Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Ашаршылық: тарихшы Сара Кэмеронның көзқарасы...

17.12.2018 37032

Ашаршылық: тарихшы Сара Кэмеронның көзқарасы 12+

Ашаршылық: тарихшы Сара Кэмеронның көзқарасы - adebiportal.kz

Мен Кеңес Одағының соңғы жылдарында туып-өскен қазақтардың қатарына жатамын. Ол заманда соңғы буынның ұрпақтары бізді қойып, Қызыл Террорды бастарынан өткізген куәгерлерінің өздері де әлдебір сұмдық түстен оянғандай дел-сал күйде еді. Дегенмен, "Ашаршылық", "Жоқшылық", тіпті жанды түршіктіретін "кісі жеген" сияқты сөздерді жақын-алыс туыстардан, әсіресе сол кезеңді күнде есіне алатын әжемізден естіп өстім. Бірақ бұның ең сорақылығы, олардың басынан шынайы өткен бұл зобалаң маған мүлдем әсер етпейтін. Ол оқиғалардың түп-мағынасы менің Советтік идеологияның әсерінен мәңгіріп қалған санама ешбір жетпейтін еді.

Бұл масқара санасыздықтың себебі көп еді. Құлақпен естіген сұмдық жағдайларды мен өзім тұрып жатқан сол кездегі елмен, тарих пәнінен оқыған деректер және көрген кинофильмдердегі бейнелермен еш байланыстыра алмайтын едім. Тек 25 жасқа жеткенде ғана талай естіген "Ашаршылық" зобалаңының өз отбасымның қайғылы тағдыры екенін түсіне бастаппын. Менің туған атам мен әжем 1934 жылы Қытаймен табиғи шекара болып саналатын Алқабек өзенінің жағасында елді жайлаған аштықтан қашқан бірнеше отбасымен бірге қызылдардың қолынан қаза тапқан екен. Бұл қырғында 1000-ға жуық қазақ мерт болған деседі. Әкеміз 90 жылдарға дейін Кеңес Одағының ресми нұсқасына, яғни бұл бейбақтарды Қытай дүнгендері қырып салған деген жалған ақпаратқа сенетін. Бірақ олардың кімнің қолынан қаза болғанын жақсы білетін туыстары бұл жайлы әсте ұмытқан емес: Сол маңайда "Найман Қырылған" деген жердің бар екенін бала кезімізден естіп өскен едік.

АҚШ тарихшысы және Мэриленд университетінің профессоры Сара Кэмерон тарихымызда "Ашаршылық" атауымен белгілі осы нәубетті зерттеген ғалым. Оның Йель университетінде осы тақырыпқа арналған докторлық диссертациясы екі ғылыми жүлдеге ие болыпты. Зерттеу нәтижесі - "Аштық жайлаған Дала: Ашаршылық, Зорлық және Кеңестік Қазақстанды орнату" атауымен 2018 жылдың қараша айында кітап болып шықты.

Мен Сара Кэмеронмен 2006 жылы Индиана Университетінде "Қазақ тілі және мәдениеті" пәнінен сабақ беріп жүргенде кездескен едім. Ол кезде Сара менің жазғы семестрдегі дәрісіме жазылып, студентім болған еді. Сол кездің өзінде Сара зерттеу жұмысын бастап кеткен еді.

Кітаптың жарық көргенін ести сала, дереу оқып шығып, Сарадан сұхбат беруін өтініп, қазақтардың көкейінде жүрген біраз сұрақтарды қойып отырмын.

Зәуре Батаева: Тарихи еңбегіңізді қазақи дүниетанымның негізі болып табылатын "Өлі разы болмай, тірі байымайды" деген мәтелмен бастапсыз. Бұл мәтелді еңбегіңіздің этикалық-пәлсапалық түрткісі не алғышарты деуге бола ма? Ұлттық маңызы зор бұл зерттеуге шетелдіктердің кіріспеуі тиіс деп ойлайтын адамдарға не деп жауап берер едіңіз?

Сара Кэмерон: Түп негізінде, әрине, бұл кітаптың этикалық және пәлсапалық түрткісін осы мәтелмен жеткізуге болады . Ашаршылықтың тауқыметін тартқан қаншама адамның үні шықпай, олар жайлы ақпарат не ұмыт қалып, не мүлдем жоғалып кетті. Зұлмат жылдары қаза болған адам санының сұмдық үлкен екенін білеміз, бірақ бұл қасіретті оны басынан өткізген адамдардың санасы тұрғысынан түсіну қиын, әрине. Оқиғаны адам факторы тұрғысынан айқынырақ түсіну үшін, бұл кітапта қазақтардың өз дауысын барынша көп қолдануға тырыстым. Кітабым жазықсыз қаза болған жандардың рухына тағзым етуге аздаған өз үлесін қоса алса, менің көздеген мақсатым да сол деп айтар едім.

Кейбір қазақтардың өз тарихының ең бір "жанды" кезеңі жайлы шетелдіктің тарихи еңбек жазғанына күдікпен қарауы мүмкін екенін түсінемін. Бірақ кітапты оқыған соң, бұл күдігі сейіледі деп үміттенемін. Бұл маңызды тақырып жайлы жазу – мен үшін өте үлкен жауапкершілік. Мен бұл тақырыпты зерттеп, осы кітапты жазуға он жылдай уақытымды сарп еттім. Орыс, Қазақ тілдерін үйреніп, Ресей мен Қазақстанның мұрағаттары мен кітапханаларында ұзақ уақыт жұмыс жасадым. Ашаршылықты зерттеген әріптестерім - қазақ тарихшыларымен жиі кеңестім және менің еңбегім осы серіктестіктен көп нәрсе ұтқанын ерекше атап өткім келеді.

ҚОСЫМША МАҚАЛА: Ашаршылық туралы 12 кітап

Мысалға Америка тарихын алатын болсақ, оны әртүрлі ұлт өкілдері зерттегені белгілі. Aлексис Токвильдің "Америка демократиясы" атты еңбегі әлі күнге дейін Американың тарихы саласындағы ең іргелі еңбектердің бірі болып табылады. Бірақ Токвиль америкалық емес, француз екені баршаға аян. Мен, әрине, өзімді Токвильге теңеуден аулақпын. Бірақ, менің "сырт көзқарасымның" кейбір жағдайларда басымдылығы зор деп ойлаймын: қазақ мәдениетінде тәрбиеленген тарихшылар байқай алмайтын тенденциялар мен тақырыптар маған айқынырақ көрінуі мүмкін.

Сара Кэмерон

Зәуре Батаева: Кітабыңызды Қазақстанда 1929-1933 жылдары орын алған "Ашаршылық" зобалаңына арнапсыз. Қазақтар арасында "Ашаршылық" атауымен белгілі бұл кезең өте аз зерттелген тақырып. Кеңестік Режим кезінде ең үлкен табу саналған бұл тақырыпты Кеңес тарихшыларына зерттеуге тыйым салынды. Бұл жайлы Қазақтар үйде ғана сыбырласып, бірен-саран батыл жазушылар ғана өз көркем шығармаларында бүркемелеп жаза алды.

Сіз зерттеуіңізді бастағанда, бұл зұлматтан 70 жылдай уақыт өтіп кеткен еді. Осы заманға сыбырлап қана жеткен деректерді растайтын куәгерлердің көбі өмірден озды. Ашаршылыққа қатысты деректер табу қаншалықты қиынға соқты? Зерттеуіңіз үшін қандай деректерді өте маңызды деп санайсыз?

Сара Кэмерон: Қазақстан мен Ресейдің мұрағаттарынан Ашаршылыққа қатысты өкіметтік құжаттар және Коммунистік партияның құжаттары көптеп табылды. Адами факторды тереңірек көрсету мақсатымен Кеңес Өкіметі мен Коммунистік партия құжаттарынан бөлек, куәгерлердің естеліктері мен ауызша ғана жеткен ақпаратты да барынша көп қолданғым келді. Бірақ, әрине, бұндай дереккөздерді табу ерекше қиынға соқты. Не себепті екені белгісіз, Сталиндік Режимнің қылмыстарының ішінде тек Қазаққа қатысты осындай дереккөздер басқалармен салыстырғанда өте аз.

Аяғында, табылған азғана естеліктер мен ауызша ақпараттар өте маңызды болып шықты. Осы деректерге қарап, Қазақ қоғамының сол кезде қалай өзгергенін анық көруге болады. Президент Мұрағатындағы дереккөздер жинағы да өте пайдалы болды, және бұл мұрағаттағы «Ашаршылыққа» қатысты дереккөздерді ғалымдар әлі де толығырақ зерттеуі қажет деп есептеймін.

Зәуре Батаева: Қазақстанда "Ашаршылық" құрбандарының нақты санына қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жүр. АҚШ тарихшысы Стивен Коткин әзірге әлемде өзіне теңдесі жоқ Сталиннің өмірбаяны жайлы кітабында (2017) «Қазақ Автономиялық Республикасындағы құрбандар саны бүкіл Кеңес Одағы бойынша арақатынасы жағынан ең жоғарғы» деп баға берді -"Этникалық қазақтардың (сол уақытта 4,12 миллион адам еді) 35-40% қаза болды" - деп жазыпты. Ал Сіз қандай деректер таптыңыз? Және бұл сандардың нақтылығына қаншалықты сенімдісіз?

Сара Кэмерон: Сталиндік ұжымдастыру кезінде басқа топтарға қарағанда қазақтар арасындағы құрбандар саны өте жоғары болды деген пікірмен мен келісемін. Бірақ нақты қанша адам қаза болғанын және Қазақстанның қай аймақтары қатты зардап шеккенін анықтау үшін тарихшыларға әлі де демографиялық зерттеулер қажет болып отыр.

Тарихшы ашаршылық куәгерімен

Кітабымда "Ашаршылық" кезінде "кем дегенде 1,5 миллион адам" қаза болды деп жаздым. Бұл көрсеткіштерді беру үшін, мен, Гарвард университетінің Украинаны Зерттеу Институтының демограф-мамандары жуықта жүргізген зерттеу жұмыстарын және экономикалық тарихшылар – Стивен Уиткрофт пен Роберт Уильям Дэвистің еңбектерін қолдандым. Дегенмен, аталған ғалымдар да өз еңбектерінде "Ашаршылық" құрбандарының санына қатысты деректер әлі де толық емес екенін жазған еді. Украина "Голодоморына" қатысты, мысалы, Гарвард университетінің демографтар тобы аштық кезіндегі өлім көрсеткішін әр аудан деңгейіне дейін анықтап, Украинаның қаншалықты зардап шеккенін түсіну үшін оның картасына дейін сызылған маңызды ақпаратты ұсынған еді. Бірақ Қазақстандағы "Ашаршылыққа" қатысты осыған ұқсас зерттеу жұмыстарын жүргізу әрекеттері болған жоқ. "Ашаршылыққа" қатысты мұндай жобаны іске асыру сол кезеңдегі Қазақстан халқының санына қатысты сандық деректердің нақты болмауына байланысты оңай болмасы анық. Дегенмен, "Ашаршылық" құрбандарының санын анықтауға қатысты зерттеулерді жүргізу өзекті де қажетті деп есептеймін.

Зәуре Батаева: "Ашаршылық" трагедиясының қалай орын алғанын талқыламас бұрын, мыңдаған жылдар бойы дамыған көшпенді малшаруашылық жүйесінің бүге-шігесін мұқият талдап беріпсіз. Кітапта 1926 жылы Қазақстанға жіберілген экономикалық-санақтық экспедицияның жетекшісі Сергей Швецовтың "Көшпенді малшаруашылығы отырықшы егіншілік ауыл шаруашылығынан ешбір кем емес" деген пікірін беріпсіз. Бірақ Сталиннің көшпенділер жайлы пікірі өте төмен болған еді: ол "артта қалған" және "тиімсіз" деген уәжбен, көшпенді қазақтардың малын тартып алып, өздерін ұжымдық фермаға жинап, деномадизация науқанын бастауға бұйрық берді. Кеңес режимінің көшпенді малшаруашылығына қарсы шабуылы "Ашаршылықтың" алғышарттарының пайда болуына қаншалықты ықпал етті?

Сара Кэмерон: Мәскеудің қазақтардың көшпенділік өмір сүру жүйесін құртуға бағытталған саясаты "Ашаршылықтың" негізі себебі болды. Мәскеу "ұжымдастыру" және азық-түлік салымы арқылы қазақтардың көшпенділік жүйесін құртуды көздеді. Бірақ сұрағыңыз меңзеп тұрғандай, бұл тек қана экономикалық емес, сондай-ақ мәдени қастандық болды. 1920 жылдардың соңына қарай Кеңес Үкіметіне қызмет еткен мамандар қазақтардың көшпенділік өмір салтының әр аспектісін "артта қалған" деп мәлімдеді де, отырықшылық өмір салтын "заманауи мәдениетпен қадамдас" деп сипаттады.

Әрине, "Ашаршылыққа" себеп болған бірнеше басқа да маңызды факторлар бар. Мысалы, мен кітабымда 19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басында қазақ даласына орыс шаруаларының келіп жаппай қоныстануы "Ашаршылықтың" алғышарттарын қалай туындатқанын атап көрсеттім. Дегенмен, Кеңес Үкіметінің көшпенді малшаруашылық жүйесіне қарсы ашқан бітімсіз күресі "Ашаршылықтың" басталуына алып келген негізгі себеп деп есептеймін.

Сара Кэмерон.

"Аштық жайлаған Дала: Ашаршылық, Зорлық және Кеңестік Қазақстанды орнату"

Зәуре Батаева: Ахмет Байтұрсынов 1919 жылы жарық көрген "Қырғыздар [Қазақтар] және Революция" атты мақаласында "таптық қайшылықтары жоқ қазақ қоғамы ауыл ішінде өздеріне тән коммунизм түрін қолданып жүр" деген пікір айтты. Бұнымен Ахмет Байтұрсынов күтпеген жерден құрғақшылық және жұт әкелетін ауыр климаттық жағдайларда бір біріне сүйеу болатын рулық-ағайындық қарым-қатынасты айтқан еді. Әрқашан табиғат аясында көшіп-қонып жүрген көшпенді қазақтар өз мәдениетінде басына түскен ауыртпалықты бірлесе көтеру мақсатында жесір мен жетімге әлеуметтік қорғаныс ұсынатын "Әмеңгерлік" сияқты дәстүрлерді қалыптастырғаны өзімізге мәлім.

Сондай-ақ, өз кітабыңызда Сіз большевиктердің "байларға" қарсы науқанына үлкен назар аударыпсыз. Кеңес режимі "бай" түсінігінің анықтамасын әдейі нақтыламай, осы науқан аясында мыңдаған адамдардың өміріне қастандық жасады. Кеңес Өкіметі байды құртуға неге күш салды? Байларға қарсы науқан көшпенділік жүйесіне қаншалықты нұқсан келтірді және бұл "Ашаршылыққа" себеп болған факторлардың бірі болып санала ма?

Сара Кэмерон: Қазақ "байларына" қарсы науқан мен шаруаларды қанаушы тапқа, яғни, кулактарға қарсы науқан арасында маңызды ұқсастықтар бар. Екі жағдайда да кімнің "бай", кімнің "кулак" екенін анықтауға келгенде бұл терминдердің мағынасы үнемі өзгеріп тұратын бұлыңғыр болған-ды. Бұл Мәскеудегі коммунистерге аталған науқанның залалдық күшін барынша арттыруға мүмкіндік берді.

1928 жылы басталған байларды кәмпескелеу науқаны көшпенділердің өмір салтын жоюға бағытталған күрестің алғашқы нақты қадамы болды. Мәскеу "дәулетті" байларды қазақтардың көшпелі өмір салтының негізі деп санады. Бұл адамдарды қазақ қоғамынан оқшаулап, мал үйірлері мен табындарын тартып алсақ көшпенді малшаруашылығын жою науқаны екпіндей түседі деп жоспарлады. Шын мәнісінде, Мәскеудің кәмпескеленген жануарларды бағатын ешбір шама-шарқы болмады: олардың көбі берекесіз науқан кезінде текке қырылып қалды. Келе жатқан науқан жайлы қауесетті естіген қазақтардың көбі ата-бабасынан қалған мекендері мен жайлауларын тастап, шетке ауа бастады. "Ашаршылықтың" нақ өзі 1930-31 жылдардың қысына дейін басталмағанмен, байларды кәмпескелеу науқаны қазақ қоғамын жұтатып, кедейлендіріп, жаппай ашығу мүмкіндігін ұлғайтты.

Зәуре Батаева: Сұхбаттың басында Қытайға қашпақ болған атам мен әжемнің Алқабек өзенінің жағасында оққа ұшқаны жайлы айтқан едім. Шығыстың Қытай шекарасына жақын орналасқан аймақтарында бұндай жағдайлар жиі орын алған іспетті. 2011 жылы Шығыс Қазақтанда Көпен Ерқасов деген жергілікті ақынның "Ақнайман қырылған" поэмасы жарық көріп, 2016 жылы сол ауданда осы трагедияның құрбандарына арналған ескерткіш орнатылды. Бірақ кейбір Ресей тарихшылары қызылдардың 1930-1934 жылдары шекараны жауып, Қытайға өтпек болған қазақтарды қырып салғанын әлі күнге дейін жоққа шығарып отыр. Бұл жағдайды растайтын қандай деректер бар?

Сара Кэмерон: Қазақтардың шекарада жаппай қырылғанын жоққа шығаратын тарихшыларға осы мәселеге қатысты кітабымда сілтеме жасалған әр алуан мұрағат құжаттарына қараңыз дер едім. Бұл мәселеге қатысты Сталин мен Голощекиннің бір біріне жазған құпия хаттары бар және мыңдаған қазақтардың қаза болғанын растайтын партияның құжаттары да өте көп. Бұл жағдайдың орын алғаны айдан-анық және оны жоққа шығару қазір мүмкін емес.

Оған қоса, меніңше, бұл мәселенің толық ауқымын біз әлі де жете түсіне қойған жоқпыз. Менің болжамым бойынша, ол кездегі зорлық-зомбылық деңгейі қазіргі мұрағаттардағы қолжетімді құжаттарда көрсетілгеннен әлдеқайда жоғары. Бұл мәселеге қатысты көптеген құжаттар НКВД мұрағаттарында немесе Кеңес Өкіметінің Сыртқы Істер Министрлігінің мұрағаттарында сақталған. Аталған мекемелердің мұрағаттары зерттеушілер үшін әлі толығымен ашылған жоқ, сондықтан кітапты жазу барысында НКВД мұрағатын пайдалануға мүмкіндігім болмады.

Зәуре Батаева

Зәуре Батаева: Көптеген мамандар Сталин мен Орталық Комитетке көшпенді қазақтарды колхоздарға күштеп кіргізіп, Мәскеуге ет пен астық жабдықтауға мәжбүрлеу салдары үлкен апатқа соқтыратынын жан-жақтан ескертті. Қазақтар ол кезде астық өндірмесе де, Сталин Қазақстаннан астық пен ет жабдықтауды талап етті. Ұжымдастыру салдарынан орын алған нәубеттің алғашқы белгілері көріне бастағанда, Сталиннің арнайы өкілі Голощекин бұл жайлы Орталыққа Комитетке бір емес, бірнеше рет хабарлады. Қазақстанда "Ашаршылыққа" тек Голощекин ғана жауапты деген пікір кең тараған және кейбір қазақ тарихшылары да солай деп санайды. Сіз Голощекиннің рөлін басқаша бағаладыңыз. Сараптамаңызды растайтын қандай дәлелдер таптыңыз?

Сара Кэмерон: Меніңше, қоғамдық пікір деңгейінде Голощекиннің "Ашаршылық" апатындағы рөлі тым әсіреленген. Бұл апатқа бір адамды айыптау мүмкін емес. Негізінде, бұл мәселеге қатысты менің көзқарасым "Ашаршылықты" зерттеген көптеген қазақ тарихшыларының көзқарасымен бірдей, бірақ "Ашаршылықтың тасын қалаушы – Голощекин" деген пікір көпшілік арасында кең тараған. Өкінішке орай, Голощекин еврей болғандықтан, бұл пікір антисемитизм мүддесінде де көп қолданылады.

Күрделі тарихи мәселеге бір адамды ғана кінәлау – жеңіл шешім. Бұндай ұстаным күрделі де өте маңызды болып табылатын "жеке адамның іс-әрекеті мен жауапкершілігі" деген пәлсапалық мәселеге көз жұма қарауға мүмкіндік береді. Бұл апатқа көптеген адамдар, яғни, Мәскеудегі Сталиннен бастап, бұл науқанға тікелей ат салысқан ауылдағы партияның шолақ белсенділеріне дейін жауапты. Голощекиннің радикал болғаны рас және ол Коммунизм идеяларына күмәнсіз сенген адам. Оның қазақ қоғамы жайлы білімі аз болды және де ол партияның мақсаттарына жету үшін күш қолдануды қалыпты нәрсе деп санады. Дегенмен, өте бір маңызды сәттерде, ол, Орталық Комитеттің «шаш ал десе, бас алған» парықсыз нұсқауларына тойтарыс беріп, олардың қазақ қоғамына тигізетін жойқын соққысын мейлінше жұмсартуға тырысқанын да жоққа шығара алмаймыз.

Зәуре Батаева: "Ашаршылық" жайлы сөз болғанда жаппай жер аудару, яғни, депортация жайлы сұрақтар туындамай қоймайды. 1930-1931 жылдар арасында Сталин мен Орталық Комитет қазақтардың аштықтан қырылып жатқаны жайлы нақты хабарламалар алып отырды. Соған қарамастан, дәл сол кезеңде Қазақстанға сотталған орыс шаруалары, кулактар мен қылмыскерлер жүздеп емес, мыңдап жер аударылды. Бұл Республиканың азық-түлікпен қамтамасыздандыру қорына түскен қысымды одан әрі ұлғайтты. Сталин Қазақстанға жаппай жер аудару ісін неге дәл осы кезеңде қолға алды деген сұраққа жауап іздедіңіз бе?

Сара Кэмерон: Депортацияның бірнеше себептері болды. Сталин мен Орталық Комитетке жер аударылған шаруаларды бір жерге жіберу қажет болды. Олар сонымен қатар Қарағандының көмір өндіру кенін өкіметтің өндірісті дамыту жобасының аясында жүзеге асырғылары келді. Бұны іске асыру үшін, Қарағандының маңайынан жұмысшыларды астықпен жабдықтайтын еңбекпен түзету лагерлерін салуды жоспарлады.

Ол кезде Мәскеу қазақтарды отырықшылыққа көндіре алмаса да, Сталин мен Орталық Комитеттің басқа мүшелері "көшпенділерді отырықшылыққа айналдыру" жобасы аяқталып қойғандай әрекет ете берді. Қазақстанға жер аударылған жұрт қазақтардың бұрынғы жайылымдарына қоныстанады деп жоспарланды. Қазақтардың аштықтан қырылып жатқаны жайлы хабар жүйелі түрде жеткізіліп отырса да, Орталық Комитет мүшелері оларға әдейі мән бермеді. Бұған, бір жағынан, олардың көшпенділік жайлы түсініктерінің стереотиптерге, яғни, «малшы қазақтар мыңғырған бай» деген қате пікірге негізделгені сан-сезімдері де себепші болды.

Зәуре Батаева: Бұрын "Ашаршылықтың" елімнің басынан өткен сұмдық трагедия екенін басқа дереккөздерден де жақсы білетін едім. Сіздің кітабыңызды мұқият оқып шыққан соң, "Ашаршылықтың" бір ұлтты мүлдем бөтен әлеуметтік-экономикалық жүйеге көшіру мақсатымен аяусыз басып-жаншу, яғни, өкімет тарапынан әдейі жасалған қылмыстық әрекет екенін жақсы түсіндім. Қазақтардың 30-40% қырылып қалды. Темір жол бекеттері мен қала көшелерінде өлі қазақтардың денелері үйіліп жатты. Миллиондаған қазақ қайыр тілеп бір үзім нан іздеп қаңғырып кетті.

Қазіргі қазақтардың Кеңес Өкіметінің 1929-1993 жылдары қолданған шараларын жаппай қыру әрекеті, тіпті геноцид деп қарауы, меніңше, ешкімді таң қалдырмауы тиіс.

БҰҰ 1948 жылы қабылдаған Геноцид Конвенциясына (Сталиннің дипломатиялық өкілдерінің қатысуымен) қарасақ, жаппай қыруды геноцид деп мойындау үшін ол оқиға бес талапқа сәйкес болуы тиіс. Сіздің пікіріңізше, "Ашаршылық" осы бес шартқа жауап бере ме?

Сара Кэмерон: Геноцид мәселесі қиын сұрақ. Көпшілік арасында геноцид - "қылмыстардың қылмысы" деген түсінік қалыптасқан. Көптеген адамдар егер "геноцид" деп танылмаса, жасалған қылмысты Адамгершіліктің ең жоғарғы тұрғысынан айыптау мүмкін емес деп ойлайды. Кітабымда бұл көзқарастың қате екенін талқыладым.

БҰҰ қабылдаған геноцид анықтамасына қатысты мәселелер өте көп және де ол қазақ "Ашаршылығы" сияқты көптеген маңызды қылмыстық істерге қатысты тікелей қолдануға жарамсыз: қазақ "Ашаршылығы" БҰҰ анықтамасының "геноцидтің ұлттық, нәсілдік немесе діни топты түгел немесе жартылай жою пиғылы" болуы тиіс деген аса маңызды талабына жауап бермейді. Қолда бар деректер режимнің қазақтарды ұлт ретінде жойып жіберу ниеті не жоспары болғанын растай алмайды. Дегенмен, "Ашаршылық" геноцидтің "саяси, әлеуметтік, мәдени жою" деген кең ауқымды ұғымына саяды. Мәскеу "ұжымдастыру" бағдарламасы арқылы қазақтардың мәдениеті мен өздік болмысы үшін маңызды болып табылатын көшпелі өмір салтын құртуды көздегені өтірік емес.

Бірақ "Ашаршылыққа" геноцид ұғымының заңды анықтамасын қолдануға келмесе де, бұл тарихи жауыздықтың деңгейі төмендеп, қазақтардың көрген қасіретінің ауқымы ешбір азаймайды. Керісінше, бұл жағдай геноцид ұғымының заңды анықтамасына саятын жағдайларға неге ерекше назар аударылып, ал саяси себептерден болған, әрі, адам қырғыны жағынан бұқаралық сипат алған қазақ "Ашаршылығы" сияқты жағдайлар неге халықаралық тұрғыдан еленбейді деген сұрақты көтеруге шақырады.

Аштықтан кейінгі дала

Зәуре Батаева: Дәл осы кезеңде Украинада орын алған «Голодомор» трагедиясын әлемнің 16 елі геноцид деп, ал бірнеше ел "адамзатқа қарсы қылмыс" деп таныды. "Ашаршылық" неге "Голодомор" трагедиясымен бір деңгейде қаралмайды?

Сара Кэмерон: Қазақ "Ашаршылығының" Украина "Голодоморы" сияқты танылмауының себептері көп деп ойлаймын. Бірінші және ең маңызды себебі – Қазақстанның қазіргі Үкіметі "Ашаршылық" тақырыбын көтеру мәселесіне келгенде түсініксіз селқостық танытып отыр. Ал Украина жағдайында ол мүлдем керісінше болды. Олар "Голодомор" мәселесін әлеуметтік тұрғыда кеңінен талқылады және бұл трагедия Ұлт Зердесінің негізіне айналды. Оған қоса, Солтүстік Америкада украиндықтардың үлкен диаспорасы тұрады. Диаспора өкілдері Украинаны зерттеу институттарын қаржыландырып, "Голодомор" мәселесін Батыста көтеруге ат салысты. Батыстағы қазақтардың шағын диаспорасы ішінде мұндай қозғалыс мүлдем орын алған жоқ.

Бірақ бұлардан бөлек, әлдеқайда тереңірек себептері де бар. Батыстың КСРО тарихын зерттеу саласындағы "Кеңес тарихы" ұғымында КСРО-ның шығыс бөлігі қоса қамтылуы тиіс. Өкінішке орай, КСРО тарихы жиі "Еуропа тарихы" ретінде ғана қаралады да, осы категориялау салдарынан оның шығыс бөлігі шеттетіліп отырады. Және, әрине, қазақтардың ол кезде көшпенді болғаны да бұл жағдайға өз әсерін тигізіп отыр. Біздер көшпелі халықтарға қарсы жасалған зорлық-зомбылықты "артта қалған" ұлттарды "өркениеттендіру" үрдісінің бір бөлігі деген уәжбен тарихтан жылдам өшіруге асығамыз. Көшпелі елдердің тарихтарын солай өшіріп отырдық. Үнін өшіру мысалы ретінде АҚШ-та Америка үндістеріне қатысты жасалған қылмысты мойындау қаншалықты қиынға түсіп жатқанын алсақ та жеткілікті.

Зәуре Батаева: Amnesty International сияқты адам құқықтарын қорғау ұйымдары жаппай қыру геноцид аталуы үшін ниетін не пиғылын дәлелдеу қажет емес деп санайды. Яғни, адам құқығын қорғау ұйымдары геноцид ұғымының кең ауқымын негізге алады. Біріккен Ұлттар Ұйымын геноцид ұғымының анықтамасын өзгертуге көндіру мүмкін бе?

Сара Кэмерон: Amnesty International ұйымының геноцидке қатысты нақты қандай анықтама қолданатыны жайлы хабарым аз. Бірақ әртүрлі ұйымдар әртүрлі анықтама қолданатынын және олардың кейбірі БҰҰ анықтамасын мүлдем қолданбайтынын білемін. Сондықтан, қандай да қылмыстық әрекетті геноцид ретінде қарастырған кезде, қолданылатын анықтама анық болуы өте маңызды. Бірақ геноцид ұғымының кең ауқымды тәржімесі халықаралық заң аясында қолданылуы үшін, мемлекеттер БҰҰ-ның Геноцид Конвенциясын және оған қатысты басқа келісімшарттарды қайта қарауы тиіс.

Зәуре Батаева: Соңғы сұрағым Сіздің кітабыңызды оқып отырып, ойыма келген басқа мәселе жайлы. "Ашаршылық" зұлматы бір кезде рухы еркін қазақ ұлтының ар-намысына, өзіндік болмысына үлкен нұқсан келтірді. Біздің ата-әжелеріміз далада қырылып, қайыр тілеп, адамдық келбетін жоғалтып, өз жерінде "откочевник" атанды. Орыстар бізді төмендетті дейміз, тіпті Түркменстан, Қырғызстан және Өзбекстан тұрғындары да аштықтан қиналған қазақтарға үрке қарап, ат-тондарын ала қашқаны тарихи шындық. Қазақтардың "Ашаршылық" кезінде көрген қасірет-қорлығы қазіргі қазақтардың өздеріне деген ұлттық көзқарасына әлі де әсер етіп отыр ма?

Сара Кэмерон: Иә, "Ашаршылықтың" салдары Қазақстанға әлі күнге дейін әсер етіп келеді деп ойлаймын. Мысалы, зерттеушілер аштықтың келесі ұрпаққа деген кері әсері болатынын ғылыми дәлелдеген еді. Аштықтың зардабын тартқан адамдардың балалары, кейде тіпті немерелері ата-әжелерінің ашығуы салдарынан қандай да сырқаттарға бейім болуы мүмкін. Аштықтың құрбандарының арасында психологиялық травма жағдайлары жиі ұшырасады. Олар каннибализм (адам етін жеушілік) немесе зорлау сияқты сұмдық жағдайларды өз көзімен көруі мүмкін ғой. Немесе олар жандарын сақтап қалу үшін қай баласын құтқарып, қай баласын тағдыр тәлкегіне тастаймын деген сияқты күрделі моральдық шешімдерді қабылдауға мәжбүр болуы мүмкін.

Өткен айда Wall Street Journal гәзетінен "Ашаршылық" жайлы мақалам жарық көргенде, жер бетіндегі көптеген қазақтардан зұлмат кезінде қаза болған немесе аман қалған туыстарының ауыр тағдыры жайлы көптеген хаттар алып, қайран қалдым. Менің пікірімше, көп факторлар жағынан Қазақстан қоғамын пост-травматикалық (жаралы) қоғам деп қарастыруға болады. Қазақтар бастарынан өткен тарихи қасіретті әлі де болса ауыр сезініп, ой елегінен өткізуде.

Сұхбатты жүргізіп, ағылшын тілінен аударған Зәуре Батаева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар