Темірхан Медетбек туралы 10 дерек

Бөлісу:

26.02.2019 35100

Темірхан Медетбек – 1945 жылы 6 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Аманкелді ауылында дүниеге келген. Түркістан қаласында орта мектепті тәмамдаған соң, туған ауылында колхозшы, аудандық газетте корректор болып жұмыс істеген. 1983 жылы «Көгершін қауырсындары» атты өлең кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының, ал 2000 жылы «Тағдырлы жылдар жырлары» кітабы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Бейбарыс атындағы сыйлықтың иегері. «Құрмет» ордені және Құрмет грамотасымен марапатталған.

***



Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың тіл-әдебиет факультетінде оқыған. Қазақ телевидениесінде қатардағы редактор, Маңғыстаудағы барлау экспедицияларында жұмысшы, одан соң облыстық газетте журналист, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының сол облыстағы әдеби кеңесшісі, «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы тілшісі, Маңғыстау облыстық теле-радио комитетінің төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Ақиқат», «Жұлдыз» журналдарының бас редакторы болып қызмет еткен.

***


«Жанымның жапырақтары», «Сапар алдында», «Алыс шақырымдар», «Мәртебе», «Әуедегі толқындар», «Дауыс», «Көгершін қауырсындары», «Аңқа кептірген аңызақ», «Сырым бар саған айтатын», «Тағдырлы жылдар жырлары», «Көк түріктер сарыны», ІІІ томдық «Таңдамалы жыр жинағы» секілді оннан астам жыр жинақтарының авторы. «Менің Абайым», «Баба дәстүрдің мұрагері кім?», «Сегіз қырлы сексен сырлы әлем бұл» атты сын кітаптары, «Толғауы тоқсан дүние» атты публицистикалық ой-толғаулар мен эсселер кітабы жарық көрген.

***

Өлеңдері қырғыз, өзбек, украин, орыс, қытай, татар тілдеріне аударылған. Пушкин, Лермонтов, Якуб Колас, Янка Купала, Леся Украинка, Радован Загович, Бодлер, Верхарн, Пабло Неруда, Незвал, Эркин Вахидов, Кулаковский сияқты ақындардың өлеңдерін, сондай-ақ Генрих Бельдің «Иесіз үй» романы мен Владимир Набоковтың бірнеше шығармаларын тәржімалаған.


Сұхбаттардан үзінді:

– Жаратқан берген қабілетті шыңдап, жан-жақты игеріп, қоғам игілігіне жұмсау – біздің міндетіміз. Шабыт келсе, шығарма біткен қалам ұшына келіп құйыла береді деген түсінік қалыптасқан. Бұл – қате көзқарас. Асылында, шығармашылық – азапқа толы іс. Оның қарқыны қандай қатты болса, қарсылығы да сондай күшті. Кедергілермен күресу үшін, оны жеңіп шығу үшін талмай еңбектенуің, ізденуің керек. Ал «Жазу үстеліне отырсам, маржан сөз қағазға еркімнен тыс тізіле береді» дейтін қаламгерлердікі күпіршілік дер едім.

– Көп аудармашылар жолма-жол аударма жасайды. Мағынаға байыппен үңілмеген соң, метафораңыз бен теңеулеріңіз, өзге де көркемдік компоненттеріңіз өлі балыққа ұқсап қалады. Форманы сақтаған болады, бірақ сәтсіз, рух жоқ. Қай шығарманы аударса да, рухын жоғалтпауға, қазығынан ажыратпауға тырысу керек. Шығарма тілін өз тілімен тең дәрежеде білген адам ғана көркемдік компоненттеріңізді түрлендіріп, жайнатып жібере алады.

– Ең қорқыныштысы – поэзиямыз күрескерлік рухынан айырылып барады. Көптеген ақындарымыздың мынандай ұлтымыздың басына қиын-қыстау заман туып, тұйыққа тірелгендей болып тұрған кезеңде үн-түнсіз қалуы өте өкінішті жағдай. Онан кейін әлі күнге шейін сол азып кеткен ауылды аңсап, жадағай тұрмыс-тіршілігін көрсетумен ғана тынбау керек. Оны да көрсеткен жөн. Бірақ сонымен бірге өлеңде биік, өрелі, күрескерлік қасиет болуы тиіс.

Жастар туралы пікірі:

Кезінде «Алтынкөпірліктер» атты циклдық мақалалар жазғаным болмаса, мына баланың жолын аштым, мына жасқа қамқор болдым деп ешкімнің атын атап, түсін түстеп бере алмаймын. Алдыма келгенге ақ батамды беремін. Жастардың қанатқақты кітаптарына алғы сөз жазып, пікір білдіремін. Қолымнан басқа не келеді? Бірақ қазіргі жастар қамқор­лыққа зәру де емес сияқты. Ақшалары болса, кітаптарын шығарады, жарнамасын да дөңгелете береді.

Кейде балаларым «Фэйсбуктан» әдебиеттің соңғы жаңалықтарын оқып береді. Тыңдап отырсаң, алтын ғасыр емес, бриллиант ғасыр орнағандай әсер қалдырады. Бірін-бірі мақтап, бірінің астына бірі көпшік қойып жатқан жұрт. Жазатын да – өздері, бағалайтын да – өздері. Оқырман оқыды ма, оқыса берер бағасы қандай, оқымаса, неге қызықпады – бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Қазіргі жастардың мүмкіндігі мол. Цензура жоқ, ештеңеге тыйым салынбаған. Жазғың келгенді жаз, айтқың келгенді айт. Керемет туындылар жазатын кезең – нақ осы шақ деп ойлаймын.

