Дж. М. Кутзее. Жазушыны данышпан санау − таптаурын түсінік

Бөлісу:

18.12.2019 3968

Дж. М. Кутзее өте сирек сұхбат береді. Тіпті тілшілермен сөйлеспейді десек болады. Бірақ ол Нобель сыйлығын алғаннан кейін Кутзее шығармашылығының білгірі Дэвид Этуэллдің (David Attwell) ұсынысын қабыл алыпты. Dagens Nyheter олардың интернеттегі хат алмасуын жариялаған.

− Алдымен сізді әдебиеттегі ең маңызды сыйлыққа ие болуыңызбен құттықтаймын.

− Рахмет.

− Осы сыйлықтың өзіңіз үшін де, жалпыға ортақ мағынада да маңыздылығы жайлы не айтасыз?

− Негізі, әдебиетке берілетін сыйлық, өзінің қоғамдағы орнына байланысты жазушылардың шынымен данышпан саналып, ешқандай институт өкілі болмастан, қоғам жайлы, өзі сүріп жатқан заман жайлы, адамдардың адамгершілік келбеті жайлы өзінің жеке, авторитарлық сөзін айта алатын уақытқа тиесілі деп санаймын. Альфред Нобельдің философияға сыйлық тағайындамағанына немесе математикаға емес физикаға сыйлық бергеніне таңғаламын. Музыка жайлы айтпағанның өзінде. Музыка – белгілі бір тілге байланған әдебиетке қарағанда әмбебап қой.

Қазір жазушыны данышпан санау – таптаурын түсінік. Мен өзімді сол рольде ыңғайсыз сезінер едім.

− 2003 жылғы Нобель лауреатының болашағы қандай?

− Оны қазірдің өзінде әр жерге шақырып, лекция оқуға ұсыныстармен көміп жатыр. Бұл әдеби даңқтың кері жағы деп ойлаймын. Сіз өзіңіздің жазушылығыңыз бен әңгіме құрастыра алу білігіңізді дәлелдегеннен кейін, адамдар өздерінің алдында сөз сөйлеуіңді және әлем туралы не ойлайтыныңызды талап етіп, шулай түседі.

− Мен әдеби өмір жайлы сұрағым келеді. «Нүктенің екі еселенуі» (Doubling the Point) жинағынан кейін сіз автобиография жаздыңыз. «The Threepenny Review» баспасында жарияланған, аса еленбеген «Құрмет» деген бөлімінде сіз Рильке, Музиль, Паунд, Фолкнер, Форд Мэдокс Форд және Беккеттің әсері жайлы жазасыз. Бір-біріне үйлеспейтін, қосылмайтын тұлғаларды, бір адамның бойына жинауға әбден болатын сияқты. Бұл әсермен түйсік деңгейінде байланыс жасайтыныңызды ғажап дер едім. «Басқа жазушыларды оқығандағы ең қажетті сабақ ол - кең мағынадағы ырғақ мәселесі деп ойлаймын», - деп жазасыз. Содан кейін сіз жазушылардан табатыныңыз ол «идея» емес, жазу мәнері дегенсіз: «Мәнер – әлемге деген көзқарасымыз бізді сіңіріп, тұлғамыздың бір бөлшегіне, адамның бір бөлшегіне айналып және адамнан айырмашылығы болмайды». Бұл сіздің ерекше қабылдаған және жинаған қорыңыз тек шабыттандырушы құрал емес, өмір сүру мәнеріне айналған ба?

— Сіз сілтеме беріп отырған мақала – асығыс жазылған жинақтың бөлшегі және ол лекцияда оқуым тиіс материал болатын. Ол кезде мен сондай жұмыспен айналысатын едім. Бұл мақаланың өте мұқият қаралатынына сенімді емеспін. «Әсерлерді» тізбектей келе, мен әртүрлі есімдерді атаймын. Әсері мол жазушыларды көбіне жас кезде оқиды немесе сол жазушылардың жас кезінде жазған шығармаларынан алған әсер бойыңа терең сіңеді. Музиль жайлы айтсақ, жас кезімде мені «Адамсыз адам» романы емес, оған дейін ерте және жарқын жазылған әңгімелері есімде қалды. Беккет жайлы айтсақ, оның 1952 жылға дейінгі шығармаларынан көп сіңірдім. Мен осы мақаланы дайындағанда ескермеген тағы бір қиындық бар секілді. Кейбір әдеби шығармалар тікелей немесе бірден соған еліктеуді тудырмай, жалпы мәдениет арқылы әсер етеді. Ойыма Вордсворт келеді. Өз шығармашылығымда мен оның жазу тәсілін, мәнерін, ойлау жүйесінің ізін де көрмеймін, бірақ адам және оның қоршаған ортамен байланысы жайлы жазғанда үнемі жанымда екенін сеземін.

Осы түсініктер мен басқа да ішпыстырарлық әңгімелерді айта отырып, сіздің сұрағыңызға келейік. Кейбірі өзінің қорынан (Мен бұл терминді тек қажет болған жағдайда қолданамын. Оның көбейіп кеткені сонша, мен оны қолданғым келмейді) тәжірибесін көрсету тәсілін табады, ал екіншілері (скептикалық нұсқа) басқа біреудің тәжірибесімен келісу тәсілін табады.

− Егер жеке қор немесе өмірлік қор (тәжірибе) бар деп есептесек, өзі өмір сүрген тарихи оқиғаларға оны қолданатыны сөзсіз. Бұл сұрақ әртүрлі жағдай мен әртүрлі ауқымда қойылады деп ойлаймын. Осы эсседе сіз: «Кей уақытта және кейбір жерде жүктелген міндетін атқарған жазушылардан теріс айналады, ал кейбірінде керісінше», - деп жазасыз. Мысал ретінде бұрын колония болған, Оңтүстік Африкадағы жағдайға ұқсас жерде тұратын жазушы Патрик Уайт және оның «Восс» романын келтіресіз. Не әдеби ізденіс жүктелген тапсырманы орындауға дайындайды немесе ешқандай процесс жүрмейді, нәтижесінде жазушы бейімделеді. Сіздің жеке тәжірибе қорыңыз бен Оңтүстік Африка өмірі жолыққан сәттер ойыңызға орала ма? Осындай қатынастар сіздің шығармашылығыңызға қандай әсер берді?

− Егер маған тарихи процестің жемісі ретінде қарасаңыз, онда мен 16-20 ғасырларда болған екі Америка мен Аустралияны толық жаулаған және Азияда толық сәтсіздікке ұшыраған, Африкада да жолы аса болмаған жаһандық қозғалысқа айналған еуропалық экспанцияның соңғы кезеңдерінің өкілімін.

Мен бұл қозғалыстың өкілімін деген себебім сол, интеллектуалды деңгейде мен африкалықтарға емес, еуропалықтарға берілгенмін. Сонымен қатар мен Оңтүстік Африка елінің апертеид құрылған ұрпағының өкілімін. Біз одан көп пайда көруіміз тиіс болғанбыз.

Менің Африкамен байланысымды бір жағынан құлаған немесе әлі құлап жатқан колония құрушылар қозғалысы нәтижесі ретінде немесе колонияға айналдырмақ болған не болмаса айналдыруға тырысқан әлемнің өкілінің ортасында деп айтуға болады. Менің қазір қолданып жүрген тілге аударсақ, сіздің сұрағыңыздың негізі осы болып тұр.

Менің жауабым анықталмаған әрі нақты емес, себебі осындай көзқарас болған және бола беруі мүмкін. Қалған уақытымда бұл сұраққа абстрактілі жауап бергенге қарағанда, оған кірігіп кетуге тырысамын. Сұраққа «кіріктім» дегенім, күннен күнге өмір сүріп емес, өз шығармаларымда кіріккенімді айтып отырмын.

Көріп отырғаныңыздай, көркем шығармашылыққа фантазияны ойдан шығару мен әңгіме құрастыруды абстрактілі ой формасы ретінде көрсетуге тырыспаймын. Интеллектің пайдасын жоққа шығармаймын, бірақ кейде интеллект ешқайда әкелмейтін сияқты көрінеді. Бұл жерде «өмірлік сұрақ» не болмаса «адамға қалай өмір сүру керек сұрағы» оқиғасында шыңырау шегіне жетіп, қайта құлдырау сәтіне ие драма жасауға материал болуы мүмкін суреткер мен екінші жағынан суреткерді ашуға тырысып, оның міндетін бөлшек-бөлшек етіп қойып, оларға белгі жабыстырып, ары қарай өз істерін жалғастыратын сыншылар, көрермендер мен оқырмандардың ішкі қайшылықтарына нұсқауға рұқсат етіңіз. Бұл жерде ешкімді қорлап отырған жоқпын.

— Сіз айтып отырған Еуропа тарихының ішінде жиырмасыншы ғасырдың ортасынан басталған эстетика маңызды әрі әсері мол болған сияқты. Осыған сүйеніп сіз жасаған мұраны бағалайтындар үшін, «модернизм», «кейінгі модернизм», «еуропалық модернизм» (мен бұл жерде шартты түрде қолданып тұрмын) белгілері қанағаттандырмайды. Сіз өзіңіздің жеке қолтаңбаңызбен шығармалар жазылған елдің арқасында әдебиетке үлес қостыңыз деуге болатын шығар. Атап айтқанда, Оңтүстік Африкада қасіреттің тереңдігі мен тарихтағы көпшіліктің саналық рөлі пайда болатын сияқты – бұл тақырыптар сіздің кітаптарыңыздың ерекшелігін көрсетеді. Басқа мысалда сіздің өзгелерге ұқсамай, өмір сүруге деген жеке бағаңыз (этикалық және эстетикалық мағынада) болуы мүмкін. Бұл жағдайда сіздің шығармаларыңыз қасіретті баяндап жазатын жалпыға ортақ, дәстүрлілікке қарағанда оқырманға көп талап қояды. Әрине, шығармалардың басқа да жетістіктері бар, оларды Швед академиясы дәл анықтап, тура бағасын берді.

— Швед академиясының пікірін талқылайтын мен емес. Дегенмен, сіз маған әсер етіп, қалыптасуыма көмектескен Самюэль Беккет екенін жақсы айттыңыз. Беккет жайлы аз ғана айта кетуге рұқсат етіңіз. Оны кейінгі модернист немесе бастапқы постмодернист деп айтуға болады. Ол ирландиялық, еуропалық және Африкаға ешқандай қатысы да болмаған. Бірақ Атол Фугард, Беккеттің сезімтал драматургиялық шеберлігімен сіз оңтүстік африкалық топыраққа келе аласыз және олар осында туғандай әсерде боласыз. Бұл нені білдіреді? Өнер тарихы – ол тоқтамайтын, бір-бірін қопсытып отыратын, шекаралар мен бөгеттерге қарамайтын тарих.

— «Элизабет Костелло» атты кітабыңыздың кейіпкері «Элизабет, Чандос ханым, Фрэнсис Бэконға хат» атты постскриптумда шарықтау шегіне жеткен адамның сенімсіздігі жайлы тақырыпқа сай келеді. Бұл өзінің ерте поэзиясындағы эстетикасынан бас тарқан Гуго фон Гофманстальдің «Лорд Чандосқа хат» атты танымал жазбаға негізделген. Егер тереңірек қарасақ, Гофманстальдің хаты тілге және оның бәрімізді осы әлемде біріктіре алатынына сенімсіздік білдіретін құлазуды көрсетеді. Элизабеттің хатында да сондай тоқыраудың, қасіреттің, жайсыз оқиғалармен байланысы сезіледі – сіз ол уақытты 11 қыркүйек (1603 жыл!) деп жаздыңыз ғой. Басқаша айтсақ, кейіпкер өзін жоққа шығарып хат қалдырады. Ол әдеби өмірдің бостандық, қанағат сыйламайтынын растай ма?

— Мен өз кітаптарымды түсіндіруден қашамын. Егер кітаптан да түсініктірек, түсіндірудің одан жақсы жолы болса, оны (кітапты) неге лақтырып тастамасқа? Элизабет, Леди Си тілдің жеткен жеріне дейін жазуға тырысады. Егер мен солардың соңынан еріп, ол үшін жауап беріп, ақылы жетпегеннен кейін не айтқысы келгенін жазып отырсам, ол үшін бұл қорлау емес пе?

11 қыркүйекке келсек, осы күнге америкалықтардың монополиялық иелік етуіне құқық бермеуіміз керек. 1 мамыр, 14 шілде, 25 желтоқсан секілді 11 қыркүйек кейбір адамдар үшін маңызды болуы мүмкін, бірақ басқалары үшін ол кәдімгі күндердің бірі.

«Шамадан тыс адам жаны» үшін қандай өмір сүру салты керек деген сұраққа оралсақ, сіздер «әдеби өмір» деп атайтын немесе өмірдің мәні жайлы ойландыратын кез келген өмір, - этикалық қатынастардағы жауапкершілігі жағынан алғанда жазушының фантазиясы, оның тарихының символизмі мен әңгіме өнері мен үшін жақсы өмір деп ойлаймын.

Орыс тілінен аударған: Абзал Сүлеймен

Бөлісу:

Көп оқылғандар