Ұмытылып кеткен замандас.
Бөлісу:
Орал Тансықбаев пен Әбілхан Қастеевтің 113 жылдығына арналады. Екеуі де қазақтың әйгілі кескіндемешілері, график-суретшілері, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылары қатарында орындары бөлек.
Орал Таңсықбаев (14.01.1904 - 18.04.1974) - Әбілхан Қастеевтің (14.01.1904 —2.11.1973) замандасы. Орал Таңсықбаев Ташкент қаласында шаһарында, ал Әбілхан Қастеев болса Жаркент шаһарында туылған. Екеуі де қазақтың әйгілі кескіндемешілері, график-суретшілері, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушыларының бірі. Орал Таңсықбаев - кескіндемеші, КСРО халық суретшісі (1963), КСРО Көркемсурет академиясының толық мүшесі (1958). Әбілхан Қастеев - Қазақстанның халық суретшісі (1944). Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы (1945-1956).
Орал Таңсықбаев пен Әбілхан Қастеев суретші ретінде өзіндік дара қолтаңбасымен ғана ерекшеленіп қоймай, туған жері мен өскен елін перзенттік махаббатпен жырлай алған біртуар суреткерлер. Әбілхан мен Орал — туған жердің әсем табиғатын, оның дидарындағы адам қолының жасампаз өзгерістерін зор шабытпен бедерлей алған суреткерлер.
Әбілхан Қастеев - Мәскеудегі көркемсурет студияcында Н.Г.Хлудов пен И.Бродскийден сабақ алды (1929-1936). Халық өмірінің алуан көріністерін шынайы бейнелеген мыңнан астам көркем туындыларды дүниеге келтірген. Әбілхан қолөнерге, одан соң суретшілік өнерге жастайынан бейім болған. Анасы Айғанша кілем, алаша, бау-басқұр тоқуға, сырмақ сыруға, шым ши жасауға шебер адам болыпты. Әбілхан осы халық өнеріне бала кезінен көз қанықтырып, анасына ою-өрнектер салуға көмектесіп, сурет өнеріне қолын үйретіп өседі. Оның 1930-1931 жылдары салған "Қарындастың портреті", "Автопортрет" атты туындылары тұпнұсқаға ұқсастығымен және кейіпкер болмысын ашуға деген талпынысымен ерекшеленеді. Ол бірте-бірте ел өмірінің алуан салалы тіршілік-тынысына ден қойып, тарихи-әлеуметтік өзгерістерге суреткер зердесімен қарай бастайды. Оның "Мектепте" (1930), "Түрксіб" (1932), "Жамбылдың портреті" (1937), "Ескі және жаңа тұрмыс" (1937-1941), "Амангелді сарбаздары" (1970), "Жас Абай" (1945) сияқты туындылары дарынды суретшінің өткен мен бүгінді шыншылдықпен бедерлеген көркем шежіресі іспеттес. Оның "Биік таулы мұз айдын" (1954), "Гүл ашқан алма" (1958), "Менің Отаным" (1959), "Жайлаудағы авто-дүкен" (1963), "Қапшағай ГЭС-і" (1972) сияқты полотнолары эпикалық қарымымен, шыншылдығымен назар аудартады. Танымал туындыларының ішінде «Колхоздағы сүт ферма», «Мақта жинау», «Колхоздың тойы», «Қыз алып қашу», «Сатып алынған қалыңдық», «Алтын астық», «Ақсай карьері», «Медеу мұз айдыны», «Түрксіб», «Талас жағалауы», «Қапшағай даласы». Сонымен қатар Кенесары Қасымов, Абай, Шоқан Уәлиханов, Жамбылдың портреттері; ерекше танымал болып табылатын портреті – «Амангелді Иманов» портреті сияқты танымал суреттері бар. Марапаттары мен лауазымы - "Қазан төңкерісі" орденімен, "Еңбек Қызыл Ту" орденімен екі рет, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері (1942). Қазақ КСР халық суретшісі (1944). Шоқан Уалиханов атындағы Қазақ КСР-нің мемлекеттің премиясы (1967), «Қазақсан жерінде» атты туындылары үшің. Әбілхан Қастеевтың жүз жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілуі: барша қазақ көркемөнеріне деген құрмет, дегенімен Орал Таңсықбаевтың жүз жылдығын ЮНЕСКО болмаса да, Республикалық деңгейде тойланбай қалды...
Естелік ретінде
- Әбілхан Қастеевтің атымен ҚР мемлекеттік өнер мұражайы, сонымен қатар Қазақстанның бірнеше қалалардағы көшелер аталған. Шымкент қаласындағы көркемөнер колледжі Қастеев атымен аталған, 2009 жылы колледж алдында суретшінің ескерткіші ашылды. 2004 жылы Қастеевтің 100 жылдығына арнап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі монета тиындарын, Қазпошта пошта маркілерін шығарды
- Орал Таңсықбаевтың атымен Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі аталған, оның алдында 2013 мүсіні ашылды. Ташкенттің бұрыңғы Сабыр Рақымов (2010 жылдан бері Алмазар тұманы-районы) ауданында Орал Таңсықбаевтың құрметіне көшенің аты берілді. 2001 жылы Таңсықбаевқа арнап көрші өзбек бауырларымыз пошта маркілерін шығарды.
Ендеше суретшілеріміздің суреттерлерінің өзінен "даланың иісі бұрқырап" тұрған даналарымызға лайықты құрмет жасау парызымыз.
Дереккөздер:
1.Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2
2. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
adebiportal.kz
Бөлісу: