Міржақып Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабы туралы цензуралық материалдар - 3

Бөлісу:

03.03.2019 14688

Дулатұлы өз кітабын аңыз формасында пайдаланды. Бұл әдеби жанрға А.Байтұрсыновтың ізінше назар аударды. М.Дулатұлының өзі былай деп жазды: “А. Байтұрсынов – халықтың ақыны. Оның ақындық қызметі И.А. Крылов аңыздарын қазақ тіліне аударудан басталды. Өзінің бүкіл өмірін қараңғы қазақ жұртын ағартуға арнаған адам, оның негізгі идеясы мынада: ақын ретінде А.Байтұрсынов поэзияны қазақтарды қанаушы монархиялық Ресейдің саясатына қарсы күрес құралына айналдырады. Крылов аңыздарын аударуды қолға ала отырып, ол, ең алдымен, аңыздардың балалар мен ересек адамдарды тәрбиелеудегі орасан зор маңызына мән береді. Ол аудару үшін қазақтарға түсінікті және оның рухына сай келетін аңыздарды таңдады.

Өз өлеңдерінде А.Байтұрсынов махаббат жырын жырламайды, әйелді, табиғатты тақырып етпейді, онда желпінген асқақ сөздер де, қанатты мақалдар да жоқ. Ол қазақтың қарапайым да түсінікті тілімен бостандық, ұлт туралы жырлайды, езілген, артта қалған қазақ халқы туралы айта отырып, оны білім алуға, еңбекке, ғасырлар бойғы ұйқыдан оянуға шақырады, әрбір қазақтың бойындағы азаматтық сезімін оятады. А. Байтұрсынов өлеңдері өзінің аса сұлулығымен, ішкі мазмұнымен, түсінуге жеңілдігімен де қазақ әдебиетінде бірінші орынды иеленді.

А.Байтұрсыновтың бүкіл әдеби қызметінің қызыл жібі патша саясатына аяусыз сын, оған қарсы қатал талдау болып табылады. А.Байтұрсынов – публицист және қазақ көркемсөз өнері мектебін жасаушы”.

Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабының сот қудалауына түсуіне себеп болған да дәл осы “Жұмбақ” аңызы еді. Цензорлар мен Баспа ісі жөніндегі Бас басқарма бұл өлеңнің үкіметке қарсы сипатына назар аударды. “Жұмбаққа” ең алғашқы болып Қазан қаласының цензоры В.Смирнов шүйлікті, ол былай деп жазды: “Жұмбақ” (“Загадка”), ең алдымен, өзінің тақырыбымен және автордың астыртын ойымен назар аудартады. Осылайша ол орыс мемлекетіндегі ұсақ халықтардың езілген халін меңзеп көрсетеді. Мұнда орыс үкіметін басқа халықтар үшін арыстан бейнесінде суреттейді. Өлеңде мұндай қатынас қаталдық пен әділетсіздік ретінде көрсетіледі. Және автордың пікірінше, сәтсіз аяқталған жапон соғысы орыс үкіметінің басқа халықтарға көрсеткен қысымы үшін Құдайдан алған жазасы ретінде бейнеленеді. Осындай параллелизмге сүйене отырып, арыстанның шақыруымен үш мәрте өткен жыртқыштар жиналысын Мемлекеттік Думаның үш реткі шақырылуы деп түсіну қиын емес.

Егер осы параллелизмді күмәнсіз мойындар болсақ, онда “Жұмбақтың” бір өзі ғана онымен үндес басқа өлеңдермен қоса алғанда, кітапты айналымнан шығарып, авторға қарсы Қылмыстық заңдар жинағының 128-бабы бойынша қылмыстық тергеу жүргізу керек екенін көрсетеді”.

Ташкентте басқа цензор поручик Федоров аңыздың саяси мәнін атап көрсетті: “Бұл тарауда, – дейді ол, – арыстан және арыстан қорлаған басқа аңдар туралы айтылады. Мұнда бейне бір жаулап алған халықтарға, оның ішінде қырғыздарға әділетсіз қарым-қатынас ұстанған Ресей үкіметі меңзеледі.

Бұл аңыздың қорытындысында автор оқырманға сөз арнап, оларға бұларды халыққа “одан пайда алсын деп, өсиет ретінде арнап отырмын дегенді айтады”. “Жұмбақтың” М.Әйтпенов аударған мәтінінде былай делінген: “Аңдар жиналып, арыстанды хан сайлады. Айдаһарлар, жолбарыстар ондағы ақсүйектер болды, адамдар арыстанның күші мен құдіретіне таңғалды. Піл мен қасқыр арыстанмен дос болып, оған көп сый әкелді. Арыстанға көптеген азулы аңдар бағынғаннан кейін, басқа аңдар оған өздері келіп бас иді. Арыстан аңдарға әділетсіз, қатал болды, аңдар қорыққанынан оған бұл туралы айта алмады. Ұсақ аңдар арыстанның айтқанының бәріне көнді, төзді; олардың терілерін төсеніш етіп, етін азық етті, арыстан бағынбағандарын өлтірді.

Осындай жағдайда көп уақыт өтті, арыстан ойлағанының бәрін істеді. Әр нәрсенің бір ақыры бар дегендей, бұл батырдың да күні бітті.

Басқа бір жерде де осындай аңдар тіршілік етті, олар аз еді, бірақ оның есесіне әділ заң болды, оларды білгір хан басқарды, аңдар ынтымақшыл болды.

Бұл хан өзінің күшін көрсетпек болып арыстанға соғыс ашады. Аз көпті жеңеді, арыстанның иелігінен өздеріне жер кесіп алады. Бұл аңдар ірі емес, бірақ жігерлі әрі айлалы еді; арыстанды жеңіп, аралды еркін жайлады.

Жеңілген арыстан мұны өзінің қиянаттары үшін жіберілген жаза деп біліп, бұдан былай ондай етпеуге ант берді. Өзінің өткен ісіне өкініп, халықты жинап той жасады. Күштінің әлсізді ренжітуіне тыйым салып, сол туралы жарлық шығарды”.

Жинақтағы “Көпке арналған өсиеттің” көлемі салыстырмалы түрде үлкенірек. Ол он бес бет, он жеті тараудан тұрады. Ташкенттік аудармашы Б.Илькиннің аудармасында “Өсиет...” былай оқылады: “Замандастарыма өсиет арнаймын, мен мақтанбаймын, шын жүрегімнен шыққан сөздерімді жазамын. Жаны таза, көзі қырағы, пайдалы істің қайда екенін білетін, бауырларым, қазір уақыт бар кезде қарманып қалыңыздар.

Ілім мен білім алу жолынан ештеңені аямаңыздар, күн сайын білімің молая берсін; уақытты жіберіп алсаң, бармағыңды шайнап қаласың, уақытты пайдалан. Егер мырзалар мені тыңдамайтын болса, онда өкінетін кез келеді. Егер маған сенбесең, өзің ойлап көр, мен босқа айтып тұрған жоқпын. Егер таңертеңгі істі кешке қалдырсаң, ештеңесіз құр қол қаласың. Ақылдылар менің сөзімді түсінеді. Екі ақыл біреуінен жақсы, ал үш ақыл – екеуінен, сіздердің араларыңызда түсіністік, бірлік болсын, егер сіздер алауыз болсаңыздар, ештеңеге қол жеткізе алмайсыздар, осыны ойланыңыздар. Сіздер темір торда шынжырмен байлаулысыздар, сіздер, қазақтар, мұны қалай түсінесіздер?! Байлардың айдауында жүргендер қорқақ келеді. Енді біздің қорқатын неміз бар, біз сатып алынған құлдар емеспіз. Әркім бізге өз дегенін істей алмауы тиіс. Қазақтар, қандай уақыт келгенін ой сарабынан өткізіңдер.

Болат – тастан алынады, ал білім – жастық жігерден, егер бала кезден бастап дұрыс тәрбие алса. Білім – таза бұлақ, оны кірлетпейік. Білім алуға ұмтылған жастарға мың да бір алғыс, бұл білім халық ішіне себіледі, олар кедейлерге жанашырлықпен қараған кезде, олардың көзін ашып, дұрыс жолға түсіреді. Кімде-кім өзін аямай, халық үшін еңбек ететін болса, оның артында жарқын із қалады. Егер қазақтың саны көбірек болса және олардың білім алған ақылдылары көп болса, онда қазақты басқалар қанай алмаған болар еді. Егер ойлап қарасақ, қазіргі біздің жағдайымыз түкке де тұрмайды. Тәуір адамдар тек өзінің бас пайдасын ғана ойлайды. Егер ауқатты адам кездессе, ол басқалардың кедей, ал өзінің бай екенін айтып, мақтана бастайды. Біздің барлық байларымыз түкке тұрғысыз, олар жақын адамдарға жәрдем беруден қашқақтайды. Билер ұрыс-керісті жерге баруға шығады: барлық жақсы қасиеттерін үйінде қалдырады, пара алмай, мәселені шешпейді. Осының бәрін мен өз көзіммен көрдім, мен бұған ант етемін, маған сеніңіздер.

Басыңды тауға ұр, тасқа соқ, бірақ үйіңде басыңды төмен салбыратып қарап отырма. Егер тамшыға тамшы қосылса, ол бұлаққа айналып ағады. Егер сен кедей болсаң, онда білім – сенің бақытың, сен біліммен бақуатты адамға айналасың. Байлық саған байланып қалады деп ойлама, бүгін байсың, ертең кедейсің. Білімі барға – кедейлік жоқ, ол өзіңмен мәңгі бірге болады. Сенің білімсіздігің – қара түн, білім – жарық күн.

Егер сен жақсы болсаң – жібек секілді бол, тікенге ұқсама, егер сен көп біліп, бірақ оны халықтың игілігі үшін пайдаланбайтын болсаң, ондай білімнен пайда жоқ. Көрген мен естігеннің арасында көп айырмашылық бар... Жақсы адамдардан үйрен, оларға жақын жүр, жамандардан аулақ бол.

Дүниеде өнер көп, өзіңе пайда келтіретін кез келгенін таңда. Қалың кітаптың мағынасын түсінбесең, оны арқалағаннан не пайда. Өзіңнің ұстазыңды бүгін мақтап, ертең жамандама, көшеде бостан-босқа сенделіп жүрме. Сенің әкең мен шешең оқығаныңнан көп жақсылық күтеді... Еңбектенсең өзіңе риза боласың, пайдасын кейінірек көресің. Біз Ресейде тұратын болғандықтан, қазақтардың орыс тілін білуі – қажеттілік. Білім – өзен, егер шөлдесең – одан қанып іш. Газет пен журнал оқып, одан өзіңе керек білімді ала біл, құлағың мен көзіңе жұмыс істет. Айқайлап, бақырма, білетіндерден сұрауға ұялма. Жылаған қазақтың көз жасын құрғататын азаматтар қайда? Біздің қазақтар өнерден алыс жатыр, сіздер, жастар, оған жақындауға тырысыңыздар; құрт жеген ағашқа ұқсамаңдар, егер сол ағаштай құлап түссек, не болар еді? Егер біз жатып алып, өзімізді жеуді өтінетін болсақ, біз секілді жалқауларды кімдер жеп кетпейді?

Ел ішінде кім жақсы? Әрине, байлар. Кедейді жақсы дейтін бір адамды табыңдаршы. Рас, егер байлар өз байлығын парасатпен жұмсай білсе, байлық жоғары бағаланады. Халыққа пайдалы ретте көмектесе білгендердің байлығы көбейсе құба-құп. Өзіңе де, өзгеге де пайдасы тимеген байлықтың несі жақсы, мұндай байлықтан аулақ болған жөн.

Мен білім керек деп бір емес, әлденеше рет айттым, көптеген адамдар менімен келісетін болар деп ойлаймын. Адамдар көбінше шындыққа сенбей, өтірікке сенетінін аңғару қиын емес. Солай болса да, мен үндемей тұра алмаймын, бәрібір шындық өтірікті жеңеді. Егер сен бір нәрсе туралы ойлап, оны айтпайтын болсаң, сенің не ойлағаныңды кім білмек? Қазіргі жастардың ішінде лайықтылары аз ба деп ойлаймын. Егер мыңның бірі биікке көтерілгенде, сонда халық алға қарай басар еді.

Бұл бізде жоқ, бізді басқа халықтармен кім бірдей санамақ? Ағынды судай ақылы бар, көзі өткір, жан дүниесі жігерлі адамдардың қайсысы мұны көре тұра үнсіз қалмақ?

Көп адамда байлық бар, басқалар оны күндейді, егер кедейленсең – көк тиын да бермейді. Халық игілігі осыдан зардап шегіп отырған жоқ па? Білмейтіндер неге түсінетіндерді тыңдамайды?

Мырзалар, босқа мақтанбайық, мұсылман үшін нашар іс істемейік, халыққа пайдалы істі бір кісідей бірігіп табайық, өз күшімізді босқа шығындамайық, пайдасы жоқ істен аулақ болайық. Малды керексізге шығындамайық. Кімде-кім халыққа пайдалы іс жасаса, оны бұл үшін сөкпейік. Біреу жақсы кеңес берсе, оны пайдалану керек, ал нашар кеңеске құлақ аспайық. Халыққа қиын нәрсенің бәрін біз ортақ қиындық деп түсінейік. Таныс емес іске әдеттену, оны мойынмен көтеріп жүру қиын.

Қолға алған істі таң атысымен ерте баста, егер түске дейін күтсең, ол сені асықтырады. Егер бір істі бастағың келсе, онда басталғанын бітір. Егер біреу сенің қателескеніңді айтса, оған ренжіме және оны өзіңе жау санама. Өзгелерді өзіңнен төмен, өзіңді олардан жоғары санама. Мырзалар, екіжүзді болмаңыздар; көзінше мақтап, сыртынан сыбамаңыздар. Сырттай дос, іштей жау болмаңыздар, мұндайлардан аулақ жүрейік.

Сенің сөздерің жастық шақтың жарқылындай және ескі сүйектен тұрғызылған берік қамалдай болсын, сенің сөздеріңнің дәмділігі барлық адамға бірдей және әркімге пайдалы болсын. Өз сөздеріңмен жауыңды кішірейтіп, досыңның мерейін үстем ет, олар сенің кемшілігіңді жасыратын болады. Біліміңді жастар ортасында тарат, сонда ол өзі келіп саған жұғысады. Сенің барлық жақсы қасиеттерің достарыңның жүрегінде көбейіп өссін. Өзіңді сатып кетпеуі үшін әркімді жақын жанашыр санама, дос пен дұшпанды, жақсыны жаманнан айыра біл. Ақымақ көзіңе мақтап, сыртыңнан жамандайды. Көптеген адамдар қиындықтан шығар жол таба алмай қайғырады. Езгіде жүрген көптеген адамдардың ішінде қолынан іс келетіндердің де болғаны өтірік пе? Енді сенің кереметтігіңнен де пайда жоқ, қарашы, алыс пен жақын қалай көрінеді екен? Орыстар біздің қайсымыздың жақсы (текті), қайсымыздың ақымақ екенімізді біле алмайды. Егер сен менің сөздерімді ақылға салып ойланбасаң, онда өзіңе-өзің жау боласың.

Әпендім, айтшы, шындық қайсы, өтірік қайсы? Қарашы, қазіргі кезде халық қандай? Алдыға қарай жүргің келсе, артқа сырғанап кетесің, шығар жолды таппай, сен бос әурешілікпен шаршайсың. Жарық пен түнектің, аспан мен жердің айырмасы неде екенін ойланып көр. Күштілер мен әлсіздер бар, баршылық пен кедейшіліктің айырмасы қандай? Егер қасқырдан қойшы қойса, одан жамандықтан басқа жақсылық күтпе. Жақсы мен жаман араласып кетті, қазір оларды бір-бірінен ажырату қиын. Өткенге өкінуден енді пайда жоқ, өз кезінде білім алмағаныңа өкін. Білімді аз білсең де, оны пайдаланатын уақыт келгенде пайдаға асыр. Барлық жақсыны көруге тырыс, қателеспе, алдағанға көнбе. Аяғың ауырған кезде жүрмей, сау кезде жүгір. Не істейтініңді ойланып алған болсаң, ештеңеден қорықпай, батыл кіріс. Халық шығар жол таппай, жолбасшысыз сенделуде.

Менің туған жерім – Торғай облысы, мен арғын ішінде мадиярмын. Мен осы сөздерді жазушымын, Дулаттың ұлы – Міржақып, халыққа пайда тигізу мақсатында жаздым, халық үшін еңбектендім, мен оқырмандардың жүрегіне әсер ету үшін өлеңмен жаздым”.

Міржақып Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабында автордың өмірбаянына қатысты маңызды ақпарат бар. Ол қазақ зиялыларын толғандырған негізгі мәселелерді бөліп көрсетеді, автордың өмір тарихы туралы, ол өзі болған жерлер жөнінде әңгімелейді. Оқырман Міржақып зерттеген әдебиеттерінен хабардар болады. Мысалы, М.Дулатұлының “Ульфат”, “Вакыт”, “Тәржіман” тәрізді татар газеттерін оқығандығы белгілі болады. И.Гаспринскийдің “Тәржіман” газеті ұзақ уақыт бойы Бақшасарайда шығып тұрды. 1909 жылғы №46 санында редактордың қазақ зиялыларына арнаған мақаласы басылды. М.Дулатұлы оған жауап жазып, “Оян, қазақ!” кітабына да енгізді.

Бұл жауаптың мәтінін ташкенттік аудармашы Б. Илькин мына түрде аударды: “Оралдан Ақмолаға, одан әрі Ташкенттен Верныйға және Семейге дейін орыстардың және қазақтардың пайдасы үшін Түркістаннан Сібірге қарай теміржол өтуі керек, бұл әсіресе үкімет пен саудагерлерге өте-мөте қажет; осындай жағдайда 5-10 жылдан кейін паровоздар қазақ даласының шетінен, бұл шетіне қарай еркін жүйткіп жүретін болады. Жол салынса, қырғыз жерін сатып алушылар да, сатушылар да табылады, хохолдар суша ағылады, мал мен жердің бағасы ондаған есе өседі, сауда өзгереді... Егер “неге?” деп сұрасаң, жауап мынау: қазақтар малдарын бақпай, көшеде қаңғып жүр. Қазақтардың ең жақсы жерлерін алып алған крестьяндар тойынып жүр, ал қазақтар тақыр далада қалды. Жер жетпесе, малдың да саны азаяды, елдің тығырыққа тірелгені деген осы болады.

Кең жерлеріңізден айырылған екенсіздер, орыстар, сарттар мен татарлар секілді өздеріңізде қалған жерлерді пайдаланыңыздар. Енді байлық малда емес, жайылымда, егер қазақ бауырлар ойланып көрсе, мұны түсінер еді.

Қазақтар – алты миллион, олардың бәрі патша ағзамның қол астында тұрып жатыр, ал егер, мырзалар, сіздер дербес мемлекет болсаңыздар не болар еді: Сіздер халықтардың табанында жаншылып қалмайсыздар ма?”

Кітаптағы бұл үзіндіні поручик Федоров былай аударды: “Бұл тарауда Гаспринский деген біреуге жазылған хат келтіріледі, онда орыстар қырғыз жерінде телеграф пен теміржол салды делінеді. Осының салдарынан көптеген орыстар келіп, қырғыз жерін тартып алды. Енді біз Қожа Ахмет Иасауидің орнынан тұрып, Алатау шыңдарына көтерілуін және Ембіден Әмударияға дейін қырғыздан басқа ешкім қалмасын деп ұран салуын тілеп, дұға қайырамыз.

Осыдан кейін автор орыстар өте нашар халық дейді. Қорытындысында ол қырғыздар 6 млн болса да, өз мемлекеті жоқ екеніне таңғалып, басқа халықтың билігінде біртіндеп кедейленіп, ақыр аяғында құрып бітеді дейді”.

Міржақып Дулатұлының кітабы “Қорытынды” (78-80-бет) тараумен аяқталады. Поручик Федоров оны былай аударған: “Менің сөзім де аяқталып келеді; көпшіліктің талқысына ұсынамын – егер менің қатем болса, көрсетіңіздер, мен түзетуге тырысамын. Мен әнші не жыршы ретінде жазған жоқпын, барлық қазақты ақымақ санамаймын, өзімді де мақтамаймын, мен олардың артықшылығын да, кемшілігін де көзіне айтамын, өйткені олар ұйықтап жатыр. Менің өзім қазақтың ұлымын, сондықтан олардың өмір салтын жақсы білемін. Саған тұзақ құрған жауыңды көріп, ескерткенім саған жасаған жамандығым ба? Барлық халықтардың жыршылары болған, олар да халық қайғысын жыр етті, мұндай жыршылар әлі де туа бермек, өз сенімі бойынша халқы үшін күреспек.

Орыстарда Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Крылов, Тургенев тәрізді жазушылар болды, қазіргі кезде қарт Толстой өмір сүруде. Қазақта да солар секілді, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған жыршылар бар екені анық. Семейден Ыбырай Құнанбаев, Оралдан Әубәкір молда, Омбыдан Қыпшақбай шықты, Торғай мен Ақмолада Нұржан, чежа руынан Юсуп бар, басқалар туралы мен айтпаймын – олар өздерінің сөздерін сатты, бергенді мақтап, бермегенді даттады; мен білгенімді айттым, айтпағаныма өкпелемеңіздер. Құдайдан жақсылық тілеймін, айтарымды айттым, қаламым тоқтады”.

Қазан қаласының цензоры В.Смирнов та өзінің аудармасында жинаққа жалпы бағасын былай береді: “Сөйтіп, “Оян, қазақ!” жинағының тұтастай алғандағы негізгі желісі қырғыздардың кең далада көшіп жүрген бұрынғы еркін өмірі туралы автордың естеліктері, алайда орыс үкіметінің осы жерлерге орыстарды қоныстандырып, оны мемлекет жері деп атаған өкініштерінен тұрады. Автор соңғы жағдайды әділетсіз зорлық, қырғыз халқын тонаушылық деп атайды. Ол мұның себебі, осы халықтың надандығында және қараңғылығында деп біледі, оның айтуынша, қырғыздарды оның қоныс аударушылар, хохолдар деп аталған жауларынан, тіпті қырғыздарға әділетсіз қараған орыс үкіметінің өзінен қорғауға жарайтын ақылды да білімді адамдар табылмағандықтан осылай болып отыр. Болашақ үшін автор қырғыз жастарын дүниежүзілік білім-ғылыммен қарулануға, оның ішінде орыс тілін білуге де шақырады, сонда ғана халық атанып, өзіне, өмір сүруіне төнген қауіп-қатерді көре алатын болады дейді.

Сондай-ақ өлеңдерде қозғалған тақырыптың өзі қазіргі кездегі баспасөзде және Мемлекеттік Думада да үнемі қозғалып жүр. Автор өз жинағында татар газетінен Гаспринскийдің “Аудармашы” мақаласын тұтасымен келтіреді, онда келтірілген татар публицисінің ойлары авторды өз өлеңдерін жазуға шабыттандырған.

Жоғарыда айтылғандардың бәрінен, жинақтың көрсетілген жерлерінен, қырғыздардың тарылған жер жағдайына қатысты автордың оларға білім арқылы көмектескісі келетін ойларынан халықты үкіметке бағынбауға және қоныс аударушыларға қандай да бір жаулықпен қарауға шақырған үндеулерді көруге болады, яғни баспасөз арқылы мұндай өшпенділік сөздерді тарату Қылмыстық заңдар жинағының 129-бабының 6-пункті арқылы жазаланады”.

Цензорлар мен аудармашылардың байбаламына Түркiстан генерал-губернаторы да қосылды. 1912 жылдың 4 шiлдесiнде ол Баспа iсi жөнiндегi Бас басқармаға мынадай хат жолдады: “Қырғыз халқы арасында, әсiресе Жетiсу облысында таралған, 1911 жылы “Вакыт” газетiнiң баспаханасынан шыққан Дулатұлының шығармасы “Оян, қазақ!” кiтапшасын айналымнан алып тастау туралы өкiм беруiңiздi өтiнемiн; өйткенi оның мазмұнының зиянды болуына байланысты, Баспа iсi жөніндегі Қазан уақытша комитеті оған арест салды және бұл арестті бекітуді және Дулатұлын Қылмыстық заңдар жинағының 128 және 129-баптары бойынша жауапқа тартуды сұрап, Саратов сот палатасының прокурорына ұсыныс енгізді. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, бұл кітапша үшін Дулатұлы Семей округтік сотының үкімімен бір жылдық қамауға кесілген.

М.Дулатұлы кітабының күшті ықпалдылығы ағымдағы кезеңнің саяси аспектілерін айқын бейнелеуінде – жер тапшылығын, білім берудің нашар дамығандығын, діни мәселелерді қозғауында болды. Және ең бастысы қазақ халқының өз мемлекетін өзі билеуінің қажеттілігін көтеруі еді.

Патшалық цензура қоғамдық-саяси әдебиеттің басылуы мен таралуына кедергі жасады, авторларды қудалауды ұйымдастырды. Уақыт сарғайтқан мұрағат құжаттары алдыңғы қатарлы қазақ авторларын қуғындаудың куәсі бола алады. Мысалы, Қазан мұрағатындағы біздің қолымызға түскен – Қазан жандарм басқармасының 1913 жылдың 5 наурызындағы Баспа ісі жөніндегі уақытша комитет төрағасына жолдаған хатында былай делінгенін: “Құрметті мырза, сіздің атыңызға Қазанда басылған қырғыз тіліндегі кітаптардың тізімін жолдаймыз. Бұлар – ағайынды Каримовтер баспаханасында басылған. “Менің сорлы халқым” (“Моя бедная нация”), “Ағын” (“Течение”), “Балалар кітапшасы” (“Детская книжка”), “Қазақтарға уағыз” (“Наставления казахам”), “Мысал” (“Пример”), “Таң жұлдызы” (“Утренняя звезда”), “Қарлығаш”­ (“Ласточка”), “Кітапхана бұрышы” (“Уголок библиотеки”), “Қазақ балаларына тарту” (“Подарок казахским детям”), “Әдебиет үлгісі” (“Образец литературы”), Хусаинов баспаханасынан шыққан: “Менің жастық өмірім” (“Моя молодость”), “Нәуемездік” (“Неудовольствие”), “Біздің ұзақ өміріміздегі бастан кешкендеріміз” (“Пережитое нами в нашей долгой жизни”) кітаптары үкіметке қарсы бағытталған. Юсуф Куфяевтің “Қазақтардың шын тілегі” (“Настоящее желание казахов”) және “Күнкөріс” (“Житье-бытье”) кітаптары тәркіленген болатын...”

Бұл хатқа қосымша ретінде цензорлардың ойынша, төңкерісшіл сипаты бар және қазақ халқының саяси құқықсыздығы туралы айтатын жекелеген кітаптардан үзінділер келтірілген. “Менің сорлы халқымда” Автор Ғалиулла Ғалымжанов: “Мәдениетті халықтардың көз алдында біз аянышты халде көрінеміз. Ең жақсыларымызды қолымыздан жұлып әкетіп жатыр. Өз халқы үшін өмірін беретін ержүрек адамдар қайда? Байлардан қашанға дейін ығыса бермекпіз? Болыс болғандар біздің арамызға іріткі салып, халықтың топтасуына жол бермей отыр...”; “Ағында” автор Арыстанғали Берқалиев: “Оян, қазақ! Надандық мұхитынан жүзіп өт. Үстімізді қою тұман торлады... жарқын күндер алда”; “Шолпанда” автор Дүйсембаев: “Өз ұлтыңның қайғы-шеріне ортақтас! Біздің қараңғы халқымыз өзінің қанатын жазсын. Бетіңді ғылымға, жарыққа бұр. Оңыңнан күнің, солыңнан айың туар ма екен? Қане, іске бірігіп кірісейік. Тамшыдан теңіз құралады, жел тұрса, толқындар көтеріледі... алғашқы мектептер ашылады, халық ынтымақ пен бірлікте өмір сүреді...”; “Қазақ балаларына тартуда” автор Әбдікәрім Мәжитов: “Біздің халқымыз қашанға дейін жақ ашпай үнсіз жүре береді, бас көтерер жан жоғына қаның қайнайды. Қазақтан сорлы кім бар. Бұған жаны ауыратын адам бар ма, әлде біз алдағы уақытта да бірімізбен-біріміз жауласып, өзді-өзіміз алысып, осылай жүре бермекпіз бе? Қанеки, бірігейік, ағарту жұмыстарын көтерейік. Ғылым мен прогреске ұмтылудан өзге жол жоқ. Басқалардан, алдыңғы қатарлы халықтардан, үлгі алыңыздар, бізге шынайы бостандық керек! Өз кітаптарымызсыз, баспаханасыз надандық пен қараңғылықтан құтыла алмаймыз. Басқа халықтарда баспахана көп: ақылды адамдар, жаңа мектептер, кітапханалар мен баспаханалар ашуға қаржы жинаңыздар...”

Бұл кітаптардағы саяси және әлеуметтік әуендерді жандармерия қоғамдық құрылыстың өмір сүруі үшін қауіпті де зиянды деп тапты. Зиянды және әлеуметтік қаупі мол кітаптармен күресті күшейту үшін царизм, цензурадан басқа, Баспа істері жөніндегі Қазан комитетінің жанынан ұйымдастырылған арнаулы комиссияны және шешімді тезірек орындау үшін полицияны іске қосты.

Баспа жөніндегі комитет 1915 жылдың 12 қазанындағы құпия хатында Қазан губерниялық жандарм басқармасына былай деп баян етті: “Жоғары мәртебелім, Сіздің 5 наурыздағы хатыңызға және 11 наурыздағы қосымша хатыңызға, сондай-ақ Сіздің 2 сәуірдегі хатыңызға орай, проф. Катановтың аудармасымен, бес қырғыз кітабының орыс тіліндегі үзінділерін жолдап отырмыз, олар: автор Ғалиулла Ғалымжановтың “Менің сорлы халқым” (“Мой бедный народ”); автор Шептали Байшуақовтың “Әдебиет үлгісі” (“Образец литературы”); автор Юсуф Куфяевтің “Біздің ұзақ өміріміздегі бастан кешкендеріміз” (“Пережитое нами в нашей долгой жизни”) кітаптары.

Мазмұнына байланысты, комитет әр кітап бойынша жеке-жеке шешім қабылдады. “Менің сорлы халқым” біржақты жазылған, зиянды, “Қазақтарға уағыз” (“Наставления казахам”),­ “Әдебиет үлгісі”, “Қарлығаш” (“Ласточка”) кітаптары да сондай сипатта. Юсуф Куфяевтің “Біздің ұзақ өміріміздегі бастан кешкендеріміз” кітабына келер болсақ, онда ол Қылмыстық заңның 129-бабының 6-пунктіне тура келеді және комитет оған арест салады, ал авторын жоғарыда аталған заң бабына сәйкес, сот жауапкершілігіне тартуға шешім қабылданды”. Осы шешімнен кейін Хусаинов баспаханасының қожайынына ірі ақшалай айып салынды.

Әрине, қазақ кітаптарында кездесетін “теңестіруші сайлау жүйесін қолдану қажет”, “басымызға қара бұлт үйірілді”, “қане, бірігейік”, “бізге бостандық керек”, “бізді кім қанап отыр”, “бізге кітап керек, бізге цензурасыз баспасөз керек”, “бізге мектептер керек”; “тамшыдан теңіз құралады, толқындар көтеріледі”, “алып қойылған жерімізді қайтарып алайық!” және т.б. сөз орамдары үкіметті қорқытқаны сөзсіз. Бұған жауап ретінде қуғын-сүргін басталды. Және мұнда да Орталық Ресейдегі секілді, авторларға қарсы бағытталған 129-бап қолданылады.

Міржақып Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабы қазақ кітап басу ісіндегі цензуралық және сот қуғындауына ұшыраған алғашқы кітап болды.

Автордың «Ұлтты оятқан кітап» еңбегінен

Тәржіман: Ғұсман Жандыбаев

Бөлісу:

Көп оқылғандар