Т.Медетбектің поэзия туралы толғамы:

Бiз тым берiден бастаймыз да, әрiге көз жүгiртпеймiз. Бұл ретте ғасырлар бойы халықтың рухани қазынасын жасаған ақын-жыраулардың телегей-теңiз мұраларына көңiл аудара бермеймiз. Содан барып ұзақ кезеңдер бойы сан дәуiр мен сан қоғамның ақын-жыраулары арқылы айтыл­ған халықтың ой-арманы мен мұң-мұқтажына қызмет еткен жыр үлгiлерiн ұмыт қалдырамыз. Егер соларды тiлге тиек ете қалсаңыз: «Жоқ, олар жыраулық жыр үлгiлерi», – деп шыға келетiндерi тағы бар. Сонда жыраулық поэзия үлгiсi дәстүрлi қазақ өлеңiнiң үлгiсi бола алмағаны ма? Рас, жыраулық поэзия үлгiлерi жазба әдебиетi дүниеге келгеннен бергi белгiлi бiр кезең бойы қолданылмай жүрдi. Оның үстiне, дәстүрдiң де озығы, тозығы бар. Станиславский сөзiмен айтқанда, кейбiр дәстүрлер – жақсы сақталған «өлi дене». Бiрақ кейбiр «өлi денеге» айналған дәстүрлерiмiздiң күнi келгенде қайтадан түлеп, жаңарып, «тiрiлiп» кететiнiн бiлiп те жүрмiз, көрiп те жүрмiз.

Ақын туралы лебіздер:

Ол көптің мүддесін сөз арасында емес, өз мұңын шетке ысырып қойып, бәрінен бұрын мұңдап, бұрын жырлап келе жатқан әлеуметшіл ақын. Әмбенің қиналған шерін толғап, әмбенің тебіренген сырын айтып келе жатқан ұлт жоқшысы, ұлт жыршысы.

Әбіш Кекілбаев

Темірхан Медетбек бүгінде өз өлеңдеріне ғана жауапты ақын емес, ол тұтас қазақ поэзиясы тағдыр-талайына жауапты алғы шептегі мектебі қалыптасқан ақынымыз.

Құлбек Ергөбек

«Көк түріктер сарыны»

Т.Медетбек қазақ әдебиетіне өткір алмастай өлеңдер әкелді. Бұрыңғы өлеңдеріне мүлде ұқсамайтын жаңа формадағы жырларын оқырманға ұсынып отыр. Осы сарындағы «Көк түріктер сарыны» елдік мұрат пен ерлік намыс жыры. Шын азаматтық шырқыраған жан дауысы. Бұл кітап – ұлы Абайша айтар болсақ: «ұлы сия, долы қол, не жазып кетсе, жөні сол» - дейтіндей кітап. Өз жүйесін мойындата алатын туынды. Әділ де әсерлі шығарма. Намысшыл көкіректен өрбіп, намысшыл көкірекке ғана қонақтайтын қомақты туынды. Ақынның «Көк түріктер сарыны» атты кітабын көпшілік қауым құбылыс ретінде қабылдады. Жаңа түр, тың мазмұн табу жолында соныдан соқпақ салып, тек өзіне ғана тән тегеурінді екпін, өмірлі өрнек, айшықты бояулар әкелген бұл кітапқа ұлттық құндылықтарымыз болып саналатын ежелгі «Күлтегін», «Тоныкөк» дастандарының автор жасаған еркін әдеби нұсқалары да енген.

Ақыннан бір өлең

Арымас аттар мiнетiн,

Тозбас тондар киетiн;

Қара тастарды қақ жарып

Қарағайлардай

Қаптап өсетiн;

Қара нарлары

Шудалары желкiлдеп

Қара бұлттардай көшетiн;

Айғырлары

Күнге қарап кiсiнеп,

Биелерi

Айға қарап құлындаған;

Кетiссе –

Бұрылмаған.

Сөздерiн

Тасқа қашаған;

Алыпсоқтарының итаяғын

Оюлап Жезден жасаған;

Алтайды жастанып жатса

Аяғы

Үрiмге жеткен,

Керiлсе

Үрiмнен де өткен;

Кермелерiне

Тайбурыл мен Керқұла байланған;

Алты айшылық жолдарды

Алты күнде айналған;

Қамалдары

Құлжалар шыға алмас

Ақар-шақар құз болған;

Қағандары

Күн астындағы

Күнiкей қызды алған;

Тәңiрден басқа

Қайтпаған ешкiмнен;

Iбiлiс, жындарға

Қара тастарды түттiрiп,

Дию мен перiге

Құмнан арқан естiрген;

Күн жағы

Күмiс дiңгектi,

Ай жағы

Алтын дiңгектi

Ордада отырған;

Сол жақтан келгендi

Жапырған;

Оң жақтан келгендi

Опырған;

Желдей аңқылдап,

Сұңқардай саңқылдап сөйлейтiн,

Даладай кең,

Таудай биiк халық едiк.

Алып едiк!

Сол елдi

Алқымынан сыға-сыға

Шымшық торғайдай

Шиқылдап сөйлейтiн

Төменшiк еттi.

Төбесiнен ұра-ұра

Таудай денесiн шөктiрiп

Төбешiк еттi.

Шүкiр!

Қайтадан көтерiлiп келем!

Баяғы Айым Қайта туардай!

Баяғы күнiм Қайта шығардай!

Әзірлеген: Біржан Ахмер

Суреттер ғаламтордан алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар