Құлбек Ергөбек. Жұмбақ жан - 1
Бөлісу:
Жазушы Тәкен Әлімқұлов туралы толғау
Тақырыпты сырттан іздемедім. Қаламгердің өзінен алдым. Әр кез – әр кез Тәкен Әлімқұлов жайында жазайыншы деп тәуекел еткем. Тіпті түрлі тақырып қойып, талантты жазушы жайында толғанып та көріппін. Оған архивімде сарғайған сәтсіз жазбалар куәлікке жүре алады. Бірақ, сол екі-үш жазбаның ешқайсысының табанын жерге тигізбегенмін. Демек, аяқтамағам. Неге?
Кейде жазушылардың «Мен туралы жазшы» – деп қиылатыны болады. Тіпті кәделі жазушының өзі осылай қиылады. Бірде дана, бірде бала бейіл қалам иесінің пәндәлік өтініші. Бірақ, материал оң жамбасыңа келмей қинайды. Оны ескеріп жатқан қаламгер жоқ. Өтінішім аяқасты болды деп ойлайды. Ертеде ақжал ақын Хамит Ерғалиев «Шер толғау» – аталатын жыр кітабын арнайы қолтаңбамен сыйлады. Жасыратын несі бар, ұнасымды пікір дәметті. Ақшулан қарияның ықыласына құлдық. Оқып көріп, өзімді-өзім қинай алмадым. Тіпті ертеректе мінезді ақын Қалижан Бекхожин де ұмытпасам «Ұландарым» аталатын кітабын дәл осылай үмітті көңілмен сыйлағаны бар. Тіршілікте тәуір сыйласып жүретін ақын ағалар жайында сол тұста мақала жаза алмадым. Себеп? Сынға көңілшектік жүрмейді. Қалижан балалар поэзиясында төселмеген ақын болып шықты, шау тартқан шағы емес пе, Хамаң «шаршаңқырапты». Ұлғайған ақындарға ақиқатын айту тағы кісілікке жатпайды. Дарынды қос ақынға да арқаны тосып, реніштерін үнсіз жұтуға тура келді. Ал, Тәкеңе жол болсын?!
Өспірім жастан шығармаларын жастанып оқыған сүйікті жазушым. Өзімен тіршілікте тәуір-ақ араластым. Ықылас-бейілім құлай тұра, осы бір дара табиғатты, дана болмысты жазушы жайында мандырымды бірдеңе жаза алмадым. Бір мақаланы «Тағдыр» – атаппын. Рас, Тәкең – үлкен тағдыр иесі еді. Бірақ, «Тағдыр» жалпы сөз. Маған дейін де талай кісі қолданған әдебиетте. Мен тапқан сөз емес. Біреудің дайын киімін апарып кигізу – орашолақ ісмер ісі. Тәкеңнің өзіне арнап киім «пішілуі» керек. Бейнелеп айтқанда, әрине. «Тағдыры тосын талант» – атаппын талайсыз мақаланың келесісін. Бұл да дәл емес. Тағдыры бір-біріне ұқсаса – дарын даралығы қайда?! Талант тосындығы неде? Тәжірибе аздығы ма, басқалай себебі бар ма, мен мәселенің мәнін аша алмағанмын.
Әр кез-әр кез жазып, аяқтамаған толғаныстардың тұрлаусыздығы сырын енді біліп отырмын. Жасырмай, бүкпей мойындасам, Тәкен Әлімқұлов – әдеби материал райында маған «бағынбаған». Риясыз сөз. Өзің игермеген материалдан илеуі қанған мақала қалай шықпақ?! Енді бағамдап отырмын, Тәкеңді көрген, білген, оқығаныма сүйеніп, оны өзімнен іздеген екенмін. Ал, Тәкен аға ішін ашпаған. Дұрысы, Тәкенді – өзінен, яки Тәкен Әлімқұловтан іздеуім керек екен. Албырт көңіл жас өз мінімді мойындатпаған. Бар іһмәт, міне осында! Олқылық орнын толтыру үшін қайта толғануға тура келеді.
Кесек таланттарға бірыңғай естелік арқылы бару – қауіпті. Кейбір әріптестерімнің атақты Бауыржан Момышұлы бір кездескенде «олай деді», «былай деді» – деп бөстірте беруін өз басым қабылдай алмайды. Ұлы Ғабең (Мүсірепов) айтар еді, менің кейіпкерлерім жалаңқабат емес деп. Айтатын да сөз емес. Айтқызғанбыз ғой бірақ. Бауыржанның ішін ашпай, тілінің үшіндегі сөзді іліп алып, көстите сілтеп, көпіртіп кітап жазу – обалгершілік. Бұл ретте ұлы Мұқаңның (Әуезов) «жазушы емес, бірақ жазушылығы зор жігіт екен» – деген ауызша бағасын ұмытпау шарт. Әкем болған, көкем болған Бауыржан деген әңгіме – әдебиет ауылынан алыстау жатады. Даңқты кісі жанында 12 күн жүріп, бірсыпыра «ырғасқан» соң «Жездем болған Бауыржан» – аталатын кітап жазғым келген. Жаралы жолбарыс секілді кісінің жан-дүниесіне кіре алмасам обал жасармын деп тәуекелім жетпеді. Әйтпесе, толтырылған екі дәптер әңгіме, таспаға жазылған сөзі сақтаулы. «Қаһарман қаламгер» – атап жасаған телеочерк теледидар архивінде болса керек. Кезінде қазақ телевизиясы мен радиокомитетінің сыйлығын алған телеочерк «алтын қорға» өткен болатын. Айтпағым, тіпті ол туралы да емес. Жазам ба, жазбаймын ба, істің сәті біледі. Айтпағым – өзін сыйлаған кісі – өнер адамының сырт тұлғасына құл болмай, ішкі жан-дүниесіне енуі керек. Әйтпесе, әдебиетте – көлемшілік орын алады. Ал, адам жанына үңілу, қайғы-зарына ден қою үшін қалам иесінің жүрегінде құлақ болмақ ләзім. Әйтпесе, еткен еңбек, төккен тер – зая. Тәкен Әлімқұлов жайында жазылған мақаланың аяғына жетпеуі, аяқтала тұра кезінде ағымдағы баспасөзге ұсынылмауы да осыған саяды. Өзің жазған материал өзіңе ұнамаса өзгеге қандай ләззат сыйламақ?!
Енді Тәкен ағаны өзінен іздегенде тоқтаған тақырып – «Жұмбақ жан» болды. Тәкеңнің өз тақырыбы. Тәкеңнің жұмбағын ашу – шарт!
БІРТҮРЛІ ЖАЗУШЫ
Жетпісінші жылдардың оқушысы да, студенті де – оқығыш болатын.
Көркем әдебиетке деген құштарлық оған дейін де, одан кейін де дәл ондай биікке көтерілмеген шығар. Жатақханаға бір кітап келсе – қолдан қолға өтіп, студенттерді түгел аралап шығар еді. І.Есенберлиннің «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» романдары, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдар» романы, Қ.Мырзалиевтің «Ой орманы», Т.Молдағалиевтің «Хош, көктемі» тап осы күйді бастан кешті. Ол кезде біздің бұл кітаптарға деген көзқарасымыз тіпті жоғары болатын. Көршілес қырғыз жазушысы Ш.Айтматов кітаптарына қол жеткізу – бақытқа бара-бар!
Осындай күннің бірінде бірінші курс студенттері арасына Тәкен Әлімқұловтың «Күрең өзен» аталатын кітабы «қонаққа» келді.
Курстас Нұрмағамбет Нөкешов қызыл қоңыр мұқабалы кітапты қолына ұстап отыр.
– Қызық жазады екен.
– Қызығы қалай?
– Бір-екі әңгімесін оқыдым. Өзге жазушылар сияқты жазбайды. Кейіпкерлерінің бәрі түсініксіздеу тілде сөйлейді ме, әйтеуір бір түрлі. Жалпы Тәкен Әлімқұлов бір түрлі жазушы сияқты.
– Әкелші бері.
– Мә.
Мен «Күрең өзен» кітабын алған күні сабаққа барған жоқпын. Бұрын «Қаратау перзенттері» – атты романын қызығып оқыған едім. Ол да «бір түрлі» болатын. Оқиғалы романға үйренген оқырман тосырқайтын. Жүйрік атқа қызын айырбастауға бар қазақ бейілі қаныңды қыздырар еді. Әрине, романның әлеуметтік астарын түсіне қоймасақ керек. Кейіпкерлерінің әрекеті тосын жататын. Қазақ әдебиетіндегі өзге романдарға ұқсай бермейтін.
«Күрең өзен» бір повесть, бірнеше әңгімеден тұрады екен. Жүйрік ат, өнерпаз, спорт тақырыбындағы әңгіме, новеллалар бар. Өндірісті жазады. («Күрең өзен»). Өзінше жазады. Өнерпаз тағдырын жазады. Атақты күйші, сал-сері өмірінің бір үзігін ойып алып, тағдырын талдай жөнеледі. Бір трагедиялық сәтті бүкіл тағдырына желі етіп тартып, өріп жібереді.
Әңгімелерде күмбірлеген күй, уілдеген бір әуен бар. Лирикалық саз, психологиялық көңіл күй тебіренісі телқабыс түсіп жатады. Бірсыпыра шарттылық орын алады екен.
Айталық, стадионда футбол жүріп жатыр. Доп қызығы қыза түседі. Жанкүйерлер бірде жанын шүберекке түйіп тым-тырыс күй кешсе, бірде қарсыластың қақпасына қарай жылжып бара жатқан доппен бірге дуылдасып ала жөнеледі. Көңілдің ала құйын сәтінде саусағындағы өшірілмеген темекісін алдында отырған жалтыр бастың құйқалы басына быж еткізіп баса салады... Аяқ доп аяқталады. Кейіпкер темекісін іздесе алдындағы адамның басында үкідей бұлғақтап кетіп барады...
– Кешіріңіз, мынау менің темекім еді… – деп темекісін қайырып алып алады.
Ұлғайту дейсіз бе, әсірелеу ме әлде, бәлкім шарттылық па, әйтеуір жанкүйер жанындағы аласапыран күйді аңғартатын психо-комикалық деталь ретінде ойнайтын бір көрініс осылай. Болмаған, болуы мүмкін емес оқиға. Болмайды-ау, деп сірә да ойламайсың, бірақ. Елігіп оқып, елітіп отырғаның…
«Күрең өзенді» көп студент оқымады.
Жазушының тосын жазу мәнері біреуді қызықтырса, енді біреуді қызықтыра қойған жоқ. Расында, Тәкен Әлімқұлов «бір түрлі жазушы» ретінде қабылданды. «Күрең өзен» менің қанжығамда кетті. Біртүрлі жазушы… Бірақ, маған ұнады.
ЖАЗУШЫ ӨМІБАЯНЫНАН
«Күрең өзенді» оқыған соң жазушының өмірінен деректер іздестіре бастадым. Мәлімет тапшы. Ақыр аяғы, Қазақстан Жазушылар Одағы бастырған «Қазақстан Жазушылары» (1969) библиографиялық көрсеткішінде де жоқ.
Түрлі дәйек көздерінен алған, естіген мәліметтерімді жинақтап айтсам, мынадай болып шығады.
Тәкеннің азан шақырып қойған аты – Тәңірберген. Ащысай, Созақ тумасы. Әкесі атақты шайыр Шәді төре Жәңгірұлымен заманқұрбы, сыйлас тіршілік кешкен. Жалғыз ұлды әздектетіп Тәкен атап кеткен.
Жасында Тәкең сағымға қарап жүгіретін, түнде шошып оянатын айкезбе елірме болса керек. Қазіргі тілмен айтқанда «арқалы» ұл болған шығар.
Бірде үйіне барғанда «бозаның» қызуымен Тәкеннің руын тексергенбіз. Ақын Аян Нысаналин «Тәкең – ысты» деді. Ауылдасы сыншы Сайлаубек Жұмабеков «сүлгетай» десті. Мен үшін Тәкеңнің қай рудан екендігінің бәлендей маңызы жоқ-ты. Қазақтың үлкен жазушысы болғаны жеткілікті еді.
Тәкең салалы саусағымен мұрнын сауды. «Е-е, қазақтар», – деді содан соң, – Ал, мен ноғаймын!» Неге олай дегені маған жұмбақ. Шамасы, біздің балалығымызға күлгені. Көп шығармасының кейіпкері Ноғайқұловтың түп тұлғасы Тәкең екенін іш сезді сол жолы. «Күрең өзен» хикаяты мен соңғы мемуарлық жазбасындағы Ноғайқұлов ізімен жүріп отырған оқырман Тәкен Әлімқұловтай классик жазушы өмірінен көп-көп мәлімет аларына дау жоқ.
Тәкен бала шағынан кен қазушы орыстармен араласқан. Кейін Қорғасын зауытына келіп, есепші болып жұмысқа тұрады. Туа салқам, дүниенің бетіне қарамаған Тәкен бала, оңтүстіктің тілімен айтқанда «ұрылады». Баланың жазықсыз күйгенін тиісті орындар білген соң көп ұстамай азаттыққа шығарса керек. Тәкеннің алдымен журналистикаға, соңынан әдебиетке ден қоюы осы кезден басталады.
Кезінде Т.Әлімқұлов «Оңтүстік Қазақстанда» қызмет істеген. «Оңтүстік Қазақстан» дегеннен шығады, облыстық газетті қорғасынын арқалап жүріп, алғаш ұйымдастырған, осындай атау берген көрнекті ғалым Бейсембай Кенжебайұлы екенін біреу білсе, біреу білмейді. Облыстық газеттің тарихын С.Қожанов Ташкенде ұйымдастырған «Ақ жолдан» бастаған айып емес. Тек жарық көру жылдарын сәйкестендіріп алу шарт. Иланымды болады. Алайда, ағымдағы баспасөздің төл тарихындағы «Оңтүстік Қазақстан» аталатын бұл сәттілікті де ұмытуға болмайды. Сатирик Қадыр Тайшықов, ақын Жақан Сыздықовтың Шымкентке көшіп келу тарихы да аталмыш газеттің жарыққа шығуына байланысты. Оларды да Оңтүстікке алып келген Бейсекең. Ол өз алдына дербес әңгіме! «Оңтүстік Қазақстанның» алғашқы сандарын көргім келіп, іздесем облыстық архивте (мұрағат емес. Қ.Е.) болмады, қыздың жиған жүгіндей етіп әдемі ұйымдастырған редакция музейінде (мұражай емес. Қ.Е.) де жоқ болып шықты. Музей қызметкерлерін ізденіске бастар деген оймен айтып отырмын. Сол секілді талапты ізденуші шығып, Тәкен Әлімқұловтың «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жариялаған өлең, очерк, мақалаларын қарастырса ғой, шіркін?! Ырыс болар еді.
Көз көргендердің айтуына қарағанда Тәкен «Оңтүстікте» журналист болып қызмет атқарып жүргенде үйлі-баранды болса керек. «Үйлісі» дұрыс, «барандысы» артық та болуы бек мүмкін. Айтқалы отырғаным – оңтүстік өмір белеңінде Тәкеңнің қазақы бейілді келіншегі болыпты. Тәкең сұңғақ, талғаммен киінетін, күтініп жүретін, сері жігіт екен. Бір қызығы – келіншегінен не бір-екі адым озық, не бір-екі адым қалыңқы жүретін дейді көргендер. Дәм-тұздары жараспапты. Прокурорды қонақ ете ме, әлде прокурор үйіне қонаққа бара ма, әйтеуір хұқықшымен дәм-тұздас болады. Көңіл жарастығымен басталған дастарханда бәрі де орыс шарабын мелдектете ішеді. Таң азанда ояна келе жан-жағына қаранғанда уыздай жас келіншегі прокурордың қойнынан табылса керек... Тәкең жарына арнап өлең жазып тастап, кетіп отырған... Одан перзент бары-жоғы бізге беймәлім. Біреулер жарымжан баласы болған деседі. Кім білсін?
Адам өзін-өзі зерттеуі керек. Өзін-өзі Америка ашқандай ашып отырса қанеки?! Алайда, әрбір адам оған бара бермейді. Бір күндік ас, бес күндік өмір қанағат. Қазақы қанағатшылдықтың кісінің өзін-өзі тануына кедергі болары сондықтан. Ол ақыр-аяғы әрбір адамның пендешіліктен жоғары тұруына септесер еді. Әмсе тумысынан талантты жандар үшін өзін-өзі талдап, таразылау, тану – өте табысты болмас па?! Діндар философ Н.А.Бердяевтің «Өзімді тануым» аталатын еңбегінің ғибраты осында!
Тәкен Әлімқұлов – облыстық баспасөзде қызмет атқарып жүріп, өзінің дарын-қуатын, білімін, мүмкіндігін таразылаған. Білімнің аздығын, дарынның молдығын болжалдаған. Ақыры, Алматыға сапарға жиналған. Бұл шешім, бұл сапар – Тәкен үшін ырыс, әдебиет үшін құт болды.
Алматыға аз аялдаған Тәкең Мәскеуге Әдебиет институтына жол тартады. Тәкеңнің тұрақтап, табан тіреп білім алған жері – М.Горький атындағы әдебиет институы.
Замандастары, бірге оқыған курстастары – студент Тәкен Әлімқұлов жөнінде бірсыпыра қалжың аралас әңгімелер сауатын. Кім білсін?! Студент Т.Әлімқұлов Мәскеуде қазіргі классик жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовпен бірге оқып, бір үйде тұрған кездері бар.
Тәкен Мәскеуде Муза Абрамовна есімді әйелге үйленеді. Созаққа келін етіп түсірген Музаны Төлеген Тоқбергенов «аузының суы құрып» әңгімелейтін. «Әйел біткенде мұндай ажарлы, сұлу жанды көрген емен, – дейтін Төлеген марқұм. – Таңертең ертемен Тәкен екеуі бұлақ басына барып жуынып, қайтып келе жатқанын көруге көз керек!»
Біз ол сәтті де көрген емеспіз. Естіген құлақта жазық жоқ. Муза Абрамовнаны Мәскеу суретшілері көбірек төңіректеп, жалаңаш күйінде суретін салған деседі. «Натурщица...». Ал, Тәкеңнің Музадан туған қызы, ұмытпасам, біз құралпы. Муза Абрамовна жеңгеміз жарық дүниеде бары жоғын білмедік. Тәкеңнің өзі кейін бұл тақырыпта әңгіме қозғағанда қабағын кіржитетін. «Қатын» деп сөйлейтін ол әйел әңгімесін жарата бермеуші еді, жарықтық.
Біздің білетініміз – Әдебиет институтына Тәкен, ұлы Мұхтар Әуезов жазып берген тілдей қағазбен барып, емтихансыз түскен. Өйткені, Т.Әлімқұловта белгілі бір оқу орнын тәмамдағаны жөнінде құжат болмаған. Тәкеңнің өзі айтар еді: «Константин Федин орыс әдебиетінің Максим Горькийден кейінгі ұлы тұлғасы, Ол Мұқаңды керемет сыйлайтын. Кейін КСРО Жазушылар одағына қазақ әдебиеті жөнінде кеңесші болып қызметке орналасқанда да Мұқаңның запискасы үлкен роль атқарды» – деп! Демек, Тәкеннің Әдебиет институтына түсуіне септескен Константин Федин.
Тәкен бірсыпыра уақыт қызмет атқарған қара шаңырақ – КСРО Жазушылар одағы. Т.Әлімқұлов – білімді еді. Бірақ, ресми қызметке қыры жоқ, салқамдау кісі. Екінші әйелінен ажырауы, отбасылық жылылықтың болмауы, күнделікті ыстық ауметтің жоқтығы – жазушы жанын жүдетсе керек. Әйтеуір Тәкеңді іздеген кісі ол жылдары А.Фадеев атындағы Әдебиет үйінен табар еді. Жазушылармен «барда» отырар, әріптестерімен шахмат ойнар… Әйтеуір А.Фадеев атындағы Әдебиет үйі – Тәкеңнің жиі үйірсектер жері. Қолы қалт етсе Әдебиет институтына – Қ.Ысқақ, А.Нысаналыға барады.
Бір тиімді пайдаланар жері – Мәскеу баспалары болса керек-ті. Алыста жатқан республика жазушыларының қолы жетпесі – осы Мәскеу баспалары. Ал, Тәкең болса қазына-байлықтың қасында отыр. Абырой-беделі жетеді. Сөйлессе кез-келгенін сүріндіреді, білім салыстырса көбін шаң қаптырады. Бірақ, Мәскеуде қызмет атқарған Тәкен Әлімқұлов өзге жұрттың қолы жетпей жүрген осы мүмкіндікті пайдаланбай-ақ кетті.
Жетпісінші жылдары – Қазақстан Жазушылар одағында бір ию-қию айтыс-тартыс басталған. Осындай сәтте ешқандай жікке бөлінбейтін, әділетті хатшы керек болыпты. Өзара ынтымақ таба алмай жүрген екі топ та Мәскеуде жатқан Тәкен Әлімқұлов аты аталғанда тоқтай қалады. «Болды». «Болды». Екі жақ қол алысып, қол берісіп, бәтуаласып Тәкен Әлімқұловты Қазақстан Жазушылар одағына хатшылыққа шақыруға келіседі. Орталық Комитет келіседі. Тәкен келіседі. Ұйымдастыру мәселесін қарап, бекітетін Пленумға Тәкен екі-үш күн кешігіп келеді… Жол алыс... Жолшыбай ішіс...
Ресми қызмет салқамдықты сүймейді, тиянақты, тыңғылықты әрекетті қалайтын әдеті. Шамасы Тәкең ресми қызмет істегісі келмеген. Тәкен аға өмірінің осы бір сәті Тәкебай есімді кейіпкерге айналып, Әкім Таразидің бір шығармасында көрініс береді. Әрине, ол өмір дәйегінен жоғары тұрған, жинақталған, типтенген көркем шығарма.
Жетпісінші жылдары Қазақстанға оралған Тәкен Әлімқұлов қашан көз жұмғанша еркін шығармашылық іспен айналысып өтті…
«САУ-СӘЛЕМЕТПІСІЗ, ЛЕВ НИКОЛАЕВИЧ»
1978 жылы «Лениншіл жас» газетіне қызметке шақырылдым. Шақырғандар – Сағат Әшімбаев, Аян Нысаналин. Әдебиет және өнер бөлімінде тілшімін. Бұл орайда ерекше салмақ салған Аян аға еңбегі айырықша!
Күзге салым ұлы Л.Н.Толстойдың 150 жылдығы келіп жетті. Орыс халқы – ұлы перзенттерін құрметтеуде ерекше ыждағатты. Ұлы науқан басталған. Біз де «Лениншіл жас» газетінде Толстой тойы жөнінде материал беруге тиіспіз. Өтінішті кімге айту керек?
– Тәкенге айтайық – деді Аян.
– Дұрыс.
Аян аға Тәкеңді Мәскеуден біледі. Аралас-құраласы бар. Кісілік қатынаста өзара еркін. Телефонмен тапсырманы үлкен жазушыға беріп тастады. Бөлімге жаңа келген көгенкөз жас бала міндеті «дұрыс» деп қана отыру.
Тәкен басқа жанр дүниесін қалай жазатынын білмеймін, әдеби сын мақаланы өте тез жазады. Бүгінгі өтінішің таңертең орындалып тұрады. Дағдыдан жазбай, мақала бірер күнде жазылып келіп, алдымызда жатты.
– Әй, Құлбек, мына шалдың мынаусы несі-ай?
Бастығым Аян алдындағы ала қағазды оқып отырып, шоқ басып алғандай оқыс тіл қатты.
Мен де көз жүгірттім. Мақаланың аты «Сау-сәлеметпісіз, Лев Николаевич».
Жайшылықта жақсы көретін Аянның араның ұясына тап болғандай ыршып кетуіне себеп те – осы тақырып.
Оқып шықтым. Тәкенше жазылған мақала. Дітім жеткендіктен демейін, мақаланың аты мазмұнын ашып тұрғандай жылы ұшырады. Ең бастысы – таптаурын болмаған тың атау.
Мақала «Толстой тәлімі» – деген атпен газеттің келесі күнгі санында жарық көрді. Таңалакөгімнен Аякең Тәкеңе телефондап, мақаласының жарыққа шыққанын айтып жатты.
Түсте газетті бетке ұстап Тәкеңнің үйіне бардық.
Аян кәдуәлгісіндей еркін сөйлеп, мені әдебиет сыншысы деп дардай етіп таныстырды. Оңтүстік өңірінен екенімді де айтып өтті. Бірақ, оған Тәкең бәлендей мән бере қойған жоқ.
– Әдебиет сыншысы дейсің бе? Сыншы – білім иесі. Әдебиетші жазушыға білім сыйлайды. Байытады. Есі бар жазушы сыншымен дос болады. Құлбек деймісің?! Тығыз байланыста, шығармашылық ынтымақта болайық, – деді Тәкен.
Байқаймын мені білмейді. Жарияланған ештеңемді оқымаған. Жас кезінде кісі даңғойлау болады ғой. Әсіресе, қалам ұстаған жастар мені неге білмейсің? – деп көкірегі текірек қағып тұратыны болады. Тәкең менің мақалаларымды оқымаған екен-ау деген астам сезім менің де ішімде жатты. Шіркін, жастық?!
Тәкең әдебиет сыны, сыншы жайлы пәлсафасынан кейін, «Кәне, мақаланы оқып жіберіңдер» – деді, көңілденіп. Аякең газетті маған қарай ысырды. Міндет маған жүктелді. «Жазған құлда жазық жоқ», мәнерлеп оқи бастадым.
– «Толстой тәлімі»
– Е, еһ, – деді Тәкең. –Тақырыбын өзгертіп жіберіпсіңдер ғой.
– Сіздің қойған тақырыбыңыз орысша – деді Аян, бейкүнә көңілден жайбарақат.
– Е, Толстой орыс емес пе?! Орыс әдебиетінің өкілі ғой.
Тәкең бастырмалатты.
– Немене, Тәке, «Толстой тәлімі» – деген ат жаман ба?
– Діндар шалда не тәлім болсын?!
Тәкең тұнжырады.
Тәжікені одан әрі созбайын деп мен мақаланы заулатып оқи жөнелдім.
Мақала көп қысқартуға ұшырамаған екен. Аяғына шыққанда тыңдап отырған жазушы қайта жадырады.
– Жуу керек екен, – деді ақырын.
Үшеуміз ас үйге қарай аяңдадық. Жеңгей де, балалар да үйде жоқ.
Дәм үстінде Тәкең Толстой және оның замандастары жөнінде бірсыпыра әңгіме тиегін ағытты. Жем сұраған сарыауыз балапандай мен аузымды ашып тыңдаумен болдым. Аякең әңгіменің арнасын Мәскеуде өткен қызық күндерге бұрғыштап еді, Тәкең қыз-қырқын әңгімесінен тартыншақтады. Онысы менің пайдама шықты. Көлкөсір-көсем әңгіме тыңдадым.
«Не деген білімдар жазушы?!» – дедім қайтып келе жатып. Алғашқы жүздесуден алған әсер еді…
– Е, айта береді... – Аякең де айтып салды.
Бұдан кейін Тәкеңмен телефон арқылы еркін сөйлесіп, хал білісіп тұратын болдым. Кейде үлкен жазушының өзі телефондайды. Кейде біз телефондап, мақала жазып беруін өтінеміз. Әлденеше мақала, әңгімелерін жастар газеті бетінде жарияладық.
Жазушының өзімен жиі араласуымыз оның үй-іші, отбасын да жақсы білуге итермеледі. Есенгүл жеңгемізді, ұлы Рауанды жақсы білдік.
ЖАЗУШЫ ОТБАСЫ
Ұлы А.С.Пушкин, Н.В.Гоголь тағдырына алаңдап, олардың жеке өмірін әрбір бөлшегіне дейін қазып жазған Н.А.Раевскийге, әйтпесе В.Вересаевқа қызығып қарайтыным бар. Кеңес өкіметі тұсында әсіресе В.Вересаевтың кітабы жабықтау ұсталды. Сергеев-Ценскийдің А.С.Пушкин өмірінен жазған ғұмырнамалық кітабы туралы да осыны айтуға болады.
В.Б.Шкловскийдің «Лев Толстой», Ю.Селезневтің «Ф.М.Досто-евский», И.Л.Андрониковтың «М.Ю.Лермонтов» секілді бейбіт мінезді ғұмырнамалық кітаптарын айтпай, В.Вересаев, Сергеев-Ценский, Н.А.Раевскийдің ұлылардың пендеуй тіршілік, интимдік сырын қазатын туындыларын алға тарта сөйлеуде гәп бар.
Тәкен Әлімқұлов отбасылық тұрмыстық жағдайда бақытқа кенелмеген жан десем, көз-көрген, оның тағдырын жете білетін кісілер, қаламдас, әріптестері қарсы бола қоймас. Алғашқы әйелінің жай-күйін білмейміз. Муза Абрамовнамен Тәкен ағамыз бақытты болып еді деген әңгіме естісек құлағымыз керең болсын. Ал, Есенгүл жеңгеймен жас алшақтықтары недәуір еді. Жазушыға бір ұл, бір қыз тауып берген кісі жайында ғайбат сөйлеу жараспас. Дегенде, өмірде бақытты тұрдым деген Тәкеңді көрген де, естіген де емеспіз.
Күндердің күнінде Тәкеңдей төре жазушының зайыптары жөнінде бір «Вересаев» шыға келіп, шығарма жазар болса, тағы да таңқала қоймаспыз…
Қыл-қысқасы, Тәкеңнің зайыптық өмірі трагедияға бара-бар. Оған, әрине Тәкеңнің өзі де кінәлі. Қателеспесем, Тәкең әйелім, бала-шағам бар-ау, деп ойланған жан емес. «Қарамаса қатын кетеді…»
АҚЫН
Т.Әлімқұлов – өлеңге өлердей ғашық жан еді. Өзін ақын бейнесінде көргісі келетін. Ертеректе «Сапар» (1950) аталатын жыр жинағы жарық көрді. Орамды ойлар, образды, баламалы жолдар кездеседі. Бірақ, Тәкен поэзияда табиғи ақын емес. Қиял қанатының әуелеп қанат қағып көтерілуі жоқ та, білімнің билік алып кетуі бар. Ол поэзияға жараспайды. Өлеңді тұсайды.
Жастық шақта өлең жазған Тәкен поэзиядан біржолата қол үзген жоқ. Әрдәйім өлең жазатын. Жасы ұлғайған шақта Кенен Әзербаев өмірінен «Сері» аталатын поэма жазды. Туынды поэмадан гөрі, дастанға, бәлкім өлең-очеркке келіңкірейтін. Әрине, жанр – шартты. Дегенде, жанр шегі шығарма формасынан, композициялық құрылымынан, көркемдік құралдарынан анықталады. Көңіл сүйген қаламгер ағаның «Сері» аталатын көпей толғанысын өлең-очерк десем, жерге ұрғандық деп қабылдамағай оқырман. Бейнелеу орнына баяндау белең алатындықтан айтып отырған жай. Күллі түрік рухының атасы – Қорқыт туралы өлең-очерк жазғаны есте.
–Төредей классикалық прозаңыз тұрғанда өлең жазып қайтесіз, Тәке?! – дегенім бар оңаша сұхбатта.
Тәкең жаратпады. Жаратпағанын үнсіздікпен білдірді.
«Ақын емессіз ғой» – деген ойды бөгде сөзбен жеткізген сол пікірді сыртқа бекер шығардым ба, қайдам?! Жас талантқа айтар сын болады. Жасы ұлғайған қаламгерге сабақтаған сыншыл ойды айтқаннан не пайда?! Көңілінде кірбің кетті ме, қайдам?!
АУДАРМАШЫ
Есесіне, Тәкен Әлімқұлов – тарлан тәржіман еді. Демек, аудармада – ақын. Әдебиетте ондай-ондай кездеседі. Қасым Тоғызақов есімді кісі болды. Аудармада төгілген ақын, ақындықта қарабайыр қалам иесі. Таңдануға тура келеді.
Тәкең де төлтумада – өлеңқұмар, тәржімада жүйрік ақын болып бой тастайды.
Аудармаға ақындық ұшқырлықпен бірге, білімдарлық қажет. Өлеңді аударып отырғанда түпнұсқада айтылған оймен бірге айтылмақ ойды білу пайдалы. Аударуға ниет етіп отырған өлеңнің туу тарихы, жаратылыс жайынан мәліметіңіз болса тіпті ғанибет! Тәкен Әлімқұлов көбіне классикаға ден қоятын, сондықтан да өзі «елшілікке» (К.Чуковский) жүргелі отырған ақын тағдырын егжей-тегжейлі білетін, түпнұсқаның қыр-сырын жетік қадағалайтын аудармашы болатын.
Телегей-теңіз мол білім, әсіресе орыс поэзиясына жетіктік, ақын табиғатын нәзік түсінушілік – поэзия сынында, әмсе тәржіма мәселесін сөз еткенде жан-жақты шарапатын тигізер еді. Бұған мен «Лениншіл жас» газетінде қызмет істеген жылдары анық көз жеткіздім.
Бұрын да әредік поэзия аудармасы жайында пікір сабақтайтынын білетін біз Тәкеңе бірде А.С.Пушкин шығармаларының қазақ тіліндегі екі томдығы жөнінде, келесіде М.Ю.Лермонтов екі томдығы хақында мақала жазып беруін өтіндік. Екі ақынды да жанындай сүйетін, өлеңдерін жатқа айтатын Тәкең біздің өтінішімізді орындау бағытында «Түпнұсқа және аударма», «Аударма ауқымы мен ажары» аталатын мақала жазып берген еді. Мақала сол кезеңдік әдеби ортада өте жақсы бағаланды. Әрине, бұл енді әдеби сын мәселесі.
Бөлісу: