Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 6...

04.04.2019 5970

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 6

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 6 - adebiportal.kz

1925 жылғы Бесінші конференцияның кезінде-ақ Филипп Исаевич қазақтар іс жүзінде Қазан революциясының иісін сезген жоқ деген түсінікті анық берген болатын. Ол сол кезде өзінің ойларын, тіпті оған ешқашан тән болып көрмеген, адамдарға деген әлдебір жылылықпен тұжырымдады (тегінде, бұлар бақытты етуге жатқызылған сол бір абстрактілі адамдар болуға тиіс, әйтпесе олар өз­ дерінің дамымағандығымен, жете ойлай алмау­ шылығымен­ әлі де сол бұрынғыдай, өздері­нің­ шексіз даласындағы қараңғы қапас­тағы өмірімен аянышты халде қала бермек). Ол өзінің алдында тұрған аса зор ауқымды міндетті – кең-байтақ өлкесі, сауатсыз көшпенділері, өзінің халқына­ басқалардың тиіспеуін басты мақсат етіп қойып, партаппараттарда, мәдениет мекемелерінде, ашық және жасырын алашордалықтарда орнығып алған бір топ ұлтшылдары бар осынау артта қалған республиканы кеңестендіруді бастау сәтінде өз ісін анық мақтаныш еткен сезімге бөленді.

“...Біз кедейге, батыраққа қандай бағыт ұстансақ, жұмысшыларға, қазақтарға, қазақ ұлтының бұқара­сына­ да дәл сондай бағыт ұстанамыз; оларға, жолдастар, біз әлі жанасқан жоқпыз (ерекшелеген автор. – В.М.). Міне, осы қайнар көзге, энергия қайнар көзіне және халық ақыл-ойының қайнар көзіне, салауатты сезім-түйсік қайнар көзіне біз әлі жақын келген жоқпыз. Өйткені “Ауылға және деревняға бет түзеу” ұранының мәні осы халықтық қайнар көздерге алып келеді, осы қайнар көзден ішуді, сусындауды бастау қажет, бірақ онда жылдар бойы тұрып қалғандары мен дәмі бұзыла бастағандарынан емес”.

Бұл Голощекиннің конференциядағы соңғы сөзі­ болатын. Әрине, тәжірибелі шешен ретінде оның өз сөздерінің мәтінін алдын ала қағазға жазып алмағаны, тікелей сөйлегені түсінікті. Бірақ оның сөзі қандай да бір оғаш әсер туғызады. Өзінің көпсағаттық баяндамасына тән барлық тіл мүкістігінің, тавтологиялық және демагогиялық көпірме­ сөз орамдарының үстіне Филипп Исаевич өз ойын бейнелі сөздермен жеткізу жүйесіне­ барынша сирек жүгінді. Міне, ол бір емес, екі емес, әлденеше мәрте “қайнар көз” (источник – ауд.) сөзін қолдана отырып, оны тікелей адамдарға қатысты айтады: энергия қайнар көзі, халық ақыл-ойының қайнар көзі, салауатты сезім-түйсік қайнар көзі, ақырында, осының бәрін – адамдар? – халықтық қайнар көздер (?!) деп атайды және осы қайнар көзден ішуді бастау керек дегенге дейін барады.

Ал қазақ халқы деп аталған бұл қайнар көзге оның өзінің қалай жақындағаны кейінгі кездері белгілі бола бастады, тек қана бұл жақындаудың құрбандарының саны жөнінде зерттеушілердің пікірі бір жерден шықпай келеді: аштық құрбан­дарының саны әлде – бір миллион екі жүз мың адам, әлде – бір миллион жеті жүз мың...

“Халықтық қайнар көздерден”, яғни бейнелі ойды нақпа­-нақ мағынасымен айтқанда, халықтан, адамдардан­ ішуге болатын нәрсе не?

Тек бір ғана нәрсе – қ а н.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 5

...Есімде, мен шеттері жартылай жырымдалған газеттердің тозығы жетіп сарғайған беттерін мұқият парақтап отырмын. 1927 жылғы тігінді болатын, кенет көзім үстінен айқыш сызықтармен айғыздалған портретке түсті. Голощекин бір қырындап, күнге қарсы қарап отыр: бұйра шашы мен сақалының ақ талшықтары жылтырап көрінеді, өңменіңнен өткен көзқарасында қаталдық бар, астыңғы ерні қымқырылған, ұзын мұрны салбыраңқы, бірақ етті емес, шеміршекті, мығым, және екі танауы жыртқыштікіне ұқсап делдиген. Суретке әдейі осылай түскен бе, әлде фотограф бет-жүзінің табиғи сипатын тап басқан ба? Қалай болған күнде де, бұл – әдеттегі суреттердің бірі емес, оның үстіне, бұл суретті газеттер бұдан кейін де жиі қайталап басып отырған. Журналистердің мінез-құлқын білетін адам, олардың бірінші басшының талғамынан “хабардар” болғанын бірден аңғарады және Голощекиннің бұл фотосуретке немкетті қарамағаны да онда жақсы көрсетілген. Сондықтан да портрет газет бағандарынан жиі көрінетін болды... Сөйтіп, міне, тігіндінің, бәлкім, тіпті әлі тігіліп үлгермеген газеттің оқырмандарының бірі “өлкелік комитеттің жауапты хатшысы жолдас Голощекиннің” қырынан түскен фотобейнесін көсілте­ сызғылап тастапты және көрініп тұрғанындай, әлдеқашан күлгін сия шегіне жете ағарып кеткен. Жалбыраған мефистофельдік шоқ­ша сақа­лының төменгі жағына қиғаштай созылып, баспа әріптермен “УБИЙЦА” (қанішер – ауд.) деген ілеспе жазу түскен. Бұл “Советская степь” газетінің 1927 жылғы 30 мамырдағы нөмірі болатын...

Филипп Исаевичтің тағы бір шимайланған, бірақ басқа сиямен сызылған портреті газеттің 1932 жылғы 7 қараша күнгі нөмірінде кездесті. Онда “ГНИДА!” (сірке – ауд.) деген түсіндірме сөз болды.

Басқа жолдастардың портреттері сызылмаған...

Аты-жөні көрсетілмеген пікір білдірушілер Голоще­киннің­ жекебасы мен қызметін, қазақстан­­ дықтардың тағдырымен ойнаған адамның кім екенін білген.

Сондықтан да конференциядағы қорытынды сөзді оқыған кезімде, желімдей жабысып ығыр қылған, тұтас бір халық туралы түсінік беретін “қайнар көз” деген еліктірме сөздің айтылуы маған кездейсоқ болып көрінген жоқ және “халықтық қайнар көзден іше бастау” деген осы бір оғаш та үрейлі сөз тіркесінен құлқыны обыр жалмауыздың ләззатшыл құмарпаздығы елес береді.

Адам баласы, тіпті әккі саясаткердің өзі де кейде сезімін құрықтай алмай қалады және аңдаусызда бір нәрсені айтып қояды. Өз басының ешқашан қателеспейтіндігі (өзіне-өзі сын көзбен қарау бетпердесін­ бүркенген), үздік шешендігі (кейде баяндамасын екі күн бойы тыңдауға тура келген көп сағаттық демогогиясымен айналымға енген), бірі­ мен-бірі байланысқан басқа да желікпелері (пси­хикалық ауру – ауд.) секілді, мейлі, кіші Қазан болса да, әйтеуір революция жасауға құныққан ұлықтық маниясы да Голощекинде бір күнде пайда болған жоқ.

Филипп Исаевич сол жолы Бесінші конференцияда әлдебір терең құпияны аңдамай айтып қалған жоқ па екен?!

Әрине, бұл тіптен де тура мағынасында қансорғыш (түпнұсқада – вурдалак – ауд.) немесе қанішер дегенді білдірмейді.

Бірақ басқа да адам жанының терең түкпіріне жасырынған, адам қанымен байланысты бірқатар ойша үйлесімдер, бейнеленулер мен нышандар болады және бар да, өйткені адамдардың­ көз алдында, егер қажет болатын болса, “қаннан қорықпай” әре­кет етеміз дегенді Голощекин секілді түк болмағандай болып, шімірікпей айту (оның 1926 жылы өткен Үшінші пленумда мәлімдегеніндей) әркімнің­ қолынан келе бермейді ғой.

Алайда революцияны өзінің “мамандығы” етіп таңдаған адамға қаннан қорқу деген не, тәйірі?

Робеспьердің жақын қызметкерлерінің бірі Каррьенің іс-әрекеті туралы Г.Бабеф былай деп жазды: “Әлде отанды құтқару үшін 23 рет Нантаға суға батырып,­ сол қатарда 600 баланы жаппай ажал құштыру да қажет болып па еді? Әлде тыр жалаңаш шешіндірген бозбалалар мен бойжеткен қыздарды жұптастыра байлап және басынан қылышпен есеңгірете соғып,­ содан соң Луарға лақ­тырып тастаған “республикалық­ некелер” керек болып па еді? ...Әлде Нанта түрмесінде аштықтан, жұқпалы аурулардан және әртүрлі қиындық пен азаптан 10 мың азаматтың өлуі, ал 30 мың адамның атып өлтірілуі немесе суға батырылуы... қажет пе еді?.. Әлде... берілу үшін өз еркімен келген бүлікшілер армиясының жаяу әскер және атты әскер отрядтарын оқтың астына алып, қырып салу қажет болып па еді?.. Әлде ... ең ересегі әлі 14 жасқа толмаған және Каррье “тұншықтырып өлтірілуге тиіс сұр жыландар” деп атаған тағы да 500 баланы суға батыру немесе атып өлтіру қажет пе еді? Әлде 30-дан 40-қа дейінгі әйелдерді жүктілігінің 9-айында суға батырып, іші нәжіске толы үлкен бөшкеге лақтырылған балалардың әлі де дірілдеп жатқан шалажансар денелерінің жантүршігерлік көрінісін қызықтау... қажет пе еді?... Әлде әйелдердің әлі тумаған баласын ішін жарып алып, оны сүңгіге шаншып суға лақтыру ... керек пе еді? Әлде Марат атындағы ротаның солдаттарының көңілінде олардың әрқайсысы бір стақаннан қан ішуге қабілетті­ болуы тиіс деген секілді сенім ұялатудың қажет­­ тілігі болып па еді?..”

Ұлы француз революциясы кезіндегі құмарлық пен құнығудың (қаннан теңіз жасаса, қалай “Ұлы” болмасын!) біздің жаңа тарихымыздағы құнығумен­ тікелей қатысы бар: олардың “бостан­дық, теңдік жә­не бауырластық” дейтін айна қатесіз­ бірдей ұрандарын айтпағанда, аяусыздық пен қанқұмарлығы екеуінде­ де “революциялық парызды” орындаудың сипатты бір белгі­сіне айналды (айтты-айтпады, қан төгу жағынан алғанда,­ барлық құрбандар тең, бәрі де бақытсыз­­дық жөнінен бауырлар). Ал Каррье мен Голощекин­ жоғарыдан түскен нұсқауды жай ғана орындаушылар­ емес, олардың екеуі де өздерін, әрқайсысы “өз бетінше” халық тағдырын шешушілерміз деп санады. Егер біреуі Нантада кіші француз революциясын ұйымдастырған болса, онда екіншісі Қазақстанда өзінің кіші Қазан төңкерісін жүзеге асырды және Қазақстанда геноцид орнатуды талап еткен кезде де денесі түршіккен жоқ. Қаннан қорыққан жоқ. Өзінің алдын ала ескерткеніндей.

VI

Әйткенмен қазақ жерінде нұрлы болашақ орнату практикасына қайта оралайық.

Қазақ большевиктері, партиялық тәртіп бойынша, Орталықтан жіберілген жетекшінің айтқанын екі етпей, соңына ергеніне қарамастан, көп ұзамай-ақ оның жергілікті жағдайды білмейтініне және білгісі де келмейтініне көзі жеткенде біртіндеп өздерінің жеке пікірлерін білдіре бастады. Қар­сылықты Голощекин­ ұнатпады, сондықтан қыңырлармен күреске барлық қолжетерлік әдістер арқы­лы­ шықты.

Егер оның Қазақстанда билік жүргізген алғашқы­ жылдарында іс саяси қарсыластарына дене жазасын қолдануға дейін жетпеген болса, онда бұл “Жорж” Голощекинді оның досы Яков Михайлович Свердловтың атағанындай, осындай “жақсы­ жігіттің” кінәсінен емес. Тіпті, ОК-нің басшылығында­ отырған басқа бір “жақсы жігіт” Кобаның яки Иосиф Виссарионович Сталиннің өзі де ол кезде қарсыластарын тізе бүктірудің жеңіл әдісіне – сүйкімді “жолдас маузерге” сөз бере алған жоқ. Міне, енді жеңіл де дұрыс әрекеттің орнына, партиялас достарымен иісі шығып шіріген интеллигенттік айтыс-тартыстарды өршітуге тура келеді...

Шахталық (1928 жыл), Еңбекші Шаруалар пар­тиясы (1930 жылы жабық есік жағдайында өткен), Өнеркәсіп партиясы (Промпартия, 1930 жыл) деп аталатын алғашқы арандатушы процестерде айып­талғандардың ішінде коммунистер болған жоқ.

Тек 1931 жылы ғана Сталин өзінің саяси қарсыласын атып өлтіруді алғаш рет ашық талап етті. Ол қазір кеңінен белгілі Рютин болатын. Алайда Саяси бюро өз көсемінің террорлық әрекет жасауына жол бермеді – Рютин тек партиядан ғана шығарылды...

Бір сөзбен айтқанда, ұйымдастырудағы мұндай қолайсыздықтар Филипп Исаевич Голощекинге қатты бөгет жасады, сондықтан ол мәселені батыл шешудің орнына ұзаққа созылған “парламенттік” күрес жүргізуге мәжбүр болды.

Әттең-ай, амал қанша, оның қыңыр-шәлкес “ұлттықтармен”­ әңгімені бір демде және біржола бітіріп тастағысы-ақ келіп еді! Сөйлеген сөздерінің бірінде оның өзінің ішкі тілегі туралы “аңдаусызда” және жанама түрде айтып қалғаны да тегін емес-тін. Бұл жағдай 1928 жылдың 16 қазанындағы қызылордалық партактивтің жиналысында болған еді. Өзінің ұзын сонар сөзіне қызып алған Голощекин былай деп мәлімдеді:

“...Жалпы, мен топшылдық туралы айтқанда, ұлтшылдықты меңзеймін... Мен сәдуақасовшылдықты еске алған кезімде, қожановшылдықты да, рысқұловшылдықты да, меңдешевшілдікті де және олармен кімдер бірге болса, солардың бәрі туралы айтқан болып шығамын. Олардың бәрі бір-бірімен тонның ішкі бауындай болып тіл табысып алған.

Топшылдықтың объективті жағдайлары бізде әлі толығымен жойылып біткен жоқ, ескі көсемдер тірі, олар әлі жер басып жүр (ерекшелеген автор. — В.М.), рас, қазақстандық емес...”

Бұл сөздерде қаншама өкініш, тіпті қайғы бар десеңізші!..

Филипп Исаевич бірден қатты кетпей, жайлап, ақырындап бастады... Қазақ өлкелік коми­теті Екінші пленумында жасаған саяси есептің “Идеологиялық ауытқулар туралы” деген тарауын­ да ол алдымен “азды-көпті дәрежеде ... орыстарда кездесетін” шовинизм туралы дәстүрлі сөз ағынын ағытып алып, ал “қазақтарда ұлттық өзіндік са­наның­ өсуі байқалады” дей келіп, “бұл ұлттық сананың жетекшісі” бай дегенді сенімді түрде нығарлап айтты.

“Қазір бізде ауылда не қауіпті? – деген сауал тастады Голощекин одан әрі. – Кедейлене түсу ме, байи түсу ме?.. Кедейленуден келер үлкен қауіп жоқ... Мен, жолдастар, қайталап айтамын, бұл мәселеге тіпті тоқталмауға да болар еді және бұдан үлкен шу тудырудың керек еместігі одан да бетер көрініп тұр, әйтсе де, бірақ, бұл туралы айтса да, айтпаса да, бұған біразырақ көңіл аудару қажет... Мұнда, егер біз жікшілдерді тас-талқан етіп қиратуға кірісетін болсақ, жақсы болмайды. Бұлай етуге болмайды. Қазақ коммунисінің ерекше жағдайын ескеру қажет.

...Кімдер бұра тартып түзу жолдан ауытқыса, соларға төзімділік, шыдамдылық танытып, тәрбие мен білім беру және үлкен сенім көрсету қажет”.

Ол алғашында өзін көпшілікке төзімді де қамқор тәрбиеші ретінде көрсетуге тырысып бақты.

Одан кейін аяусыз қатал күрес басталды. Голощекин ауылды бөлшектеп, онда қарсылыққа жолықпауы мүмкін емес тап күресін өрістетуді міндет етіп қойды.

Қазақ ауылдарында тап күресін жүзеге асыру 1927 жылы кең ауқымда басталып кетті. “Советская степь” 14 ақпанда Александровтың “Ауылдағы Октябрь мәселесіне” (“К вопросу об Октябре в ауле”) деген мақаласын басты.

“... Деревня өзінің Октябрін бастан өткерді, – деп жазды автор, кедейлер комитетінің қайырымдылық қызметіне айқын ишара жасап, – ал ауылда біз қазір Октябрь мәселесін шешкен жоқпыз, оны тек күн тәртібіне ғана қойдық... Бізде, орталықта, пролетариат диктатурасы, ал ауылда байлар үстемдігі­ бар”.

Күзде Кеңестерге сайлау кезінде ондаған тәжі­рибелі қызметкерлер жергілікті жерлерге жіберілді. “Алғаш рет партия ауылда таптар арасындағы шекара сызығын жүргізді, – деп жазды Голощекин 1927 жылдың 1 қарашасындағы “Советская степь” газетінде, – және қазақ кедейлері мен орташаларының ру атынан сөйлейтін өкілге емес, өз еңбегінің мүдделерін білдіруші ретіндегі Кеңеске ие болуына көмектесті”.

Кейіннен “шолақ белсенді” деген абыройсыз атағы шыққан адамдардан құралған армия осылай қалыптасты. Қазақ жеріндегі кедейлер комитеттері өзінің іске шорқақтығы мен қарақшылығы жағынан ресейлік комбедтерден (кедейлер комитеті) бір де қалысқан жоқ. Басқаша болуы мүмкін де емес еді: оған бірінші кезекте айғайшыл жалқаулар мен жатыпішерлер, басқаруды ұнататын билікқұмарлар мен бір нәрсені өзіне қарай тартып, талан-тараж жасауды білетіндер кірді. Азғындық пен бұзақылық биліктің қолдауымен “ауыл бұқарасының қалың ортасына” бойлап енді...

1927 жылдың қарашасында Қызылордада Алтыншы­ Бүкілқазақстандық партконференция болып, онда Голощекин “ұлтшыл-жікшілдердің” әлі де қасарысып, өзіне қарсы шығуын қоймай келе жатқан тобына шешуші тойтарыс берді.

Олармен арадағы пікірталаста алғаш рет “ауыр артиллерияны” қолданды.

“Сіздерді өлкелік комитеттің барлық бағыттағы жолына дұрыстап түсіру үшін, – деп бастады ол баяндамасын, – мен өзіме аздаған анайылық көрсетуге рұқсат етемін”. Филипп Исаевич, Үшінші­ пленумнан кейін, өзіне “реніштілердің” Орталық­ Комитетке­ қалай шағымданғанын еске­ түсірді. “Маған ОК-ден, ең болмағанда, оның хатшыларынан бізге баға беруді сұрау туралы ой келді”. Барлық хатшылардың ішінен ол бас хатшыны таңдады. Сөйтіп, ол өзінің “ж. Сталинге бес сұрағын” оқыды. “Біз Кеңестерді жандандыру тура­лы мәселе қойған жоқпыз, шынайы Кеңестерді ұйымдастыру мәселесін қойдық. Осы көзқараста біздің ұйымымыздың 9/10 бөлігі тұр, тек болмашы азшылық қана (бір жағынан – Сәдуақасов), бұл, әсіресе, тап күресі жөнінде, ауылдағы “Октябрь” туралы мәселе қою дегеніміз – “азамат соғысы” деген­ сөз, ал мұның өзі ХІV съездің қаулысына қайшы­ келеді, – деп айғайлайды және (екінші жақтан – Жандосов) бұл шараларды уақытша далбаса санап, экспроприацияға баруды ұсынады. Міне, өлкелік­ комитеттің осы негізгі бағыты туралы біз жауап күтеміз”.

Бұдан әрі партиялық құрылысқа, ұлтаралық­ қатынасқа байланысты, аппаратты байырғылан­­дыру және ақырында, Қазақстандағы “саясаттың барлық бағыттары” туралы сұрақтар тізбеленген.

“Іс жүзінде, – деп таңырқады Голощекин, – Қазақстан ұлттық қазақ кеңес мемлекеті ретінде құрылды, ал шынайы еңбекшілер Кеңестері ауылда жоқ...”

– Бұған мен өте қысқа жауап алдым, – деп Филипп Исаевич мүләйімси ескертті де, одан кейін тарихи сөзді оқыды:

“Жолд. Голощекин! Менің ойымша, осы хатта белгіленген саясат, негізінен, бірден-бір дұрыс саясат болып табылады. И. Сталин”.

Кешірім (күнә жасауға рұқсат – ауд.) берілді, екі қолға ерік тиді. Енді “шағынымпаздармен” тәжікелесіп тұрмауға болатын болды.

Әйтсе де, Филипп Исаевич өзінің беделіне қол сұғылмауын бірден және біржола бекітіп алғысы келді. Сәл кейінірек ол делегаттарға: “Маған және басқа жолдастарға Владимир Ильич берген ман­датты­ мен өзімнен кездейсоқ тауып алдым, ол Владимир Ильичтің өз қолымен жазылған бола­ тын” , – деп хабарлап, екінші соққы берді. Әрине, Түрік комиссиясын­ құру туралы 1919 жылға тиісті және күн тәртібіне ешқандай қатысы жоқ бұл құжатта түгелімен оқылды.

Голощекин сиқырлы күштің құдіретін, ал кеңестік жүйе жағдайында беделдің нақты күшін жақсы білді. Бәлкім, сондықтан да ол өзінің көзір картасын әбден толғағы жетіп, уақыты келгенге дейін жасырып ұстаған болар. Ал осы кезден бастап оны бұл өлкеге кімнің жібергенін және қазірде оның саясатын “бірден-бір дұрыс” деп санап, кімнің қолдайтынын бәрі де біліп жүруге тиіс болды.

Осы конференцияға дейін ол өзінің партиялас жолдастарымен ешқашан да мұншама арсыздықпен әрі дөрекі сөйлесіп көрген жоқ, өзінің жеңісіне де дәл осыншалықты құмардан шыға тәнті болып көрген емес. Ұлттық мәселеде “дұшпандық” жаса­ған “оппозицияның” көзқарастарын өлкелік коми­­теттің бірінші хатшысы “өсектің бықсығы, әр алуан ұлттық бағыттағы ұрандар жиынтығы” ретінде­ көрсетті.

1927 жылдың 22 қарашасында “Советская степь” газетінде жарияланған баяндаманың шағын үзіндісінің өзі-ақ айтылған сынның сипаты туралы түсінік береді.

“Голощекин:

– Қазақстаннан өсек жинау қиын емес, оларға (оппозиционерлерге), әрине, Сәдуақасов­ та, Мыңбаев та айтқан, ал жазған – Тойбо. Түрікменстаннан Тумайлов жазды.

Тойбо:

– Менің олармен ешқандай қатысым жоқ. Голощекин:

– Бұл сіздің досыңыз, оны алып қалаған жағыңызға барыңыз, Гинденбургтің, Абрамовичтің партиясына, ол сізді шақырады...

Енді мен мұндағы, Қазақстандағы, басшылыққа қатысты айтқым келеді. Сіздер Зиновьевтің не дегенін білесіздер: “Голощекиннің жеке билеп-төстеуіне­ Қазақстан берілді”. – Бұл Мыңбаевтың сөзі (күлкі).

Айтыңыздаршы, қазақстандық ұйымда жаппай қазақ ұйымдарының осындай кең құлашты­ өрлеуі мен өсуін біз қашан, қай жылдары көріп едік? Ешқашан да осы жылдардағыдай болған­ емес...

Мейлі, кез келген топтың “көсемдері” өлкелік комитетке қарсы шығып көрсін, олардың бәрі бір аптаның ішінде тапталып қалады. (Айғай-шулы қол шапалақтау.)

...Мен өзімнің кіріспе сөзімде айтқан жақша­ларды жақсылап ашамын. Мен: “Қазақстандық ұйым осы жылдар ішінде өсіп-жетілді және өзінің бойынан қол-аяғын бұғаулап таңып тастаған жөргегін лақтырып­ тастады”, – дегенмін. Білесіз­­дер ме, жөргекті лақтырған кезде ол соншалықты таза болмайды, міне, дәл сол таза емес жөргекті ол өз денесінен сыпырып тастады. (Күлкі, қол шапалақтаулар.)

Тойбо:

– Түсінбедік! Голощекин:

– Иіскеңіз! (Күлкі, қол шапалақтаулар.)”

...Кейінгі жылдары да күлкіге батып, алақандарын ауырта қол соқты – мәжіліс залының есігінің сыртында аштықтан ісініп-кепкен адамдар бораннан ыққан малдай ұйлыға улап-шулап жүрген кезде де... Қалайша күлмеске – бастық қалжың айтады, оның көңіл күйі жақсы. Құлақкесті құл орнындағы бағыныштылар үшін осындай қуанышты сәтке ортақ болудан асқан бақыт та, мереке де жоқ.

Ал Голощекин мінбер мен төралқада билік жүргізді. Ілікпе сөзбен жұртты қақпайлап, сөйлеушілерге тойтарыс беріп отырды, өзінің дөрекі тапқырлығына масаттанды...

Ораз Жандосов:

– Біз Нұрмақов жолдас айтқандай, соқыр ұлт­шылдар­ емеспіз, мүлде саналы... – деді. Голощекин:

– Соқыр емес, көзі бар! – деп бөлді оның сөзін. (Залда қайтадан қарқылдаған күлкілер есті­ліп, шуылдаса қол соқты...)

Филипп Исаевич ауылда жүргізілген “кіші Ок­тябрь” жөніндегі тәжірибесін жомарттықпен бөлісті – ол шабындық пен егістік жерлерді қайта бөлуді осылай атаған болатын.

“Екінші пленумда жолд. Сәдуақасов айғайлап, қарсы болған нәрсе осы, бұл – дәл сол кіші Октябрьдің өзі. Біз шындық жағдайда, іс жүзінде жерге мүдделілік тұрғысынан кедейлерді байлар­ мен қақтығыстырдық, оның жерді байдан тартып алуына көмектестік, соған мәжбүрледік... Тап күресі дегеніміз – осы!”

Оның таңғалуы түсінікті: екі жыл бойы оның бар бітіргені адамдарды бірімен-бірін жауластыру, ауылды бөлшектеу болды. “Бөлшекте де, билей бер!” деген ежелгі көне ұстанымның біздің “көзінен өткен тарамыс жіп тәрізді, тап күресі” ұғымынан Филипп Исаевичтің түсінігіне айналуы осындай түр алды. Шындап келгенде, тап тартысын өр­шітуде Голощекин өзінің ашқан жаңалығымен емес, ұстаздарының салған соқпақ жолымен жүрді. Мәселен, солардың бірі БОАТКОМ төрағасы Я.М.Свердлов 1918 жылдың 20 мамырында-ақ большевиктік басты бағытты былайша тұжырымдады:­

“Тек сол жағдайда ғана, егер біз деревняны бір-бірімен бітімге келіспейтін өзара жау екі лагерьге бөле алатын болсақ, егер біз онда қалаларда жүріп өткеніне көп уақыт бола қоймаған дәл сол азамат соғысын тұтандыра алатын болсақ, егер деревня кедейлерін деревня буржуазиясына қарсы қою біз­дің қолымыздан келетін болса, тек осы жағдайда ғана біз қалалар үшін не істеген болсақ, деревняға қатысты да соны істеп жатырмыз деп айта аламыз”.

Міне, олардың қалалар мен деревнялар үшін істегісі келгендері не еді – азамат соғысын тұтандыру! Өйткені адамдарды бір-біріне өшіктіріп, айдап салу арқылы және оларды бірін-бірі жоюға мәжбүрлеу жолымен ғана басқыншылар билікті ұстап тұра алған...

Далалықтардың шаруашылығы, олардың өмірі­нің материалдық деңгейі, әл-ауқаты Голощекинді бәрінен де аз алаңдатты. Ол өзі оң көзімен қараған “абстрактілі (дерексізденген – ауд.) адамды”, яғни іс жүзінде жалпыландырылған, құлданылған адамды абстрактілі идеялармен, іс жүзінде жалпыландыру мен құлданудың нақты идеяларымен бақытты етуге тиіс болды. Яғни, бақыттың мәні тап күресінде, біреудің біреуді жоюымен анықталды...

Сөйтіп, тап тартысы барған сайын үсті-үстіне үдей түсті де, қой мен жылқы саны азая берді. Ал күрес өз шыңына шыққан кезде адамдар аштықтан қырыла бастады...

Қожайынның көңілінен шығуға тырысқан жарамсақтар­ оған қызмет көрсеткенсіп, аузынан шық­қан әр сөзін жарыса, жамырай қайталасты:

– Қазақ ауылдарында Октябрь болған жоқ, егістік­ және шабындық жерлерді қайта бөлу­ түрінде кіші Октябрь ғана болып өтті. Біз кедей­лерге өндіріс құралдарын берген жоқпыз. Ол үшін ауыл байларын түбегейлі ауыздықтау керек... Қазақ ауылдарында экспроприаторларды экспроприациялайтын­ шешім қабылдау қажет. (Ж.Сәдуақасов,­ Сырдария губерниясынан келген делегат).

Оның даңқын асырысты:

– Кеңес өкіметі орнағалы он жыл. Қазақ республикасына жеті жыл толды, бірақ ұйым жұмы­­сының практикалық нәтижелерін... біз ауылда соңғы­ екі жыл ішінде ғана, жолдас Голощекиннің басшылыққа­ келген және жұмысын бастаған кезе­ңінен бері ғана көріп отырмыз. Ауылдан көтерілген қайраткер ретінде мен ауылда болып жатқан ірі өзгерістер туралы куәлік бере аламын (Е.Ерназаров “Бүкілқазақтық ақсақал” – “Бүкілодақтық старостаның” жергілікті ұқсасы).

Осыларға ілесе, бір кісідей бірігіп, Смағұл Сәдуақасовты таптасты:

– Сәдуақасовпен ойнағанымыз жетеді. Сәдуақа­­совтар біздің партиямыздың жұмысына көмектес­­пейді, керісінше оны бөгейді (Тоқтабаев және басқалар).

Әсіресе бұл таптауда Ізмұқан Құрамысов – осыдан кейін көп ұзамай-ақ өлкелік комитеттің екінші хатшысы болып бекітілген, мінберде әрқашанда жарыместеу адамның кейпінде ойнайтын келемежшіл-демагог алға шықты:

– ...Оның (С.Сәдуақасовтың) сөзі бойынша, социализмге бет алған көштің алдын бай мен кулак бастайтын сияқты (күлкі).

...Енді ол: егер сіздер байдың меншігінен сөзсіз айырғыларыңыз келетін болса, маған ауыр тиеді дейді, – байды да, кулакты да экспроприациялай­тын боламыз (күлкі).

Мен бұдан бұрын социализмге Сәдуақасов, кулак және бай болып үшеулеп барады дегенмін. Менің ойымша, жолдастар, бұл әбден сасып-шіріген пікір, мәселенің бізше емес, партиялық тұрғыдан емес түрдегі қойылуы...

Индустрияландыру мәселесі бойынша Сәдуақасов өзінің картасын ашқан жоқ. Ол бұрын былай деген еді:

– Егер бізде тері бар болатын болса, оны Москваға тасудың қажеті жоқ, Қазақстанда завод салып, өзіміздің қазақтық жеке (күлкі) ұлттық­ терімізді өңдеуіміз қажет (күлкі)... Ал москвалық және ор­талық заводтар тоқтап қала ма, оның мұнымен ешқандай ісі жоқ...

Сол кезде Смағұл Сәдуақасовты Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіп құру жөніндегі ұсынысы үшін қалай қатты сынап әшкерелесе де... ол “Большевик” журналында: “Алдымен жуылған жүнді Москваға, одан соң осы жүннен тоқылған “москвалық” шұғаны қайтадан Қазақстанға екінші рет тасыған­ша,бірден Қазақстаннан дайын шұғаны тасыған жеңіл емес пе?” – деген тұжырымын айтуы-ақ мұң екен, оған газеттерде қолма-қол байшылдық идеология­сы­ туралы айыптаулармен тап берісіп, дүрсе қоя берді.

Ол кезде әлі қайта құрмаған болатын, тек енді ғана бастаған... Дегенмен тек қайта құ­ру ғана ма екен? Өйткені ол кезде әлі бәрін қиратып­ үлгермеген-ді. Сол кездің прогресін жүргізушілердің көзіне “ұсақ буржуазиялық меншік иесі”, күбіде ашытылған қамырға ұқсап, ашықтан-ашық баюға ұмтылған санасы төмен шаруалардан пайда болатындай болып көрінді, сондықтан да зиянды түйсікке дер кезінде соққы беру және соққыны большевикше беру керек болды!.. Дзержинский өзі қаза табатын күні, 1926 жылдың 20 шілдесінде, бұл бағыт туралы ОК мен ОКК БК(б)П бақылау Комиссиясы Орталығының пленумында былай деді:

“...Ал жекеменшік иесі қай жерде күшті? Астық дайындау, тері дайындау салаларында, яғни ж. Каменевтің қарауындағы салаларда. Ал ол мұнда­ келіп жылайды: “Бізде бәрі жаман, мұжық байып барады, оның тұрмыс жағдайы, әл-ауқаты жақсаруда”, – деп. Ал жолд. Пятаков: “Деревня баюда”, – дейді. Міне, бақытсыздық! Біздің мемлекет қайраткерлері­ – өнеркәсіп пен сауда өкілдері мұжықтың әл-ауқатының жақсарғандығы ту­ралы көз жастарын­ төгеді. Ал қандай әл-ауқат? 400 миллион­. Мұжықтар бауырына 4 рубльден қор жинаған”. (Күлкі, дауыстар: “Әлі де аз!”)

Тіпті, бұл жендет те достарының шағынуының қаншалықты ерсі екенін түйсінген. Алайда “темір Феликс” шаруалар “пролетариаттың” басты жауы, “ұсақ буржуазияшылдықтың” қайнар көзі деп әрқашан үйреткен Ильичтің сабақтарын анық ұмытып кеткенге ұқсайды...

Филипп Исаевичті, дәл сол Пятаков пен Каме­невтер секілді, ауылды қалайша артық байытып жібермеу керектігі алаңдатты. “Бай өсуде”, – деп қайталады ол үсті-үстіне және байлардағы молшы­лыққа соққы беруге шақырды.

Алтыншы конференцияда Смағұл Сәдуақасовтың, сірә, биік мінберге көтерілуіне соңғы рет рұқсат етілді.

“Жолдастар, ж. Голощекин өзінің 6,5 сағаттық баяндамасында уақыттың қақ жартысын дерліктей маған қарсы айтылған айыптау сөздерге арнады,– деді ол. – Басты мәселелерге түсінік берумен шек­ телемін...”

Сәдуақасов қазақ ауылындағы саясатты дұрыс емес деп атады. Орташа, оның пікірінше, орталық тұлға, ал оны нақпа-нақ жеткілікті бағаламайды, “елемейді”.

“Голощекин бізде ауыл әлі күнге дейін феодалдық... болғандықтан, экспроприация қажет деп дәлелдейді­. Мен мұны дұрыс емес деп санаймын...

Төрт жыл бұрын Вайнштейн экспроприация туралы айтты... Бұл мәселе революциялық әрекеттер үшін емес, жекебастың революцияшылдығын көрсету үшін көтерілуде”.

Сәдуақасов қазақ ауылына қарай таяп келе жатқан­ күйзеліс пен нәубетті болдырмауға тырыс­ қандардың соңғысы болды.

Бұл қарсаңда С.Қожанов өлкелік комитетке жартылай өкініш білдірген хатын жазды және ол хат конференцияда оқылды. Қожанов “рулық феодалдарды батыл түрде түп тамырымен жою керек”­ деген қорытындыға келді. Ол Жандосовтың бұл “жоюды барша байларға қатысты қолдануы” дұрыс­ емес деп санады, “ал Сәдуақасовтың қателігі “рулық феодалдарға қатысты” батыл шаралардың қа­жеттілігін теріске шығаруында” деді. Голощекиннің тағы бір қарсыласы Тұрар Рысқұлов Мәскеуде,­ Халком кеңесінде жұмыс істегендіктен, қазақстандық істерден алыста болды.

Баяндама мен жарыссөздерде жақсы дайында­лып, Сәдуақасовқа бағытталған шабуылдардан ке­йін Филипп Исаевичке өзінің тұрақты саяси қарсыласымен күресін біржола аяқтаудың орайы келді. Қорытынды сөзінде ол әдеттегідей шын мәніндегі әңгімеден көпірме бос сөздер арқылы жалтарып, “Түсінесіздер ме, жолд. Сәдуақасов маған­ қарағанда өзін көбірек интернационалистпін деп айтады (күл­ кі), ...өйткені бұған күлетін тек сіздер ғана емес, әтеш те күлетін болады (күлкі)”, – деп Сәдуақасовты тағы да бір рет масқаралап өтті де, одан соң түпкілікті үкімін жария етті: “...Алайда байшыл, алашордашыл, Сәдуақасовшыл ұлтшылдық бар”.

1928 жылдың 23 мамырында, Голощекин, қызылордалық партактивке қазақстандық ұйымның жұмысын ОК БК(б)П-ның қалай бағалағаны туралы баян етті.

Саяси бағыт дұрыс, өлкелік комитеттің жұмысы қанағаттанарлық деп танылған.

“Жолдас Сталин өзінің Саяси бюродағы сөзін біздің негізгі жетістігіміз... атап айтқанда, қазақтардан­ шыққан маркстік кадрлардың ... өскенінде, алайда бұл өсу әлі де баяу және әлсіз екенін айтудан бастады”.

Саяси бюро Алтыншы конференцияның малды тәркілеу және ірі байларды жер аудару туралы шешімін құптады.

“Егер қазірге дейін теорияда және тіпті практикада “советтік бай” деп айтуға мүмкіндік болған болса, онда енді бұдан былай бұлай болмайды және байлар бізбен тап жаулары ретінде күреске түседі. Және олар көптеген адамдарды өздеріне тартады (алашордалықтарды,­ интеллигенция деп аталатын әрі-сәрі болып, толқып жүргендерді және комму­нистік қатардан да әлдекімдерді)... – деп мәлімдеді Голощекин және өздерін коммунистен гөрі қазақ ретінде жиі сезінетін жергілікті партия мүшелеріне қынжылыс білдірді. – Біз өздері осыған мүдделі­ бұқара көпшіліктің ішінде де кедергіге жолыға­­мыз”.

Демек, еңбекшілер бұқарасы да байдан жақсы емес екен! Бұдан тұп-тура мынадай кереғарлық шығады: олар байларды тәркілеуге мүдделі және өздері осыған бөгет болады.

“Біз қазір дұрыс пролетарлық саясат жағда­йында... тап күресінің шиеленісуін бастан кешіп отырмыз. Біз аса зор тазарту аймағына ендік...” – дегенді салтанатты түрде жария етті Филипп Исаевич.

Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар