Айгүл Кемелбаева. Әуезов және Фолкнер

Бөлісу:

24.03.2019 7757

Аңшылық тақырыбы дүниежүзілік әдебиеттің ең бір көне, күрделі бөлігін құрайды. Аң аулау – адамзаттың балалық шағына оралу, жабайы қауымына түйсік-сағыныш, өркениет тас қаласынан босануға әрекет; аңшылық – мәңгілік робинзонада, ол тіршілік үшін күрес, қан төгу, бір мақұлықтың екінші бір хайуанды қудалауы.

Аристотель мен Платонда аңшы және философ –мағынасы бірдей ұғымдар.

Қан төгілу – әрі қылмыс, әрі мистика. Қанда құдірет пен құпия бар. Әдебиет сыншылары Америка әдебиетінде Герман Мелвиллдің «Моби Дик» атты романы болмаса, Фолкнер «Аю», Хэмингуэй «Шал мен теңіз» – қос повес тумас еді деп кесіп айтады.

Мұхтар Әуезовтың «Көксерегі» қазақ әдебиетіндегі кіші проза жанрында «Сегіз қызым бір төбе, / Кенжекейім бір төбе». Мелвилл, Әуезов, Фолкнер, Шолохов шығармаларының әр бұтасы мен жас шөптерінің иісі аңқып тұратыны ғажап.

«Көксерек» – уыз иісі ерен күшті туынды. Астарлы түрде бұл өркениет темір етігі таптамаған, жат пиғылдар әлі салқыны тимеген, бірақ батуға таяу көшпелілер мәдениетінің ерен бұла, сүт аңқыған уыз иісі болатын. Бұл біздің күн түбіне жорытқан, қоғалы көлдер, қом сулар жайлаған, жарлысы мен байы тең кең байтақ өлкенің текті ұрпағы көшпелі бабаларымыздың жұртында қалған жұрнағы. «Көксерек» әңгімесінің Көк тәңірісіне қарап ұлитын символикасы да, оның тілмен айтып жеткізгісіз трагедиясы сонда.

Фолкнердің «Аю» повесіндегі аң өлімі өркениет баса-көктеп, орман-тоғайды жойып, өзендерді ластап, табиғат күйзеліп, әбден тозуын бейнелейтін қарғыс тәрізді болса, Мұхтар Әуезов трактовкасында жыртқыштың күйреуі ұлттық тағдырды кестеледі; бұл сейілмейтін мұң, қара көзден аққан қанды жас, тексіздену, тобырландыру, жаһандануға үкім етілген аз ұлттың қайғы-қасіреті мен бейнетін азалайтыны хақ.

Көксеректің ажалы ана тілге, ата-баба поэзиясына төнген рухани апат болатын, атасы – қазақша, баласы – орысша, немересі – ағылшынша сөйлеуге жазған құлдық психологияның зіл-батпан салмағын ауырсынудан туған зар.

Үмітсіз шайтан. Абайы, Мұхтары бар ұлт өз болмысын, рухани қазынасын сақтап қалмаққа ұмтылмағы қазақ қанымызға үміт отын жандырарына шүбә жоқ.

«Көксеректегі» жазушының сүйіп жазған сөзі – «Көк». Көк күшіктер өмірге құштарлықтың тұспалына айналды. «Көк» сөзі қазақта тәңір, аспан, табиғат, шөп, кие, қасиет деген ұғымдардың да синонимі екені белгілі.

Әңгімедегі итмұрынды қалың жыныс, қасқыр деген сөздерге метафора ретінде қарасақ, ол көшпелілер әулеті, қыр жайлаған қазақ, патриархальды тұрмыс, түз тағысы тәрізді емін-еркін өскен халықтар бейнесі, азаттық идеясының нышаны.

Жас Мұхтар Көксерекке сонша елжіреп, жанының бар мейірін, жылуын төгуі, іші-бауыры жабыса мөймілдетіп, сүйіп жазуы сол басқа бір параметрлермен келетін астарлы мағынасынан еді. Өйткені, адам алдымен өзін таниды. Сөйтіп дүниеге қарайды. Сөйтіп Құдайын мойындайды.

«Жақсылықты өзіне қыл, өзіңнен асса досыңа қыл» дейді қазақ, өзін-өзі тану әдебиеттің парызы.

Мұхтар Әуезов асыл текті мұрагер, ол өзіне Құдай берген миссиясын адал орындауға күш салды. «Көксерексіз» Мұхтардың бекзат жаратылысын, оның трагедиясы мен творчестволық бағын түсіну мүмкін емес.

Мұхтар – Көксерек болса, Джек Лондон – Мартин Иден.

Мұхтар Әуезов пен Уильям Фолкнерді сондай бір ұлы символикасы мен жүректің қан жылауы жағынан бір қатарға қоюға әбден болады. Олар бір-бірін білді, я білмеді деу қарабайыр ұғым. Дүниетаным, адами құндылықтар, Жаратқанның құдіреті, табиғат тылсымдарының құс жолында бедерленген ұлы гармония, мистикалық көркемдікті сүйе, бағалай, бейнелей алатын суреткерлік шеберлікте жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Жанболат Аупбаев. Орнитолог

Фолкнерде орман, Әуезовте дала, екеуі 1997 жылы туған түйдей құрдас суреткерлер.

Адамзат алғаш жаратылғаннан бері шайқалмаған тұнықты лайлауға, жабайы табиғатты отап, даланың ерен тағысын құртуға келді. Бірақ мұның Пирр жеңісі боларын ақырына дейін түсінген жоқ. Қара жер: «Пан құдай екінші рет өлді!», – деп дауыс саларын, долданарын мойындағысы келмеді.

Фолкнерде балаға аю өлмейтін сияқты көрінеді. Өйткені Айк Маккаслин ұлы табиғат поэзиясын оқи білді. Аю, кәрі аң, адам тәрізді «Бен қария» атты лақап есімі бар аю оған елу ұлдан айрылған Приам патшадай асқақ көрінеді. Орман шегінуі, орман өлуі Трояның қирауы тәрізді апат. Жасөспірім Айк орманның еркесін соншалық бір эстетикалық сезіммен, пір тұтып қабылдауы Құрмаштың түз тағысының құртымдай күшігіне деген ыстық махаббатынан аумайды. Көксерек келгенде Құрмаш балалығынан, еркелігінен күрт безінгендей, әже қойнынан шығып кетуші еді ғой.

Сөйтіп, Фолкнер мен Әуезовте екі бала да жыртқыш аңға тым биік сезімдермен қарайды. Мұнда дүниедегі жан-жануардың бәрін сүйіспеншілікпен қабылдайтын құдайшыл, сәбилік пәк көңіл, кіршіксіз таза жүрек жылулығы мен ықыласы, нұры бар.

Айк Маккаслин кәрі Бенді, жыртқыш аңды екі рет мылтығы оқтаулы бола тұрып атпайды. Өйткені, аң бала жүрегінде аяушылық, мейірім тудырады.

Құрмаш Көксерек ауылдан жоғалған сайын жаны құса шегеді. Фолкнерде поэтикалық сурет бар: «Иттің иығында жас қанның тамшылары алқызыл жидектей ілініп қалды».

«Көксеректің» тұла бойы тұнған поэтика. Әсіресе, оның азаттық өмірі, үйірмен жүргені, жұптасып жүрген мезеті.

Құрмаш үшін Көксерек жыртқыш емес, панасыз, қорғансыз хайуан, құдай жаратқан киелі мақұлығы.

Өзі өсірген күшік болған соң өлімге қимақ түгілі, қасынан шығарғысы келмейді.

Бұл шығармаларды үйлестіретін күш – жазмыш, діншілдік, мистика. Фолкнер аңыз әңгіме тудырды. Мұхтар Әуезов мифтік образ – Көксерек бейнесі арқылы адам баласына оның адамзат алдындағы қарызы мен парызын еске салды. Фолкнердің «Аю» повесі бұл тұрғыдан діни уағызға жақын.

И.А.Буниннің тырнақтай болса да ерен құдіретті «Железная шерсть» атты әңгімесі бар, аю туралы. Кескіні зооморфты бұл көрікті әңгімедегі мистикалық, мифтік, эзотерикалық поэзия Көксеректің де еншісі. Қорғансыз, әлсіздің көркем, бейкүнә екенін ашып барып, адам нәсілін сол арқылы қорғау ұлы жазушылардың маңдайына жазылған тағдыр, жазмыш ісі. Құрбандыққа шалынарда Сұлулық асқан мейір мен аяушылық, жанашырлық тудырмай ма!

Фолкнердің «Таңғы азаннан сүргін» атты әңгімесінде бір ғана суреттеу сөйлем бар. Өзен бетінде бұғының басы ғана көрініп жүзіп келеді. Бұтақты бас, тармақталған жануар басы, су бетінде өскен ағаш тәрізді. Қиянатқа қию обал.

Фолкнердің «Түлкіге ит қосу» атты әңгімесінде тақырыбы – аңшылық. Әңгіме кейіпкері бір түлкі соңынан үш жыл қудалайды. Ассоциация айқын: тағы да Моби Дик, ақ кит және Көксерек, немесе тағдырға наразылық.

Мұхтар Әуезов «Бүркітші» атты әңгімесінде шытырман романдардың тартылу күші мен детектив жанры аралас философия, қыр адамына тән астрологиялық болмысын терең шеберлікпен суреттеледі.

Дала – ашық кітап, Бекбол аңшы – оның бауырында өскен баласы, зерек шәкірт. Көшпелілер тіршілігі сұлу поэтикасы бұл әңгімеде ерекше қуатпен жарқырайды. Аңшының ештеңені қалт жібермейтін, туған жерінің әр жылқысын түстеп танитын қырағы көзі шөп басындағы шықтан дерек табады.

Өзі орынсыз бір ауыз сөзін текке шығындамайтын аса сақ, сабырлы адам. Бекбол аңшы із кесуші, аңшы тұрмысына қатысты детальдық, логикалық суреттеулер күшті. Жазушының жершіл, қаншыл болмысы өз кейіпкеріне деген құрмет пен сүйіспеншілігінен көрінеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Ақұштап Бақтыгереева. Дала заңы әрі қатал, әрі адал

Бекбол аңшы мен Сәтбек банды бірге өсіп, тапқа бөлініп, ақыр соңында бір-біріне жат, жау болып шығу тарихы азамат соғысынан бергі ұлы дүрбелеңдер мен өзгерістердің тарихы. Екі қазақтың тышқан мен мысықтай өштігі Абыл мен Қабылдың жаңа нұсқасы, вариация. Мұхтар Әуезовке Бекбол аңшы образынан Қабыл емес, Абыл жасап, идеялық бұрмалаушылыққа барды деген пікір әдебиет айналасында Еуропаны кезген коммунизм елесіндей кезіп жүргені соңғы уақытта сезіліп жүр. Құнанбай қажы бейнесі айналасында әртүрлі талас, жазушыны жазғыру туғаны сияқты. Ендеше, бұл әңгімесінде де Мұхтар Әуезов тылсымы терең нағыз проза тудыра алғанын мойындайық. Өйткені әдебиет жағымды немесе жағымсыз кейіпкер деп аталатын, қарапайым оқытушының алақанынан шығармайтын жадағай терминдерге кейде мұрынын шүйіріп те қарамайтыны бар. Соншалық көркем бұл шығарманың тіпті, ақ, қызыл, шекара деген ұғымдардан биік тұратын «Бүркітші» әңгімесінің соңы ғана бөлектеніп, шырайын бұзып тұрғаны өкінішті.

Бәлкім оған тандануға болмас, әңгіме құдайдан безген 1937 жылы жазылған.

Колхозға мадақ, Қазақ ССР конституциясы туралы хабарлы сөйлемдер суретшінің идеологиялық қамауды бастан кешірген тәуелді бір шағын аңғартады. Көркем әңгіме құйыршығына ықтиярсыз қосылған публицистика, немесе арбаның бесінші доңғалағы, оның артық екені сезілсе де, шығарманың сұлу тұлғасына сызат келтіре алған жоқ.

Бөлісу:

Көп оқылғандар