Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 7

Бөлісу:

06.04.2019 4940

Ал “ауылдағы Октябрь” туралы – “орталық мәселенің” жайы қалай?

1928 жылдың күзінде Қазақстанның партия ұйымы “тағы да бір маңызды әлеуметтік-экономикалық шараны табысты жүргізді” – Кеңес өкіметінің қастасқан жауларының, 700 ірі бай-жартылай феодалдардың малы мен мүлкі тәркіленді, – деп хабарлайды партиялық тарихшылар. – Барлық тәркіленген мүліктер (150 мың бас мал, ауыл шаруашылық құралдары, көлік-қатынас құралдары т.б.) қазақ еңбекші бұқарасына берілді. Бұл бұрынғы 20 мыңнан астам батырақтар мен кедейлер шаруашылығын, мыңға жуық колхозды нығайтуға, 293 жаңа ауылшаруашылық артелін және 5 совхоз құруға мүмкіндік берді. Тәркілеу... байлардың ауылдағы экономикалық та, саяси да ықпалын айтарлықтай әлсіретті. Сонымен бірге ауыл экономикасының және оның социалистік құрылысының одан әрі дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасалды.

Жазда “Тек байлардың ғана емес, орташалардың да мал мен мүлкін тартып алады” деген қорқынышты сыбыс қыр төсінде желдей есті. Адамдар малдарын сатып, көшуге дайындалды. Мәселенің ушыққаны сонша, ҚазОАТКОМ Қазақстанның барлық еңбекшілеріне үндеу тастап: “Өсек арандатушылық пен тараған, ешқандай да тартып алу болмайды, кәмпеске тек “бұрынғы хандар мен сұлтандар ұрпағының ішінен шыққан” ірі байларға ғана қатысты жүреді”, – деп түсіндіруге мәжбүр болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 6

Бастапқыда кәмпескеге 1500 шаруашылықты жатқызбақшы болды, бірақ ОК, Голощекин айтқандай, “мұны шектеді”. Жартылай феодалға 100-ден 400 басқа дейін малы барлар (ірі мал есебімен) жатқызылды. Жарлық жарияланған күннің ертеңінде Құрамысов: “Ауылды “революция самалымен желдетудің” уақыты жетті, “ауыл бұқарасының жауыз қанаушылары және социалистік құрылыстың қас жаулары” жартылай феодал-байлардың барында ауыл кедейлері оларға кіріптар болудың ауыртпалығынан, кедейшілік пен ауру-сырқаулықтан құтыла алмайды”, – деп жазды.

Жауыз қанаушы қанша адамды қанады? Кейінірек БОАТКОМ-ның сессиясында сөйлеген ҚазОАТКОМ-ның төрағасы Елтай Ерназаровтың көрсетуі бойынша, қазақ байы бірнеше батырақ ұстаған. “Мысалы, бай өз маңайында 10-15 қоңсы, яғни кедейлер ұстайды, бұл кедейлердің бәрі де байға жұмыс істейді, еңбекақыны біреуі алады, басқасына қалған-құтқан жуынды-шайынды ғана тиеді”.

Демек, қанаудан 7-ден 10 мыңға дейін батырақ босаған. Аз емес, әрине, әйтсе де қыр елінде қаналғандар саны соншалықты көп емес деген сөз. Айтпақшы, “қанаушылар” еңбекшілерді қалай қысса да, “жуынды-шайынды, сүйек-саяқпен” азықтандырса да, оларда аштықтан ешкім де өлген жоқ. Екі-үш жылдан соң қанаушылар әлдеқашан жат өлкелерге қуылып, еркіндік алған қыр қазағына түп көтеріле ұжымдасуды таңған кезде, жаппай індет пен лаң басталды...

Кәмпескелеудің жүргізілуі туралы жергілікті жерлерден келіп жеткен хабарлар қайшылықты болды. Мәселен, Алматы округінен жолданған жеделхатта ірі байларды жер аудару туралы декреттің жарияланған күні мерекеге айналды делінген; семейліктер кәмпескелеуді өлкелік комитеттің рұқсат етуінен бұрын-ақ бастап кеткен және “тек байларды ғана емес, сонымен қатар орташаларды да қамтыды және олардың саяси қателігі де осында”.

“Советская степь” 1928 жылдың 13 қарашасында былай деп жазды:

“Кәмпескелеуді аяқтауда

(Ақтөбе округі)

Жергілікті жерден келген алдын ала мәліметтер бойынша, 60 жартылай феодал-байдан 14839,5 бас мал (ірі мал есебімен) тәркіленген. Сонымен бірге, төмендегі ауыл шаруашылық мүкәммалдар мен әртүрлі мүліктер алынды: 16 киіз үй, 11 жер үй (!), 6 шөп шабатын машина, 4 атпен жүретін тырмауыш, 7 сай-жыраға арналған тырма, 3 бункер, 26 кілем, 26 киіз және т.б.”

Көріп отырғанымыздай, шөп шабатын машина, сай-жыралы жерге арналған тырма жартылай феодал-жауыз қанаушылардың әрқайсысында бола бермеген, тіпті кілем мен киіз де айтарлықтай көп болмаған. Егер бір нәрселерге иелік еткен болса, онда тек малға ғана...

Көп ұзамай Ф.И.Голощекин конференцияның қорытындысын шығарды – сөйлеген сөзі алдымен “Правдада”, одан соң “Советская степьте” жарияланды. Өзінің 3-4 желтоқсандағы мақаласын ол “Қазақ ауылындағы Қазан” (“Октябрь в Казахском ауле”) деп атады. Сірә, өлкелік комитеттің жарамсақтары жақтары тынбай әндеткеніндей, өзінің теориялық қабілетіне әбден сенімді Филипп Исаевич: “Бұл тәжірибе сонымен де қызықты, біз тарихта алғаш рет (ерекшелеген автор. – В.М.) мал кәмпескесін жүргізіп отырмыз, ал бұл жерді кәмпескелеуден анағұрлым қиын да күрделі” дегенді барынша байыптылықпен айтты.

Көрдіңіз бе, тарихта бірінші рет! Міне, тарихи жетістік қайда жатыр... Көшпенді халық қанша ғасыр өмір сүрген болса, бірінің-бірі жылқысы мен қойын сонша рет қуып әкетіп отырды және әрине, мұны тонау деп емес, кәмпеске деп атауға болатынына ешбір күмән келтірместен солай еткен. Бұл тонауды күрделілендіретін қиындық малды қайта санаудан және тонаушылардың ұрлық малды қай сайға немесе таудың қай қуысына жасырғанын байдың біліп алуынан артық ештеме емес-тін...

“Бүкіл науқанды біздің ұйымымыздың қазақ бөлігі жүргізді. Қазақ коммунистерi революциялық емтиханнан сүрінбей өтті, революция күзетінде нық тұрды, – деп жазды Филипп Исаевич. – Кейбір байлар: “Біз беделімізге сүйендік, ал совет өкіметі бізден айлалы болып шықты. Ол кедейлерді біздің малымызбен сатып алып, біздің беделімізді жойды”, – деді. Нақтысында, мәселе мүлде бұлай емес. Бай малмен сатып алды...”

Бәлкім, алғашында бұл осылай болған да шығар. Онда кедейлерді екі рет сатып алған болып шығады: және екінші рет табыстырақ болды, өйткені Кеңес өкіметі үшін байдың малының ешқандай да құны болған жоқ. Тәркілеу кедейлердің қолымен жүргізілді және бұл үшін марапатқа байдың малын алды да, оны қолма-қол сойып жеп қойды немесе бірер жыл өткен соң, жаппай ұжымдастыру кезінде өкіметке кері қайтарып берді. Әскери коммунизм кезінің өзінде-ақ сынақтан өткен – орнықты да оңды тауарлы шаруашылықты талқандау әдісі кейін де, үкімет қаулысымен астық қарызы түрінде кедейге “кулактан” кәмпескеленген астықтың 25 пайызы берілген кезде пайдаға асты, ал бұл – қырағы кедейдің өзі жұмыс істеудің орнына жоғарыға көрсетіп берген еңбексүйгіш те үнемшіл көршісінің жасырып ұстаған астығы болатын...

Бұл кезде қазақтардың Астрахан даласына, Сібірге, Өзбекстанға және басқа өлкелерге бет алған алғашқы көші де басталды. Қалай болғанда да, кәмпескеден сытылып шығуға тырысқан байлар ғана емес, тиіспеуге уәде берілген, ауқатты малшылар деп аталатындар да қаша бастады. Қазір әзірше уәде беріп отыр, ал ертең не болады оны ешкім де білмейді. “Астық өткіз, салық төле, шаруа заемына жазыл”, – деп, малшы шаруаны жан-жақтан қыспаққа алды. Өткізбесең, төлемесең, жазылмасаң – сен революция жауысың. Асыра сілтеу бірте-бірте әдеттегі жағдайға айналды. Әрине, асыра сілтеушілерді әшкереледі, бірақ қамқорсыған түр көрсетіп: “Ерекше ештеме болған жоқ. Рас, қызбалық көрсетті, ондай-ондай болады, оның есесіне, таптық тұрғыдан бәрі дұрыс”, – десті.

Баспасөз шаршамастан жаудың бейнесін жапсырмалап жатты.

Газет беттері айғайлаған тақырыптарға толып кетті: “Кулак кедейге кесірін тигізеді”; “Кулактар ұясы” (неге екені белгісіз, “ұя” сөзі, яғни, шын мәнінде “үй”, “отбасы” ұғымын беретін сөз ерекше жеккөрушілік туғызды. — В.М.); “Кулак астықты жасыруда”; “Кулак артық пайдаланады”; “Аш даланың қорқаулары” (бай-кулактың “Жер және еңбек” серіктестігінің үстінен сот тергеуі басталды); “Кулактар мен байларды айдап шығамыз”; “Сәдуақасовшылдармен күресті жалғастырайық”; “Астық пен мал өнімдерін тонаушыларға соққы берейік...”

Мұнда, үйде, дүниежүзілік революцияның қаншама жаулары ашылды десеңізші, оларды тұмсықтан соғу, әшкерелеу, түп тамырымен жою керек болды... ал анда, шекараның арғы жағында, капиталистік түрмелерде көмекке өте мұқтаж достар мен серіктестер тұншығуда, сондықтан КСРО МОПР Орталық Комитеті Қазақ өлкелік МОПР Ұйымын түрмелерге, атап айтқанда, Германияда, Польшада, Румынияда,­ Эстонияда, Болгарияда, Италияда, Югославияда,­ Испанияда, Венгрияда, Грекияда, Түркияда, Сирияда, Палестинада, Үндістанда, Кореяда, Қытайда – барлығы 16 елде орналасқан 36 түрмеге қамқорлық көмек көрсетуге міндеттеді.

Өз елінде шаруалардан астықты зорлап тартып алды, заем облигацияларын күштеп өткізді, ал одан “түскеніне” шетел коммунистерін асырап-бақты...

“Асыра сілтеу мен бұрмалау үлкен кемшілік болып табылады және мұндағы басты сипат сол – жеткілікті ұйымдаспаған (бейне бір бағыныштылық міндет пен парыз секілді. – В.М.), ұйым шаруалардың ыңғайына жығылған, қаңтарға дейін астық дайындау мәселесімен айналыспаған жерде, міне, дәл сол жерлерде асыра сілтеу бәрінен де көп болды, – деп жазды Голощекин 1928 жылы 27 сәуірде “Советская степьте”, – әсіресе заем тарату науқаны кезінде, кейбір жерлерде, заемға жазылмағандардың бәрін “революция жаулары” деп жариялаған”.

Сөйтіп, асыра сілтеу – кемшілік және онымен күресу керек болды, әрине, дереу “асыра сілтеуге қарсы қатаң бағыт” ұсталынды, бірақ оның соншалықты берік еместігі және дерліктей көмегі тимейтіні белгілі болды. Күрес өзінің кезегімен жүріп отырды, ал асыра сілтеулер барған сайын көбейе түсті.

Алайда қорытынды мынадай болды: асыра сілтеушілер бәрібір тап жауларына жатқызылған жоқ, олар қалай бұрмалап, асыра сілтесе де, ешкім де оларды жазалауды, мәселен, байлар сияқты “жат өлкеге” жер аударуды ойламады.

1928 жылдың соңында Голощекинмен ашық пікірталасқа түсетін адам қалмады: қарсыластар талқандалды, көп ұзамай дауыс беру құқығынан айырылды. Әйтсе де Мәскеуде, БОАТКОМ сессиясында Тұрар Рысқұлов кәмпескелеу жөнінде сыни пікір білдіргені сол-ақ екен, Филипп Исаевич қолма-қол ұрысқа шықты.

Қызылорданың жалпы қалалық партия жиналысында ол Рысқұловтың: “Егер біз әрбір шараны ауылдағы Октябрь деп санайтын болсақ, онда осының өзімен біз адасушылыққа барып килігеміз. 35 миллион бас малдың 250-300 мыңы кедейлерге беріледі... Бұл көп емес... Байлар, сірә, бүкіл тұрғындардың 6-7 %-ын құрайды, ал олардың қарамағында барлығы 700-800 шаруашылық бар” деген сөзін келтірді.

– Сөйтіп, Рысқұлов солшыл болып көрінгісі келеді, – деді Голощекин. – Жақсы айтылған, бірақ ақылға сыйымсыз және шынайы емес.

Әйтсе де Т.Рысқұлов науқанның салдары туралы саяси (“кәмпескелеу біз кез келген төтенше жағдайларды шектеу саясатын ұстанып отырған кезде жүргізілуде”), экономикалық және психологиялық тұрғыдан толық та дәл тұжырымдады: адамдар мал шаруашылығымен шұғылданудан сырт тарта бастады, ал бұл болса, шаруашылықтың өнімділігін кемітті.

Соңғы рет болу керек, партия және мемлекет қайраткері байды қорғауға ең болмаса жарты ауыз сөзін арнады – жаңа орында “700-800 шаруашылық” құруға байланысты алаңдаушылық білдірді.

Осы кезден бастап “бай” сөзі жарлыққа айналып, қорлайтын, таптық өшпенділікті білдіретін ұғымға ауысты: оны бұдан былай жау бейнесін көрсету үшін қолданды. Бұл саяси жапсырма соның өзіне ұқсас “буржуй”, “кулак”, “поп”, “молда” және тағы басқалардың ортасынан орын алды.

Ал бұдан сегіз жыл бұрын В.Г.Короленко А.В.Луначарскийге былай деп жазды (Ағарту халкомымұны жазушыдан өзі өтініп, оның әрбір хатына жауап қайтаруға және хат алысуларды халыққа жария етуге уәде берді, алайда ол бұл уәделерінің бірін де орындаған жоқ, Короленконың хаты тек 1988 жылы ғана жарияланды):

“Тарих Ресейге сиқырлы да өте қайғылы тағдырды таңды. Миллиондаған орыстардың миында әлдебір екі-үш жылдың ішінде аяқастынан әлдеқандай бір логикалық бұранда орнынан айналып кетті де, самодержавиенің алдында көзсіз бас июден, саясатқа деген толық бейтараптылықтан – халық бірден... коммунизмге, ең берісі – коммунистік үкімет жағына өтіп кетті.

...Шаруалар қауымының тап ретіндегі негізгі мәні маскүнемдікте емес, еңбекте, соның өзінде де бейнеті көп, зейнеті аз, жағдайды түпкілікті жақсартатын үміті жоқ еңбекте болды. Соңғы он жылдықтардағы царизмнің бүкіл саясаты осы өтірікке негізделді... Енді мен сұрақ қоямын: Сіздердің құрылыстағының бәрі де шындық бола ала ма? Қазірдің өзінде сіздер халықты сендіріп үлгерген жайттарда жоғарыдағыдай өтіріктің жосығы жоқ па?

Менің кәміл сенімім бойынша, мұндай өтіріктер бар және тіпті таңғаларлық түрде ол сондай кең, “таптық” сипат алуда. Сіздер орнынан тұрған, оянған халықты буржуазия (“буржуй”) деп аталатындар тек қана жатыпішер арамтамақтардың, тонаушылардың, бағалы қағаздар талонын қиып алушылардың табы және одан басқа ештеме емес деп сендірдіңіздер.

Осы шындық па? Мұны сіздер шын сеніммен айта аласыздар ма? Әсіресе сіздер, марксшілдер, осыны айта аласыздар ма?

Сіз, Анатолий Васильевич, өздеріңіздің, марксшілдердің таяу уақыттарда ғана халықшылдармен қатал пікірталас жүргізген кездеріңізді, әрине, әлі ұмытқан жоқсыз. Сіздер: “Ресейдің “капитализм кезеңінен” өтуі қажетті және пайдалы”, – деп дәлелдедіңіздер...

...Капиталистік тап ол кезде сіздерге жаман болсын, жақсы болсын, өндірісті ұйымдастыратын тап болып көрінді.

Неліктен енді шетел сөзі “буржуа” – тұтас бір ауқымды да күрделі ұғым – сіздердің жеңіл қолдарыңызбен, осы уақытқа дейін ол туралы ештеме білмей келген біздің қараңғы халқымыздың көз алдында бағалы қағаздарды қиып алудан басқа ештемемен шұғылданбайтын, тек қана жатыпішер арамтамақтар, тонаушылар деген қарадүрсін түсінікке ауысты?

...Тактикалық тұрғыдан келіп, сіздер ақиқат алдындағы парызды құрбандыққа шалдыңыздар. Тактикалық жағынан сіздерге капитализмге деген халықтың жеккөрініштілік сезімін тұтату және жауынгер отрядты қамалға қарай қалай айдап салатын болса, халық бұқарасын орыс капитализміне дәл солайша қарсы қою тиімді болды. Және сіздер шындықтың өңін айналдыруда ештемені місе тұтпай, барған сайын құныға түсіп отырсыздар... Сіздер қамалды алдыңыздар және оны талқандап, жойқын ағынға тастап жібердіңіздер. Бұл қамалдың “игілікті үрдістер” арқылы қол жеткізілген халық байлығы екенін, орыс капитализмі жасаған бұл аппаратта құртып-жоюға емес, жетілдіруге, одан әрі дамытылуға тиіс көп нәрсенің бар екенін сіздер ұмыттыңыздар. Сіздер халықты мұның бәрі кезі келгенде талқандалуға тиіс... талау мен тонаудың нәтижесі деп сендірдіңіздер.

Өздеріңіздің “тонаушыларды талқандау” ұрандарыңызбен, сіздер, ауылшаруашылық мүліктерінің аса зор мөлшерін, тіпті сол коммунизмдеріңізге де ешқандай пайдасы тимейтіндей етіп құртқан деревнялық “жойғыштардың” енді қалаға тап беріп, лап қоюына жол аштыңыздар...”

Қазақ даласының экономикалық дамуда капитализмнің “игілікті сатысына” дейін көтерілмегені белгілі. Ауылдарда рулық қатынастар өз ықпалын жүргізді. Байды жою арқылы тауарлы мал шаруашылығының ұйымдастырушыларын ғана емес, сонымен бірге дәрежесі жоғары туысын да жойды. Пролетарлық мемлекеттің (Қазақстанды айтпағанда, Ресейдің өзі де, негізінен, шаруалар елі бола тұра, неліктен “пролетарлық”) мақсаттары мен өзінің “қараңғылығына” қарай, әлеуметтік прогрестің игіліктеріне самарқау қарсылық көрсетуші ебедейсіз “сірескен” еңбекшілер бұқарасы арасындағы шатқал орыс деревнясындағыға қарағанда қазақ ауылында одан да тереңірек болды. Жақсы болсын, жаман болсын, бірақ бұл дәрежесі үлкен туыс өздерінің ағайындарын “қанап, езіп” қана қойған жоқ, сонымен бірге оларға, әрине, өздерінің түсініктеріне, ар-ұяты мен жақынға деген жанашырлығына, өмірге көзқарастарымен мүмкіндіктеріне қарай қамқорлық та жасады. Қалай болған күнде де, әрине, астық шықпай қалғанда және жұт жылдары кедейлерге ауыр тигеніне қарамастан, төңкеріске байланысты болған қоғамдық сүргін уақытына дейін қыр елінде жаппай аштық болған жоқ. Қазақтардың кейіннен Голощекин билігін басқа ештемемен де емес, халықты ауыл-ауылымен қойдай қырып, топ-тобымен тұтқынға айдаған, күллі дала отқа оранып, азап ауыртпалығын тартқан сонау бір жоңғар шапқыншылығымен салыстыруы тегін бе еді? Алайда, бәлкім, бұл салыстырудың өзі де біздің уақытымызда болғандарды... түгел айтып жеткізе алмайтын шығар.

ЖЭС (НЭП) тамам болды, жоспарлы бөліністі азық-түлік салығы барған сайын көбірек ығыстыра бастады. Халықты жағасынан алып, ерекше салтанатсыз және ешкімнің келісімін алып жатпастан, ұжымдық еңбектің “нұрлы болашағына” қарай сүйреледі. Қашып құтыла алмайтын қасірет жақындап келе жатты...

VII

Бұл қасірет, сірә, бірде-бір қазақ отбасын айналып өтпеген шығар. Әркімнің өз қайғысы, жан жарасы бар. Тіпті алпыс жыл өткеннен кейін де бұл туралы айту оңай емес, кейде мүмкін де болмай­ ды...

Әлжаппар Әбішов, халық жазушысы

Қарт қазақ жазушысы Әлжаппар Әбішев сол жылдар оқиғаларын есіне түсіргісі келмеді. Менің сұрағымды естіп, селқос жымиды да, қолын бір сілтеді.

– Айта алмаймын, ауыр...

Бірнеше минуттық үнсіздіктен кейін ол кенет байқаусызда айтқандай болып сөз бастады:

– Менің әкемнің аты – Әбіш, Әбіштің әкесі – Жұматай, Жұматайдың әкесі – Жолдыбай. Жолдыбайдың кіндігінен тараған ұрпақтары – біздің санымыз 1931 жылы тоқсан төрт адам болған еді. Міне, біздің отбасымыз... Ұжымдастырудан кейін тірі қалғаны жетеу...

Тағы біраз уақыттан кейін Әлжаппар Әбішев әңгімесін жалғастырды:

– Мен ерте қамданып Қарағандыға жетіп алдым: бір сұмдықтың боларын іштей сездім. Өзіммен бірге Қарқаралыдан шешемді, әйелімді, інілерімді ала кеттім. Біз бесеуміз аман қалдық, ал біздің ауылдан тек екі-ақ адам тірі қалды.

...Есімде, Қарағандыдағы біздің барақтың жанында балаған болды. Онда біздің ауысымда жұмыс істейтін үш жігіт тұрды. Бірде қырық градустық аязда олар түнгі кезекке шықпады. Десятнигіміз Харон дейтін неміс еді. Таңертең онымен бірге үйге қайтып келе жатып балағанға бас сұқтық. Қарлы боранның басталғанына екінші күн болған, балағанның есігін қар бекітіп тастаған екен. Қарды бірдеме етіп етігіміздің тұмсығымен аршып, ішке ендік. Сөне бастаған ағаш шаласының жанында өліп қалған әйел жатыр, кеудесінде алты-жеті айлық нәресте. Анасының төсіне басын қойып, емгісі келетін секілді. Жылай-жылай, сілесі қатқаны көрініп тұр... Харон бәрін бірден түсінді. Өлгендердің көздерін жауып, баланы тонының ішкі өңірімен орап алды да, жүгіре жөнелді...

Мекемтас Мырзахметов, әдебиеттанушы

Белгілі әдебиеттанушы Мекемтас Мырзахметов қасіреттілігі жағынан сирек кездесетін жағдайды әңгімеледі:

– Бала кезімде, тентектік көрсеткен уақыттарымда, анам маған үнемі: “Сол кезде сені тастап кетуім керек еді...” дегенді қайталап айта беретін. Ол осы бір түсініксіз жұмбақ сөзді айтқан кезде мен еріксіз тыныштала қалар едім. Еш нәрсе түсінбеймін: ол мені қайда тастап кетуі керек еді, неліктен мені? Бірақ сұрауға әйтеуір тәуекел етпедім...

Кейін, жасым он беске толып өскен кезімде, бір күні анамнан неге ол үнемі сол бір түсініксіз сөзді айта беретінін сұрадым. Анам маған ойға бата көз тастап, көзінің жасын сүртті де, мына бір оқиғаны айтып берді.

...1933 жылдың ерте көктемі еді. Аштық біздің бүкіл ауылды дерліктей жайратып тастаған ең сұрапыл шақ (біз Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас ауданында тұрдық). Тіке келген ажалдан қашып, анам көрші ауылдағы туыстарына баруға бел буады. Менің кішкентай қарындасымды қолына ұстай­ ды, ал мен – ол кезде екі жарым жаста екенмін – анамның етегінен ұстап, онымен қатар жүріп келе жатамын.

Біз кешкі іңірде шығыппыз. Ауылдың шетінен әрі қарай ұжымшар бақшасы басталады. Біздің соқпақ жолға түскеніміз сол екен, алдымыздан бір үйір қасқыр шыға келеді. Бұл кезде ауыл маңында мал атаулыдан ештеме қалмаған, қасқырлар үйір-үйір болып адамдарға шаба бастаған, бұрын-соңды ел естіп көрмеген жағдай болады.

Анам айғайлап көмекке шақырғанымен, маңайда ешкім болмайды. Қасқырлар бізді қоршап алады. Ұлып, тұяқтарымен жер тырмалайды. Анам жаншошырлық таңдау жасауға мәжбүр болады: қасқырлар не біздің бәрімізді тамақтап, пәршелеп тастайды, не анам балаларының біреуін қасқырға жем етіп қалдырады да, өзі екінші баласын алып, қашып құтылуға тырысады. Әрине, ұлды құтқарсаң, бүкіл әулетті сақтап қаласың деген ұғым қазақ санасына ежелден сіңісті. Анам шешім қабылдайды. Ол жөргекке оралған кішкентай қызын жерге қояды да, жүдеуліктен аяғымды әрең-әрең басып тұрған мені қолына көтеріп, сытылып шыға береді.

Кейінірек, анам біреулері қолына мылтық ұстап, кейбірі таяқпен қаруланған адамдармен қайтадан оралған кезде, ол жерде ештеме болмаған. Тек қанға боялған шүберектер ғана қалыпты.

Е-е, мен өзімнің қарындасыма өміріммен қарыздармын.

...Мен сонда анамнан (ол кезде әлі көп нәрсені түсінбейтін едім!): “Неге мені тастап кетпедіңіз?” – деп сұраған едім. Ол: “Ұл қажеттірек болды...” – деді. Анамның қандай сезім күйін кешкенін, іштей өмір бойы не ойлағанын елестетудің өзі жанға батады...

Ол сол кезде көз жасы құрғай-құрғай, қу сүйек болып қалғандай еді...

Ғалым Хакімұлы Ахмедовтің өзінің ұзақ өмірінде көптеген өлім мен адам қайғысына куә болуына тура келді. 1921 жылы он бес жасар бозбала шағында Орынборда оқыған ол өлі адамдарға толып кеткен теміржол бекетін, көшелерде сасыған мәйіттерді текшелеп жинап, әлдебір жаққа әкетіп жатқан арбакештерді есінде сақтап қалды. Ал одан он жыл өткеннен кейінгі көргендері әлдеқайда қорқынышты еді.

– Ой, ол кезде көп адам өлді ғой, – деп бастады әңгімесін Ғалым Хакімұлы. – Әулиеата қала сындағы біздің көшеде балалар үйі бар болатын, балалар мәйітін күн сайын арбамен тасыды. Таң ата оларды алып кетеді...

1932 жылы Ахмедовтің (ол техникум директоры болып жұмыс істеген) қатыгездік жағдайларды тексеретін комиссияның жұмысына үш рет қатысуына тура келді. Алматыдан Петров дейтін Мемлекеттік Саяси Басқарма (ГПУ) қызметкері келген болатын. Қазаққа өте ұқсайтын. Онымен қазақша сөйлессем, “түсінбеймін” дегендей басын шайқайды. Якут болып шықты. Иығындағы жапсырмада төрт ромб бар. Хат бойынша ма, әйтеуір тексеруге келіпті...

Ауылдардың біріне жол тарттық. Бір әйелдің ауласындағы күл үйіндісі астынан адамның басы, ет қалдықтары табылды. Ол әйел біреуді өлтірген. Оны қарауылдар алып кетті, қайда екенін білмеймін...

Қаладан онша алыс емес шеткі ауылда, онда Свердлов атындағы ұжымшар болған, бір жігіт тірі қалыпты. Адам етімен азықтанған. Әйелді сойған. Сұрап көрсек, мойындамайды. “Жоқ! Мен ешкімге тиіскен жоқпын!” – деді. Бәрі мұның үйінен табылып отырғанда... қалайша тиіспеген? “Алладан қорық, көп ұзамай өзің де өлерсің!” – деді әлдекім. Ал ол, шынында да, денесі ісініп кеткен, қозғалмайды. Шыдамады, мойындады. Жылай береді. “Аштықтан мүлдем есімнен айырылдым, содан кейін бауыздадым”, – дейді.

Ал үшінші жағдай көрші ауылдағы қарт адамның басынан өткен, ол бір ай бойы адам етімен қоректенген...

Сол кездегіні еске түсіру өте ауыр, бірақ ендігі уақытта бұл туралы үнсіз қалуға да болмайды. 1932 жылдың сұрапыл суығында біздің Әулиеатаға Сарысу ауданынан босып келген адамдарды қалай ұмытуға болады? Келді деген не – титықтары құрып, әрең-әрең жетті. Әйелдер, балалар, қарттар – естері кіресілі-шығасылы, алба-жұлба киінген, үстері кір-сатпақ. Аман қала алды ма екен? Әй, қайдам, өйткені бүкіл қаланы аштық жайлаған болатын...

Алайда елеусіздеу деуге болатын бір жағдай мені бәрінен де қатты таңдандырды. Бірде, аштық енді басталып келе жатқан тұста, мен базарға келдім. Базарда айғай-шу, жерде қан дақтары бар. Кері бұрылып қарап едім, онда бос тұрған ләпкенің маңынан әлдебір шұңқырдың барын байқадым, өзі өте терең секілді. Шұңқырдың түбінде жас қазақ жігіт отыр. Бүйірімен жерге бір жамбастап жатып алған, басын қолдарымен сығымдап ұстап, дір-дір етеді. Ал басы қанға шыланған. Жүзін үрейлі қорқыныш, азапты қайғы іздері шиырлаған... Сірә, аштық алқымнан алған бір сәтте ләпкеден бір жапырақ нан ұрлап әкетуге әрекет еткенге ұқсайды, ұсталып қалып, басы жарылған...

* * *

...Ал ресми құжаттар не айтады? Мұрағат қызметкерлерінің айтуына қарағанда, ұжымдастыру кезеңінде болған аштық туралы дерліктей ештеме сақталмаған. Олардың сөздерін тарихшылар да растайды: деректерді бір түйірлеп жинауға тура келеді... Бейне бір Қазақстанда сансыз көп өмірді жалмап кеткен аштық індеті болмаған секілді.

Мен бірнеше күн бойы республиканың Орталық мемлекеттік мұрағатында отызыншы жылдар құжаттары, әртүрлі қазақстандық халкоматтардың материалдары сақталған папкаларды қарап шықтым. Расында да, бос тұр! Әлдебіреулер халықтық қасіретті еске түсіретін кез келген материалды, тіпті жанама деректерге дейін әдейілеп тазартқандай әсер аласыз. Несі бар, індетті таратушылар оның ізін жоюды да ойластыруы әбден мүмкін.

Мыңдаған құжаттардың ішінде тек біреуінен ғана жаппай аштықтың жақындап келе жатқаны туралы айтылған құжат кездесті. Қарқаралы округтік денсаулық сақтау бөлімі 1931 жылдың 28 мамырында республиканың Денсаулық сақтау халкомына ауданның санитарлық жағдайы туралы былай деп хабарлапты:

“Қазіргі кезде азық-түлік мәселесі апатты жағдайда демегеннің өзінде өте қанағаттанарлықсыз. “Овцевод” совхозында 1 сәуірден бастап барлық жұмысшылар мен қызметкерлердің отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілуден шығарылып тасталынды. Жұмысшының отбасында 5-10 адамнан барына қарамастан, тек жұмысшының жеке өз басына ғана күндік мөлшерлі нан мен 0,5 литр сүт беріледі, осыдан басқа ештеме берілмейді... Қант та, жарма да – ештеме берілмейді.

...Қаладағы 300-ге тарта қамаудағы адамдар соңғы күндері ештеме алған жоқ, тек сырттан біреу не әкелсе, соны ғана қорек етуде. Қызметкерлер наурыз бен сәуірде жан санына байланыссыз және өзін қосқандағы бүкіл отбасы үшін 7 келіден сапасы нашар тары алды. Бір бөлігі тіпті ештеме алған да жоқ...

Қызметкерлер тарап кетіп жатыр. Олардың бірі Глебенко тіпті 360 верст (шақырым – ауд.) жердегі Семейге жаяу кетті. Егер жағдай өзгермейтін болса, қызметкерлердің көпшілігі, оның ішінде дәрігерлер де, күзге дейін біржола кетіп қалуы мүмкін.

Тұтқындар үйінде құрқұлақ, ушыққан өкпе ауруы: құрқұлақ ауруы балалар үйіне, аналарға ауыз салды... ауруханадағылардың 80%-ы құрқұлақпен ауыруда.

Станицкий”.

...Әлжаппар Әбішевтің бабасы Жолдыбайдың көп санды ұрпақтары дәл осы Қарқаралы қаласының төңірегінде тұрған...

“700 жартылай феодал, ірі байлардың мүлкі мен малын кәмпескелеу” – бүгінде ескірген, бәлкім, жұрттың бәрі ұмытып үлгерген оқиға да болар. Алайда есінде сақтап қалған адамдар да бар...

Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев

Бөлісу:

Көп оқылғандар