Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 1

Бөлісу:

27.03.2019 8283

(деректі хикаят)

Қазақ халқының наным-сенімі бойынша,

құйынның ішінде шайтан ұшып жүреді.

Сондықтан да қара құйынды көзі шалған

адамдар оған: “Кет, бәлекет, кет! Бізден аулақ,

таздың үйіне бар!” деп қарғыс айтып,

қуалайтын болған.

І

– Ең бірінші есімде қалғаны – Ай. Күздің суық күнінде біз әлдебір жаққа көшіп барамыз. Мен шайқалақтаған арбаның үстінде көрпеге ораулы жатырмын. Кенет арба солқ етіп тоқтай қалды. Менің көзім қап-қара болып түнерген аспан төріндегі Айға түсті. Дөп-дөңгелек болып толған Ай жап-жарық. Мен шалқамнан жатып, одан көзімді алмай ұзақ қарадым. Жолдың екі шеті – толған адам мүрделері. Олардың созылған қолдары бұратылып тырбиған ағаш бұтақтарына ұқсайды. Өлі-тірісі белгісіз, жерге жабысып қатып қалған. Маған айтпаса да бәрі белгілі еді. Үлкендер бәрібір сұрағанмен жауап бермейді, олардың маған қарайлауға мұршасы да жоқ. Осы бір серейіп қатып қалған адамдарды әлдебір тылсым үрей қоршап тұрғандай... Кейін естияр болған кезімде сұрағанмын, сонда бәрін айтып берді. Олар адамның мәйіттері еді. Әжем таңғалып: “Сен қалай есіңде сақтағансың? Ол кезде екі-ақ жаста болатынсың”, – деді. Шынында да, қалай есімде қалған? Бірақ ұмытпаған едім. Ай...

Көшіп барамыз... Өліктер... Бұл отыз бірінші жыл болатын, біз қаңырап бос қалған ауылдан Торғайға қарай жол тартқанбыз...

Ақын Ғафу Қайырбеков өзінің қашанғы күмбірлеген майда қоңыр дауысымен ерекше бір толқу үстінде сөйлеп отыр:

– Менің екінші естелігім Торғаймен байланысты. Аудан орталығы болып табылатын бұл қалашық биіктеу жерде орналасқан. Төменде өзен, барлық көшелер солай қарай тіке құлдилап кетеді. Біз, ұсақ балалар, жалаңаяқ өзенге қарай жүгіреміз. Ал көшеде адамдар көп, ересек адамдар, бірақ жүре алмайды, төрт аяқтап ілгері жылжыған болады. Соңғы күштерін жинап, әрең-әрең қозғалады. Әлдері құрып демалады да, тырнақтарымен жерді қайтадан тырмалайды. Кейбіреулерінің қозғалуға шамалары келмей, кескен теректей болып жол үстінде сұлап жатады. Біз олардың үстінен аттап өтеміз. Өзенге жеткенше бірнеше мәйітті артта қалдыруға тура келеді. Онда, су жағасында, өлген малдан аяқ алып жүргісіз. Аш адамдар осы қасапханаға еңбектеп келеді. Жеткендері қос уыстап малдың қанын сіміреді...

Иә-ә... Ал енді үшінші естелікке көшейін. Біз аудандық Тұтынушылар одағы үйінің ауласында тұрдық, онда шешемнің үлкен ағасы – менің нағашым жұмыс істейтін. Кең аула қоршауының ауыр қақпасы әрқашан жабық тұрады. Аула ішінде аздаған мал бар, оларға бас-көз болу керек, әйтпесе асханадан тамақтанатын адамдар аш қалады. Онда неден жасалғанын біліп болмайтын әлдебір сұйық көже беріледі. Менің ағайым, оның менен он жас үлкендігі бар, кейін соғыста қаза тапты, үлкен шелекпен сұйық көже тасиды. Ішсең, әйтеуір қарынның шұрылын басуға жарайды... Ал ауладан бізді, кішкентайларды, далаға шығармайды. Шығуға қатаң тыйым салынған. Қақпаның саңылауынан көшеге қараймыз. Қызық көрінеді! Қарсы бетте ескі балшық дуал бар, онда – адамдар: біреулері шалқалап, кейбірі етпеттеп жатыр. Әлденені күтуде... Ауладағы арық малдар аяғынан әрең тұрады. Сиыр бұзауын, қой қозысын өлідей туады. Демі бітіп құлаған малдың да, олардың жансыз туған төлдерінің де өлігін қақпаның сыртына шығарып тастайды. Адамдар оларға қарай тұра жүгіреді: қолма-қол етін паршалап, шикілей қылғытады...

ҰҚСАС МАТЕРИАЛ: Ашаршылық: тарихшы Сара Кэмеронның көзқарасы

Бірде үйдегілердің көзін ала беріп, қыдыру үшін далаға жүгіріп шыққаным есімде... Сол заматта-ақ ту сыртымнан әлдекімнің қолдары жармаса кетті. Байқаймын, әлсіз, бірақ шеңгелін батыра қатты қысып барады. Мен жұлқынып шығуға әрекеттендім. Сонда қанша жаста едім... бәлкім, төрт жас немесе одан сәл көбірек. Сәті түскенде, әжем жүгіріп келіп айғайға басты. Осыдан кейін: “Қақпадан шықпа, жеп қояды”, – деп күніне неше қайталайтын болды...

Ол басын сәл тұқыртып, үнсіз отырып қалды. Сосын шылым алып тұтатып, терезе жаққа көз тастады.

– Міне, балалық шақтың ең алғашқы естеліктері осындай... Әкем, ол кісі сауатты болған, және ағайым Тұтынушылар одағында жұмыс істегенінің арқасында ғана аман қалдық... Мен де естияр бола бастадым. Отыз төртінші жыл анық есімде қалды. Біз бұрынғысынша Торғайда тұрып жаттық. Адамдардың тынысы кеңи бастады, тірі қалғандарына азық-түлік үлестірілді. Оны бір жақтардан әкелетін... Әйтсе де арқаны кеңге салуға әлі ерте болатын. Біздің Торғайда жер аударылғандар (“ссыльные”– қазақтар бұл сөзді “ссельные” деп айтатын) пайда болды. Оларды “Кировті өлтіргендер” дейтін: әр ұлттан құралған отыздай адам. Өздері аш, қорқынышты, жұмыстары жоқ, топ-топ болып көше кезіп жүреді. Балалар, әрине, оларды көру үшін соңдарынан жүгіреді. Бір күні әжемнің таптап айтқандарын ұмытып кетіп, мен де соларға ілестім. Бір кезде соңыма түскен еңгезердей екі-үш еркек мені қуып берсін. Өлердей қорыққаным сонша, аяғым-аяғыма тимей қалай қашқанымды өзім де білмеймін. Қақпаның аузына дейін қуып келді. Әйтеуір, ағайым мен әжем шығып құтқарып қалды...

Соғыстың алдында, ол кезде мен он жаста болатынмын, бірде біз арбамен отын әкелуге бардық.

Аласа бұталар, қамыс, құрғақ шөп – осылардың бәрі де отынға жарайды. Ескі дөңгелектер сықырлап, әлденелерге тиіп шоқырақтап, қаланың сыртына әрең шықтық. Жер тегіс болғанымен, құмдауыт жолда жүру де оңай емес. Арбаның шиқылы жүйкеге тиіп, құлақты тесіп барады. Мен арбадан ырғып түстім. Құм үстінде шашылып жатқан сүйектен аяқ алып жүргісіз. Оларды мұнда кім әкеліп тастаған? Шөп жұлсақ та, кепкен бұта-бұтақтарды жинасақ та – барлық жерде сүйек, сүйек... Жоғарғы дөңес үстінде де, құм арасында да. Енді бас сүйектер кездесе бастады – адамдікі. “Апырым-ау, бұлар адамдар ғой! – деймін мен ішімнен. – Олар мұнда қанша екен?” Үйге айтып келдім. Үлкендер: “Бұлар – қалаға келе жатып, жолда өлген аш адамдар”, – деп түсіндірді. Оларды көметін адам табылмаған, сөйтіп, дала адам өліктеріне толып кеткен.

Ал біз үнемі қала сыртына шығып жүреміз: бірде шөп шабамыз, кейде отын жинаймыз немесе әлдебір биіктеу жерге шығып ойнаймыз. Кешкісін жұрттың бәрі үйлеріне кіріп жайғасқанға дейін балалар тыным таппайды. Сонымен, сенсең де, сенбесең де, бүкіл Торғай адам сүйегінің астында қалды­. Сірә, аштықтан әлі құрыған адамдар таңдайға талғажау болар бір нәрсе табамыз, ажал құрсауынан аман құтылармыз деген үмітпен аудан орталығына қарай шұбырған болса керек.

Ал біз өзіміздің ауылға қайтып оралған жоқпыз... Онда оралатын жер де жоқ еді...

Біз шылым шегіп отырмыз. Менің әріптесімнің бет пішіні әр кездегісіндей жайбарақат, бейне бір ол маған әдеттегі жайды әңгімелеп отырғандай. Көңіл күйінің толқынысын көзқарасынан ғана аңғарғандаймын...

– ...Кейде сол кездер туралы ойлансам, есіме Ғабит Мүсірепов түседі. Біз 1958 жылы таныстық, ол кезде қазіргі қазақ әдебиеті классигінің шығармаларын дерліктей еш жерде жарияламайтын. Оны әртүрлі идеологиялық күнәлары үшін айыптап, тіпті ұзақ уақытқа партиядан да шығарып тастаған еді. Мен ол кезде баспадағы жас редактор болатынмын. Бір күні Ғабит мені өзіне шақырды.

– Сен, жігітім, қайдансың?

– Торғайданмын.

– Тіптен жақсы... Жүр, біраз әңгімелесейік, өзіңнің Торғайың туралы бір нәрселер айтамын.

Болып жатқан қолайсыздықтарға қарамастан оның көңіл күйі жақсы екен, әзіл де айтып қояды. Қазір ойлап қарасам, күліп жүргені – рухының күштілігінен екен, өзінің сынағыштары алдында төменшіктегісі келмеген секілді. Бәлкім, ол маған күлкілі жағдайды осындай көңіл күй ауанында айтса керек.

– Бұл оқиға 34-тің жазында болды... – Көздерінен көңілді ұшқын шашырата күліп алды да, кенеттен тұнжыраңқы жабырқау күйге ауысты. – Барлық жерді аштық жайлаған, халық титықтап тұралаған, азық-түлік жәрдемі жетіспейді, шаруашылық шатқаяқтаған кез. Өлкелік комитет (Крайком. – ауд.) мені Ақтөбеге жіберді. Келдім, обкомдағылардың бәрін қорқынышты үрей билеген. “Бұларға не болған?” – деймін. Сөйтсем, бұл жерге Киров келмекші екен.

– Ау, сонда неден қорқасыңдар? – деймін.

– Біз оған не көрсетеміз? – деп олар көздерін бағжитады. – Мұнда болып жатқанды көрсе, жазамызды бермей ме?!

– Көмек сұраңыздар, адамдар аштық нәубетін тартып жатқан жоқ па...

– Е-е, қандай көмек?! Оның көзіне қараудың өзі қорқынышты болар...

– Сөйтіп, олар мені үгіттей бастады, – Ғабең мырс етіп күлді. – Менен Кировты күтіп алуды қолқалады. Өздері бас сауғалап, әрқайсысы әр жаққа тығылып қалды...

Ақырында мейманды мен күтіп алдым, таныстық, көп ұзамай, біз оның сұрауы бойынша сенің Торғайыңа жүріп кеттік. Жолшыбай мен оған қазақтың тарихы, әдет-ғұрпы туралы айттым. Сенің Торғайыңның дәл шекарасына келіп жеттік... – Осы жерде Мүсірепов кеңкілдеп күліп алды. –

...Келдік, ал онда алдыңғы жақтан әлдебір қарайған көзге шалынады. “Бұл не?” – дейміз. Аптап ыстық, даланы сағым көлегейлеп тұр... Не екені түсініксіз. Төртбұрышты тастың үстінде үлкен құс отырған сияқты. Таңғаларлық! Білесің бе, құс! Бүркіттен немесе дуадақтан үлкенірек! Біресе көрінбей кетеді, біресе қайтадан қара тасқа келіп қонады. Жақынырақ келген кезде құс мүлдем жоғалып кетті. Ауаға сіңіп ғайып болған секілденді. Бұдан да гөрі жақындағанда барып жағдайды анық аңғардық. Иә, айдалада жалғыз машина тұр! Сенің жерлестерің, Торғай ауданының басшылары, бізді қарсы алу үшін жолға шығыпты. Бірақ жол-жөнекей радиатордың суы қайнап кетіп, қанша асыққанымен межеленген жерлеріне жете алмай тұрып қалған түрлері екен. Не жағдай болғанын енді аңғарған біздің машинадағы жігіттер: “Бұл торғайлықтар өнертапқыш халық. Бірдеме болса болды, кезектесіп капоттың үстіне шығады. Ал біз құс деп ойладық!” – деп, ішек-сілесі қатып күліп жатыр.

Киров алғашында ештеме түсінбеді.

– Е-ей, бауырлар, – дейді ол, – сендер машинаның үстіне неге қайта-қайта шыға бердіңдер?

Торғайлық басшылар қызарақтап, бастарын төмен салбыратып тұр. Киров ештеме түсінбей үнсіз қалды да, кенет қарқылдап күліп жіберді. Екі бүйірін ұстап селкілдей күлгенде, тіпті әне-міне құлап қалатындай көрінді...

– Мінеки, сенің торғайлықтарың!... – Мүсірепов, неге екені белгісіз, осыны айтты да, ойға батқандай болып үнсіз қалды. Содан кейін маған тесіле қарады да, көзіне мұң ұялап, былай деді: – Кейінірек саған тағы бір жағдайды айтып беремін. Ол да сенің Торғайың туралы...

Сол кезден бастап біз жақын танысып кеттік те, бұл қарым-қатынасымыз отыз жылға жуық уақытқа созылды. Дәл қашан екені есiмде жоқ, бiрақ Ғабең уәдесiнде тұрды. Содан берi қанша уақыт өттi, ал оның айтқан әңгiмесi жаңа ғана естiген сөзiмдей жадымда қалып қойыпты...

Ғафу Қайырбеков ойға батқандай болып, дауыс екпінін бәсеңдетті.

– ...1932 жылы Қазақстан сұмдық аштықтың құрсауында қалды. Мүсірепов төрт жолдасымен бірге өлкелік комитетке хат жазды. Онда ұжымдас­ тырудағы асыра сілтеушіліктер туралы айтылды. Бірақ олардың бәрін “ұлтшылсыңдар” деп айыптады. Біз, – деді Ғабең, – біткен жеріміз осы деп ойладық. Олар үшін, қолына қанды қылыш ұстаған баскесер үшін, біздің өміріміз не тұрады...

Сол жылы қыс ерте түскен болатын, Алматыны қазан айының өзінде-ақ қар басып қалған. Мүсіреповті өлкелік комитетке шақырды.

“Несі бар, егер сен өзіңнің халқың үшін осынша алаңдайтын болсаң, Торғайға барып қайт, – деп, оған Голощекин мысқылдай қарады. – Онда ешқандайда аштықтың жоқ екенін өз көзіңмен көресің”.

Мүсірепов жолға шықты. Неге екені түсініксіз, бірақ оған өлкелік комитеттің шенеуніктерінен жолсеріктер қосып берді. Бұлар әйтеуір бірдеме етіп үлкен қиындықпен Қостанайға жетті. Онда ақырған қыс екен. Атқару комитетіне келді. Оның төрағасы Қазақстанға өз еркінен тыс келген адам екен. “Е-е, – дейді ол, – сіздер де мен сияқты жер аударылғандар екенсіздер ғой. Сіздерді мұнда қай құдай айдап келген? Елсіз дала, толассыз боран, ал Батпаққараға дейін мың жарым шақырым, үсіп қаласыздар. Не сіздерді жеп қояды”. Осы сөздердің бәрін ол еш қалжыңсыз, байыппен айтқаны көрініп тұр. “Иә, айтпақшы, – дейді ол тағы да, – оның үстіне, мініп баратын көлік те жоқ. Бәрі жұттың аранына жұтылып кетті. Атқару комитетінде мен мініп жүретін екі жылқы бар. Жарайды, қаласаңыздар солай-ақ болсын, мен оларды сіздерге берейін. Бірақ қарулы күзетшілерсіз жібере алмаймын. Өмірлеріңізге қауіп төнеді...”

Әрі қарай олар қарулы екі адамға ілесіп (көшірдің де винтовкасы болды) шанамен кетті.

Әулиекөл ауылынан өткеннен кейін боран басталды. Ұйытқып соққан қар ұшқындары күннің көзін жауып, жолды бітеп тастады. Жүргіншілер жолдың жүлгесінен адасып, аттар тұрып қалды. Кенет Мүсіреповтің көзіне әлдене шалынғандай болды: анадай жердегі күртік қардың арасынан бір нәрсе қараңдайды, бейне бір сексеуілдің жапырылған қисық бұтағы секілді. Ол шанадан ырғып түсіп, әлгінің қасына барды. Қар астында адам өліктері жатты. Қалай болса солай, ретсіз, қаз-қатарынан сұлап жатыр. Одан әрі жүре түсіп еді, бірінің үстіне бірін қабаттап, текше етіп жинаған отын секілді үйілген адам мәйіттерін көрді. “Олар бекеттердегі мұнараға ұқсайтын еді, – деді Ғабең. – Соларға қарап жолды бағдарлаған, мәйіттер жолдың екі жағына да үйілген. Одан өткен сұмдықты мен көрген емеспін...”

Мүсірепов ауыр дем алып, әңгімесін жалғастырды: “Аллаға шүкір, біздің алдымыздан аш адамдар жолыққан жоқ, әйтпесе аттардан да, біздің өзімізден де ештеме қалмаған болар еді. Біз мұны анық түйсіндік. Сондықтан да өзімізге азық-түлік, аттарымызға жем бергені үшін атқару комитетінің төрағасына іштей қайта-қайта алғыс айтумен болдық. Соның арқасында бір ажалдан аман қалдық...

Сондықтан әлдеқашан жаны жай тапқан оның рухына мен әрқашан дұға бағыштаймын...”

Олар күртік қардан шығып, өлілер салған осы жолмен жүріп отырды. Алда – қаңырап бос қалған ауылдар. Жергілікті жол бастаушы бұл қоныстардың нөмірлерін айтып келеді. Олар бір-бірінен тек нөмірмен ғана ажыратылады. Ешбірінде жан баласы қалмаған. Жолаушылар қазақтың көзіне тосын көрінетін киіз үй қалашығына ат басын тіреді. Ұжымдастыру басталғалы қазақ даласында мұндай қалашықтар көптеп пайда болған. Киіз үйлер, неге екені белгісіз, қаз-қатар тігіліп, әрқайсысына нөмір ілінген, бейне бір бұлар қала көшелеріндегі үйлер секілді. Киіз үйлер кең де жаңа, туырлықтары ақ киізден басылған, көшірдің айтуына қарағанда, жақында ғана жергілікті бай­ лардан тартып алыныпты. Осыдан екі-үш ай бұрын бұл жерде қалың ел, үлкен ауыл болған екен. Енді, міне, өлі тыныштық басқан. Сырғыма жаяу борасынның суылдаған үнінен өзге ешбір дыбыс жоқ. Ақ қардың үстіндегі ақ шаңқан киіз үйлердің өлі қаласы ғана.

Киіз үйлердің қайсысына кірсең де, барлық зат-мүлкі орнында, бірақ адамдар жоқ. Адамдар бір сәтте ғайып болып, тіршілік тоқтап қалғандай.

Мүсіреповті әсіресе іші-сыртының сән-салтанаты келіскен алты қанатты киіз үй таңғалдырды. Үй жасаулары – ашық түсті жібек көрпелер мен атлас жастықтар, бетін әсем өрнектермен әшекейлеген түкті кілемдер көздің жауын алады. Орта тұсында тең болып жиналған жүк тұр. Бейне бір үй иелері әлгінде ғана сәл уақытқа шығып кеткендей, әне-міне қайтадан кіріп келетін секілді. Бірақ бұл алдамшы әсер ғана. Еденде жатқан киіздер мен кілемдер аяз демімен дым тартып, көк өңезденіп кеткен, ашық қалған түндіктен де қар түскен.

Бәрі жан-жақтан қарап жүр – ал мына тұстағы киімдер жиналған жүк өзгеше бір күркеге ұқсайды. Ортасында кішкене тесік бар... Әлдебір бейтаныс та үрейлі әлемге ашылған қараңғы терезеге ұқсайды. Кенеттен араларындағы екеуі қаруланған төрт еркек бір мезетте әлденеден секем алып, селт етті. Денелері түршігіп, үрке қарап сәл тұрды да, есікке қарай ентелей беттеді. Тұра беруге дәттері шыдамай, далаға атып-атып шықты. Ғабит Мүсірепов ең соңында қалды. Табалдырықта сәл кідіріп, арт жағына қарады: үстіне киімдерді үйіп тастаған шағын жүк теңінің ішінде біреу бар секілденді.

Бұдан кейін олар әлденеден қорыққандай, ешбір үйге бас сұқпады. Қалың қар басқан мылқау қалашықтың бір шетіне барып, бастарын салбыратқан күйі үнсіз тұрды. Енді қайтқаннан басқа ештеңе қалмап еді. Кері қарай жүрген кезде Мүсіреповтің көңіл түкпірінде күдік оянды: шынымен де мұнда ешкімнің жоқ болғаны ма? Ал онда өлгендердің денесі қайда? Ол осы ойларының бәрін өзінің соңынан қалмай сөмпеңдеп, шоңайнаша жабысып келе жатқан өлкелік комитеттің нұсқаушысына айтты. Ол болса түнеріп, Торғайда мұндай киіз үй қалашықтары көп екенін және күз түсісімен адамдар беті ауған жаққа кетіп қалғанын айтты. Қостанайға, Шалқарға, Оралға, Алатау мен Сырдария жаққа босып кеткенге ұқсайды. Бірақ бәрі дерлік жолда өлген. Әлгінде кездескен, жолдың екі шетінде бірінің үстіне бірін қаз-қатар текшелеп жинап тастаған адам мәйіттері солардікі. Қостанайлық екі күзетші де мұны растап, бастарын изеді. “Мұны сен қайдан білесің?” – деп сұрады Ғабит өлкелік нұсқаушыдан. Ол жауап орнына тек суық жымиды да қойды.

Аяқтарын күртік қардан әрең-әрең суырып, олар шанаға беттеді. Кенет көкейін түрткілеген беймәлім түйсікпен қарсыласуға бойынан күш таппаған Мүсірепов өздері әлгінде ғана кіріп шыққан, ақ киізбен жабылған еңселі үлкен үйге қайта бұрылды. Жолдастары да соңынан ерді.

“Ойбай, мұнда біреудің ізі жатыр!” – деп ышқына дауыстады біреуі.

Олар қар бетіндегі беймәлім ізге үңіліп, үймелесіп қалды. Із мүлде жаңа еді.

“Бұл не? Қарсақ па? Түлкі ме?”

“Жоқ, ұқсамайды! Сірә... Әй, бірақ олай болуы мүмкін емес!..”

Жігіттер із қуалап жүріп отырып киіз үйден бір-ақ шықты. Есікті айқара ашты.

Күтпеген жерден иесіз үйдің ішінен ыңырсыған жіңішке ащы дыбыс естілді. Бәрінің жотасы мұздап қоя берді. Әлде иттің қыңсылыма немесе мысықтың зарлағаны ма – айырып болмайды және осының бәрі қандай да бір қорсылмен қатар естіледі.

Жүк жиналған теңнің қуықтай ғана тесігінен әлдебір кіп-кішкене тірі жан атып шықты да, адамдарға тұра ұмтылды. Ол қанға малшынған еді. Қансүңгі болып қатып қалған ұзын шаштары мүйізге ұқсап, жан-жағына сорая шығып тұр, аяқтары бейне бір қарғаның сирақтары сияқты қап-қара, шидей. Көздері ойсыз, бетіне қатып қалған қанның үсті жаңадан аққан қан тамшыларымен әлеміштенген. Тістері ақсиып, аузынан қызыл көпіршік ағып тұр.

Төртеуі бірдей қорыққаннан естері шығып, есікке қарай секіре қашты. Сыртқа шығып, артқа бұрылғанда, әлгі құбыжықтың қарасы да көрінбеді, ғайып болса керек.

“Бұл сонда не болды?” – деді Ғабит қырылдай сөйлеп, жолдастарына қарап. Қорқыныштан әлі селкілдеп тұрған олар үндемеді. Сол беті бәрі де тілдерін жұтып қойғандай тым-тырыс қалды. Тек кейін, Қостанайға барған соң, жолсеріктерінің біреуі Ғабекеңе мынаны айтты:

– Сіз, бәлкім, оны жын деп ойлаған шығарсыз? Жоқ, жын емес. Мен байқап қалдым, анық байқадым. Ол – адам. Сәби. Қазақтың жеті-сегіз жасар қызы...

– Жоқ! Жоқ! – Мүсірепов ышқына айғай салды. Оның үнінен жан дүниесінің алапат жарылысындай, айтып жеткізгісіз долы, сонымен бір уақытта шарасыздықтың дәрменсіз ашуы бұрқ етті. – Ол – аштық! Ол аштықтың көзі болатын! Қарғыс атқыр аштықтың дәл өзінің ...

Ғафу Қайырбеков әңгімесін аяқтады. Біреу есік қақты. Әңгімемізді ешкім бөлмесін деп оны жауып қойғанбыз.

– ...Анда, төменгі жақта, бәлкім, оның ата-анасы, әкесі мен шешесі болған болуы керек, – деді ол.

Сөйтті де, есікке қарай беттеді.

ІІ

1932 жылғы қазан айының соңында, шамамен Ғабит Мүсірепов ақ қар жамылған Торғай даласына борандата келіп, тірі жансыз қалған ауылдардың бірінен кездестірген албастыдай тағы қыздың, иесіз қаңыраған киіз туырлықты ақ үйлер қалашығының жападан-жалғыз тұрғынының жаншошырлық ұсқынына үрейі ұша қарап тұрған сәтте, Алматыда Қазақстанның он екі жылдығы барша сән-салтанатымен тойланып жатты.

Атаулы мереке қарсаңында, әдеттегідей, партия, кеңес органдарының және қоғамдық ұйымдар­ дың қатысуымен қалалық кеңестің салтанатты жиналысы­ болды. Төралқаның жолдас Сталин мен жолдас Голощекиннің аттарына арналған жеделхаттары оқылды. Келесі күні, 22 қазанда, жиналысқа қатыса алмағандардың ешқайсысы да дүмпулі мерекенің дүбірінен бейтарап қалмауы үшін “Казахстанская правда” газеті өз бетінде мерекелік жолдаудың мәтінін жариялады.

“Қымбатты жолдас Сталин! – деген сөздермен басталды алғашқы жеделхат. – Қазақстанның құрылғанына­ он екі жыл толды. Ұлы Қазанның он бес жылдығы да иек астында...”. Осыдан кейін Қазақстанның мал шаруашылығы туралы айтылған БК(б)П Орталық Комитетінің 1932 жылдың 17 қыркүйегіндегі шешімі “тап жауларына, оппортунистерге, шовинистер мен ұлтшылдарға күйрете соққы беріп жатқандығы...” жайында баянат берілген. Соңынан: “Партактив... саған жауынгерлік большевиктік сәлем жолдайды! (Былайынша бейбіт уақыт секілді, бірақ жауынгерлік сәлем, өйткені тап тартысы күннен-күнге күшейіп келеді ғой. – В.М.) Жасасын лениндік Орталық Комитет! Жасасын біздің партиямыздың және дүниежүзі пролетариатының көсемі жолдас Сталин!” деген сол кез үшін дағдыға айналған құттықтаулармен тілек сөздер жалғасқан.

Егер партия мен дүниежүзі пролетариатының көсемін тек “ж. Сталин” немесе “жолдас Сталин” деп қана атаған болса, ал республикалық партия ұйымын басқарған қайраткерлерді біршама өзімсінген сыңайда, аты-жөнімен айтар еді. Мұндай қаратпа сөз жолдас Сталинді бейне бір жұмыр басты пендеге тән адами ныспы-есімі болып көрмегендей, өзі басқарып отырған қол жетпес биіктен көрсететіні сөзсіз-тін. Оның есесіне, жергілікті көсемдерге арналған тілек сөздерден сірескен ресмиліктен гөрі өзінің тең сөйлесетін жақын адамына тіл қатқандай жылылық сезіледі.

“Қымбатты Филипп Исаевич!

Алматы қалалық кеңесінің салтанатты жиыны... Қазақстанның он екі жылдық мерекесі күні саған, Қазақстанды өзінің он екі жылдық биік белесіне үлкен жеңістермен жеткізіп отырған, сыннан өткен лениншілге жалынды сәлем жолдайды.

Оппортунизммен күрестің, ұлттық мәселедегі күрестің барлық майдандарында, лениндік ұлттық саясат негізінде қиындықтарды жеңе отырып, сен Қазақстанның партия ұйымын жеңістен-жеңіске бастап келесің.

Сенің басшылығыңның арқасында қазақтар мен шығыс халықтарының... большевиктік жаңа кадрлары өсіп шықты.

Сенің басшылығыңмен Қазақстан артта қалған аграрлы-индустриялы өлкеден... ұлы Одақтың алдыңғы сапынан орын алған елге айналды.

Социализмнің жеңімпаз құрылысы жасай берсін!

Сыннан өткен лениншіл жолдас Голощекин жасасын!

Салтанатты жиынның Төралқасы”. Төралқаның осыншалық қошемет көрсеткен адамының өзі де осы төралқаның төрінде отырды. Бұл френчін қымтана түймеленген, енді ғана ағара бастаған толқынды қоңыр шашты, мұрты мен сақалын сәндеп қиған елу алты жастағы ауыр денелі адам еді. Көз қарасынан маңызданған тәкаппарлық пен қаталдық, аярлық та сезіледі. Өзінің қол астындағыларды қас-қабағымен-ақ қалтыратып, маңғаз мысымен басып тұрар еді. Байырғы большевиктің шүбәсіз беделімен жасқап, ұзақ баяндамаларындағы бұйрық райлы тұжырымдарын кесіп-пішіп бір-ақ айтатын; ақырында қарсыластарын өркөкірек өктемдікке басқан дөрекі мысқылмен қақпайлап, аяусыз қаталдықпен бет қаратпай жеңетін. Сондықтан маңайындағылардың бәрі осы бір тұрпайы күштің тегеурініне шыдай алмай, оның алдында тізелері қалтырап, көлгір сөздермен мәртебесін асыра мадақтап, даурыға қол шапалақтап, қолпаштай берді...

Алайда бағынышты адамдардың ісі мен сөзіндегі жасандылық пен жалғандық көрер көзге ұрып-ақ тұратын. Тіпті Голощекиннің өзі партиялық ұйымдағы қызметтес дос-жолдастарымен қоштасып тұрып, Қазақстанда бірде-бір адал коммунист жоқ деген сөзін олардың бетіне айтып кетті. Байқағандары мен ойға түйгендерінен жүйелі қорытынды шығаруға әдеттенген ол қазақстандық большевиктерді үш топқа бөлді: бірінші топтағылар тәрбиеге көнбейді, екіншілері – екіжүзді хамелеондар және ақырында, үшінші топқа жататындар – әртүрлі кемшіліктері үшін барлық кінәні оның өзіне – Голощекинге артатындар.

Алайда жеті жылдан аса өмірін “Қазақстандағы социализм үшін күреске” арнаған Ф.И.Голощекиннің қызметі мен жеке тұлғасына сипаттама берерлік, былайынша объективті куәліктерге назар аударып көрейік.

Голощекиннің ең егжей-тегжейлі өмірбаяны бүгінгі оқырманның қолына түсе бермейтін көне газеттің бірінде жазылған. 1925 жылдың 18 қыркүйегінде республикалық партиялық “Советская степь” (“Казахстанская правданың” алдындағы басылым) газетінде жарияланған өмірбаян, ең алдымен, Филипп Исаевичтің өзінің аузынан жазылып алынғандығымен назар аудартады. Мәтіннен жанды сөз ырғағы айқын аңғарылады, кейде Голощекиннің жиі айтатын сөз орамдары кездеседі. Сірә, бұл оның көзі тірісінде жазылып қалған бірден-бір өмірбаяны болса керек, сондықтан да ерекше құнды.

Жалғасы бар...

Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев

Бөлісу:

Көп оқылғандар