Еркіндік! Жеке бастың емес, ұлтыңның еркіндігі. Не деген ғажап еді!
Көшпенділер атанған ата-тектің кім екенін түгендейтін кезең келді. Тілі мен дінін ұмыта бастап қайта бас көтеру – өліп қайта тірілу секілді оңайға түспесі анық.
Ауыз әдебиетімен сан ғасыр ұрпағын тәрбиелеген біздің қазақтың соңғы айтқыштарын аздап болса да көре қалған ұрпақтың бірі екеніме қайран қалам.
Қыздар университетінде «Қазақ ауыз әдебиетінен» дәріс оқыған ұстазым Әмина Сүлейменқызы Мәметова (Мәншүк Мәметованың анасы – авт.) әр сабағын «Есте жоқ ескі заманда» деп бастайтын еді. Сабақ бойы қазақ мақал-мәтелдерін көп қолданатын.
Өз әжем Қатира болса сөздеріне Мөңке бидің өлең шумақтарын қосатын.
«Неше жақсы десең де,
Неше жаман десең де,
Тартпай қоймас негізге», – деп бір қайырады.
Ол бүгінгі ғылымның генетика тарауы екен-ау.
Текке тартатынды қазақ әріден-ақ білген. Өмірден зерттеп білген сияқты.
Ұлы дала көшпенділері айтатын мақалды күні кеше менің әжем түсіндіріп отыратын. «Қазаннан қақпақ кетсе – иттен ұят кетер» деп сөйлейтін еді.
Неге олай дегенін тарқатып айтатын. «Дала заңы әрі қатал, әрі адал болған» дер еді одан әрі. Қазанын түнде ашып тастаған келінді төркініне қайта апарып тастайтын да болған. Неге десеңіз, ол әйел тазалық сақтай білмесе – отбасын түгел ауыртады деген. Ол кезде жалғыз қара қазанын таза ұстамаған әйелден не күтуге болады? Бұл – бүгінгі біздің гигиена, санитария дегенге келеді.
Ал тереңірек ойлансаң, басқарған ісіңе, еліңнің ырысына мұқият бол дегенге келіп тірелетін терең мәнді мақал.
«Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» дейді әжем тағы бір мақалында. Қысқа сөзде үлкен мән жатыр. Бүгін біз қайтып келген қызға мін тақпайтын болдық. Ал терең үңілсек ше? Бәлкім, ұлы бабалар баланың болашағын ойлап осылай деген болар... Себебі, бұл күнде тірілей жесір келіншек тірі жетім баласын жетектеп жүр емес пе? Жетім бала қоғамда көбейіп тұр. Жалғызбасты әйел әкесі белгісіз баланы жетелеп жүргеннің несі жақсы? Ол балаларға дәріс айтқанда көшпенді бабалар пайдаланған «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деген мақалды айтудың өзі қиын. Көбінің әкесі жоқ. Ендеше көшпенділер осыны меңзеп айтса керек о баста. Терең, мәнді сөз екені даусыз. Ұрпақ қамын ойлаған ұлы сөз.
Ат үстінде өмір кешіп, арғымақтың жалында ұйықтаған ұлы даланың ұрпағы асыл жануар жайлы да сан алуан мақал айтқан.
«Қасқа айғырдың баласы ұқсамаса да төбел туады» дейді бабалар. Бұл да бүгінгі біздің оқып жүрген генетика болса керек. Иә, тұқымға тартады, қаннан беріледі. Айғыры қасқа болса, ақ төбел құлын туады.
Арғы түбі тұқымға, текке бала тартады деген мағына береді.
«Бесік көргенді ал» деп ер жеткен ұлға кеңес береді, «Бесік көргенге бар» деп бой жеткен қызға ақыл айтады. Не деген сөз?
Бесік – тәрбие құралы. Оны дұрыс пайдаланса, бала дұрыс өседі. Алдымен әлди ән тыңдайды, түзу жатып үйренеді, басы да, денесі де таза, жүйкесі дұрыс болады.
Бесік көрмеген – жүйелі тәрбие көрмеген деген ұғымды береді. Міне, ұлы дала көшпендісінің ұлы мәдениеті бесіктен басталған. Ал, біз, бір жақтан өзге тілді біреу келіп «Так это вредно» деп кеткені үшін бабалар пайдаланған бесіктен безіп кеттік.
Ал қытайлар ұлы деген Конфуций несімен ұлы? Ол айтады: «Егер бабасының жолын әкесі, әкесінің жолын баласы, оның жолын келер ұрпағы жоғалтпай жалғаса – ол ұлт мәңгі жасай береді», – дейді. Ойлап қарасаң, ұлы дала мәдениеті де ұрпаққа жалғасын тапса – көшпенділер ұрпағы мәңгі өмір сүруге тиіс.
«Анасын көріп – қызын ал» деген немене? Анасы тәрбиелі үйдің қызы да тәрбиелі болмақ. Ал бүгін біз көшеде танысамыз. Көп қате содан кетіп жатыр емес пе?
Соңғы бір жылдарда ұшақта бір бейтаныс әйелмен әңгіме айттық. «Мен сізді теледидардан қазақ қызының тәрбиесі жайында сөз сөйлегеніңізден білемін», деді жанымдағы орынға жайғасқан әйел. Одан әрі басынан өткен оқиғасын баяндады. – Екі ұлым бар еді, – деді даусынан ризашылықтың үні байқалып. – Соның үлкені үйленетін болды. Қуанып кеттік. Тоқсаныншы жылдар, қиын-қыстау кезең еді ғой. Ол кезде ауылдық жерде тұратынбыз. Аудандар тарқап, азып-тоза бастағанбыз. Әлі де малымыз бар болатын. Отағасы екеуміз соларды сатып, құдаласып, той жасауға жиналдық. Қазіргі жастарға не дейсің, бір аптаның ішінде болашақ келін ұлымызға еріп келіп, үйге тұрып алды. Бізде маза жоқ, тездетіп той қамына кірістік. Аз сөйлестік. «Есімім – Гуля. Басқа облыстан дос қызыма келгенмін, жұмыс іздеп жүрмін» деді. Баламыз «сүйем» деп әкелген, өзіміздей қазақтың қызы деп қабылдадық. Солай тойға жиналдық. Зуылдап ай өтіп кетті. Бір күні мал сатқан ақша, тойға алған сыйлықтармен Гуля қыз жоғалып кетті. Ол кезде суретке түсіретін телефон да жоқ еді, суреті де болмады. Паспортын да сұрамадық қой. Қайдан келген Гуля, қайда кетті Гуля, білмейміз. Фамилиясын да білмейді екенбіз. Алданған ұлымның енді үйленетін түрі жоқ, көңілі қалған күйі қартайып келеді, – деп әңгімесін аяқтады.
Міне, бүгінгі біздің бір қызымыздың жүрісі осы. Қазақ қызына лайық іс пе еді бұл? Оны өсірген қандай ана екен?!
Ұлы дала ұлдары қайсар болатынын өз басым Бауыржан Момышұлын көргенде көзім жетті. Тәкаппар болып көрінетін жүрегі жылы батыр бір кездесуде шегелеп тұрып былай деген: «Мен ұлтты өшіретін үш нәрсені анық білемін. Біріншісі – бесік тербетіп отырып әлди жырын айта алмайтын әйел, екіншісі – немересіне кешкі ертегі айта алмайтын әже, үшіншісі – қазақ жігітінің өзге ұлттан алған әйелі». Ендеше, ұлт тағдыры – әйелге байланысты екен. Демек, бүкіл қоғам болып ойланатын мәселенің бірі осы сияқты.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлы ойдың оянуына себепші болған тарихи мәні зор мақала болды. Ата-бабадан қалған бір ауыз сөзге дейін қасиетті екенін ұғыну үшін Ана тілге үлкен мән берілуі керек. Өз тіліндегі сөздің мәнін ұқпайтындарға, әрине, ұлы даланың сырын, көшпенді бабаның мұңын, оның ұлы мәдениетінің түп-тамырын ұғыну – оңай шаруа емес.
Коллаж: Baq.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.