Жанболат Аупбаев. Есенберлиннің інісі

Бөлісу:

29.03.2019 6530

Раунақ ЕСЕНБЕРЛИН

1999 жылдың қыркүйек айы. “Астана ақшамы” газетінде қалалық ономастика комиссиясының хабары жарияланды. Онда елорда көшелерінің біріне жазушы Ілияс Есенберлиннің есімі берілгендігі айтылыпты. Осы жаңалықты оқып отырғанымда ойыма бұдан 8 жыл бұрынғы оқиға оралды. Ол атақты “Көшпенділер” трилогиясы авторының Мəскеуде тұратын інісі, техника ғылымының докторы Раунақ Есенберлинмен кездесуім еді.

...Еліміздің тəуелсіздік алатынына неб əрі 6 ай ғана уақыт қалған кез. Қазақстаннан барған 20 баспасөз қызметкері Мəскеудегі Садовая көшесінің 9-шы үйінде орналасқан журналистердің Бүкілодақтық білім жетілдіру институтында оқып жаттық. Əлі есімде, ертең Алматыға қайтамыз деп отырғанбыз. Міне, сол күні Президент Н.Ə.Назарбаевтың “Молодая гвардия” баспасынан жаңа ғана шыққан “Əділеттің ақ жолы” кітабының тұсаукесері өтетін болды да , бəрімізді Чистопрудный бульварының 4-ші үйіндегі Қазақстанның тұрақты өкілдігіне шақырды. Міне, сол жерде маған Мəскеудегі қазақ диаспорасының адамдарымен танысып, əңгімелесудің сəті түскені бар. Солардың бірі əскери инженер, отставкадағы подполковник Раунақ Есенберлин еді.

Ескертіп айтатын бір нəрсе, сол жүздесуде сұрақ қоюшы мен де, жауап беруші ол кісі де əңгіме тінін тереңнен толғап тарта алмадық. Тұсаукесерге жиналған көпшіліктің дабыр-дұбыр даусы, Раунақ ағаны танитындардың бұрылып келіп сəлемдесуі сұхбатымыздың қайта-қайта үзіле беруіне себеп болған еді. Бірақ... иə, бірақ, қазір сондағы қойын дəптеріме түскен қысқа диалогтарға қарап отырсам, мұнда ол кісінің балалық шағы, қайда оқығандығы, мамандығы, отбасы тірлігі, қаламгер ағамыз Ілекеңмен арадағы байланысы туралы танымдық деректер бар сияқты. Осыны ескеріп: “Қазақ газеттерінде бұрын көп жазылмаған алыстағы ағайынымызды елге таныстыру үшін мына мағлұматтардың өзін бір ұсынып көрсем қайтеді...” – деген ойға келдім, құрметті оқырман! Енді соған назар аударыңыздар.

– Сіз қай жылы, қай жерде тудыңыз? Əке-шешеңіз... Ол кісілер нендей кəсіптің иелері еді?

– Мен 1917 жылы Атбасар қаласында өмірге келіппін. Əкем Есенберлі сондағы кедей жатақтардың бірі еді. Үй салатын өнері бар ағаш шебері болатын. Тіршілігін түзеймін деп тырмысып жүріп 1922 жылы өмірден озды. Содан көп ұзамай анамның да көз жұмғаны есімде. Шамасы бұл 1924-1925 жылдары болуы керек.

– Қанша ағайынды едіңіздер?

– Үшеу. Бір қыз, екі ұл. Үлкеніміз – Назым апам. Ортаншымыз – Ілияс. Одан кейінгі – мен.

– Балалық шақта есіңізде ерекше сақталып қалған жəйт болды ма?

– Болды. Ол – аштық, ашаршылық. 1930 жылы Арқаны жұт жайлады. Ақсүйек боп қырылған адамдарда есеп жоқ. Он екі-он үш жастағы кезім. Бір күні жұмыс, тамақ іздеген жерлестерім Атбасардан Жезқазғанға қарай шұбады. Соларды қара тұтқан Ілияс екеуміз де Қарсақбайды бетке алдық. Өйткені, онда тұрмысқа шыққан Назым апам бар еді. Жүре-жүре сол кісінің үйін тауып, аштықтан аман қалғанымыз бар.

– Онда не істеп, қандай кəсіппен шұғылдандыңыздар?

– Ештеңемен де. Рудник басшылары бізге бала деп қарады. Жұмысқа алмады. Сондықтан əркімге қолбала болуға тура келді. Жездеміздің отын-суын тасыдық. Оқыдық. Бастауыш мектепті бітірген соң Назым апам бізді осындағы жетім балалар үйіне орналастырды.

– Қарсақбайда көп болдыңыздар ма?

– Жоқ. 1933 жылы мұндағы біз оқып жүрген тау-кен техникумы жабылып қалды да, бəрімізді Шығыс Қазақстандағы дəл осындай арнаулы орта оқу орнына аттандырды. Ал, Ілияс Қарсақбайда қалып қойды. Риддерге келген соң хат алдым. Онда ол Алматыға оқу іздеп кеткенін айтыпты. Содан мен Алтайдағы аталмыш тау-кен техникумын 1935 жылы бітірдім де, жолдамамен Оңтүстік Қазақстанға келдім. Сондағы Ащысай полиметалл кен орнында жұмыс істедім.

– Одан кейінгі өміріңіз... Тіршілігіңіз. Ол қалай жалғасты?

– 1937 жылы көптеген қиындықтарды бастан кешіріп барып, Мəскеудегі электротехникалық институтқа қабылдандым. Арттан келетін көмек жоқ. Сондықтан күндіз оқып, кешке жұмыс істеуге тура келіп жүрді. Ілияс бұл кезде Прибалтикада, əскерде еді. Төртінші курсқа келгенде Ұлы Отан соғысы басталды. Майданға аттандым. Одан аман-есен оралған соң Жуковский атындағы əскери-əуе академиясындағы ұзақ жылғы жұмысым басталды. Осы жерде алғашқы өнертабыстық жаңалықтарымды аштым. Кандидаттық, докторлық диссертацияларымды қорғадым. Подполковник шенінде отставкаға шығып, 1970 жылы басқа жұмысқа ауыстым.

– Ол қандай жұмыс?

– Алдымен бес жылдай Бүкілодақтық коррозия институтындағы электрохимия лабораториясына жетекшілік еттім. Содан соң Халықтар достығы университетіне оқытушылыққа шақырылдым. Одан кейінгі он жылда Мəскеу автомобиль-жол институтында жұмыс істедім. Тек 1990 жылдан бері ғана зейнеткер боп үйде отырмын.

– Мəскеуде тұрғаныңызға қанша болды?

– Бұл қалаға ең алғаш рет мен 1937 жылы келгенмін. Ұлы Отан соғысынан кейін біраз уақыт Ригада тұрдым. Жұмыс, қызмет бабы солай болды. Міне, Латвия астанасындағы сол кезді есептемегенде қалған уақытымның бəрі осы Мəскеуде өтіп келе жатыр деп айтуыма болады.

– Сіз жазушы Ілияс Есенберлиннің туған інісісіз. Ағаңыздың кітапта жоқ, анықтамалықтарға əлі кірмеген, сөйтіп былайғы жұртқа əлі де белгісіздеу боп келе жатқан өмір беттері туралы не айта алар едіңіз?

– Ағам кезінде бір жағдай үшін көп азап шекті. Ол оның “халық жауының” қызын алған құйыршық деп күстаналануы еді. Иə, рас, Ілекеңнің үйіндегі Диляра жеңгеміз өз уақытында Қазақстанға белгілі адам болған Хамза Жүсіпбековтің перзентітін. Осынысы үшін ол кісінің естімеген сөзі жоқ. Ал, қалған мəселелердің бəрі ұмыт қалмаған сияқты. Олар əр жинақтарда айтылып та, жазылып та келеді ғой.

– Алматымен, туған жеріңіз Атбасармен байланысыңыз қалай?

– Атамекенім – Қазақ елін ешуақытта ұмытқан емеспін. Ұмытпаймын да. Оған дəлел, осы жетпісінші-сексенінші жылдардың өзінде Қазақстанның жоғары оқу орындарынан шақырулар келіп тұрды. Соған байланысты мен Алматы, Жезқазған, Өскемен қалаларындағы техникалық институттарға барып, лекция оқып қайтып жүрдім. Туған жерім Атбасармен де байланысым бар. 1987 жылы ғой деймін, сондағы өлкетану музейінен хат келді. Мен олардың сұраған нəрсесі – Ілекең туралы естелігімді жіберіп, ұмытпағандары үшін рахмет айттым.

– Отбасыңыз... Балаларыңыз. Олар немен шұғылданады?

– Жұбайым Вера Васильевна – зейнеткер. Екі қызым бар. Оларға Дина, Рахима деп қазақша ат қойғанбыз. Қазір бұлардың екеуі де тұрмыс құрған. Үйлі-баранды жандар.

...Бұл бұдан 8 жыл бұрынғы қойын дəптерге түскен жазулар. Мұндағы ауызекі сөздер Раунақ Есенберлин өмірінен міне, осылай деп мағлұмат береді. Кезінде: “Тақырыпты ашуға, тереңдетіп жазуға бұл деректер əлі жетімсіз. Сондықтан Мəскеуге тағы бара қалсақ, ол кісімен міндетті түрде қайта кездесіп, əңгімелесуіміз керек”, – деп ойлағанбыз. Бірақ одан кейін Ресей астанасына қайтып жолымыз түспеді. Осы себептен де “шикізаты” жетіспеген, фактісі піспеген тақырып диалог күйінде қойын дəптерде қалып қойды.

Сөз ретіне қарай апта кетейін, 1993 жылы “Халық кеңесі” газетінде жұмыс істеп жүргенімде редакцияға Мəскеудегі қазақ диаспорасынан Наурыз тойына шақыру келгені бар. Бұл іссапарға бөлім меңгерушіміз, белгілі ақын Əділғазы Қайырбековті жіберуге шешім қабылдадық. Жолға шығарда оған Раунақ Есенберлинді айтып, Наурыз тойында ұшырасып қалғандай жағдай болса кеңінен кеңінен əңгімелеуін өтіндім. Əділғазы ол сапардан өте көңілді оралды. Ағамызбен кездесіпті. Көп кешікпей “Халық кеңесі” газетіне “Жұмбақ жолаушы” деген мақала жариялағысы бар. Оқырмандардың мұны да білгені жөн деп ойлаймын.

...Жылдар өтіп жатты. 1998 жылы Раунақ Есенберлинге қатысты тың деректі көзім шалым қалды. Ол Атбасар қаласындағы музейдің алғашқы ұйымдастырушысы, Арқа аймағының білгір шежірешісі Клара Əмірқызының “Ауылым – атамекенім” кітабындағы факт еді. Клара апайдың баяндауынша, бірде өзі жетекшілік еткен аталмыш музейге бұрынғы ақмолалық, қазіргі мəскеулік ғалым Н.В.Литовченкодан хат келеді. Онда ол Раунақ ағамыздың Ресей мен шетелдерде жаңашыл өнертапқыш ретінде ерекше бағаланатынын, атақты “Кировец” тракторын жасап шығарғандардың арасында оның да өзіндік үлесі бар екенін, Челябинскінің трактор зауытында Раунақ Есенберлин жасаған жоғары өнімді арнаулы конвейер жұмыс істейтінін айтады. Хатының соңында: “Осындай жерлесімнің бар екеніне мен шын жүректен қуанамын, мақтанамын. Ал, қазақстандықтардың про-фессор Р.Есенберлинді əлі білмейтініне өкінемін”, – дейді.

Шынында да, атақты “Қаһар”, “Жанталас”, “Алмас қылыш” жəне “Алтын орда” кітаптарының авторы Ілияс Есенберлиннің інісі Раунақ ағадан жұртшылық əлі бейхабар сияқты. Біздің осы мақаланы қоян жылғы қойын дəптерден қопарыстырып алып жазып отырғандағы мақсатымыз – Мəскеуде сондай қандасымыздың бар екендігі туралы ел білсе, құлақтанса деген ой. Басқа ештеңе де емес.

1999 жыл.

Авторлық анықтама. 2005 жылғы қаңтар айы еді. «Егемен Қазақстан» газеті редакциясына «Ілияс Есенберлин қорының» жауапты қызметкері Б.Дүйсенбаевтың шағын мақаласы келіп түсті. Онда автор атақты жазушының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында бір игілікті істі қолға алып, оны ойдағыдай аяқтағандарын хабарлапты. Ол қаламгердің Мəскеуде тұратын інісі Раунақ Есенберлиннің «Аға туралы сөз» атты естелік кітабын қолжазба күйінде алдыртып, оны қазақ жəне орыс тілдерінде жарыққа шығарғандары екен. Кейін аталмыш жинақты алып, асықпай оқыдық та. Көп мəліметтер бар болып шықты. Кітап қызықты екен. Оқырмандардың есінде жүрсін деп мұны да айта кетуді жөн көрдік.

Бөлісу:

Көп оқылғандар