Тұманбай Молдағалиев. Күн жылына бастады, көктем келді
Бөлісу:
КӨКТЕМ
Күн жылына бастады, көктем келді,
Ұнатамын бетімен өпкен желді.
Шартылдайды найзағай көк аспанда,
Салып жатыр қып – қызыл отпен белгі.
Күн жылына бастады жаңбыр жауды,
Бұлттар баса бастады Алатауды,
Күн ашылса әжемнің ақ бұзауды,
Қырға апарып бағуға көңілі ауды.
Күн жылына бастады дала гүлдеп,
Ақыл айтты «Қозыңды баға біл» - деп.
Қуанады Қожан да: «Атаға еріп
Қой айдасып келуге жарадым» - деп.
Күн жылына бастады құстың бәрі,
Ұшып келді «кетті деп қыстың қары».
Жауып өткен жаңбырдан шығар бәлкім
Бақтың іші түн бойы тырсылдады.
СӘУІР КЕЛГЕНДЕ
Сәуір күні жаңбырлы ма, желді ме,
Қабағынан шуақ шашты келді де,
Алты ай қыста үйден шықпай отырған
Атама өзі жұмыс тауып берді де.
Бақ ішіне ертіп барды атамды,
Атам күннен таусылмайтын от алды.
Ауламызға егіп жатыр алма ағаш,
Алмаға бір тойдырам деп ботамды.
Ботасы мен алмаға бір тоймайтын,
Іші пысса, күшігімен ойнайтын,
Кәмпит те бар, өрік те көп, алма көп,
Атам бар да менің қамымды ойлайтын.
Өзі ақылшы, өзі қамқор, өзі бек,
Ботасына үйрететін сөзі көп.
Атам еккен ағаштарға су құйдым,
Жемістерін берсе екен деп тезірек.
***
Тарыққанда табынарым – өлеңім,
Жабыққанда жалынарым – өлеңім.
Барлығы да өлеңімде сақтаулы -
Ақын болып нені айттым мен, не дедім.
Жүрегіме сүйенемін күй білген,
Жыры арқылы жұрт көңілін идірген.
Ең алдымен сүйдім адамдарды мен,
Анам көріп, әкем көріп сүйдім мен.
Сол өмірдің дегендерін құп алдым,
Әрқашанда көктем алдым, нұр алдым.
Жақсы көрдім қатар жүрген достарды,
Табысына, шабысына қуандым.
Көңілім деп ұқтым гүлді, көгалды,
Өрге бастар өмірімнің жол алды.
Мен жамандық істегем жоқ ешкімге,
Қолдан келген жақсылығымды ел алды.
Көктемдегі көк өзендей тасимын,
Жалғыз ауыз жаман сөзден жасимын.
Қатты сөзге барғаным жоқ ешкіммен,
Тәтті сөзге жебеушім деп бас идім.
Бірін - бірі сүйеп тұр ғой ормандар,
Өсиетсіз, қасиетсіз болмаңдар.
Ей, адамдар бір – біріңді қолдаңдар,
Ей, адамдар, бір – біріңді қорғаңдар.
***
Наурыз келді, Күлеке, байқадың ба,
Қатығыңды түндегі шайқадың ба.
Құлшынасың толқындар алып қашып,
Құлаш ұрған баладай қайта ағынға.
Наурыз келді, нар келді жүгін алып,
Келген көктем көңілін ұғыналық.
Қосылады Алатау гүлдеріне
Атамқұлдың қып - қызыл гүлі барып.
Арнасында бұлақтар буырқанып,
Көрген емес ешқашан тыным тауып.
Жер несібе сұрайды көк аспаннан
Кеудесіне көктемнің гүлін тағып.
Барлық айдан, байқашы, осы ай басқа,
Көңіл шіркін көнбейді масаймасқа.
Наурыз келді, нан пісір қызыл отқа,
Наурыз көже қамын да жасай баста.
***
Наурыз келді ауылға нарға мініп,
Қаңқылдап жүр аспанда қарға күліп.
Жадырайды дүние жарқылдайды,
Жақын келіп қалғандай алдағы үміт.
Қуанды балалар таң атқанға,
Алғыс жолдап ағалар жаратқанға.
Наурыз көже қолымен келіндердің,
Құйылып жатыр ақ күміс табақтарға.
Қонақ күтіп әжелер құрақұшты,
Тізбектеліп тырналар жырақ ұшты.
Малдық бәрі бұл қыстан аман алып шықты,
Сол үшін де қария қуанышты.
Жыл құстары жарысып жаңа келді,
Келуімен қуантып тамам елді.
Маужырайды сұлу күн мейірленіп,
Аялайды нұрымен бар әлемді.
Жылытады енді дүниені от ерінбей,
Қайғы барын өтсе екен бота білмей.
Алатаудың шығып ап иығына,
Ұзақ тұрды наурыз күн көтерілмей.
***
Ай қарады көгілдір көл бетіне,
Қыз қарады көлдегі келбетіне.
Қосылды да, қос сәуле құшақтасты,
Мөлдір толқын төсінде тербетіле.
Шоршып жүрген ақ шабақ тұнықтағы,
Қыздың көркін көрді әлде, тынып қалды.
Бала толқын, ай нұры, ерке балық,
Бірақ ару аңсарын түк ұқпады.
Қыз қозғалмай қадалып тұра берді,
Жылы сезім кеудеде туа берді.
Күтті ме екем, кім білсін, күтпеді ме,
Жеке қайық мүйістен шыға келді.
***
Жайлау ғой мынау жарасқан
Арал – төбе бауыры.
Төбеден неге әрі асқан
Сәулешімнің ауылы
Төбеден төмен қараймын
Ақ үйлер қатар тігілген.
Көрінші көзге, арайлым,
Көрінші, іздеп тұрмын мен.
Болмаса егер бұл төбе,
Көрші ғой ауыл тым жақын.
Кеше де, мейлі, ерте де
Өзіңді көріп тұратын.
Тілегім неткен көп еді,
Жүрегім тұр ғой от алып.
Осынау тұрған төбені
Тастар ма еді қопарып!
ТАЙ ҮЙРЕТУ
Атам ұстап асау тайды, тізгіндеп,
Әкеп берді, мінсін бала біздің деп.
Қарғып міндім, қыр көрсетіп достарға,
Күнде мені жүретұғын жүз күндеп.
Тай тулады, тулап бақты есіріп,
Шапты бір кез сар жазықта көсіліп.
Қаршығадай қатып қалдым үстінде,
Әлденеге ыза болып, өшігіп.
Көзі терлеп, екі езуі қанады,
Бастандықтан көп үміті бар әлі.
Тақымымнан босатпадым мен оны,
Көтерсем де еркелігін шамалы.
Асау бейбақ шауып–шауып, тоқтады,
Мойындады басқа түскен ноқтаны.
Екі аяқпен тік тұрды да, кісінеп,
Ең соңғы рет еркіндігін жоқтады.
Менің де екі алақаным қанады,
Көңілім сергек, кеудем күйіп, жанады.
Тайды үйретіп оралғанда ауылға,
Көп достарым іші күйіп қарады.
Жігіт болды, жаса бұған той, - деді,
Көрші - қолаң қошеметтеп сөйледі.
Атам ғана мақтаған жоқ:
«Тайыңды
Мама ағашқа мықтап байлап қой», - деді.
***
Өткен күндерге хат жаздым,
Өшіп қалмасын оты деп.
Іздейді, мүмкін, хат жазды
Арманға толы көкірек.
Тағдырым, мені жүдетпе,
Биіктеп ұшсын нар құсым.
Қартайған қайсар жүректе,
Жігіттің оты, бармысың.
Бітпеген әні, әуені,
Жігіт едім ғой мен күшті.
Бес жапырағым бар еді,
Бір жапырағым желге ұшты.
Құлатып алдым ай, күнді,
Жылады жаным еңіреп.
Көтерісті ауыр қайғымды,
Сүйеді елім мені кеп.
Найзағай соққан қарағай
Орманда осы аз ба, әттең.
Жаңа аяқтанған баладай
Жүремін құлай жаздап мен.
БАҚЫТТЫ БОЛ, ҚАЗАҒЫМ
Бақытты бол, қазағым, қайда жүрме,
Бара алмадық көбінде тойға бірге.
Үлестіріп әркімге беретіндей,
Біздің туған өлкеміз бай ма гүлге?!
Біз бітпейміз, жат бізге ондай ұғым,
Табыстадық тарихқа тандай ұлын.
Келін түскен кең үйге кең жүрекпен
Жарасады жасасақ қандай ырым.
Мен елімнің ұнатам ер мінезін,
Көпке қызмет жасаймын жалғыз өзім.
Келін түскен үйлерден әсем үйді
Көрген емес туғалы менің көзім.
Әсем әндер жаңбыр боп төгіледі,
Бақыты көп не деген өмір еді.
Қыз ұзатып жатқан үй қызығымның
Басы болып әрқашан көрінеді.
Оянасың, ойшылым, күнмен бірге,
Көбелек боп ұшасың гүлден гүлге.
Қуанышың көп болын сенің, қазақ.
Аз көрмедің қайғыны бұл өмірде.
Туған жерді көреміз жанымыздай.
Ән бір арман, айтамыз оны бұзбай.
Әрқашанда бақытты болғын, қазақ,
Жиырмадағы жігіттей, ару қыздай.
ӨМІР МАҒАН...
Өмір маған кейде тау сияқты,
Шыңына шыққым келеді.
Өмір маған кейде бір жау сияқты,
Аяққа жыққым келеді.
Өмір маған кейде бір бел сияқты,
Гүлдерін тергім келеді.
Өмір маған кейде бір шөл сияқты,
Сусын бергім келедi.
Өмір маған кейде бір от сияқты,
Жылысын алғым келеді.
Мен үшін кейде бақыт жоқ сияқты
Өліп калғым келеді.
Өмір маған кейде жақсы дос сияқты,
Күнде көргім келеді.
Өмір маған үлкен керуен көш сияқты,
Жетектегім келеді.
Өмір маған кейде адал жар сияқты,
Еркелеткім келеді.
Мені күткен бір бақыт бар сияқты,
Ерте жеткім келеді.
Өмір маған кейде сұлу қыз сияқты,
Құшақтап сүйгім келеді.
Өмір маған кейде «апа», сіз сияқты,
Қуаныш үйгім келеді.
Өмір маған шаттық сезім сияқты,
Мәз болып күлкім келеді.
Өмір маған кейде өзім сияқты,
Суреттер kaz.tengrinews.kz, anatili.kazgazeta.kz сайтынан алынды
Бөлісу: