бақсының тым бұлдырлап...
«А?..» дейдi де тыңдайды анда-санда
Құлағына кеткендей жын сыбырлап.

Екi көзiн қан жауып, өңi қашып,
Сұп-сұр болып алартып көзiн ашып,
Шүлдiр-шүлдiр сөйлесiп жыныменен,
Өзiн-өзi тоқтатты әзер басып.

Нысан Абыз қысылып батқан терге,
Қарады да сөйлейдi Кебек ерге:
– Ажалың биiк қабақ сұрлау қыздан,
Батырым, ондай қызға көңiл бөлме...

Бұл жолдар – бар түйiннiң басы ғана емес, бүкiл поэманың құлақ күйi iспеттi. Оқырманды (тыңдаушыны) бiрден-ақ трагедиялық халге қарай бейiмдейдi.

Балгер емес, ел ағасы ғұлама Әнет Бабаң болашақты байыптайтын әбiр жаман түсә көредi. Бiрақ тағдырдың дәл солай тынарына күмәндi. Сондықтан да Қалқаман мен Мамырды ел асырып жiберiп, дауды сөз бұйдаға салғаннан гөрi тiкелей күрес үстiнде шешкендi жөн санайды. Сенетiнi – шариғат жолы. Алайда, ақыр түбiнде өз бауырын оққа байлап беруге мәжбүр болады. Және дәл сол сәтте авторлық көзқарас тұрғысынан алғанда да, өлiмге басы тiгiлген Қалқаманның ой жүйесi тұрғысынан алғанда да ең үлкен құрбандық – осы Бабаң. «Бабаңның нұр жүрегi болды мұздай...». «Бабаңның шын кейiген шықты зары...» – делiнедi авторлық баяндауда. Ал Қалқаман ажалмен жарысқа түсер алдында өз күйiгiнен гөрi Бабаңның наласын ауыр көредi. «Өз бауырын оққа байлап өлтiрдi деп, – Қалдыңдар обалына мына шалдың!» – дейдi.
«Жолсыз жазадағы» Кеңгiрбай өзiн Бабаңның тiкелей мұрагерi деп бiледi. Ол да ағайын қамын жейдi, ел тыныштығын ойлайды. Өзiн Бабаңдай батагөй санамағанымен, Кеңгiрбай билiгi тежеусiз екенi байқалады: Бұл да хандық өкiмет күштен айрылған шақтағы шындық. Сондықтан да Кеңгiрбай жан-жағына жалтақтамайды, Кебектi қиналмай-ақ құрбанға шалып, бар iстi ру мүддесi тұрғысынан шешедi. «Найман тым көп, Тобықты аз, Арғын алыс, – Қорықпауға да болмайды көрер көзге», – дейдi автор. «Көшсем – қоныс, отырсам – көмегiм жоқ...» – дейдi Кеңгiрбайдың өзi. Яғни, Кеңгiрбай зұлым да, мейiрiмсiз де емес, құрбан – заман мен жағдай құрбаны.

Шәкәрiмнiң заманалық кейiпкер жасаудағы бiр үлкен табысы – «Қалқаман – Мамырдағы» Көкенай. Кебектiң қатал үкiмiне бас қойған, тiптi оның қайда жатқанын нұсқап көрсеткен Кеңгiрбай сияқты, Мамырды өз қолымен атып өлтiрген, Қалқаманды оққа шалған Көкенайды да қазiргi ұғымдағы «ұнамсыз кейiпкер» деп айту қиын. Ол да өз заманының перзентi, рулық-патриархалдық мораль сақшысы. Жай ғана «батыр, мiнезi қатты кiсi» емес, өр; көкiрек, шешiмтал жан; асау қанды, салқын сабырлы адам. Көкенай ұғымында Мамыр мен Қалқаманның көңiл қосуы – адам естiмеген және болашақта жол беруге болмайтын сұмдық. Ру рәсiмiн, адамшылық жолын аяққа басқан екi жас та өлiмге кесiлуге тиiс. Көкенай ызасы – жеке бас күйiгi, араз-өкпе емес, тек қанмен ғана шешiлуге тиiс кеселдi түйiн. Сондықтан да, Мамырды көрген бетте: «Ұялмай жүзiқараның жүргенiн!» – деп, – «Аямай қақ жүректен атып салды». Сондықтан да жүйрiк атпен шауып бара жатқан Қалқаманды қолы қалтырамай нысанаға шалды. Осыған қарамастан Шәкәрiм Көкенайды қаныпезер санамайды. Ал бiз... әдеби кейiпкер ретiнде ғана емес, тарихи тұлға ретiнде қарағанда да Көкенайды айыптай алмас едiк. Мәселе Көкенайдың қол бастаған батырлығында, тiптi Мамыр өлiмiнен соң арада бiр жыл өтпей Түркiстан түбiндегi ұрыста қаза тапқан шәйiттiгiнде де емес. Бар кiлтипан – Көкенай ұстанған моральдың дұрыс-бұрыстығында. «Қалқаман – Мамырдағы», «Нартайлақ – Айсұлудағы», революция қарсаңында туған тағы бiрталай шығармадағы конфликт осы түйiнге тiрелетiн. Ойдан шығарылған емес, өмiрдiң өзiнен алынған көрiнiс. Рулық мораль қағидасына қарамай тағдырласқан ғашықтардың бәрi де қатал жазаға тартылып отырған. Ал, ақындарымыз, әлбетте, мұны надандық, тағылық санайды, бақытсыз жастардың махаббатын жырға қосады.

Ендi осы мәселенi жақынырақ жерден қарастырайық.

Мұхтар Мағауин. Ақын, тарихшы, философ – 1 мына жерде


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар